1 балуан шолақ шығармалары (Әндері, өлең-жырлары. Естеліктер, мақалалар, аңыз) Құрастырған Балжан Хабдина



жүктеу 1.52 Mb.
Pdf просмотр
бет14/29
Дата15.03.2017
өлшемі1.52 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29

162
Мезгіл күз еді. Бірақ көп жылдың күзінде кездесетін ол араның 
жауын-шашыны биыл жоқ, – қара сұр бұлт бұрынғы жылдардағы 
дағдысымен торланып келеді де, күн түске тарта масайрап, əдемі 
қоңыр салқын болады да тұрады. 
Сол күннің ертеңі – сентябрьдің бірінде Көкшетауда жəрмеңке 
ашылады, оған жан-жақтағы елдерден қаптаған халық келеді. 
Балуан  Шолақ  пен  оның  достары  пəтер  үйлеріне  базардан 
қымыз  алдырып  сусындады  да,  салт  атпен  қаланың  көшелерін 
аралады. Бір көшемен келе жатқан олардың көзі жалпақ тақтайға 
жапсырған,  əлдекімдердің  жалаңаш  суреттерін  қаз-қатар  басқан 
қағазға түсті. 
– Жүріңдер, жігіттер, көрейік!.. 
Келсе,  бəрі  де  бұқадай  күжірейген  кереметтер!  Орталарында 
бетін жаба басына қара киген біреу тұр. Қағаздың астындағы жазу-
ды хат білетін біреуі оқып көрсе, күресетін балуандар екен. 
–  Бұлар  цирк  аталатын  үйде  күреседі  екен, – деді  жазуды 
оқыған. 
– Қайдағы үй ол? 
– Көрген жоқпыз. 
– Іздейік, ендеше! 
Олар сұрастырып жүріп тауып алды: кенеп жапқан түрі киіз үй 
тəрізді, бірақ іші кең – кем дегенде мың кісі сыярлық. 
Бұлар барғанда, үйдің қасындағы тақтай үйшіктің алдында көп 
кісі тұр екен. 
– Неғып тұрсыңдар? – деген сұрауға: 
– Билет сатып алғалы тұрмыз! – деп жауап берді олар. 
– Неменеге? 
– Шеттен келген балуандар күреседі екен, соларды көреміз. 
– Күресін көрсеткенге ақша ала ма, олар? 
– Алады дейді. 
– Күшін көпке сатып көрсеткен не қылған балуандар?!. 
Нұрмағамбет пен жолдастары кісі басына елу тиыннан билет 
алып, кешке көппен бірге цирктің үйіне кеп отырды. Ең алдымен 
ат ойыны болды. Балуан Шолақ делебесі қозып, «өзім де ойнайым 
ба?»  деп  қопаңдап  қояды.  Аттар  сұлу. «Шіркін,  жазық  дала  боп, 
мына аттарды көсілтер ме еді? – деді Шолақ. – Тар жерде ойнап, 
аттың бауырын жаздырмай қор қылуларын қарашы». 
...Күрес басталды. Балуандар парадпен цирктің ортасын айнал-
ды. Бəрі де денелі. Бірақ басына қара маска киген адамның денесі 
өзгесінен өзгеше. Тұлғасы аумаған Түйе балуан. 

163
Француз  күресінің  приемдары  Балуан  Шолаққа  ұнаған  жоқ. 
Арқасы қозып отыр, тəсілдерін қарап отыр. 
…Қара  маска  киген  балуан  атаулының  бəрін  жықты.  Жұрт 
оған  қол  шапалақтап,  жер  тепкілеп,  циркті  басына  көтерді.  Осы 
кезде Балуан Шолақ шыдамай барьерден
1
 қарғып түсті де, одыраң-
одыраң етіп ортада тайраңдап жүрген қара маскаға барып, қолынан 
ұстады. 
Тоқсанбайдың асынан кейін Балуан Шолақтың денесі бұрын-
ғыдан  əлдеқайда  толғанын  балуанның  достары  қара  мас каның 
қасына барғанда байқады: Балуан Шолақтың қара маскадан қарны 
ғана жіңішке, басқа денесі бірдей. 
– Күресемісің? – деді қара маска оған. 
– Күресем! 
«Уақыт бітті... Ертең...» деген цирк бастығының сөзін жиналған 
жұрт тыңдамай, «күрессін» деп шулап кетті. 
Балуан Шолақтың тұлғасын көріп сескенген Қара маска көптің 
көңілін қимай, «залогпен күресем» деді. Онысы сылтаумен құтылу 
еді. 
– Неше сом? – деді Балуан Шолақ. 
– Жетпіс бес сом! (Жетпіс бес сом ол кезде үш аттың құны). 
Балуан Шолақтың жігіттері қалталарынан ақшаны суырды да 
берді. 
–  Сен  қазақша  күресем  деп  ойлама, – деді  цирк  бастығы, –
бұл  французша  күрес,  екі  жауырынның  арасын  жерге  тигізбей, 
жыққанға есептелмейді. 
– Маған сонысы керек. Жауырынның ортасы түгіл, қыр арқасын 
жерге тұтас тигізіп берейін. 
Балуан Шолақ цирктің киімін киіп шықты. 
Сүзетін  бұқадай  екі  балуан  аңдысып  жақындаған  кезде,  Бал-
уан Шолақтың жалаңаш денесінің бұлшық еттері түйін-түйін боп 
бүлкілдеп, желді күні толқынданған теңіздің беті сияқтанып кетті. 
Қара маска күрескен адамның мойнын аңдып, алқымын қысқан 
қалпымен  арқалап  шалқасынан  жығатынын  Балуан  Шолақ  мана 
байқаған. Сол тəсілін істегісі кеп, Қара маска ыңғайлана бергенде, 
жалт беріп бұрылған Балуан Шолақтың қусырған құшағы мойны-
на  тұзақтай  түсіп  кеп  кетті.  Ол  «һауп!»  деп  арқалай  жөнелді  де, 
үйіріп, иығынан асыра, шалқасынан алып кеп ұрды. 
Қара  маскадан  жығылған  адам  белін  қайқайтып  шалқасынан 
иіле қалуын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол қимылды істей ме 

Барьер – ойнайтын алапты қоршаған тапал қорған.

164
деп қауіптенген Балуан Шолақ, Қара масканы баса қоюға ыңғай-
ланып  еді,  орнынан  қозғалмаған  ол, «баспа»  дегендей  басын 
шай қады. 
Күрестіріп  жүрген  адам  сол  сəтте  ысқырып  қалды  да,  жы-
ғылған  Балуанның  басынан  маскасын  сыпырды:  əдемі  кескінді, 
ақшыл сары өңді жігіт екен. Жігіт қозғалмастан бетін тыржитып, 
«мертіктім» деді. 
Қара  масканы  носилкаға  салып  екі-үш  балуан  алып  кетті. 
Күрестің нəтижесі жарияланды. 
– Күреске қатынасқандар – дүние жүзінің чемпионы, ағылшын 
балуаны  «Қара  маска»  мен  қазақ  ауылынан  келген  халық  балуа-
ны  Балуан  Шолақ...  Олар  француз  күресінің  əдісімен  арпалыс-
ты. Күрес бір жарым минутқа созылып, халық балуаны – Балуан 
Шолақтың  пайдасына  шешілді. «Қара  масканың»  бұрын  ешкім 
шешпеген  маскасын  Балуан  Шолақ  шешті. 75 сом  залог  Балуан 
Шолақтың пайдасында. «Қара масқаның» фамилиясы – Карон. 
– Байқаусызда жықты... 
– Айламен жықты, – деген шулар циркті басына көтерді. 
– Балуан Шолақ күшінің көптігін кір көтеріп көрсетсін, – десті 
шулаған жұрт. 
–  Бүгін  осы  да  жетер,  ертең  көтерер, – деген  сөзді  Балуан 
Шолақтың өзі қабылдаған жоқ. 
– «Қапыда  жықты»  деген  сөзді  артып  жүрем  бе? – деді  ол, –
Көтерем кірін. 
– Неше пұт көтересің? –деп сұрады одан. 
– Əлгі мен жыққан балуан қанша көтерді екен? 
– Қырық пұтты. 
– Маған елуін сал! 
Балуан Шолақ тізесі мен шынтағына салмағын сала шөкесінен 
отырды. Жалпақ қайыспен матастырып, бір балуан оның мойны-
на он пұттықтан төрт гирді, алты пұт бір гирді, бес пұт бір гирді, 
барлығы елу бір пұт гирді артты. 
Гирлер  артылып  болған  кезде,  шөкесінен  жер  тіреп  отырған 
Балуан Шолақтың екі қолының жіліктері жас талдай солқылдаған 
сияқтанды. 
– Жөн бере гөр! – деп тіледі оның достары. – Атан түйе көтере 
алмайтын жүкті артты. 
Балуан  Шолақ  əуелі  қолын  жерден  алып,  тізерлеп  отырып 
денесін жазды. Содан кейін оң тізесін көтеріп, оң аяғын табанына 
басты.  Содан  кейін  мойнындағы  гирлерді  матастырған  қайыстан 

165
екі  қолымен  қапсыра  ұстап, «һауп»  деп  тұрып  кетті  де,  аяғын 
алшаңдата басып, цирктің аренасын жағалап жүрді.
– Болды!.. Жетті!.. Түсір!.. – десті жұрт. 
Балуан  Шолақ  ерегіскендей,  көтерген  гирлерді  арқасымен 
біраз айналдырып, бытыратып жан-жаққа ұшырып жіберді. 
– Жаса! Көп жаса, Балуан Шолақ! – десті жұрт шуласып. 
9. ҚОРҚЫНЫШ 
Əлеумет, көзіңді сал олай-бұлай, 
Дүние ойлап тұрсаң бір кең сарай; 
Патшаға біздің қазақ бағынғалы, 
Батырлар қорлық көрді талай-талай. 
(Халық өлеңі) 
Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тұнық қараңғы екен. Дала 
араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі 
екенін, қараңғыға көзі үйренбеген Балуан Шолақ, алғаш аңғара ал-
мады. 
– Бері жүр, Балуан! – деген жолдасының таныс дауысы естілді 
оған. 
– Қайда барамыз? 
–  Нең  бар,  қайда  барғаныңда.  Атқа  мінуді  біл,  аржағын  көре 
жатарсың. 
Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының 
соңына  ерген  Балуан  Шолақ  атына  жетті  де,  тез  мінді.  Сол  кез-
де  қараңғыға  аздап  үйренген  көзі,  айналаны  шолып  еді,  түнде 
толқыған теңіздің бетіндей, ұшы-қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл. 
– Қайда, Балуан Шолақ? – деген дауыстар естілді айналадағы 
қою қимылдың ішінен. 
– Кім мені іздеген? Мен мұнда! – деді Балуан Шолақ. 
–  Енді  неге  қарап  тұрсыңдар.  Тартыңдар,  Балуан  Шолақ
шықса, – деген дауыс гу ете түсті. 
– Ал, жөнелдік. Міне, мен бастадым, –  деді біреу шаба жөнеліп. 
Даладағы  тұтасқан  қимыл,  жырақа  тауып  құлаған  судай, 
жөнелген  адамның  артынан  Бұқпа  тауын  бетке  ұстай  қозғалып 
кетті. Сол тұтас ақтарылған қимыл толқында жүзген дөңгелектей, 
Балуан Шолақты қалқытып алды да жөнелді. 
–  Қайда  барамыз? – деп  сұрады  Балуан  Шолақ  қасындағы-
лардан, көппен араласа шауып келе жатып. 
– Өзіміз де білмейміз. Біздің білетініміз, көптің қалағаны – Сен. 

166
Жердің  бүйірін  солқылдата,  түнде  тыныс  ап,  қалқыған  желді 
оята,  шуы  көкті  жаңғырта  сатыр-сұтыр  шапқан  адам  толқыны, 
Бұқпа тауының белуарынан аттап, Желтау жақ бауырға тоқтады.
– Ал, түсеміз осы араға, – деді басшы. 
Көпшілік ошарылып, аттан жапыр-жұпыр түсе қалысты. Түнге 
көзі  үйренген  Балуан  Шолақ  аттан  түсіп  жатып  айналасын  тағы 
бір шолып еді – адамға сан жетерлік емес. 
– Он екі ата Қарауыл, сегіз ата Дəуіт ек, – деді Балуан Шолаққа, 
бұл жиынды басқарушылар, – елдің аруағын көтергеніңе риза боп, 
бүгін саған дəм татырып, қонақасы берейік деп ек: атыңды естіп, 
жүзіңді  көруге  құмар  ек,  міне,  бүгін  көрдік.  Бүгінгі  түнді  ойын-
сауықпен өткізбекпіз. 
Балуан Шолақ оларға алғыс айтты. 
– Кəне, əкеліңдер малды! – деді бастаушы. – Біреулерің таудан 
отын əкеліңдер, біреулерің суға барыңдар. 
Салт  атты  жігіттер  шауып  кетіп,  тау  арасынан  құлаған  қара-
ғайларды  сүйретіп  алып  келді.  Бұтағымен  тұтас  тамызған  қара-
ғайдың  жалыны  лезде  жарқырап  аспанға  көтерілді.  Кенеттен 
жанған оттан үрейленгендей, қалғыған түн үңіліп отқа төніп, жан-
жаққа  өрт  жайылмасын  деп  сескенгендей,  төңірегін  қанатымен 
қоршай қойды. Қараңғылық қоюланып кетті... 
– Əкелдік! – деген дауыс естілді қою қараңғылықтың ішінен. 
–  Жарық  пен  қараңғылық  ерегісіп,  көзімізді  байлап  қойды 
ғой, – деді біреу, – түк көретін емеспіз. Балуан, бері келші!.. 
Бастаған  жігітке  ерген  Балуан  Шолақ  оттан  оғашырақ  барса, 
бір асау жылқыны бірер жігіт құлағынан басып тұр екен. 
– Сыбағаң осы! – деді ертіп апарған жігіт Балуан Шолаққа, –
Тіл-аузымыз  тасқа.  Періштенің  құлағына  шалынбасын.  Ерте гі-
лерде  еститін:  Қобыланды,  Алпамыс,  Қамбар  сияқты  батырлар 
болмаса,  нақ  сендей  елу  бір  пұт  тас  көтерген  алыпты  көз  көру 
түгіл,  құлағымыз  да  естіген  жоқ  еді. «Жүзден – жүйрік,  мыңнан 
тұлпар  туады»  деген  мақал  бар  еді.  Кім  біледі,  тұлпар  мініп,  ту 
ұстап, көк болат сауыт киініп, егеулі найза қолға алып, елді жау-
дан қорғайтын қолбасшы боларсың. Сондықтан сыбағаңа тоқты-
торымды олқысынып, мына бір ту байталды шалғалы тұрмыз. Ал, 
балуан, батаңды айт! 
Жігіт  қолын  жайды.  Балуан  да  қолын  жайып: «Құрмалдық 
қабыл болсын» деп иегін сипады. 
Жігіттер байталды алып ұрып бауыздады. Лезде терісі де сы-
пырылды. 
– Семіз екен. Ұлпа қазысы екі елі! – десті əркімдер. 

167
Байталдың  денесін  мүшелеп  бұзғанша,  біреулер  қан  сасыған 
өкпе,  бауыр,  жүрек,  бүйрек  сияқты  бөлекше  еттерді  астауға  сап, 
от  басына  əкеп,  қуырдаққа  турай  бастады.  Мал  сойылғандағы 
дағдымен, көкбауыр қызу шоқтың үстіне тасталып, өз буына пісіп, 
торсылдап жарылып жатты. 
–  Уау,  қансоқтаны  ұмытпаңдар,  атамыз  қазақтың  асы, – деді 
біреу. 
– Өзім де ұмытып жатқан жоқпын, – деп, мал союшылардың 
біреуі, – ішек-қарны ақтарылып, өзге мүшелері бұзылмай шалқа-
сынан жатқан байталдың екі қабырғасының арасында, белдеменің 
үстінде  бүйрек  маймен  араласып  қоймалжың  боп  жатқан  майлы 
қанды уыстады, да шұжық қып ішекке құйды. 
– Балуан Шолақтың сыбағасын түгел салыңдар, – деді отағасы 
мал союшыларға. 
– Бұл бір қызық болсын, – деді қанданған қолын шынтағына 
шейін сыбанған, пышағы жалақтаған қасапшы жігіт кеп, – Балуан 
Шолақ бүгін құлағымыз естімеген күш көрсетті. Ал мен Балуан-
ға құлақ естімеген, естісе де аз естіген əдіспен ет пісіріп берейін. 
– Қалай? – десті жігіттер. 
–  Байталдың  қарнын  өңеш  жалғасқан  тұсынан  ғана  аздап 
тілем  де,  ішіндегі  жынын  ақтарып,  айналдырып  жуам.  Содан  ке-
йін ішіне су құйып, сыйғанша ет салып, дəмі татырлықтай тұз са-
лып, тəттілене түсу үшін шар-дəрілеп бұрыш пен сарымсақ салып, 
қарынды жарған жерінен тігем. Өңешіне қурай өткізем. Содан кейін 
жерді қазып, ішіне құм төсеп, қарынды сол құмға көмем де, үстіне 
от жағам. Өңешке тыққан түтікті оттан оғашырақ жерден шығарып 
қоям. Міне, осылай пісірген ет дүниедегі ең дəмді ас болады. 
–  Дұрыс.  Естіп  ек.  Көзбен  көрген  жоқ  ек.  Солай  ас! – десті 
əркімдер. 
Қарынға  Балуан  Шолақтың  сыбағасынан  басқа  байтал  етінің 
үштен бірі сыйып кетті. 
Қалған  ет  қазанға  асылды.  Шоққа  піскен  көкбауырды  жəне 
тəтті  қуырдақты  жеп,  қымызды  ішіп  отырып,  жігіттер  Балуан 
Шолаққа өтініш айтты: 
–  Көзге  мақтанғанымыз  емес,  ел  сені  «бір  сырлы,  сегіз  қыр-
лы»  деп  аңыз  қылады,  ақындық,  əншілдік,  серілік,  балуандық, 
күл діргіштік, шешендік, өткірлік, тапқырлық – осы сегіз сипат бір 
бойыңнан табылады дейді. Дене күшіңді көрдік, енді тіл күшіңді 
көрсет. 
– Не айтам, тіл күшін көрсеткенде? 
– Өлең айт! «Жақсының жақсылығын бетіне айт, нұры тассын, 
жаманның  жамандығын  бетіне  айт,  құты  қашсын»  деген  атала-

168
рымыз. Сені не деп мақтаса да сыяды. Бүгінгі күресте көрсеткен 
күшіңді өлеңге шығар, мына бозбалалар елдеріне айта барсын. 
Көпшілік  жабысып  қоймаған  соң,  Балуан  Шолақ  цирктегі 
күшін өлеңге шығарып, сыпайы қоңыр даусын көтере айтты: 
Бұл күнде жиырмада менің жасым
1

Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын. 
Кешегі сентябрьдің базарында, 
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын. 
Жиылып орыс-қазақ таң қалысты, 
Болды деп Қаһарманнан мынау басым, 
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде, 
Сындырдым Карон балуан қабырғасын. 
Күш берген, атақ берген, əлпештеген 
Туысқан өздеріңсің, бауырласым!.. 
Балуан Шолақтың өлеңі мен əнін қоңыраудың шылдыры бөлді. 
«Бұл кім?» деп көпшілік те, Балуан да құлақ түргенде, отты айнала 
отырған көптің қасына кеп, бір пар ат тоқтай қалды.
– «Урядник!..» – деген хабар көптің арасына жайыла қойды. 
– Неғып жүр, мезгілсіз уақытта? 
Келген  цирктің  директоры  екен.  Қасында  полицейский  уряд-
ник. 
– Саған келдім! – деді директор Балуан Шолаққа. 
Урядник үндемей, мұртын ширата берді. 
– Мені қайтесің? 
– Керегің бар, мін, арбаға! 
– Осылар Балуанды ұстауға кеп тұрмасын! – десті біреулер. 
– Не қыл деп? 
– Қабырғасы сынған балуан өліп қап, жазаға тартқалы жүрмесін 
мұны. 
– Олай болмас. Егер бола қалса, Балуан Шолақты оңайлықпен 
бере қоймаспыз! – деп, топталған жігіттер ду ете түсті. 
– Тоқтат шуды! – деп қойды урядник. 
– Мені қайтесің? – деді Балуан Шолақ директорға. 
– Оңаша айтам. 
– Жоқ, осы арада айт! 

Кейін  Балуан  Шолақ  күштілігін  жұртқа  айтқанда,  осы  өлеңін  қайталауды 
сүйетін  еді,  бірақ  «жиырма»  дегенді  өзгертіп,  қай  жасында  айтса,  сол  жасын 
қосатын  еді.  Мəселен, 25-те, 34-те, 49-да  деген  сияқты.  Осы  аңыздың  басында 
бұл өлеңін «бұл күнде қырық тоғызда менің жасым» деп бастауы содан.

169
– Қалаға барайық, сонда айтам! 
– Імм-м-м! Сөзінің түрін көрдіңдер ме? – десті көпшілік тағы 
күбірлесіп. – Бұзық  ниетпен  келген  екен.  Балуанды  даңғазамен 
қашырып жіберсек қайтеді? 
Балуан Шолаққа бұл ұсынысты арт жағынан біреу кеп сыбыр-
лады. 
– Жоқты айтпа! – деді Балуан оған кейіп. – Не ақысы бар мен-
де. Неге қашам, қорқып па? 
– Мол-чать! – деп қойды урядник көпке. 
Цирк  бастығы  келген  жұмысын  айтпайды.  Урядник  те,  ол  да 
мастау  екен.  Екеуі  қуырдаққа  тойып  алды  да,  Балуан  Шолаққа: 
«Ертең кел. Қорықпа. Бұдан да артық сый аласың бізден. Алтын 
аласың» деп, арбаларына мініп кете барды. 
Бұл келіс көпке күдік туғызды. 
– Ұстауға жүр. Алдайды, –десті біреулер. 
– Ұстамайды, – десті біреулер, – күші керемет боп көрінді ғой 
мұның. Сый беруі рас та боп жүрмесін. 
Балуан  Шолақты  неге  шақырғаны,  істің  аяғы  немен  тынары 
мəлім  болмағандықтан,  көптің  арасында  күдік  күшейіп,  сауыққа 
ешкімнің зауқы соға қоймады. 
–  Есің  барда  етегіңді  жап,  ел  сені  ұстап  бермейді,  осы  түнде 
қаш, – деп жалынды көпшілік Балуан Шолаққа. 
Балуан Шолақ ол ақылды алмады. 
– Жазықсыз кісіні ұстай берсе, елден кісі қоя ма? – деді ол. –
Ерегіскен соң, ертең əдейі барам. Не істер екен, көрейін. 
–  Барса  барсын,  тəуекел, – десті  жұрт, – егер  көрінеу  қастық 
істесе, я жазықсыз ұстаса, біз де елміз ғой, көріп алармыз, жазық-
сыз жаза тартқызбаспыз. 
Жұрт етті жеп, таңға белгі бере тарады. 
10. «ЕР ҚАНАТЫ – АТ» 
Бөгеті жоқ маған жау қамалының, 
Дүниенің бір ерке қонағымын. 
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелеткен, 
Мен халқымның Балуан Шолағымын. 
(Балуан Шолақтың өлеңінен) 
Балуан Шолақ оянса, терезеден қараған күн түстен ауып бара-
ды екен. 
Ауыз бөлмеде адам дауысы естілгенде, ол киінбестен түрегеп, 

170
есікке барып сығаласа, серіктері шай ішіп отыр. Балуан Шолақ ор-
нына кеп киінді де, ауыз бөлмеге шықты. 
– Ұйқың қансын деп шайға оятпап ек, – деді оған серіктері. 
– Мені сұрап ешкім келді ме? 
– Сүтемген дейтін ояздың почтабайы бар еді ғой, сол кеп кетті. 
– Неге кепті? 
– Ояз сені көрем деп айтады, дейді. 
– Қайтеді мені көріп. 
–  Қайдан  білейік  қайтетінін.  Расымызды  айтайық,  өзіміздің 
жү регіміз сескеніп отыр. Осы торулары жай болса игі еді... 
Балуан Шолақ қауіп айтқан сөздерге құлақ аспай, шайын ішіп 
тысқа шықса, Сүтемген почтабай, салт атпен келіп тұр екен. 
– Сүтеке, не білдің? Балуанды бұлар неге қолқалап кетті? – деп 
көпшілік сұрап еді: 
–Түк  те  білген  жоқпын, – деді  ол, – неге  үрейленесіңдер? 
Менімше,  аты  шыққан  адамды  көру  оязға  таңсық.  Одан  басқа 
ештеңе де жоқ..
Сүтемген мен Балуан Шолақ қаланың орта кезіндегі ояздың ақ 
тас  үйінің  биік  қорғанмен  қоршаған  қақпасына  салт  кірді,  қақпа 
жабылды. 
«Балуанды ояз шақырып əкетті» деген хабар қалаға да, далаға 
да  тез  тарады.  Базарды  сылтауратқан  жұрт,  ояз  есігінің  алдынан 
ерсілі-қарсылы өтіп, істің арты неге соғарын бақылаумен болды. 
Жұртта  зəре  жоқ. «Ең  болмағанда  көзі  тимесе  жарар  еді!» – деп 
қорықты, ырымға сенетіндер. 
Ояз қорасының қақпасы жабылған кезде, Балуан Шолақтың өз 
жүрегі де дірілдей қалды. «Қайтеді мыналар?!» – деп ойлады ол. 
Сүтемген бастаған ол, ояздың үйіне кірсе, ұзын қара сақалын 
мұртына қоса, екі иығына қарай айырған, қалың қабақ, қою қас, 
қасқа  бас,  жуан  денелі,  ұзын  бойлы  еркек;  ақсары  өңді,  тапал 
бойлы,  кеуделі,  бұғақты,  толық  семіз  əйел;  талдырмаш  бойлы, 
көк  көзді,  қара-сарғылт  бұйра  шашты,  өңі  əкесі  мен  шешесінің 
сапырылған бояуынан жасалған, он бес, он алты жасар қыз; цирк 
директоры – бəрі столды айнала шай ішіп отыр екен. 
– Осы! – деді директор Балуан Шолақты оязға қолымен нұсқап. 
–  Аман? – деп  ояз,  семіз  саусақты,  жуан,  жүндес  білегін 
Балуанға  ұсынды  да,  қолдасқаннан  кейін  «отыр»  дегендей  орын 
көрсетті. 
– Молодец! – деді ояз, отырған Балуанның денесін көзімен шо-
лып. – Əдемі жігіт! Орысша білесің бе? 

171
– Мала-мала! – деді Балуан. 
Ояздың  сұрауларына  шамасынша  жауап  берген  ол,  ұсынған 
тамағын татпады. «У береді» деген ой столдағы тəуір тамақтарды 
көргенде құмартқан нəпсінің бетін тойтарып тастады. 
–  Сен оған неге шақырылғанын айттың ба? – деді ояз Сүтем-
генге, Балуанмен аз уақыт қысқаша қажақтасқаннан кейін. 
– Жоқ, – деді Сүтемген. 
– Неге? 
– Маған ондай тапсырма берген жоқсыз. 
– Манағы сөз есіңізде болар? 
– Есімде. 
– Ендеше, айт соны! 
«Манағы  сөз»  дегені – Балуан  Шолақ  циркте  Карон  балуан-
ды  жыққан  хабарын  естіген  соң,  мəлімсіз  балуанның  күшіне  ояз 
таң  қалған  да, «тез  тауып  əкел!»  деп,  Сүтемгенге  іздеткен.  Ба-
луанды  сұрастырып,  далаға  кеткенін  білген  Сүтемген,  естіген 
жайын айтқанда: 
– Ендеше, ертемен жеткіз! – деген ояз. 
Не себепті шақыруын сұрағанда: 
– Мүмкін, циркке алармыз, – деген ояз, – ол үшін, əуелі өзімен 
сөйлесіп көрейін. 
Циркке  алынса  қандай  жағдайда  болатынын  ояз  Сүтемгенге 
айтып  берген.  Оған  қазір  «неге  шақырылғанын  айттың  ба?»  деп 
отырған себебі сол. 
Сүтемген Балуанға ояздың алдында неге шақырылғанын қазақ 
тілінде қысқаша айтып берді де, ақырында: 
–  Сөздің  қысқасы, – деді  ол  Балуанға, – бұлар  сенің  күшіңе 
қызығады. Бес-алты ай цирк балуандарынан күрес əдісін оқисың 
дейді,  содан  кейін  циркке  балуан  боласың  дейді,  жер  жүзін 
аралайсың дейді, алтынға бөленесің дейді...
– Қанша алтын екен? – деп сұрады Балуан əдейі. 
– Оның несін сұрайсың, – деді Сүтемген, – тегін алтын. Кешегі 
сен жыққан Карон айына он бес сом алады екен. Не деген ақша! 
Жылына 180 сом!.. Дыңдай алты аттың құны. Ауылда жүріп сен 
жылына бір аттық пұл да табамысың. Шатақты қой, ризалас! 
Ояздың ұсынысы, Сүтемгеннің ол ұсынысты балын тамыза ай-
туы Балуан Шолақты еліктірді. 
– Ойланайын. Жауабын ертең айтайын, – деді ол. 
Ояз  «бүгін  айт,  қазір  айт»  деп  қыстап  еді, «ойлансын, – деді 
əйелі, – көнбей кетер деймісің? Көнеді! Ақымақ па ол, сонша ал-

172
тыннан, сонша атақтан, сонша карьерадан безетін?.. Меніңше, бұл 
ақылды жігіт!» 
– Рас, Мамуля, ол ақылды жігіт! Кескіні қандай ақылды оның!.. 
Көзі  қандай  ақылды!.. – деді  манадан  Балуанға  таңдана  қарап 
отырған қыз ұшқалақтанып. 
Балуан қызға күлімсірей қарап қойды. 
–  Ойлансаң,  ойлан! – деді  ояз  Балуанға. – Бірақ  жауабыңды 
ертең  бер.  Ақымақ  болма.  Келген  бақытты  басқа  теппе.  Сенен 
дүниежүзілік чемпион шығуы мүмкін. Ойыншық емес ол!.. 
Ояздан  рұқсат  ап,  Балуан  Шолақ  тысқа  шықты.  Сүтемген 
ере  шықты.  Екеуі  атқа  қонып,  қақпаға  қарай  жөнеле  беріп  еді, 
Балуанның көзі крыльцода тұрған əлгіндегі жас қызға түсті. Бұл 
жолы қыздың көзі оған қызыға қараған сияқтанды. 
– Аты кім? – деп сұрады Балуан Сүтемгеннен, қыздың қасынан 
өте бере. 
– Татьяна. 
«Жақсы қыз екен!» деп қойды Балуан ішінен. 
Көшеде  күткен  жұрт  Балуанды  қоршай  кетті. «Ойлан!  Көн!» 
деп Сүтемген өз жөніне бұрылды. 
«Неге  шақырыпты?»  деген  жұртқа  Балуан  Шолақ  шынын 
айтты. 
– Сен не дедің? – десті жұрт.
– «Ойланайын» дедім. 
– Өзің біл! – десті, араларынан кеткенін ұнатпаған көпшілік. –
Кісіден ақыл сұрайтын жігіт емессің. Мынау еліңнің саған берген 
атақ-абыройы  да  сыбағаңа  жетер.  Дүние  жүзінің  бақыт-дəрежесі 
бір адамның уысына сыймайтын. «Көптен безген көмусіз қалады» 
дегенді де ойлан! 
...Ертеңіне сəскелік асын ішкеннен кейін, атын ерттеп мінген 
Балуан Шолақ, ояздың үйіне қарай аяңдай жөнелді. Жолшыбай ол 
ақыл таразысының екі басында екі ойдың салмағын өлшеп көрді. 
Бір ойы – алтын!.. Көп алтын!.. Баю!.. Атақ!.. Дəреже! 
Бір ойы – ауыл!.. Туған халқы!.. Бойына біткен өнері мен қызық 
қызметін соған көрсету,...атақ, дəрежені содан алу!.. 
Қайсысын алу керек? 
Осындай  ойда  келе  жатқан  Балуан  Шолақтың  көзіне  туған 
жердің бейнесі елестеп кетті. 
Əне, ашық күнде басына бұлт оралып, алыстан көк гəуһар тас 
сияқты мөлдіреген Бурабай тауы!.. Оның аржағы дала!.. Бұйратты 
дала!.. Кең дала!.. Ол далада қаптай қонған ауыл!.. Туған ауыл!.. 
Өскен  ауыл!..  Ол  ауылда  əке-шеше!..  Аға-іні!..  Апа-қарындас!.. 
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   29


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет