1-дәріс. Морфологияның басты ұғымдары, нысаны мен міндеттері. Морфологияның концептуалды кеңістігі



Дата24.04.2022
өлшемі14,85 Kb.
#32097
түріҚұрамы

1-дәріс. Морфологияның басты ұғымдары, нысаны мен міндеттері. Морфологияның концептуалды кеңістігі
Грамматика гректің grammatike – оқи алу, жаза білу деген сөзінен шыққан. Грамматика сөздердің түрленуін, грамматикалық мағыналарын, сөздердің құрамын, бір-бірімен тіркесуін, олардың арасындағы байланысты, сөйлем құрау ерекшеліктерін қарастырады. Грамматика өз ішінен екі салаға жіктеледі: морфология және синтаксис.

Морфология гректің μορφή – тұлға және λόγος – сөз, ілім деген сөздерінен құралған. Морфологияның зерттеу нысаны – сөз. Бұл салада сөздің жалпы ерекшелігі, ортақ сипаты, топтасуы, түрленуі, жалпы мағынасы қарастырылады. Сөз – тілдегі ең кіші мағыналы бөлшек. Ол заттың атын, сапасын, нақты санды, қимыл-әрекетті білдіреді.

Лексикалық тұрғыдан алғанда, бала, кітап, қалам сөздерінің білдіретін мағынасы алуан түрлі болғанмен, морфологиялық тұрғыдан алғанда, бұл сөздердің бәрі де – заттың атын білдіргендіктен, зат есім, дара, түбір, жекеше тұлғада, атау септігінде тұрған тілдік бірлік болып есептеледі.

Сөздер құрамына қарай дара, күрделі болып жіктеледі.

Негізгі түбір немесе туынды түбір болатын бір ғана сөзден тұратын сөз дара сөз деп аталады. Мысалы: кеме, тінтуір, ұшақ, оқушы, қала, құрлық, т.с.с.

Лексикалық мағынасы бар, әрі қарай бөлшектеуге келмейтін сөз бөлшегі негізгі түбір немесе түбір сөз деп аталады. Мысалы: су, ауа, бала, ана, ет, бас, т.с.с.

Негізгі түбірге сөз тудырушы жұрнақ жалғану арқылы жасалған жаңа сөз туынды түбір немесе туынды сөз деп аталады. Мысалы: балалық, бөлшек, білімді, оқулық, көрермен, т.с.с.

Дыбыс пен мағынадан құралған, ең кіші тілдік бірлік морфема деп аталады. Морфема – сөздің ең кіші мағыналы бөлшегі. Морфема өз ішінен түбір морфема және қосымша морфема болып жіктеледі. Мысалы: егінші сөзіндегі түбір морфема – ек, -ін, -ші – қосымша морфема.

Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын «уақыт», «сан-мөлшер», «персоналдылық», «модальділік» т.с.с. негізгі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады.

Концептуалды жүйеден морфологияның концептуалды кеңістігін құрайтын бөлігін айқындауға болады. Алайда ол концептуалды жүйенің басқа бөліктерінен тыс, дербес бола алмайды. Себебі концепті мазмұны біркелкі сипатта емес, оның түрлі бөліктерін объективтендіру үшін тілдің бірнеше деңгейі қатысады. Когнитивті лингвистикада дәстүрлі лингвистикада сараланған лексика, морфология, синтаксис, семантика сияқты салалар өзара бірлікте қарастырылып, тілдік формаларда көрініс тапқан, адамзаттың ойлау жүйесіне тән жалпы ұстанымдар айқындалады. Әрбір тілдік бірлік терең когнитивті үдерістерді айқындап, мағынаның құрылымдалу тәсілін айқындайтын механизм іспетті.

Тілдік білім морфологияның концептуалды кеңістігінде сақталып, репрезентацияланады. Онда тілдік мағына, категориялар мен тұлғалар туралы білімдер сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны көрінеді. Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді.



Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады. Морфологияда концептуалды жүйенің маңызды бөліктері категорияланады. Сол себепті морфологиялық категориялар мен тұлғалар категориалды мағынаның ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің категориалды бөлігі морфологиялық жолмен берілетін концептілер түрінде көрініс тауып, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін түзеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет