6. Фораминифералар отряды өкілдерінің маңызы



Дата17.12.2022
өлшемі24,38 Kb.
#57738

6.Фораминифералар отряды өкілдерінің маңызы.
Фораминифералар ертеде пайда болған жәндіктер, бұлардың қабыршақтары кембрий дәуірінен кездеседі. Жасыл қиыршық құм, әк, кәдімгі бор, негізінде фораминифералардың қабыршақтарынан құралған.Фораминифералар теңізде тіршілік ететін жәндіктер, ал Miliolina oblonga, Spiroloculina turco түрлері Қарақұм мен Орта Азия далаларының құдық суларынан табылған.
7.Талшықтылар класының негізгі белгілері, өкілдерінің құрылысы мен физиологиясы, көбеюі
Талшықтылардың негізгі белгісі - бір, екі немесе бірнеше талшықтың болуында, бұлар дененің алдыңғы жағында орналасқан, қозғалу қызметін атқарады. Барлық өкілдерінің талшықтарының құрылысы бірдей болып келеді. Талшық клетка бетінен сыртқа карай шығып тұратын ұзынша келген бос бөлігінен және эктоплазманың қоюлығына батып тұратын базальды денешік немесе кинетосомадан құралған. Электрондық микроскоп арқылы қарағанда талшықтың күрделі құрылысын да байқауға болады. Оның сыртын үш қабатты мембрана қаптап тұрады, ол клетканың мембранасының жалғасы, ал мембрананың астында (ішінде) ұзына бойы созылып жатқан 11 жіпшелердің (фибрилдердің) бар екендігі байқалады, екеуі қалың (әрқайсысы 25 нм) орталық фибрилла, ал қалған тоғыз фибрилдері екі орталық фибрилді қоршап жатады. Әрқайсысы екі түтікшеден тұрады. Фибрилдердің толқынды тербелісі арқылы қарапайымдылар қозғалысқа келеді.
Талшықтың қозғалу жылдамдығы бір секундта 10-нан 40-қа дейін айналымды жасайды.
Талшықтылардың кейбір түрлері (Rhizomastigina отрядының өкілдері) талшықтарымен қатар жалған аяқтарын (псевдоподияларын) да шығарып амеба тәрізді қозғала алады, бірақ еш уақытта талшықтарын жоймайды. Осы белгі талшықтылар класының саркодиналар класымен жақын екендігін көрсетеді және бұл кластарды бір типке Sarcomastigophora-ға жатқызады.
Талшықтылардың клеткасы сыртынан мембранамен қапталған. Цитоплазмасы сыртқы жұқа мөлдір эктоплазма және ішкі түйіршікті эндоплазмаға бөлінеді. Эктоплазма қабаты тығыздалып пелликула деп аталатын қабықша түзейді, осыған байланысты талшықтылардың денесі өзгермей тұрақты болып келеді. Олар ұршық тәрізді не ұзынша сопақтау, цилиндр, шар, эллипс пішіңдес болып келеді. Кейбіреулерінің құрамында темір тұздары бар сауыттары болады.
Талшықтылардың көбісінде клетка бір ядролы, тек опалинина отрядының өкілдерінде ядролары көп. Жиырылғыш вакуолі жақсы дамыған, бұған қосымша вакуольдері жалғасады. Бұлар зәр шығару, осмос қысымын реттеу және тыныс алу қызметін атқарады. Кейбір талшықтылардың клеткаларының ішінде хлорофилл пигменттері сіңген хроматофора органоидтары болады, олар фотосинтез қызметін атқарады. Бұл белгілер өсімдіктерге тән қасиет, сол себептен жасыл түсті талшықтыларды өсімдіктер мен жануарлар арасындағы аралық формасы деп есептейді. Талшықтылардың арасында колония құрып тіршілік ететін түрлері де кең тараған.
Талшықтылардың басым көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді. Ядро митоз әдісімен бөлінеді, содан кейін цитоплазма клетканың алдыңғы жа-ғынан бастап артқы жағына қарай ұзынынан бойлай екіге бөліне бастайды.
Колония құрып тіршілік ететін талшықтыларда (Uroglenopsis, Sphaeroeca, Volvox туыстарында) жыныссыз көбеюі монотомия және палинтомия жолымен өтеді.
Монотомия жолымен бөліну кезінде клетка екіге бөлінеді. Пайда болған ұсақ клеткалар әрі қарай бөлінбей өседі, барлық органоидтарын түзеп, аналық формасына жетілгеннен кейін ғана тағы да бөлінеді, олар өз кезегінде тағы да өсіп бөлінеді. Талшықтылардың монотомия жолымен пайда болған колониялары 6-суретте көрсетілген.
Палинтомия жолымен бөліну кезінде пайда болған ұсақ клеткалар өспей әрі қарай бөліне береді (мысалы, Volvox туысында).
Талшықтылар жынысты жолымен де көбейеді: Volvox, Polytoma, Pandorina, Eudorina туысындағы өкілдері. Бұларда изогамия, анизогамия копуляциясы кеңінен тараған.

8.Өсімдіктектес талшықтылардың құрылысы, физиологиясы, жіктелу


ӨСІМДІКТЕКТЕС ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ -PHYTOMASTIGINA
Хризомонадалар отряды - Chrysomonadina
Бір-үш талшығы бар, ұсақ талшықтылар, тұщы суларда және теңіздерде тіршілік етеді. Хроматофоралары диск тәрізді сарғыш қоңыр түсті болып келеді. Ассими¬ляция нәтижесінде - полисахарид-лейкозин пайда болады. Бірнеше колониальды түрлері бар, соның ішінде тұщы суларда кездесетін бұтақ тәрізді колония Dinobryon және шар тәрізді - Synura туыстары.
Сауыттылар отряды - Dinoflagellata
Өкілдерінің басым көпшілігінде клетчаткадан құралған сыртқы сауыты болады. Талшықтары екеу: біреуі еркін орналасқан, екіншісі денесін орап жатады. Хроматофоралары қоңыр-сары, кейде жасыл түсті болып келеді. Кейбір түрлері хлорофилл дәндерін жойып гетеротрофты жолымен қоректенуге көшкен (Noctiluca туысы). Ассимиляция нәтижесінде крахмал пайда болады. Тұщы суларда, теңіздерде, судың жоғары бетінде қалқып жүріп тіршілік етеді, сол себептен денесінде көп өсінділер жетілген. Негізгі туыстары: Peridinium, Ceratium, Noctiluca (7-сурет).
Эвгленалар отряды - Euglenoidea
Эвгленалар жасыл түсті, бір талшықты, автотрофты және гетеротрофты жолымен қоректенетін талшықтылар. Бұлар көбінесе органикалық заттары мол таза, тұщы және ластанған таяз суларда, ылғалды топырақтарда тіршілік етеді.
Олардың негізгі өкілі жасыл эвглена - Euglena viridis (8, А-сурет). Денесі ұршық тәрізді, екі ұшы сүйірлеу болып келеді. Денесінің алдыңғы жағында ұзын талшығы орналасқан, осының көмегімен эвглена бұранда тәрізді козғалыс жасайды.
Гетеротрофты тәсілімен қоректенген кезде талшықтың үздіксіз тез қозғалу нәтижесінде ұсақ органикалық заттар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар т.б.) ауыз тесігіне жиналып жүтқыншаққа өтеді. Жұтқыншақтың түбінде ас қорыту вакуольдері пайда болып, солардың ішінде ас қорытылады, ал қорытылмаған заттар ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып тұрады.
Эвгленаның денесінде көптеген жасыл түсті хроматофоралары болады. Осыған байланысты эвглена автотрофты жолымен қоректенеді, ал негізінде жасыл эвглена миксотрофты организмдер қатарына жатады. Үздіксіз қоректену арқасында цитоплазмада көптеген қор заты ретінде парамил түйіршіктері пайда болады, олар крахмалға жақын көмірсу - парамиласы. Денесінің алдыңғы жағында жарық сезгіш көзшесі - стигма орналасқан, қызыл пигмент - гематохромнан құралған. Зәр шығару және осмос қысымын реттеу жұмысын жиырылғыш вакуолі атқарады. Оны бірнеше қосымша ұсақ вакуольдері қоршап жатады. Қосымша вакуольдерінен жиналған сұйық зат және зәр жиырылғыш вакуольден резервуарға құйылады да, жұтқыншақ арқылы сыртқа шығарылады.
Ұзынынан бойлай бөліну арқылы жыныссыз жолмен көбейеді. Қолайсыз жағдайларда эвглена сыртына қалың қабық шығарып, соған қапталып цистаға айналады.
Фитомонадалар отряды - Phytomonadina
Жасыл түсті, екі талшықты, автотрофты, не миксотрофты, тұщы суларда және теңіздерде тіршілік ететін қарапайымдылар.
Хроматофоралары тостағанша, ассимиляция нәтижесінде крахмал пайда болады. Кейбір түрлері Chlamydomonas braunii, Ch. steinii бір клетка құрылысты, ал басым көпшілігі клетка жиынтығынан құралған колония түзейді. Колониялы формаларына эударина (Eudorina), пандорина (Pandorina), вольвокс (Volvox) туыстары жатады. Эударина - 32 клеткадан, пандорина - 16, вольвокс мыңнан аса клеткалардан құралған колония.
Вольвокстар тұщы суларда кең тараған, колониясы шар тәрізді, жасыл түсті. Колонияны кілегейлі зат қоршап тұрады, ішінде бір-бірімен цитоплазмалық көпірше (түтікше) арқылы байланысқан клеткалары орналасқан, әрбір клетканың талшықтары колонияның сыртына қарай шығып тұрады (8,Б,В-сурет). Колониядағы особьтардын саны 500-ден 20000-ға дейін жетеді.
Клеткаларының құрылысы эвгленаға өте ұқсас, айырмашылығы - екі тал¬шықтың болуында. Вольвокстың клеткалары атқаратын қызметтеріне қарай ірілі-ұсақты болып келеді. Ірі клеткалары немесе генеративті-көбею қызметін атқарады, аналық және аталық гаметаларды түзейді (макро- және микро-гаметаларды). Ал ұсақ клеткалары немесе соматикалық көбеюге қабілеті жоқ, сондықтан барлық қалған қызметтерін атқарады (жылжу, ас қорыту тағы басқаларды).
Вольвокс жыныссыз палинтомия жолымен көбейеді, шар тәрізді колонияның ішінде жас колониялар түзіледі. Олардың ұлғаюынан аналық шардың қабырғасы жыртылады да, жас шарлар сыртқа шығып, өз бетінше тіршілік ете бастайды. Жас колония өсе келе ересек колонияға айналады. Вольвокс жынысты жолмен де көбейеді. Генеративті клеткалардан пайда болған макро және микрогаметалар қосылып зигота түзейді, зиготаның бөліну нәтижесінде колония түзіледі.
Колониялы талшықты қарапайымдылардың теориялық маңызы зор. Эволюциялық тұрғыдан қарағанда көп клеткалы жануарлардың арғы тегі бір клеткалы колониялы талшықты қарапайымдылар болып саналады (Э. Геккельдің, И. И. Мечниковтың теориясы).
9.Жануартектес талшықтылардың құрылысы, дамуы, жіктелуі
ЖАНУАРТЕКТЕС ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ –ZOOMASTIGINA
Гетеротрофты талшықтылар, еркін немесе паразиттік тіршілік етеді. Олар құрылысы мен тіршілік әрекетіне байланысты көптеген отрядқа бөлінеді.
Жағалы талшықтылар отряды - Choanoflagellata
Жеке (Codosiga) және колония (Sphaeroeca) түзіп тіршілік етеді. Талшығы біреу, оның түбін цитоплазмадан құралған жұқа жаға қоршап жатады. Талшыктың қозғалу әсерінен ұсақ органикалық қоректік заттар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар т.б.) жағаға жабысып, бірте-бірте цитоплазмаға және ас қорыту вакуоліне өтеді.
Тамыраяқты талшықтылар отряды - Rhizomastigina
Бір немесе бірнеше талшықтары болады. Олар талшықтарымен қатар жалған аяқтарын да (псевдоподияларын) шығара алады, сондықтан да екі кластың Sarco-dina және Mastigophora-ның аралық иесі болып саналады. Бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен қоректенеді. Жыныссыз жолмен ғана көбейеді. Тұщы суларда жиі кездесетін өкілдері: Mastigamoeba aspera, Actinomonas mirabilis және басқалары.
Кинетопластидалар отряды - Kinetoplastida
Бұл отрядтың ерекшелігі - талшықтың түбінде, яғни кинетосоманың жанында кинетопласт деп аталатын арнайы органоидтың болуында. Кинетопласт ұсақ денелік, митохондрияға ұқсас, іші ДНК-ға толы. Бір немесе екі талшығы болады. Өз еркінше қозғалатын Bodo туысының өкілдері тұщы суларда көп кездеседі. Басым көпшілігі жануарларда және адамдарда паразиттік тіршілік етіп (Costia, Trypanosoma, Leischmania туыстарының өкілдері) қауіпті ауруларды туғызады.
Трипаносома (Trypanosoma) туысының өкілдері 20-70 мкм-ді сопақша, ұшы сүйірленіп келген талшықтылар (8,Г-сурет). Талшығы ұзын, артқы жағынан басталып денесінің алдыңғы жағына келіп бос бітеді. Талшық пен клетка мембранасының арасында толқын тәрізді жұқа жарғақ мембрана түзіледі, сол арқылы жылжиды. Трипаносомалар омыртқалы жануарлар мен адамның қан клеткалары мен тканьдерінде паразиттік тіршілік етеді. Trypanosoma rhodesiense адамда болатын "ұйқы ауруын" қоздырушы. Бұл ауру Африкада көп тараған. Трипаносоманы ауру адамнан сау адамға тасушы це-це шыбыны (Glossina palpalis және Gl. morsitans) (9-сурет). Tr. rhodesiense ак бөкендердің қан клеткаларында кездеседі, бірақ оларға оншалық зақым келтірмейді. Сөйтіп бөкендер аурудың табиғи резервуары бо¬лады, олардан це-це шыбыны трипаносомаларды адамға жұқтырады.
Tr. evansi, Tr. brucei ipi қара мал мен түйені өлімге әкеп соғатын "су ауру" деген ауруға шалдықтырады. Ауруды жұқтыратын - соналар және Glossina туысындағы шыбындар. Tr. equiperdum жылқыларда болатын "шағылыс ауруын" қоздырушы. Ауру бір жылқыдан екінші жылқыға шағылысу кезінде таралады. Трипаносома жылқының орталық нерв жүйесін зақымдайды, жылқы арықтайды және терісі қатпарланып кетеді.
Лейшмания (Leischmania) туысының өкілдері ұсақ, көлемі 2-4 мкм, адамның клеткаларының ішінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты олардың талшықтары жойылған, ал қолдан жасаған қоректік ортада және лейшманияларды тасымалдаушы насекомдардың ішегінде олар өздерінің ұзын талшықтарын қайтадан шығарады (10-сурет). Лейшмания ауруларын жұқтырушы - флеботомус (Phlebotomus) туысына жататын ұсақ насекомдар - москиттер болады (10,Г-сурет). Лейшманиоз аурулары Кавказда және Орта Азияда көп тараған. Адамды осы ауруға шалдықтыратын негізгі өкілдері: Leischmania tropica және L. donovani (10,А,Б-сурет). L. tropica (10,В-сурет) адамның тері ауруын немесе пендинканы туғызады. Бұл ауруға шалдыққан адамның терісінде терең ойық жаралар пайда болады, олар баяу жазылып, орнында кетпейтін тыртық қалдырады.
Leischmania donovani адамның ішкі лейшманиоз немесе висцеральдық лейшманиоз деген ауруын қоздырушы. Бұл ауруға ұшыраған адамның бауыры мен талағы ісінеді және теріге қан құйылады. Лейшманиоз ауруларымен иттер және құмды шөлейттердегі әр түрлі кемірушілер ауырады. Олардың да ауруларын тасымалдаушы - москиттер.
Көпталшықтылар отряды - Polymastigina
Өкілдерінің 4-6, одан да көп талшықтары, кейде толқын тәрізді жарғақ мембранасы және бүкіл денесін бойлап өтетін тығыз тірек таяқша - аксостильдері бола-ды. Ядроның қасында ірілі - ұсақ түйіршіктерден құралған парабазальды денешіктер орналасқан. Көпталшықтылардың бәрі де паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Адамда трихомонас (Trichomonas) және лямблия (Lamblia) туысының өкілдері кездеседі.
Trichomonas chominis адамның тоқ ішегінде, Tr. vaginalis жыныс жолдарында тіршілік ететін сопақша келген кішкене 5-15 мкм-ді талшықтылар. Денесінің алдыңғы жағында төрт талшығы болады, олардың үшеуі бос күйінде алға қарап шығып тұрады, ал төртінші талшығы артқа қарай бағытталып толқын тәрізді жарғақтың шетіне бекініп, толқынды (ундуляция) мембранасын түзейді. Тг. hominis адамға зақым келтірмейді, ал Tr. vaqinalis адамда болатын трихономонас ауруын қоздырушы. Жыныс мүшелерін зақымдайды.
Lamblia intestinalis адамның ащы, он екі елі ішегінде және өт жолдарында тіршілік етеді. Денесі екі жақты симметриялы, екі ядросы, 8 талшығы және парабазальды түйіршіктері болады. Денесінің қақ ортасынан аксостильге ұқсас фибриллярлы екі жұқа тірек таяқшасы өтеді. Ішек эпителиіне жабысатын сорғышы болады. Лямблия ішек ауруын туғызады, кейбір жағдайларда өт жолына, бауырға өтеді. Ауру циста арқылы жұғады.
Гипермастигиналар отряды - Hypermastigina
Көп талшықты, көп ядролы қарапайымдылар. Күрделіленген базаль түйіршіктері, аксостильдері, парабазаль денешіктері және тірек жіпшелері болады. Trichonympha, Lophomonas туыстарының өкілдері термиттердің және тарақандардың ішегінде тіршілік етеді. Көп жағдайда гипермастигиналар мен термитгер селбесіп тіршілік етеді. Термиттер клетчатканы қорек етеді, бірақ өздері оны қорытып бойына сіңіре алмайды, ал ішегінде тіршілік ететін гипермастиги¬налар сол клетчатканы тез ыдыратып көмірсуларға айналдырады.
Опалинина отряды - Opalinina
Өкілдерінің негізгі ерекшелігі - көп ядролы, денесі түгел кірпікшелермен қапталынған, осыған байланысты біраз уақыт бойы опалининаларды кірпікшелілер класына, яғни Protociliata класс тармағына жатқызған. Олардың кірпікшелі инфузориялардан басты айырмашылығы - ядролары бірдей болып келеді, жынысты жолымен көбею кезінде ұсақ бір ядролы гаметалар пайда болып, копуляция процесі жүреді (инфузорияларда - конъюгация). Қосмекенділердің артқы ішегінде паразиттік тіршілік етеді, сапрофитті жолымен қоректенеді. Басты өкілі - Ораііпа ranarum.

10.Саркодиналар және талшықтылар класының өкілдеріне тән ортақ белгілерСаркодиналар және талшықтылар класының өкілдеріне тән ортақ белгілер:+ас қорыту вакуолінің болуы+жиырылғыш вакуолінің болуы+денесі бір клеткадан тұрады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет