7-тақырып. Ертегілер. Дәрістің мақсаты: «Ертегі- халық жанының айнасы»



Дата18.04.2022
өлшемі19,73 Kb.
#31402


7-тақырып. Ертегілер.

Дәрістің мақсаты: «Ертегі- халық жанының айнасы» (В.Белинский) екенін түсіне білуге баулу. Ертегінің жанр ретінде қалыптасу тарихы, зерттелуі, ішкі түрлері, басқа жанрлармен байланысы, поэтикасы жайлы мағлұмат беру.

Тақырыпқа байланысты сұрақтар

  1. Халық прозасы туралы түсінік.

  2. Ертегілік және аңыздық проза.

  3. Ертегілердің жиналуы мен зерттелуі.

  4. Ертегілердің жанрлық ерекшелігі, халықтық сипаты.

  5. Ертегілердің классификациясы және жанрлық түрлері.

  6. Хайуанаттар жайындағы ертегілер.

  7. Қиял-ғажайып ертегілер.

  8. Батырлық ертегілер.

  9. Новеллалық ертегілер.

  10. Сатиралық ертегілер.

Дәрістің тезисі.  Ертегілер - әлемдегі барлық халықтардың фольклорында бар жанр. «Ертегі - халық жанынының  айнасы», - дейді В. Белинский (1, 307). Халық өзінің  ертегілерінде қиял түрінде болса да, қоғам өмірінің көптеген  мәселелерін қамтиды. Оларда халық тілегі, көпшілік тұрғысынан әңгімеленеді. Академик  М.Әуезов ертегілер жайлы: "Сыры жат табиғаттың, жер мен аспанның көзге көрініп тұрған белгілі қабатынан өтіп: «ішін шарласам, сырын ақтарсам, бергенін алсам деген ізденгіш, өршіл ойын танытады" (2,224б.), - деп жазады. Ертектанушы ғалымдардың пікірінше, бұл жанр палеолит дәуірінде қалыптасқан (3).

Ертегі жанрының шығу көздері жайлы академик С.А.Қасқабасов былай дейді: «Ертегі жанрының  алғашқы түп - төркіні - алғашқы қауымда пайда болған миф, аңшылар туралы  әңгіме, аңыздар. Ертегі - аңыздық прозаның дамыған көркемделген түрі, көркем проза. Ертегі жанрының мақсаты - тыңдаушыға ғибрат беру ғана емес, сонымен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегі жанрының функциясы кең, ол әрі тәрбиелік әрі көркем - эстетикалық роль атқарады. Ертегілік прозаның басты мақсаты - сюжетті барынша ғажайыпты етіп, көркемдеп, әсірелеп баяндау» (4, 122б.).

Қазақ ертегілерін зерттеу ісі Ә. Диваевтан басталады. Фольклортанушы өзі жинаған ертегілерін «Этнографиялық материалдар» деген атпен жариялаған. Ол қазақ ертегілерін тақырыптық жағынан а) ақыл, алғырлық, ә) әйелдер, б) шындық және әділеттілік, в) сараңдық пен жомарттық, г) байлық және кедейлік туралы ертегілер деп жіктеген. Бұл жіктеуден көретініміз - фольклортанушының тек тұрмыс-салт ертегілерін ғана назар алғандығы.

Ертегілерді зерттеуге зор үлес қосқан – М.Әуезов.  Ғалым «Әдебиет тарихы» (1927) атты еңбегінде ертегілерді мазмұнына қарай аңыз-ертегі, мысқыл-мазақ ертегілер, өтірік әңгімелер деп бөлген. С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932) еңбегінде ертегі жанрының тақырып ауқымы, кейіпкерлері, тіл кестесі сияқты бірқатар мәселелерін сөз етті.

Кеңес дәуіріндегі ертегітануда «қазақ ертегілері қазақтың төл туындылары емес, олар өзге халықтардың фольклорынан енген сюжеттерден келіп шығады» деген нигилистік көзқарасқа негізделген теріс пікірлер де орын алды. Қазақ халқының тарихын, тілін, фольклорынан терең білімі жоқ П.Фалев осы пікірін дәлелдеуге тырысты. Ол пікірдің негізсіздігін Б.Кенжебаев дәлелдеді. Б.Кенжебаев ертегілердің композициясын, көркемдік тәсілдері мен бейнелеу үлгілерін талдады және осы жанрға тән «оқиғаны тізбекті баяндау» заңдылығы жайлы тұңғыш пікір білдірді (5, 4б.).

М.Әуезов пен Л.Соболев «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген мақаласында қазақ ертегілерін шартты түрде а) қиял-ғажайып ертегілер, ә) хайуанаттар туралы ертегілер, б) тұрмыс-салт ертелілері, в) балаларға арналған ертегілер, г) аңыз-әңгімелер, күй аңыздары.

Қазақ ертегілерінің зерттелу тарихындағы іргелі еңбек М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958) болды. Ғалым тұрмыс-всалт ертегілерінің басты мақсаты ғибрат беру екенін, ол топтағы ертегілердің  сюжеті көбіне юморға, әзіл, қалжыңға құрылатынын айтты.

1970 жылдары ертегітану саласына теориялық құндылығы өте зор екі еңбек келді. Оның бірі – қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінің генезисін, жанрлық ерекшелігін, поэтикасын түбегейлі сөз еткен С.А.Қасқабасовтың «Казахская волшебная сказка» (1972) еңбегі болса, екіншісі – Е.Тұрсыновтың  тұрмыс-салт ертегілерін бұрын қарастырылмаған аспектіде зерттеген «Генезис казахской бытовой сказки» (1973) еңбегі.  С.А.Қасқабасовтың  аталмыш еңбегі 1980-жылдары қара сөз түрінде айтылатын фольлор үлгілерінің барлық түрін толық қамтыған «Қазақтың халық прозасы» еңбегіне ұласты.

1970 жылдары ертегілерді салыстырмалы – типологиялық тұрғыдан қарстыру күн тәртібіне қойылды. Қазақ ертегілері әлі де фольклортанушылар үшін қызықты тақырып болып отыр. Ертегілерді түрлі ғалымдар мазмұнына, әр алуан ерекшеліктеріне қарай  бірнеше түрге бөледі.  

Жануарлар туралы ертегілер адамзат тарихының ең ерте дәуірі аңшылық кезеңде қаылптасқан. Бұл жанр адамзат баласының аңдар мен құстарды қасиетті санаған тотемистік түсініктерінің жемісі. Белгілі бір аңды немесе құсты рудың киесі, қолдаушы күші санап, соларға жалынып, жалбарыну, мадақ айту дәстүрі кейін ертегіге ұласқан.

Адамзат санасы мен қоғам ілгерілеген кезде қасиетті саналып, қадірленген аңдар мен құстар жайлы әңгімелер аллегориялық сипат алды.

Жануарлар жайлы ертегілердің ең кенжесі классикалық ертегілер. Мұнда халық аңдар мен құстарды мысал ете отырып, адамның жақсы-жаман мінезі, өз қоғамындағы күрделі мәселелер жайында толғанады. Неше түрлі хайуандар, жыртқыш аңдар, қорқаулар арқылы қарапайым халыққа тырнағын батырып отырған қанаушылар бейнесі жасалады. Көшпенді тірлік кешкен қазақ халқында түз тағылары жайлы да, төрт түлік жайында да ертегілер аса мол. Халқымыз өзі баққан малдың мінез-құлқын, барлық қыры мен сырын жақсы білген және оны өз ертегілерінде әдемі бейнелеген. Қазақтың хайуанаттар жайлы ертегілеріндегі танымал персонаждар – арыстан, аю, жолбарыс, қасқыр, түлкі, түйе, бөдене, қой мен ешкі т.б.

Хайуанаттар жайындағы ертегілердің үлкен бір тобы балаларға арналады. «Қоянның құйрығы неге қысқа, түлкінің құйрығы неге ұзын?», «Түйе су ішкенде неге артына қарайды?», «Мақта қыз бен мысық», «Қотыр торғай», «Құйыршық», «Күшік пен мысық» т.б. Бұл ертегілердің тәлім ө тәрбиелік мәні өте зор. «Мақта қыз бен мысық» ертегісінде Мақта қыздың шақырғанына құлақ аспай тілазарлық танытқан мысық құйрығынан айрылып қалады да оны қайтарып алу үшін сиырға, қыздарға, сатушыға, тауыққа т.б. баруға мәжбүр болады. «Жартықұлақ» ертегісінде құлақтың жартысындай кішкене бала өзінің қайраты мен ақылының арқасында атасы мен әжесіне аман-есен оралады. Ертегіде: «өз ақылың мен қайратыңа сенсең, қиындықтың бәрін жеңесің, жасқаншақ болма» деген өсиет айтылады.

Батырлық  ертегілердегі өзекті тақырып – некелік сынақтан өтіп, ерлікпен үйлену, отан қорғау. Айтылмыш жанрдың идеясы небір ғажайып күштермен соғысып, елін қорғап қалған батырдың ерлігін мадақтау, адамзат баласының жасампаздығын жырлау. Бұл ертегілердің бас қаһарманы сиқырлы күштермен, құбыжықтармен, адам жегіш жалмауыздармен соғысып, елінің намысын қорғайды. Батырлық ертегілер алғашқы қауымдық қоғам ыдырай бастағанда пайда болған. С.Қасқабасовтың айтуынша, батырлық ертегілерде  жеке адамның рулық қауымнан   дараланып шыға бастағаны және  өзін жеке адам ретінде сезіне бастағаны көрініс тапқан. Батырлық  ертегілердің  тақырыптық ауқымы кең емес. Мұнда екі  сала бар. Бірі - болашақ батырдың  некелік сынақтан өтуі, қыздың немесе әкесінің  қиын тапсырмалар беруі, оны орындау. Екіншісі - әр түрлі ғажайып  мақұлықтармен және  жау елдің қолымен соғысу.

Қиял-ғажайып ертегілерде оқиға желісі бас қаһарманның әлденеше қат әлемге сапар шегуіне құрылады. Ол бірде жердің асты, бірде үстіне, енді бірде су астына аяқ басады.

Қиял – ғажайып ертегілері қаһарманды басқа әлемге аттандыру, ғажайып құралдар табу, қиын тапсырмаларды орындау, құда түсу, жауыз күштерден құтылу сияқты композициялық элементтерді қамтиды. Ол көбінесе қаһармандардың үйленуімен және таққа отыруымен аяқталады. Қиял-ғажайып ертегілеріне «Жалмауыз кемпір», «Қарғабай», «Ер Төстік», «Елгезер батыр», «Барып кел де алып кел», «Адам білмес тас», «Қанбаба» т.б. ертегілерін жатқызамыз.

Қиял – ғажайып ертегілерінің тілі әсерлі де айшықты. Бұл ертегілерде дәстүрлі бастаулар мен аяқтаулар, қайталанып келетін сөз айшықтар, сөйлемдер болады. Мәселен, ертегі «Есте жоқ ескі заманда», «Баяғы өткен заманда», «Ерте, ерте, ерте екен, ешкі жүні бөрте екен» деген құлақ күйі секілді жолдармен басталады, «Барша мұратына жетіп, сақалы сирағына жетіп, бір жан өтіпті» немесе «Отыз күн ойын, қырық күн тойын қылыпты» деген арнаулы аяқтаулармен бітеді. Қазақ ертегілерінің үлкен бір саласы – батырлық ертегілер.

Қиял-ғажайып ертегілер - алғашқы қауымдық қоғамда дамыған ең көне жанрлардың бірі. Қиял-ғажайып ертегілердің сюжеті мен поэтикасына, құрылымына батырлық жырлар үлкен әсер еткен. Қиял-ғажайып ертегілердің бас қаһарманы - аңшы, мерген, жауынгер, батыр т.б. Ертегінің бұл түріндегі басты тақырып - сиқырлы заттардың көмегімен бас қаһарманның небір ғажайыптар мен қыруар кедергілерді жеңіп мұратына жетуі. Бұл ертегілерде небір ғажайып, дүлей күштермен алысып, жеңіске жеткен қарапайым адамның жасампаздығы жырланады. Зұлымдық пен жамандықтан жақсылық үнемі үстем түсіп отырады. Қиял – ғажайып ертегілерінде жалмауыз, мыстан кемпір, жеті басты жалмауыз, қазық аяқ, қарға тұмсық кемпір, жеті басты айдаһар сынды персонаждар жер бетіндегі жауыздықтың, жамандықтың белгісі.

Академик С.А.Қасқабасов бұрын салт ертегілері деп жіктеліп жүрген ертегілердің мазмұны, тақырыбы жағынан біртекті бола бермейтінін ескеріп, новеллалық және сатиралық ертегілер деген екі топқа бөліп қарастырған (3).

Новеллалық ертегілердің тақырып ауқымы кең. Мұнда күнделікті тіршілікте туындап жататын адамдық қатынастар сөз етіледі: пайдалы кеңес, ақылды жігіт, Әке мен бала, өгей шеше мен қыз, аға мен іні, ұрылар мен алдаушылар, бақ пен сор т.б. Новеллалық ертегілердің кейіпкерлері батыр, мерген, аңшы емес, қалыпты адам. Ертегі желісі әділдік пен ақылдың жеңісіне бағытталып отырады. Өздерінің әлеуметтік тегіне қараамастан қаһармандар қайырымдылық пен әділеттік идеясын қорғайды. Бұл жанрдың ғибраттық мәні зор. Осы топқа жататын «Жақсы Әйел», «Жалайыр хан мен Сағат», «Қарт пен қайырымды жігіт», «Ақылды кеңес», «Үш өсиет» ертегілерінде тірлікте тек ақылмен, еңбекпен бақытқа жетуге болады деген өсиет айтылады. Новеллалық ертегінің композициялық құрылымы өте күрделі болып келеді бір эпизодтың үстіне екінші эпизод тіркеледі.

 Қазақ ертегілерінің ішінде күлкі мен әжуаға, сатираға құрылған тобын сатиралық ертегілер дейміз. Сатиралық ертегілер қоғамдық дертті кекесінді де, кесіп түсіретін күлкі арқылы әшкерелейді. М.О.Әуезов бұл ертегілер тобын салт ертегілердің жігінде қарайды да, күлдіргі ертегілер деп атайды. «...Бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, Әрі оқыс келеді. «Ши бұт, Қағанақ бас, Қыл тамақ», «Ұр тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Байбай шал», «Айлалы тазша», «Тазшаның қырық өтірігі», «Екі еріншек» деген ертегілердің ат мен адамының ойнақы, күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады» (2, 249б.), - деп жазады. Расында да, бұл топтағы ертегілер халықтың зілсіз де, шуақты күлкісін, зілді кекесінін көркем жинақтайды. Сатиралық ертегілердің кейіпкерлері – Алдар көсе, айлакер Тазша, Қожанасыр т.б.

Кейбір ғалымдардың пікірінше, сатиралық ертегілер ХV-ХVII ғасырларда қалыптасқан (3.232).

Ал тұрмыс-салт жырларының генезисін зерттеген Е.Тұрсынов тұрмыс- салт ертегілері (оның сатиралық ертегілерге қатысты үлгілері де) өз бастауын дуалистік, тотемистік мифтен рулық қауымдағы тұрмыстық әңгіме мен анекдоттан бастау алған көне жанрлардың бірі деп біледі.

 

Өзін-өзі бақылауға арналған тапсырмалар



  1. Ертегіге берілген анықтмалар.

  2. Ертегінің жанрлық белгілері.

  3. Ертегінің зерттелуі.

  4. Ертегілердің классификациясы және жанрлық түрлері.

  5. Хайуанаттар жайындағы ертегілерге мысалдар келтір.

  6. Қиял-ғажайып ертегілерге мысалдар келтір..

  7. Батырлық ертегілерге мысалдар келтір.

  8. Новеллалық ертегілерге мысалдар келтір.

  9. Сатиралық ертегілерге мысалдар келтір.

  10. Ертегінің поэтикасы жайлы әңгімеле.

Әдебиеттер:1-3,6,7, 3.1., 2.4.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет