46. «Ай, қап» журналы көтерген күрделі проблемалық мәселелерді көрсетіңіз



бет1/5
Дата18.05.2023
өлшемі33,95 Kb.
#94116
  1   2   3   4   5

46. «Ай, қап» журналы көтерген күрделі проблемалық мәселелерді көрсетіңіз.
Қазақ публицистикасының қалыптасуында “Айқап” журналы үлкен орын алады. 1911-1915 жылдары тұрақты түрде шығарылып, қазақ елінің түкпір-түкпіріне таралған тұңғыш журнал ХХ ғасыр басындағы тарихи қайшылығы мол күрделі кезеңнің айнасы бола білді. “Айқапта” жарық көрген шығармалар ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ахуалды аңғартып, сол кездегі өмір шындығының негізгі дерек көзіне айналды. “Айқап” журналының шығу тарихын жан-жақты зерделеген профессор Х.Бекхожин былай дейді: “Қазақ халқының мәдени өмірінде ХХ ғасырдың бас кезінде болған елеулі оқиғалардың бірі – “Айқап” журналының шығуы.
Қазақ баспасөзінің тарихын зерделеушілердің бірі профе-ссор Б.Кенжебаев “Айқап” журналы бетінде жарық көрген материалдарды тақырыптық, мазмұндық жағынан мынадай бөлімдерге бөліп қарастырған:
1. Саяси-әлеуметтік мақалалар.
2. Әдеби шығармашылық, әдебиет мәселелері.
3. Қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі және маңызды мәселелері.
4. Ана тілі, әліппе, емле мәселелері.
5. Қазақ әйелдерінің жайы, бостандық, теңдік мәселесі.
6. Дәрігерлік, агротехникалық кеңестер, ғылым табыстары.
7. Ішкі – сыртқы хабарлар.
8. Кітап сындары.
9. Тілші хаттары, жауап хаттар [150, 26-30 бб.].
«Айқап» журналының көтерген мәселелері алуан түрлі: ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстандағы жер жайы, ел тарихы, экономикасы, мәдениеті, саяси құқық, әйел теңдігі, оқу-ағарту ісі, шетел хабарлары, мұсылман өмірі, дін, әдет-ғұрып, ойын-сауық. Т.б. Міне осы сан қилы мәселелерді көтеру барысында, әсіресе жер, су,ел тарихын жазу үстінде материалдың тәуелсіздік тақырыбына қатысты қырлары мүмкіндігінше назардан тыс қалған жоқ.
Қазақ басылымдарының әуел бастан әспеттегені, бір сәт көзден таса етпегені – жер проблемасы. «Айқап» журналының 1911 жылғы бірінші нөмірінде Ахмет Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» деген мақаласында жердің иесі кім болуға керек деген мәселе көтере отырып, қазақтың қалың бұқарасына үлкен ой салатын пікір қозғайды. Қазақтың пайдаланып отырған жерін мұжықтартып алып жатыр дей келе, Ахмет байтұрсынов халықтың ондай халге душар болуының себебін ел тәуелсіздігімізден айырылып қалғанынан деп табады. «Ханы надан, жұрты надан» болғандықтан «Өзге жұрттар ілгері басқанда қазақ кері басқан». «…Жұрты мықты мемлекеттің жанында өз алдына хан болып тұруға көп күш керек екен, ол күш алтыбақан алауыз қазақта болмаған». Содан барып «хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Мықты мемлекет Россия енді мұжығына жеріңді үлестіруге кірісті. Жерден айырылу – бәрінен айырылу. Жерден айырылып, тотиып қалмас үшін қазақ не істеуге керек? Гәп қазақ жерін қазына жеріне айналдыруда ғана ма екен?. Сол қазыналық жерде отырып-ақ қазақ жерін жалға беріп, мұжықты енгізіп алып жатқан жоқ па,- дейді. Ахаңның кеңесі мына қорытындыға саяды: жер – мемлекеттікі бола берсін. Ал қазақ, сен сол игілігіңді сақтаймын десең еңбек ет, ғылым, білімді игер, әтпесе теңдікке қолың жетпек емес.
«Айқап» отырықшы болуды мәдениет мәселелерімен байланыс-тыра үгіттеді.М. Сералин орыс халқының ғылымын, өнерін, тілін үйрену керек дей келіп,бұларды білу үшін школа мектеп ашу қажет. Бұл 4-5 үйдің қолынан келетін іс емес, кедейлердің баласын алыс жерге жіберіп оқытуға қалі келмейді. Сондықтан «бір жерге қала болып жиналудан басқа ем жоқ». Ал «50-60 үй бір жерде, жиналып оитырса, оларға орталарынан молда (мұғалім) ұстап бала оқыту оңай. Сонда өкімет тарпынан орыс-қазақ школын аштыруды талап етуге болатынын» айтты (9).
М. Сералин ХХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дәстүрін жалғастыра отырып, мектеп ашу, бала оқыту жөнінде нақтылы ұсыныстар жасады. «біздің ілгері келешек күнімізде, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол –оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек өнерлі халыққа жалшы болудан асқа бізге ешбір де орын қалмайды. Біз жұртшылық болып оқушы талапкерлерге жәрдем бермесек, оқығандарымыз көбейе алмайды» деп жазды ол.
«Айқап» журналы қазақ әйелдерінің қоғамдағы орнына да жан-жақты тоқталды. «Адам баласының тәлім-тәрбиесі анадан ауысады, бүкіл адамзатты тәрбиелеуші –ана» деп, олардың үйдегі, семьядағы атқаратын рөлін өте жоғары бағалады. Журнал осы мәселені көтере отырып езілген қазақ әйелдері қатарынан жұмысқа тілшілер таратты. Тілеубайқызы Сахыпжамал (1911, №7,11-12 бет) қазақтың ер балаларын оқытып, қыз балаға онша көңіл бөлмейтінін, олардың қалың малға сатылып,сүймеген адамына еріксіз ұзатылатынын халық алдында әшкерелейді. Осы орайда Тілеубайқызы Сахыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына» атты мақаласын атап өткен жөн. «Ер баланы оқытасыз да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса бұзылады дейсіз. Бұзылған әйелдер оқығаннан бұзыла ма екен. Оқу адамды бұза ма екен? Біле білсең қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз бала түбінде бала шағаның анасы болады. Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма?! Қыздарыңызды көбіне жәбірге ұстап бересіз, ұстап бергеніңіз сол, 14-15 жастағы қыздарыңызды 50-60 жастағы шалға бересіз. Екеуі тең бе тең емес пе оған қарамайсыз. Шырылдатып ұстап бересіз. Егер де тең болса 14 -15 жастағы ұлдарыңызға 50-60 жастағы кемпірді неге алып бермейсіз?» деп тоқтайды Сақыпжамал. Бұдан артық жеткізіп, бұдан артық ашынып жазу мүмкін емес сияқты. Бұл мақала сол кезде миллиондаған қазақ қыздарының намысының жанып, ар-ұятын оятқан, қазақ даласын дүркіреткен, ұлы жаңалық болды.
Журналдың көп көңіл бөлген мәселелерінің бірі-әдет-ғұрып, салт-сана мәселесі еді. Журнал қазақ тіршілігіндегі әдет-ғұрыптың кемшілік, кері кеткен жақтарын сынай отырып, елді жақсылыққа , озық ойға, болашаққа шақырды. «Қазақтың қазіргі халі» деген мақалада елді кері тартатын кесапаттың алыстан келмейтінін, оның өз арамыздағы кәдімгі дау-жанжал, ұрлық, өтірік -өсек сөзден тарайтынын, бұл кемшіліктердің кәсіпсіздік, білімсіздіктен туатынынын жұрт алдына алақандағыдай жайып салады. Б. Майлин журналдың 1913 жылғы 15- санындағы (335-336 б.б) мақаласында қыз ұзату тойында, өлімге ас беріп, еске алуда елдің үлкен шығынға бататынын айтып оның орнына халықты пайдалы іске оқу-ағарту жұмысын дұрыс жолға қоюға, мектеп медресе салуға қаражат шығаруға шақырады.
Жалпы алғанда журнал қазақ елін білімге, өнерге шақырды, оқыту сапасын жақсарту мен білім беруді белгілі программаға сүйене жүргізу керектігін сөз етті: «Біздің қазақ баласына не қылса да басқа жұрттарға теңелу хақында біраз кеңес « деген мақалада (1911,№ 5, 4-6 беттер) оқыту ісін дұрыс жолға қою үшін көптеген шараларды жүзеге асыру керектігі айтылады.Сонда-ақ қазақ шәкірттерінің хал-жағдайының тым нашар екендігіне тоқтала отырып журнал оларға көмектесуге шақырған көптеген мақала-хабарды да басып отырды. Білім беру мәселесін шешу үшін оқу құралдарын шығару, қазақ тілінің әліппесін жасау, жазу жұмысын бір ережеге бағындыру туралы бірсыпыра мақалалар жариялады.
“Айқап” журналын жүйелі түрде шығаруды жүзеге асыр-ған, оның редакторы Мұхаметжан Сералин болды. “Газет һәм журнал халық үшін екендігіне шек айту жоқ. Халықтың қай дәрежеде алға кеткендігі – халық арасында таралған газет-журнал һәм кітап-тардан білінеді” /А-п. 1911, №1/, – деп “Айқаптың” алғашқы нөмірінде жарияланған беташар мақалада-ақ елге газет жур-налдың халық дамуындағы орнын айқын көрсетті. Журналдың неге “Айқап” аталғандығына толық, тұжырымды жауапты редактор М.Сералиннің бағдарламалық мақаласынан ала аламыз: “Біздің қазақтың “Әй, қап” демейтұғын қай ісі бар?! Газет шығармақшы болдық, қолымыздан келмеді. Пұлы барларымыз ынтымақтаса алмадық. Пұлы барларымыз ынтымақтассақ та, ақшасыз істің мәні табылмады. “Қап, пұлдың жоқтығы, қолдың қысқалығы-ай” дедік. Жақсы жерлерімізді қолда сақтар үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жер қолдан кетті. “Қап” ынтымақсыздығымыз-ай дедік. Болыс, би, ауылнай боламыз деп таластық, қырылыстық. Жеңгеніміз жеңген жағымызға “ендігі сайлауда көрерміз, қап, бәлем-ай!” дедік. Осындай біздің қазақтың неше жерде “қап” деп қапты қалған істері көп. “Қап дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық “Айқап” болды” /А-п. 1911, №1/. Бұл – тек “Айқап” журна-лының атының мағынасы ғана емес, оқырманға ой тастап, өткен қателіктерді жібермеуге қайрау, өкінішті болмай дер кезінде оң шешім табуға жол сілтеу мақсатынан туған.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет