№4(60)/2010 Серия филология


Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы қазақ əдебиеттану



жүктеу 2.07 Mb.
Pdf просмотр
бет12/20
Дата29.12.2016
өлшемі2.07 Mb.
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы қазақ əдебиеттану 
ғылымына нақты үлес қосқан тұлға ретінде 
Каренов Р.С. 
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Впервые  с  системных  позиций  исследуется  творческая  деятельность  выдающегося  поэта,  писателя, 
журналиста, педагога XX столетия Миржакупа Дулатова. Дается оценка его вклада в развитие казах-
ской поэзии прошлого века. Освещаются труды М.Дулатова, посвященные отечественному фолькло-
ру. В контексте с политической деятельностью раскрывается литературная, журналистская и перево-
дческая  деятельность  этой  уникальной  личности.  Обобщается  значение  учебников  и  пособий,  напи-
санных одаренным просветителем, для становления и развития педагогической науки в республике. 
For the first time from system positions creative activity of the outstanding poet, the writer, the journalist, the 
teacher of XX century is investigated by Mirzhakupa Dulatova. The estimation of its contribution to devel-
opment of the Kazakh poetry of the last century is given. Its works devoted to domestic folklore are shined. In 
a context with its political activity literary, journalistic and translational activity of this unique person reveals. 
Value of textbooks and the grants written by the presented educator, in formation and development of a peda-
gogical science in republic is generalised. 
 
Алғы сөз 
Алаш  азаматы,  қоғам  қайраткері  Міржақып  Дулатов — қазақ  əдебиеттануы  ғылымына  үлкен 
үлес  қосқан  тұлға.  Отаны  үшін  жазықсыз  репрессияға  ұшыраған  ғұлама  ғалымның,  əдебиетшінің, 
ақынның əдебиеттанулық мұрасы тəуелсіз ғылымның басты еншісі болып табылады. 
Осы  ғылыми  мұраны  бүгінгі  тəуелсіз  əдебиеттану  тұрғысынан  зерделегенде  ерекше  ескеретін 
жағдай — ол  Міржақып  Дулатұлының  əдеби  творчествосының  екі  үлкен  ерекшелігімен  көзге 
түсетіндігі.  Біріншісі — оның  шығармаларының  сол  кездегі  ұлт-азаттық  қозғалысымен  тікелей 
байланыстылығы.  Дулатов  қаламынан  туған  шығармалар  əдеби  туындылардың  шеңберінен  шығып, 
саяси программаға ойысып отырған. Мұнда сол кездегі Қазақстанның экономикалық-саяси, қоғамдық 
ахуалына толық талдау жасалған, ағартушылық, демократтық тұрғыдан не істеу керектігі айтылған. 
Екіншісі — М.Дулатов  қазақ  əдебиетінің  дамуына  жаңа  бет  ашқан  дарынды  ақын,  жазушы, 
журналист. 
Міржақып поэзиясы жайлы біраз сөз 
Міржақыптың поэзиясы күрделі де көп қырлы. Ол бірде махаббат романтикасына бой ұрса, енді 
бір өлеңдеріне уақыт жүгі, заман талабы, халықтың мұң-зары арқау болады. Сезім сырларын ақтарған 
өлеңдерінде ақын жан толқынысына беріліп, ішкі күй тереңіне бойлайды. 

Каренов Р.С. 
82 
Вестник Карагандинского университета 
«Сырым» атты өлеңіндегі [1; 92] мына жолдар ақынның өмірлік кредосындай болып естіледі: 
Көздеген оқ, сермеген қылыш болса да, 
Тəуекел деп қасқайып көзді жұмарым. 
Кім үшін тусам, сол үшін өлу борышым, 
Міндет қылып қосқаны маған құдайдың. 
Əмбебап ағартушының артына қалдырған рухани мұрасында кешегі көшпелі қазақ елінің əдет-
ғұрпы,  дəстүр  салты,  тəлім-тəрбиесі  мен  үлгі-өнегесі,  өзіне  тəн  этикалық,  эстетикалық  ұнам-
талғамдары  ұлттық  колоритқа  толы  сан  алуан  нақты  деректермен  безендіріле  баяндалған.  Осы 
тұрғыдан «Оян, Қазақ!» атты туындысының орны бөлек. 
Міржақыптың  осы  алғашқы  жинағында  алдына  қойған  мақсаты  мен  айтайын  деген  ойы  төрт 
жолдық беташарда келтірілген: 
Көзіңді аш, оян, Қазақ, көтер басты, 
Өткізбей қараңғыда бекер жасты. 
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп, 
Қазағым, енді жату жарамас-ты. 
Патшаның отарлау саясаты, халықтың өнер-білімнен мақұрым қалуы, тұрмыс күйінің күйзелісі, 
тағы-тағы неше түрлі қасірет атаулы осы төрт жолға толық сыйғызылған [2]. 
Қазақ қоғамының сан саналы қыр-сырын көре біліп, терең толғаған ақын елдің мүшкіл жағдайға 
түсуіне не себеп болғандығының бет пердесін ашады. «Оян, Қазақ!» жинағындағы «Қазақ жерлері» 
атты өлеңде [1; 29–31] қазақ елінің көп ғасыр бойындағы мəн-жайы көркем тұжырымдалады. Жақаң 
терең ой-пікірлер айтылған налу білдіреді: 
Мың жеті жүз отыз бір 
сəнасында: 
Біз кірдік Руссияның фанасына. 
һүнерсіз бостығымыз 
көрінген соң, 
Қызықпас кім қазақтың 
баласына? 
 
Жылында мың сегіз 
жүз алпыс сегіз: 
Қазналық — деді, — 
жердің һəммəсін да. 
Тарылып жылдан жылға 
жер-суымыз, 
Мұжықтың кетті бəрі қаласына. 
 
Қадірман халық билеген, 
ақсақалдар, 
Бұл іске фəһім назар саласың ба? 
Темірді қызуында соқпай қалып, 
Нəсіліңнің көз жасына 
қаласың ба? 
Кір жуып, кіндік кескен 
қайран жерлер, 
Мұжыққа, қош аман бол, 
барасың ба? 
Қасиетті бабамыздың зияраты — 
Қалды ғой көшесінің арасында. 
 
Моншаға зияраттың тасын алып, 
Ағашын отқа, мұжық, жағасың да. 
Таба алмай бір барғанда 
еш белгісін, 

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
83 
Көзден жас көлдей 
болып ағасың да. 
Шалқар көл, аққан бұлақ, 
жайлы қоныс, 
Орман-тоғай кетті ғой ағашың да. 
Ойласам мұның бəрін хияли боп, 
Хафадан ішім оттай жанасың да. 
 
Əуелде жерімізбен кіріп едік, 
Тұрмаққа ғаділдіктің саясында. 
Айрылсаң калған жерден 
осы күнгі, 
Топыраққа малды, қазақ, 
бағасың да. 
 
Адасты ғақылынан қара халық, 
Білгіштер, өзің хайлə табасың да. 
Қазағым, жерің қайда атамекен, 
Қазақ қазақ болғалы мекен 
еткен? 
Хазірде бəріңізді қуып шығып, 
Орныңа қала салып «хохол» 
жеткен. 
 
Шығарған жер өлшеуге 
землемерлер, 
Қала үшін кеткен бізден жақсы 
жерлер. 
Тəтті шөп, тұщы судың бəрі сонда, 
Табатын бұған хайлə қайда ерлер? 
 
Зеңгір тау, аққан бұлақ, 
шалқар көлдер. 
Кетті ғой бетегелі биік белдер. 
Қысқарып жер кеткен 
соң өрісіміз, 
Қалды ғой жатақ болып 
қайран елдер. 
 
Ащы су бізге қалды шөл далалар, 
Жақсы жер қалдырмады 
егін салар. 
Мұндай  ащы  шындық  туралы  алмастай  өткір  жырлар  тудыру  бірегей  талант  иесінің  ғана 
қолынан келетін іс. 
«Оян, Қазақ!» жинағының басты қасиеті — қуатты ұрандылығы. Ақын туған халқының даналық 
қасиетін  жоғары  бағалаған  азаматтарды,  орыс  мəдениетінің  өкілдерін  құрметпен  еске  алады. 
Жинақтың «Сөз ақыры» [1; 75,76] деп аталған бөліміндегі мына жолдар соны дəлелдей түседі: 
Орыста Пушкин, Гоголь, Лермонтов, 
Крылов, Тургеневтер кеткен өтіп. 
Қартайып бұл уақытта Толстой тұр 
Өзіне мəсілəктес ерлерді ертіп. 
 
Қазақта бұлар теңдес бар ғой шешен, 
Халықтан мойны озып болған көсем. 
Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев, 
Сөзінде хате бар ма сынап көрсең? 

Каренов Р.С. 
84 
Вестник Карагандинского университета 
Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей, 
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей. 
Оқыған ғибрат алып жас жігіттер 
Һəммəсі өз халқына хызмет еткей. 
 
Оралдан Əбубəкір молла шықты, 
Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты. 
Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр, 
Шөже, Орынбай, Мəшһүр Жүсіп о да шықты. 
М.Дулатов  сауаты  жоқ  қалың  қазақтың  жаттап  алуына  қолайлы  болсын  деп  «Оян,  Қазақты!» 
өлеңмен  жазған.  Автор  сөзін  «халық  үшін»,  əсіресе  «жиырмасыншы  ғасыр  жастарына»  арнап 
отырғанын жасырмаған. 
XX ғасырдың алғашқы 10–15 жылы Міржақып Дулатұлының жазушылық қызметінің жемісті де 
өнімді кезі болды. 1913 жылы Орынборда оның «Азамат» жинағы шықты. Мұнда ақынның бұрынғы 
шығармаларындағы  күрескерлік  рух  нəзік  лирикалық  күйге,  өткір,  ащы  сатира  табиғаттың 
тамылжыған  суретіне  ауысады.  Сыртқы  түр  мен  ішкі  мазмұнның  қауышып  келетін  лирикалық 
айшықтары тұтас лиро-эпикалық баяндауға ұласады. 
Шығарманың  құндылығы — ой  тұжырымдарының  тереңдігінде,  ақындық  шеберліктің  дара 
көрінуінде. Жинақтағы «Таза бұлақ», «Шағым», «Арманым», «Сырым», «Мұң», «Айырылу», «Жұт», 
«Аяңыздар жетімді» өлеңдері классикалық лириканың үлгілері деуге болады. 
Міржақыптың ақыл тоқтатып, екі мүшел жасқа толғандағы берген жинағы «Терме» Орынборда 
1915  жылы  шықты.  Мұнда  газет,  журнал  беттерінде  басылған  өлеңдері  жүйе-жүйемен  берілген. 
Олардың  көбінде  ақындық  шеберлік,  ой  тереңдігі  айқын  байқалады.  Сондықтан  да  «Терме» 
жинағындағы  жырлар  кемел  туындылар  қатарында.  Оларда  ақынның  халық  деп  соққан  жүрек  қан 
тамырының  қозғалысы  буырқанған  бұлақтай  кемеріне  симай  жатады.  Жинақ  Жақаңның  ақындық 
тұлғасын танытатын əсерлі де ырғақты, қоңыр əуендерге толы [3]. 
Осы жинақтағы өлеңдердің көбі елмен сырласу сарынында болып келеді. Одан біз ақынның ішкі 
əлемінің  күрделілігін  терең  танимыз.  Міржақыптың  ішкі  сезімін,  жан  жарасын  «Елім-ай» [1; 105] 
атты тамаша өлеңінен айырықша байқауға болады: 
Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, 
Сол бір қайғың өзегімді өртеген. 
Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, 
Енсең неге түсті мұнша, елім-ай? 
 
Өткен сағым, келер алдың бір мұнар, 
Қызылшылсың қызарғанға тым құмар. 
Сақтан деген сөзді жан жоқ шын ұғар. 
Жемге шапқан, қармақ құрса, елім-ай! 
 
Қандай едің, қара кейін қайрылып. 
Қандай едің, тұрсың одан айрылып. 
Мүгедек боп қос қанатың майрылып. 
Өксіп жылап өгей ұлша, елім-ай! 
 
Мұны құр бос өлең десең, өзің біл. 
Жұрт болмаймын өлем десең, өзің біл. 
Не болса да көнем десең, өзің біл. 
Босағада жүрген құлша, елім-ай! 
 
Түзелесің қашан, жұртым, оңалып? 
Тіл алмасаң, кетпеймісің жоғалып? 
Қайтер едің өткен дəурен оралып, 
Жылы жүзбен мойнын бұрса, елім-ай!? 

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
85 
Дегенмен,  ақиық  ақын  өз  халқының  жарқын  болашағына,  отарлық  пен  қорлықтан, 
қараңғылықтан  құтылып,  көкірек  кере  дем  алып,  бостандық  самалына  кеудесін  тосатынына  берік 
сенеді: 
Сол күніңді көрсем — менің арманым, 
Жоқтамас ем өзге тілек қалғанын. 
Сұм жүрегім селк етпейді жалғанын, 
Бұл мінезің бойда тұрса, елім-ай. 
Міржақыптың шерге толы бұл арманынан өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, азаматтық 
биік тұлғасын көреміз. 
М.Дулатовтың  өлеңдеріндегі  асқан  үн,  жан  дүние  толғаныстары,  көңіл  күй  иірімдері 
полифониялық  ғажап  бір  тұтас  əуендер  дүниесін  құрайды.  Мысалы, «Алашқа»  атты  реквиемінде 
[1; 106,107] ақын туған елінің көкмайсалы жерін, дуалы ауыз даналарын, кемеңгер ойлы хандары мен 
билерін, жолбарыс жүрек батырларын аңсап, іздейді. «Қайда, қайдалап» қайталанып келетін əр жолда 
кемеңгер ақынның көптің қамын жеген күйі, тынымсыз аласұрған үлкен жүрегінің лүпілі сезіледі: 
Көк майса бетегелі жерің қайда? 
Күмістей толқындаған көлің қайда? 
Ың-жың боп жер қайысқан төрт түлікпен 
Жөңкіліп, көшіп қонған елің қайда? 
 
Көтерген ақ киізге ханың қайда? 
Қиғаш қас, бидай өңді ханым қайда? 
Түнерген сыртқа айбынды іргең бүтін, 
Бір кезде басқа қонған бағың қайда? 
 
Қақ жарған қара қылды биің қайда? 
Ақ орда би түсетін үйің қайда? 
Салтанат Сарыарқада құрған қазақ, 
Толықсып жүрген кеше күнің қайда? 
 
Шаң жұтқан текежəуміт атың қайда? 
Қалдырмас жауға тастап жақын қайда? 
Ұшқыр ат, түзу мылтық, болат найза, 
Киінген көк дулыға батыр қайда? 
 
Қамығып қанға толған жүрек қайда? 
Бұрқ еткен бір ауыздан тілек қайда? 
Жаяуға ат, жалаңашқа киім болып, 
Қарасқан нашарыңа көмек қайда? 
 
Бермейтін ел намысың ерің қайда? 
Сүйенер қысылғанда белің қайда? 
Үйткені айтқаны екі болмайтұғын, 
Асыл зат артық туған бегің қайда? 
 
Шалдырмас топтан тура шешен қайда? 
Ұлықпен ел бастаған көсем қайда? 
Қазағым, қазақшылық қалпың менен 
Даңғыл жол сайрап жатқан көшең қайда? 
 
Кемеңгер дұғалы ауыз кəрі қайда? 
Дертіңе шипа болар дəрі қайда? 
Масайрап кімге сеніп қарысасың, 
Жауап бер, осылардың бəрі қайда? 
Реквиемде  Жақаңның  елім  деп  егіліп,  қабырғасы  қайысқан  жан  айқайын  көреміз.  Расында  да 
бейбіт заманда сұңғыла шешен де, кеуде керген батыр да, топ бастар серке де көп. Ал нағыз қайрат 

Каренов Р.С. 
86 
Вестник Карагандинского университета 
көрсетер  шақта — елбасына  күн  туған  ауыр  кезеңдерде — солардың  біреуі  де  көрінбей  кететіні 
қалай? 
Міржақып поэзиясы жайлы сөз еткенде, оның ақындығының алтын жалауындай, туған елі үшін 
бүкіл  өмірін  құрбан  етуге  сəт  сайын  дайын  тұрған  күрескердің  бейнесіндей  болып,  ел  аузында 
жатталып қалған «Қайда едің?» атты өлеңіне [1; 105,106] тоқталмай кетуге болмайды: 
Кешегі қара күндерде, 
Жұлдызсыз, айсыз түндерде, 
Жол таба алмай сенделіп, 
Адасып алаш жүргенде, 
Бұл күнгі көп көсемдер, 
Сұраймын, сонда қайда едің? 
 
Ақыл таппай дағдарып, 
Жан ашыр таппай сандалып, 
Барарын қайда біле алмай, 
Жүрген бір күнде сан ғарып — 
Есепсіз көп шешендер, 
Жөніңді айтшы қайда едің? 
 
Сарыарқа сайран жерлерім, 
Көк орай шалғын көлдерім, 
Бəрін жауға алдырып, 
Асқар тау — биік белдерім. 
Қысылып қазақ тұрғанда, 
Данышпандар, қайда едің? 
 
Атадан бала айрылып, 
Қанаты сынып қайрылып, 
Қасірет толып жүрекке, 
Тұрған бір кезде қайғырып, 
Толып жатқан қамқорлар, 
Елде жоқ едің, қайда едің? 
 
Құландай үркіп елдерің, 
Қалдырып мекен жерлерін, 
Жаяу, жалпы, жалаңаш 
Қатын, бала, ерлерің 
Аштықтан қырғын тапқанда, 
Сыпыра жомарт, қайда едің? 
 
Кедейдің сорын қайнатып, 
Майданға жасын айдатып, 
Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ, 
Өлімге басын байлатып – 
Жіберерде, жаным-ау, 
Жан ашыр жақын, қайда едің? 
 
Енді бүгін кім жаман? 
Данышпан емес, кім надан? 
Қамқор емес, кім жауыз? 
Жомарт емес, кім сараң? 
Көсем емес, кім жалтақ? 
Шешен емес жоқ адам. 
Бəрі білгіш, бəрі де ер, 
Жеткіздің, алла тағалам. 

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
87 
Бұл  қанатты  шумақтар  біздің  бүгінгі  жағдайымызды  көріп,  түнде  ғана  жазылған,  əлі  сиясы 
кеппеген  өлең  сияқты.  Бəлкім,  таланттың  ең  үлкен  құдіреті — осынау  мəңгі  жүрекжардылығында, 
мəңгі көкейтестілігінде шығар. 
Міржақып  Дулатұлы  əнге,  ойын-сауыққа,  музыкаға  жасынан  құмар  болған.  Ол 1897 жылдың 
күзінде  шағын  домбыралық  оркестрдің  құрамында  Ресей  географиялық  қоғамының  этнографиялық 
бөлімінде,  Петерборда  өнер  көрсеткен.  Халық  арасына  кең  тараған  «Таза  бұлақ», «Қанатталды», 
«Қайда  едің?»  сияқты  əндері  мен  термелері  оның  композиторлық  талантының  жоғары  екендігін 
танытқан. 
Ақынның  «Бақытсыз  Жамал», «Сағыну», «Айырылу»  сияқты  əнге  қосылып  айтылатын 
өлеңдерінің музыкасы табиғаты жағынан классикалық Еуропа жəне орыстың қалалық романстарына 
сай келеді. Формасы жағынан — қайырмасыз келетін, белгілі əуенге бағындырылған, ұйқасты өлең 
«Сағыну» [1; 102] романсында  қазақи  еркіндіктің  лебі  еседі,  ақын  көңілі  қазақтың  кең  даласын 
шарықтай шарлап, жоғалтқан бостандығын аңсайды: 
Айт шыныңды, көңілім, қайда барасың? 
Қаңғырудан қандай пайда табасың? 
Тоқталатын келген жоқ па мезгілің? 
Дамыл таппай күні-түні шабасың. 
 
Ойнақтайсың, от басасың, тұрмайсың, 
Бір басымның текке аласың мазасын. 
Білмеймісің, табалайды дұшманың, 
Алаңғасар алып жүр деп жазасын. 
 
Басыл енді, күлкі болма, көңілім, 
Жүрегімнің шанши берме жарасын. 
Дейді көңілім сонда маған мұңайып: 
Сарыарқаның сағынамын даласын. 
 
Ең болмаса емін-еркін кезейін, 
Есіл, Нұра, Еділ, Жайық саласын. 
Бой көтеріп жүріп сайран етейін 
Орал, Алтай, Тянь-Шань тауы арасын. 
 
Қандай күйде жатыр екен, көрейін 
Ер қазақтың еркін өскен баласын. 
Баяғыдай еркіншілік бар ма екен? 
Өз көзімен ерке көңілің қарасын. 
Бұл  романс 1914 жылы  орыс  тіліне  аударылып,  мадияр  ақыны  Шандор  Петефидің  еркіндік 
сүйгіш өлеңдерімен бірге басылған [4]. 
Қорыта  айтқанда,  Міржақып  шығармалары  ақынның  романтикаға  толы  поэтикалық  талантын, 
рухани  əлемінің  соншалықты  бай  екендігін  танытады.  Əсемділік,  шынайлық,  біртіндеп 
философиялық толғанысқа ауысатын қиялшылдық оның поэзиясының тұтас рухани əлемін құрайды. 
Міржақыптың қазақ фольклорының жинау ісіне өз еңбектері арқылы үлес қосуы 
М.Дулатұлы  фольклорды  əдебиеттің  бастау  бұлағы,  қайнар  көзі  деп  санаған.  Сондықтан  қазақ 
фольклорының жиналу ісіне өз еңбектері арқылы үлес қосқан. 
Міржақып — қазақ  фольклорын  ғылыми  тұрғыдан  тұңғыш  зерттеуші,  атақты  ғалым  Шоқан 
Уəлихановтың  қызметін  туған  халқына  таныстыру,  насихаттау  ісіне  үлес  қосқан  қайраткер.  Ол 
Шоқанның  өмірбаянынан,  білім  алған  ортасынан,  орыс  оқымыстыларының  Ш.Уəлихановқа  берген 
пікірлерінен,  аса  дарынды  ғалымнан  қалған  мұралардан  хабар  береді.  Мінезін,  талантын,  туған 
халқына  сіңірген  еңбегін  баяндайды.  Шоқанды  туған  халқын  шын  сүйген  асыл  ұлдарының  біріне 
санайды: «Шоқанның  бар  талабы  ғылымға  ұмтылу,  қазақ  халқына  пайда  келтіру,  қазақ  халқының 
тұрмысын,  рəсімін,  тарихын  анықтау  жолында  болған,  Шоқанның  ғұмыры  ұзын  болғанда  артына 
қанша  пайдалы  нəрсе  қалдыруында  шек  жоқ,  қазақ  жайынан  жинаған  қанша  материалдары  өзі 
өлгеннен  кейін  баспаға  кірмей  жоғалған» [1; 259]. Жақаңның  пікірінше,  Шоқанды  туған  халқына 
таныстыру ұлттық сананы оятуға қажет істің бірі болды. 

Каренов Р.С. 
88 
Вестник Карагандинского университета 
М.Дулатовтың  қадір  тұтқан  фольклоршының  бірі — Əбубəкір  Диваев.  Аса  көрнекті  ғалым, 
фольклоршы  əрі  этнограф  Ə.Диваевтің  қазаққа  сіңірген  қызметінің 25 жыл  толуына  орай  Жақаң 
«Қазақ» газетінде «Əбубəкір Ахметжанұлы Диваев» атты мақала жазады. Мақаланың басты мақсаты 
еңбегінің басым көпшілігін орыс тілінде жазған Ə.Диваевті қазақ тілді оқырманға таныстыру еді. 
Міржақыптың  «енді  біздің  міндетіміз  бұларды  (Ə.Диваев  жинаған  фольклорлық  мұраларды) 
жиып, өз тілімізде кітап етіп шығару» деген тілегі Алаш зиялыларының күшімен 1924 жылы жүзеге 
асады. 1923 жылы  Түркістан  Республикасы  Ташкентте  атақты  фольклоршының  ғылыми-қоғамдық 
қызметінің 40 жылдығын  атап  өтеді.  Келесі  жылы, 1924 жылы,  Ə.Диваев  жинаған  ауыз  əдебиеті 
үлгілері жеке жинақ болып басылып шығады. Жинақ атауын қазақ оқығандары тойға тарту есебінде 
шығарғандықтан, «Тарту» деп атайды [5]. 
Бұл  еңбекке  алғы  сөзді  атақты  ақын  Мағжан  Жұмабаев  жазды.  Кітап  негізінен  екі  бөлімнен 
құралды.  Алғашқы  бөлімге  халық  ауыз  əдебиеті  материалдары  қамтылды.  Екінші  бөліміне 
этнографиялық мұралар ендірілді. 
М.Дулатовтың  қаламынан  қазақтың  тарихына  қатысты  «Қазақ-қырғыздың  аты,  тегі  туралы» 
[1; 308–319],  «Хан  Абылай» [1; 219–223] сынды  тарихи  аңыздар  жарық  көрген.  Əсіресе  «Хан 
Абылай»  атты  мақаласында  зерттеуші XVIII ғасырда  өмір  сүрген  даңқты  хан  Абылайдың  ел 
арасында сақталған бейнесінен мол деректер береді: «Сол кезде қазақтың жылқысын топ көтере қара 
қалмақ  Қатай  Сыбан  деген  жау  алады.  Қазақ  «Алаш!»  деп  ұран  шақырып,  басшылары  Қаракерей 
Қабанбай,  Қанжығалы  Бөгенбай,  Қаз  дауысты  Қазыбек,  Шақшақ  ұғлы  Жəнібек,  Көкжарлы  Көкжал 
Барақ,  Шанышқылы  Бердіқожа  болып  қалмаққа  аттанады.  Айлалы  қалмақ  шеп  құрып,  айналасына 
қорған  жасап,  қақпасына  түрлі  жиһаз  төгіп,  жайнатып  қыз-келіншек  қойып,  қызылға  шапқан 
қазақтың  батырларын  ары  жағында  жасырынып  жатып  атқылап,  алдыртпайды.  Неше  күн  жатып, 
сасық қамал болып, қалмақтан жылқысын айыра алмай салы суға кетіп, батырлар қайтпақшы болады. 
Сонда Абылай жылқының соңынан қуып келген жылқышылардың бірі екен. Қазақтың қайтарына көзі 
жетіп, топтан бөлініп оңаша шығып, атынан түсіп, шүберек белбеуін құрығының басына байлап ту 
қылып,  қалмақтың  қамалына  «Абылай!  Абылай!»  деп  ұран  шақырып,  жалғыз  өзі  кірген  де  кеткен. 
Бақыт  жұлдызы жанайын  деп  тұрған  шағы!  Атқан  оқ,  шапқан  қылыштан  алла  сақтап,  кірген  жерін 
есік,  шыққан  жерін  тесік  қылып,  қалмақтың  қамалын  бұзып,  жылқыны  дүркіретіп  қуа  бастағанда, 
қазақтың  батырлары  да  қайраттанып  қосыла  шауып,  қалмақты  қызыл  ала  қан  қылып,  шаш  етектен 
олжаға  батып  қайтады.  Жауды  жеңіп  көңілдері  тынған  соң,  найманның  батырлары: «Кеше  бізден 
айтылмаған аруақ, шақырылмаған ұран қалған жоқ еді, соның бірі де іске жарамай, мынау бір заты-
тегі  белгісіз  бала  бəрімізден  бақыты  үстем,  аруағы  күшті  болып,  жауымыздан  кек  əперді; 
бұрынғының  сөзі  бар  еді, «қой  асығы  деме,  қолайыңа  жақса,  сақа  қой»  деген,  кел,  осыны  хан 
көтерелік»  деп, «Ау!»  десіп,  атығай  Есенаман  байдың  іргесіне  алып  кетіп,  ақ  отау  көтеріп  атығай, 
қарауылдан алты қатын алып беріп, хан көтерген екен» [1; 219–220]. 
Осы мақалада Абылай туралы деректер əдеби мəтінмен дəлелденген. 
М.Дулатұлы  Шоқан  Уəлихановтың  досы,  атақты  орыс  ғалымы  Г.Н.Потанин  туралы (80 жасқа 
толуына орай) арнайы екі мақала жəне өлең жазады. Ол Потанинды қазақ тарихы мен фольклорының 
білгірі ретінде өзіне ұстаз тұтып, өзінің жиған-тергендерін көрсетіп, ақылдасып отырған. М.Дулатұлы 
өз мақалаларында Потанинның ғылым жолындағы шығармашылығына сипаттама береді. Оны халық 
ауыз  əдебиетін  жинау  жəне  зерттеу  ісінде  қазақ  халқына  сіңірген  еңбегі  мен  халық  мүддесі 
жолындағы саяси қызметі үшін мақтан етеді. 
Жақаң орыс ғалымын қазақ халқына қылған қызметі үшін өзінің белгілі мақаласында мынадай 
сөздермен ұлықтайды: «Григорий Николаевичтің халық əдебиетіне еткен қызметі зор. 1913 жылы жаз 
күні  Қарқаралы  уезі,  Тоқырауынға  барып,  қазақ  ертегілерін  жиып  қайтып,  Омбыдағы  гимназияда 
доклад  оқығаны  қазақ  оқушыларына  белгілі.  Григорий  Николаевич  адам  баласы  ескі  тұрмысының 
тарихи  белгісін  ізденуші  ғана  емес,  ол  Сібірдің  əлеумет  басшысы,  ақ  жүрек  азаматы,  білгір 
саясатшысы» [1; 276,277]. 
Міржақыптың  Потанинге  деген  құрметі  оның 80 жылдығына  арнайы  жазылған  өлеңіндегі 
(«Григорий Николаевич Потанинге» атты өлеңі [1; 103,104]) мына сөз кестелерінен жалғасын табады: 
 
Саған жақын Сібірдің бар елдері, 
Жат емес: тау мен тасы, көлдері. 
Сені ұмытпас, мəңгі атың паш етер, 
Мəдениет шашқан тұқым жерлері. 

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
89 
Үздік туған Сібірдің сен ұлысың, 
Ғұмырыңша басқарған көп жұмысын. 
Ұранды елмен теңестірдің іргесін, 
Қайтіп сенің ұмыт болар бұл ісің? 
 
Шыққан Сібір жаман атпен атағың, 
Қараңғыда қалдың, озып қатарың. 
«Ер тумаса, ел көркеймес» нақыл бар: 
Жуды сені туып ұлың Потанин. 
 
Ерте ояндың, ел намысын жоқтадың, 
Жетті қарттық, түсті 80, тоқтадың. 
Жақсылыққа бастап жастан баулыған, 
Жас буынға енді даңғыл соқпағың. 
 
Бізге салса, жалғыз 80 аз саған, 
Тілер едік тағы 80 жас саған. 
Табиғаттың болмай бөгет заңы егер, 
Берер болса бұл тілекті жасаған. 
 
Сұлу мінез, ақ жүрекпен артық ең, 
Қазақ атын шылбырдан сан тартып ең. 
Біз ұмытсақ өлмес айғақ тарих бар, 
Атамыздай болған сабаз қартым ең. 
Сонымен, М.Дулатов — кезінде Əлихан Бөкейхан салған өнегені — қазаққа еңбегі сіңген кісіні 
ұлтына,  нəсіліне,  дініне  қарамай  ардақ  тұту;  құрметтеуді,  мадақтауды  жігерлі  жастық  жалынымен 
жалғастырған тұлға. 
Міржақыптың публицистикалық, журналистік дарынын аша түскен негізгі еңбектері 
М.Дулатовтың бай мұрасының өнімді бір саласы — публицистикалық шығармалары. Ақынның 
журналистика тарихын жасасқаны да сөзсіз. 
Үлкен  проза  саласындағы  туған  əдебиетіміздің  тырнақалдысы  «Бақытсыз  Жамалды» [1; 127–
164] Міржақып Дулатұлының роман деп атауы əбден орынды. Бұл оқиғалы сюжетке құрылған, жанр 
талаптарына  əбден  сай  келетін  күрделі  шығарма.  Романның  негізгі  идеясы — əйел  теңдігі.  Онда 
малға сатылып, зорлықпен теңсіз некеге көндірілген Жамал атты жас қыздың сүйген жігітіне қосыла 
алмай зар шегіп, көп азап көріп, ақырында қайғылы қазаға ұшырау тарихы суреттеледі. 
Жазушының 1922 жылы  жарық  көрген  «Балқия»  атты [1; 165–191] төрт  перделі  драмалық 
шығармасында  да  əйел  теңдігі,  қыз  тағдыры,  қалың  мал  мəселесі  сөз  болады.  Драманың  көркемдік 
шарттылықтары  сақталған.  Кейіпкерлер  сөзі  нақты.  Оқиғаның  дамуында  табиғилық  бар.  Автор 
комедия, декламация дейтін терминдік ұғымдарды пайдаланған [6]. 
М.Дулатовтың қарымды қаламынан туған көптеген мақалалары мен зерттеулері бір төбе. 
Əдебиеттанушы  өзінің  зерттеулерінде  «Абайтану  не  үшін  керек?»  деген  сауалға  жауап  береді. 
1908  жылы  жарық  көрген  «Ибраһим  ибн  Құнанбаев»  мақаласында [1; 212,213] Абай  кім  болғаны 
айтылады.  Ал  «Абай»  атты  мақаласында [1; 249–251] ғұлама  ақынның  қазақ  əдебиеті  тарихындағы 
орны  былай  анықталған: «Абай  сынды  ақынның  қадірін  білмеу  қазақ  халқының  зор  кемшілігін 
көрсетуге  толық  жарайды,  себебі — қазақ  басқа  жұртпен  үзеңгі  қағысып,  тең  халық  болып  жасай 
алмауы  тарихи  əдебиеті  жоқтықтан.  Тарихи  əдебиеті  жоқ  халықтың  дүниеде  өмір  сүруі,  ұлттығын 
сақтап ілгері басуы қиын. Əдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. 
Қай жұрттың болса да жаны 
 əдебиет, жансыз тəн жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, 
ата-бабалары  кім  болғанын,  не  істегенін  білмеген  жұртқа,  бұл  талас-тартыс,  тар  заманда  арнаулы 
орын  жоқ.  Сондықтан  Абайдың  аты  жоғалуы,  мұнан  кейін  де  шығатын  Абайлар  сондай  ескерусіз 
ұмытылуы ықтималы, қазақтың жоғалуы қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей. 
Соның үшін жиырмасыншы ғасырдың таңында халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас 
əдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һəм өлген соңында мəңгі ұмытылмастай болуы, 
біздің бірінші ескеретін борышымыз. Əдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш — Абай сөзі, 

Каренов Р.С. 
90 
Вестник Карагандинского университета 
Абай  аты  боларға  керек.  Абайға  шейін  қазақта  қолға  алып  оқырлық,  шын  мағынасында  қазақ 
əдебиеті  дерлік  бір  нəрсе  болған  жоқ  еді.  Абайдың  бізге  қымбаттығы  да  сол.  Бəлкім,  мұнан  кейін 
Абайдан  үздік  артық  ақындар,  жазушылар  шығар,  бірақ  ең  жоғарғы,  ардақты  орын  Абайдікі,  қазақ 
халқына сəуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай. 
Орыста  бірінші  жазушы  Ломоносов  бір  балықшының  баласы  еді.  Онан  кейін  сан  жүйріктер 
шығып жатыр, сонда да орыс əдебиетінің тарихында бірінші орын, бас бəйге Ломоносовқа арнаулы. 
Неше жүз жылдан бері Ломоносовтың атын орыс халқы көңілінде һəм тілінде сақтап келеді, мұнан 
соң  мың  жылдар  өтсе  де  оған  көрсетілген  қадір,  құрметтері  артпаса  кему  жоқ.  Біз  де  Абайға  сол 
көзбен қарауға керек» [1; 250]. 
Бір  ғажабы  алыптар  тобы  бір-бірін  бағалай  білген.  Қатал  да,  қатыгез  ата  дəстүрін  өзіне  ең 
қажетті  жеріне  орынды  қолданған  Жақаң  Ахмет  Байтұрсыновты  салауатты  аға  тұтып,  оның  əр 
сөзінен ғибрат алып отырған. 
Дулатовтың  «Ахмет  Байтурсунович  Байтурсунов  (Биографический  очерк)»  атты  мақаласы 
[1; 295–302] Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толу мерейтойына арналып, орыс тілінде жазылған. Осы 
зерттеуде  «Ахаң  қандай  білім  алған?»  деген  сауалға  жауап  берілген.  Ғылыми  еңбектерімен  қатар, 
А.Байтұрсыновтың  ақындығы,  аудармашылығы  нақты  талдаулар  арқылы  айқындалған.  Басты  ой 
былай тұжырымдалған: «В своих стихотворениях А.Б. не поет о любви, о женщине, о природе, у него 
нет ни высокопарных стихов, ни крылатых фраз. Он простым и понятным киргизским языком поет о 
свободе, о нации — об угнетенной и отсталой киргизской нации, призывая ее к просвещению, к тру-
ду и к освобождению от вековой спячки и пробуждая в каждом киргизе чувство гражданства. Стихо-
творения А.Байтурсунова по внешней своей простоте, по внутреннему содержанию, легкости и рав-
номерности  занимают  первое  место  в  киргизской литературе.  У  А.Байтурсунова,  кроме  «Крык  мы-
сал»  имеется  еще  небольшой  сборник  оригинальных  и  переводимых  стихотворений  под  названием 
«Маса» и несколько ненапечатанных стихов лирического характера. 
Через  всю  литературную  деятельность  А.  Б.  красной  нитью  проходит  беспощадная  критика  и 
строгий анализ царской политики и протест против нее. 
А.Б. — публицист  и  творец  школы  киргизской  художественной  словесности.  Как  публицист 
А.Б., не имея почти никаких материальных средств, в начале 1913 года основал в Оренбурге первую, 
в полном смысле этого слова, киргизскую газету «Казах», на страницах которой смело выдвигал ну-
жды киргизского народа» [1; 298, 299]. 
Сонымен, М.Дулатұлы қазақ əдебиеттану ғылымында ахметтанудың негізін қалаған ғалым деп 
толық айтуға болады. 
Міржақыптың  «Хазірет  сұлтан»  зерттеуі [1; 228–233] Түркістандағы  Қожа  Ахмет  Яссауи 
жөнінде. XII ғасырда  қазіргі  Түркістан  қаласының  орнындағы  Яссы  атты  кішкене  қыстақтың  Яссы 
шаһары деп даңқы шығуы Қожа Ахмет Яссауи (кейде Йассауи деп жазылады) əулие атымен тікелей 
байланысты [7–9]. 
Қожа Ахмет жасында Арыстан бабтың батасын алады. Кейін атақты ғұлама Юсуф Хамаданнан 
сабақ  алып,  бұл  дүниедегі  рахаттан  безіп  тағдырға  мойынсұнуды,  барлық  жақсылықты  о  дүниеден 
іздеуді  (мистика-аскетикалық  бағыт)  насихаттайды.  Соған  лайық  жұпыны  киініп,  сəн-салтанаттан 
аулақ өмір кешеді. Сондықтан көзі тірі кезінде-ақ əулиелік атақ, киелі адам деп мойындаушылық көп 
болғанын  айту  керек.  Бұған  ақын  болуы,  түрік  тілінде  жазған  негізгі  шығармасы  «Диуани  хикмет» 
атты  қалың  кітабының  жүрекке  жылы  тиетін,  имандылыққа  шақыратын,  жеке  тараулары  мен 
шумақтары қалың бұқараның аузынан тастамайтын ғазалына айналуы үлкен себепші болады [10]. 
Өзінің мақаласында М.Дулатұлы «Түркістанды кімдер, қанша биледі?» деген деректі толығымен 
анықтап  берген.  Əулиенің  басына  мешіт  салынуы  хақында  үзінді  келтірген.  Зерттеуде  бұл  мешітте 
жерленген  қазақ  хандары  деп: «Орта  жүздің  ханы  Абылай — 1781 жылы  опат  болған,  ұлы  жүздің 
ханы Жолбарысты — 1740 жылы 5 сəуірде Ташкентте мешіт ішінде сарттар өлтірген, Əбілқайыр хан 
1760 жыл шамасында опат болған, һəм арғынның атақты Жəнібек батыры мен Кенесары сұлтанның 
əкесі Қасымхан да осында қойылған. Есім хан бұл мешіттің ішінде болмаса да, маңайында қойылған 
екен.  Үстіне  орнатқан  белгісі  бұл  күнде  жоғалып  кетіпті,  бұлардан  басқа  Əмір  Темірдің  шөбересі 
Бабырхан һəм Ондан сұлтан мұнда қойылған деседі» [1; 232] делінген. 
Əдебиетші осы мəліметтерді келтіре отырып, мешіттің тарихи мəнін атап, бүгінгі күні құлайын 
деп тұрғанын мəселе ретінде көрсетеді. Алаш ғалымы бұл жалпыұлттық мəселе екенін алға тартады. 
М.Дулатовтың «Тіл құралы» атты мақаласын [1; 265–268] ерекше атап өткен жөн. Осы зерттеуде 
ғалымның айтқан сөздері бүгін де өз күшін жойған емес: «Қазақ тілі бай, таза, іргелі жұрт тілі деп 

Алаш саясаткері Міржақып Дулатұлы
 
… 
Серия «Филология». № 4(60)/2010 
91 
бəріміз де айтамыз. Мұны іңкəр қылатынымыз жоқ. Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен 
сақталып, əдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да туу басында біздікі секілді таза 
да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған». Алаш ғалымы 
осыған байланысты: «Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Мəдине, Стамбулдарда оқып қайтқандарымыз 
да  бар.  Солардың  бəрі  елге  ноғайшылап,  арабшылап,  сартшылап  қайтып  жүр.  Бұлардың  сөйлеген 
сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр. Бұлар елге келіп жас балаларды оқытады. 
Сөйтіп,  шет  тілдер  елдегі  жас  балаларға  жұғады.  Жас  балалар — келешектегі  бір  буын  халық. 
Өзімізде  жеткілікті  оқытушы  жоқтықтан,  қазақ  балаларын  оқытып  жүрген  ноғай  мұғалімдер  аз  ба? 
Бір ауыз арабша білмейтіндердің көбі осы күнге шейін хатының басына «һу алла алжари, алхат нəсф 
алмалакат...»  тізіп  қоймай  ма?  Бұрынғы  қазақ  арасына  тарап  жүрген  қисса-хикаялардың  бəрі 
ноғайша, арабша аралас тілмен жазылған» дейді. Сондықтан: «Орысша оқығандарымыздың көбі екі 
сөздің бəріне орысша қатынастыруды үйреніс қылып алған. Осыдан топшылауға болады, таза деген 
қазақ  тілі  де  күн  бұрын  сақталуына  қам  қылмасақ — бірте-бірте  бұзылып  кететіні.  Қазақ  тілінің 
мұндай жолмен бұзылып кетуін көбіміз сезбей де қаламыз» [1; 265,266], — деп санайды Жақаң. 
Міржақып  ақындық,  жазушылық,  журналистік  қызметтерімен  ғана  шектеліп  қалмаған.  Оқу-
ағарту  ісінің  дұрыс  жүйеге,  жолға  түсуіне  қызу  атсалысқан.  Педагогика  саласына  да  лайықты  үлес 
қосқан. 
М.Дулатовтың 1921 жылы Ташкентте шыққан «Есеп құралы» қазіргі кездегі математикадан оқу 
кітаптарын  құрастырушылар  үшін  теңдесі  жоқ  үлгі  деуге  болады.  Осы  кітаптың  алғашқы  нұсқасы 
1914 жылы Орынборда басылған еді. Мұнда бастауыш кластағылардың ұғымына оралымды, көкейіне 
қонымды,  күнделікті  қазақ  өмірінен  алынған,  қазақ  психологиясына  бесенеден  танымал  есептер, 
тапсырмалар  мен  жаттығулардың  төрт  амалды  (қосу,  алу,  көбейту,  бөлу)  зердеге  тез  тоқып  алуға 
жəрдемдесетіні дау туғызбайды. 
М.Дулатұлының  «Қирағат  кітабы»  Орынборда 1923 жылы  жарық  көрген.  Бұған  дейін  оқу 
құралы  алғаш  рет 1916 жылы  басылып  шыққан.  Екі  жыл  оқылатын  «Қирағат  кітабы»  бастауыш 
мектепке арналған. Жəдид жазуынан бүгінгі қазақ тіліне Уахаб Қыдырханұлы аударған [11]. 
Əдіскер-педагогтың «Қирағат кітабы» өзінің құрылысы жағынан бастауыш сынып оқушыларына 
жеңіл, түсінікті тілде, табиғатпен байланысты əңгімелерден (жылдың төрт мезгілі, ол кездердегі жан-
жануарлар мен құстар өміріндегі ерекшеліктері, ел өмірі, тұрмыс тіршілігі т.б.) тұрады, яғни мұнда 
биология, экология, салт-дəстүрден хабар беру көзделген. Екінші бөлімде балаларды талаптылыққа, 
еңбек  етуге,  адамгершілікке  баулитын  ғибратты  əңгімелер  топтап  берілген.  Мысалы, «Оқымысты 
бала»  деген  əңгімеде  қаладан  оқып  келген  баланың  ауылға  келген  соң  еріншектік  жасап, 
тырнауыштың сабын басып қалғанда оны маңдайына соғып алып, «тырнауышты аяқ астына тастаған 
қандай ақымақ екен» деп ашулануын сықақ етеді. «Қонақ кəде» атты əңгімеде қазақтың əдет-ғұрпын 
сөз  етсе, «Күлмеңіздер  кəріге»  деген  əңгімеде  əке  тілін  алмай  өлмелі  шал-кемпірді  мазақтайтын 
əдепсіз балалардың қылығы айтылады [12]. 
Аталған оқулықтар кейін бірнеше рет қайта басылып, білікті мамандар даярлауда үлкен көмек 
болады. 1925 жылы  жарық  көрген  «Қазақ  кітаптарының  библиографиялық  көрсеткіштері»  атты  екі 
бөлімнен  тұратын  кітабы  жəне  басқа  да  шығармалары  нəзік  эстетикалық  талғаммен  жəне  асқан 
тереңдікпен ерекшеленеді. 
Міржақып  қазақ  əдебиетіндегі  данышпан  Абай  орнықтырған  саяси  жəне  көркем  аударма 
дəстүрін  жалғастырып,  байытты.  Ленин  мен  Зиновьевтің  еңбектерін,  орыс,  батыс,  шығыс 
əдебиеттерінің  жекелеген  үлгілерін  қазақ  тіліне  аударды.  Мысалы, «Азамат»  өлеңдер  жинағына 
Шиллер,  Пушкин,  Лермонтов,  Шекспирдің  «Ромео  мен  Джульеттасы»,  Гётенің  «Жас  Вертердің 
қайғы-қасіреттері» жəне Карамзиннің «Жарлы Лизасын» аударып басты. 
Сонымен  бірге  Жақаң  көптеген  түркі  халықтарының  тілдерінде  жазды.  Неміс  тілін  білді,  ал 
француз тілін игеріп алды. Ол романстар шығарып, гитарада жақсы ойнады. 
Сөз соңы 
Бүгінде  кемеңгер  ақын,  жазушы,  журналист,  ағартушы-педагог,  Алаш  қайраткері  Міржақып 
Дулатұлының жарқын есімі қайта жаңғырып отыр. Оның мол мұрасы рухани қазынамыздың қорын 
байыта  түсуде.  Алаш  ардақтысының  ғылыми  мұрасы — қазіргі  тəуелсіз  ғылымға  қосылған  сүбелі 
үлес. 
Сөз  соңында  қазақ  əдебиеттануын  тарихи  контексте  қарастырып,  оның  негізгі  өкілдері  туралы 
ғылыми  зерттеулер  қалдырған  Алаш  əдебиеттанушысы  Міржақып  Дулатұлы  туралы  ой-пікірімізді 

Каренов Р.С. 
92 
Вестник Карагандинского университета 
қарағандылық  белгілі  жазушы  Жайық  Бектұровтың  сөзімен («Міржақыпқа»  атты  өлеңі)  аяқтағанды 
жөн көрдік: 
Тарпаң басқан, түпке жеккен желісті ат, 
Ұшқын шашқан шақпақ тастай асыл зат. 
Ойпаң емес, шыңға шыққан көк шынар, 
Жүрегіме түсірдің-ақ кетпес дат. 
Тұлпардай тарпаң тұяқ Міржақыбым, 
Жер астын жарып шыққан бір ғақылым. 
Оятып қазағыңды ұйқыдағы, 
Ертерек қаққан еді ол тақымын. 
Білген-ді алысы мен ол жақынын, 
Үйретіп бағып еді елге ақылын. 
Қапыда құрық түсіп кете барды, 
Майданда белдесе алмай бұл батырым. 
Туған жан жеті түнде жұлдыз бардан, 
Дүбірі жер сілкінткен ол бір тарлан. 
Желқазық шаңыраққа сырық, бақан, 
Мерт болды құлап түсіп терең жардан. 
Ішінде ағалардың кетті-ау арман, 
Құм болып жігер-қайрат оттай жанған. 
Отырмыз міне бүгін бармақ тістеп, 
Жерді іздеп есіл ерлер қаны тамған. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара сөздер, көсемсөз. — Алматы: Жазушы, 1991. — 384 б. 
2.  Ысмағұлов  Ж.  Мыржақып  Дулатов (1885–1935): М.Дулатовтың  шығармаларына  арнайы  жазылған  алғы  сөз. — 
Алматы: Жазушы, 1991. — 13-б. 
3.  ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиеті. (Қазан төңкерісіне дейінгі дəуір). — Алматы: Ғылым, 1994. — 224-226-б. 
4.  Əбсемет М. Міржақыптың ақындық шеберлігі // Қазақ əдебиеті. — 1995. — № 23. — 26 қырк. — 10–11-б. 
5.  Диваев Ə. Тарту. — Алматы: Ана тілі, 1992. — 256-б. 
6.  Негимов С. Жасын. (Міржақып Дулатұлының əдеби-ғылыми шығармашылығы туралы) // Егемен Қазақстан. — 2010. — 
8 қырк. — 5-б. 
7.  Ахметбек А. Қожа Ахмет Йассауи: Көмекші оқу құралы. — Алматы: Санат, 1998. — 112-б. 
8.  Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның орта ғасырлардағы тарихы. — Түркістан: Мұра, 1998. — 52-б. 
9.  Көктəнді Х. Түркі тəберігі — Түркістан. — Алматы: «Қасиет» баспасы, 2008. — 192-б. 
10.  Иассауи Қожа Ахмет. Диуани хикмет. (Ақыл кітабы). — Алматы: «Мұраттас» ғыл.-зерт. жəне баспа орталығы, 1993. 
— 262-б. 
11.  Ісімақова А. Алаш əдебиеттануы. — Алматы: Мектеп, 2009. — 271-б. 
12.  Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тəлім-тəрбиесі: Оқу құралы. — Алматы: Санат, 1995. — 260-б. 
 
 
 
 
 
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет