Зоология пәнінен оқу-дала практикасын жүргізуге арналған әдістемелік



бет3/28
Дата07.01.2022
өлшемі5,84 Mb.
#20880
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
ӘОЖ 59

КБЖ 28.6

Есжанов Б.Е., Аметов А.А., Баймурзаев Н.Б., [және т.б.].,2019

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,2019

ISBN 978-601-04-3898-9


Алғысөз

Әр саладағы биология мамандықтарының бәсекеге қабілетті студенттерді дайындауда зоология пәнінен жүргізілетін оқу-дала практикасының маңызы өте зор. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің бірінші курс студенттеріне «Зоология» және «Өсімдіктер мен жануарлардың алуан түрлілігі» пәндері бойынша оқу-далалық практикасы Іле өзенінің бойында «Биология», «Биология-педагогика», «Биотехнология», «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандықтарының студенттеріне өткізіледі. Бұл практика барысында омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың алуантүрлілігі, олардың биологиясы мен маңызы қарастырылады. Студенттер жыл бойы алған теориялық білімдерін практика кезінде қолданып, көптеген зоологиялық зерттеу әдіс-тәсілдерін игереді.

Табиғи жағдайда күнделікті бақылаулар жүргізу мақсатында түрлі биотоптарға экскурсиялар ұйымдастырылып, студенттер бақылау, санақ жүргізу, аулау құрылғыларымен танысып, жануарларды бақылау, аулау әдістерін практика жүзінде меңгереді. Ауланған омыртқасыз жануарларды фиксациялап және көзбен көріп бақылаған омыртқалыларды анықтауыштардың көмегімен олардың түрлерін анықтап, систематикалық белгілері мен жануарлар әлеміндегі орнын көрсететін сыртқы морфологиясымен іс жүзінде таныса алады. Ауланбайтын омыртқалы жануарларды студенттер іздері, дауыстары, тіршілік әрекеттері бойынша және ұшып бара жатқан құстардың кескіндерінің (силуэттерінің) көмегімен анықтауға үйренеді. Студенттер оқу-далалық практика барысында жеке ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу әдістерін де игереді.

Оқу-дала практикасын өткізу және сол аймақтың жергілікті фаунасы жайында мемлекеттік тілде бірде-бір оқу құралы не әдістемелік нұсқаулық жоқ деп айтуға болды. Ұлтаралық қатынас тілінде аймақтық оқу құралдары болғанымен де (олар оқу құралының соңында келтірілген әдебиеттер тізімінде көрсетілген) оларға қол жетімсіз. Көпшілік жағдайда электронды нұсқалармен ғана шектеледі. Ал оқу-дала практикасында студент өзбетінше жұмыс жасау үшін оқу құралдарының жеткілікті болғаны дұрыс деп санаймыз. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір топ ғалым–ұстаздары өздерінің оқу-дала практикасын жүргізудегі көп жылдық (алды 40, жастары 5-10жылдық) тәжірибелеріне сүйене отырып осы әдістемелік нұсқауды білім алушыларға ұсынып отыр. Әрине, көлемі шағын оқу құралында зоологиялық зерттеулердің барлық әдіс-тәсілдерін (классикалық және қазіргі заманауи) екжей-текжейлі сипаттау мүмкін емес. Бұл әдістерде қолданылатын қазіргі заманғы техникалар (GPS-garmin position systems, фототұтқырлар-фотоловушки, түнгі бақылау приборлары және т.т) пайдалануға өте күрделі және қымбат. Осы себепті біздер, ең алдымен студенттік практика жағдайында шын қолдануға болатын әдіс-тәсілдерді ұсынуды жөн көрдік.

Ескерте кететін бір жағдай–авторлық ұжым оқу-дала практикасын өткізуге арналған әдістемелік нұсқаулықтардың сериясын шығаруды жүзеге асырмақ ойда болған. Осындай нұсқаулықтардың бірі - оқу-дала практикасы өтетін ауданның өсімдіктер алуантүрлілігін оқып-білуге арналған бөлімі «Қазақ университеті» баспасынан 2 тілде (қазақша және орысша) 2015 жылы жарық көргені белгілі. Ұсынылып отырған бұл бөлімді сол еңбектің заңды жалғасы деуге болады. Өйткені, болашақта осы авторлардың қатысуымен оқу-дала практикасын қалалық жағдайда, таулы аймақтарда (әрине ерекшеліктері бар) өткізуге арналған бөлімдерді әзірлеу ойға алынған. Түпкі мақсат-аталған нұсқаулықтарды пайдалана отырып, Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары (оқу орындарының географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай) пайдалана алатын оқулық дайындау.

Ұсынылып отырған оқу құралы далалық жағдайда атқарылатын жұмыстарды орындауда тек студенттерге ғана емес, сонымен қатар тәжірибесі аз жас оқытушыларға да пайдалы болады деп ойлаймыз.


Бірлікбай Есжанов
























Кіріспе

«Зоология» пәні – барлық классикалық және жаңа заман талабына сай ашылып жатқан зерттеу университеттердің жалпы білім беретін міндетті пәндердің қатарынан орын алады және студенттерге (олардың ары қарай мамандануына тәуелсіз) жалпы биологиялық білім беретін курстардың бірі болып табылады. Пәнді меңгеру бір жылдық дәріс тыңдау, кіші практикумда зертханалық сабақтарды орындау және жазғы далалық практикадан өтуді қарастырады. Соңғысы студенттердің далалық жағдайда жұмыс жасаудың практикалық және зоологиядан алған теориялық білімдерін нығайтуға, далалық зерттеулерді жүргізуде практикалық дағдыларды игеруге жәрдемдеседі.

«Зоология» пәні бойынша өтілетін далалық практика–биология саласы бойынша дайындалатын болашақ мамандарды (орта білім беру мектептері, лицейлер, гимназиялар мұғалімдері, колледждер, жоғары мектеп оқытушылары және басқа да білім беру мен ғылыми мекемелердің қызметкерлері) дайындаудың маңызды бөлігі болып табылады. Оқу-дала практикасын биолог-студенттерді дайындауда оқытудың ешқандай басқа түрімен алмастыруға болмайды. Тек табиғатта бақылау, түрлі эксперименттерді қою арқылы, нақтылы материалдарды көру және жинау арқылы ғана зоология курсының теориялық қағидаларын практика жүзінде бекітуге болады. Осы сияқты оқу-дала практикасында ғана табиғатта организмдердің бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасының өте күрделі екендігіне көз жеткізеді, жергілікті фаунамен жете танысады, омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың негізгі биологиялық ерекшеліктерін біліп шығады.

Оқу-дала практикасының мақсаты: 1-университет қабырғасында 2 семестр бойынша алған теориялық білімді («Жануарлар биоалуантүрлілігі» және «Зоология» пәндерібойынша) практика жүзінде іске асыру; 2-табиғи ортада жануарлардың алуантүрлілігін, олардың тіршілік ететін биотоптарының ерекшеліктерімен танысу және жануарлар мен тіршілілік ортасының біртұтастығына көз жеткіздіру; 3-жануарлардың ауыл шаруашылығында, орман шаруашылығында, медицинада, биотехнологияда, адамның күнделікті тіршілігінде алатын орнын анықтай білуге үйрету; 4-практика кезінде жинақталған материалдарды талдап, оны болашақта орындалатын курс, бітіру және ғылыми жұмыстарда қолдана білуге дағдыландыру.

Осы айтылғандар бойынша студенттердің далалық зоологиялық практикасының негізгі міндеттері туындайды.

Оқу-дала практикасының міндеттері:жоғарыда айтылған мақсатқа қол жеткізу үшін және бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үшін: 1-практика өтетін территорияларда мекендейтін жәндіктер мен жануарлардың алуантүрлілігімен барынша таныстыру. Ол үшін табиғатта жәндіктер мен жануарларды сыртқы пішіні, мінез-құлқы, дауысы, тіршілік әрекеттері бойынша бақылау және анықтау дағдыларын дамыту; 2-зоологияда қолданылатын классикалық дәстүрлі әдістермен қатар қазіргі инновациялық әдістердің түрлерімен және ұсталған (ауланған), жинақталған материалдарды камералды өңдеу жолдарымен таныстыру; 3-оқу практикасы өткен ауданның жануарлары мен жәндіктерінің негізгі эколого-фаунистикалық жиынтығын зерттеу, солардың ішінде сирек кездесетін, Қызыл кітаптарға тіркелген түрлерге ерекше көңіл аудару; 4-өзбетінше омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың фаунасы мен экологиясы бойынша ғылыми зерттеулердің негізін меңгеру; 5-табиғатта экскурсия жүргізу дағдыларына ие болу, ұзақ мерзімге бақылау жүргізу принциптерін меңгеру және қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмей басым түрлердің коллекцияларын жасауға машықтану; 6-табиғат қорғау көзқарастарын қалыптастыру; 7-теориялық және практикалық алған білімдерін ұштастыра отырып, оларды күнделікті өмірде, кәсіпте, өндірісте және ғылымда қолдана білуге машықтандыру.

Осы міндеттерді шешу барысында студенттер далалық жұмысты жүргізу тәжірибесін жинақтайды, ал кейбіреулері зоологияның бір саласын таңдауға мүмкіншілігін қалыптастырады. Практиканың маңызды міндеттерінің бірі студенттерді алдағы жылдары қарастырылған тақырыптар бойынша ғылыми материалдарды жинауға және өңдеуге тарту болып табылады. Бұндай жұмыстар, бір жағынан болашақта пайдалануға болатын ғылыми материалдар жинақтауға көмектеседі, ал екінші жағынан студенттерді зоологиялық зерттеулерге оң көзбен қарауға тәрбиелейді, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауда тазалыққа үйретеді және қызығушылықты қалыптастырады. Оқу-дала практикасынан соң студенттердің бір бөлігі зоология бойынша бітіру жұмысының тақырыбын таңдайды және сол бойынша ғылыми материалдар жинайды.

Практика өту барысында студент сол аймақтың фаунасы жайында ұғым қалыптастырады, кең тараған омыртқасыз жануарлардың, балықтардың, қосмекенділердің, жорғалаушылардың, құстар мен сүтқоректілердің түрлерін бақылауды және анықтауды үйренеді. Зоологиялық материалдарды жинаудың негізгі әдістерін меңгереді және оларды практикада қолдану жолдарын біледі, сол сияқты осы аймаққа тән түрлердің латынша, қазақша, орысша, ағылшынша атауларын біледі.

Университет қабырғасында пәнді меңгеруге арналған түрлі құрылымдар оқу-дала практикасына да тән. Аталуы басқаша болғанымен бұл құрылымдардың мәні теориялық білім алу кезіндегі пәннің құрылымына сәйкес келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет