23-бап. Меншiк иесiнiң тұрғын үйдi басқа адамдарға жалға беруi 1. Меншiк иесi өзi тұратын тұрғын үйдi, не негiзгi мақсаты жалға алушыларға тұрақты не уақытша тұру үшiн берiлу болып табылатын тұрғын үйдi жалға беруге құқылы. 2. Тұру шарттары (жалдау мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi, жөндеу жөнiндегi мiндеттердi бөлiсу, жалға алушыларды шығарудың негiздерi және сол сияқтылар) осы Заңмен, сондай-ақ жалға берушi мен жалға алушы арасындағы шартпен белгiленедi. 3. Тұрғын үйiн жалға беретiн адамдарды меншiк иесi таңдайды. 3-1. Меншік иесі немесе тұрғынжайды жалдауға беруге меншік иесі уәкілеттік берген адам жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндетті. 4. Жергiлiктi атқарушы орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Заңның 67-бабында аталған азаматтарға кейiннен беру үшiн жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдауға құқылы. Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182; 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
24-бап. Меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi жалдау шарттары 1. Жеке тұрғын үй қорындағы меншiк иесi тұрмайтын тұрғын үйдi ол жазбаша түрде жасалған шарт бойынша басқа адамға жалға бере алады. 2. Құрылыс, санитариялық-эпидемиологиялық, өртке қарсы және өзге де мiндеттi талаптарға сай келетiн тұрғынжай не тұруға жарамды жеке бөлме (бөлмелер) жалдауға берiлуi мүмкiн. 3. Егер жалдау шартында өзгеше көзделмеген болса, жалдаушы жалдаған тұрғынжайға өзiнiң отбасы мүшелерiн, қосымша жалдаушыларды және уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы. Тұрғынжайды жергiлiктi атқарушы орган жалға алып берген адам оған қосымша жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес. 3-1. Жалдаушы қосымша жалдау шарты бойынша жалға беріліп отырған тұрғынжайда тұратын адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеуге міндетті. 4. Егер шартта өзгеше көзделмеген болса, жалдаушы жалдаған тұрғынжайды алты айға дейiнгi мерзiмге тастап кетуге құқылы. Бұдан неғұрлым ұзақ уақыт бойы болмаған жағдайда шарттың күшi жалдауға берушінің келiсiмiмен ғана сақталады. 5. Жалға беру шартының күшi тараптар белгiлеген мерзiм бiткеннен кейiн не шартта көрсетiлген ахуал туғанда тоқтатылады. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша шартты мерзiмiнен бұрын бұзуға жалдаушы жалдау шартының ережелерiн сақтамаған жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтарында, 101-бабының 7-тармағында, 105-бабының 1-тармағындағы 1), 2) және 3) тармақшаларда, 106-бабының 5-тармағында, 107-бабының 1) - 5) тармақшаларында көзделген негiздер мен ережелер бойынша жол берiледi. Қолданылу мерзiмi және тоқтатудың өзге де негiздерi көзделмейтiн шартты жалдауға беруші жалдаушыны кемiнде үш ай бұрын ескерте отырып, кез келген уақытта бұза алады. Шарт тоқтатылған не бұзылған жағдайда жалдаушы өзiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғынжай берiлместен шығарылуға тиiс. 6. Жалға алушы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған жағдайда ол бұл туралы жалға берушiге кемiнде бiр ай бұрын ескертуге не сол ай үшiн шартта белгiленген ақыны төлеуге мiндеттi. Егер шартта көзделген мерзiмге не шарттың қолданылуын тоқтататын өзге де ахуалға бiр айға жетпейтiн уақыт қалса, аталған мерзiм тиiсiнше қысқартылады. 7. Егер отбасы мүшесiн қоныстандырған кезде сол мүше мен жалдаушы арасында өзгеше келiсiм болмаса, жалдау шартының талаптарына сәйкес жалдаушының өзімен бiрге тұратын отбасы мүшесi, тұрғынжайды жалдаушының өзi сияқты, дәл сондай пайдалану құқығына ие болады. Отбасы мүшелерiнiң ауқымы осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады. 8. Тұрғынжайға меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда жалдау шарты, егер жалдаушы мен тұрғынжайды жалдауға берген меншік иесі арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жаңа меншiк иесi үшiн күшiн сақтап қалады. Ескерту. 24-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 182, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 270-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 22.12.2016 № 28-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.