№2(58)/2010 Серия филология


Мотив влюбленности в эпических поэмах



Pdf көрінісі
бет12/17
Дата28.12.2016
өлшемі1,66 Mb.
#598
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Мотив влюбленности в эпических поэмах 
В  статье  рассматривается  отражение  мотивов  влюбленности  в  литературных  произведениях — от 
эпической  поэмы  «Козы-Корпеш — Баян-Сулу»  до  поэм  Шакарима.  Мотив  влюбленности,  вдохно-
венный  полет  фантазий  и  мечтаний,  берущие  свое  начало  в  народном  наследии,  нашли  творческое 
продолжение и расцвет в казахской поэзии. 
S.E.Tapanova 
The motive of love in the epic poems 
The article considers the portrayal of the love motives that was sung in the literary works beginning from the 
epic poem «Kozy-Korpesh — Bayan-Sulu» to Shakarim’s poems. The love motives, inspired flight of fancy 
and reveries that originate from the folk’s heritage have progressed in the genre of novel. 
 
 

105 
ƏОЖ 82:821.512.122 
Е.Тілешов 
«Руханият» орталығы, Астана 
Қазақ  əдебиеті  тарихын  дəуірлеу  хақында 
Мақалада  қазақ  əдебиеті  дəуірлерін  топтастырудың  бірнеше  ғылыми  тəжірибесі  қарастырылған.  ХХ 
ғасырдан  басталатын  ғылыми  ізденістер  пайдаланылған.  Сонымен  қатар  осы  сала  бойынша  əлемдік 
əдебиеттанудағы ғылыми ізденістер көрініс табады. Əдебиет тарихының басты бағыттары талданған. 
Аталған  бағыттардың  əдебиетті  дəуірлеумен  байланысы  анықталған.  Аталмыш  мəселе  бойынша 
тұжырымдар келтірілді. 
Кілтті сөздер: қазақ əдебиеті, қазақ əдебиеті тарихы, XX  ғасырдың соңғы он жылдығы, Райымжан 
Мəрсеков,  Ахмет  Байтұрсынов,  Мұхтар  Əуезов,  Сəкен  Сейфуллин,  Қажым  Жұмалиев,  Бейсенбай 
Кенжебаев, дəуірлеу үлгілері. 
 
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы онжылдығындағы қоғамдағы өзгерістер ұлт тарихына жаңаша 
қарауды, сондай-ақ ұлттың мəдени-рухани құндылықтарын тиісінше бағалауды қажет етіп отырғаны 
мəлім. Аталған мерзімнен басталып бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан құндылықтарды 
бағалаудың  кезеңі  қазақ  зиялы  қауымын  алуан  ізденістерге  апарып  отыр.  Негізінен,  бұл  кезеңді 
ғылыми  жағынан  нəтижелі  ізденістер  кезеңі  деуден  гөрі,  жоғалтқанды  табу,  өшкенді  тұтату, 
көмескіленгенді  айқындау — бір  сөзбен  айтқанда,  ұлттың  болмысын  қалыптастыратын  рухани 
қазынаны  түгендеу  жылдары  деуге  болады.  Мұндай  шақта  шынайы  көңілден,  ыстық  ықыластан 
оралған  мұраның  орнын  тезірек  айқындасақ  деген  асығыстықтан  туған  асыра  немесе  жеткізбей 
бағалау, байыбына жетпеу немесе біржақтылық сияқты жайттар болып жатады. Бұл табиғи үрдіс. Ең 
бастысы — сол  құндылықтардың  бар  екендігінде,  оларды  түгендеуде,  жүйелі  мақсатты  жұмыстар 
жүргізуде, тіпті түгел болмаса да барын сарқып ала білу де жəне халқының өткенін білмекке құмар 
ұрпақтың болуында. Барды бағалау үшін алдыңғы екеуі болса, білім мен қажыр-қайрат табылмақ. 
Алаш ұрпағы өткен сан ғасырлық бел-белестерді шолғанда бүгінгі руханияттанушыларымыздың 
көзіне  алғаш  іліккен,  қолдарына  түскен  мұраның  ең  үлкені — көркем  əдебиет  үлгілері. 
Ш.Құдайбердіұлының,  А.Байтұрсыновтың,  М.Дулатовтың,  Ж.Аймауытовтың,  М.Жұмабаевтың, 
Ғ.Қараштың,  Қ.Кемеңгерұлының, С.Сəдуақастың, тағы басқа  ақын-жазушылардың тыйым салынған 
шығармашылығы, ел  ішінде, ұрпақ аузында тұтас  болмаса  да  белгілі бір  бөлігі  сақталған, бүгіндері 
қолжазба  қорларынан  табылып  жатқан  əлеуметке  белгісіз  қаншама  ақындардың  жырлары  мен 
дастандары,  сонымен  бірге  Ш.Қанайұлының,  Ə.Кердерінің,  М.Мөңкеұлының,  М.Ж.Көпейұлының, 
Н.Орманбетұлының,  тағы  басқа  ақындардың  бұрын  атауға,  оқуға  болмайтын  елеулі  туындылары. 
Бұған  Қытай  мен  Монғолияда  əлденеше  ондаған  жылдар  бойы  жасалған  қазақ  сөз  өнерінің  үлкен 
бөлігін  қосыңыз.  Оның  бер  жағында  өзіміз  білеміз-ау  деп  жүрген  М.Əуезовтың,  Б.Майлиннің, 
І.Жансүгіровтың, 
Ғ.Мүсіреповтың, 
С.Мұқановтың, 
Х.Есенжановтың, 
Қ.Бекхожиннің, 
І.Есенберлиннің,  М.Мақатаевтың,  тағы  басқа  ақын-жазушылардың  кешегі  ұрпақ  білмей  келген 
көркем  дүниелері  қазақ  сөз  өнеріне  ғана  емес,  жалпы  руханиятының  мол  олжасы  болып  отыр. 
Əдебиеттен өзге көркем өнер салаларынан соңғы жылдары ғана белгілі болған осыншама қазынаны 
табу қиын. 
Əдебиет отауының шаңырағы биік, керегесі кеңейе түсуі бұдан былайғы жерде əдебиет тарихын 
жаңаша жазуды міндеттейді. Бұл салада М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының, Əл-
Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары əдебиет тарихына қатысты зерттеулерді, 
оқулықтарды  жарыққа  шығарды.  Бұл  еңбектер  қазіргі  кезде  əдебиет  тарихымыздың  бірқатар 
«ақтандақтарын»  жаңаша  талдауда  айтарлықтай  маңызға  ие  болып  отыр.  Дегенмен,  шынайы  əрі 
толымды  тарихын  жасағымыз  келсе,  сөз  өнерінің  даму,  өрістеу  жолдарын  танып  алуымыз  қажет. 
Соның негізінде əдебиетімізде болған сапалық өзгерістерге мəн беріп, олардың сыр-сипатын, себеп-
салдарын  ажыратып,  соған  орай  басты-басты  əдеби  дəуірлеуді  көрсету  керек  болады.  Əдебиет 
тарихын объективті дəуірлеу  болмайынша, əдебиет тарихының өзін зерттеу үлкен шарттылықтарға, 
таным  тұрғысындағы  жөнсіздіктерге  əкелуі  мүмкін.  Оның  бер  жағында  ол  мектеп,  орта,  арнаулы 
жəне  жоғары  оқу  орындарында  əдеби  білім  берудің  сапасына  кəдімгідей  нұқсан  келтірері  күмəнсіз. 
Сондықтан да бұл мəселені бұдан əрі кешіктіре беруге болмайды. 

106 
Əдеби-тарихи һəм теориялық-əдіснамалық мəні айтарлықтай іргелі мəселені шешу үшін қазіргі 
кезде  мүмкін  боларлық  қажетті  жағдайдың  баршасы  жеткілікті.  Айталық,  біздің  қолымызда  сөз 
өнеріміздің  дамуына  ықпал  еткен  көрнекті  тұлғалардың  негізгі  шығармаларының  барлығы  дерлік 
бар. Бастысы — əдеби дамудың ерекшеліктерін көрсетуге дерек боларлық əдеби материалдарға қазақ 
сөз  өнері  өте  бай.  Ал,  мəселенің  ғылыми  шешілу  жолына  келсек,  бұл  тарапта  да  қажетті  əлеует 
жеткілікті.  Атап  айтсақ,  əдебиет  тарихын  зерттейтін,  оны  жүйелейтін  ғалымдарымыз  баршылық. 
Сондай-ақ  əдебиетіміз  жүріп  өткен  жолдарды,  бел-белестерді  айқындау,  саралау  қазақ  əдебиеттану 
ғылымы  үшін  жаңалық  емес.  Бұл  саладағы  ғылыми  ізденістердің  бір  ғасырға  жуық  тəжірибесі  бар. 
Мəселе  соларды  толықтыруда,  жетілдіруде,  тиянақтауда.  Оның  бер  жағында  қазіргі  қазақ 
ғалымдарының  қолында  шетел  оқымыстыларының  əдебиет  тарихын  дəуірлеудегі  теориялық  жəне 
əдіснамалық тəжірибесі жəне бар. 
Біздің бұл еңбекті жазудағы мақсатымыз — қазақ əдебиеті тарихын дəуірлеуге байланысты аз-
кем  ой  қосу,  өзіндік  пікір  білдіру.  Айтқанымыздың  бəрі  жөн,  шешуші  сөз,  кесімді  пікір  дей 
алмаймыз.  Мақсат — қазақ  əдебиеті  тарихын  дəуірлеудегі  ғылыми  тəжірибелерді  саралай  отырып, 
бұл мəселе жөнінде ой қозғау. 
Қазақ  əдебиеттану  ғылымында,  біздің  білуімізше,  қазақ  əдебиеті  тарихын  дəуірлеудің  бірнеше 
үлгісі бар (бұл жерде біз белгілі бір дəуірлерді іштей жүйелеген еңбектерді қосып отырғанымыз жоқ). 
Жазылған уақыты жағынан алғанда  дəуірлеудің тұңғыш үлгісін Райымжан Мəрсековтің 1915 жылы 
«Қазақ»  газетінде  жарық  көрген  «Қазақ  əдебиеті  жайынан»  мақаласынан  көреміз.  Мақала  авторы: 
«Біздің  қазақ  əдебиетінің  осы  кезге  шейінгісін  үш  дəуірге  бөлуге  болады:  бірініші  дəуірі — ескі 
замандағы  қазақ  арасына  жазу  таралмай  тұрғандағы  кез», — дейді  де,  əдебиеттің  екінші  дəуірін  ел 
арасына  жазудың  келуімен,  исламдық,  шығыстық  кітаптардың  таралуымен  байланыстырады.  Ал 
үшінші дəуір жөнінде: «Абай марқұмнан бері қарай қазақ əдебиетінің үшінші дəуірі басталады» деген 
қорытынды жасайды [1]. Əрине, Р.Мəрсековтің əдебиетті дəуірлеуі тұңғыш тəжірибе, алғашқы амал 
болған себепті мұнда шарттылық көп. Дегенмен, əдеби-ғылыми дерек ретінде оның дəуірлеу үлгісін 
жадымызда ұстауға тиіспіз. 
Əдебиет  тарихын  дəуірлеудің  келесі  бір  нұсқасы  Ахмет  Байтұрсыновтың  «Əдебиет 
танытқышынан» байқалады. Еңбектің «Жазу əдебиет» бөлімінде: «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. 
Қазақ  ішінде  молдалық  қылып,  дін  үйретушілер,  бала  оқытушы  қожалар,  ноғай  молдалар  себепті 
жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың 
тілін,  мінезін  жақсы  білген.  Қазақтың  өлеңді,  сөзді  сүйетін  мінезін  біліп,  дінді  халыққа  молдалар 
өлеңмен  үйреткен.  Шарттарын,  шариғат  бұйрықтарын  өлеңді  хикая,  өлеңді  əңгіме  түрінде  айтып, 
халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» [2; 143], — деп жазба əдебиеттің алғашқы дəуірі 
дінмен  байланыстырылса,  екінші  дəуірі  жөнінде: «Сындар  дəуір  деп  қазақ  əдебиетінің  сыны  да 
болған, яғни сын арқылы шығып, əдеміленген  мағыналы  сөз, бір мағынасы  сыны  бар деген болады 
да,  екінші  мағынасы  мінсіз,  толғаулы,  сипатты  деген  болады.  Бұл  сөздің  екі  мағынасының  екеуі  де 
қазақ  əдебиетінің  соңғы  кездегі  жаңа  дəуірін  сипаттайды», — дейді [2; 160]. Бұдан  көретініміз — 
Ахаң  əдебиетті  діндар  дəуір  жəне  сындар  дəуір  (бұл  дəуірді  ділмар  дəуір  деп  те  атайды)  деп  екіге 
бөлетіндігі. «Əдебиет танытқыш» əдебиет тарихына емес, əдебиет теориясына арналған еңбек екені 
белгілі.  Сондықтан  да  Ахаң  үшін  əдебиетті  дəуірлеу  басты  мақсат  болған  сияқты.  Ол  дəуірдің 
қалыптасу,  туу,  даму  ерекшеліктерін  не  болмаса  олардың  сипатын  таратып  айтпайды.  Ғалым  үшін 
маңыздысы — сол  дəуірлеудің  шегінде  туған  əдеби  жанрларды  байқату.  Əдебиет  тарихының 
болашақтағы  дəуірлеушілері  үшін  əрбір  əдеби  дəуірдің  жанрлық  жүйесін  көрсетудегі  Ахаң  үлгісі 
өнеге  болуы  тиіс  деп ойлаймыз. Себебі əдебиет  тарихы көркем  формалардың  да  өзгеру,  қалыптасу, 
алмасу тарихы екендігі күмəнсіз. 
Қазақ əдебиеті тарихын дəуірлеуде Мұхтар Əуезов зерттеулерінің орны ала бөтен. Жалпы, қазақ 
əдебиеті тарихының алғашқы зерттеушілерінің қатарынан орын алатын Мұхаңның ғылыми еңбектері 
дəуірлеу  мəселесінде  де  алғашқылардың  бірі.  Оның  бұл  мəселеге  қатысты  зерттеулері  өткен 
ғасырдың  жиырмасыншы  жылдарының  басынан  басталады. «Зар  заман  ақындары», «Қазақ 
əдебиетінің қазіргі дəуірі», 1933 жылы жарық көрген оқулықтағы «Өлкенің патша үкіметіне бағынып, 
отарлану  дəуірінің  əдебиеті»  жəне  «Бектік  құлауға  айналып,  өндіріс  капиталы  дəуірлей  бастаған 
кездің əдебиеті» (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы) мақалалары, 1927 жылғы «Əдебиет тарихы» 
кітабы  жəне 1959 жылғы  белгілі  конференциядағы  қорытынды  сөзі — əдебиет  тарихын  дəуірлеуге 
тікелей  қатысты  ғылыми  еңбектер.  Осылардың  ішінде  Мұхаңның 1933 жылғы  оқулыққа  енген  екі 
зерттеу  мақаласының  ғылыми  тұжырымдары  əдебиет  тарихынан  еңбек  жазушылар  тарапынан 
ескеріле  бермейді.  Бірақ  ХІХ  ғасыр  мен  ХХ  ғасыр  басындағы  əдеби  процесті  саралауда  бұл 

107 
еңбектердің  маңызы  ерекше. «Өлкенің  патша  үкіметіне  бағынып,  отарлану  дəуірінің  əдебиеті» 
мақаласында автор: «Шығарушысы белгілі, уақыты сақталған, байланысты уақиғасы белгілі əдебиет 
жұрнақтарын біз XVIII ғасырдың аяғынан бастап  қана көре  бастаймыз.  Бұлай болуының  себебі  сол 
мезгілден  бастап  қазақ  халқының  экономикалық,  əлеуметтік  өміріне  мəдениеті  жоғары,  жазба 
əдебиеті  бар  Ресейдің  отаршыл  патша  үкіметі  араласа  бастады.  Қазақ  халқының XVIII ғасырдың 
аяғындағы,  ХІХ  ғасырдың  ұзын  бойындағы  əдебиеті  негізінде,  бір  жағынан,  осы  патша  үкіметінің 
отарлау  саясатына  қарсылық  тартысын  суреттейді», — дейді [3, 248]. Осы  пікірден  М.Əуезовтің 
əдебиет тарихын XVIII ғасырдан бастауға бейім екендігін жəне соны қолдайтынын аңғаруға болады. 
Оны  Мұхаңның 1959 жылғы  əдеби  мұраға  байланысты  өткізілген  конференциядағы  кейбір 
ойларынан да аңғару қиын емес. Бұл жерде біз үшін басты мəселе — М.Əуезовтің əдебиет тарихын 
қай  кезеңнен  бастауында  болып  тұрған  жоқ.  Қажеттісі — оның  əдеби  дəуірлерді  қалайша 
жіктегенінде.  Мұхаңның  еңбектерінен  ғалымның  əдебиеттің  үш  дəуірін  айрықша  бөліп 
қарастырғанын  байқаймыз,  олар: 1) ХІХ  ғасырдың  жетпісінші  жылдарына  дейінгі  əдебиет,  өзінің 
айтуы  бойынша, «Отарлану  дəуірінің  əдебиеті»; 2) 1870–1905 жылдар  аралығындағы  əдебиет 
(«Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дəуірлей бастаған кездің əдебиеті»); 3) Қазақ əдебиетінің 
қазіргі дəуірі. 
М.Əуезов  отаршылдық  дəуірдегі  əдебиеттің  бірқатар  белгілерін  тарихи-əлеуметтік 
жағдайлармен  байланысты  түсіндіре  келе,  Кенесары,  Исатай-Махамбет  бастаған  көтерілістерге 
байланысты  туған  əдебиетке  тоқталады.  Қазақ  əдебиетінің  келесі  дəуіріне  келгенде,  автор  қазақ 
жеріне  капиталистік  қарым-қатынастардың  енуін  жан-жақты  сипаттап,  Ыбырай  Алтынсарин,  Абай, 
Əубəкір,  Шəңгерей,  Мəшһүр  Жүсіп  есімдерін  атап,  олардың  ағартушылық-діни  еңбектерін  алға 
тартады.  Бұл  мақаласында  отаршылдыққа  қарсылықты  туған  əдебиет,  айтыс  ақындары,  сал-серілер 
поэзиясы жөнінде, олар сол кездегі əдебиетте айрықша көрінгенімен, ешнəрсе айта қоймайды. Бұлар 
жөнінде ол осы еңбегінің алдында бірнеше жыл бұрын жазылған «Зар заман ақындары» мақаласында 
толымды  пікірлерін  жеткізгендіктен  жəне  кеңес  саясатының  беті 1930 жылдардан  бастап,  сұстана 
түскен тұста саналы түрде ол Ы.Алтынсарин мен Абай жөнінде айта келіп, біз қазіргі кезде себебін 
анықтауға  құлықсыз  болып  жүрген  немесе  аталған  екі  ақынды,  оған  қоса  Шоқан  Уəлихановты 
отаршылдыққа  қарсы  болды  деген  ыңғайдағы  пікірлеріміздің  дəлелсіз  екендігін  айқындайтын 
мынадай объективті тұжырым жасаймыз: «Бірақ бұлардың тобы саяси-əлеуметтік құрылыста патша 
үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан ол 
тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқтыларының ешбіріне де 
жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұлардың сана-сезіміне əсер етпегендей 
болады» [4]. М.Əуезовтің  əдебиет  тарихының  білгір  тамыршысы  екендігі  келесі  əдеби  дəуірдің 
өкілдерін сипаттап беруінен де айқын аңғарылады: «Бесінші жыл төңкерісінің артынан шыққан жаңа 
үлгідегі  ақын-жазушы  бұлар  тобынан  шықпайды.  Оларды  майданға  əкеп  шығарған  қоғамдық, 
шаруашылық,  саяси  күйлердің  басқаша  боп  жаңғырып  өзгеруі.  Сондықтан  олардың  өздері  де  қыр 
үлгісіндегі  қазақ  емес,  оқыған,  еуропаланған  қызмет  иесі  боп  жүрген  қала  туындысы  болады. 
Олардың  байшыл-ұлтшыл  оқығандар  боп  қалыптануларында  таптық  досы,  тұстасы  да  сол  қала 
туындысы, қала ықпалындағы жергілікті буржуалар болады» [3, 315]. Ал енді М.Əуезов айқындаған 
үшінші  дəуірге  келсек,  автор  оны  «Қазақ  əдебиетінің  қазіргі  дəуірі»  деп  атаған.  Абайдан  соңғы 
дəуірді  автор  «Қазақ»  газетінде  көтерілген  ұлтшылдық  сарындармен  байланыстырады.  Бірақ 
артынша  бұл  дəуірдің  əдеби-көркем  сипатына  келгенде  ол  аса  білгірлікпен  былай  деп  жазады: «Ол 
жаңалық — жаңа  басталып  келе  жатқан  сезімшілдік,  сыршылдық  (романтизм)  дəуірі.  Бұрынғы 
ауызша  əдебиеттен,  одан  бергі  Абай  заманынан  бері  қарай  келе  жатқан  реализм  сарыны  көбінесе 
құрғақ  ой,  жағадай  сөз  күйі  осы  күнде  ішкі  терең  сезім,  нəзік  сыр  күйіне  айналып  келеді...  Қазақ 
əдебиетінің  бұл  дəуірі  буыны  бекіп,  қатарға  кірерлік  əдебиет  болғандығын  көрсететін  сыршылдық 
романтизм дəуірі болады» [5]. М.Əуезов атап отырған сыршылдық романтизм əдебиеті сол тұстағы 
Шəңгерей Бөкеев, Нарманбет Орманбетұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев 
шығармаларынан көрініс тауып жатты. 
Төртіншісі,  Сəкен  Сейфуллиннің  «Қазақ  əдебиеті»  атты  кітабындағы (1932) дəуірлеу  үлгісі. 
Мұнда автор қазақ əдебиетін «Билер дəуірі» жəне «Қазақ елі орыс патшасына бағынған дəуір» атты 
екі  кезеңге  бөледі.  Сəкен  Сейфуллиннің  «Билер  дəуірі» [6] деп  отырғаны  ауызша  дамыған  əдебиет 
тұсындағы  билер  мен  шешендердің  жырлары  болса,  екіншісі — отаршылдық  дəуірдегі  əдебиет. 
Əрине, бұл жалпы нақтыланбаған көрініс. 
Бесіншісі, кезінде 20–30 жылдай негізге алынып келген Қ.Жұмалиев варианты. Академик-ғалым 
қазақ əдебиетінің тарихын XVIII ғасырдан, оның өзінде Бұқар жыраудан бастағаны мəлім. Оның бұл 

108 
пікірі  «Қазақ  эпосы  жəне  қазақ  əдебиеті  тарихының  мəселелері»  монографиясынан, «XVIII–XIX 
ғасырлардағы қазақ əдебиетінің тарихы» оқулығынан орын алды. Оның бұл бұлжымас қағидасы 1959 
жылы қазақ əдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда жасаған 
«XVIII  ғасырдың  соңы  мен  ХІХ  ғасырдың  алғашқы  жартысындағы  қазақ  əдебиетін  зерттеу 
мəселелері»  атты  баяндамасынан  жəне  осы  конференциядағы  қорытынды  сөзінен  көрініс  тауып 
жатты.  Конференциядағы  қорытынды  сөзінде: «Мен  өзімнің  баяндамада  қазақ  əдебиетінің  тарихын 
XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастау керек дедім. Б.Кенжебаев өзінің сөзінде қазақ əдебиетінің 
тарихын əріден бастауды ұсынды, тіпті VII ғасырдан бастайық деді. Əрине, əркімнің ұсыныс айтуына 
қақысы бар, бірақ бұл тарихи шындыққа сыймайды. Əдебиетіміздің тарихы бар деу, оның біртіндеп 
өскен желісі бар, ол желісін кімнен бастап, кімдерге келіп, кіммен аяқтау керек. XVIII ғасырдың бер 
жағындағы  тарихқа  аты  мəлім 4–5 ақынның  өзі  тексерілуден  бірде  шығарылып,  бірде  енгізіліп 
жүргенде,  сонау VIII ғасырға  баруға  бола  ма?  Б.Кенжебаевтың  бұл  пікірі  жай  ғана  көңіл. VIII 
ғасырдан бүгінге дейін əдебиетімізде үзілмей келе жатқан өзек, желі бар деушілік, ешбір негіз жоқ, 
бос қиял», — дейді [7]. 
Алтыншысы,  кешелі-бүгін  кеңірек  қолданылып  жүрген  Бейсенбай  Кенжебаевтың  дəуірлеуі. 
Оның 1941 жылы  «Социалистік  Қазақстан»  газетінде  жарияланып,  кейінгі  кітаптарына  енген 
мақаласында  дəуірлеу [8] үлгісі  алдыңғы  дəуірлеу  үлгілерінен  гөрі  толымды,  ең  бастысы — өз 
заманы  үшін  объективті,  басты  оппоненті  академик  Қажым  Жұмалиевтің  əдебиет  тарихын XVIII 
ғасырдан  бастағанынан  əлдеқайда  кемел.  Дегенмен  Бейсекеңнің  дəуірлеуін  бұл  саладағы  бұлжымас 
қағида,  ақтық  сөз  деуге  болмайды.  Оның  да  нақтылайтын,  тіпті  өзгертетін  тұстары  баршылық. 
Əсіресе  əр  дəуірдің  атауы  мен  хронологиялық  межелерінде  қосып,  алатын  тұстары  бар.  Айталық, 
қазақтың төл əдебиетіне, жыраулық дейінгі дəуірді іштей үш кезеңге бөлу қажет: 
 Көне түркі əдебиеті; 
 Ислам тұсындағы əдебиет; 
 Алтын Орда əдебиеті. 
Екіншіден, жыраулар поэзиясын XV ғасырға емес, бір ғасырға ілгері жылжытып, XIV ғасырдан 
бастау  керек.  Себебі  жыраулық  əдебиет  өкілдері  бізге  осы  ғасырдан  белгілі.  Үшіншіден,  ХІХ 
ғасырдың əдебиетін тұтас алмай, оны ауызша дамыған əдебиет деп 1870 жылдарға дейінгі мерзіммен 
межелеу  қажет.  Бұл  ретте  əдеби  тіл  тарихын  дəуірлеуші  Рəбиға  Сыздықтың  еңбектеріне  ден 
қойғанның  артықтығы жоқ. Төртіншіден, ғалымның  «ХХ  ғасыр  басындағы əдебиет» деп 1900–1917 
жылдар  арасын  бір  дəуірге  жатқыза  көрсетуін  қайта  қарау  қажет.  Бұл  кезеңге  байланысты  соңғы 
жылдарда,  кезінде  Бейсекең  біле  тұрса  да,  кеңестік  саясат  айтқызбаған  бірқатар  шындық  ашылды. 
Жазба əдебиетіміздің қалыптасуына іргелі үлес қосқан Шəкəрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, 
Міржақып  Дулатов,  Жүсіпбек  Аймауытов,  Мағжан  Жұмабаев,  Қошке  Кемеңгерұлы,  тағы  басқа 
ондаған  қаламгер  шығармашылығы  бұрын  біз  білетін  шындықтың  ауқымын  кеңейтіп,  бұл  əдеби 
дəуірдің  белгілі  саяси  оқиға  өткен  күнтізбелік  жыл — 1917 жылмен  шектелмейтіні,  ұлттық  бояуы 
қанық  əрі  өзіндік  дəстүрі  қалыптасып  келе  жатқан  ояну  дəуірі  əдебиетінің  үстемдігі 1927–1929 
жылдарға  дейін,  яғни,  Жүсіпбек  Аймауытовтың  романдары,  Мағжан  Жұмабаевтың  соңғы  өлеңдері 
мен поэмалары, Мұхтар Əуезовтің «Қилы заман» повесі жазылған жəне жарияланған мерзімге дейін 
сақталып келді. Сонымен бірге кеңесшіл, таршыл əдебиеттің белгілі бір көркемдік дəрежеге жеткен 
шығармалары  Жүсіпбек,  Мағжан,  Мұхтардың  аталған  шығармалары  жазылған  тұста  əлі  дүниеге 
келмеген  еді.  Социалистік  реализм  көркем  əдебиетінің  дəурені  Қазан  төңкерісінен  бір  мүшел  кейін 
орын  ала  бастады.  Оған  қосарымыз:  ұлттық  бағыттағы  ақын-жазушыларды  большевиктік  саясат 
шеттеткен  соң  ғана  барып  жүре  бастады.  Жаңа  өкіметтің  идеологиясымен,  демеуімен  қанатталып 
келе  жатқан  қазақ  кеңес  əдебиетінің  алғашқы  дəуірін  кеңес  заманындағы  əдебиеттанушылар 1929 
жылмен межелеуі де тегін емес. ХХ ғасыр басындағы əдебиетті кеңес үкіметінің орнаған  жылымен 
шектемеу қажеттілігі Д.Қамзабекұлының, Б.Мамыраевтың зерттеулерінде де дəлелденіп отыр [9]. 
Əдебиет тарихын дəуірлеу мəселесі қазіргі əдебиеттану ғылымының көкейкесті мəселесі ретінде 
осыдан он-он бес жыл бұрын «Қазақ тілі мен əдебиеті»  журналында көтерілген еді.  Онда академик 
З.Ахметов, профессор Х.Сүйіншəлиев, Т.Сыдықов, тағы басқа бірқатар ғалымдар өз ойларын ортаға 
салған  болатын.  Бірақ  пікір  білдіріп,  ой  қозғалғанымен,  жалғасын  таппай  қалды.  Алайда  дəуірлеу 
мəселесі  бұдан  ары  қарай  кең  көлемдегі  ғылыми  əңгімеге  ұласпады,  профессор  М.Мырзахметұлы 
ғана «Қазақ əдебиеті тарихын дəуірлеу жайында» атты көлемді мақала жариялады. Ол үш ғасырдың 
əдебиетін  азаматтық  тарихпен  тікелей  байланыстырып, XVIII-XIX ғасырлардағы  қазақ  əдебиетінің 
тарихын: 1) 1731–1822 жылдар  арасы; 2) 1822–1867 жылдар  арасы; 3) 1867 жылдан  ғасыр  соңына 
дейін деп үш кезеңге бөледі. Ал ХХ ғасыр басындағы əдебиетті «Ояну дəуіріндегі қазақ əдебиеті» деп 

109 
атауды  ұсынады [10]. Ғалымның  дəуірлеуі  бір  ғана  гетерогенді  жолмен  түзіліп,  одан  барып 
əдебиеттің  ішкі,  төл  даму  жолы  ескерілмеді.  Əрі  мұнда  ұлттық  идеологияға  берілген  көңіл-күй 
эмоциясы да басым еді. 
Дəуірлеу  секілді  аса  күрделі  мəселеде  ең  алдымен  оның  критерийлері  жасалуы  тиіс  деп 
ойлаймыз. Мұндай критерийлер, негізінен, əдебиеттің табиғи даму жолымен берік байланыста болуы 
міндетті. Əдебиет — халық деген сияқты жалпы ұғым. Халықтың көзге көрінер, қолға ұстар заттық, 
материалдық  болмасы  болмайтыны,  халық  дегеніміз — адамдар  тобы  екендігі  сияқты,  əдебиет 
дегеніміз де — көркем шығармалардың болмысынан түзілетін рухани əлем. Қай-қайсымызға да мəлім 
осы аксиомалық жайды мықтап ескерсек, əдебиет тарихының даму ерекшеліктері əр дəуірде дүниеге 
келген  көркем  шығармалардың  ортақ  қасиеттері  сараланып,  əдеби  кезеңнің,  дəуірдің  дидарын 
айқындай  алатын  белгілер  жинақталуы  тиіс.  Сол  себепті  де  көркем  мəтін,  біз  əдетке  айналдырып 
алғандай, поэтиканың ғана емес, əдебиет тарихының да басты мəселесі болуға тиісті деп ойлаймыз. 
Əдебиетті зерттеу, негізінен алғанда, екі бағытта: жекеленген көркем шығарманы зерттеу жəне 
жалпы  əдеби  процесті  зерттеу  бағыттарында  жүргізіледі.  Зерттеудің  өзге  салалары,  айталық, 
əдебиеттер  байланысын,  көркем  аударма  табиғатын,  əдебиет  жəне  қоғам,  əдебиет  жəне  көркем 
өнердің  өзге  түрлерінің  сабақтастығын  т.с.с.  қарастыру  жоғарыда  көрсетілген  зерттеудің  екі 
бағытынан  шығып  отырады.  Көркем  шығарманы  зерттеу — əдебиеттану  ғылымының  бастапқы 
мəселесі,  негізгі  ісі,  басты  шаруасы  болуы  тиіс. Сол  себепті  де  əдеби  процесті,  кең  түрдегі  əдебиет 
тарихын  зерттеудің  өзі  көркем  шығарманы  зерттеуден  барып  өріс  алады.  Яғни,  əдеби  зерттеудің 
қандай  да  бір  түрі  болмасын,  қандай  да  бір  тəілі  болмасын,  алдымен  көркем  шығарманы  тануды 
мақсат етуі тиіс. Көркем шығарма поэтикасын зерттеуді жетекшілік орынға қоймай, əдеби процесті 
бар болмысымен, бүкіл шындығымен танып-білу мүмкін емес. Біз бұл жазбамызда көркем шығарма, 
көркем  мəтін  мəселелерін  зерттеудің  əдіснамалық  негіздерін  саралайын  деп  отырғанымыз  жоқ, 
қазіргі мақсатымызға орай, көркем шығарманы танудың кейбір қырларына тоқталмақпыз. 
Көркем мəтін бірқатар компоненттерден тұратыны белгілі. Жалпылай алсақ, мазмұн мен пішін. 
Бізде  басым  жағдайда  мазмұн  негізге  алынады  да  шығарманың  қоғамдық-идеологиялық  мазмұны 
əдебиет  тарихын  жасау  негізге  алынады.  Содан  барып  əдебиет  пен  əлеуметтік  өмір  арасына  тепе-
теңдік  қойылады.  Бұл  жеңілдеу  жол.  Себебі  тақырып,  идея  төңірегінде  сөз  қозғау,  мазмұндау 
қашанда  санаға  салмақ  түсірмейді.  Кеңестік  əдебиеттану  тұсында  оның  қилы-қилы  жолдары  мен 
түрлері,  қалыптары  жасалды  емес  пе?  Бұл  арада  біз  шығармаларға  арқау  болар  шындықты  немесе 
оның идеялық шешімін жоққа шығарып отырғанымыз жоқ, айтпағымыз — тақырып пен идеяны ғана 
ту ете бермей, оның көркемдік құрылымын да ескеру қажеттілігі. 
Əдеби  туындының  мəтінінің  екі  қыры — мазмұны  мен  пішіні  болатыны  аян.  Пішінді  мазмұн 
қалыптастырады дегенімізбен, қандай да болмасын мазмұнды қабылдау пішінді тану арқылы жүзеге 
асады.  Соған  қарап  өзге  ғылымдар  да,  əдебиеттануда  да  мазмұн  мен  пішін  жөнінде  сөз  бола  қалса, 
олардың берік ажырамас бірлікте екендігі үнемі айтылады. Мəтіннің барлық компоненттерін бойына 
жинаған  мазмұн  мен  пішін  категорияларының  түсуі  теориялық  тұрғыдан  поэтиканың  нысаны 
болғанымен,  сол  дəрежеде  тарихи  əдебиеттанудың  да  зерттеу  аясына  енеді.  Сол  себепті  де  бұл  екі 
категория  бөлінбейтін  тарихи  күйінде  əдебиет  тарихын  дəуірлеу  мəселесінде  де  назардан  тыс 
қалмауы  тиіс.  Көркем  шығармаларды  бағалаудағы  əдебиет  тарихшысының  міндеті  мазмұн  мен 
пішіннің өзгеру жүйесін зерттеу деп білесіз. 
Мазмұн  мен  пішін жөніндегі  зерттеулердің критерийлеріне  сүйенер болсақ, онда  алғашқысына 
шығарманың  тақырыптық-идеялық  бағдары,  ал  соңғысына  құрылысы  (сюжеті  мен  композициясы, 
құрылымы  (жанры)  жəне  тілі  (бейнелеу  құралдары,  стилі)  енетіндігін  айта  кетуге  болады.  Енді 
мазмұндық  жəне  пішіндік  компоненттердің  қазақ  əдебиетінің  тарихындағы  өзгеру,  түрлену 
ерекшеліктеріне келейік. Əлбетте, бұл — аса ауқымды міндет. Біз оны толық шешіп беруге негізсіз 
тəуекел  жасай  алмаймыз.  Біз  бұл  мақалада  оның  өзіміз  білетін,  біліміміз  жеткен,  өзімізше  осылай 
болуға  тиісті  деген  мəселелерін  қамтымақшымыз.  Оларды  толықтырудан  немесе  мəселеге  басқаша 
қараудан  тіпті  біздің  жеке  тұжырымдамамызды  жоққа  шығарудан  жеке  адам  емес,  жалпы  əдебиет 
тарихы  ұтады.  Біздің  мақсатымыз — əдебиет  тарихының  дұрыс,  шынайы  саралануы  жағында.  Ең 
болмаса  мысалдай  болса,  ой  қоса  алсақ,  бұған  ғылыми  қызығушылық  тудырған  ғалымдармен  тізе 
қосып, мəселені орнынан жылжытуға ой қоссақ, мақсаттың ақталғаны деп білер едік. 
 
 

110 
Əдебиеттер тізімі 
1  Мəрсеков Р. Қазақ əдебиеті жайынан // Қазақ газеті. — Алматы, 1998. — 156-б. 
2  Байтұрсынов А. Əдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. — Алматы, 2003. 
3  Əуезов  М.  Өлкенің  патша  үкіметіне  бағынып,  отарлану  дəуірінің  əдебиеті // Шығармаларының  елу  томдық  толық 
жинағы. — 7-т. — Алматы, 2002. 
4  Əуезов  М.  Бектік  құлауға  айналып,  өндіріс  капиталы  дəуірлей  бастаған  кездің  əдебиеті (1870 жылдар  мен 1905 
жылдар арасы) // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — 7-т. — Алматы, 2002. — 314-б. 
5  Əуезов М. Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. — 2-т. — Алматы, 1998. 
— 222-б. 
6  Сейфоллаұлы С. Қазақ əдебиеті. —1-ші кіт. — Билер дəуірінің əдебиеті. — Қызылорда, 1932. 
7  Жұмалиев Қ. Қорытынды сөз // Əдеби мұра жəне зерттеу. — Алматы, 1961. — 291-б. 
8  Кенжебаев Б. Əдебиет белестері. — Алматы, 1986. 
9  Қамзабекұлы  Д.  Алаш  жəне  əдебиет. — Астана, 2002; Мамыраев  Б.  Основные  тенденции  развития  казахской 
литературы первой четверти ХХ века. — Алматы, 1998. 
10  Мырзахметұлы М. Түркістанда туған ойлар. — Алматы: Санат, 1998. — 76–78-б. 
 
 
Е.Тилешов 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет