Сорпаның мөлдірлігі мен хош иісін анықтау. Бұл үшін сорпаны қайнату үлгісі жүргізіледі. 20 гр ет мылжасын 100 мл колбаға салып үстінен 60 мл дистилденген су қосылады. Етті сумен араластырып, бетін жауып, қайнап жатқан су моншасына қояды. Сорпа иісін одан бу шыққан кезде анықтайды. Сорпаның хош иісін анықтаумен қатар оның мөлдірлігі немесе сорпа бетіндегі майдың жағдайы да анықталады. Ол үшін 20 мл сорпа сиымдылығы 25 мл, көлденеңі 20 мл цилиндрге құйылады. Жас еттің сорпасы хош иісті, мөлдір. Сорпа бетінде ірі май тамшылары байқалады. Ескірген еттің сорпасының хош иісі байқалмайды, бұлыңғыр, кейде мөлдір. Бұзылған ет сорпасы бұлыңғыр, көбігі көп, жағымсыз иісті. Сорпа бетінде май тамшылары байқалмайды.