№2(66)/2012 Серия филология


Творчество Биржан-сала Кожагулова — крупное явление



Pdf көрінісі
бет13/18
Дата15.03.2017
өлшемі2,03 Mb.
#9987
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

Творчество Биржан-сала Кожагулова — крупное явление  
в казахской музыке второй половины XIX столетия 
В статье показывается, что вторая половина XIX в. стала периодом расцвета музыкального искусства 
в казахской степи. Крупным явлением  в казахской музыке  этого периода стало творчество Биржана 
Кожагулова. Отмечается, что богатое песенное творчество, неподдельное исполнительское мастерство 
придали имени  Биржан-сала ореол величия и  славы по  всей  казахской степи.  Приводится известная 
песня «Биржан-сал», в которой он определил свое поэтическое кредо. Автор отмечает, что вся жизнь, 
вся история современников-соплеменников  нашли отражение в песнях Биржана. Произведения Бир-
жана-сала вошли в сокровищницу казахской народной песенной классики. Сегодня домбра незабвен-
ного Биржана Кожагулова подхвачена новым поколением казахского песенного искусства. Автор де-
лает  вывод,  что  в  дальнейшем  следует  продолжить  работу  по  увековечению  памяти  выдающегося 
акына. 
It is shown that second half of XIX-th century became the period of blossoming of musical art in the Kazakh 
steppe. It is proved that creativity of Birzhana Kozhagulova became the large phenomenon in the Kazakh 
music of this period. It is noticed that rich song creativity, genuine mastery has given to a name of Birzhan-
sal an aura of sizes and glory on all steppe Kazakh. The known song of «Birzhan-sal» in which it has defined 
the poetic credo is resulted. It is underlined that all life, all history of contemporaries-fellow tribesmen has 
found reflections in song of Birzhan. It is underlined that Birzhan-sal products were included into a treasury 
of the Kazakh national song classics. That fact is established that today dombra unforgettable Birzhan 
Kozhagulov is picked up by new generation of the Kazakh song art. The conclusion that further it is 
necessary to continue work on perpetuating of memory outstanding akyn becomes. 
 
 
 

Серия «Филология». № 2(66)/2012 
93 
ƏОЖ 821:82–15 
Р.С.Каренов  
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Арқаның ақиығы Біржан салдың Жетісу  
бұлбұлы ақын Сарамен айтысы 
Біржан  салдың  үлкен  жетістігі — ақын-жыршылардың  өлеңмен  жарысы — айтыс  өнерінің  дəстүрлі 
мектебінің  негізін  қалаушылардың  бірі  болғаны  көрсетілген.  Айтыстың  бірқатар  өнердің — 
поэзияның,  музыканың,  орындаушылық  шеберліктің  күрделі  синтезі  болып  табылатындығы 
дəлелденген.  Аса  зор  қызығушылық  туғызатын  поэтикалық  жекпе-жекте  ерекше  үйлесімділіктің, 
тапқырлықтың,  жарқ  еткен  ұшқыр  ойдың,  өлең  шумақтарын  жадынан  суырып  салатын  ақындардың 
жарысқа түсетіндігі туралы жоғары пафоста айтылған. Біржан мен Сара айтысы XIX ғасырдың екінші 
жартысында  қазақ  даласындағы  ең  айтулы  бірегей  оқиға  болғандығы  көрсетілген.  Бұл  айтыста 
көптеген  қоғамдық-əлеуметтік  мəселелер  көтерілгендігі  пайымдалған.  Бұл  айтыстың  аса  зор 
құндылығы — қызыл  тілдің  ерекше  əсемдігі,  поэтикалық  салыстырулардағы  көркем  сөз  саптау 
шеберлігінің  аса  жоғары  деңгейден  көрінуі,  əсірелеуші  метафоралардың  жиі  қолданылуы  екендігі 
жөнінде қорытынды жасалған. Екі ақынның айтысы негізінде құрылған  «Біржан мен Сара» операсы 
қазақ  опера  өнерінің  шоқтығы  биік  ең  тəуір  жетістігі  екендігі  дəріптелген.  Біржан-салдың  өлеңдері 
мен айтыстары тыңдаушыларды жəне оның мүлтіксіз өнерін бағалай білетіндерді əлі көп уақыт бойы 
қуанта беретіні туралы ой тұжырымдалған. 
Кілтті  сөздер:  айтыс  мектебі  дəстүрін  қалыптастырушы,  өлең  сайысы,  орындау  шеберлігі, 
поэтикалық  жекпе-жек,  қазақ  даласы,  Біржан  мен  Сара  айтысы,  қоғамдық-имани  мəселелер,  қазақ 
опера өнері. 
 
Кіріспе 
Біржан  мен  Сараның  айтысы  Біржан  ақындығының  биік  шыңы  болуымен  бірге  бүкіл  қазақ 
ақындары  айтысының  да  биік  шыңы.  Мұнда  Біржан  күшті  ақындық  өнерімен  халық  поэзиясын 
дамытып сол дəуірде туып қалыптасып келе жатқан жаңа жазба əдебиет өрнегімен ұштастыруға жол 
ашады.  Біржан  мен  Сараның  айтысы  мазмұны  мен  формасы  сай  келген  күрделі  көркем  туынды,  оның 
өмірлік, ақындық сырлары əдебиет жұртшылығын үнемі қызықтырып, толғандырып келеді [1]. 
Бұл  жерде  «арулар  тобының  алдыңғы  қатарында  қолына  өнердің  көк-жасыл  туын  ұстап, 
аршынды адыммен ілгері ұмтылып, нөсерлі əн шырқаған Сара қыз кім еді?» деген сауал туындайды. 
Ол — атақты  Біржанмен  айтысы  арқылы  даңқын  асырған  ақпа  ақын.  Халқымыздың  ғасыр  бойы 
аузынан  тастамай,  атының  өзін  бойтұмардай  қастерлеп  келген  өлең  өнерінің  ділмəрі — Сара 
Тастанбекқызы 1853 жылы,  қазіргі  Алматы  облысы,  Ақсу  ауданы,  Матай-Қаптағай  елінде  туып 
өскен.  Əкесі  Тастанбек  ерте  өліп,  оның  інісі  Жайсаңбектің  қамқорлығында  қалады  (Сараның  өмірі 
мен  шығармашылығын  зерттеумен  ширек  ғасырдан  бері  шұғылданып  жүрген  Тəңірберген 
Қалилахановтың  көрсетуі  бойынша),  Сара  жетімдік  зардабын  шегіп,  жоқ-жітік  көріп,  тұрмыс 
тауқыметін тартып өскен. Шешесі Уазипа, інісі Сахари сол ауыртпалықтың салмағына шыдамай ерте 
тізе  бүгіп,  қаза  тапқан.  Ал,  Жайсаңбек  болса,  бойына  біткен  қайратын  жұмсап,  өнімді  еңбек  ете 
алмай,  бұзықтар құрған тұзаққа  өзін  де, жасөспірім  Сараны да  іліндіріп  алып,  азап  шеккен. Таяуда 
жарияланған  Өтепберген  Ақыпбекұлының  мəліметі  Қалилахановты  толықтырып,  нақтылай  түскен. 
Сараның өмірін, айтысын бұрмалаудан арашалап, ғылымға керек деректер берген. Ол Сараның 1853 
жылы  туып, 1907 жылы  өлгенін, 1871 жылы  Біржанмен  айтысқанын,  Қарашоқыдағы  зиратқа 
жерленгенін  (Қапал  ауданы),  Біржанның  көмегімен  азат  болып,  Бекболға  қосылып,  бес  бала  сүйіп 
өмір кешкенін, əкесі Тастанбек пен шешесі Уазипаның шағын шаруасының болғанын анықтады [2]. 
Біржан мен Сара арасындағы айтыс 1871 жылы қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңірінде 
өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» 
деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады [3; 121–152]. 
Кейін  Зайсаннан  екінші  нұсқасы  табылып, «Біржан  сал  мен  ақын  Сараның  айтысқаны»  деген 
атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, екінші нұсқасы — 
1080 жол. Əріп Тəңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрді. 1918 жылға дейін 
бұл  үлгілер  сегіз  рет,  Кеңес  өкіметі  тұсында  он  бір  рет  жарияланды.  Сөйтіп,  ел  ішіне  жазбаша  да, 

Р.С.Каренов  
94 
Вестник Карагандинского университета 
ауызекі  де  таралып  келді.  Айтыстың  жарық  көруіне,  таралуына,  өңделіп  сарапталуына  Сара, 
Жүсіпбек қожа, Əріп ақын елеулі үлес қосқан [4; 499]. 
«Біржан мен Сара айтысы» — ақындар айтысы өнерінің үздік үлгісі 
Жетісу  өлкесіне  Сараны  арнайы  іздеп  келген  Біржан  сал  үйдің  сыртынан  келіп,  тіл  қатқанда 
есіктен Сараның өзі емес, анасы шығады. Ол: «Алдымен менімен айтысып көр, Саражан менен туған 
осал емес», — деген іспетті оймен өлеңдетіп қоя беріпті. Алайда Біржан егде əйелмен айтысуды жөн 
көрмей,  сол  ауылдағы  бір  үйге  барып  түседі.  Жұртқа  қымыз  құйып  жүрген  балаң  қыз  Сараның 
тетелес сіңлісі болса керек. Əлгі қыз Біржанға қымыз ұсына беріп: 
Ағажан, міне, қымыз алдыңызда, 
Жауапқа келмей жатып салдыңыз ба? 
Салдықпен шайтан қуған жан екенсіз, 
Пəлеге ашылмастай қалдыңыз ба?! — 
десе керек. Сонда Біржан домбырасын қолға алады да: 
Шырағым, əркімге де өнер керек, 
Туыпсың қаракөктен бəрің зерек. 
Алдыңғы айтқан апаң айта тұрсын, 
Қарағым, əлі сізге тым ертерек, — 
депті. Сонда əлгі қыз тағы да: 
Ағажан, мұның несін ақыл дейсің... 
Мінезі шайпау екен, мақұл дейсің. 
Береміз қайдан тауып құрдасыңды, 
Мені жас, шешемізді кəрі дейсің, — 
деген көрінеді. Біржан осы жолы сөзден жеңілгенін мойындап, есті сөзге тоқтаған екен. 
Келесі  күні  сонау  қияндағы  Сарыарқадан  Сараны  жеңемін  деп  Жетісуға  келген  Біржан  сал  ə 
дегеннен амандасу рəсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер 
ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады: 
Осы ма, — деді, — Матай бұлбұл құсы? 
Көп сұрап жаңа таптым жазы-қысы. 
Əуелі қазақшалап көрісейік, 
Шырағым, берірек кел, жасың кіші. 
 
Баласың менен көрі жасың кейін, 
Ежелден менің сөзім қызға бейім. 
Бері кел замандасым, Сара, жазған 
Тоқталып бөгелесің неге кейін. 
Бірақ білімді де ақылды Сара қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін «Хиссас-ул-Əнбиядан» 
оқып білгенін, дəлел етіп ұсынады: 
Ей, Біржан, кімге дəрі амандығың? 
Сөз білсең бұл да сенің жамандығың 
«Хиссас-ул-Əнбиядан» көрмеп пе едің, 
Белгілі мағлұм болды надандығың. 
«Адамды топырақтан жаратқан хақ 
Надандығың білінді бұл сөзге бақ. 
Хауаға бұрын барған Адам ата, 
Естігенің жоқ па еді мұны да ақмақ. 
Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім 
Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап. 
Біржан  сал  қапелімде  байқамай,  қармақ  қауып  алған  жайын  балықтай  жалт  беріп  бұрылып, 
жанталаса бұлқынады: 
Мен Біржан қызға барман аяғымнан, 
Шын қызсам дəуірлеймін баяғымнан. 
Бері кел, ұрғашылық қылма жаным. 
Дəндеме Наймандағы саяғыңнан. 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
95 
Найманның болады екен қызы надан, 
Үлгісіз қалай халық түрі жаман. 
Ағаға іні келер біздің елде, 
Көп боп па, сұрасуға есен-аман. 
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, 
Сен түгіл сенен артық құмар маған. 
Жалымнан ұстаған қызда арман қалмас, 
Жібек жал арғымақпын тұмарлаған. 
Бұл  сөздерін  Біржан  жеңетін  жерім-ақ  деп  айтып  салғанымен, «Хиссас-ул-Əнбияны»  қолында 
ұстап,  тарих  тағылымын  алға  тартып  тұрған  Сараны  «надан  қыз»  деп  ағаттық  көрсетіп  алды. 
Екіншіден,  ағаға  іні  келер  біздің  жақта»  деп  қазақтың  аға  сыйлау  дəстүрін  алға  тартып,  сақалын 
саудаға салғанымен, оның алдында тұрған Сара ұл емес, қыз екенін; іні емес, қарындас екенін есепке 
алмады. 
Сарадан  мұндай жауапты  күтпеген  Біржан  қатты тосылса  да, сөз  кезегін  əрі  қарай жалғастыра 
береді. 
Біржан  мен  Сараның  айтысы  ұзаққа  жүгіретін  екі  тұлпардың  аламан  бəйгедегі  арынды 
шабыстары  сықылды.  Қисынды  да  қызықты  ұзақ-ұзақ  шумақтардан  тұрады.  Солардың  көбінде  бірі 
Арғын,  екіншісі  Найман  руының  өкілі  болып,  əрқайсысы  өз  жағының  артықшылықтарын  айтып, 
көптеген  атақты  адамдарын  тізіп,  атап  шығады.  Оларға  халық  талабына  сай  келетіндей  баға  беріп 
отырады. Мысалы, Біржан: 
Қаржаста бір құтым бар Мұса, Шорман, 
Үзілмей келе жатыр ескі қордан 
Қажының белбаласы Садуақас 
Құтқарған сан қыранды түскен тордан. 
Ұл туған Қазанғаптай ата ұлынан, 
Тұқымы декдар шыққан жатынынан, 
«Полковник» шен алады туа сала, 
Шырылдап туған бала қатынынан. 
Шыныбай асып еді, пір шағында, 
Жан жетпес ер Қажекем аруағына. 
Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем 
Ілінген талай Найман қармағына. 
Тəттімбет ардагерім Арғын асқан, 
Қырық түрлі күй ілінген бармағына. 
 
Ежелден əрі баймын, əрі молмын, 
Шын қызсам шыдамайсың зардабыма 
Адамның ақиығы хажы Құнанбай, 
Сан жүйрік сау кеткен жоқ бір сыналмай. 
Найманның əулиесі батыр Барақ, 
Ішқұста болып кеткен түк қыла алмай, 
Ыбырай жас жолбарыс білектенген, 
Дұшпанға арыстандай жүректенген, 
Өзінің заманының бозбаласы, 
Перінің жігітіндей іргектелген 
Ей, Сара, қайсының бар оған жетер. 
Өнерін көрген жанның есі кетер. 
Адамның жалғыз басты білімдісі 
Оны да жамандамас Найман бекер. 
Орта жүз Абай қойды атын батпай, 
Үйіне ояз кірмес жауап қатпай, 
Арғынның асылдығы міне осындай, 
Наймандай ағайынын жүрген сатпай, — 

Р.С.Каренов  
96 
Вестник Карагандинского университета 
десе, Сара: 
Кім жетер Қабанбайға дуа қонған, 
Үзілмей тұқымына қуа қонған, 
Қожағұл, Əлі, Жəкеш, ер Əділбек, 
Сүлеймен оның ұлы шықты соңнан. 
Бұтабай, Байжігітте, құт Шиямбай, 
Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай, 
Шынымен құлаш ұрып самғай берсем, 
Қаласың жетпек түгіл бір таянбай. 
Таласпас, Танекенің жан бағына, 
Жеңермін егер тартса іс ағына, 
Шетінен қыдыр қонған өңшең құтым, 
Мың-мыңнан құт тастаған арт жағына, — 
деп жауап қайырады. 
Қос  жүйрік  бұдан  əрі  жалпы  ақындық  өнер,  адам  бойындағы  сан  алуан  қасиеттер,  ел  дəстүрі, 
байлық,  салтанат, ел  басшыларының іс-əрекеттері  секілді  мəселелерді  сөздеріне арқау  етеді.  Айтыс 
алғашында рулық бағыт алса да, кейін дəстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де 
кестелі  сөз  жарысына  айналады,  қазақ  қоғамындағы  əлеуметтік  қарым-қатынастың  адам  өміріне 
əсері,  тұрмыстың  мəн-мазмұны  философиялық  ой-толғамдармен  қосыла  өріліп,  өз  нақышын  тауып 
жатады. 
Мысалы, Біржан сал Сараға өзін былай мадақтап таныстырады: 
Естігелі, Сара, сені үш жыл болды, 
Сері едім төңірекке құлаш жайған. 
Түлкінің жүгірісін қыран байқар, 
Ұялсаң, сөзің емес маған айтар, 
Қанды көз, май жеп алған ақиықпын, 
Сен түгіл қасқыр көрсе бірақ шайқар, — 
дейді. Бұлай деуі өзінің алғырлығын айтқаны. Əдетте, қанды, майлы етті жесе, бүркіт тояттап, аңға 
түсе  қоймайды,  селқос  ұшады,  не  аңды  қумай,  отырып  қалады.  Қанды,  майлы  етті  жеп  аң  алатын 
құсты аңшылар өте сирек кездестіреді де, оны аса бағалайды. Біржанның «қанды көз май жеп алғыш 
ақиықпын» деуі осыдан. Бұл — оның «бап талғамайтын, жеңбей қоймайтын ақынмын» дегені. 
Біржанның бұл образына Сараның қарсы қоятын образы — үйрек: 
Əй, Біржан, жасың үлкен, өзің аға, 
Қымбаттығым белгілі білсең баға, 
Қамысты терең көлдің сұқсырымын, 
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға, — 
дейді ол. 
«Қамысты  терең  көлдің  сұқсырымын»  деген  сөз  Сараға  екі  жақтан  ұнайды:  бірінші — сұқсыр 
үйрек дегені кішкене жəне ұшқыр үйрек, оны қаршыға мен лашынның ең ұшқыры ғана алады, шабан 
құсқа ол ұстатпайды. Сұқсыр — өте сақ үйрек. Ол көбіне күндіз көлдің тереңінде жүзіп, түнде, іңірде 
ғана  ұшады.  Көлдің  тереңінен  үйрек  еш  уақытта  қыран  құсқа  алдырмайды,  ол  суға  сүңгіп  кетеді. 
Міне, бұл сипаттың бəрі Сараға келеді [5]. 
Осы айтыста қанша сөз тартысын күйттегенмен əн мен күй Біржан салдың басынан шықпайды: 
Мойыным жүзген қаздай иіледі. 
Орта жүз əн шырқасам сүйінеді. 
Арғынның жалғыз тоны қолға түссе, 
Төрт Найман орта бойлы киінеді. 
Найманда байлық бар ма біздің елдей? 
Жүрсем де адам боламын мұнда келмей. 
Қыз сөзін кек көрмейтін сайтаным бар, 
Онымды тастамаймын өзім өлмей. 
Атадан Біржан сал боп тудым артық, 
Ұраным «Ер Қарқабат, Алтай-Қарпық». 
Аққумен аспандағы əн қосамын, 
Қозғасам ащы күйді түптен тартып. 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
97 
Қырмызы, асыл бекзат бір мінезім, 
Кетер ем еркек болсаң бір-ақ тартып. 
Қыз итті сыйлайтұғын бір мінезім, 
Самғаймын бəйге атындай артып-тартып. 
Көкшетау дуанына даңқың барған, 
Мен Біржан алтын тудай айқындаған. 
«Аққумен аспандағы əн қосамын, қозғасам ащы күйді түптен тартып» деген сөздерінде Біржан 
үнемі сөз өткірлігінен əн-күйдің жан тебірентер қасиетіне көше береді. 
Ал,  Сара  болса,  өзін  баяндауға  келгенде  түрін,  сұлулығын,  денесін  мақтайды.  Əн,  дауыс,  күй 
жөнінде аузын ашпайды: 
Ажымсыз он саусағым бəрі де аппақ, 
Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ. 
Міні жоқ отыз тісім меруерттей. 
Ерінбей тіздіргендей адамзатқа — ақ. 
Мойыным сұңғағындай жүзген қудың, 
Лебізім шырынындай шарбат судың. 
Қаққанда төңкерілген қас бітімім. 
Ашылған айбатындай жібек тудың. 
Қырмызы қызыл жібек маңдайым кең, 
Арғынның құдай, кəне, қай қызы тең. 
Тал бойым ұзын да емес, қысқа да емес, 
Азар дұшпан болсаң да қай жерім кем. 
Тамағым жас баланың білегіндей, 
Иығым нақ сандалдың тірегіндей, 
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей, 
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей, — 
деп келеді. 
Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ əйелдерінің бас бостандығы мəселесін, адамгершілік 
пен əділдікті, шындықты өзекті де əлеуметтік тақырып етіп көтереді. 
Қызы едім Тастанбектің атым Сара, 
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара. 
Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем 
Келемін бір сүрінбей жеке-дара, — 
деп үлкен жігер, күшпен бастаған Сара, сөзден жеңіліп емес, айтысқа қатысы жоқ басқа жағдайдан 
келіп  жеңіледі.  Біржанның  Сараны  жеңуі  халық  ауызында  да, «басқа  бір  ақын  жазды»  дейтін 
дастанда да тек Жиенқұлмен байланысты [6; 46]. 
Шырағым Сара, сендей тумас бала, 
Шежіре туармысың мұндай дана. 
Обалың Есімбек пен Тұрысбекке, 
Жігітің жөндеу екен ей бишара. 
Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан, 
Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан. 
Кемітер қай жеріңді дұшпан, шіркін, 
Адамзат озар емес бір басыңнан. 
Жіберме Жиенқұлға шақыруды, 
Өнерсіз үйде білер аһ ұруды, 
Қайнайды зығырданым көргеннен соң, 
Алдырма бекер мұнда кəпіріңді. 
Білесің, Арғын-Найман тегіс затын, 
Алашқа шығып еді Біржан атым. 
Кісіге сен сықылды малын шашпай, 
Қазақ та қылады екен итті қатын. 
Дұшпаның жамандайды не деп сені, 
Белгіге жарар саған берсем нені, 
Бір басты адам болмас, сен өнерлі, 
Айбатың əлемге аян ай бедерлі, — 

Р.С.Каренов  
98 
Вестник Карагандинского университета 
деген Біржан сөзі осы деректі растайды. Əйтпесе: 
Біржанды бір қаққаннан қалдырмас ем, 
Құдайым мені жар ғып қосты соған, — 
деп айтыс аяғында Сараның налуы жай емес. 
Тақсыр-ау, күні құрсын ұрғашының, 
Билігі болмаған соң бір басының. 
Тері-терсек берген соң ит те алады, 
Бұлындай берекесіз арбашының, — 
деген Сараның мұңы — жалпы қазақ қыздарының мұңы, тағдыры, теңсіздігі екені мəлім. Айттырған 
күйеуі  (Жиенқұл)  өзіңе  тең  емес,  оған  қалың  мал  төлегендіктен,  еріксіз  басы  байланып  қалған. 
Алыстан тор құрған Біржан, міне, осы жерде Сараны ғана емес, Найманның шонжарларын да қатты 
сүріндірген. 
Тамаша  ақындық  өнерін  танытқан  Сараны  Біржан  сал  аса  жоғары  бағалайды.  Оған  мына  бір 
жақсы сөзін арнайды: 
Ұмытпан, Сара, сені əр уақытта, 
Қайырған сөзбен жетіп есіл, шіркін, 
Көрермін қайта айналып қайсы уақытта? 
Есімбек боққа сатпа асылыңды, 
Сыйлай көр, қыз да болса, нəсіліңді, 
Ұқбасаң, Арғын жоқты айтты дерсің, 
Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды. 
Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа, 
Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста. 
Аты ұрғашы демесең қарындасың, 
Адамның артығы екен осы тұста. 
Шынымен бапты күнде дұға салса, 
Ілеспес ақын түгіл ұшқан құс та, 
Обал тұрған орнына жауап та бар, 
Жиенқұл тең емес қой бұл байғұсқа. 
Законда зорлық болмас бір наданға, 
Жəне де аят пенен хадис те бар, 
Жылатып берме деген еш адамға. 
Сара мен Біржанның жоғарыда келтірілген сөздеріне айтыстың негізгі идеялық түйіні жатыр. 
Сараның  жолын  қазақтың  ескі  əдет-ғұрпы,  Есімбек,  Тұрысбек  сияқты  шонжарлар  торлап 
тастаған. Оның Біржан сияқты ел кезіп, өнер жолын қуып кетуге еркі жоқ. Ал бас бостандығы жоқ 
адамның  өнер  бостандығы  жоқ,  адамның  өнер  бостандығы  да  жоқ.  Сондықтан  Біржан  сал 
Найманның Есімбек, Тұрысбек сынды жуандарына арнап, Сараның көз жасына, обалына қалмаңдар, 
заңда да, шариғатта да зорлық-зомбылық жоқ, өнер иесіне еркіндік берілсін деген талапты ұсынады. 
Осының  бəрі  Біржан  мен  Сара  айтысының  ХІХ  ғасырдағы  қазақ  халқының  болмыс-тіршілігін 
жан-жақты  суреттейтін  көркем  туынды  екенін  айқын  аңғартады.  Бұл  айтыс  атақты  екі  ақынның 
арасындағы  сөз  айтысы  ғана  болмай,  айтыс  өнеріндегі  көркемдік  қуаты,  тіл  бейнелілігі  жағынан 
ерекше  эстетикалық  талғам  биігінен  көрінген  айтыстың  үздік  үлгісі  ретінде  қазақ  ауыз  əдебиетінің 
тарихынан ерекше орын алады. 
Айтыс  негізіндегі  Қ.Жұмалиевтің  либреттосы  бойынша 1946 жылы  белгілі  композитор  Мұқан 
Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазды. Операның премьерасы 1946 жылы 7 қазанда Алматыдағы 
Қазақ  опера  жəне  балет  театрында  өтті. 1949 жылы  операға  КСРО  Мемлекеттік  сыйлығы  берілді. 
Опера 1958 жылы Мəскеуде өткен Қазақ өнер мен əдебиетінің онкүндігінде көрсетілді. 
Көп  актілі  лирикалық-драмалық  операның  негізінде  Біржан  салдың  өмірі  мен  оның  Сара 
ақынмен  айтысы  алынған.  Либреттоға  ақын  өмірі  жайлы  деректер  жəне  Біржан  мен  Сара 
айтысындағы  сюжеттік  оқиғалар  арқау  болған.  Операның  драматургиялық  желісінде  Біржан  мен 
Сараның  махаббатын  көрсететін  лирикалық  бағыт  пен  Біржан  мен  Жанбота  болыстың  арасындағы 
күресті көрсететін (бұл Біржанның əйгілі «Жанбота» əнінен алынған) əлеуметтік бағыт қатар жүріп 
отырады.  Біржан  салдың  шығармаларындағы  еркіндік,  намыс,  адамгершілік  мəселелері  бас 
кейіпкерлердің  прототипіне  де,  операның  бүкіл  тақырыптық  бағытына  да  негіз  болған.  Біржан 
бейнесі əншінің өз əндері («Айтбай», «Жанбота», «Біржан сал», «Адасқақ» т.б.) жəне М.Төлебаевтың 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
99 
музыкасы  арқылы  ашылған.  Опера  ұлттық  бояуы  қанық,  əсерлі  лирикалық  көріністерге,  айшықты 
мелодияға  толы.  Операда  ұлттық  музыкалық  формалар  (əдет-ғұрыптық  фольклор — «Жар-жар», 
сыңсу, жоқтау, əсіресе ақындар айтысы) өте əдемі əрі орынды қолданылған [4; 500]. 
«Біржан-Сара» операсы — ұлттық бояуы қанық шығарма. Ол қазақ опера өнерінің классикалық 
туындысы болып табылады. 
Біржан салдың күлкілі, мысқыл сөздері 
Айтыспен, тамаша əндерімен қатар Біржанның неше түрлі күлкілі, мысқыл сөздері де бар. 
Бір  күні  Қанжығалы  руындағы  атақты  шұбартөс  бай  əрі  паң  Барлыбайдың  үйіне  Біржан  келіп 
түседі.  Барлыбай  Біржанның  келгенін  іштей  жақтырмай  қалады.  Қонақтар  шешініп,  жайғасқаннан 
кейін Барлыбай: 
 Жолдарыңыз болсын, танымадық. Кім боласыздар? — деп сұрайды. 
 Мен  Біржанмын.  Сүйіндік  еліне  барып,  қайтып  келе  жатқан  бетіміз, — деп  жауап  береді 
қонақ. 
 Ə! Атығай-Қарауылда қолына таяқ ұстап, басына үкі тағып, қайда жын-шайтан жиналса, 
сонда барып қаңғырып жүретін адам сен екенсің ғой. Жақсы онда. Мен сені бұрын көзге түсерлік 
қияпатты  адам  ба  деп  жүрсем,  сен  өзің  шыр  бітпеген,  шидиған,  қу  жайдақ  екенсің  ғой, — дейді 
Барлыбай кекетіп. 
Сонда Біржан жұлып алғандай: 
  Маған шырдың бітпегені рас. Денім сау болса, маған сол да жеткілікті. Саулықтың арқасында 
алға да, артқа да, оңға да, солға да бұрылып, көкке де қарай аламын. Қарын мен мойынның жуандығы 
кімге қажет? Ондай арам дене тек доңызға біткен. Ал доңыз мойынының жуандығынан жан-жағына 
қарай алмай, ылғи төмен қарап, тұмсығын жерде сүйретіп жүргені, — депті. 
Барлыбай  Біржанға  одан  əрі  сөз  қайтара  алмай  төмен  қарап,  саусағымен  жер  шұқып  отырып 
қалады. Сол күні Барлыбай қонақтарына өлі ет асқызып береді. «Берместің тамағы піспес» дегендей, 
кеш  жатқан  қонақтарды  жəне  ауыл  адамдарын  түн  ортасында  тас-талақтай  үріккен  қойлардың 
тықыры оятады. Қотанда жатқан қойлар жосылып, ауылдың иттері арсылдап үріп, азан-қазан болады. 
Қонақтар  да,  ауыл  адамдары  да  жүгіріп  далаға  шығады.  Ай  жарық  екен.  Бəрі  ап-анық  байқалады. 
Даладағы  үріккен  қойлардың,  үрген  иттердің  дыбысы,  адамдардың  айқайлаған  дауысы  жер 
жаңғыртып,  опыр-топыр,  сарт-сұрт  болып  кетеді.  Қойлардың  ішінде  бір  қара  пəле  бөлініп,  ауыл 
іргесіндегі Қоржынкөлге жүгірген бетімен күмп беріп, жоқ болады. Мұны көріп қалған Барлыбай: 
 Əне, қасқыр қашып барады. Төлебай артынан қу! — дейді. 
Төлебай Барлыбайдың үлкен ұлы екен. Ол қолына түскен бір бақанды ұстай сала, көлге қарай 
жүгіре жөнеледі. Суға секіріп түсіп, малдың артынан жүзіп барып бақанмен ұрып өлтіреді. Бұл кезде 
Төлебай жиырмалар шамасында болу керек. 
Ауыл  адамдары  Төлебайдың  ұрып  өлтірген  қарасын  келіп  көрсе,  қасқыр  дегені  айқай-шудан 
қорқып қашқан қара қой болып шығады. Мұны көрген Барлыбай: 
 Масқара-ай!  Құрыған  жерім  осы  екен.  Бұл  оқиға  осы  жерде  қалсын.  Оны  сыртқа  шығарған 
адам менен жақсылық көрмейді! — депті. 
Жиналған көпшіліктің ішінде Біржан да бар екен. Ол бұған күліп: 
 Азар болса, айыптарына астымдағы атымды аларсыңдар. Басқаның ішіне сиса да, менің ішіме 
сия қоймас, — деп, мынандай бірауыз өлең шығарыпты: 
Біз мейман қонып жатқан Барлыбайға, 
Малы көп, дүниелі, сəнді байға. 
Аяған қонағынан бір тоқтысын, 
Қасқыр деп өзі өлтірген күшті байға. 
Менімше, бұйырмайды саған малың 
Түбінде ауысады Сандыбайға. 
Сандыбай  Барлыбайдың  есігінде  жүрген  жалшысы  екен.  Барлыбай  ашуланып,  Біржанды 
ұрмақшы болады. Бірақ жиналған жұрттан қаймығады. Біржан дереу қасындағына жолдасына атын 
ерттетіп, жүрер алдында қолына домбырасын алып, Барлыбайға бұрылып: 
Шіреніп байлығыңмен паңданасың, 
Кемітіп домбырамды сандаласың. 
Қашанда менің əнім — көптің əні, 
Қорсылдап неменеге шамданасың! — 

Р.С.Каренов  
100 
Вестник Карагандинского университета 
дейді де, қарап тұрған жұртқа: 
Сөзім бар мөлдір сулы бұлақтаймын, 
Бейне бір желпілдеген құрақтаймын. 
Ішінде талай сыр бар, кілті аспанда, 
Ашылса нұр беретін шырақтаймын, — 
деп, қоштасып жүріп кеткен екен дейді. 
Біржан  сал  ел  аралап  жолаушылап,  келе  жатып  шөлдеген  соң,  бір  кедейдің  қараша  үйіне  ат 
басын  бұрыпты.  Үй  сыртына  жақындап  келіп: «Кім  бар-ау?» — деп  дыбыс  берген  екен.  Іштен 
жұпынылау  киінген  бойжеткен  қыз  шығады.  Біржан  шөлдегенін  айтса,  қыз: «Түсіңіз,  барымызды 
береміз», — деп ықылас көрсетеді. 
Жасауы жұтаң қараша үйдің төріне шығып, Біржан тізе бүгеді. Қыз босағада тұрған күбі піспегін 
бірер  толғап,  кетік  тостағанға  көже  құйып  ұсынады.  Біржан  тостағанды  қолына  алса,  быжылдап 
тұрған  қатықсыз  қара  көже  екен;  сондықтан  оны  менсінбей,  ернінде  тигізбестен  аяқты  қайта 
ұсыныпты. Қыз болса тостағанды алудың орнына [3; 154]: 
Байлардың жейтін асы — жая мен жал, 
Шығады нақ кедейден осындай сал. 
Қыс аяғы шаруаға күйзеу болды, 
Көжеге кекіреймей ерніңді мал! — 
депті. Сонда өз қылығынан ұялып қалған Біржан сал: 
Атанған ақындықпен Біржан сері, 
Серінің күнде думан жүрген жері, 
Қарыңдасым, ағаңа сөзің өтті, 
Көжеңді басып-басып əкел бері! — 
деп  толы  тостаған  көжені  дем  алмастан  басына  бірақ  көтерген  екен.  Бұл  Біржанның  қыз  қолынан 
көже ішкен өлеңі болып атанып кетеді. 
Қонақ шығуға айналғанда үйге қыз əкесі Бейсен келіп: 
  Сері, соя қояр бозқасқамыз болмағанмен, қою күрең шайымыз, қозықарын майымыз бар. Дəм 
татыңыз! — деп түстікке бөгейді. 
Түстеніп  отырып,  Біржан  қыздың  (қыздың  есімі  Алтын  екен)  үкілі  домбырасын  байқаса, 
еменнен  ойып  жасалған,  түрлі-түсті  бояумен  нақыштап,  өте  əдемі,  ұзын  мойын,  бұрышты  етіп 
істелген  екен.  Оны  істеуші  осы  ауылдағы  атақты  арық  Жүсіп  екенін  білген  соң  Біржан  қыз 
шешендігіне қайран қалып: 
Алтынжан, сен де — Керей,  
Мен де — Керей, 
Əн салсам бүлкілдейді айыр көмей. 
Алтынжан, домбыраңды маған берші. 
Тағы істеп берер саған арық Керей. 
Алтынжан, домбыраңды сұрағаным, 
Домбыраң маған тіпті ұнағаны. 
Құбылтып неше түрлі əнге қоссам, 
Қояр еді сəби бала жылағанын. 
Алтынжан, домбыраңды берсең маған, 
Риза боп жүрер едім менде саған, 
Дəм жазып бір жат елге бара қалсаң, 
Еске алып барып жүрер, саған ағаң, — 
деп əн шырқайды. 
Қыз  əкесі: «Балам,  ағаң  қиылып  өтінді  ғой,  домбыраңның  құны  жетті,  бер,  бер!» — деп 
бергізіпті. 
Бірде  Біржан  сал  жолдастарымен  бір  ауылға  жақындағанда,  Қарағайлы  (кейбір  деректерде 
Қарақайың)  деген  өзеннің  тасалау  жерінде  үш  бойжеткен  қыз  суға  шомылып  жатыр  екен. 
Байқаусызда үстіне келіп қалған кісілерді көріп, шыға алмай отыра беріпті. Қасындағы жолдастары: 
«Біржан, мына қыздарға бірдеңе десейші» — дегенде, Біржан ат үстінде тұрып [3; 153]: 
Бауыры Көкшетаудың — Қарағайлы, 
Қар кеткен соң болады малға жайлы. 
Ішінде адал да бар, арам да бар, 
Ей, қыздар, шығардыңдар судың лайын, — 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
101 
дейді. Сонда ішіндегі Нұрғайша дегені басын көтеріп, судан шығыңқырап, əсем мүсінін Біржанның 
алдына көлденең тартып, екі алмасын қолымен басып тұрып, бұрымын басына орай салып: 
Ұшады аққу көлден сабаланып, 
Біз қалдық сіздің сөзге назаланып. 
Келед деп игі-жақсы алдымызға, 
Шомылып жатыр едік тазаланып, — 
дейді. Екеуі тағы бір-екі өлеңмен қағысады. Біржан Нұрғайшаның аяқ алысын байқағансын, «тіліңе 
тас түскір» қыз екенсің деп, аяғын қалжыңға бұрып, қоштасып кете береді. 
Ақын өмірінің қайғылы кезеңі 
Жасы  алпыстың  ортасына  келгенде,  ардақты  əнші-ақын  надандықтың  көп  құрбанының  бірі 
болып,  үлкен  азапқа  салынды.  Қоғамдық  қайшылықтардың  бетін  ашып,  жоқ-жітік  адамдардың 
сойылын  соғу,  өнерге  жол  ашып,  қараңғалықты  серпілту,  өмір  шындығын  шырқап,  халықтың 
аспанында тынымсыз шырыл қағу қауіп-қатерсіз болған жоқ. 
Қыр елінің жуандары ешкімге бас игісі келмеген дарынды адамды қудалаудың жаңа түрін тапты. 
Олар  өз  дегеніне  жүріп,  айтқанын  орындамаған  əншіні  өздері  ұрып,  оңтайы  келгенде  ағайын-
туғандарына дүрелетіп, ақырында Біржанды «пері ұрды», «жын соқты» деген желеулермен жылдар 
бойы қол-аяғын байлап ұстауға мəжбүр етті. 
Бір кезде Қарауыл мен Керей арасында араздық болып, ол едəуір уақытқа созылады. Бұл екі ру 
бір-бірімен қатынаспайды. Ел аралап, кезіп қалған Біржан қазақтың ондай «шылығын» ескермей, араз 
деген  ауылдарға  барып  əн  салып,  қыдырып  қайтады.  Олар  Біржанды  бұрынғыдай  құрметтеп  қарсы 
алады.  Жаны  таза  əншінің  ауыл  арасындағы  ұсақ-түйекті  елемейтінін  біледі.  Бірақ  Біржан  қайтып 
келгенсін ағайын-тумалары оны ортаға алып сабап, басына зақым келтіреді [6; 52]. 
Оған дəлелдің бірі — Біржанның сол байлаулы жатқандағы мына өлеңі [3; 15]: 
Арқаның түгел көрдім кəрі-жасын, 
Ұмытпас құрбы-құрдас замандасым. 
Ойланам, ауруымның түрі жаман, 
Біржанның кім ұстар деп домбырасын. 
 
Аурудан ақыл кетіп адасам ба? 
Жақсымен бұрынғыдай жанасам ба. 
Білмеймін бұл аурудың не қыларын, 
Егерде алам десе таласам ба? 
Бұл  өлеңді  Біржан  өзінің  Тəңкібай  деген  құрдасы  көңілін  сұрай  барғанда  айтады.  Тəңкібай 
барғанда есіл əнші көзіне жас алып, көңілі қобалжиды. Бірақ есі толық дұрыс болады. 
Озбыр да зұлым қауымға Біржан сал сондайлық не істеген еді? 
Сұлтан-би, ұлықтарға Біржанның əні мен даусы 1891 жылы тағы да керек бола қалды. Бұл жылы 
қазақ  еліне  мəртебелі  жан-патша  мұрагері,  болашақ  император  Николай II-нің  келуіне  байланысты 
болды.  Біржан  сал  осы  салтанатқа  қатысудан  бас  тартты.  Кешегі  Азынабай  болыстың  ұрпақтары 
ақынның бұл қылығын кек тұтты. Олар əуелі ақынды өз туған-туыстарына жамандатты, одан соң дін 
иелері, ру иелері Біржан жайында жаманат əңгімені елден елге таратты. 
Аяусыз  қуғын,  жан  азабы,  өсек-өтірік,  жазықсыз  жазаға  төзе  алмаған  ардагер  азамат  ақыры 
айықпас ауруға шалдықты [3; 115–116]: 
Туған ел, көрші-қолаң қоныстасым, 
Нағашы, қайын жұртым, ауылдасым. 
Аз күнде алыс жолға сапар шегем, 
Аман бол, бəрің-дағы бауырласым. 
 
Қара нар жүк көтермес саздаған соң, 
Су шықпас ойпаң жерден қазбаған соң. 
Жете алмай мұратыма болдым қапа, 
Тағдырда хақ-тағала жазбаған соң. 
 

Р.С.Каренов  
102 
Вестник Карагандинского университета 
Жұрт қойған «Біржан сал» деп атымды атап, 
Олжаға батушы едім қысырақ матап. 
Елімнен озып шыққан ақын едім, 
Біржанды сырқат деген шыққан лақап. 
 
Секірткен тау мен тасқа, қарақтарым, 
Дүниеде баға жетпес, шырақтарым. 
Сол Құдай, Шөжені алған, мені алмай ма? 
Тиыш болар бір аздан соң құлақтарың. 
 
Теміртас, Асыл, Ақық, затың басқа, 
Құдайым өмір берсін Теміртасқа. 
Келмейді кеп айтуға менің шамам, 
Сəлем айт, құрбы-құрдас замандасқа. 
 
Алдымда шам-шырағым, Теміртасым, 
Тілегім сенің ұзақ болсын жасың. 
Хош болыңдар, бауырым, балапаным, 
Байқаймын ажал, шіркін, құтқармасын. 
 
Білмеймін таң атып, күн батқанын-ай, 
Аяқ-қолым байдаулы жатқанын-ай. 
Үш жүзге мəлім болған Біржан едім, 
Дариға, қолға арқанның батқанын-ай. 
Біржанды  қаншама  «жынданды»  деп  лақап  таратса  да,  сүйікті  ақынын  білетін,  көрген  халық 
сенбейді.  Дос-жарандары  күндіз-түні  айналасынан  кетпейді.  Арқаннан  босатып  алатын  олардың 
шамасы  болмайды.  Бірақ  Біржанның  балаларын  қасына  жібермеген  тумалары  келген  адамдарды 
тоқтата алмайды. Сол жатқанның өзінде Біржан небір асыл сөздер, елді аралауда кездескен қызықты 
оқиғаларын  айтады.  Арасында  күңіреніп  əн  айтып  қояды.  Оның  дауысы  күмістей  таза  қалпында 
қалады [6; 53]. 
Аяқ-қолды  байлағанмен,  аузының  бос  болуын  пайдаланып,  Біржан  əнмен  мұңын  шағады          
[3; 113–114]: 
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім, 
Білдірмей серілікпен жүріп едім. 
Бұл күнде арық қойдан бағам кейін, 
Үш жүзді сайран қылған Біржан едім. 
 
Қарасу есік алды лайланды, 
Бай қылмақ, кедей қылмақ, құдайдан-ды. 
Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп, 
Дүние өтерінде шыр айналды. 
 
Ағаш үй от жаққаным қобылап пеш, 
Құдай-ау, ғапу етіп күнəмді кеш! 
Теміртас, Асыл, Ақық — қарақтарым, 
Байлаулы арқандағы қолымды шеш. 
Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап, 
Ежелден мирас екен зарлап қалмақ. 
Көз көрген құрбыларға сəлем деңдер, 
Дұғасын оқи берсін əдейі арнап. 
 
Ел кездім Кертөбелмен арықтатып, 
Жақсыға сөз сөйледім анықтатып. 
Үш жүздің ортасында Біржан едім, 
Бұл күнде қойды Құдай шалықтатып, — 
деп, басына түскен ауыр жайды суреттейді. Бұрынғы жақсы күндерін есіне алады. 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
103 
Əнмен  өрілген,  салдықпен  сəні  кірген  соқтықпалы  да  соқпақты  өмірінің  өксікті  бір  тұсында 
іштегі  күйігін  келер  күнге  артқан  үмітімен  өзектестіре  «Теміртас,  Асыл,  Ақық,  қарақтарым…»  деп 
шырқайтын сал Біржанның аскақ əнін кім білмейді [3; 114–115]: 
Ақ үйдің ай көрінер маңдайынан, 
Шешеннің сөз шығады таңдайынан. 
Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым, 
Сүйгізіп жүрсеңдерші маңдайыңнан. 
 
Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым, 
Үкідей жақсыларды балақтадым. 
Бірге өскен құрбы-құрдас замандастар, 
Есікке келе ме дегі алақтадым. 
 
Салғаным ағаш үйге взводты пеш, 
Жаратқан мен пенденің күнəсін кеш. 
Сан денеме қыл арқан жаман батты, 
Қайдасың, Асыл, Ақық, қолымды шеш. 
 
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тəтті, 
Қинауға салады екен адамзатты. 
Үкідей желпіндірген, қарақтарым, 
Шешсеңші, білегіме арқан батты! 
Соңында  қалып  бара  жатқан  ұрпағына  өзінің  бар  əкелік  махаббатын,  жан  толғанысын,  адал 
көңілін  осы  əнмен  жеткізген  Біржан  ғұмыры  жүйрік  əншілігімен,  ерен  салдығымен  бірге,  соңында 
қалған ұрпағымен де бір төбе еді. 
Өлер  алдында  аяулы  ақын,  қасына  келе  алмайтындарын  білсе  де,  арқан  батқасын  балаларына 
«шеш»  деп  жалынады.  Бірақ  балалары  əкесінен  қорқып,  маңына  бара  алмайды.  Біржан  сал  бүкіл 
достарын  есіне  түсіріп,  ажалдың  жақындағанын  сезгендей,  тағы  да  өлеңдетеді («Атығайдың  елінің 
адамдарына айтқаны» атты арнауы [3; 106]): 
Атығай қайран елім, қоныстасым, 
Бар еді, құрбы-құрдас, шын мұңдасым. 
Құдайдың құдіретімен уақыт жетті, 
Барады алыс жолға ғарып басым. 
 
Сəлем айт, Атығайдың баласына-ай, 
Жасы кіші, жасы үлкен ағасына-ай. 
Ортаңда түрлендіріп əн салғанда, 
Біржанға қалушы еді таласып-ай. 
 
Сəлем айт, құрбы-құрдас замандасқа, 
Көп еді мұңдастарым ауылдаста. 
Саулықта ойнап-күліп жүретұғын 
Мұңшылдық түсіп тұр ғой ғарып басқа. 
 
Қазғанмен су шықпайды қыр басынан, 
Бір іліксе сөз қалмайды сау басыңнан. 
Ер жігіт бір қисайса оңалмайды, 
Басында жаңылған соң тəубасынан, — 
дейді.  Біржанның  осы  əйгілі  əні  өнер  адамының  қол-аяғына  салынған  құрсау  тұсауды  кашап  үзіп, 
қапастан жарық өмірге қалай шығудың жолдарын іздеген өнерпаздардың гимні іспеттес естіледі. 
Өлең-əннен  маржан  тізген  сал  Біржан  үш  жылдай  байлаулы  жатады.  Арқан  кескен  жердің 
жарасы ұлғайып, асқынып (гангрена болып) кетеді. 
Ұстазым Сегіз сері, 
Нияз сері, 
Солардан үлгі алған мен — 
Біржан сері. 

Р.С.Каренов  
104 
Вестник Карагандинского университета 
Алпыс үш мүшеліме 
толғанымда, 
Дүние теріс айналып кетті 
кері, — 
деп аспандағы аққуға үнін қосқан дауылпаз Біржан 1897 жылы мəңгі көзін жұмады. 
Түйін 
Біржан  Қожағұлұлының  композиторлығы,  əншілігі,  ақындығы  туралы  сөзімізді  Нұрмияш 
Көбеновтың «Біржан» атты тамаша арнауымен аяқтағанды жөн көрдік: 
Біржан десем — 
Быт-шыт ойым бірігіп, 
Сыр түндігі түріліп, 
Өлең деген өктемнің, 
Келем сырын ұғынып. 
Біржан деген асқақ ол, 
Жыр күмбезі сияқты, 
Көкірегімнің құзынан, 
Күмбірлеген күй ақты... 
Құлағыма келеді — 
Асыл əуен, жыр қымбат, 
 
Құлын даусы шұрқырап, 
«Бурылтайға» салады. 
«Қалқатайдың ауылы, 
Қайда көшіп кетті» деп 
Жан жүйесі сырқырап. 
Сайрағанда — 
Көк орманның бұлбұлы, 
Бал бұлақтың сыңғыры, 
Бəрі, бəрі бас иіп, 
Біржан! — дейді, 
Нəзік əннің дүлдүлі. 
Тербелгенде, 
Қызыл орман көктемде, 
Нөсер құйып өткенде. 
Көк аспанда, 
Бозторғайлар сайрайды 
Біржан əнін соларға 
Сыйға тартып кеткен бе? 
Біржан болып, 
Тербеледі тіршілік, 
Күлімдейді күн шығып, 
Біржан əні келешекке 
кетеді, 
Қуаттанып, 
Құлшынып, 
Азынабайдың заманы 
Суға кеткен тұншығып. 
Сал Біржанды, 
Ұстағанша байлауда, 
Жіберсеңші-ау айдауға. 
Тынысы кең тұлпарды, 
Тұсамайды білгендер. 
Бос жіберген жайлауға, 
Ерке Бұлан. 

Арқанның ақиығы Біржан… 
Серия «Филология». № 2(66)/2012 
105 
Елігі еді ол даланың, 
Орман шырқап, 
Тұр Біржанның бал-əнін, 
Сайрап кетті бұлбұлдары 
бақшаның, 
Сайрап кетті сандуғашы 
даланың. 
Айтыңдаршы, 
Біржан қайталанар ма? 
Тағы да бір Біржан туды 
Дегенге ел нанар ма? 
Біржан! — деген бар қазақтың 
Жалғыз ғана Біржаны, 
Азынабайлар əулетімен. 
Сол Біржандай болар ма? 
Поштабайлар — көлеңкелер 
Келіп кеткен заманға. 
Айтыңдаршы, 
Айтыңдаршы тау, шыңдар, 
Əділін айт! 
Аспаннан ақ жаусын қар, 
Біржан үні алты қырдан 
асыпты. 
Үлкен залға үнім толық, 
Жетер деген қайсың бар? 
— Біржан! деген. 
Жанар тауы өлең деген 
өнердің, 
Мөлдір сыны, 
Тебіренткен тереңі, 
Шың-биігі, 
Шырқалатын əндердің, 
Біржан атын ұмыттырмас, 
Ұмыттырмас келер күн. 
Сөз жоқ, Біржан салдың ақындық жүрегінен төгілген толқынды керемет жырлары мен сырлары 
ұлттық игілігіміз ретінде ғасырлар керуенімен аршынды қадаммен ілгері баса бермек! 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Ысмайылов Е. Біржан салдың ақындығы / Біржан сал. Өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 1967. — 33-б. 
2  Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 742-б. 
3  Біржан сал. Өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 1967. — 228 б. 
4  Қазақстан. Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ə.Нысанбаев. — Алматы: Қазақ энцикл. Бас ред., 1999. — 720 б. 
5  Мұқанов С. Халық мұрасы: Тарихтық-этнографиялық шолу. — Алматы: Жазушы, 2005. — 194-б. 
6  Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. — Алматы: Дайк-Пресс, 2001. — 440 б. 
 
 
 

Р.С.Каренов  
106 
Вестник Карагандинского университета 
Р.С.Каренов  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет