1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



жүктеу 1.52 Mb.
Pdf просмотр
бет13/29
Дата15.03.2017
өлшемі1.52 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

152
ген жоқ. Аңдушысы арқылы хабар алған Егор, Антонды өлтіруге 
əзірлеген адамдарын ол жүретін жолдың қараңғы қуысына жасыр-
ды да, қолдарына балға, балта, тұтқасына қайыстан бау таққан кір 
сияқты  қаруларды  берді.  Олар  қолдарына  түкіріп  даяр  тұрғанда, 
сенек жақтан сыбдыр естілді. «Бұл, əрине, жалшы қазақ!»
Сенектен  шыққан  адам  еппен  басып  барып,  қақпаның  кілтін 
сыбдырсыз  ашты.  Түнге  көздері  үйренген  өлтірушілер,  қақпа 
сыртынан  ішіне  əлдекімнің  кіргенін  де  көрді, «бұл,  əрине,  Ан-
тон!»  Өлтірушілер  дірілдеген  денемен,  қаруларын  қолдарына 
оңтайлай бастады...
Қаннен-қаперсіз  қора  ішіне  кіре  берген  Нұрмағамбет  пен 
Антонға  аңдушылар  дүрсе  қоя  берді!..  Олардың  дəлдеп  сілтеген 
қарулары  Антонның  басына  қабаттаса  тиді  де,  ұшып  түсті.  Не 
болғанын  білмей  сасып  қалған  Нұрмағамбет,  құлаған  Антонды 
құшақтай алам дегенде, көп адам оған жабыла кетті...
Жанталаса  ұшып  түрегелген  Нұрмағамбет,  жабылған  адам-
дарды жан-жағына шашырата қалай лақтырып жібергенін білмей 
де  қалды.  Жаулар  тағы  да  ұмтыла  бергенде,  бұрынырақ  жет-
кен  біреуінің  шауып  жіберуге  сілтеген  балтасын  Нұрмағамбет 
қолынан шап беріп жұлып алды да, сол балтаның ұңғы жағымен 
кеудеден тапсырып кеп жіберді. Талып я өліп құлағанын білмеді – 
ол шалқасынан ұшып түсті...
Өзгелерін  əлгінде  дүрсе  қоя  берген  үңгіріне  қуып  тыққан 
Нұрмағамбет, жалт беріп жылдам адыммен Антонның қасына келді 
де, қимылсыз жатқан оны жерден құшақтай көтеріп ап, далаға ала 
қашты... Артына алақтай қашқан оның көзіне жаулардың қараңдап 
қуған елесі шалынды, бірақ қатты жүгірген Нұрмағамбетке жете 
алмады  ма,  немесе,  жетерін  біле  тұра  бата  алмады  ма – жаулар 
оған қолдарындағы қаруларын ғана лақтырды да, қуып кеп ұстай 
алмады,  лақтырған  қарулар  денесіне  дарымады...  Қуғыншылар 
қақпадан шықпай, қора ішінде қалып қойды...
Нұрмағамбет  сол  жүгірген  қалпымен,  Кургановтардың  үйіне 
келді. Андрей ол күні кешке «моншаға түсем де, үйде қонам» деп 
кеткен еді. Қатты қағылған есіктің дүрсілінен шошып оянған ол, 
есікті аша тіпті шошып кетті: əлдекім əлдекімді көтеріп кеп тұр!..
– Кім?! – деген үрейлі дауысы қатты шығып кетті оның.
Кімдер не халде келіп тұрғанын білген ол, есінен танып қала 
жаздады.
Ол есінен танбағанмен, шешесі танды. Андрейдің «мама, шам 
жақ!» деген үрейлі даусын естіп, бір жамандықтың барын, бірақ 

153
не  екенін  білмеген  шеше,  дірілдеген  дене,  қалтыраған  қолмен, 
қараңғы бөлмеде кəрəсін лампысын əрең жақса, ағаш кроватьтың 
үстінде  əлдекім  сұлап  жатыр...  Қасында  Нұрмағамбет  пен  Ан-
дрей түрегеп тұр!.. «Бұл кім?!» деп сұрастырса – Антон!.. Аузы-
мұрнынан, құлақтарынан қан сорғалап жатыр... «Құдай-ау, бұған 
не болды?!» деп, бақыра жылап бас салса... өліп қалған!..
Шеше талып кетті... Сол талғаннан есін жинамаған, бұрын да 
ауыр сырқат бейшара, таңға жақын жан тапсырды...
Бұл  кезде  жиналған  көрші-қолаң  үйге  лық  толып  отыр  еді. 
Болған оқиға жайын естіген Кургановтың жақындары: – «жиналып 
барамыз, қанды қанмен жуамыз» деп желігісіп еді, жамағайындар 
тоқтау айтып бөгеді.
– Нұрмағамбеттің айтуынша, – десті олар, – босқа арандамайық. 
Шортандағы  атаманға  кісі  шаптырайық.  Жауларың  да  аман  емес 
қой, тегі. Олардан да шығын болған адам бар сияқты ғой. Атаман 
келсін де, екі жақты да тексерсін. Заң адалын шешер.
Атаманға шапқын кеткенде, Андрей жақындарына өз ұсынысын 
айтты:
– Өлер ағам өлді, – деді ол, – Пропадкоға жуыма деп ем, тіл 
алмады.  Ақыры,  басына  жетті.  Енді  оның  өліміне  нақақ  біреуді 
күйдірмеу керек...
– Кімді?..
– Мына Нұрмағамбетті!.. Бұның жазығы – Антонға болысу. Ол 
үшін жаза тартуы əділетсіздік болар еді.
– Өзінің жорамалы расқа шығып, жау жағынан біреуі өлсе, жа-
заны амалсыз тартады да!..
– Ол тартпайды, мен тартам!..
– Неге?
– Қалай?!..
– Туыс менікі. Оның ісіне өзге емес, мен күюге тиіспін.
– Жаудан кісі өлсе, «өлтірген менмін» деп мойныма алам...
Ертеңіне станицалық атаман жəне тағы біраз чиновниктер келді 
де, қылмысты істерді тексерді. Нұрмағамбет балтамен соққан адам 
да өліп кеткен екен, ол Егордың інісі Фарфирий екен...
Екі жақтан да көп кісі тұтқынға алынды... Егор Көкшетаудағы 
саудагер  құдасының  жəрдемімен  тергеу  жəне  сот  орындарын  са-
тып алды да, үкімде жазаға Курганов ілікті, ол бес жыл каторгіге 
айдалатын  болды.  Бірақ  ол  жауаптарында  да,  сот  процесінде 
де  айыпты  мойнына  алып,  абақтыға  өзімен  бірге  жабылған 
Нұрмағамбетті ақтап, босаттырып жіберді... Бұлай босанғысы кел-
меген Нұрмағамбетті ол достық қолқасын салып əрең көндірді...

154
7. БАЛУАН ШОЛАҚ
Босанған Нұрмағамбет екі себеппен Қайрақтыға оралмай, ауы-
лына қайтты, бір себебі – қапымды тауып өлтірмей қоймайды деп 
Пропадко тұқымынан қорқу; екіншісі – жазықсыз жаза тартып үй-
орманымен  құрып  кеткен  Кургановтардың  «Пропадколар  бұзып 
əкетіпті» деген жұртын көргісі келмеу. 
Осы себептермен жайлауда отырған еліне қайтқан ол, салысы 
суға  кеткен  адамдай,  салбыраңқы  қабақпен  үйінде  тұрып  жатты. 
«Алда  не  істеу  керек?»  дегенді  ол  алғашқы  күндері  ойлаған  да 
жоқ, ойлауға шамасы келген де жоқ. Оның басын билеген жалғыз 
ой – Пропадко сияқты күштілердің Кургановтар сияқты əлсіз дер ге 
көрсететін қорлығы. 
Ол  сондай  ауыр  ойда  жүрген  күндердің  біреуінде,  оның  көзі 
де, жайлаудағы жұрттың көзі де бір атты мініп, бір атты жетектеп, 
ауыл-ауылдың арасында шоқыта шапқан біреуге түсе кетті. 
– Е, қайда барасың? – деген сұрауға: 
– Тоқсанбай байға ас
1
 берілетін еді, соған сауын
2
 айтып жүр-
мін, – деп жауап берді ол. 
– Қашан болады, ол ас? 
– Енді бір айдан кейін. 
– Қанша елді шақырды? 
– Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, 
Омбы – осы жеті ояздың елін түгел шақырды. 
– Ойпырмай, оған не деген ас шақ келеді?! 
– Тоқсанбайдың өз малынан мың қой, жүз ту бие, ілік-шатыс, 
құдандасынан жүз елу ту бие, мың жарым қой, барлығы – екі мың 
жарым қой мен екі жүз елу жылқы сойылады, солардың еті жетпей 
ме? Қымызына жиналған жұрт өзі əкеледі. 
Бір  ай  асқа  əзірленген  жұрт  сабаларын  екі  доңғалақты  қазақ 
арбаға артып, біреу салт, біреу арба жегіп... дегендей, Тоқсанбай 
ауылына  жан-жақтан  ағыла  бастады.  Ормансыз  жазық  кең  дала 
құмырсқаның илеуіндей қыбырлаған адамнан көрінбей кетті. 
Бұл  топтың  ішінде  Нұрмағамбет  те  жүрді.  Ойы  жүдеген 
шақта  бойы  да  жүдеген  оған,  асқа  аттанарда  шешесі  ұрысты. 
Нұрмағамбеттің  еркіне  салса,  бұл  асқа  бармас  та  еді.  Өзге  жұрт 
жиналып жатқанда үйінде бейқам отырған оған: 
– Сен неге отырсың? – деді Қалампыр. 
– Жəй... 

Өлген адамды еске түсіріп, елді жинап ас беріп, сауық жасау. 

Барлық елге қымызын жинатып асқа əкелдіру. 

155
– Асқа бармаушы ма ең? 
– Не алам, содан? 
– Жоқ, барасың! – деді шеше, бұйырған дауыспен. – Немене, 
жүн жіп кеткенің? Осындай жігіт бола ма екен, басына түскен бір 
іске мұқап қалған?.. Көрсетпе, ол қылығыңды көзіме! Бар, асқа!.. 
Жəне  бұл  жүдеген  түріңмен  емес,  жақсы  киініп,  ер-тоқымыңды 
жақсылап бар!.. 
Бұйрығына  көндірген  шешесі, «ауылға  келгенде  киесің»  деп 
даярлатып,  сандығына  салып  қойған  қазақы  жақсы  киімдерін, 
«Нұржан  ғана  мінеді»  деп,  өзгеге  ұстатпай,  кереге  басына  іліп 
қоятын  жақсы  ер-тоқымын  берді  де,  биыл  бесті  шыққан  жақсы 
атын мінгізіп, баласын ауылдан көріктендіріп жөнелтті. 
Ондай ас пен тойда елдің аузындағы сөз – балуан жігіт пенен 
жүйрік ат! 
Жеті ояздан жиналған жұртта бəйгеге қосылатын мыңға жақын 
ат  бар,  солардың  ішінде  ерекше  ауызға  алынған – Ақан  серінің 
Құлагері. «Белдемесінде қанаты бар дейді, аз шапқаннан кейін құс 
боп ұшып кетеді дейді» деседі жұрт ол туралы. Талай саңлақтың 
иелері Құлагерді барлайды да, өз атынан түңіледі. «Құлақ естіген 
жерде  бұрын  бəйге  бермеген  Құлагер,  бұл  жолы  да  шалдырмас» 
деседі жұрт. 
«Бəлен балуан кепті, түген балуан кепті!» – деген күңкілдердің 
ішінде  ауызға  ерекше  түскені – «Қарақыпшақ  Қобыланды 
батырдың ұрпағы-мыс» деген, «Түйе балуан» атанған біреу. Көріп 
қайтқандар ол туралы шошына сөйледі: 
– Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, саны кеу-
дедей, кеудесі киіз үйдей, құлағы тебінгідей, басы қазандай, аузы 
жырта  қарыс,  екі  ерні – екі  кесек  ет,  түксиген  қабағына  біткен 
қалың қас желкілдеп кішкене көзін жауып тұр, тұла бойы түксиген 
жүн, қылдары жылқының ту құйрығынан қатты, бойының тұрқы 
нар  түйедей,  екі  иығына  екі  кісі  мінгендей,  сөйлеген  сөзі – 
арыстанның  күрілдегені  сияқты.  Мойны  бұрылмайды, – қараған 
жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жүк 
көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны əрең қанады!.. 
– Онымен кім күресер екен? – деседі жұрт. 
– Əй, ешкім күреспес, өлгісі келген біреу болмаса!.. 
–  Қап! – дейді  біреулер  өкініп. – Бас  балуанның  бəйгісі  түйе 
мен ат бастаған, құндыз бен жібек шапан қосқан жүз ірі қара деп 
еді, сол бəйгіні енді күрессіз алады-ау, сабаз!.. 
– Қой, – деді біреулер, – түйе балуанды туғызған ел сол сияқты 
бір ұлды тағы да туғызбады деймісің. Ел ғой, біреу табылар. 

156
– Əй, кім білсін!.. 
Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ. 
Əдетте  «Арғын  аға  баласысың»  деп,  аста,  тойда  бас  балуан 
шығаруды  ел  Арғынға  ұсынатын.  Бірақ  бұл  жолы  Арғынға  жол 
тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» 
дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді. 
Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. 
Тойда, аста олар бірге отырады. 
Асқа  жиналған  жұрт  етін  жеп,  қымызын  ішкеннен  кейін, 
біреу  құрықтың  басына  екі  кез  қызыл  матаны  байлап, «ат  ша-
бар! ат шабар!»-лап, Көксеңгірдің Көктөбесінің биігіне шаба жө-
нелді.  Арбалылар  да,  салттылар  да,  жаяулар  да  соның  соңынан 
шұбап,  қыртысы  қалың,  жасыл  көделі  жердің  шаңдағын  аспанға 
шығарды. Қою шаңнан тұман басқан жер беті буалдырланып кетті. 
Көп  кешікпей,  құмырысқадай  құжынаған  жұрт,  үлкен  қара  жол-
ды  ортаға  ала,  екі  жарылып  отырды.  Жолдың  бір  жақ  бетінде  –
Қыпшақ, екінші жақ бетінде – Керей мен Уақ; Арғын асқа жиналған 
жұртқа қызмет етті. 
– Кем болса жиырма мың халық бар шығар, – десті көпшілікті 
көзімен шолғандар. 
Əдетте  күрестен  бұрын  бəйгінің  аты  кетеді.  Асқа  жиналған 
мыңға жақын жүйріктен іріктеліп кеп үш жүздей ғана ат бəйгіге 
қосылатын болды, себебі – əр елден озып келген жүйріктің иелері  
бағын  сынау  үшін  аттарын  «Көксеңгірдің  Көктөбесінен»  елу 
шақырым  жердегі  Сілеті  өзенінен  жіберуді  тілек  етті.  Сол  тілек 
орындалып,  Сілетіден  ертең  ертемен  жіберетін  боп,  қоналқаға 
аттарды  шабарман  айдады.  Жиын  жұрт  бүгінгі  мəжілісті  балуан 
күрестіру қызығымен өткізбек болды. 
Аттар  жөнелгеннен  кейін  бас  балуан  шығару  жолы  тиген 
Қыпшақ  «Түйе  балуанын»  шешіндірді.  Түйе  балуан  күресерде 
қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шал-
бар  киіп,  ышқырына  қайыс  белбеу  өткізіп,  белін  тас  қып  буады 
екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді 
екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн 
шекпенін  жамылып  отырып,  күресерде  оны  сыпырып  тастайды 
екен. 
Сол  əдетін  істеп,  түйе  балуан  қара  жолдың  жиегіне  кеп  оты-
рады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді – «Түйе балуанға» еріп 
келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды. 
– Кəне, қайсың шығасың! – деп Керей, Уақ дəмелі балуан да-
рының бəріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді. 

157
Керейдің  ішінде  сегіз  оязға  аға  сұлтан  болған  Сағынайдың 
«Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр. 
Түйе  балуанмен  күресер  адам  Керейден  шықпағанына 
Нұрмағамбет ызаланып: 
– Баяғыдан бері Керей, Уақ қатын алған жоқ па ең? Сенен ұл 
туған жоқ па еді? Ер тумай, жер туып па еді? «Елмін» деп неге ай-
татын ең, өзіңді? – деп ақырды. 
Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, 
үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене 
бастаған ат жақты, сары сұр əдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған 
жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке 
сəлем беріп, қолын ұсынды. Нұрмағамбет «Бұл кім?» дегендей жас 
жігітті көзімен шолып еді: ақ ботаның түбітінен тоқыған, қарала 
батсайымен  өңірін,  етегін  əдіптеп,  жағасына  төрт  елідей  құндыз 
ұстаған  қынама  бел  қамзолы  бар,  жасыл  жібекпен  тыстаған,  оң 
жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра, жекей тымағы бар, аяғында 
кебісін  күміс  шегемен  əлеміштеп,  желкесін  көк  сауырлатқан, 
өкшесі биік «Қосай-қолашы»
1
 бар. 
Нұрмағамбет  «Паңмен»  үйде  де,  түзде  де  өзі  ұлықсат  етпей 
ешкім  амандаспайтын  еді.  Мына  жігіттің  екпіндеп  кеп  қол  беруі 
оған ұнамады. 
– Кім баласысың? – деді, ол семіз бетін тыржита қарап. 
– Əкемнің аты Баймырза, – деді жігіт екілене сөйлеп, – өз атым 
Сіздің атыңыз сияқты – Нұрмағамбет. 
– «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, – деді 
Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, – атың 
жақсы екен. Қай елсің? 
– Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім, Үйсін. 
Абылай  ханның  заманында  атам  батырлықпен  ерігіп  кеп,  Керей-
ден  қатын  алып  тұрып  қалған  екен.  Содан  тараған  төрт-бес  үй 
бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата! –
деді  Нұрмағамбет  сөйлегісі  келген  Паң  Нұрмағамбетті  кимелеп, 
– рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен 
күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі – өз жұрты, 
біреуі – қайын  жұрты,  біреуі – нағашысы»деп  еді.  Задым  Үйсін 
болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласы-
мын. 
Паң Нұрмағамбет жігітке жауап берудің орнына айнала қарап 
еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді. 
1
Кебісі де, етігі де өкшелі қазақша етік.

158
– Бар, – деді Паң. 
Жігіт қуанып жүгіре жөнеліп, қоршаған көптің арасында ше-
шініп жатқанда: 
– Есер неме емес пе? –деді Паң. – Ұятқа қалдырмай ма? 
Əлдекім оған Нұрмағамбеттің серілікте көңілі бар жігіт екенін 
жəне Қайрақтыда басынан кешкен халін қысқаша баяндап берді. 
– Бəсе, айттым ғой, есер деп. Есер болмаса, өзі кедейдің баласы 
дейсіңдер, əлгіндей оңды киім кие ме? Енді жалшылыққа тұрғысы 
келмей жүрген біреу ғой. Жасы нешеде екен, өзінің? 
– Биыл жиырмаға шығатын болар. 
Паң  ойланып  қалды. «Ə, – деп  ойлады  ол  ішінен, – жасына 
қарағанда денесі сойқан екен. Мынау тегін болмас!» 
Кешікпей  көптің  көзі  ақ  балтыры  ашық  күнге  күмістей  жал-
тырап, аяғын ойнақтаған құлындай жылдам басқан сидам жігітке 
түсті. Жігіттің үстінде қой жүн шекпен, жеңін түрген. 
«Я, аруақ, қолдай гөр!» – деген дауыс Керей, Уақ жағында қақ-
қан қоңыраудың даусындай тұтасып күңгірлеп кетті. 
Ол  кездегі  ауыл  əдетінде  қара  жолды  балуан  аттамайды. 
Нұрма ғамбет  оны  тыңдаған  жоқ,  қасына  ергендердің  «тоқта!» 
дегенін елең қылмай өтіп кетті. «Қап! – десті Керей жағы, – кесірге 
ұшырамаса жарар еді, жолды аттады-ау!»
Түйе балуан да түрегеледі. Дағдылы көзге ортадан жоғарырақ 
көрінетін Нұрмағамбет бойының биіктігі Түйе балуанға қатарлас-
қанда байқалды, – өзге адам кеудесінен келмейтін Түйе балуанның 
бұл иығынан келеді екен. 
–  Ə,  сенбісің,  Керейдің  балуаны? – деді  ол  күрілдеп. – Атың 
кім? 
– Кейін сұрарсың, əуелі күресейік. 
– Жарайды, оқасы жоқ! – деді ол Нұрмағамбетті менсінбегендей, 
қымсынбай. – Ендеше, қалаған жеріңнен ұста, бала! 
Нұрмағамбеттің шолақ қолы Түйе балуанның беліне буынған 
қайысқа шап ете түсті. 
Белбеуді ол қолына қапсыра бір орап алды. Өзгемен күрескенде 
Нұрмағамбет  құшақтап  көтеретін  еді,  мынау  оған  болар  емес, 
беліне адамның құшағы жетпейтін, атан түйедей бірдеме!.. 
Жас  жігіттің  жұдырығының  тегеурінділігіне  қарап  «күші  бар 
екен» деп ойлады Түйе балуан, сонда да аса қауіп қылмай, шек-
пенінің екі өңірін кеуде тұсынан қапсыра ұстады да, бір қолын бос 
жіберіп: 
– Ал қимылда, бала! – деді. 
Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де 
ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң 
тізесі бүгіліп барып, əрең дегенде түрегелді. 

159
– Жықты! Жықты!.. – десті Керей жағы жүгіріп. 
Əдетте, тізесін бүксе – балуанның жығылғаны. Екі жақтан да 
жігіттер жүгірісіп жанжалдасып жатыр еді: 
– Тоқтаңдар! – деді Нұрмағамбет айқайлап. – Жоқтағандарың 
менің намысым болса, кейін қайт, Керейдің баласы! Тізесін бүгіп 
бəйгі алмай-ақ қояйын. Бағымнан көрем, қайта күресем. 
Екі жағы балуандарды жіберіп, кейін шегінді. 
Бұрын  мұндай  күшке  кездеспеген  Түйе  балуанның  ашу-
дан  бетіне  түгі  шықты.  Нұрмағамбетті  езіп  тастауды  ойлаған 
ол,  денесінің  əр  тұсынан  ұстап  еді – темірге  тигендей  батпады, 
бұлтыңдап  ойнаған  бұлшық  еттері  уысын  кейін  серпіп  жіберді. 
Денесін қапсыра көтеруге келтірмейтінін көрген соң, Түйе балуан 
белінен омырмақ боп, құшағын айқастырып алып, олай да, бұлай 
да  бұрады,  кейде  ұршықтай  үйіріп  алып  та  кетті,  бірақ,  қалай 
сілтесе де, тік түсетін бір тамаша! 
Ызаланған  Түйе  балуанның  самайынан  тері,  аузынан  көбігі 
ағып,  енді  жағадан  ап  үйіруге  ойлаған  кезде,  Нұрмағамбет  оның 
ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол 
қалыппен, бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріп-
үйіріп,  сылқ  еткізіп  шалқасынан  тастап  кеп  жіберді.  Құлаған 
балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор 
қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан 
жығылған орнынан тұра алмай қалды. 
– Қа-быр-ғам! – деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендер-
ге. – Сынды білем... 
Нұрмағамбетті  Керей  жағы  төбелеріне  көтеріп  əкетті. «Сені 
тапқан анаңнан айналайын... Күшіңнен айналайын... Көп жаса!»... 
деген дауыстар даланы басына көтерді. 
Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақса-
қалдан басқа жан жоқ. Жұрттың қоршағаны – балуан Нұрмағамбет. 
– Отырсын түге, шуламай! – деп Паң ақырды. – Не бар, дау-
ры ғатын? Қаңғырған жалғыз ауыл Үйсінді сонша ардақтап, сонша 
қошеметтейтін, Керейдің ол бел баласы ма еді? 
Паңға кім үндей алсын... Жұрттың дауысы бəсеңдеді. Осы кез-
де үстіне тамаша кілем жапқан, кере құлаш камшат құндыз бен ала 
жібек шапанды өркешіне ілген түйеге бастатып, күміс тұрманмен 
ерттеген сұлу жирен атқа бастатып, бас балуанның бəйгісі – жүз 
ірі малды Арғын Паңның алдына əкеп тосты. Бір тоғыз мал қосып, 
түйе мен атты Паңның өзі алды да, өзгесін ақсақалдарға үлестірді. 
–  Балуанның  өзіне  де  ырым  беріңдер.  Кедей  кісінің  баласы, 
еңбегі, – деген əркімдерге Паңнан бұрын жауапты Нұрмағамбеттің 
өзі берді. 

160
– Мен дүние жиғалы жүрген жігіт емеспін, – деді ол, – күшім 
мен халқым, сен аман болсаң, одан артық маған не керек?.. Бəйгіден 
бір сабақ та жіп алмаймын, ол көпшілік – сенің сыбағаң!.. 
Ентігін басқан Нұрмағамбетке жұрт алғысты жаудырып қоршап 
тұрған кезде, басына ақ жібек шəліні желбегей салған, құлағында 
алтын сырғасы бар, көйлек пен бешпенті татаршалау, орта бойлы, 
бетінде  аздап  қорасан  дағы  бар,  ойнақшыған  қара  көзді,  кішірек 
қыр мұрынды, жиырмалар шамасындағы қараторы əдемі келіншек 
көпшілікті  кимелеп  келді  де,  Нұрмағамбеттің  иығына  қызыл  ала 
батсайы  шапан  жауып,  қалтасынан  мол,  ақ  жібек  орамал  алып, 
қолына ұстатты. 
– «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген, – деді ол 
сыпайы, сызылған сəнді үнмен, – ерлігіңізге тартқан сыйым, көпке 
балап алыңыз!.. 
Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағамбетке 
күн  сəулесінен  өткір  қадалып,  оның  өмірде  жаннан  жасқанбаған 
көзін тайдырып жіберді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген 
қорғасындай еріп кеткен сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап 
қарай берді. 
Сыйына лайық жауабы тез беріле қоймаған соң, келіншек тағы 
бірдеме дегелі оңтайланып келе жатыр еді: 
– Балуан, сені Паң шақырады, тез жүр! – деді бір жігіт. 
– Біз бір жолаушы ек, – деді келіншек, – мекеніміз – Қараөткел. 
Жүріп бара жатыр ек, қош болыңыз!.. 
Келіншектің  ұсынған  қолының  жіңішке  ұзын  саусақтары  да 
Нұрмағамбетке оттай ыстық көрінді. 
– Қош! – деген сөзге ғана келді оның тілі. Келіншек Нұрмағам-
бетке қара көзінен нұр төге, төңкере бір қарады да, демін кеудесін 
кере алып, аяғын баяу басып жүріп кетті. 
– Атын білесіңдер ме, əлгі келіншектің? – деп сұрады Нұрма-
ғамбет, Паңға келе жатып, қасындағылардан. 
– Білмейміз. 
– Қап, сұрамағанымызды қарашы, – деді Нұрмағамбет өкін ген-
дей, – əне, аттанып та кетті. 
Паң Нұрмағамбет балуан Нұрмағамбетті қарсы алдына шақы-
рып алды да: 
– Жай қолыңды! – деді. 
Нұрмағамбет екі қолын көтеріп, алақанын жайды. 
– Жігітім, жарайсың. Күшіңе сүйсіндім, – деді Паң. – Не бата 
тілейсің? 
– Тілеп бата ала ма, Паң ата? 

161
–  Екеуіміз  аттас  екенбіз, – деді  Паң, – сен  Нұрмағамбетті 
қойып, «Балуан»  деген  атқа  ие  болсаң  қайтеді?  Оны  азсынсаң, 
қасына «Шолақ» деген сөзді қосайын!.. 
–  Паң,  берер  батаң  «Балуан»  деген  атақ  болса,  мынау  көп  ол 
батаны мана айтқан! 
–  Я,  рас...  айтқамыз... «сүйгенін  шұнағым»  дейді...  Халықтан 
сүйген атын ол алған... Оның аты «Балуан Шолақ»! – деген дауыс 
ду ете түсті. 
Көптің құлағында бірнеше күнге шейін осы бір үн ызыңда ған-
дай болды да тұрды. 
8. КАРОНМЕН КҮРЕС 
Балуан Шолақтың бағы ел үстінде құстай ұшты. Тоқсанбайдың 
асынан  кейін, «Көксеңгірдің  Көктөбесін»  жайлаған  ауылдар  оны 
бірінен соң бірі шақырып, қолдан-қолға тигізбеді. 
Балуандық,  əншілік,  ақындық,  серілік,  ойыншылдық  Балуан 
Шолақтың бір басынан табылады. Оның барған ауылы ұлы думан-
ға айналды. Жиналған жұрт оның тал бойынан мін тапқан жоқ. 
– «Сегіз қырлы» дейтін жігіт осындай-ақ болар, – десті жұрт. 
Мін таппаған жұртқа Балуан Шолақтың еркелеп айтқан өлеңі 
мынау еді: 
Атандым Нұрмағамбет – Балуан Шолақ, 
Бір қолым үсіп кетіп болды молақ. 
Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын – 
Жалғыз-ақ тал бойымда мінім сол-ақ! 
Жайлаудағы елдің жайнаған гүліндей көз құмарын тарқатып се-
руенде жүрген Балуан Шолақтың құлағына бір күні сыбыс естілді: 
«Көкшетау  қаласына  біртүрлі  балуандар  кепті  дейді,  бəрі  де 
аждаһадай кереметтер дейді, оларға адам пар келетін емес дейді!..» 
Күндеген  кейбіреулер  Балуан  Шолаққа: «Күшті  болсаң – 
Көкшетауға барып, солармен күрес!», – деп шаптады. 
Ерегіске  жаны  құмар  Балуан  Шолақ: «Ендеше,  кеттім  Көк-
шетауға, – деді достарына, – еретіндерің жүріңдер!»
Жігіттер  Балуан  Шолақты  жалғыз,  өлсе  жіберсін  бе?  Бір  топ 
адаммен ол Көкшетауға жүріп кетті. 
Көкшетау  қаласына  оның  өмірінде  бірінші  келуі  еді.  Бұқпа 
тауының етегіне салынған Көкшетау қаласының теріскей жағында, 
көлемі  кең  шалқар  көлі  бар.  Көл  таудың  бір  бүйірін  құрсаулап 
айналып  кетеді.  Нақ  сол  таудың  көлмен  астасатын  жеріндегі  бір 
қазақ үйіне Балуан Шолақ бастаған жігіттер кеп түсті. 
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет