ҚР БҒМ «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесін бекіту туралы» 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына (2022 жылғы 12 мамырдағы № 193 бұйрығымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулар) төмендегі тармақ енгізілген:
11. Оқу жүктемесі аптасына 1 сағат болған жағдайда БЖБ бөлімдерді біріктіре отырып, бір тоқсанда екі реттен артық өткізілмейді, қорытынды баға жарты жылда қойылады.
Осы тармаққа сәйкес:
− 5-9 сыныптағы «Информатика» оқу пәнінен тек бөлім бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі және олардың қорытындысы бойынша жарты жылдық баға қойылады, ал тоқсан бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді;
− 10-11 сыныптағы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Информатика» оқу пәнінен тек бөлім бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі және олардың қорытындысы бойынша жарты жылдық баға қойылады, ал тоқсан бойынша жиынтық бағалау жүргізілмейді;
− Жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Информатика» пәнінен бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсан бойынша жиынтық бағалау жүргізіледі.
Үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті есебінен оқу пәні бойынша жүргізілетін элективтік курстардың тақырыптары Білім алушыларды робототехника, программалау, 3D-модельдеу қызықтырады. Осы қызығушылықтарды жүзеге асыру үшін неғұрлым күрделі дағдылар мен құзыреттіліктер қажет. Озық технологияларды меңгеру, топта жұмыс істеуді үйрену және «Информатика» пәнінен алған дағдыларын дамыту, жобалық жұмыстарды жүргізу үшін үлгілік оқу жоспарының вариативтік компонент есебінен:
- 4, 5-11 - сыныптары үшін «Робототехника»;
- 8, 9 – сыныптары үшін «3D-модельдеу»;
- 6, 8-11 сыныптары үшін «Python тілінде программалау» элективті курстарын жүргізу ұсынылады.
Оқу пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінде қарастырылатын әдістемелік тақырыптар Оқу пәні мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігінде «Информатика» пәні бойынша қарастыру үшін ұсынылатын өзекті мәселелер мен тақырыптар:
− Информатика пәні бойынша білім алушылардың білім сапасына жүйелі мониторинг жүргізу;
− «Информатика» пәні бойынша білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру;
− Информатиканы оқыту әдістері мен ұйымдастыру формаларын жетілдіру;
− Информатика пәнін оқытуда инновациялық технологияларды қолдану.
Оқу пәні бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық тасымалдау құралдары тізбесі «Цифрлық сауаттылық», «Информатика» пәндері бойынша оқулықтар тізбесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 10 маусымдағы «Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың, мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің, оның ішінде электрондық нысандағы тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы № 216 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» № 286 бұйрығымен бекітілген.