Жоспар: 1. Еңбекті қорғауғаудың түсінігі және пәннің мазмұны.
2. Еңбекті қорғау саласының міндеті және қағидалары.
3. Еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары.
Лекция мақсаты:Студенттерге Еңбекті қорғау пәнін түсіндіру, еңбекті қорғау саласының міндеті мен қағидаларын оқыту және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын оқытып, үйрету.
Лекция мәтіні. 1. Еңбекті қорғауғаудың түсінігі және пәннің мазмұны. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамдардың еңбегі мен денсаулығы мемлекетпен қорғалатыны, әрбір азаматтың қауіпсіздік және тазалық талаптарына сай еңбек ету құқығы жарияланған. Мемлекет бұл талаптарды, ең алдымен, еңбекті қорғау және оларды орындауға қадағалау жүргізу туралы нормалар жүйесі арқылы орындайды. Еңбекті қорғау пәні – бұл қызметкерлердің еңбек процесі барысында еңбекпен қорғалуын, яғни олардың өмірі мен денсаулығының қорғалуын қамтамасыз ететін, өндірістегі қауіпті жағдайларды, кәсіптік зияндарды болдырмау және оқыс жағдайлардың алдын-алу шараларын жүзеге асыруды оқытатын пән. Яғни, Еңбек құқығының бір институты болып табылады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 5-бөлімі, 33-тарауының 306-бабында қысқаша тоқталған. «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» туралы 2004 жылғы 28 ақпандағы №528-II-ші Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 16-тармағында еңбектi қорғауға былай анықтама берілген: Еңбектi қорғау- құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де іс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жүйе болып табылады. Қысқаша айтқанда, еңбекті қорғау дегеніміз - бұл қызметкердің еңбек қызметі барысында оның өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар жүйесі.
Жалпы алып қарағанда еңбекті қорғау:
1) құқықтық;
2) медициналық;
3) экономикалық;
4) техникалық құрамдас элементтерден тұрады. Бұл жерде ескеретін бір жайт, еңбекті қорғаудың кем дегенде бір құрамдас элементі бұзылса, онда бүкіл еңбекті қорғау бұзылды деп саналады.