Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Әнуардың «өлді» деген үрейлі сөзді айтуға аузы бармай тұрғаны бірден-ақ белгілі болды. Көзі жасаурап, тілі күрмеле берді



бет269/273
Дата07.01.2022
өлшемі3,34 Mb.
#17494
түріБағдарламасы
1   ...   265   266   267   268   269   270   271   272   273
Байланысты:
Ұраным Алаш ТАЛҚЫ Т.Тұртбай 3 том

Әнуардың «өлді» деген үрейлі сөзді айтуға аузы бармай тұрғаны бірден-ақ белгілі болды. Көзі жасаурап, тілі күрмеле берді.

Олай болса, мына жұртқа айту керек қой.

Иә, айтқан дұрыс шығар. Мен «Литературная газетаның» редакциясына телефон соғып сөйлесіп едім, олар некролог бергелі жатыр екен.

Әлдекім тост көтертердегі көңілді сөздерін аяқтады, жұрт жапырлап бокалдардан шарап ішісті. Әнуар қинала орнынан тұрды да, жыларман боп тұрып, қайғылы хабарды естіртті. Жұрт құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Әуезовтің өлімі бәрін де есеңгіретіп тастағандай. Әлдекім Мұхтар Омарханұлының әдебиеттегі орны мен ролін айтып сөйлемекші болып еді, оны ешкім тыңдай қойған жоқ. Мұхтарды жақсы білетін, жүрекпен сүйетін жазушылардың бәрі де жабырқаңқы жүзбен, жасты көзбен үйді-үйіне тарай берді... Мен үйге қарай әдейі айналма жолмен жүріп келемін».

Иә, қаралы қызық деген осы. Қашанғы ең қиын қиылыстардан табылатын Әнуәр Әлімжанов бұл жолы да қаралы хабарды әріптестеріне бірінші боп естіртті.

Әрине, мемлекеттік шұғыл отырыс шақырылды. 28-шілде күні Ғ.Мүсірепов З.С.Кедринаға:

«Сәбит, Ғабиден үшеуміз (Мәскеуге) ұшамыз. Валентина Николаевнаны жиырма тоғызы күні арнайы ұшақпен бізбен бірге, не Ил-18 ұшағымен ұшуға дайындап қоярсыз. Жерлеу отызы күні өтеді»,– деп жеделхат жолдады.

Сөйтіп, «алып тұлғаланып аспанға» ұшқан ұлы тұлға 29-шілде күні отанына мәйіт боп оралды. Табытты ұшақтан марұмның «сорының да куәсі, көгерген, гүл атқан шағының да куәсі» – Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин сүйемелдеп түсірді.

Тістескен тамыр сияқты тартысты өмірдің соңғы салмағын Әуезов бұл үшеуіне осылай арқалатып кетті. Зады бұл үшеуіне тең түскен, үшеуі тең көтерген өмірдегі ең ауыр жүк осы болар, сірә. Табытты көтеріп келе жатып үшеуі не ойлады?

Мұхтар Әуезовтің денесін Мәскеуден Алматыға алып келуді ұйымдастырған өр де өжет, намысты, шыншыл ғұлама, Академияның сол кездегі вице-президенті Шапық Шөкин ұлы адамның қазасы туралы:

«1961 жылғы маусымның екінші жартысында «Мәскеу» мейманжайындағы нөмірімде кешқұрым телефон шылдырады. Телефон соққан тұрақты өкіл Бақытжан Ысқақов екен. Ол Мұхаңның қайтыс болғанын алғашқылардың бірі етіп маған хабарлады. Мен дереу Сәтбаевпен сөйлестім. Қайғылы хабар республикаға тез тарады. Астанаға бірінші болып самолетпен жазушының дос-жарандары ұшып келді. Мұстафиннің, Мүсірепов пен Мұқанавтың келгені есімде... Қырымда санаторийде жатқан жерінен Әбділда Тәжібаев ұшып келді. Сәбит қатты қайғырды. Бұл кісінің марқұм Мұхаңмен көп шекісіп қала беретінін бәріміз де білетінбіз. Орны толмас қаза Сәбит ағаның жанын шошытып, көзіне жас алдырды. Ол қатты қамығып: «Мұны күнілгері білсем етті...», деп қайта-қайта айта берді, Валентина Николаевна, Ләйла Мұхтарқызы, Мұрат Әуезовтер есімде қалыпты. Кіші ұлы Ернар кешігіп жатты. Ол неге екені белгісіз Мәскеуге пойызбен жүріп кеткен.

Жазушы ғұмырының соңғы сағаттарының (мынадай) егжей-тегжейі бірден белгілі болды. Оның асқазанындағы сүйелді кесіп тастайды. Бұл онша күрделі операция емес. Бірақ, күтім жағына тікелей жауап беретін кісі тағайындалмайды, жанашыр жақындарынан да басы-қасында тірі жан болмайды. Мұхаң ұйқыдан оянбайды. Алматыға келгесін Александр Николаевич Сызгановтың: «Егер осы операцияны осында, үйде жасаған болсақ, Мұхтар Омарханұлы тірі қалар еді», дегенін ұмытқан жоқпын. Мәскеуде оның жүрегін анестезияға әзірлемейді, ал оның әбден тозған жүрек-тамырлар жүйесі жағдайында операцияның аяғы немен бітетіні мамандарға айқын еді. «Әлбетте, сүйелді алып тастамаса, ол кейін, бір кездері өзін бәрібір білдірер еді», деп қосып қойды Александр Николаевич. – Бірақ, тап сол сәтте жүрек жарамай қалар еді».

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасіреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушының жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек еді?»,– деген тосын пікір білдіреді.

Бұл – астары мен құпиясы өткен күндермен өлшенетін тылсым құбылыс. Қазір санада ғана сақтап жүрген осынау шындықты түбінде бір қағазға түсіретініміз анық.

Өмір, шіркіннің өлім келгенде ғана опындырып, ойландыратыны қандай ащы әділетсіздік. Осыдан тура он жыл бұрын бет көріспейтіндей боп бет тырнасқан, Мұхтар Әуезовтің дүниеден қайтқанын естіген Қажым Жұмалиев өзінің досы Сәйділ Талжановқа:

Қ.Жұмалиев: «Біз Мұхаңның қайтыс болғанын Москваға бір станция қалғанда естідік. Суық хабар жай түскендей әсер етті. Ол кісіні осынша тез, ойламаған жерден қайтыс болады деп кім ойлаған! Көре алмай қалғаныма бір қайғырсам, өз қолымнан топырақ сала алмағаныма екі қайғырып, қазір маған әдебиетіміздің бір босағасы үңірейіп қалғандай, дел-салмын. Өлді деуге тіл барып, көңіл сенуі мүмкін емес тәрізді. Уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғысады да, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етеді. Ол мәңгі тірі, артына өлмес еңбек қалдырды, арманы жоқ қой деп, өзімді жұбатпақ боламын. Бірақ ол сықылды зор талант әлі де өмір сүріңкіресе, көптеген асыл еңбектер бермес пе еді? Мұхаңның өліміне қайғырмаған жан болмас. Сол қатты қайғырушының бірі – мен. Басқаларға көңіл айтып, тірілердің өмірі ұзақ болуына тілектеспін. Жолдастарға сәлем айт. Қажым. 30.УІ – 61 ж.»,– деп хат жазыпты.

Иә, «уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғыспай, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етпеуі» үшін Мұхтар Әуезовтің «өмір сүріңкірегені» Қажым Жұмалиев үшін ғана емес, ұлт үшінде дұрыс болатын еді. Бірақ ол үшін көзі тірісінде күйкі тірлікпен күн кешпеуі керек еді. Ондай тыныштықты оған кім берді, тіпті, осыны жазып отырған Қажымның өзі тыныштық берді ме? «Тірілердің өмірінің ұзақ болуына тілектестік» білдірмей, Әуезовтің бір аяғын төрге, бір аяғын түрмеге басқызып қойды емес пе?!.. Ендеше...

Жә, жоғарыдағы хаттағы көңіл толқуын шынға балайық. Мазасызданса – мазасызданатындай, «күндіз – күлкіні, түнде – ұйқыны сирететіндей-ақ» өкініш. Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ ол қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені.

Оның денесі Алматы қаласындағы орталық зиратқа қойылды.

Шын күйіктің көз жасы – Әуезовтің «көк бауыры» атанған Ысқақ Дүйсенбаевтің күнделігіне тамыпты.

Ы.Дүйсенбаев (күнделіктен): «1-шілде. Бүгін Мұхаңды ақырғы сапарына шығарып салмақпыз. Таңертеңнен-ақ опера театрының маңы халыққа сыймай кетті. Мұхаңның зор портретін іліп қойған екен. Одан төменірек, табытта қайран аға ұйықтап жатыр, бітпейтін ұйқы... Оркестр де мұңды музыканы зарлатып тұр, оқта-текте хор да оған қосылды. Не керек күні бойы мұңды-зарлы күй тоқтаған жоқ. Бір әйелдің зарлы дауысы естілді. Басына барып тұрыстық. Өзімді қайда қоярымды біле алмадым. Театрдың зәулім залының бір бұрышына барып, қозғалмастан ұзақ отырдым. Кезек-кезек кіріп шыққан адамдар Мұхаңды еске түсіріп, қайғы білдіреді. Ұлы адамның орыны толмайтынын айтысып, бұл қасіреттің зор екендігін мойындасады.

Табытты шығарар алдында үкімет адамдары келіп, құрметті қарауылға тұрысты. Музыка тіпті күңіреніп кетті. Енді Мұхаңның сүйегін шығаруға кірісті. Далада көп халық тұр екен. Машина ақырын жылжып сапарға аттанды. Кім екенін білмеймін, бір жақсысы, Мұхаңды қабыр басына жаяу шығарып салынсын деп қаулы алыпты. Қайнаған ыстыққа қарамастан мыңдаған адам Ташкент көшесіндегі молаға қарай бет қойды. Көшенің екі жағы толған адамдар, әрине қабырғасы қайысып, шын иілушілерден басқа әншейін қызықтап қарап тұрушылар да аз емес.

Қабыр басында Қ.Сәтбаев сөйледі. Одан кейін бір жұмысшы, ақын, Ғабит Мүсірепов сөз алды. Оның сөзі орынды, терең мағыналы шықты: Мұхаңның ұлы орынын, асыл мұрасын, адамшылық қасиетін тере келе, Ғабит еліміздің басына түскен бүгінгі күн, азалы күн деп қатты тебірене үн қатты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   265   266   267   268   269   270   271   272   273




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет