Негізгі бөлім ХІХ ғасырда қазақ халқының жаңа әдебиеті қалыптаса бастады, әдебиет жанрлық, көркемдік шеберлік тұрғыдан іштей түлеп, тақырып аясын барынша кеңейтті, қоғамның тарихи құбылыстарына қарай күрделі көркемдік сипат алды. Әдеби процестің осындай заңдылықтары қазақ қауымының қоғамдық-әлеуметтік жағдайларымен бірегей сабақтастықта қарастырылды.
Қазақ әдебиеті тарихының ең бір құнарлы, дәстүрі берік, мазмұны бай кезеңі ХІХ ғасыр. Бұл ғасыр үлкен-үлкен құбылысты оқиғаларға да, күрделі де шиеленісті әлеуметтік тартыстарға да толы болғандығы дүние тарихының парақтарынан да белгілі. Ондай тарихи кезең құбылыстары қазақ даласына соқпай өткен жоқ. Қазақ елі бұл кезеңде де ауыр күндерді басынан кешті. Он сегізінші ғасырдың аласапыран дәуірінің зардаптары жалғаса түсті. «Ақтабан шұбырынды» атанған зарлы заманнан өткен қазақ жұрты, қазақ хандығы тағы да бір қилы заман, қиын кезеңге аяқ басты. Сол дәуірдің оқиғалары мен тарихи шындығы, негізінен, қазақ әдебиеті шығармаларында көрініс тапты. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлттық әдебиетін дәуір шындығынан бөліп қарау мүмкін емес. Бұл кезеңде әдебиет пен халық тарихы біте қайнасып, кірігіп кеткендей еді. Соған орай әдебиет те жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Қазіргі әдебиеттануда «жаңа дәуір әдебиеті» деп атала бастаған бұл кезеңдегі әдебиет шынында да тарихи алғышарттары мен себеп-салдарларына орай дәстүрлі арнадан шығып жаңа сипаттарға ие бола бастады. Жыраулық әдебиеттің мектептері, әдеби дәстүр уақыт талаптарына сәйкес соны көркемдік соқпақтарға ойысты. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелер, саяси тақырыптар, күнделікті қауым тірлігіндегі жақсылы-жаманды көріністер тікелей әдеби шығармалардың өзекжарды саздарына, көкейкесті сөзіне ұласып отырды.
Тарихи шындық пен көркемдік шындық арасындағы сабақтастық бұрынғыдан да айқын көрінді. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің заңдылықтарын сол кезеңдердегі қазақ халқының тарихымен сабақтастықта қарау қажеттігі осындай әу бастан жаратылысы бір көркемдік құбылыстардың ішкі бірлігінен туындайды.
Осы кезеңдегі елдік құрылымдық күйреу қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өмірін біржола басқа арнаға бұрған еді. ХІХ ғасырдағы Евразия кеңістігіндегі тарихи реформалар қазақ әдебиетінің де болмысына бетбұрысты өзгерістер әкелген.
Қазақ даласында ХІХ ғасырда патшалы ресей отарлаушылары жүргізген саяси-әлеуметтік өктемдік пен басқару жүйесіндегі реформалардың себеп-салдарлары сол кезеңдегі қазақ әдебиеті шығармаларынан да жан-жақты көрініс тапты. Көкірегі ояу ақын-жырау, сөз ұстаған би, шешендер ұлттың мұңын, ұлттың келешегін болжаған күңіреністі көзқарастарын толғады. Хандық басқару жүйесі ыдырағаннан кейін, үздік-создық ұлт-азаттық қозғалысына ұласқан наразылық жалпыхалықтық қуатты күшке айналып кетуге түрлі ішкі-сыртқы жағдаяттар кедергі болса да, халықтың мұң-мүддесі тарихи жыр, дастан, толғауларда буырқанып көрінді. Бұрқ етіп басталып, езіп-жаншылып, қайта бас көтеріп өршіп отырған ұлт-азаттық қозғалыс тарихының ұзақ мерзімді кезеңдерінде ақындардың сөзі, ұлттық әдебиет мұраты ғана өз жолынан да, жүрісінен де жаңылған жоқ.
Осы аласапыран кезеңдердегі қазақ әдебиетінің шығармаларын тереңдеп талдап тану, ұлттық әдебиеттің жаңа дәуірінің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын тарихи сабақтастықта зерттеу ел тарихының қастерлі беттерін ашады. ХІХ ғасыр әдебиеті өткен ғасырлардағы ұлттық сөз өнерінің өрнегін, дәстүрін сақтаумен бірге көркемдік құралдарын байытты, жаңа сипаттар дарытты. Әдеби шығармалар жанрлық жағынан да, көркемдік бітімі турасында да, идеялық мазмұны жөнінен де көп ілгеріледі. Зерттеу барысында осы дәуірдегі көптеген әдеби мұралар жаңа қырынан қарастырылды, бұрын белгісіз болып келген, әлде арнайы талдауға түрлі себептермен мүмкіндік болмаған шығармалар мен ақын-жазушылар мұралары ғылыми айналымға қосылды. Дулат, Шортанбай мұраларына қазақ халқы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тереңдеп үңіліп, ашық жазуға мүмкіндік туды.