№2(58)/2010 Серия филология


Личность жырау в литературе ханского периода



жүктеу 1.66 Mb.
Pdf просмотр
бет9/17
Дата28.12.2016
өлшемі1.66 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17

Личность жырау в литературе ханского периода 
В статье рассматривается развитие образа жырау в художественно-эстетической литературе ханского 
периода.  Анализируются  исследовательские  труды,  в  которых  даны  литературно-теоретические 
определения, уточняющие художественный характер образа жырау. 
S.B.Zhumagulov, D.Zholdanova 
Personality of zhyrau in the literature of khan period 
In the article it is considered personality of zhirau that was one of the founders of national literature’s coming 
into being during Khan period. Opinions of scholars-specialists in literature on investigation of zhirau’s per-
sonality are analyzed. 
 
 
 
ƏОЖ 82.0 
Ғ.Қ.Маханов 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана 
Қазақ  əйелі  бейнесінің  эволюциясы 
Мақалада  қазақ  мəдениетінде  əйел  бастауын  қабылдау  ерекшеліктерімен  байланысты  терең 
мағыналарды ашатын, «қазақ əйелі бейнесі» ұғымына əлеуметтік-философиялық талдау жасалған.   
Кілтті  сөздер:  қазақ  əйелі  бейнесі,  эволюция,  аналар  бейнесі,  Айғаным,  Шоқан  Уəлиханов,  əжелер 
образы, қазақ-орыс халықтарының қарым-қатынасы, ХХ ғасыр, Шыңғыс шаңырағы. 
 
Бүгінгі  таңда  əйелдің  қоғамдағы  орны,  ой-таным  шеңбері  ұлғайып  отырған  шақта  əйел 
тақырыбы қуатты арна ретінде осы ғасырдың аяғына таман жан-жақты танылып отыр. Қазақ əдебиеті 
тарихындағы  əйелдер  бейнесінің  эволюциясы  ерекше  көрініс  берген.  Қазақ  əдебиетінің  қайнар  көзі 
ауыз əдебиеті екенін ескерсек, «мінсіз ару», «ғажайып əйел», «адал жар» үлгісін жасау дəстүрі əсіресе 
əр  алуан  ғашықтық  қисалардан,  эпостық  жырлардан  жəне  аңыз-ертегілерден  айқын  көрінеді. 
Мəселен, «Ай астындағы Айбарша», «Күн астындағы Күнекей», «Айдай сұлу Айсұлу» ертегілерінде 
болмасын, «Жүсіп–Зылиха», «Мұхаббатнаме», «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу», «Қыз  Жібек», «Ер 
Тарғын», «Қобыланды  батыр», «Алпамыс  батыр»  жырларында  болмасын,  сүйгеніне  деген  адалдық, 
үміт  отын  өшірмей,  жарын  ұзақ  жылдар  бойы  күткен  арулардың  əсіресе  сырт  келбеті  айрықша 
əсемдігімен ерекшеленеді. 
Күн секілді күллі əлемнің шырағы, 
Нұрлы жүзің — жұмақтың бір гүл бағы. 
Оймақ ауыз ашылса — шекер шашылар, 
Соны көріп жайқалып — гүлдер ашылар. 
Жалпы əйел баласын табиғат ерекше жаратады. Сұлулық пен көркемдікті тек əйелге ғана үйіп-
төгіп  береді.  Қай  халықта  болмасын,  сөздің  төресі  өлең,  сазгерлік  шығарма  көбіне  əйелге,  сол  бір 
ерекше жандарға арналады. Əйелдің сұлулығын жырлау барлық халықта бар. 
«Азамат  тарихында  небір  адамдардың  сол  бір  ерекше  жаратылған  жандарды  сүймей,  ғашық 
болмай жəне оларға сөздің ең жақсысын арнамай кеткендері жоқ. 
Сондай-ақ Ш.Уəлиханов та осынау табиғат барлық сұлулықты үйіп-төгіп берген жандарға өзінің 
бай  əрі  өткір  тілімен  əсем  сөздерді  арнапты.  Мысалы,  прекрасный  пол,  разрушительницы  городов, 

73 
нежное существо, безыскусственные дети природы, разрушительница сердец, сердца похититель-
ница, ночная  красавица, женщина-красавица,  похитительницы  сердец  деп  əйелдерді  суреттеуге  ке-
ремет сөздерді пайдаланса, оған деген құмарлықты весенняя мысль деп жазады жəне суреттейді. 
Біздің  бұл  жерде  айтпағымыз,  Шоқан  да  басқа  ұлы  адамдар  сияқты  табиғат  сұлулығының  ал-
дында  басын  иген.  Сол  бір  ерекше  жаратылған  жандарды  суреттеуде  қазақ  ғалымы  талай  жаңа 
қанатты сөздерді тапқан» [1, 55]. 
Əже  жайлы  өлең  жазып,  прозаға  қосу,  еңбегіне  арқау  ету  тек  осы  ХХ  ғасырда  қолға  алынды. 
Өйткені  мұндаға  дейін  əженің  қоғамдағы  орны  ерекше  болғанмен,  оған  көңіл  бөлушілер  аз  болған. 
Бірінен соң бірі жалғасқан тарихи өзгерістер əдебиет өкілдерін тарихи əлеуметтік жағдайдан өзгеге 
бет қаратпады. Халық басындағы ауыр жағдай, отарлау процесі, жер мəселесі, əйел теңсіздігі, жаңа 
заман жаңалығы секілді мəселелер осы кезге дейінгі əдебиетшілердің тақырыбына айналды. Ал проза 
ХХ ғасырдан бастап кең қанат жайғаны баршаға мəлім. Осы заманан бастап ұлы адамдарға əжесінің 
əсері айқындала түсті. Əженің қоғамға əсері ашылды. М.Əуезовтың атақты «Абай жолы» романына 
соғыс  жылдары  Б.Момышұлы  жоғары  баға  бере  отырып,  былай  деген  екен: «Зере  мен  Ұлжан 
Абайдың  емес,  барлық  халық  анасы.  Аналық  (халыққа)  сезімі  мол,  елдің  мұңын  мұңдап,  жырын 
жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген» [2, 217]. 
Қазақ  əдебиетінде  өзіндік  орны  бар  тұлғалардың  бірі — Шоқан  деп  тапсақ,  оның  рухын 
жетілдіруге бар ынтасын берген əжесі Айғаным жайлы мəліметтер баршылық. 
«Орта жүз жеріндегі саяси құбылыстар ХІХ ғасырдың 20-жылдары Уəлиханның жесірі Айғаным 
əженің (1783–1853) араласуымен  біраз  белең  алып  дамыды. 9 баланың  анасы, 38 жасында  жесір 
қалған  Айғаным  ананың  ұлағатты  ісін  академик  Ə.Марғұлан  жəне  басқа  зерттеушілер  көрнекті 
бейнеде көрсете білді» [1; 15–18]. 
«Шоқанның  əжесі,  яки  Айғаным,  үш  жүзге  бірдей  аты  тараған,  көркіне  ақылы  сай,  білімді, 
парасатты  əйел  болған.  Əрі  жасөспірім  Шоқанның  өз  құралпыластарына  қарағанда  сана-сезімінің 
ерте оянып, рухани əлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі — Айғаным. 
Ə.Марғұлан  Айғаным  Шоқан  үшін: «... Халық  даналығының  сарқылмас  бұлағы  болған», — деуі 
сондықтан, — «Яки,  болашақ  ғалымның  сан-салалы  ілім  мен  ғылымның  қайталанбас  қайраткері 
болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тəлім-тəрбие мен туып-өскен ортасының 
да игі əсері тиген» [3,14]. 
«Айғаным өмірі мен саяси қызметі өткен дəуіріміздің тарихында ерекше аталады. 
Айғаным  Орта  жүз  жерінде  орыс  халқымен,  соның  ішінде  алдыңғы  қатарлы  орыс 
интеллигенциясымен  қазақ  халқы  арасында  достық  қатынастың  алғашқы  негізін  мықтап  қалаушы 
тарихи тұлға. Бұл игілікті істі оның балалары жалғастырады. 
Шоқанды,  яғни  болашақ  ұлы  ғалымды,  тəрбиелеуге  ең  алдымен  əжесі  мен  оның  əкесі 
Шыңғыстың қамқорлығы ерекше. 
Оның үстіне Айғаным мен Шыңғыс шаңырағында ешқашан дастархан жиылмаған, ойын-той көп 
болып,  халық  таңдаулылары  жиі  бас  қосты.  Ақын-жыраулар,  билер,  сөзуар  шешендер,  көсемсөз 
майталмандары,  күміс  көмей,  жез  таңдай  əншілер,  ғалымдар,  алдыңғы  қатарлы  орыс 
интеллигенциясының көрнекті өкілдері жас Шоқанға ерекше əсер етті» [2, 15–18]. 
Осы жерде айта кетерлік бір жай — С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романындағы сəйкессіздік. 
Романда  Айғаным  туралы  сөз  айтпастан  Шоқанның  бітім-болмысын  береді.  Еңбектегі  мына  үзінді 
тіптен миға сыйымсыз. «Сырымбетке неге баруын сұрауға өзінің батылы жетпеген Əбіле Қарамұрын 
арқылы сұратқанда: 
– Əжемнің басына! — депті Шоқан. 
– Əжесі — Айғаным ғой, — деген Əбіле інісіне, — көзін көрген адам емес, неге барады оған? 
Аят оқуға ма! Естуім, осы бала, ислам дінін жек көреді дейді» [4]. 
Шоқанның 1835–1865 жылдар  арлығында  өмір  сүргені  бəрімізге  мəлім,  əжесі 1853 жылы 
дүниеден өткен. Қалайша ол əжесінің көзін көрмеген? 
Айғаным туралы толық мағлұматты Ш.Уəлихановтың таңдамалы жинағынан ала аламыз. Онда 
былай  делінген: «Ш.Уəлихановтың  əжесі  Айғаным (1783–1853) парасатты,  терең  ойлы  əрі  көреген, 
өзінің заманына қарай білімді болған əйел. Ол Шығыстың бірнеше тілдерін білген, орыс мəдениетіне 
мейлінше  ден  қойып,  Сыртқы  істер  министрлігінің  Азиялық  департаментімен  жəне  Петербургтегі 
Сібір комитетімен хат  жазысып, байланысып отырған. Жергілікті  халықтың  арасында  Айғаным  өте 
беделді  кісі  болған.  Архив  мəліметтері  Айғанымның  қоғамдық-саяси  мүдделерінің  өте  ауқымды 
болғанын  көрсетеді. «Сібір  қырғыздары  жөніндегі  Устав  қабылданғаннан  кейін  Солтүстік 
Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бірде-бірі Айғанымсыз өтпейді. 

74 
Айғаным  қазақ  халқы  мен  орыс  халқының  арасындағы  достық  қарым-қатынастарды  нығайту 
мақсатын көздейді. Солтүстік Қазақстанда геодезиялық зерттеу жұмыстарымен шұғылданып жүрген 
орыс ғалымдары мен инженерлеріне ол үлкен көмек көрсетіп отырады. 
«Уəлиханның орысқа бағынуын, — деп жазған Н.П.Семенов-Тянь-Шанский, — өзге туыстары, 
Уəлиханның  бəйбішесінен  туған  балалары  мен  інілері  мойындағысы  келмегенде,  тек  Шоқанның 
əжесі,  Уəлиханның  жесірі  Айғаным  ғана  өзінің  балаларымен  бірге  Россияға  айнымас  адал  досы 
болып  қалды.  Александр I Уəлиханның  қырғыз  сахарасында  оған  үй  салдыруға  əмір  еткен. 
Ш.Уəлиханов сол үйде туған». 
Айғаным Сырымбеттегі атамекенінде қайтыс болған. Ш.Уəлихановтың архивіндегі өз қолымен 
жазған  естелігінде  былай  делінген: «1853 жылы 19 ноябрьде,  бейсенбі  күні,  екінді  намаз  кезінде 
қырғыз-қайсақ  орта  жүзінің  ханы  марқұм  Уəлидің  жесірі,  Сарғалдақ  қызы  Айғаным 70 жасында 
дүние салды. Тоғыз ұл тапқан, оның екеуі жиырма жасында дүние салды. 
Айғаным  орысша  оқып,  білім  алудың  маңызын  терең  түсінген. 1827 жылы  ол  өзінің  баласы 
Шыңғысты Шоқанның əкесін Сібірдің линиялық казактарының əскери училищесіне оқуға түсіреді. 
Бала Шоқанның сана-сезімі ерте оянып, рухани өсіп, жетіле беруіне əжесі Айғаным үлкен əсер 
еткен.  Тумысынан  сезімтал,  дарынды  балаға  əжесі  халық  даналығының  сарқылмас  білім  бұлағы 
болған. Ол Шоқанға қазақтың ескі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп əңгімелеп, күні кеше өзі 
басы-қасында болған оқиғаларды еске алып отырған. Халықтың озық дəстүрлері мен салтын бойына 
сіңірген əжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есіне сақтайды» [5]. 
Айғаным  жайлы  тағы  бір  дерекке  сүйенсек,  Абылайдың  ұрпағы  Уəлиханның  төртінші  тоқалы 
болған  деседі. «Уəлихан  əкесімен  бірге  Бурабайда  тұрады,  үш  қатыны  бар.  Хандық  жұмысымен 
Сырымбет  ауылына  жиі  барады.  Бір  сапарында  Сарғалдақ  бидің  немересі,  Қожахметтің  қызы, 15 
жастағы Айғанымға көзі түседі. «Қызыңды төртінші тоқалдыққа бер», — дейді. Айғаным орысша да, 
шағатайша  да,  парсыша  да  білетін,  керемет  шешен  қыз  екен.  Уəлиханға: «Егерде  менің 
шаңырағымды Бурабайға емес, Сырымбетке құрсаңыз, барайын», — дейді. Сырымбетте Уəлиханның 
қалып қойған себебі сол. 
Айғаным  тоғыз  бала  тапқан,  соның  жетеуі  тірі  қалған.  Үлкені — Шыңғыс,  Шыңғыстан  туған 
Шоқан.  Танысқанда  Уəлихан 54-те,  ал  Айғаным 15-тегі  қыз.  Уəлихан 83 жасында  қайтыс  болған. 
Күйеуі  өлгенде  Айғаным  жас  келіншек.  Сол  кезде  Омбыға  Александр I патша  келеді.  Омбының 
генерал-губернаторы  Сотников  Айғанымға  хат  жазып,  қазақтың  салтын  көрсетуді  сұрайды.  Патша 
Сырымбетке арнайы келіп, жап-жас əдемі əйелді көреді. Уəлихан өлді, Ғұбайдолла хан болуға тиіс. 
Уəлиханның  бірінші  баласы — Ғұбайдолла.  Сол  жолы  Ғұбайдолланы  тұтқындап,  Айғанымды  хан 
сайлайды. Айғанымға жылына 400 рубль жалақы тағайындайды. Сол кезде қойдың бағасы 5–6 тиын, 
жылқы 70–80 тиын. Осылайша, Айғаным бір жарым жыл хан болып отырады» [6]. 
«Айғаным  мекенжайының  жұрты  қазіргі  Көкшетау  облысы  Володарский  ауданы  Сырымбет 
совхозына  таяқ  тастам  жерде.  Мекенжай  орнында  тұрып  қараған  кісіге  қос  өрнекті  Сырымбет 
Шоқысы асқақтап көрінеді. 
Мекенжайдың  салыну  тарихы  Шоқанның  əжесі  Айғанымның  қоғамдық-саяси  қайраткерлік 
істерімен тікелей байланысты. Ел жадында «Сперанский ережесі» деген атпен сақталып қалған 1822 
жылғы  «Сібір  қазақтары  жөніндегі  ереже»  күшіне  енгеннен  кейін,  атасы  Абылай  мен  күйеуі  Уəли 
бастаған  Россиямен  тығыз  қарым-қатынас  саясатын  дамыта,  ұлғайта  түскен  ханша  Айғаным 
Солтүстік Қазақстандағы маңызды оқиғалардың бəріне бел шешіп, белсене араласып, іс-көзін білетін 
зеректік, алғырлығымен халық арасында үлкен беделге ие болған. Айғаным қазақ елінің Россияға өз 
еркімен  қосылуының  прогрестік  мəн-мағынасын  дер  кезінде  жіті  түсініп,  патша  өкіметі  алдына 
жергілікті халықты оқу-білім, отырықшылыққа тарту жəне қазақтардың өзін-өзі басқаруы керектігін 
анық мəселе ретінде көтерген. Оның оқу-білім алуға аса маңыз бергендігі Сырымбетте қазақ мектебін 
ашып, өз ұлы Шыңғысты Сібір казактарының əскери училищесіне оқуға беруінен байқалса, алдыңғы 
қатарлы орыс мəдениетіне барынша ынталы болғандығы Батыс Сібір генерал-губернаторы лейтенант 
Капцевичке отырықшылыққа ойысу мақсатымен Сырымбет төңірегінен жер беріліп, сол жерге өзіне 
арналған  кең,  зəулім  үйі,  моншасы,  мектебі  мен  мешіті  бар  мұнтаздай  қора-қопсылы,  күнделікті 
тұрмысқа ыңғайлы əрі тартымды мекенжай салдырып беруін сұранып, 1822 жылдың ноябрь айында 
өтініш  білдіруінен  көрінеді.  Айғанымның  нақты  тілектер  қойып  жазған  бұл  өтінішінің  толығымен 
жүзеге асқандығын П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің «Тянь-Шаньға саяхат» атты мемуары 2- томының 
54-бетіндегі: «Александр І Уəли ханның жесіріне үлкен ілтипат көрсетіп, қырғыз даласындағы 1-үйді 
салдырып беруге əмір еткен, əрі Шоқан Уəлиханов сонда туған» деген жолдарынан аңғарылады. 

75 
Шыңғыстың Сырымбеттегі мекенжайында орақ ауыз, от тілді ақын-жыраулар таңды таңға ұрып, 
алтын  саусақ,  бал  таңдай  əнші-күшілер  мəжіліс  соңын  өнер  сайысына  айналдырып,  аңызшы-
ертегішілер  жиын-тобырды  мəре-сəре  етіп,  апталап,  айлап  жатып  өз  өнерін  ортаға  салған.  Мұның 
бəрі енді қалыптасып, қанаттанып келе жатқан жас ғұламаға игі əсерін тигізіп отырған. 
Алты жасында Күрлеуіт Қыпшақ Жаманқұлдан «Едіге» жырын тыңдаған Шоқан «Ер Қосай» мен 
«Ер Көкшені» Атығай Арыстанбай Тобылбайұлынан естіген. Қаракесек Жанақ Сағындықұлынан ел 
шежіресі  мен  ауыз  əдебиетінің  үлгілеріне  құлағы  қанық  болған.  Шоқан  нұралық  Шөже 
Қаржаубайұлынан  «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырының  ең  ұзақ  нұсқасын  жазып  алған.  Көкесі 
Хақназардан  күй  атасы  Қорқыттың  ботадай  боздаған  сарынын  сан  рет  тыңдаған.  Күй  сарынынан 
ажалмен  арпалысты  бажалайлап,  өлімді  өнермен,  надандықты  іліммен  жеңуге  болар  деп  түйсінген. 
Өз құралпыластарынан Ақанның мұңшыл да сыршыл, Біржанның шабытты да шалқар, Жаяудың ащы 
да асқақ əндерін тыңдаған» [3, 25–26]. 
Шоқанның  анасы — Зейнептің  əйгілі  Мұса  Шорманның  қызы  екені  О.А.Сегізбаевтің 
«Мировоззрение  Чокана  Валиханова»  атты  еңбегінде  айтылған. «Мать  Чокана — Зейнеп  была 
дочерью  видного  казахского  бия  Баян-Аульского  округа  Чермана.  Ее  родной  брат  Муса  Черманов, 
дядя Чокана, который находится с ним в тесных связах, был образованным казахом». 
Көнеден  жаңаға  бет  алған  əжелер  образы  қазақ  халқының  салт-дəстүрімен,  тəлім-тəрбиесімен 
тығыз  байланысты.  Болашақ  ұрпақты  тəрбиелеуде  əженің  маңызы  зор.  Бесікке  салу,  бесік  жырын 
салу,  шілдехана  секілді  салт-дəстүрге  əже  тікелей  қатысты.  ХVІ–ХVІІІ  ғасырларда  батыр 
бабаларымызбен  бірге  батыр  əжелеріміз  өзінің  жерін  қорғаған.  Сол  заманның  өзінде-ақ  қоғамдағы 
əжелер  орны  айқындалғанын  байқаймыз.  Бірақ  Тəуелсіздігіміз  тəу  еткен  мына  заманда  ертеде  аялы 
алақанымен бүкіл елінің болашағын бір бесікпен тербеген əжелеріміздің қоғамдық орнының болмай 
қалғандығы  қынжылтады.  Айғанымдай  бүкіл  елінің  қамын  ойлаған  əжелеріміз  бүгінде  отбасылық 
жағдайдан  алыстамай  отыр. 70 жыл  ерлер  мен  əйелдерді  тең  етеміз  деген  саясаттың  бізге  берген 
олжасы да осы шығар. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Өтенияз С. Шоқан. — Алматы: Ғылым,1995. 
2  Мырзахметұлы М. Айналған аты аңызға Момышұлы. — Тараз, 2000. 
3  Мұқтарұлы С. Шоқан жəне өнер. — Алматы: Өнер, 1985. 
4  Мұқанов С. Таңдамалылар. — 8-т. — Алматы, 1976. — 78-б. 
5  Уəлиханов Ш. Таңдамалы. — Алматы: Жазушы, 1980. — 8, 9-б. 
6  Сəрсембина Б. Абылай алаңы аукционға түсті // Жас Алаш. — № 66. — 2006. — 17 тамыз.  
 
 
Г.К.Маханов 
Эволюция образа казахской женщины 
В  исследовании  приводятся  результаты  социально-философского  анализа  понятия  «образ  казахской 
женщины»,  где  раскрываются глубинные смыслы,  связанные  с  особенностями  восприятия женского 
начала в казахской культуре. 
G.K.Makhanov 
Evolution of the Kazakh woman’s image 
The research results of social-philosophical analysis of the concept «image of the kazakh woman», where 
open deeper meanings associated with the peculiarities of perception of the feminine in kazakh culture. 
 
 
 

76 
ƏОЖ 82.0 
Ғ.Қ.Маханов 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана 
Баян  бейнесі — қазақ  мəдениетіндегі  сұлулықтың,  
ақыл-парасаттылықтың, шынайы  махаббаттың  
жəне  тұрақтылықтың  айнымас  үлгісі 
Мақалада  «Қозы  Көрпеш — Баян  Сұлу»  эпосының  бас  кейіпкері  Баян  Сұлу  бейнесі  негізінде  қазақ 
əйелі бейнесін психофизикалық, гендерлік жəне əлеуметтік ракурста зерттеу нəтижелері келтірілді. 
Кілтті сөздер: Қозы Көрпеш, Баян Сұлу, XIX ғасыр, VIII–XIX ғасырлар, əйел теңсіздігі, қазақ қызы, 
қазақ əйелі, Баян образы, Қодар бейнесі. 
 
Көрнекті  де  көркем  жырлардың  бірі  «Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жырының  сюжеті  қазақ, 
башқұрт, монғол, якут, ұйғыр жəне сібір татарларында да кездеседі. Соған қарағанда оның бастапқы 
ертегілік  желісі  Алтай,  Жетісу  жағында,  оғыз  тайпалары  дəуірінде  туған  сияқты. «Қозы» — қой 
бөпесінің  атауы  емес, «оғыз»  түбірінен  туған.  Монғолдар  бұл  жырды  «Козюке», «Козы  Еркеш», 
«Малшы мерген» десе, ұйғырлар «Бозы Көрпеш» дейді [1, 1]. 
Жырдың  сюжеті XIX ғасырда  жазылғандықтан,  онда  Қарқаралы,  Қараөткел,  Баянауыл, 
Қарасақпай,  Аягөз  дейтін  кейінгі  дəуір  атаулары  кездеседі.  Сол  себепті  жыр VIII–XIX ғасырлар 
арасындағы қазақ өмірінің көп заманын қамтып, өзінше бір энциклопедияға айналған. 
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  дастанының  кейбір  деректерде 33 нұсқасының  бары  көрсетіледі 
[1, 11]. Қазақ арасында əріден келе жатқан бұл жырды Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, Арыстанбай, 
тағы басқа ақындар өздерінше жырлаған. Ең көп тарағаны əрі толымдысы Жанақ нұсқасы. Туыстас 
түркі тілдерінде де жырдың мазмұндас-сарындас түрлері сақталған. 
Осыншама  ұланғайыр  дүниені  жинап,  жариялауда,  зерттеуде  халқымыздың  төл  перзенттері 
Ш.Уəлихановтан  бастап  М.Ж.Көпеев,  М.Əуезов,  Ə.Марғұлан,  Ə.Қоңыратбаев,  Ы.Дүйсенбаев, 
Е.Жұбанов, Р.Бердібай өлшеусіз зор еңбек сіңірді. 
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  жыры — халқымыздың  көне  тарихынан  жеткен  асыл  мұрасы, 
əлемдік  мəдени-тарихи  құбылысы.  Жырдың  түпкі  идеясы  əйел  басындағы  теңсіздікпен  байланысты 
болғандықтан, бірінші орынға Қозы емес, Баян образы шығады. Жырдағы Баян бейнесін біз негізінен 
екі арнада түсінеміз. Бірінде ол — ата-ана салты, ескі қоғам дəстүрімен келіспей, өз жүрегінің нəзік 
сезімін,  еркіндігін  феодалдық  ортадан  жоғары  ұстаған  халықтық  бейне.  Екіншісінде  Баян — ескі 
салтпен ымыраласқан, сол себепті жесір немесе кұдалық идеясының жетегінде жүрген пассив образ. 
Жыр тақырыбы — халқының əдебиеті, мəдениеті, тұтастай алғанда, руханияты төңірегінде тынымсыз 
ізденістерге бастайтын аса маңызды, мəңгі ескірмейтін тақырып. 
Поэманың  тақырыбы — екі  жастың  бір-біріне  деген  адал  сүйіспеншілігі.  Сезімнің  жоғарғы 
шыңы — махаббаттың  жолындағы  бөгет  көбіне  дəрменсіз  екендігі  өмір  шындығы.  Шығарманың 
негізгі  кейіпкерлері  Қозы  мен  Баян  заманның  қаталдығын,  озбырлығын,  мейірімсіздігін  жеңіп, 
кездесті, азғантай уақыт болса да ойнап-күліп бақытты өмір сүрді. 
Поэмадағы  бас  қаһарман  Қозы  жастайынан  мейірімді  де  ақылды,  ізгі  ниетті  адамдар  арасында 
еркін өсіп, жан-жақты тəрбие көрген адал, ісі əділ, қайырымды, қайратты, намысқой, адал махаббат 
иесі  ретінде  ауыз  əдебиетіндегі  ескі  варианттар  ізінен  бұрылып,  келешек  ұрпаққа  үлгі  боларлық 
тəлімі  бар,  қимылы,  ісі  нанымды  бейне  ретінде,  қарапайым  адам  қалпында,  шындық  болмысқа  сай 
алғыр азамат ретінде суреттелген. 
Оның бойында əкеден жалғасқан намысшылдықтың, игі дəстүрдің арнасы бар. Əкесінің бастаған 
ісін  аяқтау,  əкесі  өлгеннен  кейін  бұзылған  заңдылықты  қалпына  келтіруді  өзіне  перзенттік  парыз 
санаған Қозының бейнесі жырда сұлу Баянмен толыға түседі. 
Баян Қозыға ғашық болып, оны өзіне жар тұтады. Халықтық салт аясында өскен Баян Қозының 
жеке басын  қадірлейді.  Оқырман қауымға  кеңінен таңылған  Жанақ  ақын  жырлаған  вариантында  да 
кейіпкерлердің ерекше жағдайда дүниеге келу мотиві ұшырасады. Жырда: 
Қодар қыз əкесі Қарабайдың өз аузынан: 
Сен шөлдетпей малымды алып өтсең, 
Ақ Баянды беремін саған, Қодар, — 

77 
деген  уəдесін  алады.  Жыршы поэмада  Қодар мен Баянның портреттерін  қарама-қарсы қоя  суреттеу 
арқылы Баянның оқырманға сүйкімділігін арттыра түседі. Жырда Қодар: 
Өзінің денесінің молын қара, 
Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай, — 
деп суреттелсе, Баянның суреті: 
Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз, 
Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз, — 
деп беріледі. Жырда Баянның жасы он төртте деп беріледі. Тал бойында бір міні жоқ, қолаң шашты, 
меруерт тісті, аузынан сөйлесе, гүл төгілген Баянның көңіл-күйін «Аңда-санда болмаса сөйлеспейді, 
жалғыз  жатып  Қозы  үшін  қылады  зар»  деп  суреттеудегі  себеп — сүйгенін  сарыла  күткен  Баянға 
берілген  осы  баға  басқа  кейіпкерлердің  сөздерімен  де,  Қозының  өз  көзімен  де,  Баянның  өзінің  іс-
əрекеттерімен де расталады. Оның сыртқы сұлулығына ішкі жан дүниесі де, мінез-құлқы да, қимылы 
да  сай.  Баян  өте  ақылды,  байсалды,  төзімді,  сабырлы  қыз.  Құдай  қосқан  жарын  сарғая  күтіп,  зор 
шыдамдылықтың  үлгісін  көрсетеді.  Өзін  іздеп  келген  Айбасқа  сыр  бермей,  оны  байқап,  бақылап 
нағыз Қозыдан келгенін білгенге дейін байсалды мінез танытады, өзінің сырын ашпайды. 
Баян Сұлу — өз заманындағы қазақ қызының идеалы. Жыршылар арудың бойына қазақ əйелінде 
болуға тиісті барлық асыл қасиетті жинақтаған. Ол — сұлу қыз, адал қалыңдық, қамқор əйел. 
Қарабай  елінде  тазша  кейпін  киіп,  қойшылықта  жүрген  Сарыбайдың  еркесін  таныған  Баянның 
сүйгенін  көруге  тағат  таппай,  қуаныш  пен  ынтызарлықтан  бір  жерде  дамыл  таба  алмай 
дегбірсізденуін сыртқы іс-əрекет, қыздың мазасыз қимыл-қозғалысы арқылы береді. 
Бата алмай оятуға Қозекеңді, 
Түнде үш келіп, үйіне үш тоқтайды [2]. 
Осы жолдарда қанша сезім арпалысы, ішкі толқулар бар! 
Баян  бейнесін  сомдауда — заттық  əлем  мен  киім  де  өзіндік  қызмет  атқарады.  Шығармада 
қолданылып,  көркемдік  кеңістікті  құрайтын  заттың  жиынтығы  арқылы  тарихи  кезеңнің  өзіндік 
болмысын,  дəуір  сипатын,  ұғым-түсінігін  тануға  мүмкіндік  береді.  Тарихи  шығармаларда  өмір 
шындығының дəлдігі, нақтылығы, кейіпкерлердің тұрмысы, киім киісі, ұстанған заттары, т.б. арқылы 
танылатындықтан, сол кезеңмен сəйкес болуы ерекше қадағаланады. 
«Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу»  эпосында  да  заттар  əлемі  өзіндік  өрнекпен  ерекше  бейнеленген. 
Əсіресе заттар əлемінің поэтикасы терең мəн-мағынаға ие. Мысалы, Айбас батырдың: 
– Балталы, Бағаналы елден келдім. 
Бақалы, балдырғанды көлден келдім. 
Сіздерге күмəн шығар — өзіме аян, 
Елімнен іздеп келген келінім — Баян, — 
деп Баян ауылына барып келуін дəлелдейтін заттардың жеке-жеке баяндалуы — соның айқын айғағы. 
Жырдағы: 
Сəлем де ініңізге іздеп келсін, 
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін, 
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда. 
Айтқанды тон, жүзігім белгі болсын, — 
деп жырланатын жолдар қазақ қоғамындағы сүйгеніне қосылу үшін ата жолының қатал заңына қарсы 
шығып, қайсарлығымен, өжеттігімен көрінген жаңашыл қыздардың бейнесін береді десек, «айтқанды 
тон,  жүзік,  тоғыз» — сол  кезеңнің  тұрмыс-салтына  тəн  дəстүр,  сый,  сияпат.  Сол  кезеңнің  сипатын 
танытатын заттық, көркемдік детальдар. Ал Баян бейнесін бұл құбылыстан бөлек алып суреттеу тіпті 
де мүмкін емес. 
Бұл дəстүрдің санаға сіңіп, таным-түсінікке əбден тереңдей еніп, қалыптасқаны сонша, ер-азамат 
Қозы да сол əшекей заттарды сұрап, Айбастан куəлікке керек етеді. 
Бұл заттық детальдар тұрмыстық қажеттілікке жарайтын қарапайым қызметті емес, қыз сезімін 
танытар символдық көркемдік міндетін атқарып тұр. 
Қарапайым  заттарға  эстетикалық,  көркемдік  құндылық  дарытып,  оларды  ел-халық  тарихында 
топонимикалық аңызға  айналдыру, т.б. секілді құбылыс ақындық шеберлік болып табылады. Айбас 
алып  келе  жатқан  сəлемдеме-заттардың  жол-жөнекей  түсіп  қалуы  топонимикалық  аңыздардың 
дүниеге келуіне себеп болады. Оқып көрейік: 
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты, 
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып, 
«Қызыл белбеу, Құбажан» қоя сапты. 

78 
Қыздың берген мейізі түсіп қалып, 
«Мейізгек» деп тау атын қоя сапты. 
Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып, 
«Қарқаралы тау атын қоя сапты», — 
деп,  осылай  әрбір  затқа  бір  атау  қойылып  кете  береді.  Ойлап  қарасақ,  осы  топонимикалық 
атаулардың  пайда  болуы  бір  кезеңдегі  жыр  кейіпкері  Баян  басынан  кешкен  оқиғамен  тығыз 
байланысты. 
Эпикалық жырда сөз болған бұл заттар тек махаббат серті символдық қызмет ғана емес, тарихи 
орны бар жер, су, ел атауларының да есімі болып, топонимикалық та, көркемдік те қызмет атқарып 
тұр. 
Мұндағы  тазша  кейіпі  қажеттілікпен  басқа  да  қызмет  атқарады.  Поэмада  Қозы  Баян  ауылына 
қойшы-тазша болып, соның кебін киіп, түрін өзгертіп келсе де, бұл ісіне көпке дейін көңілі толмай, 
намыстанып жүреді. Сағына күткен ғашығын осылайша тазша кейіпінде көрген Баянның жанын бұл 
көрініс  қатты  ауыртады.  Алайда  Қозының  сақтығын,  амандығын  ойлап,  тазша  кебін  қайта  кигісі 
келмеген Қозыға: 
Киіңіз кебіңізді арланбаңыз, 
Осылардан басқаға сыр бермеңіз, 
Кішіліктен еш нəрсе кемімейді. 
Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз, — 
дейді.  Еуропалық  əдебиеттерде  жиі  кездесетін  масканы  жыршы  ұлттық  болмысымызға  сай,  ұғым-
түсінігімізге лайықты етіп жырға қосады. Жыршы Қозының сырт тұлғасы, кейіпі өзгергенмен оның 
жалпы  азаматтық  кескін-келбетіне  нұқсан  келтірмейді.  Қайта  Қозыға  тазша  кейіпін  кигізу  арқылы 
Баянның образын, оның ақыл-парасатының молдығын аша түседі. 
Баян  тек  көркімен  ғана  сұлу  емес,  ақылымен,  ерлігімен  де  сұлу.  Жоғарыдағы  үзіндіде  Баян, 
біріншіден,  Қозыны  дұшпанынан  сақтандырса,  екіншіден,  кішілік-адамгершілік  қажет  екенін 
аңғартады.  Ол  ақылымен  тоқсан  байдың  серісі  мен  қара  күштің  ғана  иесі  Қодарды  маңына 
жолатпайды. Жырда бұл көрініс былайша берілген: 
Қара көзін қан басып қарағанда, 
Маңына жоламайды, Қодар үркіп. 
Сондай-ақ жырда заттық деталь Қозы Көрпештің Қодарды  ықтырып алатын құралы ретінде де 
танылады. Мысалы: 
Кетіп ең дардай болып сен мақтанып, 
Кəнеки, өрік, мейіз əкелдің бе? 
деп сөзіне тұрмаған Қодарды мазақ етудің, қорлаудың, намысына тиюдің пəрменді құралы еткен өрік, 
мейіз өзінің көркемдік міндетін мінсіз атқара білген. Сондай-ақ бұл жырда сыртқы іс-əрекет, қимыл-
қозғалыс  динамикасы  арқылы  сол  сəттегі  кейіпкердің  көңіл-күйін,  құлшыныс  мақсатының  мəн-
маңызын да ашып береді. «Баянды беремін, малды шөлден алып шықсаң» деген уəдесін алып алған 
Қодардың қуаныштан бар күш-қайраты тасып, сенімдіктің артқанын аңғартады. 
Сол күндегі жанардан Қодар асып, 
Мінезіне қайраты құп жарасып. 
Қодекең шауып жүріп қимылдайды. 
Аямай бедеуіне қамшы басып. 
Одан  əрі  осы  көңіл-күй  əсерінен  Қодардың  психологиялық  портреті  ерекше  көтеріңкі  пафос, 
үдемелі  əсірелеу,  теңдеулер  арқылы  бейнеленеді.  Əр  шумақ  сайын  Қодардың  бейнесі  толығып, 
ерекшелене сомдалады. Ал, оған қарама-қарсы кейіпкер Баянды: 
Аппақ көрік маңдайы, қылығы наз, 
Малың түгел басыңды берсең — дағы аз, — 
деп қыздың сұлулығына ештеңе тең келмейтіні баяндалады. Мұнда Баянның сұлулығына ғана емес, 
оның  асқан  ақыл-ойы,  парасаты  алдыңғы  қатарға  шығады.  Осындай  кейіпкерлердің  іс-əрекеттері, 
қимыл-қозғалыстары  арқылы  олар  туралы  мəліметтер  толыға  түседі.  Олардың  сөйлеу  мəнері, 
эмоциялық  диапазоны,  көптеген  портреттік  белгілері  оқиға  өрісіне  қарай  өсіп-өніп  отырады. 
Бұлардың бəрі психологиялық портрет галереясын құрайды. 
Жырда  алғаш  Қодар  Баянды  шын  ұнатқан,  қыздың  көңілінен  шығу  үшін  барын  салатын, 
көкірегін  бəсеке  мен  қызғаныштың  жалыны  шарпымаған  ақ  көңіл,  көпшіл,  еңбекқор  жан  болып 
суреттеледі. 

79 
Бетке  жан  қаратпайтын  Қодардың  мысын  басып,  тоқтау  болар  жалғыз  жан — Баян.  Баянның 
күліп  айтқан  бір  жылы  сөзі  үшін,  құрбандыққа  шалынуға  дайын  намысқой  Қодар  бейнесі  үлкен 
шеберлікпен  берілген.  Осы  бірсөзді,  біртоға  Қодардың  қолын  қанға  малатын  бейненің  дəрежесіне 
дейін өсу жолы Баян бейнесімен қатарласа өріледі. 
Жырда  өз  сезімімен  арпалысқан  Қодар  ақыры  Қозыны  өлтіріп  тынады.  Бірақ  Қозыны 
өлтіргенмен Баянның Сарыбай баласына деген махаббатын өлтіруге шамасы жетпейді. 
Қозының  кегін  алмақшы  болып  Баян  Қодарды  Шоқтерекке  айламен  алып  барып  өлтіруінен 
Қодардың аңқау, аңғалдығын көрсек, екінші қырынан Баян не істесе де қарсы келе алмайтын сүйген 
жүрек иесінің характері байқалады. 
Атаңа сіңіспейді адал күшім, 
Құл болдым есігіңе сенің үшін. 
Ертеден қара кешке қылсам дағы, 
Бір аллаға жақпады менің ісім. 
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян, 
Əке-шешем жылатып келдім, Баян. 
Тіл ұшымен мені сен жақын қылып, 
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян, — 
деген сөздерден Баянның ісін — ақ, сөзін — əділ көрген аңқау Қодарды көреміз. Қодар Баянға сеніп 
өледі. Ал Баян болса, айласын асырып, Қодардан кек қайтарады. Егер Қодар бейнесі болмаса, Қозы 
мен Баянның махаббаты жоғары деңгейдегі ақ, пəк махаббаттың символына айналмас еді. 
Қозының  кегі  үшін  Қодарды  өлтірерде  Баян  сұлу  айтқан  мына  сөзден  қайсар  қазақ  қызының 
бірбеткей, өжет те өр мінезі айқын байқалады. 
Əкеме сіңіп еді сенің күшің, 
Құл болдың есігіме менің үшін. 
Шоқ белбеу, алтын айдар мырзам қайда, 
Шұнақ құл өлтіремін соның үшін. 
Міне, осылайша жырдағы Баян образы жан-жақты сомдалып, оқырманға жақындай түседі. Баян 
бейнесі — қазақ  мəдениетіндегі  əдеміліктің,  ақылдылықтың,  парасаттылықтың,  тұрақтылықтың 
айнымас үлгісі. 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Қазақ фольклористикасының тарихы. — Алматы: Ғылым, 1983. 
2  Қозы-Көрпеш — Баян-Сұлу». — Алматы: Жалын, 1980. — 58-б. 
 
 
Г.К.Маханов 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет