З. С. Советова Ғылыми зерттеу негіздері және академиялық жазылым


 Мәселе және оның шешімін қарастыру эссесі



Pdf көрінісі
бет38/97
Дата19.10.2023
өлшемі5,46 Mb.
#119424
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   97
Байланысты:
академ жазба

7.1.2 Мәселе және оның шешімін қарастыру эссесі 
Мәселе және оның шешімін қарастыру эссесі белгілі бір жағдайға 
байланысты туындаған мәселені шешудің жолдарын анықтауға бағытталып 
жазылады. Бұл эссенің құрылымы себеп-салдар эссесінің жазылу 
құрылымымен ұқсас болып келеді. Эсседе талданатын мәселе бір бөлімге 
топтастырылып, шешілу жолдары екінші бөлімде берілуі мүмкін және тізбек 
түрінде бірінші мәселеден кейін оның шешілу жолы, екінші мәселе және оның 
шешілу жолы т.б. жазылуы мүмкін. Мәселе және оның шешімін қарастыру 


75 
барысында тақырыпқа қатысты мынадай негізгі төрт құрылымға баса назар 
аудару қажет. Олар: 
жағдаят, мәселе, шешілу жолы
және 
бағалау. 
Мәселе және оның шешімін қарастыру эссесінің құрылымы бөлім 
немесе тізбек түрінде жазылуы мүмкін. 
Мәселенің шешімі дұрыс берілуі үшін эссе құрылымын дұрыс жаза білу 
керек. Эссе жазу барысында мынадай мағлұматтарды ескерген жөн: 
-
оқырманды мәселенің өзекті екендігіне қызықтыра білу; 
-
мәселенің маңыздылығы мен оны шешудің қажеттілігіне сендіру; 
-
мәселенің шешімін түсінікті етіп таныстыру; 
-
ұсынылған шешімнің қаржылық жағынан тиімді және жүзеге асыруға 
болатынына иландыру; 
-
мәселені шешудің өзге жолдарына қарағанда, эсседе ұсынылған 
шешімнің тиімдірек екенін көрсету. 
Бұл эссенің басқа эсселермен ұқсас тұстары бар болғанымен, атқаратын 
қызметіне қарай, бөлімдерінің мазмұны жағынан біршама ерекшеленеді. 
Сондықтан мәселе мен оны шешу жолдарын қарастыру эссесі бөлімдерінің 
мазмұнына қысқаша тоқтала кетейік. 
Кіріспе.
Бұл бөлімде мәселе сипатталып, оның шешілуінің қажетті 
екендігі түсіндіріледі және тезис түрінде шешімі ұсынылады. Мәселе 
көпшілікке таныс емес болса, кіріспеде оны сипаттап өту керек. Керісінше, 
көпшілікке белгілі мәселе болса, барынша айқын етіп көрсету қажет. Ең 
бастысы, оқырман мәселенің маңызды екенін аңғаруы тиіс.
Кіріспені жазу үшін мынадай жайттарды есте сақтау қажет: 
-
жеке өміріңізден мысалдар қосу; 
-
мәселе жөнінде өмірлік мысалдар келтіру; 
-
мәселені фактілер арқылы сипаттап, оның неліктен шешілуі қажет 
екенін айқындау; 
-
оқырманды сендіру үшін статистикалық және фактілік дәлелдер 
келтіру; 
-
мәселені туындатқан жағдаят туралы баяндап, оның қалай ушыққанын 
түсіндіру; 
-
мәселені не үшін шешілуі қажет екендігі жөнінде пікірлер беру; 
-
мәселені оқырманға айқын етіп көрсететін сөздер мен сөз тіркестерін 
қолдану. 
Кіріспе соңында автор сұрақ қою арқылы тезис түрінде ұсынылатын 
шешімі жөніндегі идеясын білдіреді. Ол үшін автор өз ұсынысын бір 
сөйлеммен анық етіп жазуы тиіс. Негізінен тезис мәселені сипаттап болғаннан 
кейін ғана жазылады. 
Негізгі бөлім. 
Эссенің негізгі бөлімі бірнеше параграфтан тұрады. 
Негізгі бөлімде автордың шешімі түсінікті түрде баяндалып, мәселені 
шешудің жолдары жан-жақты қарастырылады. Мәселені шешу жолдарына 
кететін қаржы мен қаржы көздері де сипатталады. Автор ұсынып отырған 
шешімінің тиімді әрі дұрыс екенін дәлелдеу үшін мамандар пікірін келтіріп, 


76 
бұрын мұндай шешімдерді жүзеге асырылғанына тоқталып, статистикалық 
мәліметтерді қолданады және логикалық тұрғыда аргументтер береді. 
Сондай-ақ негізгі бөлімде мәселені шешудің басқа жолдары да 
қарастырылады. Бірақ автор ұсынатын шешімінің өзге шешімдерден дұрыс 
екенін дәлелдейді. Өз шешіміне оқырманды сендіре алу үшін негізгі бөлімде 
жазылатын мағлұматтарды алдын ала жоспарлап алған тиімді және оларды 
логикалық тұрғыда дәлелдер арқылы жазу эссенің сәтті шығуының кепілі 
болып саналады. 
Қорытынды.
Эссенің қорытындысы бір немесе бірнеше параграфтан 
тұруы мүмкін. Қорытынды мазмұнында автор ұсынысы жүзеге асатын 
жағдайда нәтиженің қандай болатындығы сипатталады. Мәселенің осындай 
шешімдер арқылы реттелуі жөнінде нақты мысалдар келтіріліп, 
статистикалық және фактілік дәлелдер мен ғалымдардың пікірлерін дәйексөз 
ретінде қолданады. 
Мәселе және оның шешімін қарастыру эссесін жазу студенттің мәселені 
қалай шешуге болады деген пікірін білдіруіне мүмкіндік береді. Сондықтан 
мәселені шешу жөніндегі ұсынысты ойластыру аса маңызды кезең болып 
саналады. Кейде мәселені шешу үшін ұсынылған шешімдер оқырман 
тарапынан келіспеушілікті немесе оны шешудің ең тиімді жолы емес деген 
түсінігін қалыптастыруы мүмкін. Сол себепті мұндай эссе жазу барысында 
алдын ала жан-жақты ойланып алу қажет. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет