№4(68)/2012 Серия филология


Об этимологии цветообозначений



жүктеу 2.98 Mb.
Pdf просмотр
бет2/30
Дата06.03.2017
өлшемі2.98 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

Об этимологии цветообозначений 
В исследованиях антропологического направления современной казахской лингвистики значительное 
место  уделяется  изучению  колоративной  лексики,  так  как  многое  в  окружающей  действительности 
воспринимается посредством цвета и цвет является культурным кодом любого народа. В данной ста-
тье рассмотрена этимология колоративной лексики казахского языка. Авторы, опираясь на точки зре-
ния об этимологии колоративов ведущих тюркологов и отечественных ученых, предлагают свою вер-
сию  происхождения  слова  «қоңыр»,  семантика  и  символика  которого  являются  очень  значимыми  в 
идиоэтническом сознании казахов. 
 
B.R.Hasenov, A.S.Adilova 
About an etymology of color namings 
In the anthropological research areas of modern Kazakh linguistics significant place is given to the study of 
color lexicon, since a great deal in the surrounding reality is perceived by means of color, and the color is a 
cultural code of any nation. The etymology of the color lexicon of the Kazakh language is considered in the 
present article. The authors, considering the point of views of leading Turkic and Russian scholars on the 
etymology of color lexis offer their version of the origin of the word «konir», the semantics and symbolism of 
which are of great importance in idioethnic conscious of Kazakh people. 
 
 
 
 
 
ƏОЖ 811.512.122:81’373 
Б.А.Жүнісова 
Қарағанды «Болашақ» университеті (E-mail: bayan75–75_75@mail.ru) 
М.О.Əуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы көп мағыналы космонимдік 
атаулардың қолданылу ерекшеліктері 
Мақалада  М.Əуезовтің  «Абай  жолы»  роман-эпопеясында  кездесетін  космонимдік  атаулар 
қарастырылды.  Осы  ретте  космонимдік  атаулардың  мағына  сипаттарына  семантикалық  талдау 
жұмыстары жүргізілді. Космонимдердің полисемиялық өзгеру себептері ашыла түсеті. Космонимдік 
атаулардың мағынасына қатысты ерекшеліктер көрсетілді. Сондай-ақ жазушы қаламынан туған сирек 
қолданылатын атаулар мен соны тіркестер мəні, яғни жазушының кейбір стильдік қолданыстары да, 
зерттелді.  Бұдан  жазушының  қазақ  тілінің  сөздік  қорын  байытуға  қосқан  үлесі  анық  байқалатыны 
сөзсіз. 
Кілтті  сөздер:  сөз  мағынасы,  космонимдік  атаулар,  сөз  мағынасының  ауысуы,  туынды  мағына, 
ауыспалы  мағына,  авторлық  ерекше  қолданыс,  Абай  жолы,  роман-эпопея,  негізгі  мағына,  ай,  күн, 
жұлдыз. 
 
Көк  түріктің  ұрпағы  саналатын  қазақ  халқы  ежелден  аспан  денелерін  киелі  ұғымдардың  бірі 
ретінде  бағалағаны  белгілі.  Оның  небір  сырлы  құпияларын  танып  білуде  өз  қызығушылықтарын 
танытқан.  Оған  дəлел  Орта  Азия  мен  Қазақстаннан  шыққан  ұлы  ғұламаларымыз  Əбу  Насыр  əл-
Фараби,  Ғаббас  Жауhари,  Əбу  Райхан  əл-Бируни,  Ұлықбек  т.б.  еңбектерінен  аспан  шырақтары 
туралы көптеген ғылыми тұжырымдарды кездестіруге болады. 
Түркі  халықтарындағы  аспан  денелері  туралы  мəліметтерді  көне  жазба  ескерткіштер  мен 
М.Қашқаридің  сөздігінен,  ХІ–ХІV  ғасырлардағы  кейбір  жазба  ескерткіштеріндегі  аспан 
шырақтарының  атаулары  Ə.Құрышжановтың,  З.Мұхамединованың  еңбектерінен,  қазақ  халқындағы 
аспан  шырақтарының  атаулары  мен  олар  туралы  ұғым-түсініктерді  Ш.Уəлиханов,  Г.Потанин, 

Б.А.Жүнісова 
12 
Вестник Карагандинского университета 
Ə.Диваев,  Б.Куфтин  еңбектерінен,  Ұлы  Отан  соғысынан  кейінгі  кезеңдерде  Х.Əбішев,  Ə.Маманов, 
М.Ысқақов сынды зерттеушілердің еңбектерінен көруге болады [1]. 
Космонимдік атаулар «Абай жолы» роман-эпопеясында да молынан ұшырасады. Олардың мəн-
мағынасын ашу үшін ай, күн, жұлдыз, аспан, көк, сəуле сияқты сөздерді алып отырмыз. Себебі бұлар 
өзара  семантикалық  байланысқа  ие  сөздер,  оларды  байланыстырып  тұрған  семалар  тең,  олардың 
барлығына ортақ бір мағыналық элемент — сема, ол аспан əлеміне қатысты атаудың болуында. 
Мұсылмандардың қасиетті санайтын ұғымдарының бірі — ай. Себебі араб сиқыршылары, астро-
логтары  айды  қасиетті  шырақ  деп  санаған,  өйткені  ол  адам  тағдырына  ықпалын  тигізеді-міс. 
Сондықтан айдың тууы мен толуына қарап солар бал ашатын болған. Ал қазақтар айды құрметтеп, 
жаңа туған айды көргенде үш рет орнынан тұрып, үш рет бас иіп сəлем салады. Жазғы уақытта айға 
тағзым еткен жеріндегі шөптен жұлып алып, үйге кіргізіп, отқа тастайды. Келе-келе оны ислам діні 
ритуалдарының біріне айналдырған [2; 78]. Шығармада ай сөзі қандай мағыналарда қолданылғанына 
назар аударайық. 
1. Аздан соң ай туып, аса бір тынық, жым-жырт, жайлы түн жылжып келді (М.Ə). Бұл жерде 
зат,  сөз,  ұғым  деген  үш  компоненттен  тұрған  «Жерді,  күнді  айналатын,  түнде  жерге  жарық  сəуле 
беретін аспандағы планета» [3;17] деген негізгі мағынаны аңғарамыз. Ай мерзімі əдетте төрт ширекке 
бөлінеді:  айдың  бірінші  ширегі — толық  ай,  одан  кейін — жарты  ай,  екі  айдың  арасы — өлі  ара, 
соңғы ширегі — жаңа ай. Бұлардың ішінде де толған ай мен жаңа туған ай ерекше ауызға алынады 
[2;80]. Мысалы: 
2. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп, бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді (М.Ə.). Бұл жерде 
ай  сөзінің  мағынасы  ауыспағанымен,  белгілі  уақытқа  байланысты  айдың  пішінінің  өзгеріске 
ұшырайтындығының əсерінен белгілі бір мерзімді аңғаруға болады, сондықтан бұл жерден мерзімдік 
мəнді байқау қиын емес. 
3.  Соңғы  алты  ай  ішінде,  барлық  жалын  атқан  қайғысы — жалғыз  баласы  Құтжан  жайлы 
(М.Ə.). Сөйлемдегі ай сөзі зат, сөз, ұғым екінші затқа туынды атау болуға тірек болатын бастапқы зат 
белгісі деген төрт компоненттен тұрып, «жылдың он екіден бір бөлшегін көрсететін мезгіл (30 күн)» 
[3;17]  деген  туынды  мағынада  қолданылған.  Айдың  отыз  күнде  бір  жаңарып  отыруына  орай  сөз 
мағынасы ауысты. Жаңа атаудың тууына негіз болды. 
4. Ақпан, қаңтар, бірдің айы — баршасы да қазір Абайлар жүріп келе жатқан сары дала, қоңыр 
адыр, сай-сала, қорық-қойнауларға өздерінің ақ ирек, сар-кідір омбыларын, оқаптарын, мұздақ жал-
тырларын жапқан көрінеді (М.Ə.). Мұндағы бірдің айы, жазушының өзінің көрсетуі бойынша, март 
(ескіше жыл басы) деп (сонда), яғни қазіргі наурыз айы, түркі халықтарының жыл басы бір сөзімен 
тіркесіп, «жылдың  алғашқы  кезеңі», «бастамасы»  деген  мағынада  қолданылған. (Мұндай  қолданыс 
өзге  шығармалардан  бұрын-соңды  кездескен  емес.  Сөз  мағынасының  көнеленгендігі,  қолданыстан 
шығып қалғандығы анық. — Ж.Б.). 
5. Бұл жолы ай жарым жүріп, Ділдəні алып келді (М.Ə.). Ай сөзі «отыз күннен аса уақыт» деген 
мəнде қолданылған. 
6.  Сауын,  астың  болатын  ай,  күнін,  орнын  жариялаған  (М.Ə.).  Бұл  жердегі  ай  сөзінен  «дəл 
болатын мерзімі, уақыты» деген ауыспалы мағынаны аңғарамыз. Бір ескерерлік жайт — бұл сөздің 
көрсетілген мағынасын айқындауға онымен бірыңғайлана қатар қолданылған сөз мағынасы да ықпал 
етеді. 
7.  Арада  сан  рет  арыз,  тексеру,  іздеудің  айлары  өтеді  (М.Ə.).  Бұдан  да  сөз  мағынасының 
ауысқанын көреміз, яғни ай сөзі «азапты күндердің ұзақты мерзімі» деген мағынада ұғынылады. 
8.  Жыл  он екі  айда ішері,  мінері  сол  (М.Ə.). Мұнда  «күнделікті,  үнемі»  деген  мағыны  білдіріп 
тұр.  Туынды  мағынаның  негізінде  сөз  мағынасы  ауысқан.  Мұнда,  бір  қарағанда, «мерзім»  сөзімен 
байланысты  қолданылып  тұрғаны  белгілі.  Алайда  мұның  астарында  «үнемі»,  немесе  «ылғи»,  деген 
мəннің тұрғандығын ескеруіміз керек. «Мəн» деуіміздің себебі «ай» сөзінің лексикалық мағынасында 
«үнемі» сөзі лексикалық қатарды құрамайды. Кейбір авторлық қолданыстарда ғана кездеседі. Оның 
өзі  жылдың  он  екіден  бір  бөлігі  болып  саналатын  отыз  күндік  мерзімді  осылай  атауымыздан  келіп 
шыққан. Ал отыз күндік мерзімнің бұлайша аталуы — туынды мағыналы сөз. Ол туралы ілгеріде атап 
өткен  болатынбыз.  Қазақ  халқы  Ай  планетасының  отыз  күнде  бір  жаңарып  отыратындығын 
білгендіктен,  осындай  атау  беріп  отыр.  Бұдан  сөз  мағынасының  дамуы  ділге  байланысты  жүріп 
отыратындығы  айтпаса  да  түсінікті  болар.  Себебі  орыс  тілінде  планета  мағынасындағы  ай  сөзін 
«луна» деп атаса, жылдың он екіден бір бөлігін, отыз күндік мерзімді, дəл осы сөзбен атамай «месяц» 
деп қолданатындығы сөзіміздің дəлелі бола алар деген ойдамыз. 

М.О.Əуезовтің «Абай жолы»… 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
13 
Қазақ халқы айды қашаннан сұлулықтың, нəзіктіктің символы ретінде бағалаған. Сондықтан да 
ажарлы,  көрікті,  ару  қыздарымызды  айға  теңеп  жатамыз.  Роман-эпопеяда  да  сұлулыққа  қатысты 
небір тіркестер молынан кездестіресіз. 
1. Қарлығаш  қанатының  ұшындай  боп,  айдай  сызылған  жіп-жіңішке  қастары  көтеріліп-
жазылып, Абайға өзгеше бір үн қатқандай болды (М.Ə.). Жарты айдың бейнесін негізге ала отырып, 
тілімізде əдетте жіңішке, дөңестеу болып келген қастарды осылайша айға теңеп жатамыз. 
2. Екіншісі — өмірде өлім сағатына шейін ұмытылмай, сана-сезім өшерде ең соңғы рет жалт 
етіп, бірдің өзі боп, көз алдына ай жүзімен күліп келетін Тоғжанын ойлаған шағы еді (М.Ə.). Айдың 
пішінінің  дөңгелек  болып  келетіні  жəне  көз  тартатын  сұлулығын  ескере  ала  отырып  жасалған 
тілімізде бірнеше  тіркестер  кездеседі.  Осы  негізде  автор  да  «дөңгелеңген, ажарлы»  деген  мағынада 
метафора тəсілі арқылы сөз мағынасы ауысып қолданады. 
3. Абайдың көз алдына Тоғжанмен ең соңғы айырылысар шағы соншалық ап-ашық, айдай айқын 
боп  келді  (М.Ə.).  Осындағы  айдай  сөзі
 
«анық»  деген  мағынада  қолданылған.  Жəне  тілімізде 
кездесетін  «айдай  анық»  тұрақты  тіркесінен  келіп  туған.  Бұл  тіркесті  жазушы  қаламынан  туған 
ерекше  стильдік  қолданыс  деп  ұғуымызға  болар.  Себебі  автор  тілімізде  кездесетін  жоғарыдағы 
тіркесті білмегендіктен немесе соған бір өзгеріс енгізейін дегендіктен қолданбаған болар, асылы, жиі 
қайталаушылықтан  ауытқыған  болуы  керек.  Олай  болса,  осы  тектес  тағы  бір  тіркеске  назар  салып 
көрейік. 
4. Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын еді (М.Ə.). Мұнан «белгілі» деген мағынаны 
көреміз. Сөз мағынасының ауысуына негіз болып тұрған белгі — қараңғы түнде айдың жарық, ашық 
əрі айқын болып келуі. 
5. —  Ай  батқандай  қылды  да,  адастырып  кетті  ғой!  Бірақ  сонда  да  жолы  болсын!  Жақсы 
қызық көрсін, Сəлем айт! — депті де, Ербол кете бергенде, орамалымен көзін басып, жылап қапты 
(М.Ə.). «Хабарсыз, жоқ болып кету; көрінбеу» деген мағынаны аңғартады. Тілімізде «күннің батуы» 
деген  тіркес  бар.  Егер  жазушы  тіркесті  осы  күйінде  алатын  болса,  күн  батқан  мезгілде 
қараңғылықтың түсе қоймайтыны белгілі, олай болса, Тоғжанның ішкі толқынысы дəл, анық, əсерлі 
шықпаған  болар  еді.  Бұл  жерден  жазушының  оқырманына  айтайын  деген  ойының  сəтті 
шыққандығын көруге болады. 
Келесі космонимдік атаудың бірі — күн сөзі. 
Əлемді  билеп,  жерге  тіршілік  сыйлап  тұрған  күн  аймен  қатар  қолданылады.  Күннің  мейірімін 
өзіне көбірек аудару үшін адамдар оған табынды, құрбандық шалады. Ал жас балалардың маңдайына 
қанмен  дөңгелек  салу  дəстүрі — Күнді  құрметтеуден  туған  көне  ырым [2]. Ал  семасиология 
ғылымында космонимдік атаулардың ішіндегі парадигмалық байланысты өте көп сақтаған сөздердің 
бірі деп осы күн сөзін айтуымызға болады. Мысалы: 
1. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққанды (М.Ə.). Зат, сөз, ұғым деген үш компоненттен 
тұратын  «Жер  жəне  басқа  планеталар  жағалай  айналатын  аспан  əлеміндегі  жарық» [3; 326] деген 
негізгі мағынаны білдіріп тұр. 
2. — Қарағым Қамқа, бүгін күн жұма ғой осы? — деді (М.Ə.). Бұл жерден зат, сөз, ұғым, екінші 
затқа  туынды  атау  болуға  тірек  болатын  бастапқы  зат  белгісі  деген  төрт  компоненттен  тұрып, «24 
сағатқа тең тəуліктік мерзім» мағынасын білдіреді. 
3. Ертең  қыстау-қыстауға  кетеміз  де,  қыс  бойы  інге  кіргендей  жатып  қаламыз.  Қатынның 
күні со да (М.Ə.). Зат, сөз, ұғым, алғашқы заттың кейінгі затқа негіз болатын заттық белгісі, екінші 
бір  заттың  синонимдік  атауы  деген  бес  компоненттен  тұрып, «таңертеңнен  кешке  дейін  көретіні, 
тіршілігі» деген ауыспалы мағынада қолданылған. 
4. Жалғыз  ұғып  білгені,  ішінде  күн  туғандай  (М.Ə.).  Бұл  жерде  күн  сəулесінің  жерге  жылу 
шашатындығына  орай,  сол  мағынасына  ұқсатып,  жылылық  сезімді  білдіретін  «қуаныш,  бақыт» 
сияқты ұғымдарды күнге теңеген. Жəне мұны М.Əуезов қаламынан туған, соны қолданыстардың бірі 
деп ұғуымыз керек. 
5. Құнанбайдың жері кеңір!.. Мен көшермін бұл дүниеден!.. Кетермін! Бөгет болмай кетермін!.. 
Бірақ...  күндерің  не  болар? — деді  (М.Ə.).  Бұл  жерде  «өмірде  көретіндерің,  тіршіліктерің»  деген 
мағынаны ұғынамыз. 
6. Бірталай  күн  болды,  Жампейіс  тауда,  көрші  ауылдардың  қойшыларымен  кездесіп,  сондағы 
естіген сөзінен бірдемені бықсытып айта бастағанда, Қодар толық түсінбей, түсінгеніне ыза боп, 
түсінгісі келмей  тойтарып  тастаған,  айтқызбаған (М.Ə.).  Бұл жердегі  «күн» «уақыт»  сөзінің  ор-
нын  ауыстырып  тұр.  Тілде  «сөз  мағынасын  ауыстыру»  жəне  «сөзді  ауыстыру»  деген  ұғымдар  бар. 

Б.А.Жүнісова 
14 
Вестник Карагандинского университета 
Бірінші  жағдайда  белгілі  бір  зат  атауын  басқа  затқа  атау  етіп,  ауыстыру  полисемияға,  жаңа 
мағынаның пайда болуына əкелсе, екінші жағдайда сөздің мағынасы өзгермей, тек ауыспалы мəнде 
қолданылады [4]. Яғни,  белгілі  бір  сөйлеу  ситуациясында  ғана  пайдаланғандықтан,  бір  мағынаның 
бірнеше мəні, реңкі, варианты болып табылады. 
7. Қыс бойы ауылда, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы күндері дəл осы Есенбайда өткен 
(М.Ə.). Мұнда да «мерзімі, уақыты» деген мəнде қолданылған. 
8. Сол  осы  күні  мəтел  боп  кетіпті,  деді  (М.Ə.).  Бұл  жерден  де  «қазіргі  кезде»  деген  мəнді 
ұғынамыз. 
9. Оны  əлі  күнге  өз  ырқынан  шығарған  емес  (М.Ə.). «Осы  уақытқа  дейін»  деген  мəнде 
қолданылған. 
Космонимдік  ұғымдар  арасында  ең  көп  тілдік  қолданыстағысы  күн  космонимі  екенін  ілгеріде 
айтқан  болатынбыз.  Сондай-ақ  бұлар  тұрақты  сөз  тіркесінің  құрамында  да  түрлі  стильдік  мəнде, 
синонимдік қатарда жұмсалуға өте бейім. 
1.  Күні бойы — таңертеңнен кешке дейін. 
Күні бойы осылай етуге байлаған (М.Ə.). 
2.  Күн ұзын — таңертеңнен кешке дейін, күні бойы. 
Татулықтары сəл болса, ұрыс-таластары күн ұзын айықпайды (М.Ə.). Бұл жердегі «күн ұзын» 
тіркесін «ұзақ күнге» деп алмастыратын болсақ, Оспан мен Смағұлдың күні бойғы қарым-қатынасын 
көруге  болады.  Ал  жазушының қолданысынан  төбелестің  ұзақ,  əрі жиі  қайталанатынын  аңғарамыз. 
Бір  қарағанда  алдыңғы  тіркестің  синонимі  сияқты  болғанымен,  айрықша  тілдік  қолданысты  көруге 
болады. Бұл жерден де шеберліктің сырын ұғатыныңыз хақ. 
3.  Бала күнінен — жасынан, ертеден. 
Бұл бала күнінен Құнанбайдың жігіті боп, қабысып кеткен адам (М.Ə.). 
4.  Кішкентай күнінен — жасынан, сəби күнінен. 
Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа əңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу 
Абайдың  кішкентай  күнінен  бергі  əдеті  еді  (М.Ə.).  Бұл  тіркестен  де  «жасынан»  деген  мағынаны 
аңғарғанымызбен  «кішкентай»  сөзі  жастықтың  сəби  кезеңі  екендігін  аңғартады.  Бұл  жерден  де 
жазушының тіркесті дөп тауып, қолданылу орнын анық айқындағанын көреміз. 
5.  Күн көру — өмір сүру, тіршілік ету. 
«Иық сүйесіп, күн көрейік» деп, Құтжанға құран оқи келгенде, Қодар Жəмпейіске зарын шақты 
да, қолына ұстап қалды (М.Ə.). 
6.  Күн кешу — өмір сүру, тіршілік ету. 
Өз өмірі, өз үй ішімен, өз айранын ішіп күн кешетін (М.Ə.). 
7.  Күні түсу — басына іс түсу, тəуелді болу. 
Бұларға күні түсіп отырған кім десеңші! (М.Ə.). 
8.  Күн туу — басына іс түсу. 
Қазір қысылып, басына күн туып кеп тұр (М.Ə.). 
9.  Күндердің күні — болашақта, бір уақытта. 
Күндердің күні боп, Талшоқы мен Қарауылға келер болсаң, орның əзір (М.Ə.). 
10. Күн ілгері — болашақта, келешекте. 
Дағды  бойынша, «жаманға,  залалға  бастап  бара  жатқан  жоқ!  Күн  ілгері  көреміз»  дескен 
(М.Ə.). 
11. Күн райы — ауа райы. 
Бала  ес  білгеннен  бері  қарай  əкесінің  қабағын  жұтаң  қыста  күн  райын  баққан  кəрі 
бақташыдай бағып, танып өскен (М.Ə.). 
Сонымен  қатар  осы  «күн»  сөзі  өте  сирек  қолданылатын  тіркестердің  құрамында  кездеседі. 
Мұндай  қолданыстағы  тіркестердің  бірі  ұлттық  салт-дəстүрді  көрсетсе,  енді  бірінен  қолданыстан 
шығып қалған, архаизмдерді байқаймыз. Мысалы: 
12. Күн қайыру — ауа райын алдын ала болжау, анықтау. Қазақ халқында көкектің суығын «ота-
малы» деп атау бар. Шығармада сондай аңыз айтылады. 
Отамалы  деп  атағаны  бір  байдың  Отамалы  деген  қойшысы  болған  екен.  Сол  бақыр  күн 
қайырады екен-ау! (М.Ə.). 
13. Күн қақты — əлсіз. 
Əуелі мінген аттарының көпшілігі арық, күн қақты (М.Ə.). 

М.О.Əуезовтің «Абай жолы»… 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
15 
Келесі тоқталатын космонимдік атау — жұлдыз сөзі. Шығармада бұл сөз де бірнеше мағынада 
қолданылады.  Бұл  атаудың  да  қыр-сыры  өте  мол.  Жəне  тілімізде  қолданылу  аясы  да  біршама. 
Мəселен, 1959 жылы  І.Кеңесбаевтің  басқаруымен  шыққан  «Қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінде» 
«жұлдыз»  сөзінің  үш  түрлі  мағынасы  берілсе,  осы  автордың  «Қазақ  тілінің  фразеологиялық 
сөздігінде» 12 тұрақты  тіркес  берілген.  Біздің  талдайтын  мысалдармыздан  негізгі  мағына  болмаса, 
қалғандарын  сөйлеу  тілімізде  қолданғанымызбен,  сөздіктерден  кездестірмедік.  Алайда  бұлардың 
сөздік  қордан  орын  алғаны  белгілі.  Осыдан-ақ  халқымыздың  космонимдердің  сырын  қаншалықты 
меңгергендігін көруімізге болады. Енді бірер сəт шығармаға назар аударайық. 
1. Ай батқан, жұлдыздар да сиреп, бір-бірден сөніп жатыр (М.Ə.). Бұл жерден зат, сөз, ұғым 
деген  үш  компонентен  тұрып, «Көкте  жай  көзге  жарқырап  нүкте  сияқты  көрінетін  аспан  денесі» 
деген мағынаны ұғамыз. 
2. Енді  мынау  жұлдызынан  көз  жазбақ  емес,  айырылмақ  емес... (М.Ə.).  Бұл  жерде  жазушы 
тілдің  көркемдегіш  тəсілдері  арқылы  Əйгерімді  жұлдызға  балап,  сөз  мағынасын  ауыстырып  отыр. 
Негізгі байланыстырушы сема — «жарқ етіп көріну». 
Жоғарыда  тоқталып  өткен  Ай,  Күн  атаулары  сияқты  Жұлдыз  да  сұлулықтың  символы  ретінде 
қолданылады.  Сондықтан  да  сұлу  қызды  аспандағы  Айға,  Күнге,  Жұлдызға  теңеу 
жазушыларымыздың көпшілігінің стилінде кездеседі. 
3. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай 
топ  қыздың  тап  ортасында,  дəл  көп  жұлдыздың  арасындағы  шолпандай  (М.Ə.).  Мұнан  жұлдыз 
атауларының  өзін  ерекшелеп, «шолпан»  сөзінің  «көптің  бірі  емес»  деген  мəнде  арнайы 
қолданылғандығы байқалады. Космонимдік атаулардың осындай қасиеттерін қазақ халқы қыздарына 
ат қоюда, есім беруде, жиі ескеріп отырған. Жұлдыздардың ішінде көлемі жағынан, жарық таратуы 
жағынан ерекшеленіп тұратын белгілерін үнемі ескеріп отырған. Мұнан сөз мағынасын ауыстыруда 
ұлттық менталитеттің қаншалықты орын алатындығын байқауға да болады. 
Аспан  денелерімен  адамдардың  өмірі  тығыз  байланысты  болған.  Аспандағы  аққан  жұлдыз 
наным-сенімдерде адам өмірінің сөнуін тұспалдайды [2]. 
4. Ағып  сөнген  жұлдыздай,  мұның  қиял  жұлдызы  сонша  жарқырап  ақты  да,  енді  міне  өшіп 
барады (М.Ə). 
Келесі космонимдік атауға қатысты сөздердің бірі — аспан сөзін алып отырмыз. Себебі жазушы 
бұл сөзге де бірнеше мағына беріп, парадигмалық байланыста қолданады. І.Кеңесбаев «Қазақ тілінің 
түсіндірме  сөздігінде»  бір  ғана  негізгі  мағынасын  береді [3; 50]. Ал 2008 жылы  Т.Жанұзақовтың 
басқаруымен шыққан сөздікте бір ғана атауыштық мағына, он бір тұрақты тіркес көрсетілген [5;61]. 
1. Бар  жиынға,  бар  дүниеге,  барлық  жұлдызды  аспан,  жарқын  айға  да, «Көрші  бізді,  кінəлап 
көрші!» дегендей (М.Ə.). Зат, сөз, ұғым деген үш компоненттен тұрып, «Төбедегі кеңістік, көк, əуе» 
[3; 50] деген мағынаны білдіріп тұр. 
2. —  Əкім  аспанда  тұрмақ  па  екен?  (М.Ə.).  Бұл  жерден  «қол  жетпес  биік»  деген  ауыспалы 
мағынаны көреміз. 
Сонымен қатар мұны Əуезов қаламынан туған мынадай тіркес құрамынан да көреміз: 
1. Аспан ату — алай-дүлей болу, астан-кестені шығу, шапшу: төменнен биікке (жоғарыға) деген 
негізден сөз мағынасын ауыстырып тұр. 
Не тулаған теңізде тау толқынының көбігін аспан атып, шапшып құлағандай (М.Ə.). 
2. Аспан жарылу — алай-дүлей, астан-кестен болу. Мұнда сөз мағынасы екіге жарылу дегеннен 
ауысқан. 
Олжай іші болса, үстіндегі аспан жарылып, жай оты төгілгендей өрекпіп бүлінді (М.Ə.). 
Келесі космонимдерге қатысты атау — əуе. Шығармада көп қолданылмағанымен, бұл сөзге де 
жазушы ерекше стильдік сипат береді. 
1. Əуе тұнжыр ғана тұнып тұр (М.Ə.). Зат, сөз, ұғым деген үш компоненттен тұрып, «Аспан, 
көк» [3; 76] деген негізгі мағынаны білдіріп тұр. 
2. Құдайдың ыстығы мынау — əуе айналып жерге түскен (М.Ə.). «Өте ыстық, шыжып тұрған, 
шайдай ашық ыстық күн» [3;76] деген мағынаны беретін тұрақты сөз тіркесі. 
Келесі тоқталатын сөзіміз — көк
1. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп, бір топ қара бұлтқа кірді (М.Ə.). Зат, сөз, ұғым 
деген үш компоненттен тұрып, «Жер үстіндегі түпсіз тұңғиық əуе, аспан» деген негізгі мағынасында 
қолданылып тұр. 

Б.А.Жүнісова 
16 
Вестник Карагандинского университета 
2. «Көк шекпенді біздің мырза пішкен жоқ, құдай пішкен. Кім киерін көрерміз...» депті (М.Ə.). 
Бұл жердегі «көк шекпен» тіркесі «асқақтықты, биіктікті, билікті» білдіріп тұр. Негізгі байланысты-
рушы сема орналасу ретіне қарай туған «биік» семасы бірінші кезекке шығып тұр. Мұны да жазушы 
қаламынан туған сəтті қолданыстардың бірі деп бағалауымызға болады. 
3. —  Өлтір  иттерді,  өлтір! — деген  қалың  шумен,  өңшең  бір  көк  аттылар  тиіп  кеп  кетті 
(М.Ə.).  Бұл  жерде  де  «көк  аттылар»  жоғарыда  талданған  мысалмен  үндес  келеді.  Мұнда  да  «көк» 
сөзінің  негізінде  асқақтықты,  қолында  билігі  бар  адамдарды  астарлы  түрде  білдіріп  тұр.  Осының 
өзінен екі түрлі мағынаны байқауға болады: бірі «биіктің» негізінде туған асқақтық болса, екіншісі 
«көк»  сөзінің  «молшылықты»  білдіретін  ауыспалы  мағынасынан  туған  «бай»  семалары  біріккен 
сияқты.  Бұл  жерде  мағыналарды  өріс  деңгейінде  анықтаған  нақтырақ  болар.  Сындық  мағынаны 
білдіретін  «көк»  сөзінің  өзі — түптеп  келгенде  «əуенің»  түсінен  туған  мағына.  Яғни  бір  негізден 
өрбіген  сөздер.  Мұндай  құбылыстарды  тіл  білімінде  «конверсия»  деп  атайды.  Осындай  мағыналық 
қатынастағы сөздерді шығармадан да кездестіруге болады. 
Мысалы: 
4. Биыл Қарауыл суы мол боп тасып, Жидебай, Мұсақұл үстіндегі кең қорық көк жайқын қалың 
шалғын  боп  келе  жатыр  еді  (М.Ə.).  Көк  сөзінің  мағынасы  «көгеріп  шыққан  шөп»  дегеннен  туып 
отыр. 
5. «Əй,  анау  да  көк  желкеден  ұрады-ау!» — деп  жасқаншақтап  келе  жатыр  еді  (М.Ə.). 
Мұндағы «көк желке» «арқа тұс, ту сырт» [5;407] деген мағынаны білдіріп тұр. 
Космонимдік атауларға қатысты сөздердің біріне «Сəуле» сөзін де алып отырмыз. Себебі мұнда 
да  аспан  əлеміне  қатысты  семалық  байланысы  бар.  Жазушы  бұл  сөзді  де  бірнеше  мағыналық 
қатынаста пайдаланады. 
Мысалы: 
1. Ұзаққа, ұшан-теңізге созылып жатқан қалың таудың биік жоталарын күн сəулесі бір сəтте 
алтынға малғандай қып рең берді [6]. Бұл жерде «күннің нұры» деген негізгі мағынада қолданылған. 
2. Екеуі қалың ағаштың арасында, ай сəулесі үзіліп түсіп тұрған бір алаңқайда кездесті (М.Ə.). 
Бұл жерде «Айдың жарығы» деген мəнде қолданылған. Бір байқайтынымыз, сəуле сөзінің мағынасын 
түсіндірме  сөздіктерде  «нұр,  жарық»  деп  береді.  Ал  біздің  талдап  отырған  мысалдарымыз  бұл  екі 
сөзді  синоним  ретінде  қатар  қолдануға  болмайтындығын  көрсетіп  отыр.  Себебі  екеуін  бір  өрісте 
қарауға болғанымен, атауыштық қызметі мен қолданыстық реңкі екі басқа. 
3. Өмірін, балалығын қайта тапқандай, ішіне мол сəуле, игі сəуле кіргендей (М.Ə.). Бұл жерден 
«жылы сезім, жақсы ой» деген ауыспалы мағынаны көреміз. 
4. — Сəулем! Бұл сенің сөзің емес, менің сөзім ғой [7]. Бұл мысалда тілдегі табу арқылы сөзге 
ерекше  эмоционалдық  мəн  бере  қолданылған.  Жалпы  келін  ат  қойғанда  кездейсоқ  түрде  емес,  ат 
қоятын  адамдардың  мінез-құлқын,  түр-тұрпатын,  өнер-талабын  жан-жақты  тексеріп,  түрлі 
қасиеттеріне қарай сəйкестендіріп атаған. Сонымен қатар осы сөзге жалғанған тəуелдік жалғауы да 
екі түрлі қызмет атқарып тұр. Біріншіден, сөздің жұмсалу қызметін өзгерткен. Егер тəуелдік жалғауы 
болмаса,  адамның  есімі  күйінде  жұмсалар  еді.  Екіншіден,  тəуелдік  жалғауы  еркелету,  жақын  тұту, 
сүйсіну сияқты мағыналық реңк үстеп тұр. 
Осы тұста бір айта кететін жағдай — космонимдік атаулардың тəуелдік формада жұмсалуы жиі 
кездеседі.  Алайда  тəуелдік  жалғауы  мұндай  қолданыстарда  негізгі  грамматикалық  мағынасында 
қосымша  сөзге  семантикалық  ерекше  мəн  үстейді.  Мəселен,  айым,  күнім,  жұлдызым  деген 
қолданыстардағы  тəуелдік  жалғауы  осы  аталған  аспан  денелерінің  меншіктілігін  емес,  адамға 
қаратыла  айтылатын  ерекше  сөздер  екендігін,  сонымен  бірге  эмоционалды-экспрессивті  реңкін 
арттыра  түсетіндігін  аңғартады.  Өз  перзентін  ерекше  жақсы  көріп  ерекелеткенде  аспан  денелерінің 
атымен  атау  ұлттық  діліміздің  бір  қырын  көрсететін  сияқты.  Себебі  өзге  тілдерде  де  мұндай 
қолданыс  кездескенімен  олардың  айтылу  мақсаттары  өзгеше  сипатта  орын  алады.  Орыс  тілінде 
«солнышко  моё»  тіркесі  қолданылғанымен, «ай»  мен  «жұлдыз»  сөздеріне  қатысты  бұлай  деп  атау 
кездеспейді.  Қазақ  халқының  космонимдік  атауларға  ерекше  мəн  беріп,  оларды  түрлі  мағынада 
түрлінше қолдануының себебі ұлтымыздың бір кездері тəңірлік сенімде болғандығында жатса керек. 
Сонымен,  жоғарыда  талданған  мысалдардың  негізінде  космонимдік  атаулардың  мағынасын 
ашуда мынадай ерекшеліктерді байқадық: 
1. Бұл  сөздердің  барлығында  да  ортақ  бір  мағыналық  элементтің,  семаның,  барлығы  жəне  ол 
сөздердің барлығының да аспан əлеміне қатысты қолданылатындығы. 

М.О.Əуезовтің «Абай жолы»… 
Серия «Филология». № 4(68)/2012 
17 
2. Космонимдік  атаулардың  парадигмалық  байланыс  түзетіндігі,  яғни  көп  мағыналық  қатынас 
жасауға бейім тұратындығы. 
3. Космонимдердің ұлттық танымды бойына сіңірген ұғымдар екендігі. 
4. Олардың мағыналарын ашу арқылы тіліміздің жұмсалу мүмкіндігінің кеңдігі. 
Тағы  бір  айта  кететін  жайт,  бұлар  тілдің  стильдік  қабаттарының  ерекшеліктерін  танып-білуге 
септігін  тигізеді.  Жазушы  шығармасын  оқу  барысында  өте  сирек  қолданылатын  атаулар  мен  соны 
тіркестерді  көптеп  кездестіреміз.  Мұны  жазушының  қазақ  тілінің  сөздік  қорын  байытуға  қосқан 
үлкен үлесі деп бағалауымыз керек. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1  Тұрысбаева  М.  Космонимдік  атауларға  лексикалық  талдау // ҚазҰУ  хабаршысы.  Филология  сер. — 2004. — № 6 
(78). — 126–127-б. 
2  Рысбаева Г. Айдың таңбалық сипаты // ҚазҰУ хабаршысы. Филология сер. — 2007. — № 4 (86). — 78–80-б. 
3  Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — І-т. — Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1959. — 337 б. 
4  Жалмаханов Ш.Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі көп мағыналы зат есімдердің мағыналық құрамы. — Қарағанды: ҚР ІІМ 
Қарағанды заң ин-ты, 2001. — 42-б. 
5  Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы: Дайк-Пресс, 2008. — 965 б. 
6  Əуезов М. Шығармалар жинағы. Абай жолы. — ІІІ-т. — Алматы: Жазушы, 1979. — 423 б. 
7  Əуезов М. Шығармалар жинағы. Абай жолы. — ІV-т. — Алматы: Жазушы, 1979. — 446 б. 
 
 
Б.А.Жунусова 


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет