1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



жүктеу 1.52 Mb.
Pdf просмотр
бет12/29
Дата15.03.2017
өлшемі1.52 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29

142
Айтқанмен де, ұсынысы өтпеуіне көзі жеткен Баймырза, еркін 
билеп алған əйелінен сырын жасыра алмады.
– Тоқсанбайдікіне... – деді ол күмілжіп.
–  Мə,  апарып  бер,  мынаны! – деп  Қалампыр  еріне  қолын  да 
шығарды, ернін де шығарды.
Тұнжыраған  Баймырза  орнынан  тұрды  да,  үн-түнсіз  далаға 
шығып кетті.
Ол  кете  ағыл-тегіл  жылаған  Қалампыр,  біраздан  кейін  үйіне 
оралған  Баймырзаға,  кей  кездегі  дағдысымен,  енді  жылы  шырай 
беріп, жұмсақ сөз айта бастады.
– Несіне ренжисің, байғұс-ау? – деді ол. – Сенің айтқаның-ақ 
болсын  дейік.  Сонда  не  шықты?  Сен  тесік  өкпе  боп  өмір  бойы 
жалшылықта  келесің,  одан  не  шықты?..  Мен  де  саған  шамамнан 
келгенше  қолғабыс  тигізіп  келем,  одан  не  шықты?..  Төлебай  да 
тесік өкпе боп бізге қосылды, одан не шықты? Күн тырбанайық, 
түн тырбанайық, бəрібір – баяғы жоқшылық!.. Нұржанды да осы 
батпаққа батырғанмен не шығады деп ойлайсың?
– Бірдеме шығады деп жүрген жоқпын,– деді Баймырза, – «суға 
кеткен тал қармайды» дегендей, менікі амалсыздықтан айтқан сөз. 
Олай  деуіме  жəне  бір  себеп, «сөзде  қаңқу  жаман,  ауруда  шаншу 
жаман» депті ғой, бұрынғылар. Жұрттың қаңқуы да өлтіріп бара-
ды бір жағынан...
– Не деген?
– Өлеңге, домбыраға əуестеніп жүрген жоқ па, біздің Нұржан 
кішкене шағынан? Бала да болса санатқа кіре бастап жүрген жоқ 
па,  сол  өнерімен,  жастардың  арасында?..  Күншіл  жұрт  соны  да 
көре  алмай  ма,  немене, – «ата-бабаңда  сері  мен  сал  жоқ  еді,  се-
нен де шықты бір сері; енді оның сəнді ер-тұрманын, атын, киім-
кешегін əзірлеп бер» деп мазамды алатын болды күншіл, күлеген 
жұрт!..
–  Оттай  берсін! – деді  Қалампыр  кесіп  айтқан  үнмен. – 
Кісіден тіленген күніміз жоқ. Қазанымызға ас салып берген адам 
жоқ.  Ашты-тоқты  болайық,  өз  еңбегімізбен  күн  көріп  жатыр-
мыз. Нұржанның да жалшылыққа тұрар күні қашпас. Бойы өсіп, 
бұғанасы  қатсын.  Жасынан  жалшылыққа  берсең,  ез-ез  боп  жан-
шылып қалар. Есін біліп, етегін жапқан соң өзі де қарап отырмас, 
ақылы бар бала...
Қалампыр мен Баймырза бұл сөзге қайтып оралмады, Нұрма-
ғамбеттің ержеткен, жұмысқа барам деген сөз өз аузынан шыққан 
күнін күтті.

143
Бірақ  олар  ұзақ  күтпеді.  Қайрақты  қаласы  күйгеннен  кейін, 
жан-жақтағы  ауыл  адамдары  боп,  оларға  Баймырза  да  еріп,  үй-
лерін, қора-қопсыларын салысуға аттанарда:
– Мен де барам, əке! – деді Нұрмағамбет.
– Қайда?
– Қалаға.
– Неге?
– Жұмысқа!..
Баймырзаның  апарғысы,  Қалампырдың  жібергісі  келмеп 
еді,  Нұрмағамбет  «барам!»  деген  сөзінен  танбады.  Несіне  тан-
сын,  жазықсыз  күйдірген  селоның  қарғысы  атқандай,  жалғыз 
аты  өрттен  кейін  көп  кешікпей  жамандатып  өлді.  Тігерге  тұяқта  
жалғыз  сиыр дан  басқа  мал  жоқ.  Оның  сүмесі  шайды  шылау-
дан  артыққа  жетпейді.  Сəті  түскен  кəсіпке  ғана  кездесетін  əкесі 
мен  Тоқсанбай  үйінде  жалшылықта  жүрген  ағасы – Төлебайдың 
тапқаны тақыл-тұқыл тамаққа ғана жарайды. «Тəуір ғып өсірем» 
деген талаппен, бүтін киім-кешекті шешесі бұның ғана үстіне жап-
сырады да, өзгесі жамау-жасқаумен жүреді. Төсек-орын да тозған, 
киіз үй де тозған. Қысқы үйі – үй емес, үйшік... Осындай жағдайда 
тұрудың несі қызық!..
Бала шағында байқамағанмен, есейе келе бұл тұрмыстың кер-
мек  дəмін  үй-ішімен  бөле  татқан  Нұрмағамбет,  ауыр  тұрмысты 
жеңілдетуге көмегін қалай тигізуді білмей жүр еді, əкесіне күйген 
қаладан жұмыс табылған соң ерді де кетті...
Баймырзаның  мамандығы – балташылық  екені  бізге  мəлім. 
Қалың орманның арасына мекендеген Қайрақтыда, күйіктен кейін 
де  балташыға  жұмыс  көп  табылды.  Сол  жұмысқа  білегін  түре 
кіріскен əкесіне Нұрмағамбет іздесе табылмайтын көмекші болды.
Ағашты  мыжғалау  жұмысына  Нұрмағамбет  тіпті  кішкене 
күнінен  үйір  болатын:  бəкімен,  пышақпен,  шаппа-шотпен,  бал-
тамен...  дегендей,  қолына  не  құрал  түссе,  сонымен  ойыншықтар 
жасайтын. Бірақ ол, көңіліне алған ойыншықтың долбарлап жоба-
сын ғана келтіре алатын да, басқа шебер балалардай əдемі жасай 
алмайтын. Ал домбыра шертуге, өлең айтуға кішкене күнінен-ақ 
шеберлене бастады. Мінезі ойнақы, қалжыңшыл ол, əлдекімдерді 
сықақтап, бірер ауыз өлеңді жанынан да шығарып жібереді. Оның 
үстіне,  денесі  өзі  құралыпты  баладан  сом  да,  биік  те  боп  өсіп, 
күрессе  жасы  қатарлас  балаларды  қолына  да  алмады,  ересек  ба-
лалармен  де  тайталас,  ит-жығыс  түсіп  жүрді...  Осы  жайларына 
қарап, «бұл түбінде кім болады?» деген сұрауға əркімдер əртүрлі 
жауап берді. Ағаш жонуға үйірлігіне қарап:

144
– Əкесіндей балташы болады, – десті біреулер.
–  Болса  болар,–  десті  екіншілер, – «тауда  туған  құлынның, 
екі  көзі  таста  болады»  дегендей,  көзін  аша  көргені  балташылық 
болған соң, бұл да өскенде балташы болмай қайтер дейсің. Бірақ, 
түріне  қарағанда,  əкесінен  ұзап  ешқайда  бара  қоймас,  əкесіндей 
бұның да ісмерлігі ағаш үй қиюдан аспас.
Домбырашы, өлеңшілігіне қарап, біреулер:
– Сері болады, – десе, енді біреулер:
– «Талтаңдасаң  талтаңда,  ақшаң  болса  қалтаңда»  дегендей, 
серілікке де дəулет керек шығар. Тақыр кедей несімен сері бола-
ды? – дейтін. 
Денесіне, күшіне қарап, біреулер:
– Осы асқан балуан болады, – десе, енді біреулер:
–  Олай  болғанда  не  бітіреді?  Үнемі  айт-той  кездесе  бере  ме 
оған, күреске шығатын? Кездескен жерде жығудан не пайда оған? 
«Айт – аттыға, той – тондыға» жараспай ма? Аты қайда оның айт 
пен тойға мініп баратын? Тоны қайда киіп баратын? Біреудің атын 
мініп, біреудің тонын киіп барудың несі сəн?
–  Осы  бала,  осы  жайларды  ойлай  ма  екен,  жоқ  па  екен? – 
десетін əркімдер.
– Əй, ойламайды ғой деймін, – десетін біреулер, – мал түлігі 
болып қалды, ойласа, мал табуға тырысар еді ғой. Ойында ол жоқ. 
Баққаны – «аһа-һау» да «еһе-һеу!»
– Оны ойлауға əлі жас қой, – десе:
–  Несі  жас? «Он  үште – отау  иесі»  емес  пе?  Он  үштен  асып 
бара жатқан жоқ па осы? Денесі он бес-он алтыдағы баладай емес 
пе? Осы кезде кірмеген сана оған қашан кіреді, – дейтін.
–  Бала  да  емес,  бұған  кінəлі,  əкесі  де  емес, – дейтін,  білем 
деген  біреулер, – айыпты – шешесі.  Əкесі  жалшылыққа  берейін 
десе,  шешесі  «бұла  ғып  өсірем»  деп  көнбейді. «Байдың  малы, 
жалшының жаны ардақты» деген осы...
–  Шешесі  ақылсыз  адам  емес, – дейтін  біреулер, – оның  да 
бір білгені бар шығар. «Бойы өсіп, бұғанасы қатсын» деп жүрген 
шығар баласының...
Солай  күңкілдесетін  жұрт,  Нұрмағамбет  əкесіне  еріп,  Қай-
рақтыға жұмысқа аттанғанда, «е, бəсе!» деп сүйсінді де, «қайтер 
екен?» деп күтті.
Үміт жүктейтін адамдардың ойын Нұрмағамбет ақтады: əкесіне 
тізе қоса балта шапқан ол, іскерлікте кем түспеді; ал күшке кел-
генде,  жасы  жетіп  қалған  əкесінің  қайраты  қайта  бастауынан  ба, 
əлде, бала Нұрмағамбет жас мөлшерінен əлдеқайда қуатты ма, –

145
шапқан ағашына балтаның жүзі нығырақ қадалды, ағаштың қол-
даса көтерген жағын еңсеріңкіреп кетті...
– Міне, енді, жігіт болды бұл, – деп сүйсінді көрген дос адам-
дар, – əке-шешесін асырай бастауының алды осы...
Балтаны  көп  жыл  шапқан  Баймырзаның,  үздіксіз  ауыр 
жұмыстан  тапқан  бір  зақымы – беліне  түскен  шойырылма  еді. 
Орта  жаста  пайда  болған  бұл  зақым,  жасаңқыраған  кезде  үдеп, 
ара-тұра  ұстағанда,  белін  баса  алмай,  қозғала  алмай,  сіресіп  жа-
татын  да  қалатын.  Кейде  ол  шойырылма  жұмаларға,  айларға  со-
зылып, қимылдауға халі келмей, төсекте шалқасынан жататын да 
қоятын... Бұл пəле оны көбінесе көктем, я күз айларында көбірек 
айналдыратын.
Биыл,  Нұрмағамбетін  ертіп  Қайрақтыға  жұмысқа  барған 
жылдың  күзінде,  осы  пəле  тағы  да  сап  ете  қап,  белін  қақырайта 
тас  қып  буды  да  тастады.  Қимылдауға  халі  келмеген  оны  дос-
тас  бір  адамы  тарантасына  көтеріп  сап  үйіне  алып  қайтқанда, 
Нұрмағамбет  жұмыста  қалып  қойды,  əкесінің  «бірге  қайтайық» 
деген тілін алмады...
Сол қалғаннан Нұрмағамбет ұзақ қалды. Қалмауына болмады, –
əкесі бұл жолы ұзақ ауырып, қыс бойы сартөсек боп жатып алды. 
Төлебайдың  тапқаны  əке-шешесін  асырауға  жетпейтін  болды, 
оған Нұрмағамбеттің табысы қосылса, онда да тоқ-жараулық қана 
күнелткенмен, «аштан өлмейтін, көштен қалмайтын» халге жетті.
«Басқа  түссе  баспақшыл».  Басына  əке-шешесін  асырау  күні 
туған  Нұрмағамбет  бұрын  əкесіне  жəрдемші  болса,  енді  əкесі 
ауырғаннан кейін өзіне ғана сенді де, балташылық жұмысын жеке 
атқарып кетті. Табысы көп болмағанмен, оның балтасына жұмыс 
табылмай қойған жоқ...
Басында бейнет сияқтанған балташылық, үйрене келе, құмарта 
атқаратын ісі боп кетті. Құмартпағанда қайда барады? Бұдан кет-
кенде  де  барар  жері  жалшылық.  Өз  ойында  ауыл  мен  селоның 
жалшылығын  салыстырса,  бастапқысынан  соңғысынікі  əлдеқай-
да жақсы сияқтанады. Ауыл жалшысының қандай болатынын ол 
өз ағасы Төлебайдан байқайды. Оны жұмысқа күні-түні айдайтын 
бай не асқа, не киімге жарытпайды, еңбекақысын кезінде бермейді, 
кейде жеп кетеді; орыс байының да жұмысы ауыр болғанмен, тым 
мезгілсіз салпақтатпайды, тамағын тоқ, киімін бүтін қып ұстайды, 
уəделі  ақысын  мезгілінде  құлақ  қақпай  беріп  тұрады,  жұмасына 
бір  күн  демалыс  береді,  моншасына  түсіреді,  таза  орынға  жат-
қызады...

146
Нұрмағамбет  тұрған  байларына  жағымды  болды.  Өйтпеуіне 
мүмкін  емес  еді:  мінезі  ойнақылығының,  тіл  алғыштығының 
үстіне,  ол  аса  қарулы  болды.  Не  жұмысқа  болса  да  бар  ынтасы-
мен кіріседі де, қолы тиген жұмысын опырып жібереді. Мысалы, 
жап-жас қалпымен ол көтерген жүкті, ересек жігіттердің жігіттен 
жігіті-ақ көтереді; егін-шөп шапқанда, жолды өзгеден бір жарым 
есе  кең,  бір  жарым  есе  шапшаң  тартады.  Жұмысты  соншалық 
қарқынмен  істеген  ол  жалқаулануды,  шаршауды  білмейді,  ерте 
тұрады, кеш жатады...
Осындай  жайын  көрген  оны,  Қайрақтының  байлары,  ақыны 
бірінен  бірі  артық  беріп,  таласып  жалдайтын  болды.  Селода  ол 
«жағымды жалшы» атанды. 
6. КҮТПЕГЕН КЕСІРЛІК
Нұрмағамбет  жалшылықта  сол  жүргеннен  төрт-бес  жыл  жү-
ріп  қалды. «Қолы  қимылдағанның – аузы  ойнайды»  дегендей, 
жұмысты  ынталана  жəне  бұрқырата  мол  істегендіктен,  оның  та-
бысы да көп болды.
Өз еркіне салса, оның ниеті – бар табысын кедей үйінің шар-
уасын көтеруге жұмсап, тəуір тұратын үйлердің қатарына қосу еді, 
сəті түссе – байыту еді.
Нұрмағамбет жалшылыққа тұрған соң, ол үйдің тұрмысы шы-
нында да алға басып, тамағы тойынудың үстіне, алғаш киім-кешек, 
төсек-орын,  ыдыс-аяқ  қосыла  бастады;  одан  кейін  тана-торпақ, 
тоқты-торым  сияқты  ұсақ  жəндіктерден  бастап,  малдың  да  басы 
құралуға айналды; шаруасы солай оңдала бастаған соң:
– Əке, – деді Нұрмағамбет үйіне бір барғанда, – енді кісі есігіне 
кіріптар  болуды  қой.  Апам  мен  екеуіңнің  аштан  өліп,  көштен 
қалмауыңа  Төлебай  екеуіміз,  əсіресе  мен  кепіл  бола йын.  Апа, 
сен де қой енді, біреудің киімін тігіп, жамау-жасқауына қолғабыс 
тигізуді.  Екі  балаңның  тапқан-таянғанын  құрастырып  үйде  оты-
рыңдар да, бір қада болса да өз үйлеріңе қағыңдар, бір ине болса да 
өз үйлеріңе шаншыңдар, сөйтіп, біртіндеп барып, ілікке ілініңдер 
де, тəуір тұратын үйлердің қатарына қосылыңдар...
Əкесі  мен  шешесі  Нұрмағамбеттің  бұл  тілін  алды  да,  қол-
дарынан келген қайраттарын үй тұрмысын түзеуге жұмсай баста-
ды; сырттан табыс кіру, үй-ішінен бүтінші табылу Баймырзаның 
бұрынғы  іші  де,  сырты  да  сиықсыз  үйіне  ажар  беріп,  жыл өткен 
сайын, жақсы үйлердің қатарына жақындай түсті.

147
Бұл  үй  бұдан  да  тез  əлуеттенер  ме  еді,  қайтер  еді,  егер, 
Қалампыр аздап бөгеттік жасамаса.
–  Сенің  ақылыңды  біз  де  алайық,  құлыншағым, – деді  ол 
Нұрмағамбет  тағы  да  бір  келіп,  үйінің  түзеле  бастауына  сүйсіне 
отыра, одан да түзелуіне тағы да бір ақыл айта бастағанда, – бірақ, 
сен менің ақылымды да ал.
– Айт, апа!..
– Аруағыңнан садаға кетейін, əткем марқұм айтушы еді: «бай 
болып ешкім жаппас жердің жүзін, сұлу боп ешкім жаппас күннің 
көзін» деп. Əулиенің сөзіндей ғой, осы сөз. Талай байды көрдім. 
Ешқайсысы да байлықпен жердің бетін жапқан жоқ. Қолдың кірі 
сияқты нəрсе көрінеді, «байлық» дегенің, бір жуғаннан қалмайтын 
көрінеді.  Аталарыңның  «бай – бір  жұттық,  батыр – бір  оқтық» 
дейтіні де сондықтан...
– Сонда, байымау керек пе, апа? – деді Нұрмағамбет күліп.
–  Тəңірі  беретін  байлық  болса  қашпассың,  балам,  бермейтін 
байлық болса қумассың; қуғаныңмен жеткізбейді...
– Мен жетсем ше?..
–  Асылық  сөз  айтпа,  шырағым!..  Аталарың  айтқан: «ұл  тап-
пас қатын болмас, тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас, құрарын 
айт!»  деп.  Кімнің  бай  болғысы  келмейді  дейсің,  күнішегім,  кім 
еңбектенбейді  дейсің,  баюға?..  Тапқаны  құрамайды  да!..  Тəңірі, 
тек, сол кезіне ұшыратпасын деп тіле!..
Еркелеп  қана  болмаса,  шешесімен  басқа  жайда  сөз  талас-
тырып  көрмеген  Нұрмағамбет,  баю  жайынан  да  бұдан  əрі  сөз 
таластырғысы келмей:
– «Ақыл айтам» деп ең ғой, апа, осы ма айтар ақылың, басқа 
ма? – деді.
–  Айтайын  деген  ақылым, – деді  Қалампір  кескінін  салмақ-
тандырып, – аталарыңның мақалы бар – «етігі жаман төрге шыға 
алмайды, жеңі жаман ас іше алмайды» деген. «Тоны жаманды ит 
қабады, ниеті жаманды тəңірі табады» деген аталарың. «Таныған 
жерге бой сыйлы, танымаған жерге тон сыйлы» деген...
–  Неге  мақалдатып  кеттің,  апа,  осынша? – деді  Нұрмағамбет 
күліп.
–  Мақалдатып  отырғаным, – деді  Қалампыр,  салмақты 
бейнесін өзгертпей, – тіл-аузым тасқа, табысың жақсы, баюды қоя 
тұрып,  ең  алдымен  үстіңді  бүтінде!..  Жай  ғана  бүтіндеп  қоймай, 
жақсы киін!.. Тағы да тіл-аузым тасқа, туысың ешкімнен кем емес, 
тұрмысыңды да ешкімнен кем ғып ұстама, «мына» деген байдың 
баласындай сықырлап жүр!..

148
– Олай жүру жарасса, апа! – деді Нұрмағамбет демін соза алып.
– Неге жараспайды?..
–  Жақсы  киім  жарасар  еді,  мінер  жақсы  атың  болса,  тұрар 
жақсы  үйің  болса!..  Ондайларың  болмай,  құр  ғана  сықырлап 
киінгенше, «несіне жетісіп киінеді?» деп біреулер күліп жүрмесе!..
Баласының бұл сөзіне тоқталып қалған Қалампыр, іштей «со-
лай екен-ау, əлі!» деп қалды да, сыртына ол өкінішін шығарғысы 
келмей:
– Үміт дүниясы емес пе, балам? «Көң шыққан жерге – шөп те 
шығады» деген аталарың. Жас емессің бе, əлі? Неден күдер үздің? 
Алдын берген тəңірі артын да берер. Бақ пен дəулет жауын емес, 
бір күнде үстіңе құя салатын. Ол көздің жасы сияқты тамшыдан 
құралады. «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізеді». Əуелі, дұшпан көзі 
ғып киім-кешегіңді түзе. Одан кейінгісін тағы да көре жатарсың!..
Шешесінің тілін алды ма, əлде, былай да жасынан əдемілікті 
жақсы  көруінен  бе – табысынан  үйіне  де  қараса  отыра,  Нұр-
мағамбет  жылдан-жыл  тəуір  киіне  бастады.  Жəне  ол,  ауылша 
емес,  орысша  киінді.  Ол  кезде  орысша  киім  ауылға  тараған  жоқ 
еді де, бірен-саран орысша киінем дейтін жігіттер болса, ауылдың 
діншіл ақсақалдары «шоқынасың» деп тыйым салатын еді. Орыс-
ша  киінген  Нұрмағамбет,  сол  киіммен  алғаш  үйіне  барғанда, 
ауылдың өзгесінен емес, өзінің шешесінен қорыққан еді. «Ұрсар» 
деп ойлаған еді ол. Шешесі өйтудің орнына, орысша əдемі киініп, 
орыс жігіттеріндей шашын өсіріп барған баласын, əуелі:
– Көтек-ай, бұл кім еді?! – деп, таңырқап, танымай қалды да, 
баласы екенін таныған соң, бас салып сүйіп:
– Бұл киімдерім жараса ма, апа? – деген баласына:
– Өте жарасады, күнім, игілігіңе кигізсін! – деп қайта құшақтап, 
қайта сүйді. 
Көрші-қолаңнан келіп отырған біреулер:
–  Жарасуы  жарасады-ау,  бірақ  орысша  киінгені  ұнамайды! – 
деп еді:
– Бəрібір емес пе? – деді Қалампыр жекіп. – Таза болса, тəуір 
болса  болады, – деді  ол  баласына, – кие  бер,  күнішегім!..  Тек, 
шашыңды алдырып жүрсең болды!..
Шешесінің  ол  тілегін  орындаған  Нұрмағамбет,  село  жаста-
рының арасында əдемі киімдерімен ғана көзге түскен жоқ, өнері-
мен де көзге түсті.
Жексенбі  күндері,  əсіресе,  қауырт  жұмыстар  азайған  кездің 
жексенбі  күндері,  немесе  мейрам  күндері  қала  жастары  сауық 

149
жасаса,  ойынның  гүлі  екі  жігіт  болады,  бірі – Андрей  Курганов, 
екіншісі – Нұрмағамбет.
Əуелі, қысқаша, Курганов туралы: Фельдшер Василий Курга-
новтың Антон жəне Андрей деген екі ұлы болғаны бізге мəлім. Ана 
жылғы Нұрмағамбет тұтатқан өртте Василий күйген үйінің жалы-
нына ауыр түрде шарпылды да, біраз уақыт больницада жатып, əрең 
дегенде тəуір болды. Бірақ денесіне өрттен түскен тыртықтардан 
ба,  өрт  ішінде  шошып  оянғандықтан  жүрегі  қатты  шайлығудан 
ба,  немесе,  бұрын  да  болып  жүретін  ымшық-шымшығының  өрт 
күйігінен кейін қозуынан ба, – күйіктен тұрғаннан кейін бірер жыл 
сүлеленіп  жүрді  де,  дүниеден  көзін  жұмды.  Артында,  жоғарыда 
аталған екі бала мен қартаң жəне сырқат əйелі қалды.
Андрей  Нұрмағамбетпен  жасты  еді.  Антон – төрт-бес  жас 
үлкен.  Бұл  екеуі  де  бастауыштан  артық  мектепті  бітіре  алмады: 
селолықтан арғы мектепке жасынан тентек боп өскен жəне оқуға 
ықылассыз  Антон  бармады;  Андрей  зиректеу  жəне  ықыласты 
бол ғанмен,  үйі  күйген  Василийдің  оны  ілгергі  оқуға  жіберуге 
орқаны  келмеді.  Сөйтіп,  ол  екеуінің  де  маңдайына  өмірлерін 
крестьяндықпен өткізу «бақыты» жазылды.
Бірақ қандай крестьяндық ол? Малы жоқ, соқасы, сайманы жоқ 
крестьянда жалшылыққа тұрудан басқа не амал бар?
Ағайынды  Кургановтар  да  сөйтті:  Антон  əкесі  ауруға  шал- 
дығып,  табыстан  қалған  соң-ақ  өз  селосының  байларына  жал-
шылыққа тұрды, Андрей ол қамытты əкесі өлгеннен кейін киді... 
Бірақ  Антон  селосының  жалшылығында  ұзақ  тұрмай,  əлдеқай- 
дағы қалаға кетті де, үйіне жыл тəулігінде аз уақытқа ғана келіп 
жүрді  жəне  жақсы  киініп  келді,  сонда  айтары – «мата  тоқитын 
фабрикаға жұмысқа кірдім».
Оның ойына салса, Андрейді де, Нұрмағамбетті де өзі қызмет 
атқаратын  фабрикаға  жұмысқа  əкету  еді,  екеуін  де  шешелері 
жібермеді.
Андрей мен Нұрмағамбет аса тату-тəтті боп, бірге туған адам-
дай  болып  өсті.  Бірін-бірі  есін  білер  шақтан  танитын  олар,  сол 
шақтан бірге ойнайтын дос та болып кеткен еді. Қазақ арасында 
өскендіктен, қазақ тілін судай білетін, əрі мінезі жақсы Андрейді 
Нұрмағамбет бөтенсудің орнына жанындай жақсы көреді.
Өрттен  кейін,  əсіресе,  селоға  келіп  жалшылыққа  тұрғаннан 
кейін,  Нұрмағамбет  Андреймен  тіпті  жақын  болып  алды.  Сон-
дағы  бір  себебі – бұрынғы  татулық  болса,  екінші  себебі – үйін 
өртегендіктен,  өзін  оның  алдында  аса  қылмысты  адам  көріп,  ол 

150
қылмысын жууға достығын күшейте түсуден басқа құралым жоқ 
деп ұғуда...
Осы  мақсатпен  тым  жақын  боп,  жұмыстан  қолы  босаған 
уақытын Андреймен бірге өткізетін Нұрмағамбет, əкесі өлгеннен 
кейін  жалшылыққа  тұруға  бел  байлаған  Андрейді  өз  қасына 
алды. Ақыл парасатына жүйрік Андрей дене күшіне əлсіздеу еді. 
Нұрмағамбет  оны,  сонысын  білгендіктен  де,  өзі  жүрген  байдың 
жұмысына шақырды.
– Бірге болайық, – деді ол Андрейге, – жұмыста бірге жүрейік. 
Ауырына мен ие болармын, жеңіліне сен ие боларсың.
Жұмысқа  бірігіп  кіріскенде,  мысалы,  соқа  айдаса – Андрей 
тұтқасын  ұстады,  шөп  үйсе – төбесіне  шықты,  бидай  соқса – 
веялканың құлағын айналдырды, қапшық көтерсе – түбін ұстатты...
Күш  жұмысына  сондай  солқылдақтау  Андрейдің  аса  жетік 
бір нəрсесі – сырнай. Қайрақтыда одан сырнайшы кісі жоқ. Сыр-
найсыз  ойын-той  болмайды,  Андрей  сырнай  тартпаған  ойын-
тойдың сəні болмайды, қай үйде ойын-той болса, алдымен Андрей 
шақырылады...
Нұрмағамбет  те  сырнайға  аса  құмар.  Бірақ,  оның  бақытсыз-
дығы, ана жылы, қамбадағы қасқырды өлтіріп, терісін сойып алам 
деп  жүргенде  үсіген  оң  жақ  қолының  басы  бүлініп,  фельдшер 
Василий  төрт  саусағының  жоғарғы  екі  буындарын  кесіп  тастап, 
əрең  жазылған.  Содан  мұқыл  боп  қалған  саусақтар  сырнайдың 
пернесін жылдамдата басуға жетпейді, ақырын басып азын-аулақ 
ойнауына  айызы  қанбайды,  оңтайы  оң  жағына  біткен  Нұрма-
ғамбет,  сырнайды  сол  жақ  қолымен  үйренейін  десе,  саусақтары 
ырқына көнбейді...
Сырнайды  еркін  билеп  кетуге  мұқыл  саусақтары  көнбеген 
Нұрмағамбет,  шала-шарпы  дарылдатуға  риза  болмады  да,  бар 
өнерін  сырнайға  қоса  ысқыру  мен  əндетуге  жұмсады.  Жоғарғы 
ернін  жымқыра,  төменгі  ернін  салбыратыңқырай,  сиректеу, 
жалпақтау, ұзындау тістерінің арасынан ысқырық шығарғанда, ды-
бысын ол жер-өмірге жеткізетін болды. Бірақ ол босқа ысқырмай, 
сырнайға ойналған əнге қосыла ысқырды.
Ысқырыққа  келгенде,  село  жастарынан  алдына  жан  салмай-
тын Нұрмағамбет, орыстың əнін жақсы үйренгенмен, сөзіне жетіле 
қойған  жоқ,  сондықтан  біліп  тұрған  орыс  əнінің  сөзін  шалағай 
айтуға  ұялып,  орыс  əндерін  айтуға  əуестене  қойған  жоқ.  Қазақ 
əндерін ол да жақсы біледі, Андрей де жақсы ойнайды, сондықтан 
сырнай тартса-ақ қосыла кетеді...
Өстіп, Андрей мен Нұрмағамбет Қайрақты жастарының ойын 
гүлі боп жүрген күндердің біреуінде, екеуіне де күтпеген кесір кез-

151
десе қалды. Бұл кесірге себепші Антон болды. Алыстағы қаладан 
туған  селосына  аз  күнге  қонаққа  келіп  жүретін  ол,  осы  селоның 
ең  байы – Егор  Пропадконың  бойжеткен  сұлу  қызы  Наташамен 
көңіл қосып қалды. Нұрмағамбет пен Андрей бұл кезде Егордың 
жалшылығында жүр еді.
Наташаның  əкесі  бұл  жайды  тез  сезді  де,  мінезі  қаһарлы  ол, 
қызына  тыйым  салып,  босағасынан  аттатып  шығармай  қойды. 
Егордың  есігі  біржола  жабылуына  көзі  жеткен  Антон,  кілтін 
қолына  Нұрмағамбет  арқылы  түсіріп,  түн  жамыла  жолығып  жүр 
еді, Егор аңдытқан күзетші оны да сезіп қойды.
Қызын  Көкшетау  қаласындағы  аса  бай  саудагердің  баласына 
бермек  боп,  қалыңмалының  көбін  ақшадай  қылғып  қойған  Егор, 
не  істеуге  білмей  састы.  Саспас  еді,  қызына  «мұның  не?»  деп 
ұрысқанда, «сүйетінім  сол,  бармай  қоймаймын»  деп  қарсыласа 
кетті. «Атастырған күйеуіңе еріксіз беріп жіберем!» деп қорқытып 
еді – «бəрібір, оған пенде болмаймын, – деді қызы, – күшім жетпе-
се өлем, күшім жетсе, бəрібір, сүйгенімді табам!»
Амалы  құрыған  Егор, «енді  не  істеу  керек?»  деген  сұрауға – 
«Антонды өлтіруден» басқа жауап таба алған жоқ.
Егор жанды-жақты: ержеткен балалары да, еншісі бөлек інілері 
де, олардың балалары да көп адам еді. Жасырын түрде солардың 
басын  қосып,  Антонға  деген  үкімін  ол  айтқан  еді,  ұяластары 
«дұрыс!» деп мақұлдай кетті.
– Бірақ, қандай жағдайда? – деген сұрауға:
–  Мынандай  жағдайда, – деп  жауап  берді  Егор, – осындағы 
жалшы  қазақтың  жəрдемімен,  түнде,  біз  ұйықтап  қалған  шақта 
қақпаны ашып кіретін көрінеді. Сол кезде қапысын тауып өлтіріп 
жіберу керек!..
– Қазақты қайтеміз?
– Қарсыласса, оны да!..
– Туыстары іздейді ғой!
– «Ауылына кеткен, қайтып келген жоқ» дейміз. Надан қазақтар 
бізге не істейді? Сот арқылы ізденгілері келсе, ебін тағы да таба-
мыз! Ақшаға сатылмайтын сот жоқ!..
Сөз  осыған  байланды.  Мезгіл  жаздың  ортасы  еді.  Айдың 
қараңғы  кезі.  Түнде  қақпа  дағдылы  қалпымен  жабылды  да, 
ауыр  құлыппен  бекілді.  Бүгін  де  Антонның  келетіні  өзіне  мəлім 
Нұрмағамбет, Наташа арқылы ол кілтті іңірде ұрлатып алды...
Нұрмағамбеттің əдеті – Антон келер түні, сенекке əдейі ерте жа-
татын еді де, жабдығына олар ұйықтаған кезде кірісетін еді. Бүгін 
де сөйтті. Іңірде сенекке жата қалған ол, жау жағының əзірлігін сез-
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет