8- дәріс. Сөйлеу техникасы Жоспар



Дата09.10.2022
өлшемі16,2 Kb.
#42050

8- дәріс. Сөйлеу техникасы
Жоспар:
1.Оқушыларлды мәнерлеп оқуға даярлау
2.Сөйлеу техникасының тәсілдері
Оқушыларды мәнерлеп оқуға даярлау үшін алдымен сөйлеу техникасына жаттықтыру, дыбыстау мүшелерінің қызметін дұрыс түсіндіру керек.
Бастауыш класс оқушылары көркем шығарманы мәнеріне келтіріп, әсерлі оқуы үшін алдымен өзінің анатомиялық мүшелерінің қызметін, соның ішінде дыбыстау мүшелерінің қызметін жетік біліп, әрбір тіл дыбысы қалай жасалады, қалай естіледі, қалай оқылады дегенге баса назар аударып жаттығуы қажет.
Ана тіліміздегі 37 дыбыс қанша сөйлесек те қажетімізге жарап, оралымды сөз, әуезді үн болып естіліп жататыны ғажап емес пе?! Сол дыбыстардан сөз, сөзден сөйлем, сөйлемдерден күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас жасайтын ой өрбіп, небір көркем туындылар өркен жайып жатыр.
Сөйлеу техникасын жете меңгерген ұстаз өз шәкіртінің де дұрыс сөйлеуіне ерекше назар аударады, тіл дыбыстарын анық та ашық айтуға үйретеді. Үлгісін өзі көрсетеді. Сөйлеу техникасына мыналар жатады: Тыныс алу (ауаны ішке жұту мен сыртқа шығару), дауыс, дикция.
Дыбыстау мүшелері негізгі үш бөліктен тұрады:
1. Өкпе.
2. Тамақ.
3. Қуыс мүшелері (ауыз қуысы мен мұрын қуысы).
Өкпенің атқаратын қызметі өте зор. Өкпе кеуде кеңістігіне орналасқан тыныс алу мүшесі. Ауаны ішке тартқанда өкпе үлкейіп, кеудені керіп тұрады да, ауаны сыртқа шығарғанда семіп қалады. Осы ауаны (демді) ішке тарту мен сыртқа шығарудың арасында секундпен есептеуге келмейтіндей жылдамдықпен үздіксіз процесс жүріп жатады. Оны тек осы заманғы техника жаңалықтарымен ғана бақылауға болады. Оқудың, сөйлеудің әсерлі де мәнерлі, құлаққа жағымды естілуі тек қана дұрыс, еркін дем алуға тікелей байланысты. Еркін дем алмаған жағдайда сөз анық естілмей, сөйлем мағынасы сақталмай, бір сөйлемнің аяғы екінші сөйлемнің басы қай жерден аяқталып, қай жерден басталғанын ажырату қиынға түседі. Сондықтан дем алу ерікті дем алу, еріксіз дем алу болып бөлінеді.
Ерікті түрде дем алғанда өкпеге енген ауадан көкірек пен қабырғаның жоғарғы жағы көтеріліп, қабырғаның төменгі жағындағы бүлкілдек еттері (диафрагма) қозғалысқатүседі. Сонда еркін, терең тыныс алады. Қайтқан ауа мұрын қуысы арқылы шығады. Мұның гигиеналық пайдасы зор.
Еріксіз дем алу көбіне сөйлеу тілінде асығыстықтан, жүріп келе жатып сөйлегенде, жиі кездеседі. Шығарма оқу барысында өзінің дұрыс дем алуын басқара алмаған мұғалім де, оқушы да келістіріп мәнерлі оқи алмақ емес. Сондықтан ерікті дем алуды қалыптастыру үшін үнемі жаттығулар комплекспен жасап үйрену қажет. Қабырға мен құрсақ қатарын босаңсыту.
Бақылау сұрақтары:
1. Дыбыстау мүшелерін атаңыздар.
2. Сөйлеу техникасының артықшылығы неде? 
Әдебиеттер:

  1. С. Желдербаева. Мәнерлеп оқу, А., 1992

  2. Т.М.Әбдікәрім. Әдебиеттік оқу, А., 2014

  3. Ә. Дайырова, С. Тілешева. «Әдебиеттік оқу кітабына» методикалық нұсқау, А., 1982

  4. Б.Т. Қабатай, С.Р.Рахметова, Ә.С. Амирова, А., 2013

  5. С.Рахметова, Қазақ тілін оқыту әдістемесі, А.,1991


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет