1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



жүктеу 1.52 Mb.
Pdf просмотр
бет20/29
Дата15.03.2017
өлшемі1.52 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29

223
Балуанның  алдында  кешірілмес  күнə  жасауына  əлдеқашан 
мойындаған  Балқаштың  бұл  қылмысын  Балуанның  білген-
білмегеніне  көзі  жетпейтін  еді  де, «білсе  қайттім?!»  деп  іштей 
қысылатын  еді,  білген  сағатын  қорқынышпен  күтетін  еді,  сон-
дықтан Балуан даладан əрбір келген сайын, кескініне абайсыз көз 
тігіп, жан-жүйесінің не халде екенін білуге тырысатын еді. 
Мына  жолы,  Балуанның  ашудан  түтеп  келгенін  кескінінен 
аңғарған  Балқаштың  жүрегі  су  ете  түсті  де,  жанталасқан  ақылы 
айла тауып, орнынан көтеріле, емізіп отырған баланы алдына тоса 
қойды. 
Еркінен  тыс  көтеріп  алған  баланың  көйлекшең  семіз  денесі 
əкенің бойдағы ашу отын түгел сорып ап, қашқан ақылын бойына 
қондырып берген сияқтанды. Баласының ыстық денесін бауыры-
на баса отыра кеткен Балуан, бетіне бетін тақап, өксіп қоя берді... 
Балқаш  не  дерге  білмей  сазарып  тұрғанда,  біраз  жылап  мауқын 
басқандай  болған  Балуан  басын  көтерді  де,  жас  толған  көзін 
өлеусірете қарап: 
–  Бəрін  де  естідім, – деді  Балқашқа. – Бəтен  үшін  бəрін  де 
кештім... 
Балуан Балқашқа бұрын да не қатты сөз айтып, не қол тигізіп 
көрген  жоқ  еді,  күнəсін  Бəтен  үшін  кешкеннен  кейін  де  сөйтті. 
Бірақ оған енді əйелім деп жоламады. «Ұрғаннан шымшыған бата-
ды» дегендей, Балуанның бұнысы Балқашқа қатты батты. Ол еріне 
шынынан ақтарылып жалынды да, жалбарынды да, бірақ Балуан  
қатқан қалпынан қайыспады. 
Кепілде Балуан айға жақын тұрды. Бірақ ол бұрынғыдай жай-
раңдамады,  өз  бетімен  ел  қыдыруды  қойды.  Шақырған  ойын-
сауыққа бармады. Арнап шақырғандардың дəміне де таңдап бара-
тын болды. 
«Көңілін  көтерейік»  деп,  құрбы-замандасы,  дос-жарандары 
ағылып келіп жатты. Олар айтқан жұбату сөзге Балуан жұбанған 
жоқ. 
– Несіне жұбанам, – дейді ол сыр айтатын жігіттеріне, – «əділет» 
деген бұл заманда жоқ екен. Күштілерден зорлық-зомбылық көріп 
жүрген  мен  ғана  екем  десем,  ондайлар  көп  екен.  Көптігін  абақ-
тыға  түскенде  көрдім.  Орыс  та  бар  онда,  ноғай  да  бар,  естек  те 
бар,  біз  білмейтін  талай  елдің  ер-азаматтары  да  бар.  Солардың 
көбі күштілерге қарсы шығам деп қор болып отыр. Патша дегенің, 
ұлық  дегенің,  заң  дегенің  күштілердің  жағында  екен.  Олардың 
жайған  торына  түспейтін  адам  жоқ  екен.  Абақтыда  нелер  білегі 
күштілерді  де,  білімі  күштілерді  де  көрдім.  Көбі  патшаға  қарсы. 

224
Патшаға  қарсы  біздің  қазақтар  ғана  екен  деп  жүрсем,  орыстың 
өзі бізден де артық қарсы екен. Сол үшін де талайлары абақтыда 
отыр... 
– Сонда, сол патшаға келер кер бар дей ме, сол қарсылар? Бол-
маса, босқа сандалу ма, айтып жүргендері?!. 
– Бар дейді... 
– Мысалы, қандай? 
– Олардың еркіне салсаң – патшаны құлататын. 
– Қашан, қалай құлатпақ сонда? 
–  Оны  өздері  де  білмейді...  Айтатындары – патшаға  қарсы 
көтерілу керек дейді... 
– Кім көтеріледі, сонда? 
– Елді көтеру керек дейді... 
– Ел оған көтерілсе... Жəне көтерілгенмен, патша шыдата ма 
оны?..  Қаруға  қарсы  өзің  не  істей  алып  отырсың?..  Өзгелер  де 
өзіңдей емес пе?.. 
Абақтыда туып, жауабын ешкім таба алмаған бұл сұраудың жа-
уабын Балуан елде де таба алмайды, сондықтан абақтыдағылардай 
ол да күрсініп: 
– Иə, ол қиын сұрау! – деп ауыр күрсінеді де қояды... 
***
Бір күні Балуан Шолақ ағайын-туған, дос-жаранын жинатты: 
– Ал, ағайын! – деді ол. – Аз күн көп қонақ болдым. Кепілдікке 
əкеп  күтулеріңе  ризамын.  Маған  енді  ұлықсат  етіңдер,  мекеніме 
барайын!.. 
– Қайдағы? – деп ду ете түсті көпшілік. 
– Көкшетауға!.. Абақтыға!.. 
– Оның қалай, Балуан?! – деді жұрт шулап. – Əлде елге өкпең 
бар ма? 
–  Ешбір  өкпем  жоқ.  Абақтыдан  шыққанмен,  бұғалығынан 
босанған  жоқпын.  Одан  ұзаған  сайын,  тұзағы  тарыла  түскендей 
қылғынып  барам.  Тынысым  жеңілденер  ме  екен,  тартпайын 
бұғалықты, барайын абақтының өзіне, бұлқынбайын ұстаушының 
қолында!.. 
Балуан Шолақ елдің, ата-ананың сөзіне көнбей, ақыры бəрінен 
де рұқсат алып, Көкшетау абақтысына қайта жатты. 
Кешікпей  сот  құрылды.  Сот  алдында  Балуан  Шолақ  баяғы 
бала  кезінде  Қайрақты  қаласын  күйдіруден  бастап,  сексен  өгізді 
ұрлағанын, казачья сотнямен төбелескенін қоса, бар айыпты мой-
нына алды. 

225
Айыпкер танбаған соң, сот мəжілісі ұзақ созылған жоқ. Бұдан 
кейінгі сөзді Балуан Шолақтың өзіне берейік: 
Атадан ұл тумайды мендей сабаз! 
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз. 
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң, 
Түсірді мировойдан
1
 маған қағаз. 
Ақылым бір басыма емес арзан, 
Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан. 
Қағаздың мен түріне қарап тұрсам, 
Жеті жыл каторгаға мені жазған. 
Мировой айдайтынын жаңа білдім, 
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім. 
Айдайды деген хабар естіген соң, 
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім. 
Бозбала, мықты болсаң қасты жемір, 
Тісіңде қайрат болса, тасты кемір. 
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп, 
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір. 
Мен, Шолақ, осында да көрдім жайды, 
Туғалы көрдім бе мен осындайды? 
Темірді тіземе сап қозғап көрсем, 
Секілді қоғажайдай былқылдайды. 
Бойыма күш біткенге еттім шүкір, 
Қажысам абақтыға, бетке түкір. 
Темірін екі итеріп тартқанымда, 
Кірпіші жерге түсті күтір-күтір. 
Асты ғой бұл арада менің айлам,  
Құрғаным бала жастан бəрі сайран. 
Япырым-ай, бұл не қылған зор дажал деп, 
Сол жерде орыс, қазақ болды қайран. 
Жігітпін тəңірі басқа жаққан шырақ, 
Күшіме не тұрады менің шыдап! 
1
Мировой судья – патша үкіметінің соты. 

226
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың 
Шынжырын сол арада үздім бұрап. 
Түрмені бұзғанымды етті ғажап, 
Пендеге өзім өлмей болман мазақ. 
Қиратып «терезеден шық» дегенде, 
Шықпады қорғалақтап орыс, қазақ. 
Сұрасаң, Қотыр-Шортан – біздің болыс, 
Алты күн ақ түрмеде қылдым қоныс. 
Қарғып кеп терезеден қақпа барсам, 
Күзетші қалғып отыр екі орыс. 
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым, 
Оларға күш жетерін біліп тұрдым. 
Екеуін екі қойып талдырдым да, 
Ілгері одан əрі жүріп бердім. 
Тəуекел алсын ерді панасына, 
Ақылдың қараңдаршы данасына. 
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты, 
Мировой келіп кірдім қорасына... 
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға, 
Жануар, түстің бе əлде, жайған торға! 
Есігін конюшнаның бұзып кіріп, 
Шығардым бірі – рысак, бірі – жорға. 
Ашумен еріндерім күбірледі, 
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді. 
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр, 
Ішінде бір зор қабан күрілдейді. 
Ойласам, мына дүние жалған екен, 
Іздеген мақсатына барған екен. 
Ақбоз ат келгенімді менің біліп, 
Аузына шойын кілтті салған екен. 
Оңдалған бала жастан менің жолым, 
Білмедім дүниенің оңын-солын. 

227
Бойыма осы күшім қалай сыйған, 
Кілтті жұлып алды шолақ қолым. 
Ақбоз ат – алған атым топтан сайлап, 
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап. 
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем, 
Ішіне қойған екен панар байлап. 
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам! 
Сен үшін талай тасты қылдым талқан. 
Жетектеп шылбырынан шығарғанда, 
Аяғын басты атым алшаң-алшаң. 
Жылқыны неге керек босқа мақтап, 
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап. 
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым, 
Иегін салды иығыма екі жақтап. 
Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым, 
Домалар өрге қарай тепкен тасым. 
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай! 
Көзімнің тыя алмадым аққан жасын. 
Атадан ұл тумайды мендей сабаз, 
Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз. 
Мировой қорлығына шыдай алмай, 
Түбіне панарының жаздым қағаз: 
«Түрмеде алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды
1
 тілім олақ. 
Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен, 
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!» 
1
Заң тұрғысынан деген мағынада.

228
20. АДАМ БАРЫМТАСЫ 
Ақыл жастан шығады, асыл – тастан, 
Арнасына сарқады өзен тасқан. 
Менің атым – əйгілі Балуан Шолақ, 
Ерегіскен дұшпанның көңілін басқан. 
(Балуан Шолақ өлеңінен) 
Жорғаны, рысакты, Ақбозды алып жөнеле берген Балуан Шо-
лақта жалғыз ғана ой болды, ол – Қараөткелге, Ғалияға тарту. 
Осы  оймен,  таң  атқанша  Меңіреудің  қарағайына  жетейін  деп 
шоқыта жөнелген ол, кенет тоқтай қалды. Оны тоқтатқан «Ғалияға 
мен алды-артыма қарамай кете берсем, ел не болады? Əке-шешем 
не болады?» – деген ой еді. 
«Кете  барсам, – деп  ойлады  ол, – ұлық  мені  қашты  деп,  ор-
ныма  əкемді  я  Төлебайды,  я  басқа  достарымды  ұстаса,  оларды 
тұтқындатып өзім бос жүрем бе? Онда мен кім болам? 
Абақтыға өз еркіммен кеп қайта түспеймін бе? Қой!.. Өйтпейін!.. 
Елге де, туысқандарыма да ұлық тимейтін жағдай жасап кетейін!» 
Көкшетауға  қайта  оралған  ол,  бір  досының  үйіне  келді  де, 
қайдан жүрген шынын айтты. 
–  Қарсы  алам! – деді  досы. – Неше  күн  жатсаң  да  жан  адам 
білмейтін жер табам. Атыңды да, өзіңді де сақтай алам. 
Досының ойдағы жері – Қылшақты өзенінің бойында бұлғары 
заводындағы бір жұмыскер екен. Досы үш атымен Балуанды түнде 
соған  апарып  еді,  ол  судьяның  аттарын  босаттырып  жіберді  де, 
Бал уан мен Ақбозды жан адам таппайтын түкпірге жайғастырды. 
Досы  кетті.  Балуан  Шолақ  бұлғары  заводында  жатып,  қалаға 
тыңшы  салды. «Ояз  Балуан  Шолақты  іздетпек  боп  жатыр, 
туысқандарын, достарын ұстамақ боп жатыр», – деген хабар келді. 
Кешікпей ол хабар анықталып, ішіне Баймырзаны, Қалампырды, 
Төлебайды  қоса,  Балуанға  ең  жақын  деген  оншақты  адамды  ояз 
Көкшетауға алдырды да, абақтыға қаматты. 
Не істеу керек? 
Бұл сұраудың жауабын таптым деп ойлаған Балуан Шолақ, бір 
күні кешке Ақбозды баптап ерттеді де, ымырт жабыла қаланың ба-
тыс жағынан кеп, үлкен көшеден тауға асатын даңғыл жолды то-
рыды. 
Қараңғыға үйренген оның көзіне, лезде, үлкен көшемен айдап 
келе жатқан пар атты арба елестей кетті. 
– «Қанды басын бері тарт!» – деді Балуан Шолақ, пар аттыға 
көзін қадап. 

229
Пар  атты  Балуанды  сезгендей,  үлкен  көшенің  шетіне  шейін 
ағызып кеп, жалт беріп кейін бұрылды. Енді қайтып оралмайтын-
дай көрген Балуан Шолақ соңынан қуғысы кеп ұмтыла берді де, 
ақылы тоқтау сап атын тежеді. 
Ол  пар  атты  арбадан  көзін  алмады.  Балуан  қадалған  сайын 
пар атты қараңғы көшеге сүңги түсті. Біраздан кейін көзден ғайып 
болды. 
«Қап! – деп өкінді Балуан. – Тəуекел деп қумаған екем! Алды-
ма келген олжамнан айырылып қалам ба, қайтем?!» 
Əлі  де  үміт  үзбей,  қою  қараңғылыққа  көзін  қадап  тұрған 
Балуанға  пар  атты  тағы  елестей  кетті.  Бұл  жолы  екпінді  аттар 
көшкен бұлттың көлеңкесіндей зымырап келеді. 
«Қанды  басын  бері  тарт!» – деді  Балуан  тағы.  Оның  аңдып 
отырғаны – ояздың Омбы гимназиясында оқып жүрген қызы Та-
тьяна еді. Жаздың оқудан бос айларында үйіне демалысқа келген 
ол, фаэтонға əкесінің екі қара арғымағын жегіп, кешке қаладан тау 
саласына дейін желіп жүріп, ерсіл-қарсыл серуендеуді ұнататын. 
Бүгін де ол сөйткен. 
Қызды іліп əкетпек боп даярланған Балуан Шолақтың қасынан 
қыза желген пар арғымақ, Бұқпа тауының асуына қарай сыр етіп 
өте шықты. 
Балуан соңынан қуа шапты, бірақ тым бастырмалатпай, атын 
тежеп, тауға сүңги түссін деп ойлады. 
Фаэтонда екі кісі ғана барын Балуан көрген: біреуі – көшір –
фаэтонның алдында божы ұстаған, біреуі – қыз, қазір де сол қыз!.. 
Қазір де фаэтон артында жалғыз отыр. 
Пар  ат  екпінімен  таудың  кезеңіне  шыға  бергенде,  Балуан 
Ақбозға  тақымды  қысып  қап  еді,  құстай  ұшқан  ат  арбаға  жетіп 
келді.  Фаэтон  алдындағы  божақты  ол  бар  пəрменімен  салып  кеп 
жіберіп  еді,  арбадан  ұшып  кетті.  Сол  кезде  арбаға  қарғып  түсті 
де,  божыны  ұстай  ап,  аттарды  қарағай  ішіне  айдай  жөнелді. 
Не  болғанын  білмей,  қорқыныштан  үні  шықпай  қалған  қызды 
құшағына қысып алды. 
Балуан  Шолақ  арбаға  қарғып  түскенде,  қыз  қорыққаннан 
есеңгіреп  қалды. «Кісіні  көтеріп  əкететін  бүркіт  болады,  ол 
түнде  ұшады», – деп,  əкесінің  ойнап  қорқытатын  сөзіне  илана-
тын қыз, арбаға қарғып түскен Балуанды ең алғаш, аспаннан кеп 
қонған  бүркіт  екен  деп  ойлады.  Зəресі  кетіп,  дауысы  шықпай 
қалған қыз талып қалған жоқ, жарты есі бойында еді, сондықтан 
ол  «бүр кіт  бүреді-ау  енді!..  Аспанға  əкетеді-ау  енді!..» – деп  ой 
ойлап жатты. 

230
Денесіне тұяқ тие қоймағанын сезген қыз аздан кейін есін жи-
наса, қасында біреу отыр, көшір екен деп ойлаған оның: 
– Кім?! – деген сөзге ғана келді тілі əлден уақытта... 
– Балуан Шолақ!.. 
– Балуан Шолақ? О, тəңірі!.. – деді де, қыздың үні өшті. 
Ол талықсып кеткендей болды... 
Балуан  Шолақ  артына  қараса,  Ақбоз  арбадан  қалмай  жортып 
келеді  екен.  Ақбоздан  кейін  ешкім  көріне  қоймаған  соң,  Балуан 
жолдан бұрылып, бір сайға түсті де, сиректеу қарағайдың арасына 
кіріп, аттарды тоқтатты. Ақбоз да сол араға тоқтады. 
Торға түскен тағы құстай екі көзі жаутаңдап, зор қауіп күткен 
қызға,  Балуан  Шолақ  бар  білген  тілімен,  ойын  түсіндірген  бол-
ды.  Бойын  жинаңқыраған  қыз,  Балуанға  өз  пікірін  айтты.  Одан 
Балуанның ұққаны: 
–  Мен  сізді  білем.  Ер  жігіт  екеніңізді  де  білем.  Сіз  тура-
лы  мен  жоғары  пікірдемін.  Мені  алып  қашуыңыз  дұрыс,  бірақ 
жіберіңіз  мені!  Мен  əкеме  тілімді  алғызам.  Тұтқынға  алынған 
туысқандарыңыз  босайды.  Өзіңізге  де  əкемнен  ешкім  тимейтін 
қағаз  əперем.  Нанбасаңыз,  ертең  үйге  келіңіз!  Егер  уəдемде 
тұрмасам, мені кісіге санамаңыз! Содан кейін өлтірсеңіз де риза-
мын. Мен жаспын, өтірікті білмеймін, иланыңыз! 
Татьянаның  сөзін  түгел  ұқпағанмен,  ұзын-ырғасын  түсінген 
Балуан, біраз ойланып отырды да: 
– Болмайды! – деді. 
– Неге? – деді қыз таңданған дауыспен. 
– Сенің оныңа əкең көнбейді. Оны еріксіз көндіру керек. 
– Қалай? 
– Сені қарағай арасына алып кетем. 
Балуан Шолаққа одан əрі жалынудан мəн жоғына қыздың көзі 
жетті. 
Шынында  да,  Балуан  Шолақты  қазақ  халқының  рыцары 
деп  ұғатын  қыздың  көңілі  суып  қалды.  Ол  енді  Балуанды  қара 
жүрек  рақымсыз  адамға  санады.  Сонда  да  күдер  үзбей,  жалын-
ды сөздермен тас жүрегін ерітем бе деп ойлап, тағы бірдемелерді 
айтуға  ыңғайлана  беріп  еді,  қарағай  арасынан  əлдекім  қараң  ете 
түсті, Балуан да, Татьяна да шошып қалды. 
– «Мен!» – деді караңдаған қазақша дыбыс беріп. 
Бұл – Балуанның Көкшетаудағы досы еді. Егер Балуан қызды 
қолға  түсіре  алса,  досы  сыртынан  бақылап  жүріп,  осы  арада 
табыспақ та. Бірақ қызға кескінін танытпау үшін бетін орамалмен 
шандып келетін болған. 

231
Досы қуғыншының жоғын айтқан соң, Балуан пар атты ағытты 
да,  біреуін  қарағайға  оралмастай  етіп  байлап,  біреуін  досының 
ерімен  ерттеді.  Содан  кейін,  күн  бұрын  мұсылманша  жазып 
қалтасына  салған  хатты  досына  беріп,  почта  жəшігіне  тастауға 
өтінді. Ол – оязға арналған хат. 
Хатты  алып,  жайдақ  атқа  мінген  досы  кеткен  соң,  Балуан 
ерттеулі  арғымақты  көлденең  тартты.  Қыз  қарсылық  білдірейін 
деп  еді, «əй,  сенімен  əзілдесіп  тұрам  ба»  деп,  Балуан  жерден 
көтеріп aп, атқа қондырды да, өзі Ақбозға мініп, қызды мінгізген 
аттың шылбырын қолына алып тартып кетті. 
21. ҚАУІПТІ ХАТ 
Ояз  қызын  түн  ортасында  жоқтады.  Көшені  қаратқан  кісісі 
таба  алмай  келген  соң,  ол  қауіптеніп,  полицмейстерді  шақырып, 
қаланы түгел тінтті – жоқ!.. 
Зəресі  кеткен  ояз  түн  ортасы  ауа  шіркеудің  қоңырауын 
қақтырды.  Мұндай  мезгілсіз  кезде,  шіркеу  өрт  шыққанда  ғана 
қағылатын еді, сондықтан ұйқыда жатқан қала халқының қоңырау 
даусын естігенде зəресі кетті. Өрт деп ойлаған жұрт ұйқыдан шо-
шып  ояна  сала,  үй  ішіндегі  барлы-жоқты  затын  көшеге  тасыды. 
Аты-арбасы барлар ең қымбат деген мүлкі мен балаларын салып 
алып, көл жағасындағы тақырға шапты. Қаланың қорадағы барлық 
малы да, жаны да көшеге шығып, мал шулап, бала жылап, ит үріп, 
қала əңкі-тəңкі болды. 
–  Қаланың  бұлай  дүрлігуі – бұдан 10-15 жыл  бұрын  қаланы 
тып-типыл қып кеткен өртті ұмытпағандық еді. 
Қоңырау даусынан шошып оянған халық, өрт жоғын білген соң: 
«Не болды екен?» – деп, шіркеу маңына жиналды. Полицейский-
лерден  ояздың  қызы  жоғалуы  туралы  естіген-білгенін  жиналған 
жұрт бір-біріне сыбырласып та, самбырласып та айтып жатты. По-
лицейский жиналған көпке қысқаша жариялап: 
– Қаламызға бақытсыздық пайда болды. Его благородие уезд-
ный  начальник  Терентий  Диякович  Долгоносовтың  қасиетті 
періштедей жалғыз қызы – Татьяна ұрланды. Соны іздейміз қазір! –
деген  сөзді  ояздық  полицей  басқармасының  начальнигі  Сыскин, 
қыбырлай жиналған жұрттың əр жерінде айғайлай айтып жүрді... 
– Ойбай, сол ма, тəйірі... – деп, көпшіліктің шеті сөгіле бастап 
еді, городовойлар иіріп жібермеді. 
Сонда да жұрт сытылып қашып жатты. 
Бір кезде тағы ду етті жұрт: 

232
– Не болды? 
– Көшір мен ат табылыпты! 
– Қайдан? 
– Білмейміз. 
Полицмейстер тағы жариялады: «Шала есті көшір жолдан та-
былды. Арбалы аттың біреуі қарағай ішінде байлаулы екен. Бір ат 
пен Татьяна жоқ. Мұны əкеткен Балуан Шолақ. Одан басқа ешкім 
де емес. Ол осы маңайдан ұзаған жоқ. Іздейміз. Табамыз!» 
Городовойлар  бар,  басқалары  бар,  жан-жаққа  шапқын  кетті. 
Үйді-үйіне тарқаған жұрттың аузындағы сөздері: 
– Егер бұны істеуі анық болса – Балуан Шолақ шынымен-ақ ер 
жігіт екен!.. 
– «Қорқақты көп қуса, батыр болады» деген, оның ер болмауы-
на үкімет қойды ма? Маза бермеген соң қайтсін. 
– Көкірегі намысты болған соң сөйтеді де, əйтпесе, қудаламақ 
түгіл, не қылса да сені мен біз ояздың қызын алып қашар ма едік? 
–  Қажымас  қара  болат  екен,  сабаз,  тасқа  шапса  да  майырыл-
майтын! Қудалаған сайын ерегісе беруін көрдің бе? 
– Қызды қайтер екен, бұл? 
–  Өшіккен  адамның  қызына  не  істері  белгілі  емес  пе, –
мазақтайды да, өлтіріп кетеді. 
– Ондай жаман кектің кісісі емес Балуан Шолақ. Көрерсің, осы 
қызды əкесінің қолына аман тапсырады. 
Осы сияқты жорамалдарды айтып қала түн бойы гуілдеді. Ояз 
да, оның əйелі түн бойы көз шырымын алған жоқ. Əйелі байына: 
– «Қайратты,  намысты»  деп  мақтап  жүрдің  де,  қыр  соңынан 
қалмадың! Міне, енді көр!.. Мұнымен ғана қоймайды, ол! Бұдан 
да  зорын  шығарады.  Көрерсің,  бір  түнде  кеп,  үй-ішімізді  қырып 
кетеді! – деп ұрысты. 
– Өзімізге не істесе де мейлі. Тек Таняны аман қалдырса екен! –
деп жылады ояз. 
Шынында, Терентий Диякович қызын жанындай жақсы көріп, 
дүниедегі  бақытына  санайтын  еді.  Қызды  іздеп  шыққандар  қа-
ладан далаға, даладан қалаға кеп, түні бойы сапырылысты да жат-
ты. Даладан қайтқан жайылымшылардың сөзі біреу-ақ – «жоқ!» 
Түн бойы жылаған ояз таң атып, күн шыға қаһарына мінді. Да-
ладан  ешнəрсе  табылмаған  соң,  ол  қаланы  тінттіріп,  кім  Балуан 
Шолақпен көңілдес деп естісе, соны абақтыға əкеп қамата берді. 
Мұндай адамдар көбейіп кетіп, Көкшетаудың кішкене абақтысына 
сыймады. 
Абақтыдан артылғандарды ояз сарайға қаматты. 

233
Содан кейін басты-бастыларын кеңсесіне шақыртып алды да: 
–  Əзірге босатам сендерді. Бүгін кешке шейін, жерден қаз саң-
дар  да,  көктен  қармасаңдар  да,  қызымды  қолыма  əкеп  беріңдер! 
Бал уан Шолақты да ұстап əкеліңдер!.. Егер оны істей алмасаңдар, 
талайыңды дарға астырам, талайыңды каторгада шірітем. 
Осы  бұйрықпен  жұрт  қала-далаға  қайта  шапқанда,  сəске  кө-
теріле Долгоносовтың қолына бір хат кеп тиді. Хат араб əрпімен 
жазылған екен. 
Бұның  не  хат  екенін  Долгоносов  алғаш  білген  жоқ,  себебі – 
осы сияқты араб əрпімен жазылған қағаздар бұрын да көп түсетін 
еді. Кейбір конвертте келген хаттарда Долгоносовты тілдеп жазған 
сөздер де аз болмайтын; ал кейбір иесіз хаттарда: «Сені өлтіреміз, 
үйіңді  күйдіреміз!» – деген  қорқытулар  айтылатын.  Осылай  да-
мылсыз  келетін  конверттерден  ерғашты  болған  Долгоносов, 
Сүтемгенге  аштырып  оқытатын  да,  арыз  болсын,  я  басқаша  хат 
болсын,  айырып-айырып  лақтырып  жіберетін,  я  «отқа  жақ»  деп 
Сүтемгенге беретін. 
Қызын жоғалтып ашуда отырған Долгоносов, мына келген хат-
ты да конвертін ашып, араб əрпімен жазылған хат болған соң жыр-
тып тастауға ыңғайланды да: 
– Мə, отқа таста!.. – деп, босаға жақта отырған Сүтемгенге қа-
рай лақтырып жіберді... 
Қасына кеп түскен конвертті Сүтемген алып, даладағы сыпы-
рындыға тастамақ боп жөнеле берді де, «кім екен мұны жазған!» 
дегендей, хатты конверттен суырып аяғына қарады. 
Көзіне  жылан  көрінгендей  шошып  кеткен  Сүтемген  тоқтай 
қалды. Тұла бойы дірілдеп кетті оның... 
Сүтемгеннің  бұл  халін  өзгеден  бұрын  Долгоносовтың  əйелі 
көрді. 
– Не болды?! – деп сұрады əйел. 
Сүтемген əйелді «барина» деп атайтын еді. 
– Ой, барина! – деді ол дірілдеген дауыспен. – Жаман адамнан 
келген хат. 
– Кімнен? – десті бірнеше адам. 
– Балуан Шолақтан!.. 
Балуан Шолақтың өзі кеп қалғандай сескеніп, үйдің ішіндегілер 
аяқ өре түрегеп, ду ете қалды: 
– Балуан Шолақтан?!. 
Зəресі  кеткен  ұлықтардың  ішінен  біреуі  Сүтемгенге  оқы  деп 
бұйырды. Долгоносов та «оқы» демекші еді, хат не туралы бола-
тынын сезгендей, үні шықпай қалды. 

234
Сүтемген хатты ішінен оқыды, ол былай жазылған екен: 
«Сен,  иттің  баласы  ояз,  неше  жыл  менің  қыр  соңымнан  қал-
мадың. Өзің тура тимегенмен судьяңды, басқа төрелеріңді соңыма 
түсірдің. Жерімді алдырған да сен. Ауылымды күйдірген де сен! 
Малымды  барымталаған  да  сен!  Абақтыға  жапқызған  да  сен. 
Каторгаға айдатпақ болған да сен. Осынша соңыма түсетін сенің 
əкеңді өлтірдім бе, əкеңнің аузын... 
Міне, мен қызыңды əкеттім. Айыбың – жазықсыз жақын адам-
дарымды абақтыға алдыруың. Есіңде болсын, ояз, егер жа зықсыз 
жандарды босатпадың, бар ғой, қызыңды шошқаның торайындай 
шыңғыртып  азаптаймын,  Əрбір  досыма  я  жақыныма  көрсеткен 
азабың  үшін,  қызыңның  бір  мүшесін  кесем  де  отырам.  Егер 
ешкімге тимесең, мен сенің қызыңа да тимеймін. Мен саған жа-
лынбаймын, иттің баласы. Қай қалағаныңды өзің ал, не, жапқызған 
жақындарымды  түгел  босат  та,  оларға  да,  маған  да  тимеймін 
деп  қолыңнан  мөр  басқан  қағаз  бер,  онда,  қызың  босайды.  Оны 
істемедің  бар  ғой,  жалғыз  қыздың  шығынымен  құтылмайсың. 
Жанға – жан шалам да отырам. 
Ағаштарды,  шөптерді  кісі  ғып  іздетсең  де,  сен  мені  таба 
алмайсың. Ерегіссең, жақын арада өзіңді де ұрлаймын. Мен енді 
саған жалынбаймын. Сен маған жалынасың. Сөзім осы. 
Мені  жазықсыз  зарлатып  ең.  Қасқырдай  ұлытып,  иттей 
қаңсылаттым ба, бəлем! Əлі көресің көп! 
Балуан Шолақ». 
Бұл хатты аударуға Сүтемгеннің тілі де, батылы да жетпейді. 
Екі көзі шарасынан шығып, ол қалшиып қатты да қалды. 
– Айт! – деп бұйырды ояз оған. 
Сүтемген «го-гос-п-п-о-один!» дей берді де, аржағын айтпай, 
жылап жіберді... 
Бұл  үйге  қаланың  беделді  казак-орыстары  да  жиналған  еді. 
Солардың  ішінде,  қазақтар  «Түлкімұрт»  деп  атайтын,  Коробкин 
дейтін шал отыр еді. Ол қазақ тілін жақсы біледі. 
– Неге ыбылжып тұрсың? – деді Түлкімұрт Сүтемгенге. – Оқы, 
мен айтайын! 
Көтере  алмай  тұрған  ауыр  жүк  өзінен  ауғандай  болған  соң, 
Сүтемген  барықсызданып: «Сен,  иттің  баласы  ояз», – дегенді 
қапыда оқып қалды. 
– Оһо, – деді Түлкімұрт көзін едірейтіп, – қалай бастаған? 
– Не депті? 
– Жай, бейбастақтардың сөзі, – деді Түлкімұрт оязға, – аржағын 
оқы, Сүтемген! 
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет