1. Оқыту әдістерінің жіктелуі



Дата28.12.2022
өлшемі32,76 Kb.
#60042

СӨЖ 2
Тақырыбы:
1. Оқыту әдістерінің жіктелуі
2. Қазіргі мектептегі оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту технологиясы

Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.


Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Оқыту тәсілдерінің түрлері:
• ой, зейін, ес, қабылдау, қиялды жақсарту тәсілдері;
• мәселелі жағдаят тудыруға көмектесетін тәсілдер;
• оқушылардың сезімдеріне әсер ететін тәсілдер;
• жеке оқушылар арасындағы қарым-қатынасты басқару
тәсілдері.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің
жүзеге асуына көмектеседі.
Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс.
2. Оқыту әдістері және оларды жіктеу мәселесі. Әдістер белгілі бір негіз бойынша топтарға бөлінеді.
XIX ғасырдың 20-30 жылдарында Б.Е.Райков, К.П.Ягодовский түсіндіру, тәжірибелік, зерттеу, зертханалық әдістерін жетілдірді.
Оқушылар сөзден, кітаптан, көрнекіліктен, тәжірибелік жұмыстардан білім алады. Осыны ескеріп 20-30 жылдарда Н.М.Верзилин, Е.Я. Голант сөздік, тәжірибелік, көрнекілік әдістерін ұсынады. Қазір компьютерлік жүйелер арқылы білім алу мүмкіндігі бар.
М.А.Данилов (1899-1973), Б.П.Есипов (1899-1967) дидактикалық мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістерді топтастырды. Олар: білім алу, іскерлік және дағдыларды қалыптастыру, білімді қолдану, шығармашылық іс-әрекет, бекіту, білім, іскерлік, дағдыларды тексеру. Аталған авторлардың пікірлері бойынша оқыту әдісі - дидактикалық мақсатқа жету үшін оқушылардың іс-әрекетін реттеп, ұйымдастыру тәсілдері. Бұл саралауда әдістер оқытудың алдында тұрған міндеттермен сәйкестендірілген.
И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин оқыту әдістерін оқушылардың танымдық жұмыстарының түріне қарай топтастырған. Авторлар балаларға ақыл-ой жұмысының, өз бетімен білім алудың жолдарын көрсетеді.
Оқытушының басшылығымен жұмыс істейтін оқушылардың танымдық белсенділігі әртүрлі.
Репродуктивтік әдіс арқылы оқушы "дайын" білімдерді есінде сақтап, кейін қатесіз айтып бергенмен, оның ақыл-ой белсен ділігі төмен болады.
Эвристикалық әдіс арқылы ақыл-ой жұмысы күшейеді, оқушы білімді өзінің танымдық іс-әрекеті арқылы алады. Бұл әдіс бастауыш мектептерге де таралған. Бірақ сабақты тұрақты түрде мәселелік, эвристикалық, зерттеу әдістерімен өткізу мүмкін болабермейді.
Ю.К. Бабанский оқу-танымдық іс-әрекетті ынталандыру әдістерін топтады. Ол іс-әрекет 3 бөліктен: ұйымдастыру, ынталандыру, бақылаудан тұратынын атап көрсетіп, әдістерді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау әдістері деп бөледі.
М.И.Махмутов оқыту әдісіне сәйкес келетін оқу әдістерін і іріктеген. Оқыту әдістері: а) ақпарат беру әдісі, ә) түсіндіру әдісі, б) ынталандыру әдісі, в) тәжірибелік әдіс.
Бинарлық әдістер бір-бірімен тығыз байланысты оқыту мен оқудың тәсілдерін (хабарлау, міндеттер қою, мұғалімнің тапсырма беруі, оқушылардың тыңдауы, жаттығулар орындауы, есептер шығаруы, мәтінді оқуы, т.б.) қолдануды талап етеді. Мысалы, мұғалім оқушыларға фактілер мен ережелерді хабарлайды, заттарды көрсетеді, фактілердің мәнін түсіндіреді, оларға сұрақтар қояды. Егер оны тәсілдердің арасында түсіндіру тәсілдері, дәлірек айтсақ фактілерді талдау, салыстыру, хабарлау, т.б басым болса, онда оқыту әдісін түсіндірмелі деп атауға болады. Егер негізгі тәсіл - ақпараттарды, фактілерді ұсынумен шектелсе, (мысалы: мұғалім оқушыларға ережелерді жаттауды ұсынады, бірақ ереженің мәнін түсіндірмей, оны жаттау тәсілін айтады), онда оқыту әдісі ақпараттық- хабарлау, немесе оны жай ғана хабарлама әдісі деп атайды. Осыған сәйкес бірінші жағдайда оқушылар заттарды бақылап, фактілерді есінде сақтайды, мұғалімнің түсіндіргенін тындайды және ой елегінен өткізеді, ақпараттық сұрақтарға жауап іздейді. Бұл жерде оқу әдісі репродуктивтік, дәлірек айтсақ жаңа ережені оқушылар дайын күйінде меңгереді (оқушылар фактілерді талдап, ережелер шығармайды). Егер оқыту әдісі хабарлау әдісі болса, оқудың негізгі тәсілі жаттау, оқушылардың үлгі бойынша жұмыс істеуі. Мұндай оқу әдісін шартты түрде орындаушылық деп атаймыз.
Сондықтан оқушының кітаппен жұмысы оқу әрекетінің тәсілі болып табылады. Егерде оқушы мәтінді талдаса, түсінгенін өз сөзімен айтса, онда кітаппен жұмыс оқу әдісі болып табылады. Егер монологтық баяндау әдісі қолданылса, онда мұғалім әңгімелейді, ғылымның дайын қорытындыларын, ережелерін, фактілерін хабарлап оқиғаларды суреттейді, іс-әрекеттің үлгілерін көрсетеді және оқушыларға тапсырмалар береді. Эвристикалық әдісті қолданғанда мәселелік деңгей (оқушылардың белсенділігі) едәуір көтеріледі, эвристикалық әңгімелерге танымдық (логикалық) есептер және проблемалық тапсырмалар қосылады. Оқушылар мұғалімнің көмегімен "жаңалық" ашады, бірақ негізінен оқушылар өз бетімен жұмыс істейді. Зерттеу әдісін қолданғанда мұғалім оқушыларға тәжірибелік сипаттағы тапсырмалар (тәжірибе жүргізу, қосымша ақпарат, фактілерді жинап оларды өз бетімен талдау және қортындылау, өз ойын дәлелдеуге керекті материалдарды жинау, т.б) береді. Оқушылар оларды өз бетімен орындайды, бірақ бұдан мұғалімнің басшылығы керек емес деген сөз тумайды.
2. Оқыту әдістерін тандау әдетте сабаққа оқу материалының мазмұнын таңдаған кезде жүреді. Ол дидактикалық мақсатқа, оқушылардың білім деңгейіне мұғалімнің өзінің дайындық деңгейіне байланысты.
Әңгіме – оқу материалын ауызша баяндау. А. Байтұрсынов "Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне үқсас" дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады. Міржақып Дулатов Оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрыпқа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол "баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек", - дейді. Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. "Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық", - дейді.
Сөздік әдісі мектептің барлық сатыларында қолданылып, әңгіменің сипаты, көлемі, ұзақтығы өзгереді. Әңгіме арқылы жаңа білімді хабарлау үшін оған кейбір талаптар қойылады. Олар:
• әңгіменің оқушылардың адамгершілігіне әсер етуі;
• әңгімеде дәлелді және ғылыми фактілердің болуы;
• ой пікірдің дұрыстығын дәлелдейтін жарқын және нанымды мысалдардың, фактілердің жеткіліктілігі;
• әңгіменің жүйелілігі болуы керек;
• әңгіменің әсерлілігі;
• тілінің қарапайымдылығы және түсініктілігі;
• мұғалімнің фактілер, оқиғаларға берген бағасының болуы.
Түсіндіру – жеке ұғым, құбылыстарды, құралдар, көрнекі құралдардың жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін ауызша баяндау. Мысалы, шет тілі сабағында жаңа мәтінді өтер алдында оқушыларға жаңа сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мұғалім оқушыларға таныс емес құралдарды немесе басқа көрнекі құралдарды сабаққа алып келіп, жаңа материалды түсіндірмес бұрын оларды оқушыларға түсіндіреді.
Түсіндіру әдісі жаңа тақырыпты түсіндіргенде жиі қолданылады, бірақ бекіту кезінде оқушылар білімді дұрыс меңгермегенде де қолданылады.
Химиялық, физикалық, математикалық есептерді шығарғанда теоремаларды оқығанда, табиғат және қоғам құбылыстарының түбірлі себептерін және салдарын ашу кезінде түсіндіру әдісі жиі қолданылады.
Түсіндіру әдісіне қойылатын талаптар:
• сұрақтарды дәл және аңық тұжырымдау;
• себеп-салдар байланысын ашып, дәлелдер келтіру;
• салыстыру, қатар қою, ұқсату, жарқын мысалдар қолдану;
• жүйелілік.
Түсіндіру – оқыту әдісі ретінде әр жастағы балалар тобымен жұмыста кең қолданылады. Бірақ орта және жоғары сатыларда оқу материалының күрделеніп, оқушылардың ақыл-ой жұмысының мүмкіндіктері өскенде бұл әдіс кіші жастағы оқушылармен жұмысқа қарағанда көбірек қолданылады.
Әңгімелесу – оқытудың диалогтық әдісі, мұғалім оқушыларға мұқият ойластырылған сұрақтарды жүйелі қою арқылы олардың жаңа оқу материалын меңгеруіне жағдай жасап, бұрын оқылған материалдарды қалай меңгергенін тексереді. Әңгімелесу - дидактикалық әдістің ескі түрі, оны Сократ шебер түрде қолданған, сондықтан әңгімелесу әдісін Сократ әдісі деп атайды.
Оқу материалының мазмұны, оқушылардың шығармашылық танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрлері бар. Олар: кіріспе, немесе сабақты ұйымдастыратын әңгіме, жаңа білімді қалыптастыру (сократ, эвристикалық), жинақтаушы, жүйелеуші және бекітуші әңгімелер арқылы оқушылардың іс-әрекеттің жаңа түріне, жаңа білімді тануға дайындық деңгейі анықталады.
Әңгімелесу әдісі. Оқушыны жаңа білімді алуға белсене қатыстырып, оны білім алу әдістеріне, мұғалім қойған сұрақтарға өз бетімен жауап беруге үйретеді. Эвристикалық әңгімелесу барысында мұғалім оқушылардың білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, олардың жаңа білімді түсінуін, қорытынды жасауын жеңілдетеді. Бірлескен іс-әрекет арқылы оқушылар өздері еңбектеніп, ойланып жаңа білім алады.
Білімді жинақтайтын, бекітетін әңгіме оқушылардан теориялық білімдерін, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған. Оқушы өз білімін жаңа оқу және ғылыми мәселелерді шешуге қолданады.
Әңгімелесу барысында мұғалім сұрақты бір оқушыға (жеке әңгімелесу) немесе барлық сынып оқушыларына (жаппай) қояды. Әңгімелесудің бір түрі - оқушымен әңгімелесу. Оны сыныппен, оқушылардың жеке топтарымен өткізуге болады, әсіресе жоғары сынып оқушылары өз пікірлерін айтып, сұрақтар қойып, мұғалім ұсынған тақырыпты талқылайды. Әңгімелесудің нәтижесі көп жағдайда сұрақтардың дұрыс қойылуына байланысты.
Әңгімелесу әдісінің артықшылықтары:
• ес пен тілді дамытуы;
• оқушылардың оқу-танымдық қызметін белсенді етуі;
• оқушылардың білімінің белгілі болуы;
• жақсы диагностикалық құрап;
• үлкен тәрбиелік күші бар.
Әңгімелесу әдісінің кемшілігі:
• уақыттың көп кетуі;
• қауіп элементі бар (оқушы дұрыс жауап бермеуі мүмкін, оны басқа оқушылар естіп, есінде сақтап қалады.
Оқу пікірталастары оқытудың сөздік әдістерінің ішінде елеулі орын алады. Оның оқыту процесіндегі ең басты қызметі - танымдық қызығушылықты ынталандыру, оқушыларды қандай да мәселе бойынша түрлі ғылыми көзқарастарды белсенді түрде талдауға қатыстыру, басқа жеке тұлғанық және өзінің көзқарастарының негіздерін түсінуге жағдай жасау. Пікір-сайыс өткізу үшін оқушылардың дайындығы, талданатын мәселе бойынша кем дегенде екі ңарама-қарсы көзқарас болу керек. Білімсіз өткен пікірсайыс жүйесіз мәселеден ауытқып, нәтижесіз өтеді. Оқу пікірсайыстары оқушылардың өз ойларын анық және дәл тұжырымдау іскерлігінің болуын, дәйекті дәлелдерді құрастыра білуін талап етіп, оларды ойлауға, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге, ой жарыстыруға үйретеді. Мұғалім сөз мәнерінің үлгісі болып, оқушылардың ой-пікірлерін тыңдап, оған әдепті түрде түзетулер енгізіп, өз пікірінің ақиқаттығына таласпай, соңғы сөзді айтуға құқығы бар екендігін оқушылардың естеріне салуы қажет.
Оқу пікірталасы негізгі мектептің жоғары сыныптарында, ішінара, орта мектептің бастауыш сыныптарында қолданылады.
Жақсы өткізілген пікірсайыс балаларға білім және тәрбие береді, мәселені терең түсінуге, өз пікірін қорғауға, басқалардың пікірімен санасуға үйретеді.
Кітаппен және оқулықтармен жұмыс – оқытудың маңызды әдісі. Бастауыш сыныптарда кітаппен жұмыс сабақта мұғалім басшылығымен жүзеге асады. Одан әрі оқушылар кітаппен жұмыс істеуге өздері үйренеді. Баспа материалдарымен өз бетімен жұмыстың кейбір тәсілдері бар. Олар:
• конспектілеу - кітаптың мазмұнын қысқа баяндау;
• мәтіннің қарапайым және күрделі жоспарын жасау. Жоспар құру үшін мәтінді оқып болған соң оны бөліктерге бөліп, әр бөлікке атау беру керек;
• тезистеу - кітаптың негізгі ойларын қысқа баяндау;
• цитаталау - мәтінді сөзбе сөз көшіру. Міндетті түрде автор, кітап (жұмыс) аты, баспасы, шьққан жылы, беттері көрсетіледі;
• аннотация — мәнді, елеулі мағынасын жоғалтпай мазмұнды қысқа баяндау;
• рецензиялау - оқу материалы туралы өз ойын қысқа жазу;
• справка жазу - тапқан кітап, т.б. мағлұмат көзі туралы мәлімет. Анықтамалар статистикалық, библиографиялық (өмірбаяндық, терминологиялық, географиялық, т.б) түрде болады;
• формалдық-логикалық модель - мәтіннің сызбасы;
• тақырыптық тезаурус – бөлім, тақырып бойынша негізі ұғымдарды ретке келтіру.
Оқушылар үшін білім көзі – бақылау, мұғалім сөзі, баспа материалдары. Оқулықтар, оқу құралдары, ғылыми – көпшілік әдебиеттер және журналдардан оқушылар түрлі ақпараттар алып, сабақта алған білімдерін бекітуге, кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік алады, өз бетімен білім алу әдістерімен қаруланады. Кітаппен жұмыс әдісін меңгеру үшін ең алдымен оның тәсілдері меңгеріледі.
Кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруде бастауыш мектепте қолданылатын, көп уақыт алатын статикалық оқу үлкен рөл атқарады. Мұндай оқудың мақсаты мәтінді түсіндіру, оқушыларға мәтінді толық меңгерту, оған мәтіннің негізгі идеясын ұқтыру. Жаңа ақпаратты түсінудің құнды әдісі – мәтінді талдау.
Мұғалім кітаптар мен журналдарды тақырыпқа сай қолданады. Осы өздік жұмыстың жиі қолданылатын тәсілдері:
1. Белгілі бір ақпарат алу және оны бекіту мақсатымен кітапты оқып шығу. Осы мақсатқа жету үшін, мұғалім оқушыларға қысқа мерзім ішінде мәтінді қалай түсінуге болатындығын айтады. Әдетте, оқушылар мәтінді бір рет оқып шыққан соң, оны талдап, мәтіннің жоспарын жасайды.
2. Түсініксіз сөйлем және сөздердің мағынасын сөздік немесе энциклопедия арқылы ашып, қосымша әдебиеттерден ақпараттар алып, керекті мәліметтерді конспектілеп, оқығанын өз сөзімен айтып көреді. Мұғалім оқушыларды мәтіндегі негізгі ойды бөлуге үйрету керек. Жоспар жасау үшін мәтіндер бір-бірімен өзара байланысты бөліктерге бөлінеді де, әр бөлікке атау беріледі.
3. Қосымша әдебиеттерді қолдану үшін оқушылардың өз бетімен жұмыс істеу қабілеті болуы керек. Оқушылардың кітаптар мен журналдарды сыни тұрғыдан оқуының да үлкен маңызы бар. Идеялардың матрицасы - әртүрлі авторлардың еңбектеріндегі біртекті ойлар мен құбылыстарға салыстырмалы сипаттама беру.
Оқытуда қолданылатын көрнекілік әдістер
Көрнекілік әдісі. Әл-Фараби "Оқытудың негізгі әдісі - көрнекілік" деп, оның мақсаттарын, тәсілдерін (түсіндіру, әсерлендіру, есте қалдыру) ұсынады. Оқу материалын меңгеру көп жағдайда оқыту процесінде қолданылатын көрнекі құралдарға және техникалық құралдарға байланысты.
Көрнекілік әдісі оқытудың сөздік және тәжірибелік әдістерімен өзара байланыста қолданылады және құбылыстармен, объектілермен оқушыларды таныстырранда олардың сезім мүшелеріне әсер етіп, алуан түрлі сурет, көшірме, сызба арқылы құбылыс, процесс, объектілердің символдық бейнелерін немесе оларды табиғи күйінде қабылдайды. Қазіргі мектепте осы мақсатпен экрандық және техникалық құралдар кең қолданылады. Көрнекілік әдістерін шартты түрде екі үлкен топқа бөлуге болады: иллюстрация және демонстрация.
Иллюстрация әдісі арқылы оқушыларға иллюстрациялық құралдар – атап айтсақ: плакат, кесте, картина, карта, тақтадағы суреттер, үлгілер көрсетіледі.
Демонстрацияның (көрсету) оқыту әдісі ретіндегі ерекшеліктері
Демонстрация әдісі арқылы заттар мен құбылыстар тәжірибе жасау арқылы немесе техникалық құралдардан, кино-фильмдерден, диафильмдерден көрсетіледі.
Оқу процесіне жаңа техникалық құралдарды енгізу (теледидар, видеомагнитофондар) оқытудың көрнекілік әдісінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазіргі уақытта көрнекі құралдың жаңа түрі – жеке тұлғалар қолданатын компьютерлерге ерекше көңіл бөлініп, мектептерде электронды-есептегіш техникасы кабинеттерін құру міндеті шешілуде, оқу процесіне белгілі бір жағдаяттарды және процестерді үлгілеуге мүмкіндік беретін компьютерлерді енгізу міндеті де қолға алынуда. Олар оқушыларға бұрын оқулық мәтінінен меңгерілген көптеген процестерді қозғалыста, көрнекі түрде көруге мүмкіндік береді. Компьютерлер, көрнекілік әдістерінің оқыту процесіндегі мүмкіндіктерін елеулі түрде кеңейтеді.
Оқытудың көрнекілік әдісінің шарттарды:
• көрнекіліктің оқушылардың жасына сәйкестігі;
• көрнекілікті сабаөтың керек сәтінде қолдану;
• демонстрацияланған затты барлық оқушылардың көруі;
• иллюстрацияның ең бастысын, мәндісін нақты бөлу;
• құбылыстарды демонстрациялау кезінде берілетін түсініктерді мұқият ойластыру;
• демонстрацияланатын көрнекіліктің оқу материалы мазмұнымен сәйкес келуі;
• көрнекі құрал мен демонстрациялық қондырғылардан керекті мәліметтерді табуға оқушыларды ңатыстыру.
Оқытудың тәжірибелік әдістері арқылы оқушылар тәжірибелік қызметпен айналысып, тәжірибелік іскерліктері мен дағдыларын қалыптастырады. Тәжірибелік әдістер: жаттығулар, зертханалық және практикалық жұмыстар.
Жаттығу көмегімен ақыл-ой және тәжірибелік іс-әрекет меңгеріледі. Ол барлық пәндерді оқуда, оқу процесінің түрлі кезеңдерінде қолданылады. Оның сипатыжәне әдістемесі оқу пәнінің ерекшелігіне, нақты оқу материалына, оқушылардың жасына байланысты. Жаттығу сипатына қарай ауызша, жазбаша, графикалық және оқу-еңбек деп бөлінеді.
Оқушылардың өз бетімен жұмыс істей білу деңгейіне қарай жаттығулар бірнеше түрге бөлінеді:
• белгілі білімдерді еске түсіріп, оны бекіту мақсатындағы жаттығулар;
• білімді жаңа жағдайда қолданып жаттығу.
Егер оқушы іс-қимылдарды ауызша айтса, онда оны түсіндіру арқылы жаттығу деп атайды. Мұғалім оқушы іс-әрекетінен қателіктер тауып, оқушылардың іс-әрекетіне түзетулер енгізеді.
Жаттығулардың ерекшеліктері:
Ауызша жаттығулар логикалық ойды, есті, тілді оқушылардың зейінін дамытуға көмектеседі.
Жазбаша жаттығулар білімді бекіту және оны қолдану іскерлігін жасауда қолданылады. Оларды қолдану логикалық ойды дамытуға, жазбаша тіл мәдениетін, өздікті дамытуға көмектеседі. Әрбір оқу пәнінің міндетті бөлігі - ана тілінен шет тіліне аудару, берілген тақырыпқа шығарма жазу, суретпен жұмыс, өз бетімен мысалдар және есептер, кесте құрастыру, диаграмма, баяндама, көрініс әзірлеу. Жаттығуды орындау алдында оқушыларға теориялық материал түсіндіріліп, нұсқау беріледі.
Жазбаша жаттығулар: ана тілі, шет тілі, математика, т.б. пәндерде орындалады.
Оқушы оқуға үйренгенде, мәтінді мәнерлеп оқып, грамматикалық ережелерді қолданып, көптеген жаттығулар жазады.
Графикалық жаттығулар: кесте, сызба, технологиялық карта, альбом, стенд жасау, экскурсия кезінде салған суреттер.
Оқу-еңбек жаттығулары: оқу шеберханаларындағы қағазбен, картонмен, ағашпен, металмен жұмыс істеу, әр түрлі құралдар қолдану, станок, тетіктерді басқару, "Конструктор" ойыншықтармен жұмыс істеу.
Жаттығу әдісіне қойылатын талаптар:
• оны орындауға деген оқушылардың саналы көзқарасы;
• жаттығуларды орындаудағы дидактикалық сабақтастық: алдымен оқу материалын түсінуге көмектесетін, содан кейін есте сақтауға, қолдануға, оқылғанды жаңа жағдаяттарда өздігінен, шығармашылықпен қолдануға, жаңа материалды бұрын меңгерген білім, іскерлік және дағдылар жүйесіне қосуға мүмкіндік беретін жаттығуларды орындау.
4. Оқушылардың таным-белсенділігі деңгейіне қарай топтастырылған әдістер (И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин)
Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс. Бұл әдіс арқылы оқушылар ақпараттарды меңгереді. Оны басқаша ақпараттық-рецепция (қабылдау) әдісі деп атайды. Осы әдіс арқылы мұғалім дайын ақпараттарды оқушыларға түрлі құралдармен түсіндіреді, ал оқушылар ақпараттарды түсініп, естерінде сақтайды.
Ақпараттар әңгіме, дәріс, түсіндіру, кітап, қосымша құралдар, көрнекі құралдар арқылы беріледі. Мұғалім – есептер шығарады, теоремаларды дәлелдейді, жоспар құруға үйретеді. Оқушылар - мұғалімнің іс-әрекетін қайталайды, тыңдайды, көрнекіліктеріне қарайды, заттармен жұмыс істейді, оқиды, бақылайды, жаңа оқу материалдарын бұрынғы білімдеріне қосады.
Түсіндірмелі-иллюстративтік әдіс арқылы адамзат жинақтаған тәжірибені аз уақыт ішінде беруге болады. Оның пайдасы ғасырлар бойы тексерілген және көп елдерде қолданылады.
Көп ғасырлар бойы білім беру үшін мұғалімнің сөзі, оқу кітаптары, жұтаңдау көрнекі құралдар қолданылады. Қазір ақпараттар техникалық құралдар арқылы да берілуде. Олар арқылы ғалымдармен, жазушылармен, суретшілермен, әртістермен, конструкторлармен, т.б. кездесу өткізуге болады.
Оқу кинолары, телехабарлары зат және құбылысты жақсы қабылдап, түсінуге көмектеседі. Олар арқылы өсімдіктің қалай өсетінін, ғарыштағы микроағзалардағы құбылыстарды көреді. Жұмыс істеп тұрған үлгілерді, табиғи объектілерді демонстрациялауды кең қолдану керек.
Түсіндермелі-иллюстративтік әдіс бастауыш мектептерде кең тараған. Ол арқылы білім "дайын" күйінде беріледі. Мұғалім материалды қабылдауға көмектеседі, оны оқушылар түсініп, естерінде қалдырады. Бұл әдісті шектен тыс қолдануға болмайды.
Репродуктивтік әдіс. Бұл әдіс арқылы мұғалім оқушының іскерлігін және дағдыларын қалыптастырып, тапсырмалар беріп, өзі меңгерткен білімді, үйреткен іскерлік дағдыларын оқушыларға қайталатады. Оқушылар мұғалімнің есебіне ұқсас есептер шығарып, тіл сабақтарында үлгі бойынша жіктейді, септейді, жоспар құрып, мұғалімнің нұсқауымен станоктармен жұмыс істеп, химиядан, физикадан тәжірибе жасайды.
Репродуктивтік әдіс мұғалімнен ұйымдастырушылық қабілетті талап етеді. Мұғалім сөздік, көрнекілік, тәжірибелік әдістер арқыл ы жаңа оқу материалын түсіндіреді, ал оқушыл ар оларды тапсырмаларды орындау үшін қолданады.
Оқушыларға берілетін нұсқаулар жетілдіріліп, жауаптары бар бағдарламаланған оқулықтар жасалуда. Оларға ауызша түсіндіру, қалай жұмыс істеуді айтумен қатар, жұмыс істеуге керек сызбалар, кинодан үзінділер көрсетіледі.
Білімнің көлемі көп болғанда репродуктивтік әдіс түсіндірмелі-иллюстративтік әдіспен бірге қолданылады.
Оқушыларға алгоритм беріледі. Алгоритм - оқушыға зат не құбылысты толық білуге көмектесетін бағыт беретін іс-әрекеттердің жүйесі. Оқушыларға конспектілеудің, салыстырудың, есеп шығарудың алгоритмдері беріледі. Алгоритмдер бірнеше операциялары бар дағдыларды қалыптастыруға пайдалы, себебі күрделі іс-әрекеттен оның жеке операциялары бөлінеді.
Репродуктивтік әдіс бағдарламалық оқытумен тығыз байланысты. Ол арқылы тәжірибелік жұмыстар атқарылады. Оқушылар өз бетімен меңгере алмайтынын, олар үшін мүлдем жаңа тақырыптарды репродуктивтік әдіспен беру керек.
Аталған әдісті шектен тыс қолдану жаттандылыққа әкеліп, оқушының шығармашылығын, ақыл-ойын дамытпайды. Себебі репродуктивтік әдісті қолданғанда оқушылар үлгі, нұсқау бойынша жұмыс істейді.
Мәселелік әдісті қолданғанда оқушылар орындайтын іс-әрекеттен шығармашылық іс-әрекетке көшеді. Бастауыш мектептің оқушылары мәселелік міндеттерді өз бетімен шеше алмайды, сондықтан мұғалім оларға мәселені шешу жолдарын көрсетеді, мәселені толықтай өзі шешеді. Оқушылар мәселені шешпесе де, танымдық қиындықтарды шешу жолдарын көреді. Мәселелік әдістің орта және жоғары сыныптарда пайдасы көп. "Токты күшейту және әлсірету үшін, температураны көтеру және түсіру үшін не істеу керек?" - деген сұрақтар мәселелік сұрақтар.
Қиын жағдаят мәселені шешуге керекті білімдерді, ақыл-ой жұмысына қабілетті, үлкен белсенділікті талап етеді. Оны оқушылар өз беттерімен немесе мұғалім көмегімен шешеді.
Мәселелік жағдаятты тудырудағы мақсат - оқуды қиындату арқылы оқу материалдарын меңгерту, баланың ақыл-ойын жұмыс істету. Мәселелік жағдаят сұрақтар қою, болжам айту, дәлелденбеген пікірлерді талдату арқылы жасалады. Оқылып отырған құбылыстың сызбасы, диаграммасы жасалады. Оқушылар шығармашылықпен жұмыс істеп, білімдерін емін-еркін естеріне түсіреді. Мәселелік әдіс оқушыларды тапқырлыққа, қарама-қайшылықтарды түсінуге, болжамдар айтуға, дәлелдер келтіруге, шешім табуға үйретеді.
Ішінара ізденіс немесе эвристикалық әдіс. Оқушыға мәселені өз бетімен шешуге үйрету үшін, оған шағын зерттеу жұмыстарын беру керек. Мұғалім картиналар, құжаттар көрсетіп, оларға сұрақ қоюды ұсынады, фактілерден қорытынды шығартады, ұсыныстар айтқызады. Эвристикалық әдіс арқылы сабақ өткізетін мұғалім алдын ала мәселені шешуге алып келетін, оқушылардың білімдерін еске түсіртетін сұрақтар әзірлейді.
Эвристикалық әңгіме үшін құрастырылған сұрақтар мәселелік сипатта болады. Оқушылар ізденеді, шығармашылықтарын көрсетеді. Оқушылар жеке мәселелік сұрақтарды шешсе, онда ішінара – ізденіс әдісінің қолданылғаны. Мұғалім тапсырма әзірлеп, оның қай жерлерін оқушылар зерттеу арқылы орындайтынын белгілейді.
Зерттеу әдісі шығармашылық жұмыс тәжірибесін жақсы үйрену үшін қолданылады. Зерттеу әдісі арқылы оқушы білімін қолданып, ғылыми таным әдістерімен жұмыс істеп үйреніп, жаңа мәселелерді шешу тәжірибесін жинақтайды.
Зерттеу жұмыстары сабақта, үйде орындалып, бір аптада, бір айда орындалатын тапсырмалар жоспарланады. Мысалы, әдебиеттің мұғалімі "Қазақстан жазушыларының нарық кезінде жазған шығармалары" - деген тақырыпта тапсырма береді. Оқушылар барлық жұмысты өз беттерімен орындайды. Өсімдіктер өсіру үшін қолданылған агротехникалық тәсілдердің пайдасын анықтау жөнінде тапсырмалар беріліп, зерттеу жұмысының жоспары жасалып, қорытындыларының дұрыстығы тексеріледі. Осы жоспармен туған өлке тарихын зерттетуге болады. Оқушылар эксперимент жүргізеді, ғылыми эксперименттерге қатысады, ұзақ уақыт кететін тапсырмалар көп болмау керек. Әр пәннен жылына бір рет тапсырма берген жақсы. Бір оқу жылы ішінде барлық пәндерден зерттеу жұмыстарын беру тиімсіз. Зерттеу жұмысының түрлері: өсімдіктерді, жануарларды, табиғат құбылыстарын бақылау, баяндамалар оқу, технологиялық процестерді жетілдіру туралы ұсыныстар айту, ғылыми-көпшілік әдебиеттерді талдау, т.б.
ІХ-Х сынып оқушыларын әдебиетті іріктеуге, аннотация жасауға, конспектілеуге, картотекалар жасауға, жоспар жасауға, материал жинауға, оның жоспарын жасауға, құрастыруға, баяндауға үйрету керек.
Зерттеу кезеңдері: 1) факті, не құбылыстарды бақылау, зерттеу; 2) зерттелетін мәселелерді анықтау; 3) мәселені шешу жөнінде жорамал айту; 4) зерттеудің жоспарын жасау; 5) зерттеу; 6) нәтиже; 7) оны қолдану туралы ұсыныс.
Оқушының шешетін мәселелері оқу бағдарламасына ену керек. Оқушының зерттеуі ғалымның зерттеуіне ұқсас, күрделі болмау керек. Оларды әдіскер-ғалымдар жасайды.
5. Оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру әдісі
Дедуктивтік әдіс арқылы мұғалім ережелерді, формулаларды, заңдарды түсіндіріп, оны оқушы меңгереді. Аталған әдіс оқу материалын тез меңгеруге көмектесіп, абстрактылы ойлауды дамытады. Оны теориялық материалдарды оқуға, есептер шығаруда қолданған дұрыс.
Эвклидтің элементарлық геометриясы дедуктивтік әдіспен оқытылады. Бірақ оқушылардың дайындығын қатаң түрде ескеру керек. Егер олар кейбір ұғымдарды, теорияларды білсе, онда мұғалім оларды жеке зат және құбылыстарды меңгерту үшін қолданады.
Дедукция әдісі арқылы оқушы өзі білетін қорытындыларды, ережелерді, ғылыми заңдарды бақылау жүргізгенде, тәжірибе жасағанда, жаттығу жазғанда қолданады. Мысалы, теңіз кемелерінің қанша тонна жүк көтеретінін білу үшін Архимед заңы қолданылады. Жазбаша жаттығу жазғанда белгілі грамматикалық ережелер қолданылады.
Индуктивтік әдіс. Индукция - латын сөзі. Оқушыларды белгілі бір қорытындыларға әкелу. Алдымен оқушыларға жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығартады. Индукция әдісі дедукциямен бірге қолданылады.
Осы екі әдіс арқылы ой-тұжырымдарын жасау - оқытудың логикалық негізі болып табылады. Оқу пәнінің мазмұны, логикасы бағдарламасы индукция әдісін қолдануды талап етеді. Индукция әдісі бастауыш сыныптарда жиі қолданылады. Себебі Бұл жастағы балалар нақты жеке құбылыстарға қызығады. Олардың кейбір белгілерін анықтап, талдап, қорытындылар жасайды. Осылайша жасалған ұғымдарын сөз арқылы айтады. Осы кезден бастап дедукция әдісі қолданыла бастайды.
Импрессивтік әдістер. Импрессия (латын сөзі, әсер, толғаныс, сезім) әдісі арқылы балалар мен жастар немесе ересектер шығарма және оның авторы туралы ақпарат алып, оны талдап, шығарманық негізгі идеясын айтады.
Оқушы шығарманық негізгі идеяларын оның кейіпкерлерінің мінез-құлқымен, жүріс-тұрысымен салыстырады, өзінің сөзі мен ісіне ойлана қарай бастайды.
Осы әдісті әдеби шығармаларды, сахналық қойылымдарды, кинофильмдерді, сәулет өнері, саз өнері шығармаларын және адамның мінез-құлқын талдау үшін қолдануға болады. Бұл әдісің тиімділігі ең алдымен шығармаларды іріктеуге, мұғалімнің оқушыларды әсерлендіре білуіне, оқушылардың өз ойын басқалармен бөлісе алуына байланысты.
Экспрессивтік әдістер. Экспрессия (латын сөзі, бейнелеу) әдісі арқылы жасалған жағдайда оқушылар нақты құндылықтар жасап, өздерін танытады. Оның жақсы мысалы оқушылардың сахналық қойылымдарда түрлі рөлдерде ойнауы, сценарий жазулары, режиссер, ұйымдастырушы болулары, қарапайым шығарманы сахнаға лайықтап қоюы.
Мұғалім экспрессивтік әдіс арқылы топқа және жеке оқушыларға сурет салдырып, мүсін жасатады, қысқа метражды фильм шығартады. Оқушылар жұмысының көрмесі, тарихи оқиғаларды сахнаға лайықтап қою да экспрессивтік әдіс арқылы жасалады.
Адамдардың қарым-қатынасын әнмен айтылатын қысқа комедиялы пьеса немесе психологиялық драма түрінде көрсету оқушыны жақсы болуға тәрбиелейді.
Бала тебірене, толғана отырып рухани құндылықтарға баға береді. Бұл баға өзгермейді.
Экспрессивтік әдіс оқушылардың шығармашылық белсенділігін туғызады, фотоаппарат, ұнтаспа, радио, теледидар, ұлғайтқыш аппараттар, кинокамера, күйтабақ, бейнемагнитафондар адамдар жасап шығарған рухани мәдениетті көруге, үйренуге көмектеседі, тәрбиеленушілердің біліктілігін арттырады.
6. Ынталандыру әдісі
Қызығушылықтың үш түрі:
• іс-әрекетке деген оң көзқарастың болуы;
• танымның баланы жақсы сезімге бөлеуі;
• іс-әрекеттің баланы ынталандыруы.
Оқыту процесінде баланың оқу іс-әрекетіне оң көзқарасын туғызу керек. Оқылып отырған материалдың оқушыны тебірентуі, қуанышқа бөлеуі, таң қалдыруы, аяушылық сезімін тудыруы сабақтың мақсатына жетуді тездетеді.
Педагог ақын М.Жұмабаев ақыл көріністері әсерленуден пайда болады, әсерленудің күшті болуы, жалғасып дамуы ұғымның дұрыс болуының кепілі деп көрсетеді. Жаңашыл мұғалім Е.Н.Ильин әдеби шығармалардың адамгершілік туралы жазған жерлерін оқушыларға талдатады. Қызықты мысалдар, тәжірибе жүргізу, бір-біріне кереғар келетін айғақтар оқушының түрлі сезімдерін туғызып, оны оқуға ынталандырады. "Тұрмыстағы физика", "Ертегілердегі физика" деген тақырыпқа мысалдар жинату да пайдалы жұмыс.
Атақты ғалымдардың және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы кештер, көркем әдебиеттен үзінділер оқу танымдық қызығушылықты арттырады.
Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті де оқушы сезіміне әсер етеді. Оқулық тақырыптарының мазмұны - оқу іс-әрекетіне қызықтыратын негізгі құрал.
Оқуға қызықтырудың өте жақсы әдісі - танымдық ойындар. Пікірсайыстар да оқушыны оқуға қызықтырады. Үлгерімі төмен оқушыларды жеткен жетістігіне қуанту да олардың оқуға ықыласын арттырады.
Жауапкершілікті қалыптастыру әдістері.
Тәсілдері:
• оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру;
• талап қою;
• талаптарды орындауға үйрету;
• өз міндеттерін жақсы атқаратындарды мадақтау;
• керек жағдайда жазалау әдісін қолдану;
• оқушыға кемшіліктерін айтып, оларды түзетуге көмектесу. Оқушыға оқудың өзіне және қоғамға пайдасын түсіндіру үшін мұғалім өндірістің дамуына ғылымның қалай әсер еткенін айтып, білімділік еңбек өнімділігін арттырып, жаңашылдыққа әкелетінін дәлелдейді.
Оқушыға оқудың пайдасын түсіндіру. Жаратылыс-математика бағытын таңдаған балаларға қоғамдық ғылымдардың, қоғамдық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқитын оқушыларға жаратылыс-математика бағытындағы пәндердің пайдасын түсіндіру үшін өндіріске экскурсияға, мәдени орталықтарға, кітапханаларға экскурсияға апарудың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің дарынды балаларға жасап отырған қамқорлығын, түрлі олимпиадаларға қатысудың, мамандығын растайтын құжаттардың тіршілік үшін маңызын түсіндірудің пайдасы зор.
Оқуға байланысты талаптар қою әдісі арқылы оқушыларға барлық пәндер бойынша бағалау өлшемдері, мектептің ішкі төртібі, оқушылардың құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі. Оқушыларды оқу жұмысының алуан түрін орындауға үйрету, жаттықтыру борыш пен жауапкершілікті қалыптастырады. Үлгілі оқушылар мен мұғалімдердің де бала оқуына ықпалы зор.
Оқудағы мадақтау және жазалау әдістері.
Мадақтау түрлері:
• баға қою;
• тапсырмалар арқылы оқушыны табысқа жеткізу;
• оқушыны тәжірибе және зертханалық жұмыстарды жүргізуге көмекші етіп алу;
• топтық тәжірибелік жұмыс кезінде оқушыға бөлімшелерді басқарту;
• үлгерім және сабаққа қатынас көрсеткіштерін шығару;
• білімнің қоғамдық байқауының қорытындылары бойынша мадақтау;
• жақсы оқитын оқушылардың үлгерімі төмен оқушыларға көмектесуі, т.б.
Жазалау түрлері:
• сабақта оқушыға ауызша ескерту жасау;
• күнделікке, дәптерге "қанаттанғысыз" баға қою;
• қателерін айтып, қосымша жұмыс істеуді талап ету.
Ойын - оқыту әдісі
Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекетінің негізгі түрі, ал оқушылар мен ересектер ойынды сабақтан және жұмыстан қолы бос кездерінде ойнайды. Бірақ оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Ойын туралы көптеген теориялар бар. Солардың бірін алғаш рет жасаған Ф.Врубель. Ол ойын арқылы бала өзін-өзі көрсеткісі келеді дейді. М.Лазарус жұмыстан кейін демалу теориясын, Г.Спенсер ойын арқылы денедегі артық энергияны шығару, К.Крус тіршілік үшін күреске әзірлеу ойындарының, С.Л.Рубинштейн еңбекке дайындайтын ойындарының теорияларын жасады. Ойын туралы қазіргі көзқарастар оның көптеген қызметін анықтап отыр. Ол баланың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын қанағаттандырып, оның өмірге бейімделуін жеңілдетеді (Д.Б.Эльконин), болмысты тануға көмектеседі. Ойын арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоғамды құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланып, ұтылуға емес, ұтуға тырысады. Оқушылар ертегілерді, аңыздарды, әдеби шығармаларды, өмірден алынған оқиғаларды сахнаға лайықтап қойып, өздері түрлі рөлдерде ойнайды.
Симулятивтік ойындар кезінде оқушылар өз бетімен күрделі мәселелерді шешеді. Бұл ойындар алғаш рет әскери училищелерде кескілескен шайқастарды бейнелеу үшін қолданылған. XX ғасырдың 60 жылдарының басында көптеген елдердің білім беру ұйымдарында іскерлік ойындар қолданыла бастады.
Іскерлік ойындар арқылы бала түрлі оқиғаларға қатысып, еңбек, отбасылық, қоғамдық қатынастарға енуге әзірленеді. Енді отбасындағы өмірді түсінуге көмектесетін іскерлік ойыннан үзінділер келтірейік.
Бірінші кезең "Жас отбасының бюджеті" деген жағдаят. Жоғары сынып оқушылары "отбасыларына" бөлінеді, әр отбасында жас жұбайлар мен олардың туысқандары тұрады. Эксперттер құрамына мұғалімдер, ата-аналар, жоғары сынып оқушылары енеді. Эксперттердің міндеті - ойыншыларға "тұрмысқа" керекті қаржы, құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беру.
Мысалы, бір жұп тамаққа күніне 200 теңге жұмсаймыз дейді. Ал эксперттер оған қандай тамақтың түрлерін сатып алатындығын айтуын сұрайды. Азық-түлікті сатып алған соң, ойынның екінші кезеңі басталады. Ойынға қатысушылар бір-бірімен пікір таластыра бастайды. Қалған ақшаға "әйелі" өзіне киім алғысы келеді, ал "ері" жинақтау қорына салғысы келеді.
"Ата-аналары" нені сатып алу жөнінде ақыл айтып, жас жұбайларға ақшалай көмек беретіндіктерін айтады. Эксперттер оларға өздерінің мүмкіндіктерінді ескердіңдер ме? Балаларыңыз сендерге неге көмектеспейді? "Масылдарды тәрбиелеу жақсылыққа әкелмейді" деген пікірлер айтады.
Кейін жоғары сынып оқушыларының келісімімен ойынға ата-аналар қатысады. Бұл ойын болғанмен, ондағы жағдаят өмірде болатын жағдайға жақын. Ойында оқушылар түрлі шешімдерге келіп, әрекет жасайды. Олар үшін отбасылық экономика, отбасындағы психологиялық ахуал деген ұғымдар анық бола бастайды. Бұл мысалдан іскерлік ойында нақты жағдай көрсетілетінін білдік. Біз отбасылық өмірдің бір сәтінен үзінді келтірдік. Ойын барысында жасалған шартты үлгі өмірде болатын жағдайлар. Осылайша тарихи оқиғаларды балаларға іскерлік ойындар арқылы меңгертуге болады.
Ғалымдар зерттеуі іскерлік ойындардың оқушылардың оқу үлгеріміне жақсы әсер ететін дәлелдеп отыр. Іскерлік ойындар оқытудың тиімді, үнемді, негізгі әдістерінің бірі. Олар оқушыны ңысым жасамай оқытуға мүмкіндік береді, оқушының оқиғаны терең толғаныстармен түсінуіне себепші болады.
Мұғалімдер көптеген танымдық ойындар өткізеді. Ойын түрінде болатын саяхат, электрлендірілген викториналар арқылы белгілі бір ауданның жануарлар дүниесі, ұшақ, корабльдердің түрлері оқылады.
Алуан түрлі ребустар, сөзжұмбақтар, құпияхаттар, сөзтуымдар, логикалық есептер білім береді және оқушыларды ынталандырады. Математикада "Кім жылдам", "Ең үздік есепші", "Хоккей" ойындары тез санауға үйретеді. "Бағдаршам", "Дым білмес"ойындары арқылы жол жүру ережелері қайталанады. Ал "ғарышкерлер" ойыны ғылым жетістіктерімен, "Футбол", "Хоккей" ойындары еліміздің спорт шеберлерінің жетістіктерімен таныстырады. "Ағашты кім тез отырғызады" ойыны табиғатты күтіп ұстауға тәрбиелейді. Іскерлік ойындар ойнағанда бала нақты оқиғалардың куәгері болып еңбек етуге отбасылық өмірге, қоғамдық қатынастарға әзірленеді.
Идеялар банкі. Бұл әдіс ой майданы деп аталады. Топтық алдына бір міндет қойылады, осы міндетті шешу үшін топ мүмкіндігінше жаңа, тың ұсыныстар айту керек. Барлық ұсыныстарды топ жинап алып, оларға баға береді. Бұл әдіс арқылы проблемалық жағдаят жасалып, оны шешу туралы ұсыныстар айтылып, ол ұсыныстар тексеріліп, бағаланады және ең жақсы ұсыныстар таңдалып алынады.
Ой майданы әдісін 1939 жылы А.Ф.Осборн бірінші рет қолданған. Ол балаларға ұнаған, себебі олар өздеріне қызықты мәселелерді шешіп отырған. Ой майданының ұзақтығы 1-2 сағатқа созылған. Бұл әдіс арқылы өткен сабақтың нәтижелі болуы мұғалімнің біліктілігіне, топтың даму деңгейіне байланысты. Топта он адам болғаны жақсы, бірақ топ мүшелерінің санын көбейтугеболады.
Бұл әдіс арқылы педагогикалық бөлімнің студенттері шағын топтарға бөлініп, мектеп оқулығынан бір тақырыпқа әзірленіп 5-20 минут сабақ береді, содан кейін сабақ талқыланады, бағаланады, оны келесіде жақсы өткізу жолдары белгіленеді. Сабақты түгел бейне жазбаға жазу оны талдауды жеңілдетеді. Бұл әдіс мұғалімдік жұмысқа дағдыландырады. Оны шет тілін оқытуда пайдалануға болады.
Оқыту әдістерін жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Оқыту әдістерінің тиімділігін арттырып, оқытудың жаңа нысандары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі.
Алайда, оқыту әдісін таңдау - күрделі процестің бірі. Кейбір әдістерді қолдануда біржақты асыра сілтеушілікке жол бермеу керек. Әр тақырып оқытудың ерекше тәсілдері мен жолдарын талап етеді. Соңдықтан, оқытуда әр түрлі әдістерді қолдану қажет.
Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқу әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады.
Оқыту әдісін таңдауға ықпал ететін шарттар:
1. Оқыту әдістерін оның мақсат-міндеттеріне, оқушылардың жас және таным әрекетінің ерекшеліктеріне сай қолдану;
2. Мектептің материалдық - техникалық негізін ескеру;
3. Мектептің орналасқан жерін ескеру. Мысалы, қала мектептерінде оқушыларды өндіріс орындарына экскурсияға, ауыл мектептерінде мектеп жанындағы учаскелерге, табиғатқа, ауылшаруашылық өндірісіне апару;
4. Мұғалімнің шығармашылығы және шеберлігі. Оқытудың нәтижелі өтуіне негіз болатын сабақ мақсатының айқындығы. Себебі оқу материалын баяндауда негізгі идеясын немесе оқушылардың іс-әрекетін анықтап алмай, оқыту мақсатына жету мүмкін емес.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет