Ойын аттары– «Ханталапай», «Хан атпақ», «Хан жақсы ма?», «Ханды қара басты», «Хан мен уәзір», «Үйірмекіл», «Сасыр», «Атпақыл», «Қақпақыл», «Үштабан», «Омпы», «Алтыатар», «Шықетер», «Тисінқабат», «Табан», «Төрт асық», «Бес асық» тағы басқа түрлері қазақ даласына кең тараған.
Асық ойыны тек көңіл ашу, құмарлық ойыны ғана емес. Бейне шахмат ойынының төркініндегі әскери стратегия сияқты. Бұл да халқымыздың ел болуы мен Тәуелсіздігі жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туған. Ұлттың ілкідегі елдік ішкі кемелін, ірге бекітуін, хан мен қараша арасындағы бірлік пен байланысты нығайтуды ойлауы арыдан жалғасын тауып келген ұлттық негіздің ойын түріндегі көрінісі. Жалпы ұлттық ойын түрлерінің астарында игілікке айналған істің, оқиғаның, негіздің болатыны даусыз. Ол тағы уақыт өте келе сөзсіз дәстүр түрінде істелетін салттық іске не ойнайтын ұлттық ойынға айналып, жалпы ұлттық өң алып, халықпен бірге жасайды. Немесе ол оқиғаны ұлттың күллі азаматтары, жастары, балаларына дейін білетін болады. Оның кейін неге ойынға айналу себебін де біледі (білдіріледі), түсінеді. Түсін соң тұтынады. Тұтынған соң олар өздерінің дәстүрі етіп жалғастырады.
Асықтың сипаттарына келсек, сақа – патша, асықтың патшасы деген мәнді берсе, алшы сөзі – бағы асқан хандық мерейді білдіреді. Тәйке – уәзір, ханның орынбасары деген мәнді берсе, бүге – бүк түсу, бүгілу, бағыну, міндет атқару деген мазмұндарды беру арқылы жалпы әскерлік түсті білдіреді. Тұрық– тұру, тақ, тақта тұру, тірек, тіреу, тұғыр, тұрақ мәндерді өз ішіне алу арқылы орнында отырған ханды, оған тұрақ болар мекен мен ел-халықты меңзесе, жаттық – түзулік, тыныштық, жайлылық мәнін білдіріп, тұрақпен үндесіп тұр. Оңқай мен солақайды – оң қанат, сол қанат әскери жүйе деп ұққан еш қате тудырмайды.
Демек, бір асықтың алты жағына қойылған аттың өзі патша-ханмен, ол басқаратын әскермен, мекенмен, халықпен үндесіп жатуы қазақ асық ойынының жай ғана балалар ойнайтын ойын түрі емес екенін, құмарлық ойыны тіпті де емес екенін, керісінше, тұнып тұрған елдік, әскери стратегия екенін білеміз. Асық ойыны жайлы:
«Қой асығы демегін,
Қолға жақса сақа (хан) ғой.
Жасы кіші демегін,
Ақылы асса аға (патша) ғой!» – деген өлең жолдарынан да анық байқаймыз.
Бірақ кейін заман өте келе асық ойынындағы елдік қорғанысқа құрылған мазмұндар ұрпақ алмасудан, жалаң ойындық, тіпті кейде құмарлық түс алған.
Оның осы құмарлық жағы дендей бастағанда бабаларымыз ұрпағына ескертіп:
«Асық ойнаған азады,
Тобық ойнаған тозады.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озады!» – деп жас өскінді құмардан қайтарып, адал еңбекке шақырып отырған.
Асық ойынының дінімізге еш қарсылығы жоқ, ол құмарлық ниетінен туындамайды. Құран тек қана құмар ойынға қарсы. Бұл туралы Құран былай дейді:
(арабшасы керек)
«Уа, иман келтіргендер! Расында мас қылатын ішімдіктер, құмар ойындар, тас пұттары мен пал ашатын жебелер шайтанның лас іс-әрекеттерінен болып табылады. Одан аулақ болыңдар, мүмкін сендер құтыларсыңдар»27.
Көне кезден бүгінге жалғасып жеткен көкпар – ұлттық ат спорт ойындарының бірі. Көкпар – қазақ сияқты көшпенді халықтардың байырғы заманнан бері келе жатқан ұлттық ойыны. Көкпар үлкенді-кішілі той-томалақта, жеңісті, қуанышты күндерде өткізіледі. Қаза мен қайғыда көкпар ойналмайды. Көкпар ойынның шығуы жайлы зерттеушілер көкпар тартудың әу бастан әскери машық қажеттілігінен туғанын айтады. Мысалы, түркі қағандығы кезіндегі «дербес жасақтар» осындай жаттығулар нәтижесінде сынақтан өткен жауынгерлерден жасақтаған. Әскери машықтың бұл түрі бейбіт күндерде көкпар тарту ойынына ұласып отырған көрінеді.
Расында, көшпенділердің өмір сүру салтында, жауынгерліктің маңызы зор. Бұл ретте Махамбеттің «ат үстінде күн көрмей... ерлердің ісі бітер ме?» деген өлең жолдарын мысалға келтіруге болады. Шынында, ат үсті майдан даласында дайындықсыз сарбаздың ажал құшуы мүмкін. Сол себепті, көкпар сияқты ұлттық ойын түрлерін жетілдіру арқылы жауынгерлік дайындықтың мәні зор. Айталық, қырғын шайқас кезінде жараланған жолдасын жау қолына тастап кетпес үшін, оның денесін жерден іліп алып, майдан ортасынан алып шығу керек. Ал, бұл көкпар тартып әбден машықтанған сарбаз үшін қиынға соқпайды. Демек, көкпар дегеніміз – жауынгерлік өнер.
Көкпар тарту үшін сойылған ешкі түлігін қолданады. Алтай қазақтары көкпарға көк түсті ешкіні (лақ, серке) тартатын болған. Сондықтан да ол өңір көкпарды «көксерке» немесе «көклақ» деп те атайды. Көкпарға лақ немесе үлкен серкенің таңдалуының өзіндік ерекшелігі бар. Лақты жас балалар тайға мініп тартса, серкені сақа жігіттер тартады.
Көкпар – тек қазақ халқы ғана емес, Орта Азия халықтары арасында да кең тараған ойын түрі. Көкпардың қырғыз «кукбури», өзбек тілдеріндегі атауы «Улак тартыш». Ал, көкпар тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Сонымен қатар, Ауғанстан халқының «бузавиш» ойыны көкпарға өте ұқсас болса, Аргентина халқының да осы тәрізді ат спорты ойындары бар.
Халық тарихына зер салсақ, Алладан аманат болған Құран аяттарына амал еткен халқымыз сүннеттен тыс өмір сүрген жоқ. Оны халқымыздың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінде ардақталған ат спортына ерекше мән беруінен байқаймыз.
Бұл орайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
(арабшасы керек)
«Аттың кекіліне (жалына) жақсылық байланған, ол Қиямет күніне дейін жүріп тұрады. Аттың үш түрлі жақсылығы бар: ат – ер жігіттің сыйы; ат – ер жігіттің абыройы; ат – ер жігіттің ауыртпалығын көтереді. Ал жақсылық (марапат) жазылатын ат – Алланың жолына шыққан ат. Бұл аттың сауабы оның иесіне жазылады. Бұл сауаптың ешбірі жоғалмайды. Оның барлығын Алла жазып қояды» деген28. Бұл хадистегі аттың бейнесін бірнеше жағдаймен салыстырып қарауға болады. Біріншісі, ат – береке. Оның жалынында жақсылық бар. Ол – жақсылық, өзінің иесіне Қиямет күніне дейін сауап пен береке әкеледі. Екіншісі, ат – ер жігіттің сәні мен сыйы. Ертеде аты бар жігітті ермен теңеген. Үшіншісі, ат – ер жігіттің абыройы. Ер жігіт атқа мінгенде бойын түзеп, көкірегін керіп өзін абыройлы сезінген. Аты бар жігіттің әлеуметтік жағдайы да жақсы дегенді білдірген. Төртіншісі, ат – ержігіттің ыстығын да, суығын да көтеретін қасиетті жануар. Қасындағы сенімді серігі, арқа сүйер досы десек артық айтқан болмаймыз. Ал мына хадисте жылқы малының сұлулық символикасы білдірілген. Хадисте: » يمن الخيل في الشقر « («юмну әл-хайли фи әш-шуқри») «Аттың сұлуы – сарғылт түсті (жирен) болуы»29.
«Аттың да сұлуы бар» – деп Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аттың түсін сұлулықпен теңейді. Араб тайпаларының арасында ең қымбат түйе – қызыл түйе болып табылады. Сол секілді бұл хадиске сәйкес аттың әдемісі – сарғылт түсті ат екенін білеміз.
Мұндай атқа кез келген адамның қолы жете бермейтін нығмет, байлық екенін көреміз. Себебі, хадисте келген бірінші «юмну» сөзі қазақ тілінде «неткен керемет!» деген мағынаны да білдіреді. Демек, сарғылт түсті атқа – неткен керемет, деп айта аламыз.
Келесі хадисте: «Адам баласы атты соңғы күнге дейін тастамас, өйткені сол арқылы оның бұл дүниеде де олжасы бар, ақыретте де сыйлығы бар» деген (әл-Бұхари; Имам Мүслім).
Хазірет Омар ибн әл-Хаттаб: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген.
Сонымен халқымыз көкпар ойынына жасқа толған серкенің семізін таңдаған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20-30 кг мөлшерінде келеді. Өйткені көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін, сондай-ақ жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастыратын спорт түрі.
Егер көкпарды қауіпсіздік әрі шариғи талаптарға сай өткізетін болса, оның дінге қайшылығы жоқ. Ал адам өліміне, жарақатқа соқтырып, мұсылмандарды арасында жікшілдік, өшпенділік тудырып, құмар ойынға айналатын болса, оған тыйым салынады.
Мұсылман елдерінде поло сияқты ат өнері ежелден дамыған. Ата-бабаларымыздан дәстүр болып қалыптасқан әрі шариғатта өсиет етілген ат өнерін қайта жаңғыртып, дамыту қазіргі заманның талабы болып отыр. Сондықтан қазір ат өнеріне тыйым салу емес, керісінше, оны қайта жаңғырту күн тәртібінде тұр. Атқа мініп, ауруынан айығып, емделіп жатқан жан- дар қаншама. Тек шектен шығуға жол бермеу қажет.