№2(58)/2010 Серия филология


Уникальная личность казахского народа — Бухар жырау Калкаманулы



Pdf көрінісі
бет11/17
Дата28.12.2016
өлшемі1,66 Mb.
#598
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17

Уникальная личность казахского народа — Бухар жырау Калкаманулы 
В статье описывается жизнь и деятельность выдающегося поэта-просветителя и политического деяте-
ля XVIII столетия  Бухар  жырау  Калкаманулы.  Отражается  его  роль  в  объединении  казахских  опол-
ченцев  в  борьбе  против  джунгарских  завоевателей.  Показывается  политическая  деятельность  поэта 
как трибуна и сподвижника великих ханов-казахов — Абылая и Тауке. Оценивается вклад великого 
жырау  всех  времен  в  казахскую  литературу  и  поэзию.  Делается  вывод  о  необходимости  изучения 
жизни и деятельности этой уникальной личности в наше время, особенно для патриотического воспи-
тания современной молодежи. 
R.S.Karenov 
A unique personality of the Kazakh people — Bukhar zhyrau Kalkamanuly 
The life and activity of the outstanding poet-educator and the politician of XVIII century by Buhar zhyrau 
Kalkamanuly is described. Its role in association of the Kazakh civil guardsmen in struggle against conquer-
ors is reflected. Political activity of the poet as a tribune and the associate of great khans of Kazakhs — Aby-
laja and Tauke is shown. Its contribution, as great жырау all times, in the Kazakh literature and poetry is es-
timated. The conclusion about necessity of studying of a life and activity of this unique person and especially 
for patriotic education of modern youth becomes presently. 
 
 
 
 
ƏОЖ 82.0:372.8 
С.Е.Тапанова 
Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті 
Жыр-дастандардағы  ғашықтық  сарын 
Мақалада  əдеби  шығармаларда  жырланған  ғашықтық  сарынның  «Қозы  Көрпеш»  эпикалық 
поэмасынан бастап Шəкəрім поэмаларына дейін көрініс табуы қарастырылды. Өз бастауын халықтық 
мұрадан    алатын  ғашықтық  сарын,  қиялдар  мен  армандардың  шабытты  ұмтылысы  роман  жанрында 
шығармашылық жалғасы мен өрлеуін тапты. 
Кілтті сөздер: ғашықтық сарын, жыр-дастандар, лиро-эпос, махаббат тақырыбы, Қозы Көрпеш, Баян 
Сұлу,  Қыз  Жiбек,  Айман–Шолпан,  Жүсiп–Зылиха,  Хұсрау–Шырын,  Абай,  махаббат  лирикасы, 
Шəкəрiм дастандары. 
 
Көркем  өнер,  нақтылай  алғанда,  əдебиет  халықтың  сана-сезімін,  көркемдік  ойлау  қабілетін 
дамытатын  рухани  дүние  бола  отырып,  адамзат  өркениетімен,  адам  тағдырымен  байланысты  сан-
салалы мəселелерден құрылады. Солардың бір арнасы — екі адамның арасындағы ғашықтық сезім. 
Əр тағдыр иесінің көзімен көріп, көңілімен түйсінетін бұл қасиетті ұғым адам баласымен бірге жасап 
келеді.  Адам  ата  мен  Хауа  анадан  бастап  бірде  қуантып,  бірде  жылатып  келе  жатқан  махаббат 
құдіреті терең. 
Қазақ  əдебиеті  тарихындағы  көркем  туындылардың  бəрі  де  өзінің  түптөркіні — халық  ауыз 
əдебиетінен  нəр  алып,  дəстүрлік  жалғастық  табады.  Бүгінгі  таңдағы  биік  сатыға  көтерілген,  əлем 
əдебиетінің  алтын  қорына  қосылған  іргелі  туындылары  бар  қазақ  əдебиетіндегі  алуан  тақырыптар, 
сан түрлі сарындар, өлмес идеялар, өміршең мұраттардың қай-қайсысы да о баста ауыз əдебиетінде, 
оның ішінде поэзия саласында көрініс тапқан, дəстүрлік тұрғыдан бұрынғыдан жалғастық тауып, мол 
арна  тартқан.  Бұл  орайда  біз  сөз  етіп  отырған  махаббат  тақырыбы  да  алғаш  осы  халық  ауыз 
əдебиетінде,  нақтылап  айтқанда,  халықтық  əн-өлеңдерінде,  эпостық  жырларда  кең  көрініс  тапты. 
Көнеден жеткен, авторы белгісіз мына шумақтар соның бір дəлеліндей: 
Көрдім де бір сұлуды болдым ғашық, 
Алашқа білдірмедім аузымды ашып. 
Жарасқан бал, шекерге күміс қасық, 

99 
Жүрерміз сүйтіп қашан араласып [1,188], 
деген жігіт арманы, 
Мен нəзік болсам да едім текті нəзік, 
Сөзіңді келем деген еттім азық. 
Кезінде келем деген келмеген соң, 
Құлындай сақау шыққан кеттім азып [1,188], 
деген  қыз  назын  білдіретін  шумақтағы  қыз  жүрегінің  ықыласы  мен  ғашықтық  сезімнің  көрінісі 
махаббаттық сарынның халықтық əдебиетте суреттелген алғашқы үлгілердің бірі деуге болады. 
Ал  қазақ  ауыз  əдебиетінің  үлкен  бір  саласы  болып  табылатын  жырлардағы  суреттелетін 
ғашықтық сарыны өзінше бір төбе. 
Фольклорлық  үлгілердің  қашаннан-ақ  эстетикалық  сипаты  мол  болып  отырған,  онда  əсемдік 
ойдан  жырақ  сұлулықтан  тыс  дүние  жоқ.  Бұлар  халықтық  ой  сананың  туындысы  ретінде  үнемі 
эстетикалық оймен терең астасып жатады. Фольклор туындыларында көркемдік сын мен түсінік егіз 
ұғым  болып  құрылып,  əуел  бастан,  əсемдікті  жырлау  талабымен  ұштасып  отырады.  Өмірдегі 
құбылыстар — ел  қорғаған  батыр,  бас  бостандығынан  айырылып  сол  үшін  күрескен  ұл  мен  қыз, 
ақылгөй дана қарт əсемдік заңдарына сəйкес жырланады. 
Эпостық  жырлардың  ең  көне  үлгілерінің  бірі — «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жыры.  Жыр 
Қарабай мен Сарыбайдың түзде жүрiп құда болуымен басталады. Жырдың басты тақырыбы, негiзгi 
идеясы — махаббатты  дəрiптеу.  Тiлi  көркем,  композициясы  шебер  құрылған.  Оқиғаны  дамытуы, 
көркемдiк  шеберлiгi,  образ  жасау  жағынан  бұл — күрделi  де  кесек  туынды.  Бас  кейiпкер  Қозы-
Көрпеш  кiршiксiз  таза  махаббат  иесi  болып  бейнеленедi.  Ол  батыр,  аңғал,  адамгершiлiгi  мол  жiгiт 
ретiнде суреттеледi. Қозы сияқты Баян да адал ниеттi, ақ жарқын, кiршiксiз таза махаббатты көксеген, 
өзiнiң сүйгенiне қосылуды арман еткен, ақылына көркi сай қыз ретiнде бейнеленген. 
«Қозы-Көрпеш — Баян-сұлу» жыры басталғаннан-ақ оның басты тақырыбы сұлулық пен əсемдiк 
екендiгiн  бiрден-ақ  байқауға  болады.  Нəзiк  ойлы  музыка  сазындай  жайдары,  ашық,  əсем  əнмен 
басталатын жыр қалың тоғай iшiнде адасып елеңдеп жүрген маралды əдемi, нəзiк қылды сезiмге əсер 
ету  мақсатымен  суреттейдi.  Марал  мен  Баян  арасында  үлкен  жақындық  бар.  Бiрi — табиғаттың 
еркесi,  аң  сұлуы  болса,  екiншiсi — ел  еркесi,  адамзаттың  сұлуы.  Жырдағы  осы  ғайыптан  келген 
табиғаттың  ерке  сұлу  маралы  болашаққа  кiршiксiз,  таза  махаббаттың  символындай  жарқ  етiп 
көрiнедi. Табиғаттың өзi елжiреп, сұлулық нұрын төгiп тұрғандай сезiледi. Жыр əсемдiктi тап басып, 
тiлсiз табиғат пен адам өмiрiн қатар алып, сұлулықтың құпия əсем сырына бой ұрады. 
Қазақтың  лиро-эпос  жырларына  көшбасшы  болған  «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырынан 
кейiнгi  тiлi  көркем,  көлемдi  сюжеттi  жыры — «Қыз  Жiбек»  жыры  болып  саналады.  Ел  арасына 
ауызша  да,  жазбаша  да  кең  тараған  жыр.  Төлеген  Базарбайдың  еркiнен  тыс  сүйiспеншiлiк  iздейдi. 
Жiбекке  ғашық  болады.  Жiбек  сияқты  сұлуға  ғашық  тек  Төлеген  ғана  емес.  Сол  елдiң  атқа  мiнер 
азаматтарының  бiразының  қолы  жетпей  жүрген  аруды,  сырттан  келген  Төлегенге  жетектетiп 
жiбермейтiнi белгiлi. Сондай елдегi көп ғашықтарының бiрi — Бекежанның қолынан қаза табады. 
Жырдың суреттеуi бойынша батырдың сүйген жары елден асқан сұлу, ұзын бойлы, талдырмаш, 
сүмбiл  қара  шаш,  қасы  қияқтай,  оймақ  ауыз,  күлiм  көз,  айқабақ,  алтын  кiрпiк,  қызыл  ерiн,  алма 
мойын,  аршын  төс  болып  келедi.  Оның  өзi  түгiлi  басына  таққан  үкiсiн,  зерлi  бешпентiн,  алтын 
жүзiгiн, қызыл түймесiн, əсем қылықтарын жырға қосады. Онымен бiрге болған күндер дүниенiң бар 
қызығына татиды. Ғашықтық сезiмнiң барлығы бiрдей ойын-күлкi, назды қылық, қызықты дəуренмен 
өте бермей, сүюдiң азабын да тартады. Кiшкенеден бiрге өскен ғашық жарынан қапелiмде айырылып 
қалып, зарығып, оның көшiне iлесiп, соңғы рет жолығып, сақинасын алып қоштасады. 
Жырлардағы Қозы Көрпеш пен Төлегеннiң елден жалғыз аттанып, ұзақ шөлдi кезiп, жапандағы 
жалғыз  үйге  кезiгiп,  не  жол  тосқан  анталаған  жаумен  жалғыз  алысуы — аса  қорқынышты,  қауiптi 
оқиғалар.  Олардың  əрекеттерiнен  ерлiк  пен  асқақтық  сезiледi.  Оларға  iлесе  мұңды,  аянышты 
оқиғалар туып отырады. 
Лиро-эпостық  жырларда  көбiнесе  кейiпкердiң  қиындықпен  қолы  жеткен  аз  уақыт  iшiндегi 
бақытты  өмiрi  мен  қуанышы  жырланады. «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырының  Шөже  ақын 
жырлаған нұсқасында Қозы мен Баян қайта тiрiлiп, отыз бiр жыл өмiр сүредi. Сөйтiп, аз уақыт болса 
да  бақытты  болсын  деп,  тыңдаушысы  жасып,  сағы  сынып  мұқалмасын  дегендей,  тамсандырып, 
өкiнiш  тудырмай,  көңiлiн  жайландырады.  Халық  идеясынан  туған  тiлек,  қысқа  бақытсыз  өмiрдi 
қолдамай, мəңгiлiк халық жадында қалатын өмiрдi көксейдi. 
Қазақтың  лиро-эпосындағы  əсемдiк  сұлу  табиғаттың  қойнында  туып,  алтын  арай  сəуле  мен 
нұрға  шомылып  жасалады.  Табиғаттың  тылсым  күшi  мен  сұлу  көркi,  жыр  əсемдiгiн  өткiрлей  түсу 

100 
үшiн  кеңiнен  пайдаланады.  Ең  əлсiз,  момын  құс  бозторғай  да,  қанатымен  су  шашқандай,  ғашық 
жарларға көмектескен болып, хабар жеткiзiп отырады. Қозы Көрпеш Баянды iздеп шыққанда жүгенi 
шылдырап  күрең  ат  келiп,  Қозы  оны  ерттеп  мiнедi.  Баянның  асыранды,  бақпа  тотысы  мен  торғайы 
болады.  Қозы  Көрпеш  өлiп,  Баян  жалғыз  қалып,  оны  жоқтағанда,  менiмен  бiрге  зарлансын  деп, 
ботасы өлген боз түйенi алдыртады. Төлегеннiң өлiмiн алты қаздың естiртуi лиро-эпос жырына тəн 
адам мен табиғаттың арасындағы үйлесiмдiлiктi (гармония) аңғартады. 
ХІХ  ғасырдың  алғашқы  жартсындағы  қазақ  елiнiң  əлеуметтiк-қоғамдық  тiршiлiгiн,  тұрмыс-
салтын  қамтитын,  халық  арасына  кең  тараған,  оқиғасы  реалистiк  өмiрден  алынған  қазақтың  лиро-
эпостық жырларының бiрi — «Айман — Шолпан» жыры. Жыр Маманның екi қызын əуелi сұлулық, 
бақыт, салтанат құшағында көрсетедi де, кейiн екеуiн тұтқынға түсiрiп, теңсiздiкке ұшыратады. Бұл 
шендестiру Маман мен Көтiбардың бақ салтанатын мақтай келiп, олардың өте ұсақ, халықтық мiнезге 
жат адамдар екенiн, феодалдық зорлық бар жерде қазақ қызының бағы жанбайтындығын көрсетедi. 
Жырдағы Шолпан мен Арыстанның махаббаты екi елдi бiтiстiруге себеп болады. Ал, жырдағы Айман 
—  өте  ақылды,  сирек  кездесетiн  би  қызының  үлгiсi.  Айманның  махаббаты  романтикалық-
трагедиялық сарында емес, прозалық-реалистiк арнада баяндалған. Өз басының мүддесiне келгенде, 
ол — бас бостандығын iздеген, үлкен махаббат иесi болған образ. 
Жоғарыда аталған қазақтың ғашықтық жырларынан басқа ХІХ ғасырда туып, сюжеттiк негiзiне 
əлеумет  теңсiздiгiн,  феодалдық  қоғам  қайшылығын  арқау  еткен  «Мақпал  қыз», «Құл  мен  қыз», 
«Күлше  қыз — Назымбек», «Есiм  серi — Зылиха»  жырларының  да  көркемдiк-тарихи  мəнi  ерекше. 
Бұл  жырларда  айтылатын  Мақпалдың  сүйгенi — Əбен,  Айымның  ғашығы — Талайлы,  Зылиханың 
жары — Есiм бұқара халық ортасынан шыққан кедей-жалшылар. Қолдары қысқа кедей жiгiттерiнiң 
өздерiнiң сүйген қыздарына қосыла алмай, ру қоғамының ескi салтынан соққы жейдi. 
«Құл  мен  қыз»  жырындағы  Айым  үшiн  байлық  пен  бақ  мақсат  емес,  өз  басының  еркiндiгi 
қымбатырақ. Жырда бұрынғы қазақ салтында сирек кездесетiн азатшыл қыздың «жiгiт таңдау» салты 
суреттелген.  Небiр  сұмдық  жiгiттердiң  iшiнен  есiктегi  құл  Талайлыға  өзi  ғашық  болады.  Жiгiттiң 
бойынан өзiне қажеттi деп есептейтiн — ақылдылық, серiлiк, шешендiк, батырлық т.б. азаматқа тəн 
қасиеттердi  табады.  Жырдың  негiзгi  идеясы — еркiн  махаббат.  Мақпал  мен  Сегiздiң  арасындағы 
сезiм аз күндiк құмарлықтың құлы емес, тағдырға мойынсұну, өмiрлiк заңға бағыну. Десек те, санаға 
салып  мойындағандарымен,  жүрек  өз  əмiрiне  бағындырып,  қос  ғашық  жасырын  кездесiп  шер 
тарқатысады.  Бұл  екеуi  де  ескi  көзқарас,  яғни  əдет-ғұрыптың,  құрбаны  болған  жандар.  Жырда  осы 
жағына  баса  назар  аударылған.  Жырда  басы  артық  кейiпкер  де  жоқ.  Көлемi  қысқа,  эпизодтары  аз, 
тiлiнде  екiжақтылық  басым:  қара  өлеңмен  айтылған  жерде  салт  өлеңдерiнiң,  ал  жыр  үлгiсiндегi 
өлеңдерде батырлық жырлардың əсерi айқын сезiледi. 
«Күлше  қыз — Назымбек»  жыры  мазмұны  жағынан  «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырына 
ұқсас келген. Жыр бесiкқұда салтымен басталады. Оқиғасы ХVІ ғасырдағы Орманбет хан мен қырық 
сан  Қырым  жұртының  заманымен  байланысты.  Баян  мен  Қозы  махаббатын  Баянның  екi  апасының 
зары  тудырса,  Назымбек  пен  Күлше  қыз  махаббатын  жырда  сары  бота  тудырған.  Бұл — жырдың 
өзiне тəн  ерекшелiгi. Жырдың сюжетi қазақ халқының төл өмiрiнен алынып, айтыс элементi аралас 
келетiн  фольклор  стилiнде  жазылған.  Бұған  дейiнгi  талданған  жырларда  жоқ  ғашығын  iздеуге 
шыққалы  жатқан  Назымбекке  бiр  сəуегей  қарияның  өнерлi  жiгiттер  мен  ат-тұрманын  сай  етiп,  ақ 
батамен  аттандыру  салтын  көрсетедi.  Бұл  жағынан  Төлеген  сапарындағы  салтқа  ұқсайды.  Жалпы 
жырлардағы батырдың сүйгенiне немесе жауға батамен аттануының астарында көп мəн бар. Көбiне 
жырдағы бата беру салты кейiпкердiң тағдырымен, алдағы iс-қимылымен тiкелей байланысты болып 
отырады. Батасыз аттану, немесе терiс бата алу, жырдағы болатын трагедияны да алдын ала сездiрiп 
тұрады.  Бұны  бiз  «Қыз  Жiбек»  жырынан  анық  білемiз.  Ал, «Күлше  қыз — Назымбек»  жырында 
Назымбекке сəуегей қарияның берген батасы қабыл болып, кейiпкер дегенiне жетедi. Жаныс байдың 
антын  бұзып,  екi  ғашықтың  дегенiне  жетуiне  тiлектестiк  бiлдiрiп,  жыр  сəттi  аяқталады.  Жырдың 
көркемдiк ерекшелiгi əлсiз болғанымен, оқиғасы тартымды. 
Лиро-эпос жыры əсемдiктi көбiне лирикалық тəсiлде суреттейдi. Жыр ойлы, нақышты, нəзiк саз 
бен  аса  көркем,  биiк  талғамды  жандарға  арналады.  Жағымды  кейiпкерлер  ақылды  да  тапқыр, 
жаужүрек əрi асқан көрiктi болып келедi. Мұндағы негiзгi сарын адам өмiрiндегi əсем сезiмдi аялау, 
кiршiксiз  саф,  таза  күйiнде  өмiрден  өту  болып  саналады.  Кейiпкерлер  өмiрдiң  қиын-қыстау 
шатқалынан  жасқанбастан,  өз  көңiлi  сүйiп  ұнатқан  ғашық  жар  iздейдi.  Лиро-эпос  жыры  өзiнiң 
тақырыбы жағынан өткен  дəуiрдiң күрделi əлеуметтiк  проблемасына құрылған мазмұнды, шыншыл 
шығарма. 
Лиро-эпостық жырларда көбiне адам еркiндiгi, əйел теңдiгi мəселелерi көтерiледi. 

101 
VІІ–ХІІ  ғасырларда  ең  жоғары  өркендеу  дəрежесiне  жетiп,  дүниежүзiлiк  тарихи  маңызға  ие 
болған бiртұтас араб-мұсылман мəдениетiнiң ықпалына басқа елдер сияқты қазақ сахарасы да iлiктi. 
Араб-мұсылман  мəдениетiнiң  өзi  көптеген  халықтардың  жасаған  мəдени  мұраларының  көркем  де 
озық  үлгiлерiн  сiңiру  арқылы  биiкке  көтерiлiп,  өзiндiк  өрнек  қалыптастырған  болатын. «Шығыс 
мұралары  қазақ  даласына  əр  түрлi  жолмен  келiп  жеттi.  Бiрiншiден,  олар  халықтардың  күнделiктi 
қарым-қатынастары арқылы ауызша түрде жеттi. Екiншiден, бұлар қолжазба күйiнде таралды. Бiрақ 
шығыс сюжеттерi қазақ халық ауыз əдебиет творчествосының арасында жырланды. Сондықтан қазақ 
эпикалық дəстүрi өз əсерiн тигiзбей қойған жоқ» [2]. 
Шығыс  халықтары  əдебиеттерiнiң  өзара  байланысы  жəне  бiр-бiрiне  жасаған  игi  əсерi  əр  түрлi. 
Солардың  бiрi — көркем  шығармалардың  адамгершiлiк  мазмұн-мағынасын,  оқиға  желiсiн,  жазу-
өрнек тəсiлдерiн түсiне, өрбiте, өсiре қабылдау болып табылады. Соның айқын дəлелi ретiнде Рудаки, 
Фирдоуси,  Низами,  Физули,  Навои,  Саади,  Хафиз,  Жəми  шығармаларын  қазақ  ақындары  өзiнше 
дамыта жырлап, тыңнан толғап, «нəзира» дəстүрiмен, халық арасына таратқан нұсқаларын айтуымыз 
керек.  Атақты  Абайдың  өзi  шығыстық  желiге  «Масғұт», «Ескендiр», «Əзiм»  дастандарын  жазса, 
Ш.Жəңгiров  «Ескендiр  Зұлқарнайды»,  Т.Iзтiлеуов  «Рүстем–Дастанды»  жырлады.  Бүгiнде  араб, 
парсы,  үндi  аңыз-ертегiлерiнен  келген  «Мың  бiр  түн», «Тотынаме», «Жүсiп–Зылиха», 
«Сейфүлмəлiк», «Мұңлық–Зарлық», «Бозжiгiт», «Шəкiр–Шəкiрат» сияқты ғашықтық дастандар қазақ 
топырағында қайта түлеп, жаңарып, бай фольклорлық мұраларымыздың қатарын толықтырды. 
«Бозжiгiт»  жыры  «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырымен  ұқсас,  сарындас  болып  отырады. 
Оқиғасы  да  Қозы  мен  Баянның  қайғылы  өмiрiн,  өкiнiштi  махаббатын  еске  түсiргендей. «Бозжiгiт» 
жырының қай нұсқасын алсақ та, Бозжiгiт пен Қарашаш сұлудың махаббаты күштi, əсерлi, аянышты 
болып жырланған. Əсiресе Қарашаш бейнесi өте сəттi шыққан. Шығыс дастандарының көбiне ортақ 
тəсiл — бiр-бiрiн түсiнде көрiп ғашық болса да, оқиға желiсiнде ол өз бақыты үшiн күрескер ретiнде, 
сүйгенi  үшiн  байлықтан  да,  мансаптан  да  бастартқан  асыл  жар  ретiнде  жырланады.  Бозжiгiт  қазаға 
ұшыраған кезде оның басына там тұрғызып, ежелден келе жатқан ғашықтар дəстүрiн бұзбай, өзiн-өзi 
өлтiрiп, сүйгенiмен мəңгiлiк құшағында ғана кездеседi. 
Жырда Бозжiгiт тəрбиелi, бiлiмдi, адал махаббатты аңсайтын адам ретiнде суреттеледi. Махаббат 
жолында кездескен қиыншылықтарға төзе бiлген қайратты, алға қойған мақсатына жету үшiн алған 
беттен  қайтпайды.  Қиындықты  жеңе  отырып  сүйгенiн  тапса  да,  қыз  əкесiнiң  қатал,  рақымсыз 
қыңырлығын  жеңе  алмай, қаза табады. Жырдағы  Қарашаш  зарында төрт  түлiк  малды өлеңге қосуы 
немесе  екi  ғашықтың  алғашқы  кездесу  қуанышында  қыздардың  жар-жар  айтуы,  естiрту,  көңiл  айту 
сияқты қазақ ауыз əдебиетiнiң жоғалған шiдерiн тiлге тиек ете отырып, өзi қонып шыққан үйдiң сұлу 
қызы  Лəйлiмге  деген  iшкi  жан  толқынысы,  көңiл-күйi  сөз  етiледi.  Бiржан — патриархалды-
феодалдық  заманның  етектен  тартқан  ескiлiгiне,  қарадүрсiн  заң-жосығына,  зорлықшыл  iсiне, 
əлеуметтiк əдiлетсiздiгiне асқақ əндерiмен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер. 
Батыстың  «Ромео  мен  Джульеттасы»,  шығыстың  «Лəйлi–Мəжнүнiмен»  үндесiп  жатқан, 
махаббат  мұңын  шертетiн  «Таһир–Зуһра»  дастанының  сюжетi  араб,  үндi  елдерiнде  бұрыннан 
кездесетiнi белгiлi. Қазақ арасында бұл жырдың екi нұсқасы бар. Бiр вариантында өлең мен қара сөз 
араласып  баяндалып,  тiлi  шұбар  болып  келсе,  екiншiсi  таза  өлеңмен  баяндалады.  Бұл  жырда  да 
осыған  дейiнгi  талданған  дастандар  сияқты  бiрiн-бiрi  шын  сүйген  екi  ғашықтың  бақытына  жетуiне, 
керi кеткен əдет-ғұрып пен күштiлер билеген кезеңнiң құрбаны болған жастардың өмiрi суреттеледi. 
Екi жастың қайғылы махаббаты жыр болған бұл дастанда өмiрдегi ең аяулы нəрсе — жан сұлулығы; 
достыққа,  ғашықтыққа  берiк  болу;  арманына  жету  үшiн  қара  күш  иелерiмен,  қиындықпен  күресе 
бiлу, көңiлi сүйгенiн кiршiксiз сақтай бiлу керектiгi жырланады. 
«Жүсiп–Зылиха», «Сейфiлмəлiк-Бəдiғұлжамал» — ел арасына кең тараған ғашықтық дастандар. 
Шығыс  сюжетiне  құрылса  да,  қазақ  халқының  ауыз  əдебиетiмен  орайласып,  үйлесiп  кеткен 
шығармалар. 
«Жүсiп–Зылиха»  дастанының  ауыз  əдебиет  нұсқаларымен  қатар,  жазба  варианттары  шығыс 
əдебиетiнде,  түрiк  тiлдес  халықтардың  əдебиетiнде  өте  көп  жайылған.  Бұл  дастанның  ұзақ 
кiрiспесiнде, жырдың ұзын-ырғасында ислам дiнiн, құдайды, пайғамбарларды мадақтайтын шумақтар 
берiлiп,  араб-парсы  сөздерi,  сөз  тiзбектерi  көп  қолданылса  да,  поэманың  негiзгi  идеясы 
адамгершiлiктi,  гуманизмдi  уағыздайды  жəне  ғашықтық  жеңбейтiн  кедергi  жоқ  деген  ұғымды 
Зылиханың Жүсiпке деген махаббаты арқылы суреттейдi. 
«Жүсiп–Зылиха» — гуманистiк  идеяға  толы,  поэтикалық  образдары  қарапайым,  көркем 
шығарма.  Бұл  дастандағы  ғашықтық  желiсiн  дамыта  түсуде  парсы  ақындары  бiраз  еңбек  сiңiрген. 
Зылиханың  Жүсiпке  деген  ынтықтығын  ақтап,  дəлелдей  көрсету  жолында  ақындық  iзденiстер 

102 
жасалған. Өз күйеуi бола тұра, қолбаласына ғашық болған əйел бейнесi шығыс салтына келiспес едi. 
Осыдан барып, «түсiнде көрiп, сырттай ғашық болу» желiсi кiргiзiледi. 
Əли  қисасын  негiзге  ала  отырып,  ХХ  ғасыр  басында  «нəзира»  үлгiсiмен  жаңғырта  жазған 
Жүсiпбек  Шайхұсламұлы  болды.  Жəмиге  дейiнгi  нəзиралық  үлгiлерде  Жүсiп  сюжеттерiнен  негiзгi 
мəселе  ретiнде  əке  мен  бала  махаббаты  ғана  сөз  болса,  Əлиде  Жүсiп  пен  Зылиха  сүйiспеншiлiгi  де 
қатар  жүрiп  отырады.  Түрiк  əдебиетiндегi  ғашықтық  тақырыбы  Əлидiң  «Қиса  Жүсiпке»  ден 
басталады деуге болады. 
Шығыс тақырыбына жазылған қазақ дастандары — ғасырлар бойы халқымызбен бiрге жасасып 
келе  жатқан аса құнды  мұралар. Махаббат пен  ерлiк қоса  өрiлген  осы аталған  ғашықтық дастандар 
тақырыптық, идеялық жағынан болсын, оқиғаны суреттеуi, көркемдiк ерекшелiктерi жөнiнен болсын 
қазақ халқының ауыз əдебиетi нұсқаларымен орайласып, үйлесiп жатады. 
Ғашықтық дастандар мен лиро-эпостарда өмiрдегi ең аяулы нəрсе — жан сұлулығы, достыққа, 
ғашықтыққа берiк болу, арманына жету үшiн қиындықпен күресе бiлу керектiгi жырланады. 
Лиро-эпостарда  екi  ғашықтың  мəңгiлiк  сүйiспеншiлiгi,  ескi  салт-санаға  қарсы  күресi,  замана 
сыны,  көршiлес  елдермен  өз  елдерiмiздiң  арасындағы  тарихи  байланыс  көрiнiс  тапқан.  Бұл 
жырлардың  ұрпақ  тəрбиесiнде  адамгершiлiк,  гуманистiк,  эстетикалық  маңызы  зор.  Аталған 
жырлардың  қай-қайсы  да  жар  таңдаудағы  адамның  ақыл-парасатының  биiктiгiн  тiлге  тиек  ете 
отырып, махаббат пен сүйiспеншiлiктiң нəзiк сырларын, сұлулық пен сыпайылықтың көңiл қобызын 
қозғар сиқырын, адамзат баласының өмiрлiк идеясы мен идеалын паш етедi. 
Қазақтың  лиро-эпостық  жырларымен  сарындас,  үндес,  идеялас,  түр  жағынан  да  соларға  өте 
жақын  болып  келетiн  Алтын  Орда  дəуiрiнiң  ең  таңдаулы  туындыларының  бiрi  саналатын  ақын 
Хорезмидiң «Мұхаббатнаме», Құтбтың «Хұсрау — Шырын» дастандары. 
«Мұхаббатнаменiң»  негiзгi  бөлiмiнде  жiгiттiң  сүйген  қызына  деген  мөлдiр  махаббаты 
жырланады.  Махаббат  тек  адамзатқа  ғана  тəн  ғажайып,  асыл  қасиет  екенiн  ақын  зор  шеберлiкпен 
суреттейдi. Дастанның басты қаһармандары бiрiн-бiрi сүйген екi ғашық қыз бен жiгiттiң арасындағы 
сүйiспеншiлiк. Сүйгенiне қосылу үшiн барлық қауiп-қатерге бас тiгетiнiн айтады. 
Дастанда  Хорезми  қыздың  тек  сұлулығын  ғана  жырламай,  оның  асқан  ақылдылығын, 
адалдығын,  адамгершiлiгi  жоғары,  инабаттылығын  айта  отырып,  махаббатты  əлеуметтiк  мəселе 
дəрежесiне  дейiн  көтере  бiлген.  Адамдар  бойындағы  жақсылық  қасиеттердi  дəрiптей  отырып, 
жамандықтан  жирендiредi.  Осындай  ой-пiкiрлерi  арқылы  өзi  өмiр  сүрген  ортаның  əдiлетсiздiгiне 
бiршама  наразылығын  бiлдiргендей  болады.  Ал  дастанда  феодал-клерикал  топтың  адам  бойындағы 
асыл  сезiмдi  аяқасты  етiп,  қыз-келiншектердiң  еркiмен  ешкiм  санаспайтыны  жөнiнде,  соның 
салдарынан бiрiн-бiрi ұнатқан екi жастың қайғылы оқиғаға ұшырап жатуы жайында сөз қозғалмайды. 
Мұның  басты  себебi  сол  кездегi  тарихи-қоғамдық  жағдайға  байланысты  болған  жайт.  Сондықтан 
дастанда жырлаған махаббат тақырыбына əлеуметтiк-қоғамдық тұрғыдан мəн берiп қараған жөн деп 
бiлемiз. 
«Хорезмидiң  «Мұхаббатнаме»  шығармасын  танып-бiлу  арқылы  бiз  бүгiнгi  қазақ  əдебиетiндегi 
поэма  жанрының  өмiрге  келу  жолдарын,  қазiргi  қазақ  тiлiнiң  даму  сатыларын,  халқымыздың 
өткендегi əдет-ғұрпын, салт-санасын т.б. тереңiрек ұғынатын боламыз» [3], — дейдi Н.Келiмбетов. 
ХІІІ–ХІV  ғасырлар əдебиетiнде ғашықтық  желiсiн негiзгi мəселе етiп алған қисса-дастандар да 
туа бастайды. Көпке белгiлi Низамидiң «Хұсрау уа Шырын» дастанын Оянушылық дəстүрiмен халық 
тiлiнде  түрiкше  сөйлеткен  ақын  Құтб.  Құтб  дастанның  бұрыннан  мəлiм  құрылысы  мен  сюжетiн 
толық сақтай отырып, өз оқырманының түсiнiгiне лайық жазған. 
Дастанға арқау ретiнде алынған негiзгi кейiпкерлер — 590–628 жылдары Иранда патша болып, 
өз баласы Шируяның бұйрығымен өлтiрiлген Хұсрау мен оның сұлу əйелi Шырын. 
Шығарманың оқиғасы Шырын мен Хұсраудың махаббаты, iзгiлiк пен адамгершiлiктi үлгi етуге 
құрылған.  Кейiнгi  қиса-дастандарға  тұрақты  желi  болып  тартылған:  Балаға  зарығу,  оның  көрiктi, 
бiлiмдi,  қайратты  болып  өсуi,  сұлудың  даңқын  естiп,  сырттай  ғашық  болуы, iздеп  баруы,  түрлi 
қиыншылықтары,  қызға  ғашық  болған  бəсекелес  кейiпкермен  (Фархад)  арадағы  қақтығыстың 
шешiлуi, т.б. тұрақтылықтар бұл дастанда жүйеге түскен. «Қиса Жүсiпке» қарағанда да, «Хұсрау уа 
Шырын» нағыз ғашықтық қиса-дастан ерекшелiктерiн қалыптастырған шығарма деуге болады. 
Дастанда  Шырын — өз  махаббатына  өле-өлгенше  адал  жан.  Хұсрауды  жан-тəнiмен  берiлiп 
сүйедi.  Сүйiспеншiлiк  жолындағы  қиыншылық  атаулының  бəрiн  жеңедi.  Хұсраудың  жағымсыз 
қылықтары  мен  жеңiл-желпi  мiнездерiне  де  кешiрiмдiлiкпен  қарайды.  Махаббат  жолында  құрбан 
болады. 

103 
Осы  шығармадағы  тағы  бiр  көңiл  аударатын  бейне — Фархад.  Фархад  арқылы  нағыз  ғашық 
адамның  бейнесi  жасалған.  Шырынға  деген  шынайы  сүйiспеншiлiгi  оған  күш-жiгер  бередi. 
Фархадтың өлiмi оның жеңiлiсi емес, жеке басының трагедиясы болып табылады. 
ХVІІІ ғасырдың екiншi жартысында жыраулармен бiрге ақындар творчествосы көрiне бастады. 
Жыр мен жырау жəне толғау қаншалықты көне болса да, арғы замандардан келе жатса да, ақын мен 
өлең — кейiнгi дəуiр жемiсi. Жыраулар көбiне елдiк, ерлiк iстердi, замана жайын сол қалпында алып 
толғаса,  ол  туралы  ой  қозғаса,  топшылаулар  жасаса,  ақындар  негiзiнен  күнделiктi  өмiр 
құбылыстарын,  адамдар  қатынастарын,  мiнез-құлықтарын,  махаббат,  сезiм  сырларын  т.б.  поэзия 
тiлiнде  сөйлеттi,  өмiрде  iрiлi-ұсақты  шындық  сипаттарын  нақты  көруге,  суреттеуге  ойысты.  Аз  да 
болса осының алғашқы нышандарын Шал, Көтеш, тағы басқа ақындар өлеңдерiнен көремiз. 
Шал ақын өзінің мына бір өлең жолдарында сұлу қыздың келбетін былай суреттеп өтеді: 
Дегдар қыз екенсің бір алма мойын, 
Ұжмақтан жаратылған жұпар қойын. 
Жарқырап зуһардай екі қөзің 
Таранған əр тарапқа созып мойын [4]. 
Қазақ  əдебиетінде  сүйіспеншілік,  ғашықтық  мəселесіне  тұңғыш  рет  арнайы  тоқталған  Абай 
болатын. Ауызбен айтуға ұят саналып, əркімнің өз жүрегінде тұншықтырылып келген сүйіспеншілік 
сезім  ешқандай  есерлік  емес,  қайта,  адамгершілік  асыл  қасиеттердің  қатарына  жататын,  мораль 
нормаларының  мықты  бір  өлшемі  екенін  танытқан.  Абаймен  бірге  əдебиетке  махаббат  лирикасы 
келді. 
Ақын Абай уағыздаған махаббат — адам санасы мен сезiмiнiң, жан мен тəн сұлулығының, үзiк-
үзiк  ғашықтық  пен  құшақ  құмарлығының,  жүрек  дiрiлi  мен  дiлғарлығының  үндесiп,  үйлесiп,  ортақ 
тiл  табысқан,  ырғақты,  сазды  күй  боп  толқып,  толысқан  нағыз  өмiршең,  жасампаз  махаббат.  Ақын 
Абайдың махаббат сөзi, ақын уағыздаған махаббат сезiмi — нағыз адамдыққа, сұлулық пен əсемдiкке 
негiзделген,  мəңгi  өшпейтiн,  мəңгi  жарқырап,  маздап  тұратын  мəндi  де  үлгiлi  сөз,  махаббаты  да 
құдiреттi сезiм. Махаббат — адамдық сезiм. Адам бар жерде махаббат бар. Бiрақ сол адамның өзiн де 
адам  қып  ұстап  тұрған  нəрсе — махаббат.  Егер  махаббаттан  айрылса,  адамның  өзi  де  адамдық 
қасиеттен  айрылады,  адам  болудан  қалады.  Мiне,  осы — ақын,  əрi  ойшыл  Абайдың  махаббат 
турасындағы негiзгi қағидасы, пəлсапасы, берiк тоқтамы. 
«Махаббатпен  жаратқан  адамзатты»  деген  қағида  Абай,  Шəкəрім  секілді  ислам  ілімінен 
сусындаған қазақ ойшылдары шығармаларының негізгі мəні мен маңызы болғандығы мəлім. Пəктікті 
сүюге, сұлулықты түсінуге, кемелдікті тануға талаптанудың барлығы махаббаттан басталатындығын 
айтқан. 
Қазақтың  жазба  əдебиетiндегi  алғашқы  поэмалардың  ХIХ  ғасырдың  екiншi  жартысында  пайда 
бола  бастағанын  айта  келiп,  ғалым  Ə.Нарымбетов: «Революцияға  дейiнгi  қазақ  əдебиетiнде  шығыс 
немесе халықтың аңыз əңгiмесi негiзiнде жазылған поэмалар болды. Қисашыл ақындардың «Мұңлық 
—  Зарлық», «Шəкiр — Шəкiрат», «Алтын  балық»  сияқты  дастандарын  былай  қойғанда,  Абайдың 
немесе оның дəстүрiндегi ақындардың жазған «Масғұт», «Ескендiр», «Дағыстан», «Еңiлiк — Кебек» 
сияқты поэмалар т.б. — бəрi де жаңа еуропалық поэзияның үлгiсiне толық көшiп болмаған едi, негiзi 
шығыстың  дастандық  поэзияларының  үлгiсiнде  жатыр.  Демек,  шын  мəнiндегi,  яғни  орыстың  жəне 
дүниежүзiлiк классикалық поэзияның үлгiсiндегi, сюжеттi поэмалар жасау қазақ совет ақындарының 
творчестволық тəжiрибесiнде шешiлдi», — дейдi [5]. 
ХХ  ғасырдың  басында  шынайы  көркем  үлгiдегi,  мазмұндық  жəне  идеялық  астары  терең 
поэмалар  көбейдi.  Бұл  кезеңде  С.Торайғыровтың,  Ш.Құдайбердиевтiң,  М.Сералиннiң  т.б.  түрлi 
сипаттағы  поэмалары  жазылды.  Ал  осынау  реалистiк  поэма  жасау  дəстүрiнiң  түптамыры  оның 
алдындағы  Абай  шығармашылығында  жатқаны  бəрiмiзге  мəлiм.  Абай  қазақтың  ұлттық  əдебиетiнде 
бұрыннан  бар  дастаншылдық,  қисашылдық  дəстүрдi  өз  талантымен  өңдеп,  жаңғыртып,  оған  жаңа 
дəуiрдiң ыңғайымен жаңалап, туған жұртына қайта ұсынды. Романтикалық поэмалардың табиғатына 
реалистiк қасиет дарыта жырлады. Сөйтiп, соны сипаттағы қазақ поэмасының негiзiн қалады. 
Шəкəрiм  дастандарының  барлығы  романтикалық  сарынның  үнiн  бəсеңдетiп,  шынайы  суретке, 
терең философиялық толғамдарға, əлеуметтiк мəселелердi нақтырақ бейнелеуге бет бұрды. 
Ақын поэмаларының барлығында екi жастың арасындағы махаббат оқиғалары баяндалады. Бұл 
—  сонау  шығыстық  поэзиядан  келе  жатқан  дəстүрлi  тақырып.  Шəкəрiмнiң  шығармаларында 
жырланатын  махаббат  мəселесi  ақынның «… жалпы  гуманистiк  көзқарастарының  бөлiнбес  бiр 
саласы ретiнде көрiнiп, жаңа ғасыр басындағы бостандық идеяларына, адамдық право туралы ойларға 
шебер үндеседi» [6]. 

104 
Ел аузында аңыз болып бұрыннан айтылып жүрген «Қалқаман–Мамыр» дастанындағы ғашықтар 
арасындағы трагедиялық оқиғаға ақынның құлағы қанық болып өскен. 
Ғашықтар  трагедиясы  Шəкəрiмге  өзгелерден  өзгеше  əсер  еттi.  Ақын  осынау  махаббат 
мұңлықтарының  басындағы  қайғылы  хал  мен  ел,  қоғам  басындағы  трагедияны  асқан  шеберлiкпен, 
ақындық  көрегендiкпен  ұштастыра  отырып,  ол  туралы  тамаша  туынды жасай  бiлдi.  Ел  iшiндегi  бiр 
ғана  махаббат  тарихын  баяндау  арқылы  ақын  қазақ  қоғамының  сол  кезеңдегi  этнологиялық, 
психологиялық  сыр-сипатын  ашып  бердi.  Поэманың  басты  құндылығы  оның  əлеуметтiк  астарының 
тереңдiгiнде жатыр дейтiнiмiз сондықтан. 
Қорыта  айтқанда,  қазақ  əдебиетіндегі  махаббат  сарыны  алғаш  рет  ауыз  əдебиеті  үлгілерінде 
көрініс  тапты.  Сан  ғасырлар  бойы  ауыздан  ауызға  көшіп,  халық  көңілінің  сүзгісінен  өтіп  өңделген, 
жаңарған  аңыздар  бүгінмен  сабақтас.  Аңыз-жырлардағы  өмір  үшін,  махаббат  үшін  күрес, 
жақсылыққа ұмтылу, түрлі əрекеттер арқылы сол дəуірдегі əлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, 
сол  жолдағы  қаһармандардың  ерлігі  халықтың  өмірге  құштарлығын,  арман-мұраттарының  биіктігін 
танытады. Халықтық мұралардан арна тапқан ғашықтық сарын, өршіл де асқақ арман-аңсарлар одан 
əрі роман жанрында өрбіп, жалғастық тапты. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Қара өлең. — Алматы, 1989. — 320-б. 
2  Қыраубаева А. Қазақ əдебиетінің шығыстық қиса-дастандардың түптөркіні мен қалыптасуы. — Алматы, 1997. — 8-б. 
3  Келімбетов Н. Ежелгі дəуір əдебиеті — Алматы, 1991. — 47-б. 
4  Бес ғасыр жырлайды. — 2 томдық. / Құраст. М.Мағауин, М.Байділдаев. — Алматы, 1989. — Т. 1. — 122-б. 
5  Нарымбетов Ə. Қазақ совет поэмасы. — Алматы, 1990. — 4,5-б. 
6  Əбдіғазиев Б. Шəкəрім шығармашылығының дəстүрлік жəне көркемдік негіздері. — Алматы, 2000. — 245-б. 
 
 
С.Е.Тапанова 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет