1. Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларның қарама-қайшылықтары



Дата31.12.2021
өлшемі30,36 Kb.
#21976

1.Білім беру жүйесіндегі кеңестік үкімет реформаларның қарама-қайшылықтары.

Қазан революциясынан кейін жаңа мәдениет жасау Қазақстанда басталған қайта құрулардың маңызды құрамдас бөлігі болды. Ол мұның алдындағы кезеңдерде қазақ халқы жасаған мәдениет жетістіктеріне сын көзбен қарап, оларды игеру негізінде жүргізіле бастады.

Кеңес мемлекеті мәдени революция процесіне бағыт бере отырып, оған еңбекшілер бұқарасының өздерінің жанды шығармашылығымен белсене қатысуына, олардың басым көпшілігінің «көзін ашып, білім алуға» деген орасан зор ұмытылысына сүйенді. Ана тілі негізінде және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, мәдениетті еркін дамыту үшін барлық халықтарға нақты жасалынған жағдайда ғана еңбекшілердің мәдениет тұрғысынан өркендеуі мүмкін. Сонымен бірге ұлттар томаға-тұйықтыққа қарсы күресте ғана, ұлттардың шығармашылық ынтымақтасуы мен өзара рухани баюы негізінде ғана ұлттық мәдениеттердің гүлденуіне жетуге болатын еді.

Әлеуметтік-экономикалық қайта құрудағы сияқты, мәдени құрылыс саласында да өтпелі кезеңде еңбекшілердің қалың бұқарасына түсінікті, ұғымды жолдар, тәсілдер, құралдар қолданылды.

Алайда мәдени құрылыс үлкен қиыншылықтармен күресу жағдайында жүзеге асырылды. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты, халықтың ұлан-ғайыр аумақта сирек орналасуы, патриархатгық-феодалдық және клерикалдық институттардың ықпалы, өлкенің жалпы экономикалық артта қалуы, халықтың түгелдей дерлік сауатсыздығы, қатынас жолдары мен байланыс құралдарының жеткіліксіздігі, өте-мөте материалдық базаның әлсіздігі, кадрлардың жетіспеушілігі — осының бәрі жаңа мәдени құрылыс қарқынын баяулатты.

Орасан зор қиыншылықтар мен кертартпалыққа қарамастан қазақ еңбекшілерінің сауатын ашу жөнінде мақсаткерлік бағытта жұмыс жүргізілді. Мәдени қайта қүрулар әрқилы ұлтшылдық пен шовинистік көзқарастарға қарсы күрес үстінде өрістеді. Ұлы державалық шовинистік элементтер ұлттық мәдениетті дамытудың қажеттігін бекерге шығарды, ал ұлтшыл элементтер ұлттық томаға-тұйықтықты жақтады, қазақ халқын орыс және басқа халықтардың социалистік мәдениетіне ортақтастыруға қарсы шықты. Идеологиялық майдандағы күрестің қиындықтарын мәдениет қызметкерлерінің, жалпы интеллигенцияның, даярлығы бар кадрлардың аздығы да өршіте түсті.

Мақсаткерлік күрес жүргізу өзінің нәтижесін берді, феодалдық тонаулар жойылды, рулық-патриархаттық тәртіпке, рулық институттарға, діни соқыр сенімдерге қарсы күрес шиеленіскен жағдайда жүргізілді, қазақ әйелдеріне теңдік әперілді, жаппай сауатсыздықты жою, орта және жоғары білім жүйесін құру, кеңестік интеллигенция кадрларын қалыптастыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырыла бастады.

Халық бұқарасының санасын оятуда, арттыруда, саяси-ағарту жұмысы маңызды орын алды. Еңбекшілердің белсенділігін арттыру үшін насихат күндері, апталықтар, айлықтар өткізіліп тұрды. Кітапханалар, мұражайлар, театрлар, жұмысшы үйлері, саяси сауат үйірмелері мәдени-ағарту жұмысының негізгі ошақтары болды, оларда көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс істеді. 1922 жылдың көктемінде республикада 7 орталық және 90 аудандық клуб, 33 аудандық халық үйі, 221 оқу үйі болды. Көшпелі аудандарда қызыл отау, қызыл шайхана, қызыл керуендер құрылды. Олар көбінесе, бұқараның бастамасымен құрылып жатты.

Әйелдер арасындағы жұмысқа көп көңіл бөлінді, 1920-1922 жылдары жер-жерде әйелдер бөлімдері құрылды. Қазақ әйелдерінің еңбек пен жұмыс жағдайларын зерттеу, олардың экономикалық және құқықтық теңдігін қамтамасыз ету мақсатымен 1926 жылғы қарашада Қазақ АКСР ОАК жанынан комиссия құрылды. Жүзеге асырылған нақты шаралар өзінің жемісін берді — әйелдер өндіріс пен қоғам өміріне белсене араласа бастады.

Халық шаруашылығының қалпына келуіне және республика экономикасының нығаюына қарай мәдениет мәселелеріне неғұрлым көбірек көңіл бөлінді. 1925 жылы Қазақстан Кеңестерінің V съезі үкімет пен жергілікті орындарды республикалық және жергілікті бюджеттің кемінде 35 пайызын мәдениет пен ағарту ісінің мұқтажына жұмсауға міндеттеді.

Мерзімді баспасөз бен кітап шығару ісі мықтап дамыды, барлығы 31 газет, оның 13-і қазақ тілінде шығып тұрды. Жыл өткен сайын кітаптар көптеп шығарыла бастады. 1925 жылы 96 кітап 443 мың дана болып таратылса, 1930 жылы тиісінше — 200-ге жуық және 3 млн. Ал 1932 жылы таралымы 6 млн. дана 668 кітап шығарылды. Дегенмен кітап әлі де аз еді, солай бола тұра баспасөз еңбекшілерді үйретті және оларды жаңа, жарқын да еркін өмір құруға шақырып отырды.

Халыққа білім беру. Еңбекшілер бұқарасының мәдени дәрежесін көтеру жөніндегі басты міндеттердің ішіндегі ең шұғылы — патша өкіметінің халықтың сауатсыздығы сияқты масқара мұрасын жою болды. Күйзелушілік пен ашаршылыкқа қарамастан сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс бірте-бірте өріс алды. Қазақ АКСР ОАК 1921 жылғы 26 маусымда 16 жастан 50 жасқа дейінгі жеткілікті білімі бар барлық адамдарды сауатсыздықты жою жөніңдегі жұмысқа жұмылдыру туралы қаулы қабылдады. Әдетге, сауатсыздықты жою ісі бұқараны саяси жағынан ағартумен және олардың арасында социализм идеяларын насихатгаумен байланыстырылды. Сауатсыздықты жою мектептерінде партияның, мемлекеттің экономикалық саясаты туралы, кеңестік жер заңы т.б. жайында әңгімелер өткізілді.

Еңбекшілер зор ынтамен оқуға кірісті. Егер 1920-1921 оқу жылында сауатсыздықты жою жөніндегі 2412 пункт жұмыс істеп, оларда 27,3 мың адам оқыған болса, 1924-1925 оқу жылында тиісінше — 6677 пункт және 1731 мың адам сауатын ашты. Ауылдағы сауатты қазақтардың ара салмағы 1920 жылғы 2,9 пайыздан 1926 жылы 10 пайызға жуықтады. Алайда атқарылатын жұмыс әлі көп еді, өйткені 1,7 млн. қазақ сауатсыз күйінде қалып қойды.

1930 жылғы 11 қаңтарда Қазақ АКСР ОАК сауатсыздықты міндетті түрде жою туралы декрет қабылдады, содан кейін сауатсыздықты жою пункттерінің желісі кеңейе түсті, әліппе мен оқу құралдарын шығаруға және тұрақты сауат ашу мектептерін ұстауға 2 млн. сомға жуық қаржы бөлінді.

Елдегі экономикалық жағдайдың оңалуы халыққа білім беру ісінің өрлеуіне жағдай жасады. 1923 жылдан бастап мектептердің жүйесі ұлғайды, мұғалімдердің тұрмысы жақсара түсті. 1924-1925 оқу жылының басында 1251 бірінші басқыш мектеп, оның 747-сі қазақ мектебі, 25 коммуна-мектеп (24-і қазақша) және 68 жеті жылдық және екінші басқыш мектеп болды. Жалпы алғанда халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінің аяғында 1922-1923 оқу жылымен салыстырғанда қазақ оқушыларының саны 2,4 есе көбейді, ал барлық оқушылар саны осы мерзімде 1,9 есе өскен еді. Бірақ оқулықтар жетіспеді, тек 1921-1922 жылдары ғана қазақ тілінде алғашқы үш оқулық шықты, оның таралымының бір бөлігі Қазанда. Бұдан кейін оқулықтарды басып шығару біршама жақсарды: 1925 жылы таралымы 320 мың дана болып 10 оқулық пен оқу құралдары шығарылды, бұлар негізінен қазақ мектептеріне арналды, ал орыс тіліндегі оқулықтар Мәскеуден әкелінді.

Одақтағы көптеген басқа мұсылман халықтары сияқты, қазақтардың жазба мәдениеті де орталықтың қысымшылығына душар болды, соның әмірімен 20-жылдардың аяғында олар араб алфавитінен бас тартып, латын әрпіне көшті.

Қазақ интеллигенциясының озық бөлігі алфавитті өзгертуге қарсылық білдірді. Араб графикасынан бас тарту ежелгі мәдениеттен, байланыстан айырылғандық, тарихқа, халықтың өткеніне берілген соққы болар еді, — деді А. Байтұрсынов. Бірақ оның даусы естілмей қалды. Бұл жерде де Сталиннің қол шоқпары Голощекиннің ықпалы аз болмады. 1928 жылғы желтоқсанда Қазақ АКСР ОАК-нің сессиясы жаңа алфавитке көшуді заңды түрде бекітті. Ұлттық жазбаны ауыстыру былайша дәлелденді: «Қасиетті» құран осы араб тілінде жазылған, ал оның одан әрі сақталуы революциялық пиғылдағы бұқараның зығырданын қайнатады-мыс. Араб алфавитін сақтауды жақтаушыларға «ұлтшыл» таңбасы тағылып, қатаң жазаланды. Солардың алғашқыларының бірі болған А. Байтұрсынов Ақтеңіз-Балтық каналын салып жүріп, өмір жолын 1931 жылы азаппен аяқтады.

20-жылдардың екінші жартысында діндерге, әсіресе ислам дініне шабуыл күшейді, медреселер мен мешіттер қиратылды, жаппай жабылды. Мындаған молдалар тұтқындалып, дін адамдарының «қаймақтары» атылды. Бұл кезең «исламмен ымыраға келмейтін күрес саясаты» деп аталды.

1932 жылы жалпыға бірдей бастауыш білім беру енгізілді, қазақ тілінде оқулықтар жасалынды. Ұлттық педагог кадрларын даярлайтын 32 педтехникум ұйымдастырылды — осының бәрі ауылдардағы балаларды неғұрлым оқуға көбірек тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді: бұл жөніндегі көрсеткіш 1930 жылғы 22 пайыздан 63 пайызға жетті. Шығыс ұлттары қыз балаларының оқуға тартылуы едәуір өсті.

Кеңестік интеллигенция. Жаңа дәуірге лайық ұлттық интеллигенция кадрларын даярлау өте өткір мәселе еді, өйткені Орталық Ресеймен салыстырғанда мұнда олардың саны анағұрлым аз болатын. Жаңа, ұлттық кеңестік интеллигенцияны қалыптастыру күн тәртібіне қойылды. Ең алдымен педагог кадрлар даярлау мәселесі алдыңғы қатарға шықты. 20-жылдардың ортасына таман кеңестік мұғалімдердің алғашқы топтары қалыптасқанымен олардың білім деңгейі төмен еді. Мәселен, 436 мұғалімнің 252-сінің ғана (5,8 пайыз) жоғары білімі болды; 421 педагог (9,1 пайыз) мұғалімдер даярлайтын институттар мен семинарларды, 533 педагог (12,2 пайыз) гимназияның қосымша педагогикалық кластары мен епархиялық училищелерді, 754 педагог тұрақты педагогикалық курстарды бітірді, ал 1942-сінің арнаулы білімі болмады.

Жоғары білімі бар мамандар республикадан тыс жерлерде — Ташкентте, Мәскеуде, Қазанда, Омбьща және басқа ірі қалаларда даярланды. Қазақтың тұңғыш жоғары оқу орыны — қазіргі Абай атындағы Алматы падагогика университеті (бүрынғы КазПИ) Ташкенттен көшірілген қазақ халқының ағарту институты негізінде 1929 жылы Алматыда құрылды. Сол жылы осында малдәрігерлік-зоотехникалық, 1930 жылы ауыл шаруашылық институттары ашылды. 1931 жылы медицина институтының ашылуы республика өміріндегі үлкен оқиға болды. 1932 жылы Оралда Орынбордан көшірілген халық ағарту институты негізінде құрылған педагогикалық институт жұмыс істей бастады.

Республиканың жоғары оқу орнын дамытуға Мәскеудің, Ленинградтың, Киевтің, елдің және басқа ірі ғылыми орталықтарының ғалымдары зор көмек көрсетті: 30-жылдардың басында аспирантураны соларда тәмәмдаған 75 ғылыми-педагогикалық қызметкер Қазақстанға келді.

Әдебиет және өнер. Жас қазақ әдебиеті ауылдағы өзгерістерді, ғасырлар бойы езілуден және қаналудан кейін кеудесін кере бостандық ауасын жүтқан еңбекшілердің жаңа сезімдері мен ой-арманын білдіріп отырды. Екінші жағынан, жаңа әдебиеттің өміршеңдігі мен қуаттылығының бір себебі — ол ғасырлар бойы мұқият сақталып, толықтырылып келген халықтық шығармашылықтан, бай фольклордан туып, өркендеп өсті.

Қазақ әдебиеті революциадан бұрынғы жазба демократиялық әдебиеттің ұлы Абай негізін қалаған сыншыл реализм дәстүрлері сияқты жетістіктерін пайдаланбай қала алмады. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Спандияр Көбеев және т.б. туындылары ұлттық жазба әдебиетті байытты; олардың шығармашылығы қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасу кезеңдерінің бірі болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Мен, қазақпын» деп мақтанамын — деп жырлады. Ол саяси бағыты айқын: Кеңес өкіметі әділетті қоғам орнатады деп сенді.

20-жылдардың басында-ақ, ұлттық жазушылардың көптеген кадрлары өсіп шықты. Қазақ әдебиетінің осы кездегі бастаушылары С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Б. Майлин т.б. қатарына жаңа үрпақ өкілдері Ғ. Мүсірепов, Ш. Иманбаева, А. Тоқмағанбетов, М. Дәулетбаев, Ғ. Малдыбаев, Ө. Тұрманжанов қосылды. Иса Байзақов, Н. Баймұратов, К. Баймағанбетов, Қ. Айнабеков және басқалар халықтың ауызекі поэтикалық шығармашылығының дәстүрлі формаларында жырлады.

Шығармашылығын революцияға дейін бастаған демократ-жазушылар С Торайғыров, М. Сералин, Ш. Құдайбердиев, әдебиетте тек 20-жылдары ғана алғашқы қадамдарын жасаған I. Жансүгіров, М. Әуезов, С Мұқанов, сондай-ақ халық ақындары Жамбыл, Байғанин, Нартай Бекежанов, Кенен Әзірбаев және басқалар жаңа өмірге үн қосты.

Қазан революциясының жыршысы С Сейфуллиннің «Қазақ жастарының марсельезасы» өлкеге кең тарады. Ақындар өлеңнің ескі формаларын, дәстүрлі көркемдік тәсілдерін пайдалана отырып, жаңа өмір жолындағы күресті қазақ даласындағы зор өзгерістерді жырлады.

Қазақ әдебиетінің тагы бір көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938) шығармашылық жолы қиын да ауыр болды. 1923-1927 жылдары Мәскеудің әдеби көркем институтында оқып жүрген ол әдебиеттің халық өмірімен тығыз байланысты болуын қолдады. Бұл ретте оған ағартушылық, еркіндік және демократиялық тұрғысынан қарады. Оның шығармаларында ұлт-азаттық күрес сарыны бар еді («Батыр Баян», «Ертегі», «Қойлыбайдың қобызы», «Жүсіпхан»).

Ақындық шығармашылықтың ең жарқын үлгілеріне Жамбылдың «Замана ағымы» дастаны мен И. Байзақтың «Құралай сұлу» дастаны жатады. Олар халықтың өткен замандағы ауыр халін көрсетті және еңбекшілердің жаңа өміріндегі қуанышын жырлады.

Қазақ әдебиеті, бір жағынан, халық поэзиясының қуатты ықпалын, екінші жағынан, орыс кеңес әдебиетінің жемісті әсерін қабылдап отырды. М. Горькийдің, А. Серафимовичтың, Д. Фурмановтың, Ф. Гладковтың, В. Маяковскийдің, Д. Бедныйдың және басқалардың шығармаларымен таныса отырып, олардан қазақ жазушылары бұқараның революциялық күресін, адамдар арасындағы жаңа қатынастарды шынайы бейнелеуді үйренді.

Қазақ тілі мен әдебиетін танудың бастаушысы, ана тілін ғылыми зерттеудің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Дарынды ақын әрі көрнекті аудармашы орыс ақындары мен жазушыларының шығармаларын тәржімеледі, А. И. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударды.

20-жылдардағы қазақ кеңес интеллигенциясының тамаша саңылақтарының қатарына Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) жатады. Ол — романшы, драматург, аудармашы. Оның көркем шығармалары эстетикалық бояуының байлығымен, шебер көркемдік баяндалуымен, тілінің айқындылығымен, стилінің әсемдігімен оқшауланады. «Қартқожа», «Ақ білек» романдарында, «Нүр күйі», «Мансапқор» пъесаларында еңбекші халық пен интеллигенция өкілдерінің 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына, Қазан революциясына және азамат соғысына қатысқандардың тұтас бір галлереялық образдарын жасады: сол жылдардағы қазақ ауылының реалистік көрінісін, қазақ даласындағы алғашқы революциялық қайта түлеудің мән-мағынасын ашып көрсетті.

Театр. Музыка. Социалистік мәдени құрылыстың аса маңызды міндеттерінің бірі — халықтық көркемдік шығармашылықты барынша дамыту, халық таланттарының өсуіне жағдай жасау, кәсіби өнердің мазмүнын байытып, жетілдіру. Әуесқойлар театрларының сахнасыңда қойылған спектакльдер еңбекшілердің көкейкесті мүдделерін білдіріп, барша жүртқа үнады, өйткені олардың қаһармандары — тапқыр әрі байсалды шопандар, сараң байлар, жүрегі қалаған жігітпен қосылып, бақыты үшін күрескен қыздар еді.

Көркемдік ұжымдарды ұйымдастыру мен олардың қызметіне Саяси-ағарту бас комитетінің (Главполитпросвет) театр бөлімшесі басшылық жасады. 20-жылдардың басында Орьшборда, Алматыда, Ақмолада және басқа қалаларда өнерпаз театр топтары қүрылды. Олардың ішіндегі ең мықтысы -Семейде 1922 жылы қүрылған драмалық труппа үйірмесі, оған медтехникумның оқытушылары мен студенттері енді. Кейін қазақ өнерінің белгілі қайраткерлері болған Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Ж. Елебеков және басқалар өнер жолдарын осы театр сахнасында бастады. Оның жұмысына М. Әуезов белсене қатынасты.

1926 жылғы 13 қаңтарда қазақтың тұңғыш кәсіби театры салтанатты түрде ашылды. Әртістер М. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пъесасьшан үзінді көрсетіп, концерт берді. Театрдың тәжірибесі жеткіліксіз болды, труппада актрисалар тым аз еді, декорация, реквизит, грим — осының бәрін табу көп қиындық тудырды. Репертуардың жұпындылығынан театрдың белгілі шығармашылық бағдары да болмады. Алғашқы кезде театрдың қызметінде концерттер басым болды.

Қазақ драматургиясы дамыған сайын театрдың репертуары да молая түсті. Бастапқы күндерден ол жұрттың көңілін көтеріп қана қоймай, оларды тәрбиелеуте, жаңа өмірге баулуға тырысты.

Халық музыкасының асыл қазыналарын жинауда және халық әншілерін, музыканттар мен композиторларды іздестіріп табуда орыстың тамаша музыка зерттеушісі әрі композитор Александр Викторович Затаевич аса зор рөл атқарды, ол қазақтың 2300 әні мен күйін жазып алды. 1925 жылы «Қазақ халқының 1000 әні», ал 1931 жылы «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» атты кітаптарын шығарды. Оның жинақтарының материалдары кейін ірі-ірі композиторлардың бірқатар шығармаларына негіз болды. А. Затаевичтің музыка саласындағы еңбегі жоғары бағаланды, 1923 жылы оған қазақ өнерінің тарихында тұңғыш рет республиканың Халық әртісі құрметті атағы берілді.

Қазақ музыкасын республикадан тыс жерлерде насихаттаудағы алғашқы қадамдар 20-жылдары жасалынды. 1923-1924 жылдары тұңғыш рет Мәскеуде қазақ әншілері мен музыканттарының концерті болды. Көп ұзамай қазақ музыкасы шетелдік сахнаға шықты. 1925 жылы Парижде өткен этнография өнерінің Бүкіл дүниежүзілік көрмесінде Әміре Қашаубаев өзінің әсем де ерекше кең көмей дауысымен қазақтың тамаша әндерін орындап, тыңдаушылар мен төрешілерді таң қалдырды, оған екінші дәрежелі сыйлық берілді. 1927 жылы ол Майндағы Франкпуртта (Германия) өткен Бүкіл дүниежүзілік музыка көрмесінде өз өнерін көрсетіп, дәл осындай табысқа жетті. Германияның басқа да бірқатар қалаларына гастрольдық сапар жасады.

20-жылдары ұлттық кәсіби музыканттар даярлауда алғашқы қадамдар жасалынды, музыкалық училищелер ашылды. Талантты жастар Мәскеу мен Ленинградтың консерваторияларында оқыды, орыс хормейстерлері И. В. Коцыктың, т.б. басшылығымен қазақтың тұңғыш ән ұжымдары құрылды.

2.А.Байтұрсынов бастаған қарсылық жұмыстары.

Диплом жұмысының өзектілігі. Кез-келген халықтың ұлттық рухани мәдениеті мен тарихында жазу мен емленің айрықша орын алатыны белгілі. Ұзақ мерзімді тарихи үрдістер нәтижесінде қалыптасып, материалдық және рухани құндылықтарды бейнелеуші және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші ата мұрасы ретіндегі жазу таңбаларының өзгеру тарихы назар аударатын өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістерден рухани сала да шет қалмады. Руханияттың көзі – ағарту ісі үлкен маңызға ие болғандықтан кеңес өкіметі халықты жаппай сауаттандыру және білім беру жүйесіне реформалар жасады. Қазақ алфавитін ауыстыру мәселесі күн тәртібіне қойылып, Қазақстанда Ұлы Отан соғысына дейінгі он екі жыл ішінде алфавит екі рет өзгертілді. 1928-30 жж. Латын алфавиті араб графикасының негізінде жасалған дәстүрлі қазақ алфавитін ауыстырса, 1940 ж. жазу кириллицаға көшірілді.

ХХ ғасырдың 20-30 жж. қызу айтысқа айналып, аз ғана уақыт ішінде өзгертуге ықпал еткен кеңес үкіметінің өктемдік саяясатының мақсаты мен себептері, және осы саясатқа қарсы күрескен А. Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларының пікірлері мен дәлелдерін, төл әліпбиді сақтап қалу барысында жүзеге асырған іс-шаралары туралы әлі күнге дейін ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Тақырып аясындағы ХХғ. 20-30 жж. қазақ зиялыларының екі түрлі позиция ұстануы, латын әрпін ендіру саясатының бастау алуы, алаш зиялыларының араб әліпбиінің артықшылықтарын дәлелдеу себептері, А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен латын алфавитінің қажеттілігі дәрежесін айқындау т.б. мәселелер толық зерттелмеген және объективті баға берілмеген ақтаңдақтар қатарында қалып отыр. Осы мәселенің көлеңке тұстарын анықтау және сол арқылы ХХ ғ. бірінші жартысындағы қазақ қоғамының саяси-мәдени ахуалы мен Алаш зиялыларының ұлттық көзқарасы, идеологиялық ұстанымдарын жан-жақты зерттеу, тану қажеттілігі туып отыр. ХХІ ғасырдағы тәуелсіз қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен рухани, елдік идеясын дәріптеуде Алаш қайраткерлерінің өнегесі мен мұрасының маңызы зор болып табылады.

Диплом жұмысының деректік қоры. Зерттеу жұмысында ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатындағы 81, 83, 141, 740, 929, 1692 қорларындағы 1, 2, 231, 244, 307, 309 істер/1/ қаралды. Және осы мәселеге қатысты ҚР Президенті мұрағатының 141 қорындағы 336, 915, 1560,/2/ негізгі дерек көздері болып табылады. Бұл құжаттарда 1924ж. Орынбор съезіндегі А. Байтұрсыновтың, Н. Төреқұловтың баяндамалары, 1926ж. Баку съезінің құжаттары, латыншылар мен арабшылардың пікірталасы, Жаңа Алфавит Қоғамының Қаулысы т.б. маңызды деректер мен мақалалар бар. Және тақырыпты зерттеуде А. Байтұрсынов еңбектері /3/ де қарастырылды.

Диплом жұмысының зерттелу деңгейі. Бұл мәселеге қатысты толыққанды жүргізілген ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. А. Байтұрсыновтың қазақ емлесі мен тіл ғылымына қосқан үлесі туралы бірқатар филологиялық зерттеулер мен мақалалар жарық көрді/4/. Әліпби тарихына байланысты М. Мырзахметұлының «Қазақ қалай орыстандырылды»/5/ еңбегінде отаршылдық саясаттың кейбір тұстары анық көрсетілді. Тақырыпқа қатысты жазба жұмыстарының көпшілігі мақала түрінде кездеседі. Әсіресе, 2000ж. латын алфавитіне көшу идеясының көтерілуімен байланысты ғылыми жариялымдар мен баспасөз беттерінде бірнеше мақалалар жарық көрді. Атап айтқанда З. Ижанов/6/, Д. Қамзабекұлының/7/ мақалаларында ХХ ғ. 20-30 жж. әліпби айтысы мәселесі мұрағат деректері негізінде зерттелді. А. Байтұрсынов пен алаш зиялыларының күресі туралы А. Б. Салқынбай/8/, Ш. Б. Нұрманова/9/, Ж. А. Арықбаева/10/, Б. Әбілқасымов/11/ т.б. авторлардың мақалалары жарық көрді. Дегенмен А. Байтұрсынов және оның жақтастарының араб әліпбиін сақтап қалуға тырысқан іс-шаралары тарихи тұрғыдан толық түбегейлі зерттелген жоқ.

Диплом жұмысының мақсат-міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – ХХ ғ. басындағы зиялылардың әліпби айтысы мен А. Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының алфавитті өзгертуге қарсы іс-шараларын зерттеу. Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

– латын әліпбиіне көшу идеясының көтерілу себептері мен барысын айқындау;

– А. Байтұрсыновтың араб алфавитіне жасаған реформасы мен араб әліпбиінің ерекшеліктерін қарастыру;

– А. Байтұрсыновтың қазақ емлесін дамытуға қосқан үлесін айқындау;

– Орынбор съезінде араб емлесінің қабылдануы мен оған алаштықтардың қосқан үлесін ашып көрсету;

– Баку съезінде алаш зиялыларының араб әліпбиін жақтау себептері мен дәйектерін айқындау;

– 1924-28 жж. арабшылар мен латыншылардың баспасөз бетіндегі айтысында келтірілген дәлелдерге талдау жасау;

– ЖАҚ бөлімшелері мен Жалпыодақтық түркі жаңа әліпбиінің Орталық комитетінің қызметін қарастыру т.б.

Диплом жұмысының теориялық-методологиялық негіздері. Тақырыпқа қатысты барлық мақалалар мен еңбектерді қарастыра отырып, сыни тұрғыдан талдау жасау. Қазақ интеллигенциясының әкімшіл-әміршіл жүйеге ғылым мен мәдениет саласындағы қарсылығына Тәуелсіз Қазақстан тарих ғылымы мен ұлттық көзқарас тұрғысынан, ретроспективті әдіс пен объективтілік принциптерін ұштастыра отырып, қорытынды жасау. Мұрағат деректеріне жан-жақты талдау жасау.

Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. А. Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының алфавитті өзгертуге қарсы іс-шараларын қарастыра отырып, тақырыпқа қатысты мұрағат құжаттарын ғылыми айналымға енгізу. Алфавитті өзгерту – әкімшіл-әміршіл жүйенің отарлық сипаттағы науқандарының бірі екенін дәлелдеу. Алаш зиялыларының елдік идеяларын насихаттау.



Диплом жұмысының хронологиялық-территориялық шеңбері. Зерттеу жұмысында ХІХ ғ. соңы – ХХғ. Басындағы және 20-30 жж. саяси, мәдени жағдай қарастырылады. Түркі халықтарының латын әрпін қабылдауы мен негізінен Қазақстандағы Алаш зиялылары мен латыншылардың әліпби күресі зерттелді.

Диплом жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспе, екі тараудан тұратын негізгі, қорытынды бөлімдер мен пайдаланылған әдебиеттер тізімін қамтиды.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет