Қазақ әдебиеті мен мәдениеті ХІХ ғ. бірінші жартысында қазақ әдебиетінде екі идеялық ағым: еңбекші қалың бұқара мүддесін білдірген ақындар, суырып салма жыршылар мен ірі феодалдардың, ақсүйектердің мүдделерін жақтаған ақындар қалыптасты.
Материалдық мәдениет: киіз үй, ағаштан (бөрене) салынған бір не бірнеше бөлмелі үйлер, ат-әбзелдері, қару жарақтар (сауыт, қалқан, найза, мылтық), тұрмыс заттары. Дамыған қолөнер салалары: тоқымашылық, киіз басу, ағаш, металл, сүйек және мүйіз өңдеу. т.б.
Түйін: Бұл мектептер мазмұны жағынан орыс-қазақ достығына жаңа сипат берді. Мұғалімдердің, қаражаттың жетіспеуі, сабақ оқытатын үйлердің талапқа сай келмеуі т.б. себептер орыс тілді мектептердің кең тамыр жоюына мүмкіндік бермеді.
2 XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті
XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді ойшыл демократтар шықты. Бұлардың философиялық және мәдени-ағарту жөніндегі көзқарастары орыс демократтарының ой тұжырымдарымен ұштасып, қабысып жатты. Жоғарыда аты аталған қазақ халқының ірі қалам қайраткерлері жөнінде жазылған күрделі еңбектерге сүйеніп отырмыз.
Қазақ халқының жазушысы, этнографы тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Мы связаны с русским народом историческим и даже кровным родством. Судьба миллионов людей, подающих несомненные надежды на гражданское развитие, людей, которые считают себя братьями русских по отечеству и поступили в русское подданство, кажется, заслуживает большего внимания и большей попечительности в таких решительных вопросах, которые формулируются в шекспировское: «быть или не быть», - деп айтқан-ды.
Оқымысты Шоқан Уәлиханов өз халқының болашағын алдын-ала болжады. Осы арада да ол өте көрегендігін істеді. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов орыс халқын тұтас алып отырған жоқ. Патша үкіметінің итаршысы болған, оның зорлық-зомбылығын жүгенсіз іске асырған бейбастақ орыс чиновниктері мен орыстың еңбекшіл халқының ара жігін ашып, айыра таныған болатын. Өз тұсында жақын досы Ф. М. Достоевскийдің: «Что тянуло... офицеров и чиновников в Западную Сибирь и Казахстан?» - деген сұрағына ол (Шоқан Уәлиханов): «…желание немного разбогатеть на обширных просторах независимой Татарии …обирать киргиз и на их деньги шить жене померанцевое платье на цитровых лентах…» - деп ащы мысқылмен жауап берген еді. Патша чиновниктерінің мінез-құлқын білетін Ф. М. Достоевский: «…хотя в Сибири холодно, но чиновникам живется тепло», - деп Шоқанның әлгі пікіріне үн қосты.
Шоқанның үнемі хат жазысып, хабарласып тұратын Петербургтегі достары: Ф. М. Достоевский, А. Н. Майков, В. С. Курочкин т.б. еді. Шоқан 1856 жылы Ф. М. Достоевскийге жазған бір хатында өзі қызмет істеп, өмір сүріп жүрген жерін ұнатпай, содан кеткісі келгенде: «Омск так противен сплетнями и интригами, что я не на шутку думаю его оставить. Как вы думаете об этом? Посоветуйте, Федор Михайлович. Как это устроить лучше?» - деп жазса, тап 1856 жылы Парижде жүрген И. С. Тургенев Россияға – Л. Н. Толстойға мынадай хат жазады: «Париж бұдан бұрын маған мұндай жексұрын көрінген емес еді. Бұл қалаға өте рахат тұрмыс жараспайды. Мен Парижді басқа бір жағдайда көріп едім, онда маған ұнаған болатын...» - деді.
И. С. Тургенев пен Ш. Ш. Уәлиханов екеуі бірін-бірі көрмей білмей-ақ сол 1856 жылы екі қала туралы жазған хаттары қалай сабақтасып жатыр десеңізші. Жат елде, бөгде жерде жүрген екі адам бөтен қалаларда өмір сүріп, соның ойы-қырын білмегендіктен ұнатпайды. Әрине, жағдайлары ұйқаспаса да іштей жатырқап, іштері пысып, мүлде кеткісі келетіндігін баяндайды. Орыс пен қазақ халқының ардагерлері бірін бірі алыстан ұғысады.
Шоқан Уәлихановтың жас кезінен бастап-ақ Н. Ф. Костылецкий, Н. И. Дабшинский, Т. Сейфуллин сияқты Россияның зерделі адамдарымен тікелей байланыста болуы мәлім. Бұлардың бәрі де Қазан университетінің Шығыс факультетін бітірген егде адамдар, жас Шоқанның қалыптасуына айрықша ізгі әсерін тигізгендер. Екі жақты Шоқан тәрбиесін жазушы Сәбит Мұқанов түбегейлі көрсетіп, көп жылдық зерттеу нәтижесін жариялады.
Сол дәуірде Шоқан Уәлиханов көрнекті ориенталист, тюрколог-профессор И. Н. Березинмен хат жазысып, пікірлесіп жүрді. Оған себеп болған И. Н. Березиннің жақын досы өзі әдебиетші-ориенталист Ф. И. Костылецкий еді. Жер аударылып Омбыда жүрген тарихшы-ғалым Гансевский де зор ықпал жасады. Аты шулы әлемге аян ұлы демократ Н. Г. Чернышевскийдің жас досы, әрі шәкірті, өзі әдебиетші В. П. Лободовскийдің де құнарлы әсері тимей қойған жоқ. Ендеше, И. С. Тургеневке Шоқанның қиырда жатып үн қосуы заңды сияқты.
Өр талантты жас Шоқан Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрген кездің өзінде-ақ Д. Фонвизиннің, И. А. Крыловтың, А. С. Грибоедовтың, А. С. Пушкиннің, Н. В. Гогольдің, Яновскийдің, В. Г. Белинскийдің, А. И. Герценнің (бүркеншік аты - Искендер); Н. Г. Чернышевскийдің шығармаларын сарқа оқуы анық, солармен қатар Батыс Европаның атақты жазушылары Шекспир, Руссо, Карлейль, Диккенс, Теккерей т.б. орыс тіліндегі нұсқаларын меңгере білуі даусыз. Орыс елінің көрнекті ғалымы Н. И. Веселовский қыршын күнінде дүние салған, оған дейін өзекті еңбектері орыс, ағылшын тілдерінде жарық көріп, айдай әлемге танылған біздің Шоқан Уәлиханов жөнінде: «Шығыстану ғылымының құнарлы өлкесінен жарқ етіп өте шыққан құйрықты жұлдыз Шоқан еді», - деп, шындықты бүкпей айтты. Сәбиттің Шоқан туралы жазған романын «Аққан жұлдыз» деп атауы Н. М. Веселовскийдің осы мінездемесімен сабақтасса керек-ті. Сол кезде жер аударылып Омбыда жүрген декабрист Дуров Шоқанды: «Жұрт таңырқарлық кесек ойлы адам» деп бағалады. Шоқанмен кадет корпусында бірге оқыған досы, заманында Сібір ғалымдарының шамшырағындай болған Г. Н. Потанин: «…у нас с Чоканом происходили большие споры в его квартире, каждый раз я уходил от него разобиженным, потому что чувствовал себя всегда побитым на всех пунктах. Я все-таки думал, что моя сторона правая, только я не имею ни тех знаний, ни того искусства, какие были у Чокана, чтобы спорить с ним», - деп мінездеме берді.
Шоқан Уәлиханов Н. Г. Чернышевскиймен бетпе-бет кездескеннен кейін: «Чернышевский қандай ғажап адам еді, ол тек қана орыс халқының емес, басқа халықтардың да тұрмыс жағдайын, өмірін тамаша білетін кісі екен. Онымен сөйлесіп танысқан соң Россиясыз құритынымызға көзім жетті; орыс халқынан қол үзу – ағарту ісінен қол үзу екенін әбден ұқтым. Орыс халқынсыз біз баяғы жүгенсіз билейтін деспотизм мен қараңғылық басқан тек қана азиялық ел боламыз да қаламыз, одан басқа ешкім бола да алмаймыз. Чернышевский – біздің нағыз досымыз», деп тұжырып тауып айтқан болатын.
Шіркін, Шоқан көреген ғой! Ол: «Ағайын түгел болса ат көп, абысын түгел болса ас көп»; «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «бірлік болмай, тірлік болмайды»; «жалғыз ағаш – үй болмас, жалғыз жігіт – би болмас», «ер елімен мықты, емен жерімен мықты»; «азамат елден ажыраса – мәнсіз болар, Антей жерден ажыраса - әлсіз болар» демекші осындай данышпан қағидаларды бойына түгел жинаған адам! Ол өзінің тағы үшін өспеген, азғантай елінің бағы үшін өскен азамат, сондықтан да өзіңнің табан тіреріңнен, арқа сүйеріңнен, күш қосарыңнан айрылма, ажырама, - деп кесіп айтқан ғой.
Ш. Уәлиханов орыс мәдениетін, сол арқылы Батыс Европа мәдениетін де терең ұғынған ғалым. Сонымен қатар оның назарынан шығыс әдебиетінің тұрлаулы туындылары да тысқары қалмағандай.
Шоқан грек-рим елінің мифологиясын да, алдыңғы араб Шығысының, Иранның әдебиет-мәдениетін, Қиыр Шығыстағы монғол мәдениетін де жақсы білген ғалым. Доржи Банзаров оған көп ой салған. Арабтың «Мың бір түн» атты ертегісін, Иранның «Шахнаме» эпосын, монғолдың тіпті діни көзқарастарын да сарқа білген жан. Осының бәрі құрғақ сөз емес, Шоқанның өз еңбегінде анық айтылған.
Қырғыз елінің даңқты көне эпосы «Манасты» Шоқан тұңғыш рет «Дала Илиадасы» деп атаса, осы эпостың жалғасы «Сәметейді» қырғыз «Одиссеясы» деп бағалаған. Осыған қарағанда Шоқан орыс әдебиеті мен Батыс Европа әдебиетінің ықпалын бойына сіңірген, содан ғана нәр алған ғалым емес, сонымен қатар ол классикалық шығыс-грек пен рим халқындағы көне мұралардың да негіздерін жақсы ұққан, олардың ішіндегі күрделі ойларды Европаға таратушы ірі ғалым екені айқын көрінеді.
Махамбет Өтемісов, Шоқан Уәлихановтардың саналы салтын әрі қарай іске асыруға белсене кіріскен Ыбырай Алтынсарин болды. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының жарқырап көрінген ойшыл демократ-ағартушысы еді. Ыбырай Алтынсарин өзінің бар өмірін қазақ даласында мектеп ашып, қараңғылықта жатқан ауыл балаларын тәрбиелеуге, оқытуға арнады. Қазақ еліне орыс халқының озат мәдениетін үйретіп, балаларын орысша оқытты, екі елдің арасына дәнекер болып, табыстырып, таныстыра түсті.
Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы «Киргизская хрестоматия» және «Начальное руководство к обучению киргизов (казахов) русскому языку» деген екі кітап жазып шығарды. Орынбордағы орысша-қырғызша мектепті бітіргеннен кейін Ыбырай Алтынсарин Қазан университетінің профессоры Н. И. Ильминский, шығыстану ғылымын зерттеуші В. В. Катаринский, статс-советник А. А. Бобровников, орыс-қырғыз (қазақ) мектебінің мұғалімдері В. Д. Соколов пен А. А. Мазохин тәрізді сол кездегі орыс интеллигенттерімен тығыз байланысып отырды.
Қазақ елінен шыққан көрнекті азаматтардың бірі және өз халқының тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсарин көзқарасының түп негізі еңбекшіл қара бұқараның мұң-мүддесін жоқтайтын демократиялық идеология еді. Ол өз жұртының өте бай ауыз әдебиетін толық білді, екінші жағынан өскелең орыс халқының мәдениетінен үлгі алды. Үшінші жағынан Шығыс елдерінде орныққан мәдениеттің прогрессивтік бағытынан да құр алақан емес еді. Осы үш арнадан шыңдалып шыққан Ыбырай Алтынсарин мәдениет майданында жоғары сатыға аяқ басты.
Ыбырай Алтынсарин ең алдымен, өрлеп өсіп келе жатқан орыс халқының мәдениетін терең меңгеруге кірісті. Өзінің көшпелі елін отырықшы етіп, қала салып, мектеп ашып, мәдениетке жетуге баулыды. «Ол екі кластық орысша-қырғызша төрт училище, бір қолөнер училищесін, бір әйелдер училищесін, болыс-болысқа таратып бес училище, қоныс аударған орыс шаруаларының балаларына арнап орысша екі училище ашқан болатын».
Осы мектеп ашылғанда, Қазан университетінің профессоры Н. И. Ильминскийге Ыбырай Алтынсариннің жазған бір хатын келтіре кетелік: «Николай Иванович!.. 8-го января совершилось давно ожидаемое мною открытие школы, и поступили в нее 14 киргизких мальчиков, мальчиков славных, смыслящих. Как голодный волк на барана, взялся я горячо за учение детей, и к крайнему моему удовольствию, мальчики эти в течение каких-нибудь трех месяцев выучились читать и писать по-русски и по-татарски... Учу сперва названия предметов, исключительно слова, относящиеся к имени существительному; потом названия качества предметов – имени прилагательному... и так далее. Два воспитанника... почти выучили уже три правила; занимаются разговорными переводами и читают «Детский мир» (педагога Д. Ушинского), из которого также делают переводы. Когда воспитанники мои начнут немножко говорить по русски, я смешаю с ними русских мальчиков, детей здешних поселян, на что имею уже законное право. Стараюсь всеми силами, чтобы подействовать на их нравственноть, чтобы они впоследствии не были взяточниками».
Ыбырай Алтынсариннің нағыз педагог, шын мәнінде ағартушы адал азамат екенін айтқанда біз осындай ойларын ескеріп едік.
Бұл мектептердің мұғалімдеріне ол педагог Ушинскийдің «Детский мир» («Балалар әлемі»), Крыловтың «Мысалдар» («Басни»), Л. Толстойдың «Азбука и книга для чтения» сияқты орыс педагогтері мен жазушыларының кітаптарын ұсынады. 1879 жылы өзінің «Хрестоматиясын» баспадан шығарғанда: «Бұл хрестоматияның кейбір кемшіліктері бола тұрса да, ескерусіз қалмас және оқулыққа арналған тұңғыш кітап болғандықтан, көздеген мақсатын орындап шығар деген үмітім бар», - деп жазды.
Орыс-қырғыз (қазақ) мектебінің мұғалімі А. А. Мазохинға жазған тағы бір хатын келтіре кету артық болмас: «Милейший мой Арсений Андреевич! Придерживайтесь только совета на дальнейшее время, не моего совета, а знаменитого философа-педагога Каменского истинно счастливы те, которые умеют быть довольными тем, что у них есть, и те, которые могут себе сказать: «Мы живем своим личным трудом», да еще другого, арабского философа, который, когда спрашивали, в чем стоит счастье и богатство, отвечал – в умеренности», - деп еді.
Әрине, бұл хаттағы ойлары біздің заманға сәйкеспейді, өйткені ол өз дәуірінің ырғағына қарай билеген кемеңгер адам, чехтың философия ғылымын да, арабтың философын да ақтара біліп, аудара төңкеріп отыр ғой, соның өзі де біздің мақтанышымыз.
Орыс тілінен қазақ тіліне аударудың алғашқы дәстүрі де Ыбырай Алтынсариннен басталды. 1892 жылы Ыбырай аударған «Қарға мен түлкі» («Ворона и лисица») атты И. А. Крыловтың мысалы шықты (ескерте кетелік, Абайдың орыс классиктерін аударуы бұдан он жыл бұрын еді, ол Лермонтовтың «Бородино» деген әйгілі өлеңін 1882 жылы аударды, бірақ көпке дейін жарық көрмеді ғой).
Ыбырай Алтынсарин тек қана ағартушы-педагог емес, ол XIX ғасырдың екінші жартысында шексіз де шетсіз қазақ даласына мына келелі ойларын алып келген, нұр сәулесін шашып, көзін ашқан белді де, беделді жазушы, әрі өз халқының әдет-ғұрпын зерттеген білімді этнограф және белсенді қоғам кайраткері. Ол – орыс әдебиеті классиктерінің, атап айтқанда, И. А. Крыловтың мысалдарын, Л. Н. Толстойдың т. б. әңгімелерін тұңғыш рет аударып берген жазушы-аударушы, оның үстіне соларды қазақ жастарына оқытып үйреткен ұстаз-педагог.
Қазақ елінің оқығандары дүние жүзілік мәдениетті меңгеруге XIX ғасырда-ақ жұмыла кірісті. Бұлар ең әуелі шығыс әдебиетінен бастады. Мысалы, Фердоусидің «Шах-намесін» Молда Ораз парсы тілінің өзінен аударды. Оның араб әрпімен жазған каллиграфиялық әдемі қолжазбасы Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапханасында сақтаулы (қолжазба номері 1187, таза сақталған беттері 484). Бұл аударма, негізінен, қара сөзбен жазылған, некен-саяқ өлеңдері де бар. Осы баға жетпес, сирек кездесетін қолжазбаның біразын Тұрмағамбет Ізтілеуов өлеңмен аударды. Мұны аударуға себепкер болған мемлекет қайраткері марқұм Темірбек Жүргенов еді.
«Шах-наменің» бір тарауын ақын журналист, қоғам қайраткері, «Айқап» журналының редакторы Мұхаметжан Сералин орысшадан (ақын В. А. Жуковскийден) қазақшаға аударып бастырды. Бері келе қазақ қаламгерлері түгелдей тек орысшадан аударуға кірісті (Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев). Ал молда Нияз Бекимов, А. С. Пушкиннің «Капитан қызын» 1903 жылы Қазанда бастырды.
Ол кезеңде қазақ азаматы Алтынсарин орысшадан аударғанда қазақ оқырмандарына бейімдеді, жеке сөзін қуаламай, ойын беруге тырысты, өз халқының ұғымына сай етіп аударды. Мысалы, К. Д. Ушинскийдің «Наблюдательность» деген әңгімесін «Үнді» («Индеец») деп берді. Орыс жазушысының «Ворона и рак» деген әңгімесі Ыбырай Алтынсаринде «Қарға мен құрт» («Ворона и червяк») болды; Л. Н. Толстой жазған «Царь и рубашка» атты орыс ертегісі Ыбырай Алтынсаринде «Бақытты адам» («Счастливый человек») болып алынған еді. Осы әңгімелердің аттарындағы айырмасы олардың ішкі мазмұнымен байланысты. Мысалы, Л. Н. Толстой жазған әңгімеде бір патша ауырып жатып: «Мені осы науқастан емдеп жазған адамға патшалығымның тең жартысын сыйлар едім», - дейді. Ал Ы. Алтынсарин осы оқиғаны өзінше шертеді: «Бір патшаның әйелі (ханымы) ауырып қалады. Толып жатқан тәуіптер (дәрігерлер) шақырылады. Бәрі жабыла емдеп, бірақ ауру әйелді жаза алмайды. Осыдан кейін патша бақсы-балгерлерді жинап алады да: «Ей, бақсы-балгерлер, ханымды кеселді дертінен айықтыратын дәрі іздеп табыңдар, егер таба алмасаңдар бәріңді де қырып-жоямын» - деген бұйрық береді.
Осы авторлардың екеуі де өз ортасын өте жақсы ұғады, халқының салт-санасын жете түсінеді. Мысалы, Л. Н. Толстойдың патшасы ығы-жығы жоқ қу және шексіз мырза, ол жалынып-жалбарынады, өлердегі сөзін айтып өтінеді, тіпті патшалығының жарым-жартысын сыйламаққа уәде береді. Ал Ы. Алтынсариннің патшасы – жүгенсіз, бетімен кеткен дозақы, шығыстың ауыздықсыз деспоты. Ол өтінбейді, қорқытады, «табаныңнан тұр», - деп бұйырады.
Ы. Алтынсариннің «Байлықты пайдаға асыру» деген әңгімесі Л. Н. Толстойдың «Петр І и мужик» («Петр I мен мұжық») атты әңгімесіне байланысты. Бұл әңгіме «Азбука» деген оқулықта (екінші кітабында, СПб., 1872) жарияланды.
Ы. Алтынсариннің «Жалқау» («Неряшливость») әңгімесі В. И. Дальдің «Нечистоплотный крестьянин» деген әңгімесіне ұқсайды. Алайда араларында айырмасы да бар. Мысалы, В. И. Дальдің кейіпкері жалқау Иван, ал Ы. Алтынсаринде – еңбекқор, жақсы жігіт, ұлты мешер (татар) Керім.
Қазақ жазушысы, ағартушысы Ы. Алтынсаринге И. А. Крыловтың, Л. Н. Толстойдың, В. И. Дальдің және орыс елінің көрнекті педагогтары К. Д. Ушинскийдің, И. И. Паульсонның тигізген әсері ұшан-теңіз. Мысалы, И. А. Крыловтың «Ворона и лисица», К. Д. Ушинскийдің «Коза и лисица», Л. Н. Толстойдың «Визир Абдул» деген мысалдарына Ы. Алтынсарин «Жақсылық пен жамандық» деп бір-ақ ат қояды. И. И. Паульсонның «Петр Великий под судом» деген мысалын Алтынсарин «Ізгі бала»,- деп алыпты. Тізе берсек мұндайлар көп-ақ екен.
Ы. Алтынсарин өлгеннен кейін оның досы профессор Н. К. Ильминский бастаған біраз авторлар бірігіп, 1891 жылы «Воспоминания об И. А. Алтынсарине» атты кітап шығарды. Орыс-қазақ мектебінің мұғалімі Н. Иванов Ы. Алтынсариннің «Бай баласы мен кедей баласы» деген әңгімесін орысшаға аударды. Әңгімедегі кейіпкерлердің аттарын қойды да, «Асан мен Үсен» деп жазды. Бұл әңгіме («Асан и Усен») 1890 жылғы «Родник» журналында жарық көрді [2, б. 186-195].
Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің атақты ақын-жазушылары: А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың, М. Е. Салтыков-Щедриннің, Н. А. Некрасовтың, Л. Н. Толстойдың, т. б. Шығармаларын оқыды. Бұларды тек өзі біліп, үйреніп қана қойған жоқ, Крыловтың, Пушкиннің, Лермонтовтың өлеңдерін өзінің ана тіліне аударып, қазақ халқын орыс мәдениетімен таныстырып, оның сана-сезімін оятты.
Абай орыс классиктерінің көптеген өлеңдерін: Крыловтың «Қарға мен түлкісін», «Шегіртке мен құмырсқасын», «Өгіз бен бақасын», «Есек пен бұлбұлын», т. б., Пушкиннің «Евгений Онегин» романының үзінділерін, Лермонтовтың «Жалауын», «Қанжарын», «Теректің сыйын», «Бородиносын», «Ойын», т. б. аударды. Абайдың бұл аудармалары күні бүгінге дейін өзге тілден аудару техникасын, мәдениетін меңгеруде ақындарға үлгі-өнеге болып отыр.
Орыстың ұлы ақындарының асқан шеберлігін, ой-пікір тереңділігін, осыдан туған бай мазмұнды, өршіл идеяны, өлеңдегі қуатты күш пен көркемдік бояуды бір кемітпей, солғындатпай, дәл жеткізу Абай аудармаларының негізгі ерекшеліктері болып табылады. Оның үстіне аударма екенін білдіртпей тұратын, тілге, ұғымға жеңіл мінсіздік те Абай аудармаларына тән қасиет.
Орыс классиктерін аудару үстінде Абайдың өзі де шарықтап өсті. Оның бойына орыс ақындарының әсерімен сіңген тамаша қасиеттердің басқасын қоя тұрып, тек бірден көзге түсетіндерін ғана айтсақ: Абай, алдымен, Пушкин поэзиясының мұхиттай тереңі мен өмірдің өзіндей кең құлашын, Лермонтов өлеңдерінің сол кездегі қоғамдық қысымға қарсы бұрқана атылған кегі мен отты ызасын түсіне білді. Крылов мысалдарының өз дәуіріндегі қараңғылықты найзағайдай тіліп түсіп жатқан ащы сықағы мен ызалы күлкісін ұқты. Міне, тек осының нәтижесінде ғана Абай өз шығармаларын тақырып, идеялық мазмұн, түр, тіл, стиль жақтарынан мейлінше байытып, өлеңдерінің сыншылдығын, шыншылдығын күшейтіп, қоғамдық маңызын биікке көтерді [3, б. 58-59].
Абайдың орыс мәдениетіне құлшына кірісуінің екі түрлі себебі болды. Біріншіден, Абай, қазақ елін шығыстың схоластикасының ықпалынан мүлде шығарып, тура орыс мәдениетін алу, сондықтан, қазақ даласында орысша мектеп ашу, молда, қожаларға патша үкіметі тарапынан берілген кейбір праволарды қайтып алып, оларды тізгіндеп ұстау, олардың правосын уезд, болыстарға беру жөнінде өз пікірін тарихи, ғылыми түрде дәлелдеген Шоқан Уәлиханов, онан кейінгі өзінің замандасы Алтынсариннің бағытын Абай дұрыс деп ұқты.
Екіншіден, бұл кезде орыс халқының әдебиеті дүние жүзі мәдениетінің алтын қазынасының қатарына қосылып қана қойған жоқ, Еуропаға өзінің революцияшыл әсерін тигізді. Батыстың кәрі әдебиетін басып озды. XVIII ғасырдағы орыстың кейбір жазушылары жамылған Еуропалық шапанын шешіп тастап, орыс әдебиеті мазмұнына түрі сай, өзінің ұлттық қалпында дүниелік сахнаға шықты.
Өз кезінің үлкен мәдениетті және талантты ақыны Абайдың оны білмеуі, көрмеуі мүмкін емес еді. Абай көре де, түсіне де білді. Оның үстіне Абай Семейге айдалып келген орыстың халықшыл демократтары: Михайлэс, Долгополов, Гростармен танысып, өзінің сол бағытын бұрынғыдан да ұштай түседі. Орыс мәдениетіне тереңдеп, Чернышевский, Белинский, Добролюбов, Салтыков, Толстой, Пушкин, Лермонтов шығармалары, Аристотель, Сократ, Платон, Гоголь еңбектерімен танысады. Орыстың демократтары мен ұлы классик жазушыларының даналық еңбектерімен танысуы, батыс философтарының еңбектерін оқуы және өз кезіндегі шаруашылық-әлеумет өміріндегі болып жатқан әртүрлі өзгерістерді сезіну, ұғыну жиынтығы келіп, Абайдың өмірге көзқарасына, ой-санасына үлкен өзгеріс кіргізеді. Абайдың өзі айтқан: «Шығысым батыс, батысым шығыс болды», - дейтін сөзінің терең сыры, міне, осында [4, б. 76-77].
Жалпы, орыс (еуропа) поэзиясының өлең структурасы туралы ф.ғ.д., профессор С.Негимов: «Орыс поэзиясы тарихында Карамзин сызықша, көп нүктені, Пушкин «Евгений Онегин» романында шумақ нөмірлеуді (бұл тәсіл Пушкин дәуіріндегі европалық поэзияда кездеседі), Жуковский интонациялық құралдырды курсив арқылы көрсетуді, «басқышы» Маяковский поэзия сахнасына әкелді» - деп атап өтеді [5, б. 49].
Қазақ поэзиясында дыбыс үндестігі мен дауыс үндестігінің атқарар рөлі үлкен екендігіне де баса назар аударады. Поэзияның өзіне тән ережесі мен қазақи мінез құлқы көне поэзия өкілдерінен жеткеніне, көңіл бөліп түркі дәуіріне дейін апарады, оның өзіндік себептерін нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. Саз балшықтан күйдіріліп жасалатын үрмелі аспаптар: сазсырнай, үскірік, тастауық. Бұл жұдырықтай, іші қуыс құты сияқты, үрлейтін және бірнешебармақпен басатын тесігі бар аспап.
Соқпалы аспаптардың ең үлкені, үндісі — дабыл. Бұл екі жағы да терімен қапталған кәдімгі барабан сияқты аспап. Онымен тұтқиылдан қауіп төнгенде, не елді бір жиынға шақырғанда, дәстүрлі мейрамдарға ел жинағанда, соғыста пайдаланған. Дауылпаз дабылдан кішілеу, оның да екі ернеуі ағаштан, алшыңдауыл деп аталатын аспап та осындай, бірақ оның шеңбер бүйірі темірден жасалады