1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



жүктеу 1.52 Mb.
Pdf просмотр
бет3/29
Дата15.03.2017
өлшемі1.52 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

20
малдарына  айырбастайтын.  Жəрмеңкеге  жиналған  жұртшылық, 
əрине,  малын  өткізіп,  сауда-саттық  жасап  қайтумен  шектелмеген, 
басқа  бұйымтайларын  да  шешкен.  Осында  ел  ағалары  ауылдар 
арасындағы  түрлі  дау-дамайды,  жер-суға  таласу,  мал  барымталау 
мен  ұрлық-қарлық  жасауға  қатысты  мəселелерді  қараған.  Соны-
мен  қатар  жəрмеңке  кезінде  əр  тараптан  келген  ақындардың  ай-
тысы өтіп жататын, əншілер, термешілер, бишілер, күйшілер өнер 
көрсететін. Балуандар күреске түсетін. Сол өңірде тұратын бүгінгі 
ардагерлердің  баспасөзде  жариялаған  естеліктеріне  қарағанда, 
Тайыншакөл  жəрмеңкесі  бірте-бірте  өлкедегі  асқан  дарын  иелері 
бас қосатын жерге, ұлттық өнерді айшықтап көрсетудің құдды бір 
қастерлі  ордасына  айналған.  Осында  Орынбай,  Шөже,  Ақан  сері, 
Біржан  сал,  Арыстанбай,  Тезекбай  жəне  Балуан  Шолақ  секілді 
атақты  ақын-жыршылар  дүйім  жұртшылыққа  рухани  лəззат  сый-
лаған.  Жəрмеңке  қызықтары  қыркүйек  айында  өтетіндіктен,  оны 
сол  кезде  көп  қолданылған  орысша  айдың  атымен  атаған.  Балуан 
Шолақ та өзінің əйгілі əнінде «Сентябрь базары» деп кеткен. Өршіл 
əуенді əнінің өлеңіндегі: «Кешегі сентябрьдің базарында Көтердім 
елу  бір  пұт  кірдің  тасын», – дейтін  жолдар  қыркүйек  айында  жұ-
мыс  істейтін  үлкен  жəрмеңкелердің  бірін  мегзеп  тұрғаны  анық. 
Балуан  өмір  сүрген  аумақтағы  Көкшетау  қаласында  орналасқан 
Боқырау  (Покров)  базарында  да  жəрмеңке  өтіп  тұрған,  əйтсе  де, 
сол  кездердегі  сауда-саттық  орындарының  хал-ахуалы  жайындағы 
империялық есеп-жазбалар мен кестелерден көзге түспегендіктен, 
оның сауда айналымының көлемі шағын болған шығар деп шама-
лаймыз. Тиісінше, көпестер мен саудагерлер шартараптан қилы та-
уарды молынан тасымалдайтын, қазақ та жылқысын үйір-үйірімен 
айдап  əкелетін  орын – негізінен  казак-орыс  мекендеген  Көкшетау 
қаласынан  гөрі,  ен  табиғат  төсінде  орналасқан,  сентябрь  айында 
ғана  жұмыс  істейтін  əйгілі  Тайыншакөл  жəрмеңкесі  болуы  əбден 
ықтимал.  Балуан  Шолақтың  осында  өте  ауыр  салмақ  көтеріп, 
сондай-ақ атақты орыс палуанының жауырынын жерге тигізіп, елді 
тамсантқаны күдік тудырмаса керек... 
Патшазада  қазақ  жерінде  болып,  тыныс-тіршілігімен  біршама 
танысқан  жылы  қабылданған  империяның  «Дала  ережесі»  ата-
латын  заңнамалық  акті  Дала  өлкесін,  Орал  жəне  Торғай  облыс-
тарын  басқару  жөніндегі  бұрынғы  Уақытша  ережелер  негізінде 
қалыптасқан  əкімшілік  басқару  жүйесін  бекітіп,  күшейте  түсті. 
Қазақ  ауылдарындағы  сайланбалы  органдарды,  төменгі  буын 
ретінде, патша өкіметінің əр үйезге тағайындайтын бастықтарына 
барынша тəуелді етті. Қазақ жері қазақтарға пайдалануға берілген 

21
мемлекеттік  меншік  болып  табылады  дегенді  заңдастырды  жəне 
бұратаналардың  санасына  солай  сіңірді.  Сондықтан  да  барлық 
«артық» деп табылған «мемлекет меншігіндегі» жер-су, туындаған 
мұқтаждыққа  орай, «үкімет  қажет  еткендіктен»,  Мемлекеттік  дү-
ние-мүлік  министрлігінің  қарамағына  көшірілетін  болды.  Егін 
шаруашылығына  жарамды  жерлер  «бос»  деп  табылып,  оны  пай-
даланып  жүрген  көшпенді  халықтан  тартып  алу  жүзеге  асыры-
ла  бастады.  Аталмыш  ереже  Балуан  Шолақ  та  кезінде  Омбыда 
ұлықтауға қатысқан кəдімгі мұрагер Николай патша болып импе-
рия  тізгінін  қолға  алғаннан  кейін  қыр  ғұмырының  негізгі  заңына 
айналдырылған.  Иə,  ол  таққа  отырысымен  қазақ  елінің  жер-суын 
отарлау шаралары іс жүзінде күшейе түсті. Күні кеше дала өмірінің 
қызықтарына сүйсініп оралған цесаревич империя тізгінін қолына 
алысымен Дала низамының өмірге дендеп енуін тереңдетіп жүзеге 
асыруға кірісті. «Бос жатқан қазыналық жерлерге» орталық аудан-
дарда жер таршылығын көріп жүрген шаруаларды көшіріп апару –
ішкі  Россиядағы  аграрлық  толқуларды  бəсеңсітудің,  тіпті  мүлдем 
тоқтатудың бірден-бір жолы еді. Ал қазақтардың бабаларынан мұра 
болып келе жатқан атамекен-қоныстарын «бос жатқан қазыналық 
жерлер» ретінде қарастыру – олардың құқтарын қасақана шектеу, 
аяққа  таптау  болары  билік  басындағыларды  толғандырмайтын. 
Патша  үкіметінің  артық  жаралған  астам  шонжарлары  жергілікті 
халықтың  мүддесі  деген  ұғымды  ешқашан  ескерген  емес.  Со-
дан  да,  Балуан  Шолақ  дүниеге  келерден  бірнеше  ондаған  жыл 
бұрын-ақ, оның ауылының іргесіндегі көркем қойнауға казак-орыс 
колонистері  өз  мекендерін  салған.  Ақын  бұл  жайында  өлеңінде: 
«Борық  тартсаң  шығатын  уыз  сүті,  Қотыр-Шортан  мен  туған – 
жердің құты, Түскен екем шыр етіп жер бетіне, Суға барып түскенде 
орыс бұты», – деген еді. 
Əсем  Көкше  бауырынан  Қотыркөл,  Шортан  станицаларының 
бой  көтеруі  үлкен  отарлаудың  басы  болған-ды. «Дала  ережесі» 
күшіне  ене  келе,  үкімет  переселен  учаскелерін  құрды  да,  жаңғыз 
бұл өңірге емес, күллі жалпақ қазақ жерінен бөліп алған шұрайлы 
аймақтарға  казак-орыстар  мен  қарашекпен  шаруаларды  топырла-
тып  əкеп  төге  бастады.  Сонда,  қысастықпен  үдетілген  көші-қон 
салдарынан, кей-кейде жергілікті жұрт пен кірмелер арасында қилы 
шиеленіс, кикілжің бой көрсетіп қалып жүрді. Жасынан шыншыл, 
əділетсіздікке төзбейтін Балуан Шолақ сондай кездерде жапа шек-
кендер намысын қорғаймын деп небір көзсіз батырлықтарға бара-
тын. Мұндайда ақын: «Анталаған сан дұшпан қамаса да, Сырдың 
суы келмейді жұлығымнан», – деп жырлайтын. Алайда «анталаған 

22
сан дұшпан» қарап қалсын ба, əр басқан қадамын аңдумен орайын 
келтіріп, оны түрлі жалаға іліктіреді. Сондай бір істі болған шағынан: 
«Мен  өзім  аққан  судай  тасып  жүрмін,  Кеудесін  дұшпандардың 
басып  жүрмін.  Жаласы  сексен  өгіз  маған  ауып,  Ұлықтан  сол 
себепті қашып жүрмін», – деген жолдар сыр шертеді. Ақын ақыры 
түрмеге  де  түседі.  Қиналады: «Абақты  азап  орны,  жайнаған  шоқ, 
Басқаным  от  сияқты,  ішімде  дерт».  Небір  əділетсіздікті  бастан 
кешіп, жазықсыз жаза тартуға кесіледі: «Жеті жыл каторгаға мені 
жазған».  Бірақ  мойымайды. «Бойыма  күш  біткенге  еттім  шүкір, 
Қажысам  абақтыға,  бетке  түкір.  Темірін  екі  итеріп  тартқанымда, 
Кірпіші  жерге  түсті  күтір-күтір».  Абақтыдан  қашып  шығады.  Со-
дан: «Мен,  Шолақ,  ажал  жетіп  өлгенім  жоқ,  Теңдікті  дұшпаныма 
бергенім  жоқ», – деп  жырлағанындай,  тұт қыннан  құтылғаннан 
кейін де озбырларға қарсы күресін тыймайды. Жасаған əрекеттерін 
шығармашылығының арқауы етіп, əншілік, серілік, ақындық өнерін 
жалғастыра  береді.  Əділетке  адалдығын,  жақсы  атқа,  сұлу  қызға 
ақындық-серілік  жанымен  ғашықтығын  өлең-жырларына  арқау 
етіп, шығармашылық ғұмырымен астастыра түседі. 
Балуан  Шолақтың  аса  атақты  əндерінің  бірі  «Ғалия»  екені 
белгілі.  Ол  авторының  есімін  шартарапқа  жайды.  Ыстық,  мөл дір 
махаббатты асқақтата жырлаған осынау сүйіспеншілік жыры өзінің 
асқақ та сазды əуенімен жəне нəзік сезімді ерекше құштар лықпен 
бейнелеуі арқасында көп көңілінен шықты. Бұл əн Балуан Шолақтың 
музыкалық шығармашылығының шырқау биігі санатында аталады. 
Ел арасында ол бірнеше түрде айтылып келген. Осынау көпке əйгілі 
тамаша  əннің  толықсыған  кейіпкері  жа йында  Сəбит  Мұқанов  пен 
Ахмет  Жұбановтан  бері  талай  зерт теушілер  қалам  тербеп  келеді. 
Ғалия Тілеуқызының базарда қымызхана ұстағаны, көрікті болғаны, 
22-23  жасар  шағында  оған  қырықтың  қырқасына  шыққан  Балуан 
Шолақтың ғашық болғаны, содан ғаламат əн туғаны, жалпақ дүниеге 
ғажайып  жыр  болып  шашылған  осынау  махаббаттың 1908–1909 
жылдары туғаны дау-дамайсыз шындық ретінде айтылады. Кейінгі 
жылдары  Астана  қаласындағы  ескі  мұсылман  қорымына  жерлен-
ген  Ғалияның  бейіті  табылған.  Араб,  парсы,  шағатай  тілдеріндегі 
ескі  шығыс  жазуларын  оқуды  меңгерген  жас  мамандар  Ұларбек 
Дəлейұлы мен Ахат Əшуұлының анықтауынша, Ғалияның басына 
күйеуі Ғалым Құрақбаев орнатқан құлпытаста көне емлемен: «1922 
жылы 23 апрельде...  Ғалия  Ғалымжамағаты  Тілеуқызы 48 жасын-
да  фəниден  бақиға»  өткені  қашалып  жазылыпты  (http://www.info-
tses.kz/mobile/details.php?news_id=140389). Осы дерекке қарағанда, 
Ғалия 1874 жылы туған, яғни Балуан Шолақтан он жас кіші. Егер 

23
екеуінің  кездескен  уақытында  Ғалияның  жасы 22-23-терде  болса, 
онда ол 1896–1897 жылдарға дөп келеді. Демек, «Ғалия» əні де сол 
шамада  туған.  Əннің  қазақ  елін  шарлап  кеткен  жеңісті  шеруі  сол 
шақта, екі ғасырдың тоғысында орын алған... 
Сəбит Мұқановтың атақты «Балуан Шолақ» хикаятында əсерлі 
суреттейтініндей  жəне  одан  бергі  уақыттарда  əйгілі  өнерпаз  жа-
йында  өзге  де  қалам  тербеушілердің  бір  ауыздан  мойындаға нын-
дай,  туған  өлкесінде  қуғын  көрген  Балуан  Шолақ  біраз  уақыт 
алысырақта  бой  тасалауға  мəжбүр  болған.  Со  бір  кезеңінде  арғы 
аталары  мекендеген  Жетісу  өлкесіне  сапар  шегіп  кетеді.  Өзінен 
бұрын атақ-даңқы жеткен Жетісуға, ол бір дерек бойынша, жиыр-
масыншы  ғасырдың  басында,  енді  бір  көбірек  айтылатын  дерекке 
қарағанда, 1913–1914 жылдары барған. Бəлкім, сол екі мезгілде де 
солай  қарай  жолы  түскен  шығар.  Өйткені,  зерттеушілер  айтатын-
дай, əйгілі халық ақыны Кенен Əзірбаев оны жасөспірім шағында 
көрген. Кененнің белгілі əнінде сол тұңғыш кездесу хақында: «Бала 
едім жаңа талап, іздеп келдім, Өзіңнен сұрайын деп ақыл, аға... Бала 
едім жаңа талап ақын-əнші, Əніңді үйренейін алуан, аға», – деп ай-
тылады ғой. Бұлар, шынтуайтында, 1913–1914 жылдары отыздарға 
толған  сақа  жігіттен  гөрі, 1900–1901 жылдарғы  он  алты-он  жеті 
жасар бозбалаға жарасатын сөздер емес пе?! Егер осындай пікірді 
дұрыс деп қабыл алсақ, Балуан Шолақтың алғаш рет Жетісуда бо-
луы, шынында да, 1884 жылы дүниеге келген бала Кенен 16 жасқа 
келген уақытқа – ХХ ғасырдың басына сай келеді. Ол атажұртына 
жасаған  сонау  бірінші  сапарында  ұзағырақ  қыдырыстаған  болса 
(Сəбеңнің  атақты  шығармасын  еске  алыңыз),  екінші  рет  шыққан 
сапары,  Балуан  Шолақтың  ұлы  Құдайберген  Шолақовтың  (жазу-
шы Жайық Бектұров зерттеуіндегі) естелігіне қарағанда, бірер айға 
ғана созылған. 
Шөкең түстік өңірде ата-бабасының туып-өскен жерлерін, Шу 
бойында тұрып жатқан алыс ағайындарының ауылдарын аралады. 
Қырғыз  аймағына  барды.  Жетісудің  белгілі  өнер  адамдарымен, 
соның ішінде жыр алыбы Жамбылмен де сырласты. Болған жерлерін 
думанға  толтырып,  өнер  көрсетті.  Арқа  дүлдүлдерінің  де,  өзінің 
де  əндерін  шырқады.  Еліне  сағынышпен  оралды.  Алайда  елдегі 
дұшпандары бірер мезгіл көзден таса болған екен деп оны ұмытып 
кете  қоймайды.  Ұзақ  сапарынан  қайтып  келгенінде  оған  түрлі  за-
лал келтірудің жолын қиыстыра береді. Ақыры қапияда қастандық 
жасап,  өмірден  ерте  кетуіне  себеп  болады.  Бұл  қанды  зұлымдық 
жайын Сəбит Мұқанов оның өмірі жайында жазған көлемді хикая-
сында  көркем  кестелегені  белгілі.  Əйгілі  жазушы  өзінің  сонау 

24
туын дысына  əр  кезде  кейде  роман,  кейде  повесть  деп  жанрлық 
атау берген, əдебиетші қауым да оны солай, көбіне повесть ретінде 
қабылдап кеткен. Дегенмен Сəбең өзінің он алты томдық таңдаулы 
шығармалар жинағының 3-ші томында (1972) жариялаған повестері 
арасына 40-шы жылдары жазылған бұл хикаятын «аңыз» деп үкілеп 
қосқан. Біздіңше, осы анықтамасы дəл, өйткені шығармасында Бал-
уан Шолақтың өмірінен беретін мағлұматтары көп ретте аңыз сипа-
тында, əсірелей суреттеліп, көтеріңкі романтикалық рухта баянда-
лады. Сəбең палуанның 1916 жылғы 25 маусымда шыққан қазақтан 
майданға  жұмысшы  алу  жайындағы  патша  пəрмені  салдарынан 
туған  ұлт-азаттық  көтеріліс  алдында,  тасадан  жаулықпен  атылған 
оқтан  қаза  тап қанын  жазады.  Алайда  батырдың  дүниеден 1919 
жылы  өткені  бұл  күнде  дəлелденген  ақиқат.  Демек,  оның  сол  екі 
аралықтағы тарихи кезең кезіндегі ісін зерттеп жаңғырту керек-ақ. 
Əзірге,  жазушы-зерттеуші  Естай  Мырзахметовтың  болашақ  зерт-
теулерге  түрткі  боларлықтай  құнды  деректер  жазып  қалдырғанын 
есте ұстауымыз керек. Оның айтуынша, Балуан Шолақ туып-өскен 
«елдің  бұрынғы  жайлауы  Айқайқабақ,  Үйжығылған  сықылды  кең 
даланы», «осы  күнгі  Ақмола  облысының  Астрахан,  Мариевка 
(Амантай),  Журавлевка  (Қылыш),  Макинка  (Бұланды  қарағайы) 
аймағын  басып,  Бурабайға  өтетін  тас  жол,  теміржол  бойындағы 
бұрынғы  қазақ  елінің  шұрайлы  қонысы»,  күллі  «əдемі  жерлерді» 
келімсектер  иемденген.  Үкімет  тартып  алған  бұл  жерлерге  қоса, 
қолдағы  біразын – «Қайрақты,  Мат  өзендерінің,  Қандықарағай, 
Ақсу,  Айдабол  жайлауларының  кең  өрісін»  жергілікті  қазақ  ал-
пауыттары  «патша  əкімдеріне,  орыстың  кулактарына ... сатқан».
Мұндай  əрекеттерге  Балуан  Шолақ  наразы  болып,  отаршылдарға 
қарсы күрескен. 1916 жылғы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің Көкше 
өңірінде кең өрістеуіне осы жəйт мықты тірек болды деп есептейді 
қаламгер.  Балуан  Шолақ  туып-өскен  Көкше  өңіріне – қазіргі 
Ақмола  облысының  Бұланды  ауданына – іргелес  жатқан  Ақкөл 
ауданындағы  Моншақты,  Салқынкөл  деген  жерлерде  орын  алған 
қозғалыстардың, сонау Салқынкөл көтерілісінің табиғаты мен туу 
себептерін, сондай-ақ оған қатысушыларды, əсіресе, Е. Мырзахме-
тов зерттеу-мақаласында жазғандай, Балуан Шолақтың көтеріліске 
тигізуі ықтимал ықпалын анықтаңқырап, терең қарастыру қажет-ақ. 
Патшаның тақтан құлауы, одан кеңес өкіметінің орнауы Шөкеңнің 
бұл  орайдағы  белсенділігін  арттыра  түсті.  Рас,  оның  революция 
мұраттарын қолдағаны жайында жалпылама түрде айтылады, соны 
нақты  деректермен  толықтыру  мəселесі  зерттеушісін  тосып  тұр. 
Одан кейінгі төңкеріс жылдарында орын алған оқиғаларды, Алаш-

25
орда,  кеңес  өкіметі  кезіндегі  ахуалды  саралау,  сондай  зерттеулер 
негізінде  күрескер  əнші-сазгер-палуан  өмірінің  соңғы  сəттерін 
жаңғырту орынды болмақ.
Балуан Шолақ 1919 жылы наурыз айының орта шенінде қайтыс 
болған.  Жағдайды  нақты  білетін  кісілердің  естеліктеріне  сүйене 
отырып,  Е.  Мырзахметов  осындай  қорытынды  жасайды.  Ақпан 
айының  соңына  қарай  Шөкең  кіші  ұлы  Құдайбергенді  ертіп,  Ат-
басар жағындағы құдаларына қарай шығады. Алайда межелі жер-
ге  жетпестен  кері  оралуға  бел  буады.  Қайран  қалған  баласына 
мұнысының  себебін  түсінде  «Аққошқарының  аян  бергенімен» 
түсіндіреді.  Тездетіп  қайтпаса  болмайтынын, «ажал  шіркіннің 
соңына  түскеніне  үш  жылға  айналғанын»,  содан, «ақыры,  міне, 
қуып  жеткенін»  айтады.  Үйге  келген  соң  «ішінің  жанып  əкетіп 
баратқанын»  айтып,  төсек  тартып  біраз  жатады.  Сосын  бəйбішесі 
Қаныкей мен ағасы Төлеубайды оңашалап қасына алады да, сырын 
ашады жəне ақтық аманатын естіртіп, «Барамын алыс сапар қайтып 
келмес...  Тұрыңдар  дұға  қылып,  құрбы-құрдас!»  деп  келетін  ел-
жұртына арнаған қоштасу өлеңін айтады. Бірер күнде көз жұмады. 
Бəйбішесі, ағасы жəне Сабыр қажы батырдың «өсиетін айтқанындай 
орындайды».  Ақтық  аманатының  мазмұны  бертінге  дейін  белгісіз 
болып  келген.  «Ерінің  өмірден  өту  құпиясын  Қаныкей  бəйбіше 
қырық құлыптың астына сап аса берік сақтаған, жат тұрмақ, өзінің 
қара  құрсағын  қақ  жарып  шыққан  Исажары  мен  Құдайбергеніне, 
жан  дегенде  жалғыз  қызы  Бəтеніне  де  ашпаған  күйі, 1948 жылы 
өзімен бірге қара жер қойнына ала түседі», – дейді Е. Мырзахме-
тов. Ал Шөкең қайтқанда сүйегіне түскен Сабыр қажы 1934 жылы, 
өмірден өтерін сезген шамада, немере інісі Ғаббасқа – жазушының 
нағашы  атасына  сыр  ашады.  Бұл  сырды  атасынан  ол 1959 жылы 
əкесі  екеуі  естиді.  Ал  Шөкеңнің  ағасы  Төлеубай  құпияны  ортан-
шы  ұлына,  ол  өз  баласына  айтып  кетеді.  Сол  деректерге  жəне  ел 
ішіндегі  басқа  да  мəліметтерге  қарағанда,  былай  болған  екен. 
Шөкең 1916 жылы жазғытұрым ауылына кештетіп қайтып келе жа-
тады. Бұланды орманының Ақбалақ деп аталатын нуының шетіне 
кіре  бергенінде,  кенеттен  тура  қарсы  алдынан  мылтық  гүрс  ете 
түседі. Оқ ердің алдыңғы қасына тиеді, содан əлсіреп барып, оны 
іштен  жарақаттайды.  Ол,  əйтеуір,  аттан  құламайды, 1919 жылы 
төсек тартып жатқандағы өз сөзімен айтқанда, «...құдайдың берген 
күш-қуатының арқасында» үйіне жетеді. Жараның қанын бəйбішесі 
Қаныкей  жуып,  таңып  тастайды.  Өзіне  оқ  атылғанын  ешкімге 
айтпайды,  бұл  жайында  тіс  жаруға  əйеліне  де  тыйым  салады.  Ел 
ішіне  «қойдың  құмалағындай  қорғасынды  көтере  алмай  ауырсы-

26
нып  жатыр»  екен  деген  сөз  таралып  кетуі  ықтималдығын  намыс 
көреді.  Енді,  міне,  ішінде  үш  жыл  жатқан  сол  оқтың  салдарынан 
өмірден өткелі жатып та құпияны берік сақтауға үндейді. Ағасына: 
«Сабыр  қажы  екеуің  ғана  арулаңдар», – деп  қатты  тапсырады. 
«Сүйегіме басқаларды түсірсеңдер – денемдегі жараны көрер. ...ақ 
ажал бұйырмай, оқтан өлді деген сүйекке таңба. Ешкім білмесін...» 
«Тап іргеде кіжінумен отырған қара шекпенді жаулар тыныш қарап 
қалмас.  Тірімде  шамалары  келмегенмен,  тым  болмаса  сүйегімді 
қорламаққа  қабірімді  ақтарар  Құпиялап  қоятын  болсын...».  Аса 
қиналып  жатып,  жоғарыда  айтылғандай  өсиеттерін  естіртіп 
қоштасқан соң, дүниеден тез өтіп кете барады. Зерттеушінің айтуы-
на қарағанда, «қазақ десе қаны қарайып қағынып тұратын жауыз-
дар ... Шөкең өзі ақылмен болжап кеткеніндей, ...батырсынып, өш 
алмаққа»  шығады. «Қара  құзғынша  шулап  жан-жақтан  жиналып, 
ауылға ойнақ салады. ...көр қопарады. Бірақ Шөкеңнің сүйегін таба 
алмайды». (Оның мəңгі тыншыған құпия жерін білетіндер бүгінгі 
ұрпаққа 1943 жылы нақтылап көрсетіп берген.) Жаулары кіжінісіп, 
Шөкеңде кеткен еселерін оның артында қалған ұрпағынан алмаққа 
бел буады, сөйтіп баласының үлкені Исажарды атып кетеді...
Балуан Шолақ мен Қаныкейдің он сегіз ұл-қызы болыпты, со-
лардан  Исажар  мен  Құдайберген  жəне  қызы  Бəтен  үшеуі  қалған 
көрінеді.  Əкесінің  күш-қуаты  Бəтен  қызға  дарыған  екен.  Оны 
30-шы  жылдарғы  қиын  кезеңде  Балуан  Шолақтың  əндерін  жа-
зып  алу  үшін  Б.Г.  Ерзакович  іздеп  барады.  Сондағы  көргенін  ол 
былай  суреттейді: «...Көп  ұзамай,  үйден  əріректе  тұрған  қауғалы 
құдық жақтан ұзын бойлы, бүрмелі кең көйлек пен жіңішке беліне 
шақ  қыналған  қамзол  киген  бір  əйел  бізге  қарай  келе  жатты.  Ол 
мойынағашпен шып-шып толы шелек суды көтеріп келе жатқанына 
қарамастан бүгілмей, бүкіреймей, аяқтарын жеп-жеңіл басып, тіп-
тік жүріп келеді. Балуан Шолақтың қызы Бəтен Нұрмағамбетова –
сол  екен.  Жас  болмағанымен,  оның  спортшыға  тəн  сұлу  сымба-
ты  мені  таң  қалдырды.  Оның  кескін-келбеті – сопақша  келген 
қараторы  өңді,  кең  маңдайлы,  мұңды  болғанымен,  жылы  нұр  ша-
шатын  əдемі  көздері,  түзу  түскен  мұрны,  əппақ  тісті  кішкентай 
аузы – есімде қалып қойды. Басына үлкен ақ шəлі тартқан екен, са-
майынан ақ шалған қара шашы көрініп тұрды». Балуан Шолақтың 
өзіне  тартып  қайратты  боп  туған  осынау  қызы  Бəтен  өнерден  де 
құралақан болмаған, əйгілі А.В. Затаевичтің ақылымен өмірін қазақ 
мəдениетіне  арнаған  осынау  музыка  зерттеушісінің  арқасында 
бізге оның бір өлеңі жетті. Зерттеушілердің еңбектерінде Бəтеннің 
ұзатылған кезде əкесі Балуан Шолаққа арнап айтқан назы мен əкесі 
өмірден озғандағы сағынышты жоқтауы сақталған.

27
Ірі  қалаларда,  жəрмеңкелерде  өнер  көрсеткен  əйгілі  əнші, 
сазгер,  палуанның  көзі  тірісінде  суретке  түспегеніне  сенгің  кел-
мейді.  Əйтсе  де,  осы  уақытқа  дейін  ешқандай  фотосуреті  табыл-
ған  жоқ.  Оның  кескінін  Сəбеңнің  атақты  хикаятынан  кейін  қазақ 
бейнелеу  өнерінің  негізін  салушылардың  бірі  болған  халық 
суретшісі  Əбілхан  Қастееев  қылқаламмен  бейнелейді.  Алайда  су-
рет,  Е.  Мырзахметовтың  жазуына  қарағанда,  дала  серісін  көріп 
өскен  көкшетаулықтардың  көңілінен  шықпапты.  Содан  қаламгер 
Шөкеңнің  жерлестерінен,  көзі  тірі  туыстарынан  пікір  жинай  оты-
рып, сазгердің сөз суретін жинастырады. Балуан Шолақтың ағасы 
Төлеубайдың  ұлы  Есенжол  ақсақалдың: «...кейбір  мінезі,  əсіресе, 
түр-түсі  жағынан  əкесіне  аумай  ұқсаған – Құдайберген», – деуіне 
байланысты,  Құдайбергеннің  суреттерін,  жиналған  күллі  сипатта-
мамен қоса, жергілікті суретші Толқыбек Əкімов деген жігітке тап-
сырады. Ұзақ ізденістен кейін дүниеге келген бейнені 1986 жылы 
Үйсін ауылындағы «Шөкеңді көзі көргендерден ... Ақылбай, Хали-
олла ақсақал екеуі ... жалпы нұсқасы келіп тұр» деп мақұлдайды...
Шөкеңнің  кескіндемесін  жасаудан – шығармашылығын  жи-
нау  ерте  басталғаны  мəлім.  Өткен  ғасырдың 20-шы  жылдарында 
өнер танушы  А.В.  Затаевич  Қазақ  өлкелік  əскери-революциялық 
комитетінің  есеп-қисап  бөлімінде  еңбек  ете  жүріп,  қазақ  еліндегі 
музыкалық фольклорды жинастыруға білек сыбана кіріскен. Оның 
мың жарым əн-күйді жазып алған ерен еңбегінен кейін, осынау абы-
ройлы істі музыка зерттеушісі Б.Г. Ерзакович алып жүрді, бертінде 
қазақ  зерттеушілері  жалғастырды.  Музыкатанушы  ғалым  Зейнұр 
Қоспақов Балуан Шолақ əндерін түгендеуде көп еңбек сіңірді. Балуан 
Шолақтың əндерін атақты халық ақыны Кенен Əзірбаев жас кезінде 
қасында жүріп тікелей өзінен үйренген де, көзінің қарашығыңдай 
сақтап,  біздің  дəуірімізге  жеткізген.  Егер  қазақ  əндерін  жинаушы 
əйгілі  А.В.  Затаевич 20-шы  жылдары  Балуан  Шолақтың  төрт-бес 
əнін ғана нотаға түсірген болса, палуан-əнші-сазгер дүние салғаннан 
отыз шақты жыл өткенде, оның тағы он екі əнін Кенен Əзірбаевтың 
орындауында  Б.Г.  Ерзакович  жазып  алған.  Балуан  Шолақ  əндерін 
əр кезде Жүсіпбек Елебеков, Молдахмет Тырбиев, Мұса Асайынов, 
Игібай  Əлібаев,  Қосымжан  Бабақов,  Елубай  Өмірзақов,  Нұғыман 
Əбішев, Мұхтар Өтебаев, Мағауия Көшкінбаев, Жəнібек Кəрменов, 
Қайрат Байбосынов жəне басқа да əншілер шырқаған. Музыка ма-
мандары бұл күнде Балуан Шолақ əндерінің, түрлі нұсқамен айты-
латындарын қосқанда, қырық шақтысын жинаған.
Балуан  Шолақ  шығармашылығы  мəдениетіміздің  төрінен  мəң-
гі  орын  алған  құнды  жəдігерлік  болып  табылады.  Есімін  халық 

28
қадірлейді. Өкіметіміз оның əншілігін, сазгерлігін, ұлттық спорттың 
негізін салып, қазақтың өзіндік ұлттық мəдениетін дамытуға қосқан 
үлесін тану белгісі ретінде, туғанына 125 жыл толуына орай, 1989 
жылы  арнайы  қаулы  шығарды.  Жамбыл  облысы  Шу  ауданының 
Ақтөбе  селосының  аты  Балуан  Шолақ  селосы  деп  өзгертілді, 
сондай-ақ сондағы «Ақтөбе» ұжымшарына, Алматыдағы мəдениет 
жəне  спорт  сарайына,  республиканың  қалалары  мен  ауылдарында 
көшелерге,  Көкше  аймағындағы  туған  жерінде  мектепке  Балуан 
Шолақ  есімі  берілді.  Мұндай  жұмыстар  батырдың  туғанына 150 
жыл  толу  қарсаңында  да  жүргізілуде.  Ақмола  облысының  Бұлан-
ды  аудандық  «Бұланды  таңы»  газеті  ауданның  қайың-қарағайлы 
əсем  қойнауында  тыншып  жатқан  қазақтың  біртуар  ұлы,  атақты 
палуан,  əнші,  композитор,  ақын  Балуан  Шолақтың  бейітінің  ба-
сына  биіктігі 16 метрлік  сəулеттік  шешімі  ерекше  мемориалдық 
ескерткіш тұрғызылғаны баршаға мəлімдігін айта келе, 20 метрлік 
биік  ескерткіші  салтанатты  түрде  Жамбыл  облысы  Шу  ауданы-
ның  Төле  би  ауылында  ашылғанын  хабарлады.  Қазақтың  атақты 
ақыны, əншісі, композиторы, палуаны, Қазақстанда цирк өнерінің 
негізін  салушы  Балуан  Шолаққа  тұрғызылған  ескерткіштің  ашы-
луына Ақмола облысынан ақынның немересі, Бұланды ауданының 
орталығы  Макинск  қаласының  əкімі  Шайдолла  Құдайбергенұлы 
Шолақов  арнайы  барып  қатысып,  сондай  монументтің  Бал уан 
Шолақ  туып-өскен  ауданның  орталығынан  да  бой  көтеретінін 
айтқан екен (http://baq.kz/kk/regional_media/post/2298)...
Балуан  Шолақтың  өмір  жолы  Сəбит  Мұқановтан  бастап  Əнес 
Сарай,  Дулат  Исабеков,  Серік  Тұрғынбеков,  т.б.  сөз  шеберлерінің 
шығармашылығына  арқау  болды.  Олардың  қаламынан  туған  про-
залық, драмалық, поэзиялық туындылар жұртшылыққа қажет руха-
ни азық қорын толықтыруда. Көптеген зерттеушілер, публицистер 
балуаншолақтану  саласына  қызықты  ізденістерімен  өз  үлестерін 
қосуда.  Дала  серісінің  дүниеге  келгеніне 150 жыл  толуына  орай 
оның аңыз болып кеткен өмір жолын жаңғырту ісі жалғаса бермек. 
Халқымыздың мақтанышына айналған Балуан Шолақтың əншілік-
ақындық мұрасын насихаттау, оның қаһармандық бей несіне мұқият 
назар аудару – баршамыздың парызымыз. 
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет