14 Тақырып. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi



Дата31.12.2021
өлшемі16,99 Kb.
#23352

14 Тақырып. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлi қағидасы. Процестік әрекеттер мен шешiмдерге шағым жасау бостандығы қағидасы.

Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі қағидаты (ҚР ҚПК 30 б.) – процесс қатысушыларының кейбірі сот ісі жүргізіліп жатқан тілді білмеген жағдайда қолданылуы істің дұрыс шешілуін және осы қатысушылар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін нормалар жиынтығының шартты атауын білдіреді.

Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі қағидатын сақтаудың кепілдіктері:

  1. сот ісін жүргізуді мемлекеттік (қазақ) тілінде жүргізу (ҚР ҚПК 30 б. 1-бөл.);

  2. қазақ тілімен қатар орыс тілін, ал қажет кезде басқа тілді де қолдану (ҚР ҚПК 30 б. 1-бөл.);

  3. қылмыстық процесті жүргізетін органның сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулыны шығарудың қажеттілігі (ҚР ҚПК 30 б. 2-бөл.);

  4. процесс қатысушысының ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу құқығы (ҚР ҚПК 30 б. 3-бөл.);

  5. сот ісін жүргізу тілін білмейтін тұлғаның аудармашы қызметін пайдалану құқығы (ҚР ҚПК 30 б. 3-бөл.);

  6. қылмыстық істің қажетті материалдарының сот ісін жүргізу тілінен процесс қатысушысы білетін өзге тілге тегін аударылуын қамтамасыз ету (ҚР ҚПК 30 б. 4-бөл.);

  7. сот ісін жүргізу тілін білмейтін тұлғаға аударманы куәландыру және басқа тілге аударылған құжаттарды қолына табыстау (ҚР ҚПК 30 б. 5-бөл.).

Бұл қағидаттың негізі ретінде ҚРК 7 б. Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатындығы, қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде пайдаланылатындығы туралы ережелер белгіленген.

Процестік әрекеттер мен шешімдерге шағым жасау бостандығы қағидаты (ҚР ҚПК 31 б.) – қылмыстық сот ісін жүргізу қатысушыларына қылмыстық процесті жүргізетін органдар бұзған (немесе болжамды түрде бұзылған) олардың құқықтарын қалпына келтіруді талап ету құқығын ұсынуды білдіреді.

Процестік әрекеттер мен шешімдерге шағым жасау бостандығы қағидатын сақтау кепілдіктері:

  1. сот пен қылмыстық қудалау органының әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдану тәртібінің заң жүзінде бекітілуі (ҚР ҚПК 31 б. 1-бөл.);

  2. әрбiр сотталған адамның, ақталған адамның үкiмдi жоғары тұрған сотқа қайта қарату құқығы (ҚР ҚПК 31 б. 2-бөл.);

  3. шағымды оны берген немесе өзінің мүддесінде шағым берілген тұлғаға зиян келтіретіндей етіп қолдануға жол берілмейді(ҚР ҚПК 31 б. 3-бөл.);

  4. шағымның берілуіне байланысты шешімдерді орындауды тоқтату үшін негіздерді қарастыру (ҚР ҚПК 103 б.);

  5. шағымды берген тұлғаны қабылданған шешім туралы хабардар ету міндеті (ҚР ҚПК 105 б. 4-бөл.);

  6. шағымды беру, қарау және ол бойынша шешім қабылдаудың процестік мерзімдерін белгілеу (ҚР ҚПК 102 б.; 105 б. 2-бөл.).

Бұл қағидаттың негізі ретінде ҚРК 12 б. 1 т. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтары танылатындығы және оларға кепілдік берілетіндігі туралы ереже белгіленген.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет