Абай мен Мағжан ақынын алдымен ауызға алсақ, артық айтқандық емес. Мағжан Жұмабаев барша түрік әлемінің көңіл күмбезін көкке көтерерлік ақын. Ұлы Абайдың философиялық лирикасы да күллі әлемдік деңгейге биіктеген лирика



Дата21.11.2022
өлшемі138,79 Kb.
#51603

Абай мен Мағжан ақынын алдымен ауызға алсақ, артық айтқандық емес. Мағжан Жұмабаев барша түрік әлемінің көңіл күмбезін көкке көтерерлік ақын. Ұлы Абайдың философиялық лирикасы да күллі әлемдік деңгейге биіктеген лирика. Грецияның Сапфо, Римнің Овидии, Италияның Петрарка, Иранның Хафиз, ағылшынның Байрон, немістің Гете, Гейне, француздың Ронсар, орыстардың Пушкин мен Есенинін еске ала отырып, қазақ ақындарының оның ішінде лириктерінің дүниежүзілік аренадағы деңгейі тең болмаса, аласа емес екенін айғақтайтын туындылар, әрине, баршылық. Бірақ, Кеңес өкіметінің тоталитарлық режимі лирика жанрының нәзік жанына ауыр жарасын салды. 1937-1938 жылдан соң-ақ, қазақ лирикасы үнсіздік күй кешті. Одан ұлы деп аталатын Отан соғысы да, лирика жанрының тілін күрмеді. Дей тұрсақ та, ел-халық арасында хатпен жазылған лирикалық жырлар шаң беріп қалса да, кәсіби деңгейге көтеріле алмады. Соғыстан кейін, халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы қоғамдық көзқарас лирикаға бүйрегін бұра қойған жоқ. Тек, ара-тұра ақындық қуаттың аласұрған сезімінен туындаған Қ.Аманжолов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов шығармаларында көрініс беріп қалатын. Бірақ олар қоғам талабына орай, партиялық өктем тапсырмаларды қатар орындау арқасында қол жеткізді. Бір жола Мағжанға ден қою, ол кездер үшін оғаштық болып көрінетін. Бұл дерт 50-ші жылдарды түгелдей меңдеді.

Ал, 60-шы жылдардың басынан бастап, лирикаға жан бітті. Қазақ поэзиясының туған топырағына алғашқы дәндер де жемісін берді. Қаулап өскен 60-шы жылдар жас ақындары өздерінің «Мені» лирикалық геройларымен, лирикалық тұлғаларымен келді. Олар Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, сәл кейіндеу үн қосқан Мұхтар Шаханов еді.


Лирикада суреткердің, ақынның «мені» азаматтық менге айналып, халықтың көкейкесті ойларына ұласады. Әрбір оқырман лириканы оқып отырып өзі жазғандай сезінсе, немесе, сол көңіл күй өз жүрегімен үндессе, лирикалық туындының діттеген биігінен көрінгені. Лиризм, ойшылдық және психологизмнің ұштаса көрінуі де 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясының еншісіне тиген жетістік. Адамның сыртқы пішінінен ішкі жан дүниесіне ену, оның сыры мен сезімін қоса қабат ашу өріс алды.


XX ғасырдың басында Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев поэзияларында лирикалық толғаныс әлеуметтік мәнге ие болса, төңкерісшіл рухтағы ақын С.Сейфуллиннен бастап, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, Б.Ізтөлин, Ш.Иманбаеваның лирикалы жырлары уақыт талабына үндесті. Одан кейінгі А.Тоқмағанбетовтың «Бәтиманың хаты», /1928/,Ә.Тәжібаевтың «Сырдариясы» /1936/, Ғ.Ормановтың «Қараймын да асығамын» өлеңі /1930/, М.Хакімжанованың «Азбай күткен жар – алтыны» /1944/, Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлты» /1943/», «Сен құрметте оны» /1945/, Ж.Саинның «Есімде Айдар өзені» /1947/, Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы» жыры /1948-1954/, Қ.Бекхожиннің «Өзіңе сен, жас ойшылы» /1936/, Х.Ерғалиевтың «Ауылға» өлеңі /1943/ - лирикалы жанрының кезеңдік көркем дүниелері.


Туған халқымыздың асыл мұраты, ғасырлар бойы аңсаған арманы, ел-жұртымыздың қуанышы мен зар-мұңы, ұлттық психологиямыз, ұлттық дәстүріміз, қазақтың әлеуметтік тағдыры – шағын да, ұрымтал жанр – лирикада ежелден көрініс тауып, бірге жасап келеді. Адам сезімдерінің алуан құбылыстары, ұлттық колориті, салт-дәстүрге лайық мән-мазмұны лириканың нәзік тілінде сөйлеп, жүрек пернесін шертті. Жүректен шықпай жүрекке жетпейді деу де ең алдымен лирикалық дүниелерде айтылып, қанатты сөзге айналды. Шалкиізден Махамбетке, Абайдан Мағжанға, Сәкеннен Қасымға ұштасқан лирика 60-шы, 70-ші жылдары өзіндік қайнар бұлағымен, өзіндік арналы өзен-дарияларымен халық руханиятының теңізіне құйып, сахараның шөлін басты, өмірге деген іңкәрлікті оятты.


Лирикалық қаһарман, лирикалық кейіпкер, лирикалық тұлға деп жүргеніміздің өзі ақын атынан айтылатын «Менге» ұласып, оқырман жүрегінің өзіндік «меніне», яғни тағдырына, тыныс-тіршілігіне айналды. Поэзиялық туындылардан адамның жанды бейнесін лирикалық қаһарман ретінде таныдық. Ақын әрдайым өз атынан айтқанымен лирикалық кейіпкердің жинақталған образы атынан суреттеді. Көбіне-көп лирикалық тұлғаның бүкіл бар-болмысын, табиғатын бір туындыда толық ашуы шарт емес. Бір мезеттік, бір сәттік, қас-қағымдық болмысы, яғни, бейнелі түрде айтсақ, көбіміз байқай бермейтін, бүршікпен жапырақ арасындағы, көктем мен жаз арасындағы құбылысты жырлап, суреттеп көрсете білсе, ақынның діттеген жерінен табылғаны...


Ақын лирикалық туындысында өз атынан ғана емес, қоғам атынан, тіпті бір бүкіл ұрпақ атынан да сөз алуы мүмкін. Оған ақынның талант-дарыны өлшем бола алмақ.


60-шы, 70-ші жылдар поэзиясында ақындар цикл, томтама өлең жазу арқылы, тіпті, бір тақырыпқа бір кітабын арнау арқылы лирикалық қаһарманның тұтастай тұлғасын жасауға ұмтылып жүр. Бұған бір ғана мысал ретінде, ақын Қадыр Мырзалиевтың «Дала дидары» кітабын айтуға болады. Лирикалық тұлғаның бір түрінде бір қырынан көрініп, екінші кітапта екінші қырынан көрініп толыға түсетін кезеңі бар. Бұған Тұманбай Молдағалиевтың «Қош көктем» кітабынан бірнеше мысал келтіруге болады. Бірақ, біз арнаулы тарауларда тереңірек жан-жақты талданатын болғандықтан да, еске ала кеткенді жөн көрдік.


Лиро-эпикалық жанр да – поэзияның аса күрделі жанры. Лиро-эпос деп атап талданатын бұл поэзияның көркем туындысы әрі эпикалық, әрі лирикалық табиғаты бірге туысып, ажырағысыз түрде жырланады. Бұл шығармаларда лирикалық кейіпкер заманалық тұлғаға көтерілсе, азаттық үшін күрескер дәуірлік деңгейге биіктесе, лирикалық жырлардың әдебиеттегі орны, атқарар миссиясы тіптен бөлек. «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық», «Жүсіп – Зылиқаның қиссасы» т.б. қазақ халқының шығыс әдебиетінің ұлы туындылары – лиро-эпикалық жанрға жатса, Шалкиіз жыры, Мағжан өлеңдері таза лирикаға жатады. Біз лиро-эпикалық жанр туралы М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаевтың, т.б. зерттеуші ғалымдардың елеулі еңбектері барын ескере отырып, таза лириканы зерттеуге ден қойдық. Әрине, тақырыбымызға сай 60-шы, 70-ші жылдар лирикасы.


Лирика шын мәнісінде көркем әдебиеттің үш тегінің бірі. Яғни, лиро-эпостай және лирикалық драмадай, өмір шындығын ішкі терең жан күйзелісімен бейнелейтін жанр. Ақынның ойы мен сезімі құстың қос қанатындай бірге қанат қағып, эмоциялық тебіреніс биік еңсе көтереді. «Лирика – кез келген поэзияның ғұмыры мен жаны» деп В.Г.Белинский бекер айтпаған. Белинскийдей лирика туралы көсем сөз айтқан адам екі талай. Оны қазақ тіліне аударып жеткізген Ә.Тәжібаев ақын болса, ең алғашқы аудармашылардың бірі – Б.Шалабаев еді. Пушкин лирикасы, Лермонтов лирикасы, ХІХ ғасырдағы орыс лирикасы, махаббат лирикасы дейтін дүниелерге біз қанықпыз. Абай лирикасы да біршама өзіне лайық зерттелді. Мағжан Жұмабаев лирикасы қолға алына бастады. Ал, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасы өз алдына обьекті болып зерттеле қойған жоқ. Ара-тұра жазылған газет-журналдарда, жалпы баспасөзде жарық көрген сыни мақалалар бар. Бірақ, зерделі зерттеу деңгейіне көтеріле қоймағаны анық.


«Поэзия өнердің ең жоғары тегі» /«Поэзия есть высший род искусства»/ дейді В.Г.Белинский және эпикалық, лирикалық поэзияны салыстыра келіп: «Лирикалық поэзияның артықшылығы, эпикалық поэзияға қарағанда, барынша субьективті поэзия, ақынның ішкі жан тебіренісінің көрінісі». Жан-Поль Рихтердің: «Лирикалық поэзияда – суреткер өзі салған бояуға, картинаға айналса, ақын өзі жазған дүниесінің бітім-болмысына айналады». 60-шы, 70-ші жылдары әдебиетімізге келген жаңа толқындарда өздерінің лирикалық жырларымен, өзі көркемдеп кестелеген дүниелерінде өздері тұлға, әрі қаһарман, әрі кейіпкер болып енді. Солай бола тұрса да, кешегі кеңес үкіметі тұсында осы жылдардағы қазақ лирикасын зерттеу обьектісінен шеттеу қалды.


Кеңес үкіметінің басқа республикаларында бұл жылдар поэзиясы біршама зерттелді. Атап айтсақ, Т.А.Лещенконың «70-ші жылдардағы Советтік Украина поэзиясының көркемдік-идеялық ізденістері және Борис Олейник творчествосы» /«Идейно-художественные искания в Украинской Советской поэзии 70-х годов и творчество Бориса Олейника»/, Эле Лыхмустың «1960-шы жылдардағы Советтік Эстония поэзиясының дәстүрі мен жаңашылдығы» /«Традиции и новаторства в Эстонской Советской поэзии 1960-х годов», М.А.Мамедовтың «Советтік Азербайжан поэзиясы» /60-шы жылдар/, А.В.Науменконың «60-шы жылдардағы Советтік орыс поэзиясының даму проблемалары және Н.М.Рубцов творчествосы», А.Д.Түймебаевтың «60-70-ші жылдардағы Советтік қырғыз поэзиясының жанрлық-стильдік ерекшеліктері», А.А.Цурканудың «60-шы жылдардағы Советтік Молдавия поэзиясының лирикалық қаһарман проблемасы» т.б. толып жатқан ғылыми-зерттеу еңбектері жазылса, қазақ топырағында бұл еңбек тың дүниелердің бірі болып саналады. Жеке автор туралы жекелеген еңбектер болғанымен, тұтастай таразылап, бір ұрпақ творчествосын талдап жазылған зерттеу жоқтың қасы.


«60-70-ші жылдардағы Қазақ лирикасы» тақырыбының өзектілігі де осында. Бұл жылдарда қазақ лирикасы көркемдік ізденісімен дамыды. Пікір қайшылықтары да болды. Сыншылар мен оқырмандардың қазіргі қазақ лирикасының мән-мазмұнын, көркемдік деңгейін бағалау біраз дискуссиялар да толастамады. Әрқилы ой-пікірлер кейде обьективті, кейде субьективті көзқарастар соқтығысында өріс алды. 60-шы жылдарда «Формалистік өлеңдер» деген етек алып, оған қарсы шығушылар да қалыс қалмады. Сыншы мен оқырмандар талғамы әртүрлі болғандықтанда бітіспес пікір таласы өрбіді. Мұның бәрі, әрине, 60-70-ші жылдардағы қазақ лирикасы туралы фундаментальды зерттеуді қажет етеді. Ұлттық мәдениетімізге, халықтық дәстүрімізге қазақ лирикасының әсер-ықпалы, дәстүр мен жаңашылдықтың арақатынасы, байланысы жайлы ғылыми тұжырымдар жасауды жүктейді. Өйткені, тақырып етіп алып отырған кезеңнің көптеген ақындары зерттеушілердің назарынан тыс қалған.


Бұл зерттеу еңбегінің мақсаты – Қазақ поэзиясының жаңа кезеңдегі орнын белгілеу, Қазақ лирикасындағы көркемдік ізденіс ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда тұжырымдап, ғылыми баға беру.


60-70-ші жылдардағы лириканың көркемдік ізденістері қазақ әдебиетімен тұтастықта алып қарап, қоғам мен әдебиет арасындағы құбылысты зерделеу. Әдебиеттің қоғамға, қоғамның әдебиетке әсер-ықпалын зерттеп, екі он жылдықтағы қазақ лирикасының тарихи даму заңдылығын қорытындылау және де тұжырымды баға беру.


Гегелдің логикалық тұжырымдауы бойынша, обьективті шындықтың үш саласы бар. Біріншісі – табиғат; екіншісі – адам танымы, адамның айналаны қабылдау, тануға байланысты мидың ролі. Ми болса, екі бастан табиғаттың ең ғажайып, ең орасан зор жемісі, өнімі. Үшіншісі – адам танымында табиғаттың бейнеленуі. Бұл үш ұғым да лирикалық туындыға қатысты, әрі бұл ұғым заңдылық. Зерттеу жұмысында қазақ оқымыстылары мен ғалымдарының, сыншы-зерттеушілерінің ой-пікірлеріне арқа сүйей отырып, сонымен қатар шет елдермен және де бүгінгі тәуелсіз ел аталған республика оқымыстыларына да иек арта отырып, пікірімізді де айтуға ұмтылдық.


60-70-ші жылдардағы екі он жылдықта Қазақстанда 300-ден астам поэзия кітабы жарық көрді. Біріншіден, оның көпшілігі лирика. Екіншіден, көпшілік кітаптар біз зерттеу обьектісі етіп алған ақындардың еншісінде. Бұл да зерттеу материалдардың жұтаң еместігін, қайта бай екендігін аңдатса керек.


Бұл еңбек – 60-70-ші жылдардағы қазақ лирикасы туралы теориялық және аналитикалық талдау тұрғысында жинақтап зерттеген алғашқы еңбек деуге болады. Зерттеудің жаңалығы да осында. Қазақ лирикасындағы көркемдік ізденістер жан-жақты кеңінен теориялық тұрғыдан талданып, жүйелі түрде, әрбір оқиғаға айналған өлеңдер өз кезеңімен хронологиялық бағытта тілге тиек етіледі.


Сонымен қоса дәстүр мен жаңашылдық хақында уақытқа сай обьективті түрде баға беріледі. Әрбір ақынның өзіндік қолтаңбасы айшықталып, жеке тұлғасы сомдалып, алдыңғы және кейінгі ұрпақ өкілдерімен салыстыра зерттелді.


«Жұлдыз» журналының поэзия бөлімі мен сын және библиография бөлімін басқарған тұстағы практикалық еңбегімнің, сын мақалаларымның көбісі дерлік 60-70-ші жылдары әдебиетке келген ақындар шығармашылығымен тікелей байланысты. Бұл кезеңнің поэзиясына әділ баға беруіне бірге атсалыссам, екінші жағынан зерттеу обьектісі етіп алған ақындардың өлең-жырлары қызмет барысында қолдан өтіп, сұрыпталған кездері де бар. Мұнымен қатар, «Жазушы» және «Жалын» баспаларында жарық көрген қайта басылымдары мен таңдамалы дүниелерін рецензент ретінде де қатысып, ой-толғамдарымды ортаға салған тұстарым да болғанын айтқаным орынды болар. Бұл да зерттеу жұмысына өз көмегін аз тигізген жоқ. Қайта теориялық және методологиялық негізде әрбір ақынның лирикасына нақты анализ жасауға, обьективті түрде жіліктеп талдауға игі ықпалын тигізді.


Лирика, шынында да, тарихи тұрғыда қалыптасқан барша әлемге ортақ жүйелі жанр. Сондықтан зерттеушілердің бәрі теориялық жағына терең назар аударған. Біз көбіне-көп, тақырыбымызға орай, лириканың қоғамымызда алатын орны мен лирикадағы көркемдік ізденістерге баса көңіл бөлдік.


Сонымен зерттеу еңбегіміздің бірінші бөлімі: Қазақ поэзиясы жаңа кезеңде.


Екінші бөлім: Қазіргі қазақ лирикасындағы көркемдік ізденістер /60-70-ші жылдар/ деп аталады.


Екінші тараумен қатар: Қорытынды бөлімі бар.


Зерттеу жұмысында 60-70-ші жылдардағы әдеби процестің даму заңдылығы және оның ерекшелігі, бұл кезеңдегі қазіргі тәуелсіз елдер әдебиетінің даму заңдылығымен байланыстырыла қаралады. Мұнымен қатар, әдеби процесте поэзияның алар орны, маңызы сөз болумен бірге, ізденістер мен ағымдарға баға беріліп, сан-салалы ой-пікірлер қозғалады.


Уақытқа, дәуірге байланысты поэзиядағы, оның ішінде лирикадағы мазмұн мен ой жаңалығының әсерінен, түр /формалық/ ізденістерге жетелегені, поэтикалық ойлау жүйесінің өзгергендігі, сонымен қатар дәстүрлі көзқарастарды дамыту нәтижесінде, соны жаңалықтар енгені жан-жақты ғылыми талдау жасау көзделді.


Жаңашылдық лирикалық өлеңдердің сыртқы формасында ғана көрініп қойған жоқ, поэтикалық ойлау жүйесіне күрделі өзгерістер енгізді. Бұл кезеңде поэтикалық ойлау жүйесін жетелеп, толғандырған мәселе – жалпы адамдық, азаматтық проблемалар еді. Уақыт және Адам, Бейбіт ел тағдырын қорғау, Ғылыми-техникалық революция, экология және табиғат тағы басқа эстетикалық ақыл-ойдың, сананың игілігіндегі түрлі мәселелер лириканың қайнар көзіне айналды. Жалпы осы уақытқа дейінгі поэзияға тән қасиет, яғни әр кезеңдегі күрделі, есте қаларлық оқиғаларға жедел үн қосып отыру-сынды жедел, оперативті поэзия да бұл кезеңде өріс алғаны рас. Республикалық бұрынғы одақтық, одан қала берді дүниежүзілік оқиғаларға дер кезінде, сол сәтінде атсалысып, із қалдыруда жалпы поэзияның да, оның ішінде лириканың да үлес салмағы аз емес.


Қазақ лирикасының алпысыншы жылдардағы хал-ахуалы күнделікті өмір шеңберімен, немесе, саяси ағымдағы әртүрлі даталар мен оқиғалар тұрғысында өлшенбейді. Қайта көп жайларды айтуға болмайтын шақтарда да, қазақ лирикасы өзінің астарлы ой тереңдігімен, екінші, тіпті үшінші пландағы интеллектуальды оқырманына мегзерлік астарлығымен, ой диапозонының кең ауқымдылығымен бағаланады. Қазақ ақынының «Бұтақтарым – биікте, тамырларым – тереңде» деуі де сондықтан. 60-70-ші жылдар поэзиясын, оның ішінде қазақ лирикасын зерттеу обьектіміз етіп алу мәнісі де, мазмұны да осында болса керек.


Бұл кезеңде қазақ поэзиясында философиялық лириканың жаңа бағытындағы ізденістері белең алды. Белгілі қоғамдық формацияның желеуін көтеру үшін емес, қайта жалпы адамзат игілігіне айналарлық, ұлттық топырақта дәні өсіп-өнгенімен, жемісі – жер бетіндегі халықтарға ортақ ой-өрісі етек алып, өркенін жайды.


Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда әдебиетіміздің, оның ішінде поэзияның алтын қазығын қадаған, поэзияның ұлттық туын көтерген ақын-жазушылардың репрессияға ұшырауы, әлбетте, әдебиетімізге кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Олардың қатерлі уақыттың кәріне ұшырауы – одан кейінгі ақындар толқынын жалаң үгіт-насихаттау, науқаншылдыққа әкеліп итермеледі. Өз ойын ашық айтудан қалды. Міне, осындай қорқа-соқтап сөйлейтін ақындар қасіретті 1937 жылдан бастап, Ұлы Отан соғысы аяқталған тұста жалғасып, 50-ші жылдарға дейін жетті. Бұл тұстарда Қазақ лирикасына жан енгізіп, жүрек дүрсілін оятуға ден қойған Қасым Аманжолов сынды т.б.ақындар, халыққа қажет, В.Г.Белинский анықтама берген нағыз лириканың алғашқы нышандарын танытқанымен, біржолата бел шешіп кете алмады. Уақыт, саясат орайына қайта-қайта мойын бұрып отырды.


60-шы жылдары ұлы Мұхтар Әуезов сөзімен айтқанда «Әдебиетімізге жыл келгендей жаңалық сезінерлік» жаңа тегеурінді ақындар толқыны келді. Олар өлеңдерінің өміршеңдігімен, көркемдік ерекшеліктерімен әдебиет табалдырығын аттап, бұл күнде бұғанасы бекіген, кемел жасқа ғана емес, поэзиямызды кемелдікке жеткізді. Бұл кезеңдегі өзіндік үні, өзіндік ізденістерімен әдебиетімізге енген ақындар Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Зейнолла Шүкіров, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Қайрат Жұмағалиев, Сабырхан Асанов, Өтеген Күмісбаев, Сәкен Иманасов, Марфуға Айтқожина, Өтежан Нұрғалиев, Ақұштап Бақтыкереева, Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Мұхтар Шаханов т.б. ақындар творчествосы көркемдік жағынан да, эстетикалық әсер тұрғысынан да айқын қолтаңбамен әдебиетімізге өз соқпағын салуға ұмтылды.


Міне, 60 жылдары әдебиетімізге өзіндік қолтаңбасымен енген ақындар творчествосын талдағанымызда, бұрынғы бүкілодақтық поэтикалық процестегідей, ақиқат шындығымыздың күрделі де, жан-жақты картинасы, қайта құру, жариялылық көрсеткендей, тоқырау /застой/ кезінде де әдебиетіміз қарап қалмағандығы, олардың ащы үніне өктем үкімет пен тотолитарлық режимдегі партия басшыларының қаперіне кірмегендей, құлағына ілмегендігі айқын көрінді. Поэзияда, оның ішінде лирикада, бар болмысымызда болып жатқан шындықты айқайлап, ұрандап айтпаса да, өзінің жанрлық ерекшелігіне тән, түсінген адамға, естір құлаққа, көрер көзге қолға ұстатқандай әсерлі де, байыпты жеткізе білген лирикалық туындыларымыз аз емес. Міне осы жағын да ашып көрсету – басты бағытымыз.


60-70-ші жылдардың поэзия хақында ара-тұра баспасөз беттерінде сыни мақалалар жазылғанымен, зерттеу объектісі етіп алу, оны жан-жақты талдау жағы әлі күнге біржола қолға алынбаған шаруа екенін жоғарыда айттық. Сондықтанда әдеби-эстетикалық ой жүйесі тұрғысынан да, жаңашылдық проблемасы хақында да, көркемдік ізденістер мен дәстүр жайында да зерттеуге тұрарлық, негізі бар дүние деп санаймыз.


Осы бір тұжырымды ой-қортындыға орай, 60-70-ші жылдарда дүниеге келген бірнеше лирикалық көркем шығармалар жоғарыда айтып өткен аспектіде қаралып, зерттелді.


* * *

Әдебиет – қоғамдық болмыстың көркемдік шындығы екенін мойындай отыра, біз бұрын өмір мен өнер арасындағы қарым-қатынасты, маркстік-лениндік әстетикаға сүйене отырып, диалектикалық даму тұрғысында түсіндіріп келдік. Ол «Өнер иесінің абзал парызы – коммунистік қоғам орнатуға атсалысу» деген мақсатты алға қояды. «Коммунизмнің негізгі мұратты мақсаттарының бірі – жаңа адам», – дей отырып, қоғамды да, қоғамда өмір сүрген адамды да, оның ішінде өнер иелерін де жетпіс жыл бойы қалыпқа салумен келгені өмір шындығы. Адам қалыптасып, тәлім-тәрбие алу үшін, ең алдымен материалдық жағдайға байланысты, одан соң барып рухани өміріміз – әдебиет пен өнердің еншісіне тиді. Рухани өмір материалдық жағдайға тәуелді болды, ал материалдық жағдай Коммунистік партия билеген өкіметтің қолында болғаны баршаға мәлім. Осыдан келіп «сөз бостандығы» деген сөз жүзінде қалып, іс жүзінде «патшаны» мадақтау – әдебиет ісіне айналды. Мадақ көсемдерді тудырып, жеке адамға табынуға әкеліп душар етті. В.И.Ленин өзі өмір сүрген қоғамды талдай отырып, қарама-қарсы күштердің барлығын анықтады да, сол күштерді бір-біріне жұмсады. Ол өз ойын әдебиет пен көркемөнер өмірді қарама-қайшылықта, күрес үстінде бейнелей білу керек деп түйді. Әр заман, әр дәуір Әдебиет пен өнерге өз жүгін артып, көркемөнердің халықтық, таптық және партиялық принциптерін міндет етіп қою арқылы, мұның тасасында әдебиеттің ұлттық ерекшеліктері ұмыт қалды. Шығармашылық мұраға лениндік көзқарас, партиялық көзқарас бейнелеу теориясының методологиялық мәніне тұсау салды, дүниені көркем танудың ерекшеліктеріне, дүниені көркем танудың еркіндігіне жол берілмеді. Әдебиетті белгілі бір мақсатқа жұмсау нәтижесінде, тар қалыпқа түсіру арқылы – жеке адамға табыну дәуірін қоғамымыз басынан кешірді. Әдеби шығарманың басты құралы да, оның көркемдігінің, эстетикалық бағасының негізгі өлшемі тіл екендігі – жеке адамға табынудың тасасында тұншықты. Бес ғасыр бойы жырланып, ата-бабамымыздың алтын қазынасына айналған дүниемен дәстүр жалғастығы үзіліп тынды. Көсемдерді жырлау – актуальды тақырыпқа айналды да, көркемдік шеберлік, көркем тіл екінші планда қалды. Қазіргі еліміздің тәуелсіздігі, тәуелсіздіктің алғашқы сәби қадамы ащы шындықтың осылайша бетін ашып отыр.

1960-шы жылдың ерекшелігі – жеке адамға табынудан адамның мойыны сәл де болса босанған шақ еді. Зиялы қауым жан-жағына ойлы көзбен, бірақ, ежелгідей сақтана қарай бастаған кезең еді. Көпшілік қауым Сталин қолымен жасалған кесепатқа бірде сеніп, бірде сенбей екіұдай сезім кешкен. Қаншама уақыт уланған сана үшін Сталиннен кінәрат табу дегеннің өзі төбеден түскен жайдай әсер етті. Дегенмен келе-келе ел елдігін жасап, қозғалысқа енді. Тіршілік өз арнасымен ақты. Көрінгеннен үрке қараушылық бірте-бірте сейіліп, үй-іші, ошақ басында болсын шындықтардың ұштығы шыға берді. Бұл кезде әдебиетке жаңа толқын келді. Әсіресе, бұрынғы Одақтық әдебиет аренасында Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский есімдерімен бірге ащы шындықтың аз да болса жаңғырығы одақтас республикаларға жете бастады. Бұл кезде әдебиет әлеміне жұлдызды шоғыр танылып, өздерінің отты шығармашылығымен оқырман қауымын мойындатты. Олар: дағыстандық ақын Расул Ғамзатов, балкарлық Қайсын Кулиев, қалмақ Давид Кугультинов, тәжік Момын Қаноғат, башқұрт Мұстай Кәрім, армян Геворг Эмин, орыс Егор Исаев, өзбек Зұлфия, қазақ Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, қырғыз Сүйенбай Эралиев, Сауранбай Жусиев, түрікмен Аннаберді Ағабаев, эстон Владимир Бээкман, грузин Иракли Абашидзе, азербайжандық Наби Хазри, литвалық Эдуардас Межелайтис, Юстинас Марцинкявчис, т.б. есімдер поэзия сүйер қауымға ықпалды әсерін тигізген шақ. Осы тұста 1961 жылы Қазақстан топырағынан тұңғыш адам ғарышқа шығуы үлкен әлеуметтік оқиғаға айналып, ол туралы «Адамға табын, жер енді» атты поэмасымен Олжас Сүлейменов есімі әлемдік аренаға көтерілді. Жеке адамға табынудың жойылуы және адамзаттың тұңғыш ғарышқа көтерілуі – екі бірдей оқиға символикалық түрде үйлесіп, әлеуметтік жағдайды айғақтай түсті.


Осы тұста, 1959 жылы «Жас қанат» атты жас ақындар жинағы ақын Ғафу Қайырбековтың алғы сөзімен жарық көрді. Бұл кітап – туған әдебиетімізде оқиғаға айналған кітап. Оқиға болатын себебі, осы жинаққа енген ақындардың тұтастай дерлігі туған әдебиетіміздің тұрақты кадрына айналып, көркем әдебиетімізді көркейтуге көп үлес қосты. Ауыр жүгін арқалады. Атап айтқанда Ізтай Мамбетов, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Зейнолла Шүкіров, Шәміл Мұхамеджанов, Ғаббас Жұмабаев, Жұмекен Нәжімеденов, Еркен Ибраһим, Мағираш Сарикова, т.б. ақындар алғашқы соқпақ жолын салды. Осы кітаптан кейін-ақ көктемнің дүркірей көтерілген көк майсасындай, қаулап өскен гүлдеріндей әдебиетке бірнеше есімдер келді. Бұл есімдер арқылы қазақ поэзиясының көркемдік лирикасы көріктеніп, сұлуланып сала берді. 1960 жылы Зейнолла Шүкіровтың «Теңіз жыры» /өлеңдер/, «Кәмила» /өлеңдер мен поэма/, Тоқаш Бердияровтың «Бейбітшілік көшесі» /поэма мен өлеңдер/, Еркеш Ибраһимовтың «Көкшетау көріністері» /өлеңдер/, Сағи Жиенбаевтың «Сыйлық» /өлеңдер/, Шәміл Мұхамеджановтың «Ана құшағы» /өлеңдер/, Жұмекен Нәжімеденовтың «Балауса» /өлеңдер/ т.б. кітаптары оқырман қолына тиді. 1961 жылы Олжас Сүлейменовтың «Арғымақтар» /өлеңдер мен поэмалар/, «Адамға табын жер енді» /поэма/, Ғафу Қайырбековтың «Арал әуендері» /өлеңдер/, Әділбек Абайділдановтың «Аққайың» /өлеңдер/, Сағи Жиенбаевтың «Дала гүлі» /өлеңдер/, Ғаббас Жұмабаевтың «Нөсер» /өлеңдер/, Ізтай Мәмбетовтың «Табантал», Тұманбай Молдағалиевтың «Құралай» т.б. кітаптар жарық көрді.


Хронологиялық жолмен осылай саралағанымызда, 60-шы жылдар поэзиясының алғашқы өкілі болып ақын Тұманбай Молдағалиев әдебиетке қадам басты. Оған «Студент дәптері» /1959/, «Кәмила» /1960/ кітаптары куә. Бұдан соң қазақ лирикасының көркем жайлауына /біз зерттеу обьектісі етіп алған ақындарды атасақ/ Сағи Жиенбаев «Сыйлық» /1960/, «Дала гүлі» /1961/, Зейнолла Шүкіров «Теңіз жыры» /1960/, «Арал дәптері» /1962/, Жұмекен Нәжімеденов «Сыбызғы сазы» /1962/, Өтежан Нұрғалиев «Менің махаббатым» /1962/, Сабырхан Асанов «Тұңғыш кітап» /1963/, Төлеген Айбергенов «Арман сапары» /1963/, Мұқағали Мақатаев «Ильич» /1964/, «Жанар» /1966/, Өтеген Күмісбаев «Тұңғыш» /1964/, «Алақан» /1966/, Жүсіп Қыдыров «Тұңғыш кітап /1964/, «Таңғы сәт» /1966/, Фариза Оңғарсынова «Сандуғаш» /1966/, Мұхтар Шаханов «Бақыт» /1966/ жинақтары жарық көрді. Ал, 60-шы жылдар поэзиясының өкілі Қадыр Мырзалиев болса, 1959 жылдан бастап, 1965 жылға дейін балалар ақыны болып, 1965 жылы философиялық лирика кітабы «Ой орманымен» жарқ ете түсті. Бұдан соң ақын жыл сайын кітап беріп «Дала дидары» /1966/, «Бұлбұл бағы» /1967/, «Ақ отау» /1968/ жинақтарымен барша қауымды баурады. Осы аталған ақындар 70-ші жылдары да сапалы да, өнімді еңбек етті. Зерттеу обьектісі етіп екі он жылдықты алуымыз да сондықтан.


Ақындар 60-шы жылдары әртүрлі сезіммен әдебиет есігін ашты. Бірі – сезім шуағына шомыла келсе, енді бірі – ой бұлтына батты. Енді бірі – терең ағым, тұңғиық иірімдерге барса, екіншісі – сөз сымбатының шолпыларын сыңғырлатып, шашпауын көтере келді.Әр қайсысының алдында – ақын болу, ақын болып азаматтық парызды өтеу. Ел, қоғам алдында қызмет көрсетіп, жұртшылыққа жүрегімен танылу мақсаты бар еді.


Т.Молдағалиев:


Қызық еді менің ұшқыр қиялым,


Көкірегімде тасушы еді күй ағын,
Бұл сезімді жазу үшін, достарым,
Жүрек керек, керегі жоқ сияның, –

десе ақынның лирика үшін жүректің оты, жанның тебіренісі керектігін алдын-ала сезіне келді.


Қ.Мырзалиев:


Уа, далам! кеңдігіңе тамсаңдым көп,


Айта алман бәрін жазып тауса алдым деп.
Сен – алып пластинка дөңгеленген,
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп! –

десе, ақын өзінің өмірлік кредосын аңғартумен қатар, оның алға қойған арман-мақсатының биіктігін, қарымының кеңдігін нәзік лирика тілімен жеткізді.


Ж.Нәжімеденов:


Қай жаққа, енді қайда бұрыла алам,


Жаным бар шындық дарып, жыр ұнаған.
Осы бір кеудемдегі кішкене бас,
Үп-үлкен дүниенің сырына алаң...

десе, ақын дүние құпиясының сырына сүңгіген сапарынан хабар беріп қана қоймайды, лирикалық жүрегін оқырман алдына тартып, иландырады, болашағына сендіреді.


С.Асанов:


Бәрі де аян, бәрі аян,


Аян емес сыр бар ма?
Бәрі де аян, бәрі аян,
Сырды айтпаған жыр бар ма? – дей келіп:
Сонда да бір жүйрік ой,
Ойланбаған сияқты.
Сонда да бір қызық той.
Тойланбаған сияқты.
Соны тойлау, соны ойлау
Маған қалған сияқты, –

деп, үміт көкжиегіне көз жібереді.


Т.Айбергенов:


Өмір деген – мәңгі гүлдеп жататын,


Құштарлықтың толғағы мен көктемі.
Ешкім оған қоя алмайды нүктені,
Өмір деген сөйлем емес өйткені, –

десе, ақын өзінің лирикалық бітім-болмысын танытып, қарапайым ғана ойымен күрделі де, қасиетті жолдағы алғашқы қадамына мән беріп, зер сала сөйлейді.


Бұл өлеңдерді, ә дегеннен мысал ретінде келтіру мақсатымыз, осы дүниелерден-ақ 60-шы жылдары әдебиетке келген ұрпақтың алғашқы үндерінен, алғашқы қадамдарынан өнер сапарына үлкен дайындықпен, азаматтық жауапкершілікпен, әдебиетті мешіт десек, имене басып, аяқ кебісін құтты шаңыраққа шешіп кіргендігін аңдатары сөзсіз. Ұрпақ үндері ибалы да, нәзік, сезімдері терең де, күрделі екендігін танытады. Мұндай мінез – ақындардың шыққан тегі мен әлеуметтік ортасын да айқындай түседі.


Бұл ұрпақтың басы – сонау репрессия жылдары дүниеге келсе, енді бірін аласапыран Отан соғысы кіндігін кескен перзенттер еді. 1937-1938 жылғы репрессияға ұшыраған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов тағдырлары – бұл ұрпаққа да түгелдей мәлім болып келді деуге болмайды. Аса құпиялықта сақталды. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров кейінірекке дейін оқуға рұқсат берілмегені рас. Сондықтан оқыған буынға Мағжан творчествосынан гөрі Европа, дүние жүзі классиктерінің шығармашылығы кеңірек таныс болатын. Ел аузынан есітіп, жасырып-тығып оқығандары болмаса, ашықтан-ашық оқуға мүмкіндік берілмеді де, ұрпақ пен ұрпақтар арасындағы дәстүр жалғастығы үзілгендей болып еді. Бірақ, олардың көзін көрген, бірге жыр жазған аға ұрпақтан үлгі-тәлім алды. Олар Советтік шындықты жазуда, социалистік реализм әдісімен жазуға үйретті. «Түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік болуға тиіс» деп жар салды. Бірақ, 60-шы жылдардың жаңа толқыны бұл шеңберден шығып, шынайы өмірдің ақиқатына үңілуге ұмтылды. Айта алмаған жерлерін астарлап жеткізді. Ел, халық, уақыт туралы толғану – жаңа ұрпақтың алтын діңгегіне айналды. Табиғат пен туыстасты, адамға тән шынайылыққа бет бұрды. Өтірік көлгірсу, жалған ұраншылдықтан арылды. Осындай адал сезімді лирикалық жырлар – әлеуметтік өмірге әсерін аз тигізген жоқ. Қазақ лирикасы – 60-шы жылдары заманға шеру тартқан өз көшін бастады.


«...Қазақ поэзиясын жалпы әңгімелеу мезгілі өтті, жеке ақындар жайлы монографиялық еңбектер жазылумен қатар, поэзиямыздың әр алуан бай салалары туралы да ақындарымызша даралана, мамандана бастаған зерттеушілер керек. Онсыз әдебиет ғылымы /қазақ поэзиясына табыстарымен бірге қиындықтарға ұшырай отыратын/ көмек ете алмайды» – дей келіп, Ә.Тәжібаев оның ішінде лириканы бөліп зерттеу қажеттігіне тоқталады. Жеке зерттемей әдебиет ғылымы қазақ поэзиясына көмек ете алмайтындығын, ықпал-әсері бола алмайтындығын лириканы бөліп зерттеудің бірінші себебі десе, екінші себебі деп, Ұлы Абайдан басталатын шын мәніндегі қазақ лирикасы тар шеңберлі, талдауға келмес ұлттық қана құбылыс емес екендігін, поэзиямыздың дүние тану дәрежесінде: кең өрелілік, мотив байлылығын, сезім әрлілігі, тақырыптың жан-жақтылығы талданбай, лирикамызға арқау, өзек болатын сан түрлі конфликтілерді, лириканың сөз күшін, ондағы характерлерді жетік тексермей, поэзиямыздың өсу эволюциясына терең бойлай алмайтындығымызды, салыстыру арқылы лирикамыздың сапалық дәрежесін сипаттарлық өлшем табатынымызды тілге тиек етеді.


Үшінші ең басты себептердің бірі деп, лирикамыздың Абайдан бергі ұзақ тарихы бар: оның даму процестері еш уақытта бейбіт түрде, өзге әлеуметтік кезеңдерден бөлек, оқшау күйде өткен емес екендігін, лирикамыздың тарихи әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл мәдени тарихымыздың үлкен бір арнасы екендігін, бұл – еліміздің ірі қоғамдық өзгерістерін қоса баяндайтын арна екендігіне тоқталады.


Абай лирикасы, Шәкәрім, Мағжан лирикасына ұласқан тұстарда «қазақ ұлтшылдарының» поэзиясынан асқынған ашық жаулықпен бірге жалпы символизмге тән бүркенішті, бояулы, сан-саққа бастайтын, жалған іздерге жетектейтін «нәзік» әрекеттерді табу қиынға соқпайды. Ендеше әдебиет өміріндегі мұндай кезеңді аттап өту, әйтпесе тарихымызға «қиянат» деп «зерттеген» тұстарымызда, бұлай сілтенген қылыш, талай алтын бастарды жалмап кетті де, кейін өз кінәсін өзі мойындап: «жасыратыны жоқ, поэзиядағы зиянды ағымдарға қарсы қызу күрестің артық сілтеу, арандағыш жақтары да болды. Символизм мен формализмді әшкерелеуді, оларға соққы беруді – лирика атаулыға соққы беру», – деп түсінген мезгілімізді де тарих ұмытпайды...


Бір жақты жаңсақ ұғынғандықтан, талантты лирикашыл ақындардың өздері көп уақыт лирикадан қашқақтағанын, адам сезімі мен оның нәзік түйсіктерін поэзия тақырыбы емес деген ұранға сеніп, өз дарындарын өзі булықтырғанын жақсы білеміз /«Өмір және поэзия», 14-16-беттер/.


Лирика атаулыға соққы берілген соң «Өз дарындарын өзі булықтыру» 60-шы жылдардың басына дейін келді.Тек, 1948-1954 жылдар аралығында ара-тұра лирикаға бет бұрған ақындар болды. Соның бірі – Қасым Аманжолов болса, оған «Өзім туралы» лирикалық жыры куә. «Сырда туған сырдың ұлы, жаңа Гейне мен болам» деп 1936 жылдары жар салған ақын Ә.Тәжібаев та 1937-1938 жылдардан кейін, 50-ші жылдары ғана лирикаға біржола үн қосуға зейін қойды, деп айта алмаймыз. Содан соң соғыстан оралған Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев лирикалары бой көрсетті. Дегенмен, 60-шы жылдардағыдай қазақ лирикасы қанатын жаза алған жоқ. Бұл құбылыс – әдебиетімізге жаңа толқын, жас толқынның өзіндік үнімен, өзіндік сырымен келуіне байланысты деп білеміз. Бұл буындағы зерттеу еңбегімізге діңгек болғандары төмендегі ақындар: Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, Зейнолла Шүкіров, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Қайрат Жұмағалиев, Өтеген Күмісбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Жүсіп Қыдыров, Фариза Оңғарсынова, Өтежан Нұрғалиев, Қастек Баянбаев т.б.


Осы аталған ақындардың біразының есімі елуінші жылдардың орта шенінде, енді бірі алпысыншы жылдардың басында көрінгенімен, ақын ретінде қалыптасып, халық алдында мойындала бастағаны 60-шы жылдардың екінші жартысында және 70-ші жылдары еді. Мысалға, ақындық қуатын алпысыншы жылдары таныта бастаған Т.Молдағалиевтың 1957 жылы «Студент дәптері» атты жинағы жарық көрді.


Бұл кезеңді көзге елестету үшін, бір ғана деректі айтып өтсек, артық болмас. 1953 жылы орталық газеттің бірінде, қазақтың зиялы қауымының қабырғасына батқан ауыр да, зілді мақала жарық көрді. Ол М.Әуезовтың «Абай» романы туралы. Газетте: «М.Әуезов басты герой Абай образын теріс ашады... Әуезов орыстың адамдарының образын жасау үшін жарқын бояулар таба алмайды... Олар өздерінің кейіпкерін жоғалтқан, олар ұлы орыс халқының таңдаулы қасиеттерін бейнелей алмайды.


Автор пантюркизм мен панисламизмнің кертартпалық сыйпатын әшкерелеуден жалтарады...


М.Әуезов романда орын алған елеулі бұрмалаушылықтарды жоюға тиіс»7, – делінген. Бұл мақалада ең алдымен, шовинистік пиғыл етек алған. Пантюркизм мен панисламизмді алға тартып, қазақ интеллегенциясына тағы бір ауыр қатерді де қаперіне салып қояды. Мұның алдында, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» туралы «Ескілікті іш тарту»8 мақаласы да отқа май құйғандай, отыз жетінші жылғыны көксеу сарыны бар еді.


Мұндай қауіп-қатермен қатар жеке адамға табынудың асқынған, шегіне жеткен сәті де осы кез. Бұл редакциялық мақалалар жарық көргеннен кейін, үш жылдан соң, 1956 жылы «Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» қаулысы жалпы халыққа, оның ішінде әдеби өмірге серпіліс әкелді. Бұл хақында, «Ақындықтың құпия сыры» атты алғы /С.Қирабаев/ сөзде :


«Адам тұсаудан... XX съез ғана құтқарды. Тұманбай осы тұста әдебиетке келді де, өзінен бұрынғы ұрпақтың бойына сіңген тежеуге ілікпей, адам ырқына ғана тән еркін ойды, ашық, бүкпесіз сөзді айтты. Жастығын, махаббатын, туған елінің табиғатын, көктемін жырлады. Осындай жағдайда шын сезімді, адамның көкейін жарып өтетін сүйіспеншілік сырын аңсап отырған қауым, әсіресе, ақынның өзі сияқты еркін ойлап, еркін сөйлеуге ұмтылған оның құрбы буыны Тұманбай өлеңдерін ду көтөріп әкетті. Ол әдебиетке осылай жастықтың, махаббаттың, көктемнің жыршысы болып енді», – деп жазды.


Алпысыншы жылдары қалыптасып, жетпісінші жылдар өзінің ақындық шеберлігін күшейте түскен ақындардың алғашқы қарлығаштарының бірі – Т.Молдағалиев еді. Шынында да, «өлеңді тек саясатқа құрып, науқандық істерге үгіт есебінде көбірек пайдаланған». Қазақ поэзиясы өзінің аз да болса еркіндігін сезіне бастады. Сол тұста өзінің жастық сезім шуағына шомылған Тұманбай ақынның жарқырай көрінуі, сүйкімді болуы өмір тудырған заңды құбылыс деп бағалағанымыз орынды.


Асылында, поэзия – күн шуағынан жаратылған, жаны ізгінің ісі. Жұлдыз жарығындай жанарыңда самсай көрініп, жақын десең алыстай түсетін бір ғажап құпия дүние. Сол жұмбақ әлемге іңкәр адамның, табиғат тылсымына ынтызар жүректің ғана қолынан келер шаруа – поэзия. Адамды және өмірді сүюден басталған ақындық жол – Отанға деген биік парасат шыңына көтерілгенге дейінгі аралықта, тіршіліктің небір қилы-қилы қысталаң соқпақтарына жолығып, ащы мен тұшының дәмін татып, ыстығы мен суығына шыдап, соның бәріне мойып, мойып қана қоймай ауыр жүкті иығымен көтеріп, көтере алатындығын ел алдында мойындап, өзінің мазмұнды ғұмырын қортындылай алғанда ғана, нағыз ақын тұғырына шығары хақ. Сондай тұғыр биігіне жолдағы небір сынақтарды аттап өтпей, өз бағытынан талмай табанды қадам жасап, атын ел халқына жария етіп, мәшһүр етіп келе жатқан ақын – Тұманбай Молдағалиев.


Тұманбай Молдағалиев – Мұхтар Әуезовтің дуалы аузына іліккен бақытты ұрпақтардың бірі. «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» атты мақаласында үлкен жазушы айтқан жылы пікірлерден бастап, күні бүгінге дейін есімі сын пікірдің талқысына түсіп келеді. Әрине, маятниктің аумалы-төкпелі тіліндей әрқилы пікірлер де болды. Сол маятниктің тілін бір қалыпты қозғалысқа келтіріп, тоқтайтын жерінде тоқтата алған, ең алдымен ақынның талантты творчествосы еді. Тұманбай творчестволық еңбек етуден танбады, ал творчество Тұманбайды ақындық өз тұғырына, ақындық өз орбитасына көтерді.


Ақын не жазса да, қалай жазса да, ең бастысы өмірді сүйіп жазады, адамға деген ізгілікті махаббатпен жазады. Тағдырдың талай тауқыметін, тіршіліктің көңілге қаяу салар көлеңкесін өлеңге арқау еткенде, ақын оған ашынудан гөрі, не қаһар төгіп айтудан гөрі, сәби маңдайын сипап отырып, кемшілігін мойындатқандай сезіммен төгіліп, елжірей жазады. Сол сырлардың аржағында үлкен жүрек дүрсілі естіліп тұрады.


Жетім қозы бар қозыдан жасқаншақ,


Көзінде оның тұрады ылғи жас моншақ,
Ол да бірге жүгіреді ауылға,
Барлық қозы жүгіргенде аттан сап, –

дейді ақын «Жетім қозы» деген өлеңінде. Өзге қозылар анасын іздеп ауылға аттан сап жүгіргенде, жетім қозы да сол дүрмекпен бірге келеді. Бірақ оны күтіп тұрған анасы жоқ.


Күн батады, бүкіл қора тынады,


Жұлдыз көкте сәуле сеуіп тұрады.
Соның ғана маңыраған дауысы.
Анда-санда ай астынан шығады...
Қанатымды бір жаза алмай мен еркін,
Қалың ойға шоматындай нелер түн.
Ақ қозыдай анамды іздеп сол кезде,
Бар әлемді кезіп кеткім келетін.

Осы бір үш шумақтардан ақынның үш қырын көруге болады. Біріншісі, ақын тағдырға налып тұрып, өмірді сүйіп тұрып жазса, сүйіп қана қоймай оқырманының да сүйіспеншілігін оятарлық сезім ұялатса, екіншісі, ақынның суреткерлік көз мергендігі: «соның ғана маңыраған дауысы, ай астынан шығатындығы» және табиғаттың кез келген қарапайым деталін адам тағдырымен тамаша ұластыра аларлық қасиеті.


Тұманбайдың 1967 жылы шыққан «Жаңа дәптеріндегі»:


Бақытты адам ол кісі мен білетін


Айтқанына талайды сендіретін.
Асауларды арқансыз үйрететін,
Дегеніне өзінің көндіретін...
Хат алады жақыннан, қиырдан да,
Қол созады қалсаң сен қиын халда,
Барлық жанға жақсылық тілеген соң,
Барлық бақыт басына жиылған ба? –

деген осы өлеңді және Қасым Аманжоловтың өлеңін мысалға келтіре отырып, Ә.Тәжібаев өзінің бес томдық шығармалар жинағының алғы сөзінде былай деп жазды:


«Маған осы екі өлең керемет әсер етті. Мен неге жазбадым екен, осыларды, – дедім ішімнен. Қызығумен қатар қызғанғандай болып та сезіндім. Осылар сияқты жазғым келді. Бұл сөз жоқ Қасымды да, Тұманбайды да ұстаз тұтынудың белгісі еді. Менің «Адам» деген өлеңім де ұстаздардың ықпалымен жазылуы да мүмкін.


Ғашықпын әманда ынтықпын,


Көңілдің күні бар адамға.
Қыздырса ол әулетін бір жұрттың
Жылуы жетпей ме маған да, –

деп басталатын...


– Көрдіңдер ме, мен де бір жақсы өлең жазып тастаппын демекші емеспін. Менікі жаңағы екі өлеңнен төмен шығар, әбден мүмкін. Менің айтпағым қазақ совет поэзиясының жаңа сапасы туралы. Поэзия замандастарымызды жырлауға, олардың жарқын образын жасауға бет бұрды. Поэзияның жаңа шеберлері жаңа өнеге ұсына бастайды. Бұл жаңа сөз маған да ықпал етті, менің творчестволық өмірімнен орын алды демекшімін»9.


Егер ақын аға: «Бұл сөз жоқ Қасымды да, Тұманбайды да ұстаз тұтынудың белгісі еді» деп айта алып жатса, бұл сөз жоқ, Тұманбай творчествосына берілген үлкен баға. Барды бағалай алуда – парасаттылықтың белгісі, өскеніміздің белгісі. Ақын Ғафу Қайырбеков «Белестен асқанда» атты мақаласында Тұманбайдың «Жаңа дәптер» мен «Ескерткіш» атты кітабын Қазақстан Жазушыларының екі сьезд аралығындағы, қазақ поэзиясының асыл қорына қосылатын дүние ретінде бағалаған болатын. Ақын «Жаңа дәптер» кітабы үшін Қазақстанның жастар сыйлығына ие болды.


Поэтикалық дүниенің басты критерииі – тұтас бір организм болуында. Өзінше өмір сүреді. Тіпті, оны жазған автордан да, автор өмір сүрген бүкіл ұрпақтан да ұзақ ғұмыр кешіп, ешкім де тоқтата алмас сапарға шығады. Оған ол кезде автор да көмекке келе алмайды, не автордың көзі тірісіндегі адами пенделігі де кесір тигізе алмайды. Бұл – өлең мен оқырман оңаша бетпе-бет келетін сәт. Сонда өлеңнің өзінше өмір сүруіне не нәрсе тіреу бола алмақ? Ой ма? Әлде сезім бе? Әлде ақыл ма? Әлде жүрек дүрсілі ме? Не өмірдегі сюжет пе? Қалай десек те, ой мен сезім бірлігі, ой мен сезім тұтастығы ғана, өлең ғұмырын өлмес дәрежеге жеткізеді. «Мысль изреченная есть ложь» деп Тютчев айтпақшы, бір жақты ой айтуға ұмтылу, не бір жақты сезім әуезіне салынып кету де жалғандыққа жетелері ләзім. Сондықтан, өлеңнің қос қанаты: ой мен сезім. Осы екі қанатын тең ұстап, жүрегінің терең иірімінен туындатқан ой мен сезім тұтастығының тұтқасын ұстаған ақын – Тұманбай Молдағалиев поэзиясы – туған әдебиетімізде өз орны бар поэзия.


Шіркін-ай, барлық адам досым болса,


Асықсақ жолыққанша қосылғанша,
Бәрі де анам құсап мейірленіп,
Бәрі де анам құсап ашуланса, –

деп тілейтін ақын жанына, ақын жырына зердемен үңіле білсек, небір кестелі сөздің құпия-сырына қаныға алатынымызға шүбә жоқ. Қалай дегенмен де, өзінің автопортретін өзгеден ерек айта білген ақын «Екі Тұман» арқылы жақсы жеткізе білген, батыл айта білген. Шынайылықтан шұрайлы поэзия туған:


Тұр міне алдыма кеп бала Тұман,


Мен оған осы сәтте аға туған,
Інісінің өлең деп жазғандарын,
Үлкен Тұман жасқанды жаратудан, –
Үлкеннің болып жүр жолы құтты,
Көп достарын кешегі ол ұмытты,
Кіші Тұман сезімтал үлкенінен,
Ал, үлкені бақытпен жолығыпты, –

дейді. Ақынның «менін ақынға телімей-ақ қайсы бір азаматты алшы, балалығы мен есейген шақтағы тіршілік тынысымен салыстырып көрсін. Сонда ол, ақын жүрегін «өз жүрегіндей, ақын жырын өзі жазған жырдай» сезініп терең ойға батқан болар еді; Кіші Тұманның арманы үлкен Тұман ба еді? Әлде үлкен Тұман кіші Тұманды қия алар ма еді? Екі өмірде бір-біріне ұмтылыс, бір-біріне деген сағыныш тартылысы жатыр.


Жылдар, жылдар, зымырап ақты құйын,


Ақын Тұман жанының тапты күйін,
Кішісінің жаны адал, жүрегі пәк,
Ал, үлкенін олай деп айту қиын!
Жүрек соға береді тозбағасын,
Күндерменен сен бірге қозғаласың,
Мүсіркеймін кішісін шыным осы,
Үлкеніне ел берер өз бағасын!

деп жазыпты ақын. Ең бастысы ақынға сенесің, сеніп отырып сенім артасың. Сенім артқасын ақынға деген сүйіспеншілігің оянады. Өйткені, ақын өзінің биік қасиетін де, өзінің осал жерлерін де оқырман алдына жайып салып, жұрт осылайсың демей-ақ, өзі-ақ біліп отыр. Міне, ақындық қуат деген өзгенің бойында болатын жақсылық пен кемшілікті жасырмай, өзінікі етіп айтуында. Сондықтан оқырман, өмірдің өз ағысы бұрып кеткен, амалсыздан болатын кемшіліктерді бөлісіп, ортақтаса да алады. Ол оңаша отырып: «бұл менмін!» деп айтудан да тайсалмай, өзінің сүйіспеншілік жүрегін авторға амалсыз ұсынады. Өлең ғұмыры деген осы.


Әрбір қаламгер өзінің творчествоға арналған саналы ғұмырын кезеңдерге бөліп жатпаса да, тындырған шаруалардың өзіндік белестері айқындалып, ерекшеленіп, тұлғаланып тұратын сәттері болады. Аламан бәйгенің де шегі, өзіндік айналымдары бар. Міне, осындай Тұманбай ақынның бірінші айналымы, баянды өмірінің алғашқы қорытындысы болған кітап – «Қош, көктем» /1971/ атты таңдамалы өлеңдер жинағы. Жинақтағы «Студент дәптерінен», «Жас қанаттан», «Көктем таңынан» ақын жүрегінің жастық жалыны ойнап, көктем дүние көз жанарына үйірілсе, «Алатау қызында» өмірге ұмтылыс, алдағы таңдар атқаратын қыруар істерге деген азаматтық нық сенім бар. Содан да:


«Таң атып қалды, таң атып қалды тұрыңдар,


Баратын жерге басқадан, балам, бұрын бар,
Күн шығып қалды, күнді де жұрттан бұрын көр,
Дұшпаның ұйқы, ұйқыны бойдан қуыңдар, –

деп аталы сөзді қуаттаған ақын жаны «боранды қарсы қамшылап қойып атын», «күнді де жұрттан бұрын көруге» іңкәр.


Тұманбай Молдағалиевтың ақындық қуатын ерекше танытқан кітап – «Зулайды күндер» мен «Жүрегім менің сапарда». Бұл екі кітап та ақын альпинистей биікке өрлеп, шеңбердің өзіне лайық шыңдарына шықпақ десек, артық айтқандық бола қоймас. «Кейде біз қимылсыз жатып-ақ, өрлеп ұшып бара жатқандай сезінеміз», – дейді ақын Әбділда Тәжібаев Тұманбай інісінің «Жиырма бесінші көктеміне» жазған алғы сөзінде, – Бір биіктен соң бір биікке асамыз, асқан сайын жарқылдаған жаңа белестер шығады алдымыздан. Көк белдеулерден жаңа жарық қақпалар ашылады... Күн қандай жарық, жол қандай әдемі – бәрі де бізді ілгері шақырады. Әлем әсем әуенге, сансыз бояуларға толы, аңсаған достарымыз бізді биіктерде күтеді.


Сондай шақта біздің тілімізге сиқырлы ырғақтар оралады. Біз дұғалық сезіміздей отты жырлар оқи бастаймыз». Бұдан әрі поэзия достарының ақын шығармаларына деген махаббат мейірімдеріне, ықылас ниеттеріне сөз жеткізу қиын екенін айта келіп ақын, Тұманбай Молдағалиевты осындай дарынды оқырмандардың сана-сезімдерін түгел меңгерген, олардың сүйіп оқитын аз ғана ақындарының бірі деп таниды. Бұл сөздің әрине, жаны бар.


Тырна даусын жатырқамай жатсынбай,


Тыңдайды ұйып биік құздар, ақ шыңдар,
Көктем келді көкірегімнің құстары,
Қиқуламай неғып ұйықтап жатсыңдар?

/«Қайта оралды тырналар»/


дейді ақын. Ол өзіне емес, өзгеге айтылған сөздей құдіретті, әрі қарапайым. Өмірлік өлеңінің мінезі. Бұл – «жылжыған жыл – айтылған жыр, шапқан аттың» үстіндегі Тұманбайдың ақындық мінезі. «Самайды басты ақ қырау, ағарды бүгін сан шашым, ойға да, қырға шапқылау – тұр күтіп әлі қанша сын» дейтін жүректің табиғаты...» дейтін көңілдің оты. Бұл – «ақыннан аспан биік шығар, ақыннан жұлдыз ғана тұр жоғары» дей алар сезімнің жауабы. Бұл – «Балалық дәурен ол да аяп, бермепті маған көп кезек, жетіге жасым толмай-ақ, тағдырмен шықтым жекпе-жек» дейтін мұң мен сенімнің үні.


Ақын Олжас Сүлейменов «...Шын мәніндегі профессионал қаламгерлер барлық әдеби жанрда жаза білу қабілеті болуға міндетті; лирика, эпос, эпиграмма, публицистика, ертегі, проза, өлең, роман, тарихи зерттеу еңбектерін жазған Пушкинді еске алыңызшы», – деп жазған. Бұл талаптарға айтылған шындық деп қарасақ, Тұманбай Молдағалиевтың поэзия саласында ат салыспаған жанры жоқтың қасы: лирика, толғау, поэма, ән-өлең, балалар поэзиясы т.б. Бұл аталған жанрларда да ақын өз шеберлігін танытты.


Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастарының сыйлығының лауреаты, ақын Тұманбай Молдағалиев туралы сөз – ақын туралы сөз. Дүние дүние болғалы, ақындар әулеті арасында қыршын кеткендер де мол. Олар дүниеде жасындай жарқылдап, жұлдыздай ерте ағып жанарлар мен жүректе мәңгі орын тепкен. Ақындар әулеті арасында, ұзақ ғұмыр кешіп, қариялық өмір көшін басынан өткізіп, өмірді өзінің ғұмырымен өлшеп салмақтай білген ұлы тұлғалар да мол. Олар тұңғиық дүниені, шексіз әлемді, көз жетпес қиялымен барлап, қария ғұмырымен бағалап терең иірімдерге тартқан. Сезім мен ойды қарттың ғұмырымен салмағын артқызған және жүгі де ауырлай түскен. Біз жастығымен жаңа қоштаса бастаған, тіпті де қоштасқысы келмейтін: «Ойлама жаным, ағаңды туа сап әйнек киді деп, осынау мосқал адамды, қалайша тәтем сүйді» деп, қарсылық білдіретін, білдіріп қана қоймай:


Тұманжан едім кеп-кеше,


Ағалар үшін алдағы.
Олардың жаны ақ төсек,
Ақ самал еді таңдағы.
Кіші боп жүре бергеннен.
Жалыққан кезім жоқ еді.
Өлеңге алғаш келгенде,
Алдымда аға көп еді...
Қинады-ау мына балалар,
«Тұмекең біздің» деп күнде.
Тұманжан дейтін ағалар,
Ағалар қайда кеттіңдер?! –

деп жылдар ағысын мойындайды. «Көзімнің моншағын көрсем бе деген жылдар бар...» деп келер күнге үміт артады.


Т.Молдағалиев жырларынан нені көреміз? Ең алдымен, өлең ақын өмірбаяны екенін, өз ортасының көңіл-күйі екенін сезінеміз. «Елуінші жылдардың орта кезінен күнделікті баспасөз бетінде жариялана бастаған «...оның өлеңдері оқырмандарды селт еткізіп бірден әдебиет сүйер қауымды өзіне баурап алды».


Баурап алуы себебі, жеке басқа табыну дәуіріндегі жалаң мадақ, үгіт-насихат, науқанды өлеңдерден жұрт әбден жалығып, мезі болған. Тұманбай жырлары дәл осы тұста, бозалаң таңда жана бастаған шырақтай жылт етіп жанды. Жылт етіп жанған өзгеше отты жыр сүйер қауым қасиеттеді. «Ақынды жеке адам деп қарау аз, ол – қоғам өкілі, адамзат өкілі» деп қабылдасақ, Тұманбай жырларынан уақыт, қоғам тынысын да сезінеміз. «Соғыс бітті», «Маңдайындағы үш әжім» өлеңдерінде майданнан оралмаған әкеге деген сағыныш, өмірі соғыста опат болған ағаларды аңсау, жесір қалған жеңгелер тағдыры – қасіретті уақыт үнімен үндес. Бір ғана «Етік» деген өлеңін алсақ, бұл дүние қарапайым, қанша жеңіл жазылса, соншалықты салмағы ауыр дүние:


Арбасы балалықтың алға жүрді


Жау көздеп атты менің арманымды.
Аш жүрдім, суық үйде ұйықтадым мен,
Білмеймін қалай тірі қалғанымды, –

деп басталатын лирикалық өлеңнің шағын сюжеті соғыс кезінде анасы екеуі кезектесіп киетін жалғыз етігі болады. Бұл анасының – жұмысқа, өзінің мектепке киіп баратын етік.


Сол етік кейін маған сыймай қалып,


Жыладым, жүзім жасқа шимайланып.
– Етігін әкең келсе киесің, – деп,
Анашым кете берді үйді айналып.
Ұнымыз жетті жазға үнемдеумен,
Жәрдемді бақыт көрдік біреу берген.
Балалық бастан өтіп кетіпті ғой,
«Етігін, әкем келсе, кием» – деумен.

Осы бір қарапайым тіршілік суретінде жетім ұлдың үлкен тағдыры, қасіреті жатыр. Сол кездегі жетім өскен ұл-қыздардың тағдыры, уақыт, қоғам суреті. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен бетпе-бет келген ұрпақтың өкілдері 60-шы жылы келіп, 70-ші жылдары әдебиетте таныла бастады. Сол тұста өзінің балауса үнін жеткізіп, соғыс тауқыметін жазуға ұмтылған ақын – Жұмекен Нәжімеденов.


Ақын Жұмекен Нәжімеденов өмірден ерте кетті. Ғұмыры жете алмаған күнге, ақынның өзі жетпесе де, өмірлік туындылары жетер деген сенімдеміз. Қолымызда – кітаптары; көз алдымызда – өмірлік жолдары. Әрбір дүниесі өнер сапарындағы бір-бір беттей, ақынның еліне, халқына қалдырған аманатындай. Бірінші жинағы «Балауса» /1960/ – ақынның жиырма бес жасында жарық көрген. Содан соң «Сыбызғы сыры» /1962/, «Өз көзіммен» /1964/, «Жоқ ұмытуға болмайды!», «Жарық пен жылу» /1966/, «Күй кітабы» /1967/, «Мезгіл әуендері» /1968/, «Ұлым, саған айтам» /1969/, «Гүл туралы баллада» /1971/, «Ақ шағыл» /роман – 1973/. «Кішкентай» /роман – 1975/, «Даңқ пен дақпырт» /роман, повестер – 1977/, «Жеті бояу» /1979/, «Ашық аспан» /1982/. «Қыран қия» /1984/ кітаптарын оқырман алдына тартты. Творчестволық сапарының әр кезеңіндегі қорытындысы ретінде «Мен туған күн» атты таңдамалысы 1972 жылы, оқырман алдындағы ақтық есебі ретінде «Темірқазық» атты дүниесі баспадан басылып шықты.


Бірінші кітабы – «Балаусаның» беташарында:


Тау сулары таусылмады, ынтықтырып ағады,
Қыз – толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады, –

деп жастықтың жарқын беттерімен бастаған ақын, алғашқы дүниесінің өзінде тамырлы ойды терең тартып:


Тағы да, тағы да бір жыр бастайын,


Айнала құрдас терек, сырлас қайың:
Өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ,
Өмір бар жүз драма бір бас сайын...
Қай жаққа, енді қайда бұрыла алам,
Жаным бар шындық дарып, жыр ұнаған
Осы бір кеудемдегі кішкене бас
Үп-үлкен дүниенің сырына алаң...
/«Балауса», 54-бет/ –

деп жырлаған еді. «Үп-үлкен дүниенің сырына алаң...» жүрек өзінің әдебиет сапарындағы өмір жолымен қай тұста қоштасарын білген жоқ. Бірақ, сол бір қас-қағым сәтке дейін туған әдебиеттің үлкен жүгін арқалап, жанар жұмылып, қолдан қалам түскенше өмірді өз көзімен жырлап өтерін сезінген-ді.


Өзінің шығармашылық өмірінде барынша ерекше жазуға ұмтылған, күтпеген терең ойды әр жол сайын оқырман алдына тарта отырып табиғатымен таңдай қақтырған ақын Велимир Хлебников туралы Владимир Маяковский: «Колумб новых поэтических материков», – деп бағалаған болатын. Сондай поэтикалық құрылықтарды ашуға бар ғұмырын арнаған ақындарымыздың бірі, бірі емес, бірегейі – Жұмекен Нәжімеденов.


Жұмекен жырларының әр кітабын бір-бірімен салыстыра қарағанда, поэтикалық құрлығының ендіктері кеңіп салып, кемелділікке көтерілгендігін көретініміз ақиқат. «Балауса» жырын баянды етіп, «Сыбызғы сырының» әуенін қоңыр үнге келтіріп, өз табиғатына жақындатып, өз көзімен ғана көруге ынтыққан ақын үшінші кітабында-ақ:


Кешегі жырым ба – бұл жырым,


Кешегі ойым ба – масқара-ау!
Мына таң өзгеше сайратып бұлбұлын,
Ұялтып тастады-ау, –
деп, қайта сілкенген жүрек:
Сенім көп Қол менен Кеудеге,Кеудем бар! Құдірет – күш кімде,
Шынымен менде ме?!
О, онда сене бер! Біл тағы
Қымбаттың бәріне бағамын.
Ал, бірақ сөгілсе Дүние ұлтаны
Өзімді шеге ғып қағамын!
/«Өз көзіммен», 9-бет/

деп «үп-үлкен дүниенің сырына алаң...» көкірек көзін қайта толқыта отырып:


Басымда бар білем ой анық,


Әр минут әлінше қатады үн...
Таң ата бала боп оянып,
Күн бата шал болып жатамын.
/«Өз кезіммен», 10-бет/ –

дейді. «Өзім» деген өлеңінде ақын табиғатына тән асқан сыпайылық танытып былай жырлайды.


Болмаса да көк өзенім гүрлеген,


Көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен...
Сондықтан да жиі жанып, сөнем мен,
Жығыламын кейбір асау теңеуден.
Осынау бір олпы-солпы өлеңмен
Өзімді-өзім түсіндіріп келем мен...
/«Өз көзіммен», 45-бет/

Шынында да ақын алғашқы қаламынан бастап, ақырғы күніне дейін табиғи жырлап, өзіне ғана тән соны ырғақ сазбен толғап, өзін-өзі түсіндіре білді, өзін-өзі дәлелдей алды. Дәлелдеу жолында ақын мазмұн мен форманы етене ұштастыра білумен қатар, күрделілікке бет бұрды.


«Туған Отан үстінен қанатын қағып өтіп жатқан күн, түн айларды құрап, уақыт та өз ағысымен ағуда. Бірақ сол уақыт ағысы тіліміз жаңалық деп атайтын құбылыстарға толы сондықтан ол да бұрынғы біріне-бірі ұқсас ағыс емес...» дей келіп, 1961 жылғы лирика туралы «Жыл әкелген жырлар» атты мақаласында ақын Ғафу Қайырбеков тұңғыш жинағы шыққан Жұмекен жырларын «тілге тиек етіп», ойлы, ақылды, тапқыр нәзік, лирикасына» зерде қояды. Сол кездегі сыни көзқарастарға орай айту формасына, тапқыр да нәзік лирикасына, кейін өзі қанағаттана қоймаған Ж.Нәжімеденов күрделі поэтикалық стильге көшті. Дәстүрден туындаған стилді, форманы дамыту – басты қазынасына айналды. Қазақ поэзиясындағы Жұмекен әкелген жаңалықтарды зерттеу әдебиеттану ғылымының басты объектілерінің бірі боп қала бермек. Ақынның дәстүрімізге сіңген әрбір образды үстемелете, үдете бейнелеу, яғни градация тәсіліне ден қоюы, әрбір шумақта, не әрбір өлеңде ғана көрініс тауып қоймайды, сонымен бірге әрбір жаңа кітабында тұлғалана көзге шалынады. Көзге шалынуы да, мен мұндалап тұрған пафостық рухта көрінбейді, қайта асыл кенімді қалай қазып алар екенсің дегендей, құпиясын тереңге тартады. Тереңге бел шешкен оқырман ғана – Нәжімеденовтың жанкүйер оқырманына айнала алары хақ.


Ұлы Жеңіс мерекесінің жиырма жылдығына арнаған «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты циклында, соғыс салған жарадан тән жазылғанымен, адам жаны жазыла қоймайтын қасиетті, ерте өрт шалған махаббатты жырлауда Ж.Нәжімеденов ақындық орбитаға шығып, поэтикалық ғарыштағы қарымын байқатты. Кітаптың бірінші әңгімесі былай басталады:


Сонау жылдар еді бұл,..


Күзетті аспан күңіренген ел үшін,
Ел күзетті әкесі жоқ баланы,
Шал күзетті жесір қалған келінін,
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің кілттеулі есігін.
Ар күзетті туған жердің картасын,
Көлін, тауын, жесірлердің, жартасын,
Күзетті іні ер-тоқымын ағаның,
Ай күзетті кәрі аспанның қабағын.
Жатты солай талай қыс пен күз өтіп,
Бұл дүние бірін-бірі күзетіп.
/«Жоқ, ұмытуға болмайды!», 5-бет/

Бұл соғыс трагедиясының көрінісі, халықтық қасіреттің бейнесі еді. Мұнда ақын өткен соғыстың трагедиясы мен героикасын адамдар жүрегінен іздейтінін, өмірді лириктік көзімен ғана шолып отырып, өміріміздің өн-бойына соғыс трагедиясы мен сол тұстағы асқақ монументальдық тұлғаларды таба білгенін кезінде айта алған сыншы Әбіш Кекілбаев: «Жұмекеннің балауса жыры – көп ретте ауыз толтырып айтқанымызбен, әлі де болса ұлан-ғайыр шалқар шаһар боп кете алмай, бір дөңнің үстін толтыратындай ғана іргелі ауыл – қазақ өлеңінің жаңа шаңырақ көтеріп жатқан жас отауларының бірі. Өзгеге қиянат қылмай, өзі тапқан дүние-мүлкі бар, сонысын молайтпақ боп тырысып жатқан тірлігі бар отау. Біз қазақ поэзиясын қанатын кең жайып, үсті-үстіне түтін түтетіп, үй көтеріп жатқан перзенттері бар үбірлі-шүбірлі үлкен ауыл санайтын болсақ, оның жас шаңырақтарын әшейін бір күркелер деп санамай, өркен жайып өсе бастаған жаңа әулетіміз деп қараған жөн»11, – деп жазған еді. Бұл, әрине ақынның бүгінінен ертеңіне жүк арта отырып, кең көсіле алмай, тартына айтқан, сыншыға тән сақтанып айтқан пікірі еді. Анығын айтқанда ақын «Жеті бояу», «Ашық аспан», «Қыран қия» және «Темірқазығына» тірелмей тұрған сәттердің өзінде-ақ, нақтылай түскенде «Өз көзіммен», «Жоқ ұмытуға болмайды» және «Жарық пен жылуы» дүниеге келген сәттен бастап-ақ, Жұмекен Нәжімеденов қазақ өлеңінің өзіндік жаңа шаңырағын көтеріп үлгіріп еді, қазақ поэзиясын кең жайдырып, түтінін түтетіп, үй көтерген әдебиет аулының, нағыз өркен жайған әулетіне айналған. Мұны ақын кейінгі творчестволық ғұмырымен, «өмірдің өзіндегідей байсалды, қарапайым, солай бола тұра бауырына қат-қабат сыр жасырған күрделілігімен» дәлелдеп өтті.


«Адам тағдыры мен тартысының барлық шақтарына өзінің ішкі-сыртқы болмысымен, нақтылы түгел шолған жазушының көңілімен ғана көңілдегідей шығарма туып, жүрек қанымен жазылғандай әдебиет шығармасы өзі де сүйген, өзі де жиренген жаннан шығатын болса» /М.Әуезов/ соның бірі – Жұмекен Нәжімеденов, «Жазушының тіл шеберлігі оның лексикон байлығымен ғана өлшенбейді, сол байлықты жазушының шығармада пайдалану шеберлігімен өлшенсе» /М.Қаратаев/. Сол қырымен ерекшеленетін ақынның бірі Жұмекен Нәжімеденов, «Қазақ поэзиясының жалпы әңгімелеу мезгілі өтті, жеке ақындар жайлы монографиялық еңбектер жазумен қатар, поэзиямыздың әралуан бай салалары туралы да ақындарымызша даралана, мамандана бастаған зерттеулер керек /Ә.Тәжібаев/, болса, соған арқау боларлық объекті – Ж.Нәжімеденов творчествосы.


«Нағыз поэзия адам жанының асыл сәулелерінен, нұрлы мүдделерінен, сұлу мұраттарынан, дархан шабыттарынан құйылмақ» /Ш.Елеукенов/ болса, бұл да ақын Ж.Нәжімеденов дер едік. Өйткені ақын:


Арман, арман алға бұрды бетімді,


Нені қусам – сүйем соған жетуді,
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке,
Бүкіл дүние тұрып қалар секілді!

деп толғанып, өмір үшін, өмірді өзек етер өлмес поэзия үшін барын салған, қарымы жетпей қалған жерде, адал ақындық жүрекпен күресе білген қаламгер. «Талант шын қатысқан жерлер әрқашанда әсем» /Ғ.Қайырбеков/.


Жүр ғой жыр мені батыл ғып,


Шыныңды ғана шерт деумен,
Шыға ма деймін ақындық,
Өзіңді-өзің зерттеуден, –

деп Жұмекеннің өзі жырлағандай, соңғы жылдардағы поэтикалық туындылары – ақынның жан-жақты да, терең ізденісін паш етеді. Ақын табиғаты мен жыр табиғатының біте қайнасып, ажырамас бір организмге айналуынан өмір бейнесі, адам тағдыры, шынайы шындық табиғи болмыс-бітім табады.


«Адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім» /С.Әшімбаев/ десек, осы ұлы күшті жырлауда да ақын Жұмекен Нәжімеденов кемелдік танытты. 1967 жылы Қазақстан жастары сыйлығы берілген «Жоқ, ұмытуға болмайды», «Жарық пен жылу» атты қос еңбегінде, ақын қоғамымыздың алтын діңгегі – адамгершілік тақырыбына ден қоя отырып, «сарбаз сананың салтанат құруына рухани көмектесіп келе жатқан, көмектесе беретін поэзияны» еркін сөйлете білді. Жарық пен жылуды – адамгершілік парасаттың бейнесі ретінде алған ақын:


Жарық!
Көрем сені жанарынан тамшының


Шешендердің таңдайынан көрем мен:
Көрем сені көмейінен әншінің,
Ал, кейде бір...туып кеткен өлеңнен, –
дей келіп:
Көрінбейтін жарық болса, көзде егер,
Оның да аты – жылылық! –

деп, жарық пен жылу символикасын тоғыстыра отырып толғанады. «Кішкене балладасында» айтылған ақындарға ортақ ащы шындықты ақтарыла жырлаған сыры, «Түн» жырына ұласады:


Толқиды түн...үнсіз тілмен түнді ызғар


Сора-сора бозартуға аз ғап тұр.
Сабырлы аспан сәл қозғалса, жүлдыздар
Тамып кете жаздап түр...
/«Жарық пен жылу», 32-бет/

Бұл ақын поэзиясына ғана тән теңеу емес, сонымен бірге жұлдызды жылдарының бейнесіндей әсер береді.


«Болмыс құбылыстарына сырт шолғыншы ғана емес, оның тұңғиығы мен тереңіне шұқшия үңілген зерделі зерттеуші» бола білген ақын «Күй кітабында» басқа бір қырынан көрінеді. Кітаптың атына сай музыканың құдіретіне бас иіп, тәнті болған жыр саздары да ішкі әуездікке құрылуымен бірге, ой мен сырдың тұңғиығына тартады, оқырманын Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина және Паганини туралы толғаулардан тұратын жыр өлшемдері де өзгеше өрім тапқан:


Қыңыр болды не керек – болайын деп болды ма,


Бір күн болды керемет – болайын деп болды ма;
Ол асау да болмас ед – болмасына қойды ма
Түрме, бұғау, қудалау. Дала және домбыра.
/«Күй кітабы», 14-бет/

немесе:

Киік қашты титтей жаны талып та,
Күйші қуды өз кінәсін танып қап.
Киік қашты ажалына өзінің,
Күйші қуды жанып қашқан сезімін.
Киік қашты – құтылмасын білсе де,
Күйші қуды – жете алмасын білсе де.
Дала момын –
Әр басқаның – тепкідей;
Қашуға да, қууға да жетті ғой.
/«Күй кітабы», 12-бет/

немесе:

Бұлқынсам қаттырақ – мүшем де ұйып барады,
Ханға бермес қолымды – кісен қиып барады,
Жылау салса жаныма – торыққаны деп түсін,
Бұғау салса қолыма – қорыққаны деп түсін!
/«Күй кітабы», 4-бет/

деп жырлаған ырғақтардан ақын өз болмысын іздейді. Бір кездері Қазақ консерваториясының халық аспаптары факультетінде /1956-1959/ оқыған ақынның бұл тақырыпқа барып, «Күй кітабын» жазуы да тегіннен тегін емес. Мазмұнды ғұмырының өзіндік шежіресі іспеттес.


«Гүл туралы баллада» атты кітабында «Үлкен кісі», «Дастарқан», «Домбыра» атты толғаулары, балладалары оқырманын тебірентсе, «Қоңыр дәптер» атты бірінші бөлімінде ақын лирикалық кейіпкердің көңіл күйі, жан сезімі арқылы бүгінгі өмірдің саналуан құбылыстарын бейнелейді. Жалпы алғанда, ақын творчествосының табиғатын бейнелейтін теңеу де, Жұмекен поэзиясының символикасы да осы қоңыр үннің құпия-сырында жатыр:


Төкші, төкші домбыра қоңыр үнді,


Бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды, көрейінші,
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді;
Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді, –

десе, енді бірде:


Бала қазым барады көлде момын,


Көрмегенім жақсы еді, келмегенім:
Бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты,
Қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты.
Бұдан артық жаныңа батырар кім,
Сәл, шыдай тұр, мен де бір қатырармын,
Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп,
Қоңыр-қоңыр ой-ойлап жатып алдым...

дейді. Бұл сыршыл да, терең қоңыр үнін оқып «Жеті бояуында» жаңғыртып, былайша түйіндейді:


Қоңыр күні, қоңыр дала, қоңыр үн...


Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім,
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен,
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем,
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,
Шешем қалды қоңыр төбе басында,
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге...

Әр кездері жазылған балладалары мен толғаулары енген, бірнеше кітабының басын топтастырған бір томдық «Темірқазығының» алғы сөзінде ақынның қоңыр өлеңі туралы «қазіргі қазақ поэзиясындағы қадау-қадау іргелі суреткерлеріміздің бірінің күллі творчествосына құлақ күйі болғандай» – деп жазыпты. Кітаптың алғы сөзін жазған Әбіш Кекілбаев «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды сүт», «Соңғы махаббаты» атты поэмаларын бағалай отырып, «Адамзат болмысының соғыстай шерден шыққан трагедиялық астарын мұншалықты терең жеткізген кемел туындылар біздің әдебиетімізде кемде-кем. Бұл поэмалар – ақын Жұмекен Нәжімеденовтың ақындық тегеурінін әбден танытқан шығармалар» – дейді. Бұл, әрине, әділ пікір, әділ баға. Осы «Темірқазық» кітабының соңында Ж.Нәжімеденовтың «Ашық хат» атты өлеңі – ақын мұратын танытатын түйінді жыр. Бұл – ең алдымен өз оқырманына ашық хат, сонан соң поэзияны бағалай алар әдеби қауымға ашық хат. «Жазушылар атақ-даңқын қызықтаған шақтары, сөз етеді жұрттан алған хаттарын» деп басталатын өлеңде бір қаламдасы оқырманнан жүз хат алғанын, енді бірі алты жүз хат алғанын әңгімелейді. Ал, ақын өзіне келген хаттарды кейін бажайлап қараса, бір-ақ адам жазғанын біледі.


Біле алман,


Шыға алмадым үміт, сенім, күмәннан,
Тек аталған кештен бері бір түрлі
Белгісіз күш сүйреп мені сиқырлы
Одақ жаққа жиі-жиі оралдым.
Жиі-жиі хат сұрайтын боп алдым.
Пісуі өткен қарақаттай үзіле,
Қарай жүріп бейтаныстар жүзіне.
Үйрендім мен әлемді дос санауға,
Бар адамға жылы ұшырап қарауға –
Сен шығарсың, бәлкім, соның біреуі? –
дей келіп, ақын өзінің айнымас оқырманына:
Баяғыдан елеп келгенің үшін,
Әруағым боп жебеп келгенің үшін,
Есең қайтар уақыт пен халықтан –

деп түйіндейді. Жұмекен кей жырларында барша қауымның ақыны боп танылса, кей жырларында ғана емес, көбіне шоқтығы биік талғампаз аз оқырманның да ақыны болып өтті, өмірден. «Қиянатың тонна болса өлшемей, қайырымын «грамдайтын тірліктен» талғамды, парасат биігіндегі ақындар сапында болып өтті, өмірден... «Ең ұзақ күн» атты өлеңі ақынның ақырғы сәтіндей елестейді:


Телефонның шырылынан сол күні


Жүрек қысты,
Қаным қатты толқыды.
Ащы тиіп торғайдың да дауысы,
Жаңғырықтай секілденді тау іші,
Нақ сол күні...

Иә, нақ сол күні пендешілік тіршіліктің салмағы оңай тимей, бірінен соң бірі соқтыға берді. «Нақ сол күні...тағдыр басқа бермесін, – өз үйіне түнемепті бір досым», «Нақ сол күні мені сынап бір сыншы, жазудай-ақ жазған екен /құрысыншы!/. «Ауық-ауық жиналыс боп сол күні, шекем қысты – қаным жиі толқыды. Бұдан соң:


Көкірегім қаңырап кетті бір түрлі,


Тек әлде бір қан тамыры бұлқынды, –
Жүрегім де әлгі байғұс досымдай
Өз кеудеме түнемеген сықылды...

Бұл да өмірде болатын ең ұзақ күндер! Ақынның айтпақ ойы басқада. Адамды адам қадірлеу, барында бағалау. «Жүрегіңді өзінде түнетпеу үшін» күресетін қаны қараларға айтқан «Жарық пен жылуы», «Жоқ, ұмытуға болмайтын» ақындық өмірі. Жұмекен Нәжімеденов ұлы өмірге – бетпе-бет келіп те, жекпе-жек келіп те «өз көзіммен!» деп айта алған ақын.


Балай алман Сізге мынау шалды мен


Мағынасыз емес бірақ әңгімем.
Алдыменен біз қинайық мылқауды,
Тілі барлар ұғысайық алдымен! –

деп ақын көз соқырлығы емес, көкірек көзінің соқырлығынан сақтандырып, алдымен тілі барлардың ұғысуын қалайды. Сол арқылы адамда адамның бағалауын, соның ішінде поэзияны терең түсінуді, терең түсінісуді мегзейді.


Қазақ поэзиясының, оның ішінде лириканың жаңа кезеңдегі болмыс-бітімін, табиғатын тереңірек тану мақсатында өзіндік ерекшелігі бар, бір-біріне ұқсамайтын екі ақын шығармашылығын көлемділеу сөз етуіміздің себебі, тақырыптық және стильдік т.б. талдаулар алдында, 60-шы жылдары әдебиетке келген ұрпақтың біртұтас тұлғасын аз да болса көзге елестету еді. Бұл бағытта Тұманбай Молдағалиевтен бастауымыздың себеп-салдары ол өз тұстастарының көш бастаушысы, яғни өз буынымен салыстырғанда, бәрінен әдебиетке ерте келген ақын. Жұмекен Нәжімеденов болса, 60-шы жылдары әдебиетке келіп, 70-ші жылдары өзінің шеберлігімен ерекше, тың тұлғаға айналған ақын.


Бұл буынды тоғыстыратын ортақ тағдыр – балалық шақтары соғыс қасіретімен бетпе-бет келуі.


Тұманбай Молдағалиев пен Жұмекен Нәжімеденов те Қадыр Мырзалиев пен Сағи Жиенбаев та, Мұқағали Мақатаев пен Өтежан Нұрғалиев та т.б. ақындар сияқты соғыс кезінде балалық шағы өтіп, әдебиетке бір-бірімен шамалас уақытта келген, яғни 60-шы жылдары келген ұрпақ өкілдері болып саналады. Бір ғажабы, балалық шақтары басынан кешкен соғыс тауқыметін, соғыс қасіретін көруі, оларды жырлауы әртүрлі. Тақырыптары бір болғанмен, лирика тілінде сөйлету тәсілдері әр алуан. Мысалыға, Тұманбайдың біз атап өткен «Етік» деген өлеңін алалық. Анасымен екеуі алма-кезек киіп жүрген етігі симай қалғанда:


– Етігін әкең келсе киесің, – деп,


Анашым кете берді үйді айналып, –

дейді де:


Балалық бастан өтіп кетіпті ғой,


«Етігін әкем келсе кием», – деумен.

деп түйінделеді. Ал, осы кездегі өмір сүретін Жұмекен Нәжімеденовтің көруі тіпті басқаша. Сонау жылдары:


Ел күзетті әкесі жоқ баланы,


Шал күзетті жесір қалған келінін.
Күзетті ана нәрестесіз бесігін,
Жар күзетті күйеуінің есімін.
Түн ішінде түндей қара шал қақты
Кей жесірдің кіліттеулі есігін, –
дей келіп:

Жатты солай қыс пен күз өтіп,


Бұл дүние бірін-бірі күзетіп, –
деп Жұмекен өзгеше сурет салды.

Бұл кезеңді Қадыр Мырзалиев көзімен қарағанда да өзгеше сурет жанарыңа елестейді:


Бармақтай боп сол күнде,


Жатпаушы едік дем алып.
Әр маяның түбінде,
Қалды біздің балалық, –

дейді. Мұқағали Мақатаевтың жүрек жарасы, тіпті де, бөлек:


1941 жыл ақпандатқан,


Сыртта аяз,
Ауылымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат – аспан, жерді аттандатқан, –
деп келіп, жетім жүрек анасына:
Қалай сені жұбатам, аңыра, Ана.
Сау қайт деп тәңіріңе жалын, Ана,
Мына отырған иеміз құласа егер,
Саған жар, әке бізге табыла ма?!
...Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін әкең өлді дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған... –

деп жырлайды. «Соғыстың соңғы жазы» атты кітабын тұтасымен бала тағдыры басынан кешкен соғыс тауқыметіне арнап жыр жазған ақын Өтежан Нұрғалиев «Орамал» деген өлеңінде, басқарманың келіншегі Дарайы «бір ауылдың құдайы ғой ерім» деп, әп-әдемі құс орамалды жетім мен жесірден күштеп тартып алады. «Бір кездегі бақыт сыйған отауға ақ шүберек сия алмай...» қалғанына бала көңілі налып қалады. Бір жағынан соғыс қасіреті, бір жағынан тылда, ауылда қалған басқарма, бригадирлердің қорлығын жырлаған ақын былай түйіндейді:


Қазір айтсам бұл жағдайды қиялап,


Сол келіншек – қазір кемпір – ұялад...
Жалғыз шаршы орамал боп көңілде
Желбіреп тұр құйттай ғана қиянат

Бала жанары көрген қиянаттарды әр ақын өзінше толғайды, ерекше тебіренеді. Бірі «етігін әкем келсе кием» деумен балалық шағы бастан өтсе, екіншісі «жесір анасының кілттеулі есігін ары күзеткенін айтып, үшіншісі, қалып қойған балалығын әр маяның түбінен іздейді. Төртіншісі «сенбеймін әкең өлді дегенге мен, себебі ол үйімізден тірі аттанған» деп тұжырымдайды. Енді бірі «жалғыз шаршы орамал боп көңілде, желбіреп тұр құйттай ғана қиянат» деп кешегі күннің қасіретін, соғыс кесапатын қарапайым өмір эпизодтарымен көркем де, шебер бере біледі. Әр ақынның өзіндік қолтаңбасы, өзіндік ой айту мәнері бар. Жоғарыдағы келтірілген өлең үзінділерінен, әдебиетке 70-90-шы жылдары өзіндік үн, соны соқпағымен келген толқынды паш етеді. Қазіргі әдеби процестегі поэзияның, оның ішінде лириканың жаңа кезеңдегі табиғи болмысынан біршама хабар берері анық. 70-90-шы жылдар поэзиясындағы лириканың мән-маңызы ерекше екендігін, арнайы зерттеуге тұрарлық дүниелер екендігі, ақындардың даралық ойлары дәлелдейді. Ақындардың лирикалық туындыларын талдауда М.О.Әуезовтан бастап, зерттеуші ғалымдар, сыншылар С.Қирабаевтың «Шындық пен шеберлік» /1983/, З.Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» /1970/, М.Базарбаевтың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» /1973/, Р.Бердібаевтың «Ғасырлар толғауы» /1972/, З.Ахметовтың «Өлең – сөздің теориясы» /1973/, Х.Әдібаевтың «Көкжиек /1978/, Ш.Елеукеновтың «Заманның парасаты» /1977/, Ә.Дербісалиннің «Әдебиет туралы толғаныстар» /1990/, Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» /1972/, З.Серікқалиевтың «Ақыл таразысы» /1976/ т.б. кітаптар негіз бола алады.


«Лирикалық поэзияда автор көбінесе өз сезімін береді. Бірақ оның көңіл күйі жалпы адамға тән жәйтті, жан сырын ашып отырады.


Пушкин өлеңдерінің түсініктерін оқығанда, әрқайсысының ақын өміріне байланысты жеке-жеке тарихы барын аңғарасыз. Лирикалық өлеңдері тікелей өз көңілінен туған», – дей келіп бұл жай Бернс пен Байронда да, Гейне мен Гетеде де, Петефи мен Абайда да баршылық екеніне тоқталады. Сергей Есенин өзінің өмірбаяны туралы жазған бір мәліметінде қай жылы, қай жерде туғанын айтып келеді де: «Енді қалған өмір тарихым – менің өлеңдерімде» деуін мысалға алсақ та жеткілікті.


Жүрек соға береді тозбағасын,


Күндермен сен бірге қозғаласың,
Мүсіркеймін кішісін, шыным осы,
Үлкеніне ел берер өз бағасын! –

десе ақын «Екі Тұман» деген өлеңінде, бұл өзінің өмірбаянының жалғасы дерлік. Ақын өмірбаянын оқып отырып, әрбір адам өзінің балалық кезімен қауышып, бүгінгі өміріне ой салары анық. Екі кезеңдік айырмашылық арқылы, сөз жоқ, әрбір оқырман екі ғұмырына, бірі балалық, бірі есею ғұмырына баға беріп, іштей бір сәтте болса, таразылауға көшеді. Сөйтіп, ақын өмірбаянынан оқырман өмірбаянына ауысады. Міне, нағыз ақынның творчествосынан өзінің өмір тарихы, адамның табиғаты, халықтық қасиеті байқалмай қалмайтыны өз алдына.


Лирика /грекше – ежелгі гректер үніне қосылып ән салған музыка аспабы/ – әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың түрі деген нақты заңдылыққа сүйене отырып, сыншы, ғалым З.Қабдолов: «Лирикалық шығармаға ақынның ішкі дүниесінің сыртқы себептермен, жалпы ақиқат шындықтың әсерімен аса қатты толқынуы, автордың өз басының алуан-алуан нәзік түйсіктері, күйініш-сүйініші тән болып келеді. Ақын басынан кешкен сезім, ақын басында болған түрлі-түрлі толғаныс – субьективті нәрсе; бірақ, сонымен қабат кәдімгі обьективті дүниенің әсері. Ақынның көңіл күйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да – лирикада сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады».


Тауларға жалтақтама, жалпақ далам,


Төсіңде басқыншылар қалбаңдаған...
десе де ақын,
Менің бабам қақтаған қыр аптабы
Көшіп-қонып,
Ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы! –

десе де ақын уақыт шындығын шым-шымдап айтып, ел-жұртына құлақ-қағыс етіп отыр. Бұл кезеңде мұндай қиындықты осылай айта білуде батырлыққа пара-пар еді. Лирикалық шығармада оны жазған автор өмір сүрген кездің, қоғамның жай-жапсарын аңғартып отырады деуіміз де сондықтан.


Ақын Джордж Гордон Байронның әлемдік әдебиеттегі орнын көрсете келіп, Белинский: «...егер ақынның қайғы-қасіреті және шаттығы қоғамның және тарихтың топырағынан туындаса, егер ол адамзаттың, уақыттың, қоғамның өкілі әрі жанды тірі органына айнала білсе, әрбір ұлы ақын, сонда ғана ұлы бола алмақ», – деген пікірі де ойымызды нақтылай түседі.


Поэзияның құдіреттілігі де сонда, асау жүректі ауыздықтау үшін лириканың нәзік тілі, сиқырлы да сазды үні қажет. Іштен тұнып сөйлеген өлең де адам жанын еріксіз тұтқындай біледі. Содан да болар Лев Толстойдың: «поэзияның және де поэтикалық ойдың негізі бола білген алтын діңгекті, басқа ешқандайда өнер дәл сондай етіп суреттеп бере алмайды», – деуі де тегіннен тегін айтылмаған. Сондықтан да «өлең ұрпақтан ұрпаққа көшіп, талай заманды, талай жанды таң қалдырып келе жатқан аса биік, парасат көзі». Поэзия сырына үңілу, сондықтан да, әруақытта қызғылықты әр уақытта актуалъды екендігіне ой жібере отырып, ұлттық поэзияның өсіп, өркендеу жолы – озық дәстүр мен талмай ізденудің жолы, жаңа образдар мен суреттер жасаудың жолы екендігіне көз жеткіземіз. Ақын Жұмекен Нәжімеденов «Ереймен тауларында» атты лирикалық өлеңінде: «Дөңдер желіп, жапырақтар жаутаңдап, бәрі маған еріп келе жатқандай» десе Төлеген Айбергенов:


Жылқышы ағады белдерден,


Табынын шұрқыратып,
Мама қаз ұшады көлдерден
Мамығын бұрқыратып...
Тұр кештің қойнында күндізгі бақ,
Бас шұлғып желге сирек.
Бағандар келеді жұлдыз құлақ
Аспанды жерге сүйреп», –

деп суреттейді «Дала көшіндегі көріністерінде». Екі ақынның жүрегінде жаңа образдар, тың бейнелер. Дөңдерді желгізіп, жапырақтарды жаутаңдата білген ақын жүрек, бағандардың сәулесі «аспанды жерге сүйреуі» әрі тосын, әрі әдемі бейнелер. Бұл ізденіс жемісі. Жаңашылдықтың жаңғырған түрі деуге әбден болады.


Ұлттық дәстүр мен жаңашылдық мәселесі – зерттеу обьектісінің басты мәселесі. Поэзияның көркемдік, бейнелеу құралдарының ұлттық көздерін және жаңашылдықтың байырғы бейнелеу құралдарының жаңарған түрлерін негізге ала отырып, 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясына зер салсақ, аса қуатты толқынның әдебиетімізге келгеніне куә боламыз. Қадыр Мырзалиев «Көш» деген өлеңінде, халқымыздың қасірет-мұңын көзге елестетіп:


Артта дұшпан,


Қуған елді сорлатып,
Алда дос жоқ,
Жандарына сол батып,
Бір қария келе жатыр өлгелі,
Бір келіншек келе жатыр толғатып, –

дейді, ақын оқырманын ойға жетелеп. Өмір көшінен, ой көшіне ұласады. Бұл бір – жаугершілік заманының күңіренген күйі де болар, не ақтабан шұбырынды да болар, ақын ол арасын ашып айтпаса да, халқымыздың басынан кешкен кешегі тарихы көзге елестейді. Жадыңда жаңғырады.


«Қазақ поэзиясының әрлі-бергі талант-дарындарын былай қойғанда, кейінгі орта буын, жас ұрпақтың ішінен жеке кемшіліктерін бір сәт ұмытып, бүкіл творчествосын дерлік құрметтейтін менің санаулы сүйікті ақындарымның бірі – Тұманбай мен Қадыр, – деп жазады сыншы – Құдіретім жетсе Тұманбайдың төгілген сезімі мен Қадырдың ойлы парасатты поэзиясын таспадай өріп бір-ақ туынды жасаған болар едім. Бірақ олардың біреу болмай, екеу болғаны қандай жақсы25. Бұл пікірді келтірудегі себебіміз, 70-90-шы жылдар поэзиясының өкілдері, өздерінің ерекшеліктерімен, жырлау мәнерімен, стилімен бір-бірін толықтырып, екі он жылдықтағы қазақ поэзиясының, оның ішіндегі қазақ лирикасының тұтастай келбетін,болмыс-пішімін, түр-тұлғасын көз алдымызға әкелетіндігі.


«Өзімді өзім тапқан күні жыр жазам, Басқа күндер іздеп жүрем өзімді» демекші, 60-шы, 70-ші жылдардағы ақындар поэзиясынан үнемі ізденісті көреміз. Өзін-өзі іздеп тапқан күні – ақын өз мұратын табады. Ақын мұраты – ізденіс... Л.Н.Тольстой сөзімен айтқаңда: «адамға пайдалы болу үшін әрбір шығармадан үш түрлі сипат табылуға тиіс: а/ мазмұн жаңалығы, ә/ форма немесе әдеттегі айтылып жүргендей, талант-дарын және б/ автордың шығарма тудыру міндетіне жауаптылығы, ыстық ықыласы». Мазмұн мен форма /түр/ жаңалығы туралы, келесі бөлімімізде арнайы, кеңірек тоқталатын болғандықтан да, бұл бөлімде қазақ поэзиясының жаңа кезеңдегі лириканың беталыс-бағдарына ден қоюды көздедік.


1956 жылғы «Жеке адамға табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» қаулыдан кейін, 60-жылдардан бастап қазақ лирикасының қайта өрлеу дәуірі басталды. Жергілікті тұрғын халыққа қасірет әкелсін, әкелмесін адамзат баласының жердің тартылыс күшін жеңіп, адам ғарышқа көтерілген жылдар еді бұл. Сондай тартылыс күшін жеңіп, поэзия орбитасына әдемі суреткер ақындар өзінің кестелі лирикаларымен келді. Поэзия көкжиегінен көрініп қана қоймай, өмір мен қоғам ортасында біте қайнасып, әдебиет төріне байыппен, биязылықпен аяқ басты. Бұл сезім сипатын білдіру үшін, Сағи Жиенбаевтың «Көктем» туралы өлеңін келтіруге болады:


Қара жердің өзін де,


Қаттырақ басқың келмейді, –

дейді ақын.


Соғыстың тылдағы тақсіретін көріп өскен ұрпақ, әдебиетке имандылықпен қадамды аттап, терең де, ойлы толғамдарын поэзияға ала келді.


«Поэзия материалы – сөз емес, өмірдің өзі» /«Метериал поэзии – не слова, а сама жизнь» – деп ұғатын болсақ, ақындық шеберлік те өзі өмір сүрген қоғамдық ортамен бірге дамиды. 60-шы жылдары әдебиетке келген бұл буынның бірі – 1932 жылғы қасіретті жылдары дүниеге келсе, енді бірі 1937 жылғы – қасіретті жылдары, енді бірі – соғыс жылдары өмірге келген. Қалай десек те, аштықтың қара суының дәмін татқан, отыз жетінің қасіретін жарық дүниеде сезінген, жеке басқа табыну тақсіретін тартқан ұрпақ үшін – бұл поэзия материалына арқау болуы да заңды құбылыс. Бірақ, 60-шы жылдары жеке адамға табынушылықтың зардаптарын жойды десек те, әлі де ауызға аң болу, сөзге сақ болу, «керегеде құлақ бар» заңдары арылмаған. Сондықтан, тартыншақтап сөйлеу, айтар ойыңды астарлап айту жағы басым еді. Айта қалған күнде оны жариялау, кітап етіп бастыру жағы өте қиынға соқты. Сондықтан, бұл ұрпақ, өмір туралы, философиялық ойлар айтуға, еңбек, табиғат, махаббат, адамгершілік тақырыптарымен шектелуге тура келді. Соның салдарынан, сүреңсіз өлеңдердің де етек алуы – қоғам қыспағынан туған жайлар еді. Әрбір поэзия кітабының бас жағында міндетті түрде партия, отан, интернационализм туралы жалаң үгіт-насихаттық қана ролі бар өлеңдер болуы шарт болды. Бұл – баспа талабы болып қалыптасты. 50-ші жылдардағы таза плакаттық, ұраншыл өлеңдер 60-шы, 70-ші жылдарда шұбалаңдай шұбатылып келді. Бір ақындар бұдан құтылу жолдарын ойластырды, екіншілері тұтылды. Бас иіп қалды.


Міне, осындай кезең үшін ортақ кемшілік ретінде, 60-шы жылдары әдебиетке келген ақындардың біріне арнайы тоқталуды жөн көрдік. Бұл бір ақынның ғана кемшілігі деп қарамау керек, бұл сол кездегі әдебиетке келген бір ұрпақтың ортақ кемшілігі деп ұғынған дұрыс.


Қайрат Жұмағалиев 1964 жылы «Тұңғыш кітабымен» әдебиет табалдырығын аттады. Алғашқы аяқ алысынан жанашыр оқушы қауым зор үмітпен көз тікті. Оның жырларынан өмірге деген ыстық махаббаты да сезілді.


Күні-түні нөсер төкті кеп...


Асқар таудың ақ маңдайын өпті леп...
Асау бұлақ атып шықты шатқалдан
Құзар шыңның омырауын тепкілеп, –
/«Тұңғыш кітап», 5-бет, 1964 ж./

деп жырлады ақын. Әрдайым алғашқы адымға кешіріммен, ілтипатпен, аса жылы мейіріммен қарайтын оқушы, шумақтағы алдыңғы екі жолдың бағыты екі тұсты көздеп тұрғанын сезсе де, асау бұлақтың бұлқынысына іші жылыды. «Көз тартады» /қыстан күйлі шықтың ба» деп кейде шалыс қадам басып, кейде «Қыз толқынның жұмыр жоны жылтылдап» деп дәмдірек сөйлеуге ұмтылған жүрек:


Көктем! Көктем! Нұрлы күннен нәр алдың,


Күллі әлемге шұғыла боп таралдың,
Суық қыстың жүрегінен қалайша
Сен өмірге шуақ болып жаралдың?! –
/«Тұңғыш кітап», 6-бет, 1904 ж./

деп түйіндесе, «Табиғат суреттерінде» автор былайша сыр шертеді:


Ақ сәулесі көк шатырын өрнектеп,


Күн еңкейді. Алтын арай сөнді ептеп.
Сай-салада бұғып жатқан көлеңке
Дөң басына бара жатыр еңбектеп...
Тұрсадағы айнала маң түнеріп,
Жұлдыздар мәз шырқау көкте жүр өріп.
Ә дегенше ұйықтап кетті көк шыңдар,
Түнгі аспанның күмбезіне сүйеніп.
/«Тұңғыш кітап», 44-бет, 1964 ж./

«Сай-салада бұғып жатқан көлеңке, дөң басына бара жатыр еңбектеп» әдемі сурет. Шынында да екінді мен ақшамның арасындағы табиғатты бұл арада ақын құр баяндамай, сөз өнерін төге кестелеп, құбылта, құмарта суреттеп отыр. Біздің құлағымызға жай ғана хабар емес, көз алдымызда тамаша көрініс, қызық-қызық қимыл. Сол сияқты: «Ә дегенше ұйықтап кетті көк шыңдар, түнгі аспанның күмбезіне сүйеніп», – деуі де көңілге қонымды сурет. «Шапағат жинағындағы «Кездесу кешінде қойылған концерт» өлеңіне назар аударалық:


Сахнаға шықты алдымен.


Жүзі нұрланып,
Бір ширақ бала – жай тасындай-ақ қырланып.
Алтыншы «А» да оқитын Тұраш екен бұл,
Шырқады әнді тебірене толқып, ырғалып:
«Бұл әнім сені іздеп
Жер бетін шарласын,
Сағындым өзіңді
Қалқа-а-тай, қайда а-а-асың?»
Әнші балалардың даусы залды кернеді.
/Астапыралла!
Үндері неткен шерлі еді!/
Жетінші «Б»-ның оқу озаты Ғашықбек
Бір өзі тіпті, екі ән шырқап ерледі.

«...Жаз еді күлкің де,


Қайдасың бұл күнде.
Сені іздеп арманым,
Сыр бойын шарладым...».

Он бес шумақтан астам өлеңде ақынның айтайын дегені алтыншы «А» класында оқитын Тұраштардың, жетінші «Б» класында оқитын Ғашықбектердің махаббат туралы ән шырқайтындығы. Оқушылардың бұл қылығын ерсі көрген ақын «астапыралла!» деп жағасын ұстайды. Бар болғаны осы.


Кітап аннотациясына жүгінсек, өлең нәзік лирика болуға тиіс. Олай болса ақын ұлы сыншы В.Г.Белинский айтқандай «...бақшада құлпырған роза гүлін сипаттамай, оның дөрекі заттық жақтарын лақтырып тастап, хош иісін, әсем құбылғыш бояуын алып, осылардан жаратылыстағыдан да әсем өз розасын жасауы керек» еді. Өкінішке орай Қайрат жоғарыдағы өлеңінде «дөрекі заттық жақтарын» лақтыра алмаған.


Жоғарыда айтып өткен пікірімізді нықтай түсу үшін, бір ғана өзіміз емес, өзгелердің де көзін жеткізу мақсатымен тағы бір дүниесіне назар аударарлық. Туынды тақырыбы – «Журналист» деп аталады. Автордың басты кейіпкері – журналист Асан ағай. Ал өзі «менмендік, кекірт» мінезі жоқ, «қашанда ақжарқын», «ақкөңіл» адам. «Ренжімес құлағыңды салмасаң да» деп ақынның өзі сөз еткеніндей, тыңда, тыңда ма, оған бәрібір ерінбей сыр шертетін жан екен. Яғни ақын тілімен айтқанда:


Тек қана әділдікті жөн көретін,


Адам жоқ оған бізде тең келетін.
Аңқылдақ Асан ағай көптен бері,
Газетте бір бөлімді меңгеретін...
/«Шапағат», 58 -бет, 1972ж./

Мұнымен бірге автордың: «Жазатын мақаланы бұрқыратып» дегеніне қарағанда ол қаламы жүйрік журналист екен. Яғни ақын журналист туралы:


Ертеңмен ол қорытқан әр мақала,


Қалатын жаны кіріп, қан жүгіріп, –

дейді.

Мақұл делік. Ақын айтқандай Асан ағайдың тебіренсе көзіне жас алғандай тебіренетініне «қырықтың жетеуіне жетсе-дағы бір адамның көңілін қалдырмағанына да», «күн сайын столында толғанатынына да», «қаламын шабытпен қолға алатынына да» сенелік. Бірақ туған халқымыздың ардагер азаматтарын қалай мадақтаудың ретін білетін, журналистке дәл осындай «көпшік қою» ауызша емес, кітап жүзінде көзіңді бақырайтып тұрып: «адам жоқ саған тең келетін, мақаланы бұрқыратып жазасың, ертеңмен мақаланы қорытқаныңның өзі неге тұрады» деген сияқты мазмұны бар өлеңнен оқи қойса, кейіпкер қандай ләззат алған болар еді? Жөн-жосығы жоқ, сезімге әсер етпейтін сыпыра мақтау.
Одан әрі балладаның желісі трагедиялық ситуацияға ұласады:

Ескі ауру


Ағамызды алып кетті
Тура жеңіс тойынан төрт күн бұрын.
/«Шапағат» 60-61-беттер/

Сәл ойланайықшы. Бұл нағыз трагедия екені анық. Автордың аяулы кейіпкері көз жұмды. Өмірімен бір жолата мәңгіге қоштасты. Неге бізге әсер етпейді? Ақынның қайғысымен оқушы неге ортақтаса алмайды? «Бір жылы сөз жазбаппыз» тірісінде... Бұл қалай!» деп ақын «жылағанын да» жазды. Бірақ оқушы жүрегінде титімдей мұң жоқ, дидарынан толғанудың нышаны да байқалмайды. Неге? Оқушы дүниедегі ең ауыр нәрсе «өлім» екенін түсінбей отырған жоқ, автордың өз кейіпкеріне соншалықты «обал» жасағанына түсінбей отыр. Оның бойында бар жақсылығын, адамгершілік ізгілігін сөзімізге әсер етерліктей жырлау дәрежесіне жеткізбеді. Жүректердің толғаныс құшағына сөзсіз бөлінетін сыр ішегін дәл шерте алмады.


Автордың айтпағы роза гүлі десек, оның тұрпаты заттық жағына ден қойды да, поэзия сезімнен де, ойдан да ада боп шықты. Сондықтан ақынның қайғысына қосылуға оқушы құлықсыз. Ол – ешқандай толғаныссыз жазды. Оқушы тебіренбей оқыды.


Көп өлеңдерінде автордың ойы түпқазық боп соңында жатады ғой. Мүмкін Қ.Жұмағалиев те сол тәсілді қолданған болар. Өлеңнің түйіні немен аяқталар екен?


Жүретін журналист Асан ағай,


Қаламдас достарының қатарында.

Ақын өз ойын осылай тәмамдаған. Құрғақ баяндау. Жалт етер жаңалық та, тамырын тереңге көмер астарлы ой да ұшыраспайды көзімізге. Не қызығарлық құнарлы тілден де іргесі аулақ. Осы орайда баршамызға мәлім болған, В.Г.Белинскийдің поэзия туралы пікірі ойымызға еріксіз оралады: «Поэзия – қарттың әрсіз кезінің жұмсақ сәулесі момақан мейіріміңдей, терең ойдай, бұл өмірден алыстай бастаған әжімді бетінің ерекше нұрлы ажары, қалтырай үзіліп шығар даусының жаны бай, салмақты дыбысы, бәсең айтылар, бірақ әсем айтылар сөздері, сүйіп сөйлер, данышпан сөйлер ажарлы шырайының күлім қағуы...» десек, бұны біздер Қайраттың бұл өлеңдерінен таба алмадық. Не болмаса өлеңнен жүрек дірілін, жан тынысын, сезімнің бораны мен толқынын, тәтті қамығуды, ләззат таба егілуді де көре алғанымыз жоқ.


Сөз жоқ, Қайрат Жұмағалиевтың «Тұңғыш кітабында» да, «Перзент үнінде» де тұшымды, көңілге қонарлық сезімімен ойы ұштасқан дүниелері бар. Сол сияқты «Жанар» атты жинағынан да дәмді, татуы мол туындыларды табуға болады.


Қайрат ақындық сезімнің өзі өмірге, дүниеге, таңғажайып табиғатқа таңғала қараудан басталғанын шынайы сезіммен жыр ете келіп, өзіне де, өзгеге де, ой тастайды:


О заманнан мекендеген мөлдір аспан күмбезін,


Түнде – жұлдыз, көз алмайды менен күндіз күн көзін.
«Жігітім көп таңғалдың, – деп сырын шертті жібек жел,
Туған жерді таңғалтуға тиіссің ғой енді өзің»
/«Айнамкөз», 4-бет/.

Аналардың арқасында өр кеуде


Қалың гүл ек, қаулап өскен ертеңге,
...Сен жеткіздің мені арқалап Бүгінге,
Мен арқалап жеткізе алсам Ертеңге! –

дейді. Ақынның ертеңі бүгіннен басталуы керек. Бүгінін ойламаған, болашағына да опа бермейтіні анық. Мұны естен шығарған қаламгердің екінші өмірі қысқа. Бұл әрине көпке мәлім сыр.


Ақынның өзі сүрген әлеуметтік мәні бар, адамгершілікке, гумманизмге толы, философиялық толғаныстар, қоғамдық көзқарастар – лирика деген құдіретті қасиетке ие болады. Нағыз лирикалық жырлар халық қазынасына айналып, әрбір адамды – рухани байыта түседі. Адамның сыртқы пішінінен ішкі жан дүниесіне бойлай енетін, еніп қана қоймай тебіреністі, толғанысты сезімді бастан кешетін де лирика. Сондықтан бұл жанрға жалған ұраншылдық жат. Ақын ағынан ақтарылып, өз жан дүниесінен қайнап шықпаса ұйқасқанның бәрі өлең бола бермейді, өлеңнің бәрі лирика бола бермейді. Лириканың құдіреттілігі сонша қарапайым адамдардан бастап, ұлы адамдарға дейін бас иіп, қадір тұтқан. Сырласқан. Өзіне дос, жолдас серік еткен. Бірде Л.Н.Тольстой өзіне-өзі: «Сіздер білесіздер ме, кім менің сүйікті ақыным?» деп сауал қояды да, өзі жауап береді. Ол – Ф.И.Тютчевті және оның лирикасын атаған еді. Өзімен кеңесіп-сырласып отырған адамға онсыз өмір сүруге болмайды» /«Без него нельзя жить»/ деген болатын. Осы бір қарапайым айтылған сөзде, үлкен де мәнді салмақ жатқанға ұқсайды.


90-шы жылдары ауыз тұшытарлық жақсы-жақсы кітаптар дүниеге келді. Бұл жерде кітап деп әдейі айтып отырмын. Өйткені, 60-шы жылдардың басында жақсы бір өлеңге ауыз ашып, көз жұматындай таңқалыс сезіммен қарау бой көтерген еді. Бұл заңды да құбылыс еді. Үгіт-насихат, ақылмандылыққа салыну, түсініксіз патриотизм, қисынсыз іске жетектеу сарындас өлеңдерден мезі болған жыр сүйер қауым, алпысыншы жылдары «Ақ бантик» деген әңгімеге де, бұлт туралы екі шумақ өлеңге де тәнті болып, соларды қызықтап жаза бастады. Сол кездегі бұлт туралы – Аманқос Ершуов деген ақынның «Жұлдыз» журналына шыққан өлеңі еді. Өлеңде: «Ақ бұлттар, ала бұлттар, көрдің бе аспанда да алалық бар» деген бір жылы сезім еді. Сол сезім сиқыры біразға дейін баспасөзде әңгіме болып, ауызға ілікті. Сондай өлеңдер, көпшілік қауымды қуантатын өлеңдер біріне-бірі ілесіп жарық көре бастады да, кейін көңілі тола бастаған қауым, енді ондайды місе тұтпай жеке тұтас топтамаларды /циклдерді/, жеке кітапты күте бастады. Осындай тұста көңілді сәулеттендіретін поэзия кітаптары да оқырмандар қолына тиді. «Баспагерлерге хат» деген мақаласында Н.М.Карамзин: «Жақсы кітап дегеніміз, нашар кітаптарға берілген сыншының ең үлкен бағасы» /«Хорошая книга есть самая лучшая критика на дурные книги»/28 деген болатын. Сондай нашар кітаптарға сыншы, сын болатындай кітаптар жарық көре бастады. Атап айтқанда Қадыр Мырзалиевтың «Жерұйық» /1976/, «Алақан» /1977/, «Қорамсақ» /1980/, «Домбыра» /I кітап/ /1971/, «Домбыра» /2 кітап/ /1974/, Тұманбай Молдағалиевтың «Махаббат оты сөнбесін» /1975/, «Мен де жиырма жаста едім» /1976, Жұмекен Нәжімеденовтың «Сыбызғы сазы» /1962/, «Мезгіл әуендері» /1970/, «Жеті бояу» / /, «Өз көзіммен» /1964/, «Жарық пен жылу» /1966/, Мұқағали Мақатаевтың «Армысыңдар, достар» /1966/, «Қарлығашым келдің бе?» /1967/, «Дариға-жүрек» /1972/, «Аққулар ұйықтағанда» /1974/, Сағи Жиенбаевтың «Таң алдында» /1964/, «Ор киік» /1969/, «Құралай салқыны» /1979/, Төлеген Айбергеновтың «Арман сапары» /1973/, «Құмдағы мұнаралар» /1974/, Мұхтар Шахановтың «Қырандар төбеге қонбайды» /1974/, «Сенім патшалығы» /1977/, «Ғашықтық ғаламаты» /1979/, Фариза Оңғарсынованың «Сандуғаш» /1966/, «Асау толқын» /1973/, «Мен сенің жүрегіңдемін» /1975/ т.б. ақындардың кітаптары дүниеге келді. Сонымен қоса бұл ақындардың 70-ші жылдары «Таңдамалыларын» да беріп үлгірді. Тұманбайдың «Қош көктем» /1971/, Қадырдың «Көш» /1973/, Жұмекеннің «Мен туған күн» /1972/, Мұқағалидың «Өмір – дастан» /1976/, Сағидың «Жадымдасың жас күнім» /1972/, Төлегеннің «Мен саған ғашық едім» /1970/, «Аманат» /1975/, Фаризаның «Шілде» /1978/ атты таңдамалалары әдебиетіміздің, оның ішінде поэзияның сұлу сарайын көріктентендіре түсті.


Бұл кезеңдегі лирикада жалпы адамдық, азаматтық проблемалар, оның ішінде Уақыт, Адам, Бейбітшілік мәселелері, ғылыми техникалық прогресс, экология және табиғат мәселелері жырланды. Мазмұн мен форма жаңғырып, дәстүр және көркемдік ізденіс, жаңашылдық дәстүр жалғастығы дамыды. Азаматтық және Адамзаттық ақыл-ой парасатының арнасы кеңіді. Поэтикалық ойлау жүйесі алдыңғы он жылдыққа қарағанда, 60-шы, 70-ші жылдары өзгеріп, өзінің соны соқпағын тапты. Ашылып айтпағанымен, астарлы ой-иірімдерімен қоғамға, саяси ортаға іштей наразылықтарды сездіретін лирикалық жырлардың ұштығы көріне бастады. Оны ақындар оқырмандар түсінігінің өз еншісінде қалдырып, қалай түсінсең, солай бағала деген ұғымда жырлады. Ақын Мұқағали Мақатаев:


Бұлқынып жатыр


Келмейді-ау құрғыр шамасы,
Бұлқынып жатыр
Таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы, –

десе, нәресте арқылы бүткіл өмірімізге, аяқ-қолы маталған барша халқымызға бостандық беруін қалаған ақын жүрегінің дүрсілін естиміз. Ол кезде «бостандық бер!» деп ашықтан-ашық айту қиын. «Қарашы мынау қабаржап жатқан пішінге, ыза мен ашу қайнайды келіп ішімде» деуі де сондықтан. Сәбиге айтқан болып, бүкіл, күллі тіршілікке тіл қату-сынды тәсілдер атам-заманнан поэзияда болып келген, бола да бермек. Әсіресе Еуропалық, батыс поэзияларында бұл дәстүр терең дамыған. Сондай астарлы ойды білдіре келе ақын:


Мамасы босат, еркімен өссін тал шыбық!


Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық.

70-ші жылдардың басында жазылған өлеңде қол-аяғын матаған қоғамға, өмірге қарсылығын, «еркімен өссін тал шыбық!» деп леп белгімен сөйлеуге, уақыт мүмкіндік берген жоқ еді. Мұқағали туралы «Қазақ әдебиетінде» жазылған деректі әңгімедегі: «Мынау КГБ», – деп кафеден қашуы да тегін емес. Мағжан Жұмабаевтың «Іс – санаулы, сөз – аңдулы, ерік жоқ, өз қолымен ұнамды тон піштірмес» кезең еді бұл. Поэзия үшін, ақындар үшін жаңа кезең, қолайлы кезең болғанмен цензура сол қалпында жұмыс жасап жатты. Газет, журнал, кітап әлі де аңдулы, «қазағым» деп айтуға ақындардың батылы жетсе де, баспагерлердің батылы жетпейтін уақыт үстемдік етті. Сонда да болса 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясы әлде қайда өсу үстінде, даму жолында болғанын ашып айтқанымыз орынды.


Дүниені образбен танып баяндау, суреттеу өнері даму үстінде десек, оны терең зерттеп өткені мен қазіргісін, бүгіні мен болашағын, жалпы даму эволюциясын, теориялық, творчестволық талдау арқылы көз жеткіземіз. Поэзия көне де ескі жанр екенін еске ұстасақ, бұл жанр қазақ топырағында дәстүрге бай болғандығын да ұмытпағанымыз жөн. Жаңашылдық – дәстүр жалғастығынан қалай тамыр тартты, лирикада – «заман күйі, адам күйі, тіршілік еткен әрбір жанның мұңы мен зары, ішкі ой-сезімі, арманы, күйініші мен сүйініші» жаңа кезеңде қалай көрінді, мұның бәрін қамтып, жан-жақты талдау мүмкін болмаса да, осы жолдағы ой-пікірімізді білдіруте ұмтылдық.


Алпысыншы, жетпісінші жылдар поэзиясы Абайдан бастау алған, Абай поэзиясының тәсілімен суарылған, сусындаған ұрпақ. Абай лирикасы Мағжан Жұмабаев лирикасы арқылы заңды жалғасын тапты. Өзіндік ерекшелігімен, өзіндік арнада жүректерге жол тартты. Абайдың «Айттым сәлем, қаламқасынан» кейінгі, махаббат туралы кестелі өрім – Мағжанның «Жұлдызды – жүзік, Айды – алқа ғып берейін» атты өлеңі:


Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,


Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, Айды – алқа ғып берейін.
...Шашың толқын, жүрегімнің жарына
Соғылды да, батты улы зарыма
Айнам, саған арнап жырлар жазамын,
Қаламымды малып жүрек қанына –

дейді ақын. Абайдан басталған дәстүр жалғастығы – жаңашылдыққа ұласқан. Ал, Мағжан лирикасы мен 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ ақындарының лирикасының дәстүр жалғастығының үзілуі, аралық жылдарда үгіт, ұран машығының бел алуы, көркем лириканың кеңінен шарықтап өсуін тежеді. Башқұрттың халық ақыны Сәйфи Құдаш «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев деген хатында, былай деп жазады: «М.Жұмабаев жөнінде мен 1964 жылы бірінші рет марқұм профессор Есмағамбет Смаиловтың пікірін есіттім. Оның ойынша, М.Жұмабаев – Абай мен қазіргі қазақ совет поэзиясының арасындағы поэтикалық көпір»32 сол көпір ширек ғасырдан астам уақыт империялық саясатпен қиратылып, ұрпақ пен ұрпақ жалғастығы, Абайдан соңғы поэтикалық жалғастық үзілмегенде, 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясы бұдан да биік, еңселі дәрежеде болған болар еді. Сөйтіп, лирикадағы Мағжан дәстүрі, өз жалғасын таппай біраз дағдарысқа ұшырады. Оның есесіне қазақ поэзиясында бір кездері Жамбыл дәстүрі орнады. Мұның қазақ әдебиеті үшін екі жақты әсері болғандығын зерттеуші-ғалымдар нақты көрсете білді: «Біріншісі – халық поэзиясының алыбы Жамбылдың жырлары шын мағынасында орасан күшті тасқындай бүкіл қазақ поэзиясын шалқытты, қайта туған, жасарған Жамбылдың үні бүкіл халық үні, оның жаңа замандағы бақыты мен қуанышын байқататын үн болып естілді.


Екіншісі – қазақ поэзиясының өркендеу, даму сипаты көбіне Жамбыл жыры шама-шарқымен өлшенілуі яғни жазба поэзиясының көптеген түр, өрнек, мән-мазмұн жағынан Жамбылға еліктеуі, үгіт, ұран машығын иемденуі. Жалпы сарынның бейнелеу, көркемдеу құралдарының ұқсастығымен қатар, тақырып, идея ортақтығынан туған ұқсастықтар көбейді де, бүкіл қазақ поэзиясының бұрыннан да фольклорлық әуені басым халінің үстіне онан сайын бадырайтып көрінетін, «Әу» дегеннен байқалатын ауыз әдебиетінің сыры мен бояуы қоюлады.


Жазба, профессиональдық поэзияға бұл, әрине, биік өнерге бастайтын жолдың ең қажеттісі емес еді»33.


Шынында да, қазақ өлеңі бүкіл әлемге Жамбыл жырының сипатында танылды. Бірақ бұл, қазақ поэзиясының бір қыры еді. Халық ақындарының өлеңі мен жазба поэзиясы арасында айырмашылықтардың болуы заңды құбылыс. Ал, әдебиеттің профессиональдығы артқан сайын бұл айырмашылық күшейе беруге тиіс деген ғалым тұжырымын, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ поэзиясы, оның ішіндегі қазақ лирикасы жан-жақты дәлелдеп отыр. Сол ұрпақтың бір өкілі – ақын Төлеген Айбергенов ұлттық ауыз әдебиеті дәстүрін де, поэзиядағы жыр Жамбыл дәстүрін де дамытып, көркем лириканы барынша құдіреттендірді. Бұған бір мысал ретінде «Аруана – бауыр дүние» атты өлеңіндегі ішкі динамика, көркемдік қуат, өлеңге біткен ерекше мінез, ақынға біткен – арқалылықты көріп тәнті боламыз. Өзгеше ырғақ, соны саз. Дарияның тасыған шағында, арнасынан асып-тасып төгілген құдіретті сезімге толы, терең иірімге толы осы бір дүниесі 60-шы жылдар поэзиясының жаңа кезеңдегі жаңа бір қуатты асау толқынындай әсер береді:


Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп, /18/


Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы/18/
боздаумен /19/
Омырауын шерге толтырып. /9/
Апталап-айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын /18/
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын /19/
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние, /І8/
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың. /14/
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам, /14/
Жетер ме адам сөзі оған! – /9/

дейді ақын толғанып. Аруана – бауыр дүниеге, атамекеніне шыбын жаны болса, айналып соқпайтын қазақ жоқ. Кіндік қаны тамған туған жерге деген халқымыздың махаббатын сөзбен жеткізу қиын. Сондықтан да әрбір қазақ баласын аруана ғұмырға теңеп, туған жерге деген іңкәр жүрегін жайып салады. Бұл сезім біздің ұлтқа ғана жарасардай. Қазақ табиғатымен ғана келісім табатындай:


Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас, /18/


Туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені бай қылмас /19/
О бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен, /18/
Қазығын таппай қайрылмас. /8/

Осындай арналы ағыспен, қуатты екпінмен «Мен сенің қойныңа жеттім сабылып ұшып, туған жер» дейді ақын тебіреніп. «Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен, келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанымды көтеріп» дейді ақын толғанып. 60-шы жылдары әдебиетке келіп, 70-ші жылдары поэзияны жаңғыртып, дамытқан Төлеген ақынның тұрғыластары осындай өзіне лайық дауыспен, өзіне лайық көтерерлік жүкпен Қазақ лирикасының дәстүрін дамытып, жаңашылдықпен жалғастырды. Жаңа кезеңге лайық өз үндері, өзіне лайық ерекшеліктері қалыптасты.


Қалай дегенмен, қазақ поэзиясы 60-шы, 70-ші жылдары сапалық өзгерістерге қадам басты. Көркемдеу, бейнелеу құралдары қайта жаңғырып, дәстүр өз жалғасын тапты. Ең алдымен тақырып және мазмұн жаңалығы, содан соң форма мен түр ізденісінің жемісті жолы, образдылық, бейнелілік өзгешеліктері, көркемдеу арсеналының баюы шеберлік категориясын айқындап, жаңашылдыққа бет бұрған творчестволық процестің жанды құбылысын дәлелдейді. Әлбетте, қай зерттеуші болса да, әдеби процестің абсалюттік портретін жасай алмасы анық. Сол жолда байыппен барлап, сабырлы да салмақты ой айтуға ұмтылып, жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеу ісіне, аз да болса үлес қоса алсақ, діттеген межеге қол жеткізгеніміз. Қорыта айтқанда, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасы – жаңа кезеңдегі қазақ поэзиясының толыққанды арнасы ретінде, дәстүрден жалғастығын тауып, жаңашылдыққа бет бұрды. Профессионалдық поэзия дәрежесіне көтерілді. Дәстүрдің эволюциясы және жаңашылдықтың қалыптасуы жайлы, қазақ лирикасының көркемдік ізденістері туралы зерттеу еңбегіміздің екінші бөлімінде өз жалғасын табады.


* * *

60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының көркемдік ізденіс-ерекшеліктерін, ақындардың көркемдік шеберліктерін зерттеуде, методологияның үш түрінің, яғни: 1/ диалектикалық метод, 2/ экспериментальды метод, 3/ салыстырмалы методтың біз алдыңғысымен соңғысын қолай көрдік. Әдебиет процесінің осыған дейінгі 50-ші жылдардағы дәуірімен салыстыру және ақындар шығармашылығын бір-бірімен салыстыру арқылы көркемдік ерекшеліктерді ашу міндеті көзделді. Салыстырмалы метод арқылы тақырыбымызға арқау етіп алынған жылдар лирикасының көркемдік ізденіс ерекшеліктері айқындалатыны ақиқат.

Бұл бағыттағы зерттеу еңбегімізде қоғамдық ғалымдар Академиясының «Қазіргі заманның әдеби процесі және сын» /«Современный литературный процесс и критика»/36 және «Қазіргі әдебиет сынының методологиялық мәселелері» /«Методологические проблемы современной литературный процесс и критика»/ және «Қазіргі әдебиет сынының методологиялық мәселелері» /«Методологические проблемы современной литературной критики»/37 кітаптарындағы ой-пікірлер мен тұжырымдар басшылыққа алынды.


Эстетикалық талдау – танымның орамды қаруы /гибкий инструмент познания/ ретінде білсек, бұл шығармалардың формальдық белгілеріне сай айтылған пікір емес, қайта ең маңызды деп саналатын ой салмағына қарай айтылған пікір деп бағалағанымыз жөн. Поэзияда, оның ішінде, лирикада философиялық ой айту ізденістері – 60-шы жылдар мен 70-ші жылдар аралығында бұрынғыдан да терең тамыр тартты, бұтағын жайды. Қазақ әдебиетінде бұл әдеби процесс, бұрынғы одақтық аренадағы Расул Ғамзатовтың әдебиетке келуімен көрінген жоқ, біздің туған халқымыздың топырағында – Қадыр Мырзалиев есімінің әдебиетке енуі, «Ой-орманы» кітабының жарық көруімен өлшенеді. Бұған дейін, әдебиетімізде Тұманбай Молдағалиевтың сырлы да, назды лирикаларымен бет бұрыс жасалған. Ал, әдебиетке Жұмекен Нәжімеденовтың лирикалары қадам басу арқылы, басында прозалық стильдегі поэзия деп сыналғанымен, жаңа бір поэзияның қыры көріне бастады. Бұл поэзия келе-келе «бұтақтары биікке, тамырлары тереңге тартты. Міне, осындай тұста Төлеген Айбергенов лирикалары өзінің қуатты күшімен, кең де алымды қарымымен көпшілікті баурап алды. Бұрын әдебиетке Тұманбайдың келуімен сыршылдық лирикаларды жазуды белең алса, Қадыр поэзиясының әсерімен ой айтушылық бағыт басым бола түссе, Төлеген Айбергенов поэзиясымен тағы да әдебиетке жаңа серпіліс күші пайда болды. Төлеген лирикасын қызықтаушылар көбейген тұста, ендігі бір ақын өзінің табиғи қуатты лирикасын алға тартты. Бұл – Мұқағали Мақатаев болатын. Міне осы тұстарда Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов ізденісті жолға түсті.


Елуінші жылдары әдебиетке соғыстан оралған майдангер ақындардың шығармашылығы басым болса, 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясына соғыс кезінде балалық шағы өткен, сұрапыл шақпен балалық дәурені бетпе-бет келген, өздері жетімдік, аналары – жесірлік кешкен ұрпақтар келді. Сол екі дәуірдегі әлеуметтік жағдайлардың айырмашылығының түп негізі де осында еді.


Майданнан оралған ақындар Жұмағали Саин «Достық туралы аңыз» /1950/, Қасым Аманжолов «Нұрлы дүние» /1950/, Әбу Сәрсенбаев «Отан таңы» /1952/, Тайыр Жароков «Жыр қанаты» /1956/, Дихан Әбілев «Алтай жыры» /1950/, Хамит Ерғалиев «Жайық жырлары» /1955/, Жұбан Молдағалиев «Жар туралы жыр» /1958/, Сырбай Мәуленов «Жасыл орман» /1950/, Сағынғали Сейітов «Бетпе-бет» /1959/, Тоқаш Бердіяровтың «Шалқы теңіз» /1952/ т.б. өлеңдер жинақтары жарық көрді, сол елуінші жылдар поэзиясының қай бағытта өріс алғанын, қай тақырыпта жырлағанын көрсетеді. Ең бірінші патриоттық, Отан қорғау, достық тақырыптары болса, екіншіден, майдан жырлары, бейбітшілік тақырыбы көрініс тапты.


Майданнан оралған ақындармен қатар елуінші жылдары Ә.Тәжібаевтың «Сүйген жүректер» /1951/, Ғ.Ормановтың «Сәт сапарда» /1957/, А.Тоқмағанбетовтың «Шыңға» /1950/, М.Хакімжанованың «Ана махаббаты» /1953/, Ғ.Қайырбековтың «Тау сөйлейді» /1959/, М.Әлімбаевтың «Лирика» /1958/, А.Шамкеновтың «Лирикалық өлеңдер» /1957/, І.Мәмбетовтың «Сыр» /1958/, Ә.Ахметовтың «Өшпеген жалын» /1959/, Б.Аманшиннің «Бұтақтағы бұлбұлдар» /1958/, Н.Шамкеновтың «Жүрек сөзі» /1953/, Қ.Ыдырысов «Өмір гүлдері» /1953/, З.Шүкіровтың «Менің достарым» /1953/, Еркеш Ибраһимнің «Қарлығаш» /1958/ атты кітаптарында лирикалық жырлар жаңа-жаңа төбе көрсетіп, 60-шы жылдары әдебиетке келген жас ақындарға жол салғаннан кейін, көктемдегі қыр гүлдеріндей дүркірей көтеріліп, жаңа бір арналы ағысқа ойыса бастады. Лирикалық жырлардың ауыр да, салмақты жүгін 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясы өз иығына артып, жауапкершілік тізгінін де өз мойындарына алды. Басты проблема – лирика мәселесі.


Лирикаға байланысты түрліше, саналуан атаулар бар. Мысалыға: «Орыстың классикалық лирикасы» немесе «Абай лирикасы», «Пушкин лирикасы», «Махаббат лирикасы», «Лирикалық поэзия», «Лирикалық өлең», «Лирикалық шығарма», «Лирик ақын», «Лирик жазушы», «Лирико-драмалық», «Лирико-эпикалық», «Лирико-драмалық тенор», «Лирико-драмалық сопрано» т.б. толып жатқан атау, терминдердің түп негізінде – лиризм жатыр. Лиризм бұл – адам жанының толғанысы, тебіренісі, сезімділігіне келіп тіреледі. Біз лирикаға анықтаманы «Кіріспеде» және «Қазақ поэзиясы жаңа кезеңде» атты бірінші бөлімде біраз әңгімелегендіктен, оған арнайы қайтадан тоқтамай-ақ, бір мәселенің басын ашып алғанды жөн көрдік. Методологиялық талдаудың түрлі әдіс-тәсілдерін ойластыра келе, біздің ғылыми тақырыбымыздың обьектісіне айналған ақындардың шығармашылығына жеке-жеке арнайы тоқтап, лирикадағы көркемдік ізденістерінің қыр-сырын ашуды мақсат еткен едік. Бұл орайда, қолайсыз болатын жағдайы, шолу тәрізді шашыраңдылыққа ұрынарымыз сөзсіз. Осы жағын ойлай келе, лириканың бес саласы: 1/ азаматтық лирика, 2/ саяси әлеуметтік лирика, 3/ табиғат, пейзаждық лирика, 4/ философиялық лирика және 5/ махаббат лирикасын өз алдына бөлек алып, осы тақырыптарға, осы талдау жүйесіне 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасын, оны дүниеге әкелген әрбір ақын шығармашылығын осы бір арнаға бағындыра отырып, зерттеу еңбегін жүргізуді басшылыққа алдық. Бұл жалпыламадан нақтылыққа, шашырандылықтан тиянақтылыққа жетелері ақиқат. Көркемдік ізденістерді талдау барысында, стиль ерекшеліктерін нақты зерттеу әдебиеттану ғылымында қатар жүреді. Стиль қатып қалған, өзгеріссіз құбылыс емес, дүниетанымы мен шеберлігінің нәтижесінде суреткердің кемелденуіне орай, ізденіс ерекшеліктері де, стиль де жаңа сипаттармен молығып, дамып жетіле түсетіні ақиқат. Бұл жөнінде стиль термині, стиль ұғымынан асқан көп мағыналы, көп қайшылықты термин табу қиын деген қисынды пікірін еске ала кеткеніміз орынды. Шығарма мазмұнының барлық жақтарының бірлігі стильді анықтайтын факторлар десек, ол факторларға, ең алдымен шығарманың мазмұны, тақырыбы енеді, сонымен қоса әрбір көркем шығармадағы тұтас әлеуметтік характерлердің қалыптасуын да қосуға болады. Тұтас әлеуметтік характерлерді жасау арқылы – Азаматтық тұлға ерекшеленеді. Азаматтықты – әлеуметтік жағдайлардан, қоғам құбылыстарынан, өзінің қалыптасқан ортасынан айырып қарау – негізсіз. Жаңа кезеңге орай, жеке басқа табынушылық бірте-бірте арыла бастау, 60-шы жылдары әдебиетке келген ақындарды азаматтық тұрғыда терең толғап, азаматтық лириканың диапозонын бұрынғыдан да бетер дамытуға, көркемдік шешім табуға жетеледі.


Дәстүр мен жаңашылдық та – стильдің теориялық негізін ашатын үлкен проблема. Дәстүр өз жалғасын тауып, жаңашылдыққа ұласуы, дәстүр мен творчестволық тәжірибе негізінде дамып отыру әрбір әдебиетке тән құбылыс. Профессионал проза мен драматургияға қарағанда қазақ поэзиясының дәстүрі ежелгі, көне дерлік. Сондықтанда, қазақ лирикасының өз школасы /мектебі/, ежелгі дәстүрі бар. Әріге бармай-ақ, Абай мен Махамбет лирикасының, Мағжан мен Шәкәрім лирикасының дәстүрлі жолын айтпай өту – орынсыз. Игі дәстүрлерді пайдалану, кәдеге жарату тек туған әдебиетпен ғана шектелмесе керек. Абай шығармашылығының өзінен ғана Шығыс, орыс және Еуропа әдебиетінің дәстүрлерін игеріп, қазақ топырағына қаншама дәнін сепкенін, одан халқымыз жатсынбайтын ұлттық әдебиеттің бәйтеректері тамыр тартқанын көреміз.


Біз бұрын Азаматтық лирика мен саяси лириканың аражігін ажыратпай қайта шатастырумен келгендейміз.Оған уақыт қана кінәлі емес, оған қоғам ғана кінәлі емес, бұған барша әдебиетші қауымның да қатысы бар. Саяси лириканы жырлау – партияны жырлау, таптық әдебиетті қолдау-қостау деп ұғынылып келді. Сондықтан, тек коммунист образынан ғана азаматтықты іздеу сыншылар мен әдебиет зерттеушілерінің дағдысына айналды. Саяси лириканың да өз орны бар. Ол қай қоғамда да бола бермек. Ал, Азаматтық лирика деп әр ақынның, /мейлі ол қай ұлт, қай нәсіл болмасын/ туған халқына, өзінің туып-өскен жұртына, туған жерінің тауы мен тасына, даласы мен топырағына, өзені мен суына деген махаббаты, халқына деген ұлтжандылығында болса керек. Саяси лирика, әрбір ақынның өзі өмір сүрген ортасына, қоғамына терең ойлы, философиялық көзқарас, өзіндік пікір, көркем ойымен ұштасқаны абзал.


Қазақ әдебиетінің классигі Абай /Ибраһим/ Құнанбаев шығармашылығының шын мәніндегі бүкілхалықтық сипатқа ие болуы, бүкіл әлемдік ғылым, білімнің тұнығынан сусындауынан ғана емес, алдыңғы қатарлы ой-пікірінің болуымен бірге, өзі туып, өзі ортасына сіңген қазақ халқына деген ұланғайыр махаббатында, ұлтжандылығында. Халқына, жұртына күйініп отырып, іштей жылап-өксіп отырып аяусыз сынап-міней отырып, туған елін қалай сүйетінін терең иірімді сезіммен береді. Сол арқылы Абайдың Ақындық тұлғасы мен Азаматтық тұлғасы қатар, жарыса дамып отырады. «Сылдырлап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» жаныңды жайландырып, «кірлеген жүрек» өзінен-өзі жуынып, іштей тазара түседі. «Қуатты ойдан бас құрап, еркелетіп» шыққан сөздің құдіреті, туған халқыңды жан-тәніңмен сүюге жетелейді. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл» Абай поэзиясының Азаматтық лирикасына жол ашып, «мен ішпеген у бар ма?» сауалына жеткізеді.


Абай – қазақтың азаматтық лирикасының атасы. Лирика болған да дәстүрден жалғасын тауып, жаңашылдыққа бұру ғана емес, соны қазақ топырағында қалыптастырған, әрі дамытқан ақын. «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деген жолда қаншама астарлы ойлар астасып, енді не айтар деген ұғымға жетектеп шығады. «Қалың елім, қазағым» деген интонацияда, сөз мағынасында, сол елге деген сезімнің құдірет күші бар. Бұдан соң іле шала, айтылған «қайран жұртым» деуінде қасіретті мұң, реніш-нала бірге ере шығатындай. Абай әуелі ел-жұртынан кешірім сұрайтындай, сосын барып: «Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» басталады. Мұнда қаншама өкпе-наз, қайран жұртына деген өкпесі ақынның қара қазандай.


Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?


Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат ғадауат пен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен де бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!..
Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.

Бір өлеңнің үш шумағы. Бірі – басы, екіншісі – кульминациясы, яғни шарықтау шумағы, үшіншісі – түйінді ойы. Осы бір дүниенің өзінен-ақ ақынның Азаматтық тұлғасы күрделеніп, ен қазынадай қордаланып, көз алдыңда қол жетпес шыңдай биіктеп кетеді. Басталуы да, классикалық симфонияның бастауындай, бірден мәңгілік музыка үні жан дүниеңді тебірендіріп: «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп қуатты күш сызданып тұрып алады. Махаббат, ғадауат пен майдандасқан жүрек, тағы да тереңдей түсіп: «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» дейді. Азаматтық лириканың құндылығы да осында, ол өзін-өзі дәріптемейді, дәріптелетін сөз, дәріптелуге лайық ой айтады. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма». Бұл жәй адамның сөзі емес. Ол – «қаны қара бір жанмын жаны жара» адамның сөзі. «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, етекбасты көп көрдім елден бірақ». Сол етек бастылар өңмеңдеген шақта, елді қайда бастайды, қай сорға бастайды? Мұны ойланар жұрт жоқ. Күнделікті қарынның тіршілігімен жүр. Ел болу, халық болу мақсаты қайда? Ұлт болып сақталып қала аламыз ба? Ұлт тамырына қарақұрт түскен жоқ па? Аурудың алдын алу керек пе? Оны ойланып жатқан жұрт жоқ. Қоңыз тіршілік. Содан да «өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті». Кімді? Халықтың халқым дейтін азаматтарын. Сол ой азаматтық поэзияға итермелеп, азаматтық лирика туды. «Ішім – толған у мен өрт, сыртым дүрдей» дегізді. Ақын амалсыз, іштегі алуан шерді, өз басы үшін емес, халқы үшін тұтасқан, өнебойын дендеген шерді ағыта келіп: «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» деп аяқ-қолын жинауға, осымен түгенделіп, түйіндеуге келді. Абай – қазақтың Азаматтық лирикасының атасы ретінде аталы сөз айтар деуімізге толық негіз болар – оның поэзиясы. Бірақ, бұл пікірді дәлелдеу үшін Абай поэзиясына арқа сүйеп отырған жоқпыз, біз осы арқылы 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясындағы Азаматтық лирикаға жол ашу мақсатын көздеп отырмыз. Мұндай мысалдарды Махамбет жырларынан да, Мағжан мен Шәкәрім лирикаларынан да көптеп келтіруге болар еді. Бірақ, басты қазық – 60-шы, 70-ші жылдар лирикасы.


«Ой орманы» кітабының жарық көруі – қазақ поэзиясына философиялық толғаныстарды әдебиетке алып келумен бірге, азаматтық лириканы туған топырағымызға дәнін егіп, жапырағын жайқалта түсті. Біреулерге «Ой орманы» әдебиетке Расул Ғамзатов поэзиясының келуіне орай өрбігендей көрінуі заңды. Бірақ, «Ой орманының» авторы – Қадыр Мырзалиевтың жырлары сол тұста өзіндік арнамен, қазақ даласында ғана тербеле ағып, тұңғиық иірімнен табылатын өзен-дариядай өз ағысын бастады. Бұл арналы ағыс – 60-шы жылдары толқи-тулап, 70-ші жылдары өзінің тарихи көшін, тарихи керуенін түзеп, қазақ даласына сапар шекті. Ақыл-ой сезімімен астасқан философиялық толғамдар – шын мәніндегі Азаматтық лириканың дәрежесіне көтерілді. «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» екенін дәлелдеді. Алдыңғы тарауда айтып өткеніміздей А.Ершуов деген жас ақынның: «Ақ бұлттар, ала бұлттар, көрдің бе, аспанда да алалық бар» деп жырлаған бір өлеңі – 60-шы жылдары жаңалықтай болып сезілсе, Қ.Мырзалиевтың ой толғамдары сол кездер үшін өзінше соны құбылыс болып танылды. Өз жолын өлеңнен бастаған Ә.Кекілбаевтың «Алтын шуақ» кітабындағы: «жүректе бірақ жатыр мұң, жатыр сол бір кесір күн. Тыртығында батырдың, әжімінде жесірдің» тәрізді шумақтар да елең еткізген еді. Солай десекте, «Ой орманы» арқылы тұтас бір қордалы дүниені алдыға тартқан ақынның алғаш жолы, ойға қадамы селқос қалдырған жоқ, қайта Қадыр жырларына келе-келе етіміз үйренгенге дейін, жаңалық болып көрінді:


Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді,


Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.

Осындай қарапайым ғана айтылған толғамды ойлармен ақын алғашқы қадамынан жыр сүйер қауымды баурап алған, 70-ші жылдары әдебиетке келген жас буынға әсер еткені сонша, бәрі дерлік философиялық ой кешуге көшті. Жас ақындар Жарасхан Әбдірашев, Темірхан Медетбеков, Күләш Ахметова, т.б. өлеңдерінің аяқ алыстарында – Қадыр поэзиясының әсері болмай қалған жоқ. Бірақ, бұл қаламгерлер өз жолдарын іздеуге талпынды. Әсер ету деген сөз – ақынның өз қолтаңбасы болғанда ғана, өзіндік стилі болғанда ғана жүзеге асатын іс. «...Ақынның басқа ақындарға ықпал етуі – оның поэзиясының басқа ақындар поэзиясында баттиып тұратындығында емес, олардың өз бойындағы күштерді қоздыратындығында: «Күн нұры жерге жарық түсіргенде оған өз күшін бермей, жердің өз бойыңдағы күшті қыздыратыны сияқты». Стиль ерекшелігі – ең алдымен поэзия, проза, драматургиясынды әдебиеттің үш саласында, немесе, өлең, поэма, әңгіме, повесть, роман, комедия, драма-сынды жеті жанрының бірінен дамып, өріс табады. Ал, жанрларды іштей жіптесе, әдебиет салалары мен жанрлары – структуралық тармақтары өзінше тамыр тартады. Содан келіп, поэзия жанрының түп-тамырынан, көп компоненттің бірінен, стильдің ауқымында, мазмұн мен пішіннің, түрдің бірлігінен, азаматтық лирика келіп шығады. Бұл салада ақын Қадыр Мырзалиевтың есімін алғаш атап, шығармашылығын алдымен алдымызға алудың себеп-салдары, 60-шы жылдары ақынның ойлы поэзиясы зиялы қауымды жалт қаратты. Жиырма жасында өзін-өзі атып өлтірген Бернияз Күлеев туралы жаза келіп: «Ұшқын» бетінде жарыққа шыққан жас Бернияз әдебиетіміздің сол табиғи жолымен шықты. Бірақ екпін тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ, оқушы оған жалт беріп, қарап қалған еді», – деп жазды. Мұндай сезім Төлеген Айбергенов поэзиясы дүниеге келгенде де, Мұқағали Мақатаев поэзиясы жарық көргенде де және Қадыр Мырзалиевтың ойлы поэзиясы ортамызда сөз ала бастаған шақта да осы сезім күйді оқырман жұрт басынан кеше бастады. Жалған мадақтау, жалаң дидактикалық өлеңдерден жалыға бастаған, жеке басқа табынушылық, Сталинге ода-сынды дәуірден арылып, жаңалық күткен жыр сүйер қауымға поэзияның ойшылдық сипаты, «жалт беріп қарап қалғандай» суретті көзге елестетті. Бұл – ақынның қазақ поэзиясына құр қол келмей, ой орманын ала келгендігінен, азаматтық лирика жүгінің салмақтылығынан деп бағалау орынды.


Қадыр Мырзалиевтың өзі де, қатарластары да соғыс зардабын көріп өскен ұрпақ болғандықтан да, «бала бола алмадық, өтсек екен әке боп» деп, биік мақсатты көздеген ұрпақ атынан сөйлеп, өздері сол образға, өздері сол лирикалық қаһарманға айналды. Лирикалық қаһармандары арқылы бүкіл бір кезеңнің шындығын, бүкіл бір ұрпақтың тағдырын, өмірі мен тыныс тіршілігін алдымызға жайды. Лирикалың образ – сыршыл өлең жырлардағы ақынның өз бейнесі, немесе, ақын толғанысынан туған, нәзік те қуатты сезімінен туған, сол арқылы өріліп жасалған өзгеше кейіпкер десек, Азаматтық лирикада, ақынның азаматтық өрелігіне өрілген өмірдің қат-қабат шындығынан туған әділетсіздік пен әділдіктің, ізгілік пен зұлымдықтың күресіне көркем оймен, нәзік сезіммен айтылған гумманизмнің, адамгершіліктің трибунасы іспеттес. Эпикалық образдан айырмашылығы, эпикалық образ нақты болса, лирикалық образ шартты. Кейде автордың «мені» ақынның өз жүрегінен сыр шертсе, кейде өзгенің де жүрегінен сөйлей алары хақ.


Ақындар 60-жылдары елдік, халықтық рухтағы жырларды тудыру арқылы өзінің азаматтық жүрегін тынытуға ұмтылды. Өмір шындығын терең жырлаған заманының асқақ ақыны, сыршыл лирик Ақан сері Қорамсаұлы /1843-1913/: «Қасиетті ата-баба зиратының үстіне егін салды, жайлап есіп» деп қажыса, енді бірде, ақын:


Орыс, ноғай, сарт-суан саудагерге


Қалайша малмен, жермен тең болмадық.
Сексен бес жыл болыпты бодандыққа,
Қайырсыз патшамызға ел болмадық.
Құр мен қоян секілді алуға оңай
Қай жұртқа жем болмадық, –

деп ашына жырласа, мұндай сөзді айту, 50-ші, 60-шы жылдары мүмкін болмай қалған. Жиырмасыншы жылдары «Итиіп қара шекпен келіп қонса, басыңнан құсың ұшып кетер сенің» деп туған жері, туған көлі туралы толғанған ақын Мағжан Жұмабаев, жоғарыдағы Ақан сері туралы: «Ақанның қазақ қайғысы туралы өлеңдеріне келсек, оның сері Ақан болумен бірге жаралы елдің шын Азаматы болғандығы сол өлеңдерінде көрінеді... Ақан өлеңдерінде елдің қайғысын көре білген, сол қайғының себебін таба білген. Ол қайғы – қазақтың ата тұрмысының аз дәуірдің ішінде көріне көзге қирағаны, қираудың себебі – қазақ даласына қарашекпендердің құжынап келіп орнағаны» дей келіп, Ақан туралы: «Патша алыс жете алмаймыз Петерборға», – дейді. «Ақ патша» сегіз санат қазақ даласындағы мынау зомбылықты білмей отыр ғой, білсе олар аяр дейді, бала елдің бала ақыны», – деп жазған. 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясы туралы бұлай топшылауға болмас еді. Балалығы қалғанымен қазақ халқы есейіп, отыз екінші аштықты, отыз жетінші жылғы қасіретті көргеннен, соғыс тақсіретін тартқаннан, тіс қаққан дәрежеге көтерілді. 60-шы жылдардың ақындары да алды-артын біліп, аңдап сөйлеуге, «керегеде құлаң бардың» кебін киіп өсті, дамыды. Ғафу Қайырбековтың осы бір жылдарды:


Басқа елдердің хандары хан сияқты,


Біздің хандар несіне жаман болған?

тәрізді аңдатулардан әрі аса алмағаны шындық. Терең ойға жүгінген ақын Қадыр Мырзалиев та:


Тауларға жалтақтама, жалпақ далам,


Төсінде басқыншылар қалбақтаған..., –

секілді өз ойларын аңдатып қана қойғаны болмаса, астарлы ойын тереңдете алмағаны, тереңдетуге ырық бермегені уақыт шындығы. Солай десек те, 60-шы, 70-ші жылдардағы поэзияның еңсесі төмен, сезім-көңілі пәс деуге келмейді. Бұл ұрпақ, бұл буын, әрі оқыған, білімді, парасатты болумен бірге, қоғам ыңғайын, замана тынысын өзінше түсінікпен, «үш әріптердің» үлкейтіп көрсететін лупасы да, кейде байқай қоймайтын, ойларда астарлап жеткізуге ұмтылып бақты. Әрбір ақын жеке тұлғаға айналуға, өз бойынан ерекшелік іздеп, биіктерге ұмтылды.


Биіктен құламайды,


Биікке шықпағандар,

деген ұғымда болды. Әр ақын өз шындығын іздеумен болды. Бұл ізденіс жолда, 60-шы жылдар олжасыз емес. Әр кезеңнің шындығы – өз үстемдігін жүргізеді. Қашанда Азаматтық жүрекпен, халық мұңын, ел қуанышын жырлауға ұмтылған ақын жүрегі:


Ғажайыпты айтар,


Ақын не сұмдықты айтар,
Азат арман,
Қаусаған құлдықты айтар
Сендер оны сөкпеңдер,
Ақын – сәби,
Сәби,
әсте,
ақиқат шындықты айтар.

«Стиль – шын талант, ұлы ақын жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез келген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушыларды – ақын, сөз жаза білушілерді – жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқта – стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас» екендігін ескере отырып, алпысыншы жылдардағы азаматтық лирика өкілдерін бағалап, таразыласақ, дарыны мен стилі сабақтасқан ақынның бірі – Қадыр Мырзалиев болса, бірі – Мұқағали Мақатаев. Екеуі екі түрлі ақын. Бір-біріне ұқсамайды. Тағдыр тауқыметі – соғыс тақсіреті мен заманы, уақыты ғана ұқсастау, ал шығармашылығы екі бағытта. Қадыр: «ақын – сәби, сәби әсте шындықты айтар» десе Мұқағали:


Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,


Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, –

дейді.

«Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңнің қасиетінен айнала отырып, қазақ тілінің қадір-қасиетін, құдіретін ашады. Өлең арқылы – өмірге азаматтың зілді назын айтады. Бұл кезең де тілімізге қауіптенген шақ еді. Ұлттан, ұлттық тілден біртіндеп алыстап бара жатқанымызды ақын жүрек сезінді. Көкірегі қарсы айырыла жаздап: «Қара өлеңі қазақтың қаза болса, қара көзден неге қан ағызбайын». Қара өлең образына бүткіл туған халқымызды, ұлтымыздың дәстүр-салтын сиғызып отыр. Империялық үстемдік көзқарас, өз жолында бәрін жалмап-жұтып келе жатқаны барша қауымға мәлім бола бастады. Бірақ айтуға қиын. «Қазан-миым бәрін де қайнатады, дара қойып қазақтың қара өлеңін» десе де, іште шер жатқаны белгілі. Дендеген дертті оқырман өзі іштей ұғынады.

Ақынмын деп қалай мен айта аламын,


Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын...

Қарапайым да, асқар биіктікке татыр азаматтық әуен бойды баурайды, көзді арбайды. Сиқырлы күш-қуат бар. Сол күш мен мұндалап тұрмайды. Қайта жасырынып, сөздер арасынан бойын тасалайтын тәрізді. Ол қуатты сезім, «сұмдық сыры» қайсы? «Сылдырлап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» өлеңдегі табиғилық, табиғатпен туыстық. Түп-түзу таспадай, таспадан қамшы өрген ақын шеберлігі. Сол шеберлік ұста қолынан шықса да, асып-таспай, «күпі киген қазақтың қара өлеңін», қонақ күткен қазақтың салт-дәстүрімен «шекпен жауып» аттандыруы. Салиқалы сезім, сырлы ой, бойға біткен кішіпейілділік – әрбір оқырманын тербеп ала жөнеледі. Сыртқа теппейді, ішке тартады. Қадыр өлеңінде де құпия сыр бар. Ол ойын жаңа заман тілімен айтады. «Состав», «Макентош» тәрізді сөздер бір қарағанда қолапайсыздау көрінеді. Бірақ, әдемі ойға кірігіп кеткенде, сүйелдей ерсілігі біртүрлі бәсеңсіп сала береді:


Жыр составын жүйткітіп жүргізе алмай,


Шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай.
Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды,
Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай, –
деп келіп, уақыт шындығына жүгінеді:
Уақыт болса зымырап өтіп жатыр,
Шыдамым да шетінен кетіп жатыр.
Күпі киген кемеңгер өзің ғана
Макентошты миғұла жетіп жатыр!

Екі күпі. Бірі – «күпі киген қазақтың қара өлеңі», екіншісі – «күпі киген кемеңгер өзің ғана» /Абайды айтып отыр – А./. Қазақтың қара өлеңінен – Абайды, Абайдан қазақтың қара өлеңін ажыратып қарауға болмайды, әсте. Айналып келгенде түп негізі бір «күпі». Бірақ, сол күпі арқылы екі ақын да, өзінің өмірге азаматтық өлшемін көрсетіп, танытқан. Жүз ақынның бір Абайға жете алмай жүргені де рас, Лермонтов, Пушкин де емес, ақынның өзі – өзге ақын екені де шындық. Өлеңге, өнерге және өмірге көзқарас пікірінен де, арақатынасынан да ақындық көрінеді, ақынның азаматтығы көрінеді. Азаматтық лириканың еңсесі өреленіп осындайда айқындала түседі.


Азаматтық лириканың Абайдан соң еңселене көрінген тұсы – біздің ғасырымыздың жиырмасыншы жылдары. Бұл тұста – Мағжан Жұмабаев лирикасы көркемдігімен, ойлы да парасаттылығымен биік сатыға көтерілді. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясын асқарлы асуларға бастаған ақынның ұлттық мәдениетіміздің тарихынан кең орын алу мәнісі де, Ақынның азаматтық лирикасының жұлдызы жоғары болуында.


Азамат, анау қазақ қаным десең,


Ұжмақтың суын апар жаным десең.
Болмаса ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтамай, тұншықтырам зарын десең, –

Мұнда ақынның ұлтжандылығы ғана көрініп қана қоймайды, сонымен қоса, бұл өлең ақынның ақындық биігі, азаматтық еңсесі – туған халқын қаншалықты қастерлей білді, қаншалықты азаматтық жүрегімен сүйе білді, бар азаматтыққа сын да, азаматтыққа өлшем де, осында жатқанын аңдатады.


Жалпы азаматтық, ақын үшін де, әрбір адам үшін де, туған халқына, туған еліне, туған жеріне, туған анасына қандай махаббаты бар, махаббаты мен қоса, ана алдында парыз-қарызын өтей алды, барлық мән-мазмұн осыған келіп тірелетіндей. Сол қасиеттерін көріп-танып: «Мағжан – сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен, күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте білді, оның жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем жазады», – деп толғады Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылдары. Сол кезде жоғарыда келтірілген шеберлік компоненттері – Мағжан ақынның бір басынан артылып төгіліп жатса, 60-шы, 70-ші жылдардағы профессионал деңгейге көтерілген поэзия, жеке-жеке үлкен арна тартты. Мағжанның ақындығы туралы Жүсіпбек Аймауытов көрсеткен бір шебердің басындағы мінез бір адам бойындағы көрінген қасиет-дарын салаланып, 60-шы жылдары Тұманбай Молдағалиев – Мағжанның сыршылдығын, Жұмекен Нәжімеденов суретшілдігін, Мұқағали Мақатаев сөзге еркіндігін, Қадыр Мырзалиев – тапқыштығын, Төлеген Айбергенов – күшті маржандай тізілген, Сағи Жиенбаев торғындай тізілген нәзік үнді күйін меңгеріп, соны үлкен арнада, нағыз өнерге тән профессиональдық бағытта дамытты деуге әбден негіз бар. Бір-біріне ұқсамайтын, қолтаңбасы ерекше ақындар 60-шы жылдардың есігін имене ашып, талант-дарынымен еркін енді.


Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенім,


Бура бұлттар бусанып терлегенім, –

деп әдебиет табалдырығын аттаған Мұқағали Мақатаев қазақ халқы үшін ары айтқанда орыстың Сергей Есениніндей, бері айтқанда – Николай Рубцовындай поэзияға құбылыс болып енген ақын еді. Мен бұл жерде олардың адами мінездерінің ұқсастығын еске алып отырғаным жоқ, қайта сиқырлы поэзия дүниесіндегі сұлулықты, қарапайымдылық пен күрделілікті әкелу жолындағы ұнасымдарды айтып отырмын. Жалпы лирикалық жырларда, не лирикалық әуен-саздарда барынша құстың қауырсынындай жеңіл, аққу қанатындай қалықтап жеңіл ұшқан сайын, өлең де құстай әсем, сұлу да сәнді, әсем де сымбатты көріне бастайды.


Аспанындай кей сәтте күрсінемін,


Жас талындай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің.

Өлеңді бір музыкалық әуенмен салыстыра қарасақ, симфонияға тән қуатты үнмен басталып: «Кең дүние төсіңді аш, мен келемін, алынбаған ақым бар сенде менің» деп шалқып-тасса, екінші шумағында, әуен бәсеңсіп: «Аспанындай кей сәтте күрсінемін, жас талындай жауқазын бүршік едім» деп музыка баяу төмендейді де, кенет оқыстан ғажайып қуатқа енеді де: «Кең дүние керемет қалпыңменен, жүрек болып кеудеме кірші менің» деп қалады. Кеудеге кең дүниені сыйғызу өз алдына, құлаш жетпес қиян дүниені жұдырықтай жүрекке айналдырып, кеудесіне басқысы келеді. Бұл нағыз дүниені сүю деген сөз, үлкен жүректі махаббат иесі ғана айтаалар қасиетті сөз. «М.Мақатаев туған халқының өмір-тарихын, фольклорын, әнін, күйін дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұштастыра жырлады. «Армысыңдар, достардан» бастап, Дантенің «Құдіретті комедиясына» дейін ол қаншама өсуден, өрістен өтті». Біресе биікке, біресе төмендеген поэтикалық музыка әуеніндегі сиқырлы күштің сыры: ақын бірде дүниеден биік тұрып сөйлеуі, бірде табиғатпен қатарлас-құрбысындай иық теңестіріп сөйлеуі, енді бірде сол құдіретті ақын кәдімгідей сәби, бала бола қалады. Адамның сезімі қандай күрделі, сынаптай бір орнында тұра алмайтын болса, ақын көңілі де дәл сондай:


Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,


Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам.

Ақын шырылдаған сәбидей болып тұрып та, дүниеге құдірет-күшін жалт еткізіп танытады, аңдатады. Дүниеге сәбидей қарсылық көрсетеді. Сәбидей қарсылық көрсету дегеннен шығады, бостандық туралы сезімін, балаға араша түсу арқылы да айтып жеткізетін ақынның табиғи тәсілі бар екенін осы орайда қайталап тағы бір еске салсақ, артық болмас:


Бұлқынып жатыр,


Келмейді-ау құрғыр шамасы.
Бұлқынып жатыр,
Таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы.

Күллі әлемге, барша халқыма, туған еліме бостандық берші дегеннен гөрі, сәбиге, бөбекке, болашаққа, ертеңімізге бостандық берші деуі қандай жарасьмды.


Тұмшалап қойдың несіне сонша қаусырып,


Шандудан бөлек қалған ба шараң таусылып?
Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы,
Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық.

Жақсы да, жанға жайлы көркем сурет: «Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық!» Аяқ пен қолы рухани маталған заманда, тұмшалап, қаусырып қойған қоғамда, еріксіз жүрегіңде екінші бір күй ойнайды. Сәби тіршілігі табиғи дүниемен өзің өмір сүріп отырған заманның бостандық алдындағы дәрменсіздігі ойға оралады. Жадыңда басқа бір бостандықтар жаңғырады.


Қарашы мынау абыржып жатқан пішінге


Ыза мен ашу қайнайды келіп ішіңде.
Жетпей ме сол да қойдың ғой мені арқандап,
Мамасы, босат, қызыма құрсау түсірме!

Тағы да астарлы ойлар жаңғырығы естіледі. Ақын оны ойламауы да мүмкін. Жүрегі тебіренген тұста сол біз айтқан мақсатты көздемеу де ықтимал. Бізге, оқырманға, қызығы, сол бір құрсаулы заманда, арқандаулы, тізгіндеулі қоғамда, сол сөздің екінші бір қырынан болса да айтылуы қызық: «Бостандық берші ботама?!»


Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!


Ауа мен күнге, Ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр, қарашы
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық.

Бала жүрегі арқылы ақын дүниеге өз қарсылығын да баян етіп, тұмшалап, қаусырудан, аяқ-қолды матаудан, рухани шандудан, арқандалудан – ақын жүрегінде де ыза мен ашу қайнауы заңды. Өлеңнің жүрекке жылы тиюі – балаға, нәрестеге тән табиғатпен жырланса да, үлкендер жүрегіндегі ащы шындықтың бетін біршама тырнап кететіндігінде. Өлең сонысымен де құнды. Бұл – түп тамырымен Мағжанның: «іс – санаулы, сөз аңдулы, ерік жоқ, өз қолымен ұнамды тон піштірмес» тәрізді ойларымен үндеседі. Бұл – Ахмет Байтұрсыновтың «Жұртына» айтқан «Білмейсің жөнің менен терісіңді, ел болып іс етпейсің келісімді» тәрізді ойларын жадында жаңғыртып:


Келгенде өзді-өзіңе мықты-ақсыңдар,


Қайтейін өзге десе көнгішіңді.
Сықылды сының бұтақ төмендесең
Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?! –

дерлік «көнгіштік» еске оралады, бала да болса бұлқынып жатқан, қарсылық көрсетіп жатқан кішкентай жүрек көзге елестейді. Ол – біздің болашағымыз. «Бостандық берші ботама?!» деуі де сондықтан. Батылдан батыл, ойыңды ашық айту – 60-шы жылдар поэзиясына тән емес, бұл кезде де алды-артын аңдап, жан-жағыңа қарап айту – жеке адамға табыну әсерінен қалған күдік, үрей, қорқа-соқтау тәрізді қалыптасқан мінез-құлықтардың заңды жалғасы. «Сынық бұтақтай» төмендеу салдары жоқ емес еді.


Кез келгенге тоқтай қап,


Құлақ түрсең пікір көп:
Ел жүрген жол көк тайғақ,
Елсіз жерде шұқыр көп, –

деп сақтандырады. Былай барсаң шалдығып атың өледі, былай барсаң шанаң сынады, қайда барсаң қорқыттың көріндей «шұқыр көп» сондағы ақынның түйіні:


Кез келгеннен торықсаң,


Күнің құрсын! Жат өліп!
Қателіктен қорықсаң –
Соның өзі қателік!

Сол үрей-қорқыныштан қаншама туған халқымыздың, Алаш азаматтары құрбан болды.


Отыз жетінің аласапыранында әдейі жасалған қуғыннан қаншама қан төгілді, қаншама ғұмыр үзілді, қаншама жастық қыршынынан қиылды. Осындайды ойға алғанда Қадыр ақын тартыншақ, қауіптенгіш аға ұрпақты еске ала отырып:


Күш-жігерін жастардың берер ме еді қарттарға,


Кейбір қарттар сияқты тартыншақ бір артқы арба.
Ақыл-ойын қарттардың берер ме еді жастарға,
Су сияқты керек ол жалын толы бастарға! –

дейді. «Тартыншақ бір артқа арбалардың» кесірінен де болған кесепаттар тарих бетінде ұланғайыр.


Болмаса да көк өзенім түрлеген,


Көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен...
Сондықтан да жиі жанам, сонан мен,
Жығыламын кейбір асау теңеуден.
Осынау бір олпы-солпы өлеңмен,
Өзімді-өзім түсіндіріп келем мен, –

деген ақын Жұмекен Нәжімеденов те өзінің уақытқа, қоғамға іштей қарсылық көрсеткен, астарлы өлеңдерін жазды. Әсіресе, 60-шы жылдары емес, 70-ші жылдары қордалы ойларды алға тартып, ақындық, азаматтық тұлғасын танытты. Өзі айтқандай «олпы-солпылықтан» гөрі, қоңыр үнді, прозаға бейім жырларының соны бояуларымен өзіне назар аудартқызған ақын:


Рахат, мына жер үстінде


Сенім көп Қол менен Кеудеге.
Кеудем бар! Құдірет күш кімде
Шынымен менде ме?!
О, онда сене бер! Біл тағы
Қымбаттың бәріне бағамын.
Ал, бірақ сөгілсе Дүние ұлтаны
Өзімді шеге ғып қағамын!

Соны теңеу, тапқыр деталімен өзінің азаматтық позициясын айқындаған ақын лирикалық психологизмге тереңдеп барады. Ой мен сырын тұңғиықтан тартқан ақын «ал, сөгілсе Дүние ұлтаны, өзімді шеге ғып қағамын» дегендегі, дүниені ұлтанына – шегені шендестіріп әкелуі поэзияда өзіндік олжасы еді. Ақын ізденісінің нәтижесі. Ізденіс болғанда өлеңді мың құбылтып, қырық түрлентпек ниеттегі ізденісті көреміз. Бұл жолды сәтті бастаған Жұмекен 70-ші жылдары және 80-ші жылдардың басында үлкен де өрелі биікке қол жеткізді. Ондай биікке қол жеткізуге алғашқы жинақтарындағы:


Басында бар білем ой анық,


Әр минут әлінше қатады үн...
Таң ата бала боп оянып,
Күн бата шал болып жатамын, –

деген қасиетімен қадам басты. Осы бір ақынға тән қасиет, ақынға тән мінез басым болғанмен Жұмекен де өз қатарластары сияқты, ашылып, көкейдегісін толық айта алды деуге болмайды. Қашанда күрмелген тілдің ұшында, тәуелсіздік, бостандық, еркіндік жайлы толғанулар көбіне-көп, лықсып толқыған, жартасты ұрып қайтқан толқындардай кері шегінумен болды. Сондықтанда Жұмекен:


Қайда әкеле жатырсың, өлең, мені?


Басы айналмас кісінің төмендегі.
Төменінде қалдыршы, өлең мені,
Бір қарызым бәрібір төленбеді.
Ақын болды десе де жасында әйгі,
Қақ жартасы жырымның басылмайды.
Бір сөзім бар – бәрібір айтылмайды.
Бір есігім бәрібір ашылмайды, –

деп өмірден өкпе-назбен өткен ақын, көп ойларды айтуға заманы, қоғамы келісе бермейтінін, ащы шындықты айтудың ауылы әлі де алыс екенін аңдатады.


Әдебиет теоретиктеріне сүйенсек, тақырыптық принципке негізделген лириканың түрлері: философиялық, патриоттық, саяси немесе азаматтық лирика, махаббат және пейзаждық лирикамен56 шектеледі. Осындағы саяси немесе азаматтық лирика деп, екеуінің аражігін ажыратпау, коммунистік идеяны, не коммунистік идеологияны насихаттау, оны жырлау бір жағынан саяси, бір жағынан азаматтық лирика болып саналды. Яғни, саяси лириканың да азаматтық лириканың да түп негізі – компартияны және оның көсемдерін жырлау деп ұғынылды. Шын мәнісінде, саясидан гөрі, азаматтық лирика патриоттық лирикамен үндес еді. Екеуі бірін-бірі толықтыру арқылы, еліне, ұлтына, халқына деген шынайы патриоттық сезімі арқылы ақынның азаматтығы көрінеді, азаматтық тұлғасы айқындалады. Сондықтан біз, талдау барысында азаматтық, саяси және патриоттық лириканы бір арнаға тоғыстыра отырып, жеке дара бөлмей қарауды жөн көрдік. 60-шы және 70-ші жылдар лирикасын зерттегенде, осы үш саланы бір арнаға тоғыстыру арқылы, қазақ лирикасының қол жеткен табыстарына, дәстүрлі жаңғыртқан жаңалықтарына куә бола аламыз.


Лиризм, ойшылдық, психологизм – үшеуін бір бағытта ұштастыра жырлаған ақынның бірі – Жұмекен Нәжімеденов десек, екіншісі – Төлеген Айбергенов. Төлеген лирикалық өлеңдерінде, лирикалық циклдарында, лирикалық кітабында патриоттық сезімі қырандай қияға тартып, азаматтық тұлғасы шығармаларымен биіктеп сала берген ақын. Әдеби шығарманың басты құралы да, оның көркемдігінің, әстетикалық бағасының негізгі өлшемі – тіл десек, сол тілдің көріктенуіне көп үлес қосқан, айшықты да, бейнелі болуына творчестволық еңбек сіңірген аса дарынды ақын Ж.Аймауытов Абайдан кейінгі қазақ поэзиясына аса күрделі жаңалық әкелген ақын деп Мағжан Жұмабаевты бағалады. 60-шы,70-ші жылдарда Төлеген Айбергенов, Бернияз Күлеевтей аз ғұмырында «Құмдағы мұнаралар» атты кітабымен өзіне лайық поэзияның сұлу да, мәрмәр сарайын соғып үлгірді.


Қазір менің ессіз шөлім басталды


Еш қайнардан қанбаған... –

деп Төлеген ақындық жолындағы алапат сезімді нөсердей төкпелеп, ғажайып құбылысқа енді.


Ей, адамдар, айналайын жыр кені,


Менің осы қайнарымнан қанып іш, –
Әкем өлген кезінде де бұл мені
Өртемеген сағыныш!

Поэзияға отты жүрегі өртене келген ақын бар болғаны өмір сүрген отыз жасында /1937-1967/ «Арман сапары» /1963/, «Өмірге саяхат» /1965/, «Құмдағы мұнаралар» атты кітапта көзі тірісінде, қайтыс болғаннан кейін «Мен саған ғашық едім» /1970/, «Аманат» /1975/ атты өлең кітаптары жарық көрді. Соңғы «Аманат» кітабы жарық көрер тұста «Жазушы» баспасы маған жабық рецензияға берген еді. Сондағы бір таңқаларлық жәй Төлегеннің алғашқы өлеңдерін, яғни талапкер дәрежесіндегі өлеңдерін баспаға қоса ұсынған екен. Ол кездегі өлеңдері сондай шынжау, шалажансар күйде жазылған, оған қарап отырып, бұл Төлегеннің өлеңі деуге, не Төлеген жазды-ау деуге сенер-сенбесіңді білмейсің. Сондай қалт-құлт еткен өлең дәрежесінен ғарышқа самғап көтерілген Төлеген поэзиясы таңқаларлық құбылыс. Сол рецензияда бұл өлеңдерін беру, бермеу жайында екі түрлі пікірді алға тарттым: Біріншіден, Төлегеннің алғашқы туындылары толық жинағына енсе, бұл ғылым үшін керек, аса зерек, аса сирек, таланттың таңқаларлық өсу жолын зерттеу үшін қажет. Бұл бірақ ақынның оқырман алдындағы беделін төмендетпесе, биіктетпейді дегенім. Екінші бір пікір, бұл алғашқы туындылары алынып тасталса, оқырман ұғымында туа сала ғажайып поэзия дүниесін әкелген ақын ұғымы қалыптасқан, беделі артады. Бірақ, оның өсу жолын зерттеудегі әдебиеттану ғылымына негіз болмай қалады, деп жазғанмын. Бұл екі пікірді салмақтай келе, баспа редакциясы ақынның алғашқы жырларын енгізбепті. Бұл да бір аса дарынды ақынның өсу жолындағы құпия сыры еді. Ол жұмбақ күйінде қалды.


Поэтикалық шындықтың басты критерийі – органикалық тұтастық. Сол тұтастықты терең зерттеу арқылы талант-дарынның құпия-сырын аша аламыз.


Өлең – тұтас организм, адамның іс-қылығының айнасы. Ол шын мәніндегі өлең болса өзі тудырған автордан да және автор өмір сүрген ұрпақтан да ұзақ ғұмыр кешеді. Өйткені, әдебиет мәңгіліктің ісі, онсыз өлең өлең емес, онсыз әдебиет әдебиет емес. Ақын жүрегі – ақын өмір сүрген ұрпақтар жүрегінің адамнан адамға, уақыттан уақытқа жалғастыратын жанды процесс. Ақыл мен жүрек, ой мен сезімнен туған өлең ғана ақынның жан-жүрегін, жандүниесін келер ұрпаққа жеткізіп, мәңгіліктің керуенінде өз көшін бастайды. Сөзден басқа адам жүрегін, адам жанын сақтап қалар құрал жоқ. Ақырғы сапары – ажалға келіп тірелетін адамның қиналғанда тапқан құралы, адам адам болғанда тапқан алтын қазынасы, алтын қазығы – сөз. Сөздің құдіретін жеткізудің бір жолы – өлең, сол өлеңді аз ғана ғұмырына серік еткен ақын Төлеген Айбергеновтың жүрегі соғуын тоқтатса да, өлеңдегі сапарын тоқтату мүмкін емес.


Ей, адамдар, айналайын туғандар,


Жалғыз минут тыңдаңдар!
Мен сендерге көп болды сыр шертпедім,
Қазір түгел көкірегім өрт менің!

деп жүрегінің лапылдаған отымен, өз дерті, өз жүрегін күйдіріп бара жатқан сағынышымен қазақ поэзиясының шаңырағын жылытты. Адамның заңғар ұлылығын сағынышымен есептеп, сағынышымен өлшеген ақын, сол сағыныштың кірпіктеріне сүйеніп өткен. «Сөйлейді сенің тіліңде барлық құс біткен» деп сағыныш алдында бас иеді. Азаматтығын сағынышымен асқақтады. Сағыныш сезімін, құдіретін елестету үшін, мына бір шумаққа зер салсақ та жеткілікті:


Сен менің өзімді көрсең,


Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең
Шошыр едің!..
Сен онда ойланар ең,
Мен болып сезінер ең.
Мен болып оянар ең,
Мен болып көз ілер ең,
Жеткізе алмас ел мұны
Адамның сөзіменен.

Адамның сөзіменен жеткізе алмаған жерден, құпия сезім құдіреті басталмақ. Осындай сезіммен өлең керуеніне енген ақынның азаматтық жүрегі – азаматтық лирикасымен көріктеніп, күрделене түсті. Төлеген ақынның өлеңіндегі бұрын ешкімнің де қарымы жете қоймаған тың бейнелілік, көркем аралымдар, өзіндік мақамдар өмірінің ақырында жазған туындыларының әрбір шумағында кездеседі десек артық айтқандық бола қоймас.


Жапырақтардан тіл бітіп бала құстарға /13/


Көктем келді тағы да Қазақстанға. /12/
Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап /13/
Сапарын тартты сабылып сазы алыстарға /14/
Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақперен /13/
Бұрма құзардан бұзылып көшті қақ терең /13/
Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан /13/
Кеудемнен менің сыбызғы тартып ақты өлең /14/.

деп басталатын «Қазақстан көктемдері» деген өлеңіндегідей сазды да, әуенді жырларының буындары әртүрлі болып келсе де, тіл кібіртіктемейді, қайта арналы ағысқа тартқан өзендей сүйіспеншілігіңді оятып отырады. Бояулар да жұтаң емес, қалың сөздер де тосын: «Жапырақтардан тіл бітіп, бала құстарға» дейді. Теңеулері де орнықты әрі сымбатты. «Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап» дейді. Күтпеген көз алдыңа суреттер келеді. «Сұңқар шыңдардан суырып семсер ақперен» дейді. Бұлақ ағысының да сипаты тамаша, оған шыбық қайыңның майысқақ, иілмелілігін ойға оралтып: «Бала қайыңдай солқылдап бұлақ сайлардан» дейді. Екі шумақтың өзінен неше алуан теңеулер төбе көрсетеді. Бәрі жарасымды. Көңілге қона кетеді.


Л.Н.Толстой бірде өзіне өзі: Сіздер білесіздер ме, кім менің сүйікті ақыным?» деп сауал қойып, оған өзі: «Тютчев» деп жауап берді. Кейін: «Онсыз өмір сүру мүмкін емес» деген тұжырымын айтады. Тютчевті түсіну деген поэзияны түсіну, Тютчевті сүю – лириканы сүю деген сөз. Осындай лириканың туа біткен перзенті, ақыны – Төлеген Айбергеновтың жүрегі, өмірді сүюдегі қүдіретті сезімі ұлы ақындардан кем соқпайды. Тютчевті «жер бетінде өмір сүрген аса ұлы ақындардың бірі» десе, біз Төлеген Айбергеновті қазақ топырағындағы қайталанбас, ғажайып лирик ақынымыз деп айта аламыз, «Тютчевті табиғат жыршысы» деп бүкіл әлем таныды, оны орыс халқы Баратинскиймен бірге философиялық лириканың да үлкен өкілі ретінде мойындады. Асылында, табиғат пен философияның бір-біріне қатысы мол. Табиғаттың түп-тамырында – философия жатыр да, философияның түп-тамыры – табиғатқа келіп тіреледі. Тютчевтей таза табиғат жыршысы болмағанымен бүткіл бейнелеу құралдарын табиғаттан ғана алған, табиғат пен етене туысқан дарын – Төлеген Айбергенов творчествосын сөз еткенде, оның осы қырына арнайы тоқтауды жөн көрдік. «Атамекен» өлеңінде:


Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып,


Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутаңдап қазір менің жанарымда,
Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

дейді. Бұл жерде ақын өзінің жиырма жеті ғұмырына дейін қарақалпақ жерінде өсіп, бар болғаны үш жыл ғұмыры туған қазақ жұртында өтті. Сол үш жылда ақын ағыл-тегіл жырлады, құдіретті сезімге шомылды, оның бәрі туған жер табиғатының қадыр-қасиетінің күші еді.


Түп-түгел төрт құбылаңды түстік етіп,


Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп, –
О, менің мәңгі басар нық тұрағым,
Қалайша махаббатымды ұқтырамын?
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын, –

Мұндағы атамекенге деген сезімін «Мен сенің түлетіп ұшырған құсыңмын», – дей келіп, «Дүние-ай қандай жақсы ед табаныңа, тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп» – сынды сезімді бастан кешу, жаутаңдап жиырма жеті жыл туған жеріне табаным тисе деп ғашық болған адамның, сағынған жанның жүрегінен ғана туады. Күнде туған жерге табаны тиіп жүрген адамнан гөрі, терең ұғынады. Тіпті, ақын туған жерін сүйетіндігі, қастерлейтіндігі соншалықты өзінің көлеңкесін де сол жерге түсіргісі келмейді. Сондықтанда: «Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте, көлеңкем түспесін деп тік тұрамын», – дейді. Айбергеновтың «Атамекен» өлеңінен табиғат, пейзаждық лириканы бастауымыздың себебі, ақын сол туған жер табиғатының суретін, бояуларын саяси лирикаға да, философиялық лирикаға да, махаббат лирикасына да тамаша қолдана біледі. Оның бейнелеу құралының қуатты қаруы – табиғат тылсымдары.


«Мүнаралар» деген өлеңінде:


Көзім менің!
Жатырсың жырақты ашып,
Қызыл гүлді барады қырап қашып.
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда,
Мұнаралар басына шырақ тасып, –

дей келіп, «табанымның астында қара дария, тас төбемде тайгасы мұнараның», – деп әдемі суретті табиғатпен табыстырады да:


Өмір, өмір ойлайсың, толғанасың,


Жастық шағың аңсайды қарбаласын.
Мұңаяды жиырма бес – қызық дәурен,
Көкке осылай шаншылып қалмағасын, –

деп, Маңғыстаудан – мүнараларға, мүнаралардан – табиғатқа, табиғаттан – өмірге ойысып, адамның қызық дәурені, ғұмыры – жиырма бестің арман-мұңына әкеп тірейді. Бір-бірімен үйлесіп, ұнасым табады.


Төлеген үшін табиғат – адамдай қозғалыстағы жанды дүние. Табиғат тек қана шабыттың ғана көзі емес, табиғатта да жүрек бар, табиғатта да бостандық, еркіндік бар, табиғатта да махаббат және оның тілі бардай сезінеді, содан өлеңнің жан дүниесі ашылып, адамның күрделі өміріне еркін енеді. Сезімін тербейді. Табиғатты адаммен, адамды табиғатпен туыстырып, әдемі теңеулер туғызады. «Маңғыстау саздарындағы» композитор Шәмші Қалдаяқовқа арнаған «Сырласу» өлеңінде, табиғатты Шәмшіге теңемейді, керісінше Шәмшіге табиғатты теңеу арқылы көркем шешім тапқан.


Көрсең ғой шіркін, бәрін де көзбен көрсең ғой,


Жатыр-ау менің жазира далам өлшенбей.
Осынша сөзбен ынтызар қылған аймаққа,
Бір әсем дария керек-ақ екен дәл сендей.

Бұдан соң ақын «қуаты керек мендегі асқақ арынның» дей келіп, «қара орман керек, қап-қара орман, түп орман, көзіндей менің жарымның» деп табиғат теңеуін бірде Шәмшіден, бірде өзінен, бірде жарының жанарынан іздейді. Бұл да ерекше соны теңеулер. Енді бірде фонтан боп атқылаған қара дария мұнайдың суретін «бұрымы-сынды сіздің үйдегі жеңгемнің» деп бұрып әкетеді. Теңеулер тербеліп бір орнында тұрмайды. Үнемі жанды қозғалысқа енген. Енді бірде Атырау жағасындағы қаланың суретін салады!


Ақ ерке осы қалаға


Айырмай көзін көк тігіп,
Тұрады екен көкірегін түгел өрт қылып.
Құс жолы мұнда аңдамай келіп шашылып қалған сияқты
Мұнаралардың заңғар басына соқтығып...

Мұндайда теңеулерді тамаша, әдемі деп тамсану аздық етеді. Оның ішінде ақынмен бірге жаңа бір әлемді көргендей сезінесің. Ақын жүрегі – оқырман жүрегіне айналып, ақынның көреген көзі – оқырман көзіне айналып, ақын мен оқырман біртұтас тұлғаға айналады. Әрбір адам өзі жазғандай сезінеді, дүниенің тылсым құбылысын көзге елестетерлік теңеулерді өзі тапқандай қуанады. Сезінтіп, әрі қуантып отырған сезімнің ішкі астарында – ақынның шеберлігі мен мұндаламаса да, еңсесін көрсетіп қана қояды.


Таң азанмен қыруар оттар зымырап ағып төске еріп,


Қойнына мың сан самаласымен жатады қайта кешке еніп.
Қол созым аспан шатырлап кейін шегініп кеткен сияқты,
Мына қаланың биіктігінен сескеніп.

Аспанды кейін шегіндірген прогрестің, қанатын кең жайған қаланың көкке ұмтыла биіктеуін суреттеумен бірге, ақын қаланың аумағының кеңейіп өсіп келе жатқандығын да жәй сөзбен емес, образбен өрнектейді. Қала аумағы кеңіп бара жатыр демейді, «Ақ үйлер қырға барады жөңкіп, алдынан тілеп ақ сапар» дейді. Көз алмай қарар, сұлу сурет. Шебер суреткердің қылқаламынан туған туынды.


Адам өтеді, табиғат қалады. Табиғат мәңгіліктің иесі. Адам аз ғана ғұмырды серік еткен жолаушы. Жолаушы әманда өз жолынан бірдеңе алып, бірдеңе беруге жаралған. Адамның ғұмырының мәнділігі – махаббатында. Елге, жерге деген махаббат, туып-өскен халқына деген махаббат және шын мәніндегі ғашықтық сезім оятатын махаббат. Төлеген поэзиясы – сол шынайы махаббатымен сөйлеген поэзия. Махаббат лирикасында – Мағжаннан кейінгі шоқтығы биік көрінген ақын да Төлеген Айбергенов. Бұл жанрда – Тұманбай Молдағалиев те өз дарынын танытты. Қадыр Мырзалиев пен Жұмекен Нәжімеденов махаббат лирикасымен, философиялық лириканы бір-бірімен үндестіре жырлады. Мұқағали Мақатаев аз қалам тартса да әдемі-әдемі өлеңдер жазды. Мұхтар Шаханов махаббат лирикасын әлеуметтік ортамен бірге қатыстыра жырлап тереңдетіп әкетті.


Поэзия – сөз өнері екенін әдебиеттану ғылымы дәлелдеген. Бірақ, бұл дәлелдеуді күтпейтін ақиқат. Әлеуметтік қоғам мен поэзия тығыз байланыста. Әлеуметтік ортаның, қоғамның, жалпы өмір процесі – поэзияның өлшеміне айналды. Ақын өз ортасын көріп өсу арқылы, өз ортасын бағалау арқылы ой түйеді. Поэзия тілі – мазмұнмен үндесіп бірге өмір сүреді. Мазмұн болса, өмір мен қоғамға келіп тіреледі. Өмір мен қоғам ақын сезіміне әсер берсе, керісінше, ақын да өмір мен қоғамға ықпалын жасайды. Ықпал жасау дегенді жалаң үгіт-насихат деп қарамауымыз керек, оның түп-тамырында бейнелілік жатыр. Тіл, ой, сезім сөз сиқырынан бейнелілік туады. Бейнелі сөз қашанда әсерлі, қуатты. Поэзия құдіреті де – бейнелілікте. Сол бейнелілік арқылы келешекте шығармашылық көркем өнер қызметі жер бетіндегі халықтың бәріне тән ортақ қазынаға айналады.


Ғылыми болжамдарға қарағанда, XXI ғасырдың мақсаты – Гомо Саппенстің ең жоғары даму сатысына жету. Сол арқылы табиғатпен жарасымды өмір сүруді, тәңір берген ғұмырды, өмір сыйлығын құрметтеуді, әр адам өзін және әлем сырларын танып білуді, өмірдің ғажайып шығармасы – поэзия арқылы ақыл-ой парасатын өсіру, өсу нәтижесінде дүниежүзілік даму перспективаларын реттейтін жанды процесс болуға керек. Сол өмірлік процесте, қозғалыстың әлемдік жүйесіндегі сөз өнері – поэзия құдіретін танып-білу, бағалау, қастерлеу өмірдің өзін қастерлеу деген сөз. Поэзияны тану – адам өзін-өзі танудың ғылымы. Сондықтан да бұл тұңғиық терең, даладай шексіз кең, таулардың заңғар шыңындай әсем де асқақ. Әлемдік адамзат баласына ортақ нәрсе, қарапайым да аса күрделі құбылыс, адам өмірі қаншалықты жұмбақ болса, сондай шешуін таптырмас таңқаларлық дүние – махаббат. Бұл әлемдік ақындардың мәңгілік жыры. Жыр арқауына – сарқылмас қазына. Сол қазынаға қазақ ақындары өз жиһаздарымен, өз алдына тіккен отау-шаңырақтарымен әдебиетке келді. Оның түп негізінде, махаббат лирикасының құнарлы топырағы өз мәуесін берген.


«Арал жырлары» циклында ақын Төлеген Айбергенов жігіттің бақытына жаралған сұлуды суреттей келіп: «қарлығашы үміттің, Ақ сазаны Аралдың» ақ ерке сұлуға:


Қиялдаған Новоидың,


Жоқ жары ма деп едім.
Қайта туған Абайдың
Тоғжаныма деп едім, –

деп көктемнің қызғалдағына, көлбеңдеген көк көлдің құсындай аруға телміре қарайды. Сұлулыққа бас иген ақын сапарында жолыққан арман аруға қазықтай айналып қалмайды. Бірақ қимай-қимай қоштасқан көңіл:


Арта берсін мерейің,


Жайқала бер орман боп.
Несін айта берейін
Көкіректе арман көп... –

деп, жас жүректің күрсінісіне, шуақты мұңына айналдырады. Бұл – ақынның алғашқы махаббат жырлары еді, өлең де тұңғыш жинағы «Арман сапарынан». «Арындап жатқан теңізін, ақтарып құйып шөлдерге» келе жатқан ақынның жанарына дүние махаббат боп елестеп, күн батса да, ол да ару, бикеш боп жанарына үйіріледі, «Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен» болып көрінеді. «Кейбір жота дем алып тұр гүлдерден, Соған ғана қадалыпты күн – Мерген». Махаббат сөзі. «Өмір – деген көк мұхиттың толқынынан» лирикалық кейіпкер өз ғашығын іздейді. Біз де бірге сапарға шығамыз... «Өз жүрегін өртейтұғын өз демі» бұл – махаббат. Махаббат мәңгі, өмірдей шексіз. Сондықтанда:


Өмір деген – мәңгі гүлдеп жататын,


Құштарлықтың толғағы мен көктемі.
Ешкім оған қоя алмайды нүктені,
Өмір деген сөйлем емес өйткені.

Махаббат жолында «Ау қапқан асау сүгәндей, бұлқынды асау жүректер» десек те, «көзіме сыйған дүние, сөзіме сыймай тұр менің» деп қынжылады. Сонда да ақын «Мен де өзімше жаратылыс сияқтымын бөлек бір, көзім жұлдыз, ал маңдайым тау шыңындай ерек тұр» деп, жүрегін – күн, ойын – тасыған өзенге балайды. «Қағылез қара бала болғаныммен, жүрегім кәдімгідей ақын менің» деп «Қарақалпақ қызына» наз тастайды:


Қалайша арман саған елтімесін,


Дауысын қазды аспанның келтіресің.
Қайтпасам болмайды енді Алматыма,
Сен мені өртей-өртөй өлтірерсің.

«Жар бұрымы» деген өлеңінде ақынның суретінен жар бұрымының неше алуан құбылыстарын көзге елестетеміз. Кейде бір буын өрілетін бұрым, кейде қосақталып, кейде қырық өрім боп тарайтын бұрым бояуын ақын қыл қалам шеберіндей әдемі келтіреді.


Кейде ұқсап жалғыз еркеме,


Көрінесің кей шақта сан қыз болып.
Жаурын дейтін өлкеде,
Жатасың кейде жалғыз қонып.
Екеу де боп ағасың қосарланып,
Қырықта боп қоштасып тарасасың.
Қай жаққа құласаң да жарасасың,
Ей, менің қара шашым!

Көз алдыңа сулулықты елестетер сурет. «Жаурын дейтін өлкедегі» қара мақпал қойнауларына жыр тілімен сапар көштіреді. Сапарында толқындар ұзартып әкетеді. «Мен сені көргем» дейді осы аттас өлеңінде. Сан алуан сурет тағы алдыңнан шығады: «Жатады сенің құз кеудең толқып-басылып, ойнайды сезім жүзінде сенің от болып» кездескенінде «қай жақтан жүрсің, қай тұстан естің арман-ән» деп еске алады да, «бір жерде сені көргендеймін-ау осы мен, қызғалдақ гүлін жармаған» – дейді.


Онан соң сені өткенде көрдім өртте мен,


Тереңін толқын тербеген.
Сондағы сотқар, тебіренген ағыс мен саған
Өтуге мұрша бермеген...

Ғашықтық сезімнің жанды қозғалысы, жанды құбылысы, алуан қырлы призмасы, көркемдіктің көкжиегіне жетелейді. Төлегеннің махаббат тақырыбындағы «Сыр», «Мені ойла», «А-ға» деген өлеңдерінің орыны ерекше. Төлеген қай тақырып болса да, төмендемей сөйлеуге, қайта асқақтық рух беріп, әр өлеңге жан енгізуге тырысады. Қарымы кең, құлашы көк аспанды қармардай қасиетімен не болса да толғанып, тебіреніп жыр етеді. Ғашығынан хаттар тоқтаған тұста да, бейне бір ұлы оқиға бола қалғандай таусыла, ақтарыла сөйлеуі, ақындық қасиетінен, ақындық рухының қуаттылығынан болса керек. «Сыр» деген өлеңіне назар аударалық:


Құм басқан меңіреу шөлдерде,


Атылып қалған армандай,
Сен жақтан тоғыз толғанда ай,
Тоқтады хаттар ормандай.
Тоқтады хаттар мертігіп,
Қанаты сынған кептердей.
Бұрауы түспей шертіліп,
Үзіліп кеткен шектердей.
Тоқтады жым-жырт тылсымнан,
Тоқтаймын деп те ескертпей
Жарқ етіп көздің ұшынан,
Ғайып боп кеткен кешкі өрттей...

Ақын өлеңнің тақырыптық аясында қалып қоймайды. Жиырма жеті жыл ғана ғұмыр кешкен ақын үшін махаббат өрті орасан оқиғаға айналуы ықтимал. Солай бола тұрса да, тақырыптың тар аясында қалып қоймай, бояу құралдарын, образдық бейнелер жасау иірімдерін тереңнен тартып, алыстан тербеп, құпия ғұмырға бастайды. Ғашықтық хаттар легі тоқтағандағы ақындық сезімнің «Құм басқан меңіреу шөлдерде, атылып қалған армандай» деп бастауы ғажап. Ал, сол ғажап тоқтаған хатқа байланысты болған соң, көңілің сәл суынғандай болса да, ақын оқырманын ойлантуға мұрса бермей «тоқтады хаттар ормандай, тоқтады хаттар мертігіп, қанаты сынған кептердей» деген образды бейнелермен өз ойын жібек орамалға орап бергенде, жүрегің жылып сала береді. «Бұрауы түспей шертіліп, үзіліп кеткен шектердей» деп, тіпті бейнелердің сан алуан формасымен, шешімі қызық есептердей, шешімі қызық жұмбақтардай тартып әкетеді. «Жарқ етіп көздің ұшынан, ғайып боп кеткен кешкі өрттей» мұндай жолдар өмірге өле ғашық ақын жүрегінен ғана туары хақ. Басқа босағадан табылған ғашық жарына деген ыстық ықылас суымастан:


Жаныма қап ең жақын боп,


Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп... –

дейді. Өлең – жүректің өлеңі, ғашықтық сезімнің жыры. Сан алуан бояуларынан өзімізге лайық сезім сапарын кешеміз. Бір мағынаны ғана бермейтін, алуан сазды үндей сан тараптарға жол шектіретін образ, бояулар тақырып аясында қалдырмай, шартарапқа тартатыны сондай, тура мазмұнынан, ауыспалы мағынасына айналып, өлеңді қабылдаудың жүздеген тараулары алдыңнан шығады. Қай жолды қабылдауың өз еркің. Ақын оқырманға «менің жолым – мына жол ғана» деп сезіміңді ноқталап қоймайды. Қалай қабылдасаң да ерік береді.


Абай поэзиясының да, Абай лирикасының да образ, бейнелерінің саналуан қырлы, призмадай қай жағынан қарасаң да сәулелене көрінуі – өлеңінің ғұмырлы болуына септігін тигізгендей. Төлегенде де сол қасиет басым. Мысалыға, Абай «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасында» өлең ауқымында, не тақырып шеңберінде қалып қоймай, қасиетті дүниенің неше алуан сырларын қамтып қалуға ұмтылады. Сондықтан өлең туралы – өлең екен деген ұғым туылмайды. Өлеңді айта отырып, өмірдің жанды қозғалысын, тірліктің толғағы мол процесін бірге қамтиды. Өлең – сонымен өмірлі «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы» деуінде де, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деседе де, «Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап», «Мақтан қуған, мал құмар нені ұға алсын», «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деуінде де, тақырыптың тар ауқымынан шығып, өмірдің кең ауқымына шығуы, дария арнасымен келіп, теңізге құлауы тәрізді суретті елестетеді. Аз ғана өмір сүрген аса талантты ақын Төлеген Айбергенов жырларының бойында Абай салған образдылық, бейнеліліктің саналуан қырлары, бір мағына емес, бірнеше мағыналылықтың сырларының болуы – ақын лирикасына ұзақ ғұмырлық қуат берген. Абайдан тура мағынасында үйренбесе де, Абай тағылымын терең меңгерген ақын. Абайдың «Қыз сөзіндегі» «Бізде ерік жоқ өзің біл, әлденеге бастайсыз» деуінде, «Сіздей асыл кез болса, қайтіп басты шайқаймыз» деп астарлы ойын сездіре келіп, «Ақылыңа сөзің сай, Сіз – жалын шоқ, біз – бір май» деп алып, «Ыстық сөзің кірді ішке, май тұра ма шыжымай» деуі адам жанын ынтықтырмай тұрмайды. Ақыр соңында:


Көңілің тұрса бізді алып,


Шыныменен қозғалып.
Біз – қырғауыл, сіз - тұйғын
Тояттай бер, кел де алып, –

тәрізді тереңнен қозғап, телмірген көңілді тұңғиыққа тартатын әсем суреттерді Төлеген қайталамайды, өз жүрегіне тән, өзінің жастық ғұмырына тән қасиетпен өзінше жырлайды. Абай жырларын, мысалыға, алып отыру себебіміз, ұлы ақын дүниелеріндегі образ мағынасының көп қырлылығы, алуан мағыналылығы, оқушыны өзінше түсінуіне ерік беретіндігі Төлеген лирикасында да аз ұшыраспайды. Керісінше, Қадыр Мырзалиев лирикаларында, мұндай көп ауқымдылық жолға оқырманын жібермей, өз ойын шегедей айтып жеткізіп, өз ағысының аясынан шығармайды. Бұл да ақынның өзіндік қасиеті, өзіндік ерекшелігі деп үққан ләзім.


Қызыл-жасыл құйрығындай тотының,


Шұғылалы сөзден шілтер тоқыдым.
Тура келсе – адам сырын көзінен,
Жалт бұрылса – жаурынынан оқыдым.
Сезім оты өшпейтұғын тамаша от,
Ақ алауға айналмайды, шала шоқ.
Мен – Абайдың інісімін жырдағы,
Екеуміздің арамызда бала жоқ! –

дейтін Қадыр лирикаларында Төлеген лирикасына қарағанда ақыл-ойдың салмағы басым. Ал Төлегенде Қадырға қарағанда сөздің сұлу кестесі, әсем де сәнді шілтерлі өрнегі басым. Қадыр лирикалары тиянақты образдармен өрнектелсе, Төлеген жырларындағы бейнелілікті алуан мағынада қабылдауға, өзінше түсінуіне болады. Қадыр поэзиясы – нақты образдың, шашау шықпас ойдың поэзиясы. Қадыр көбіне тапқыр ойдың шешені. «Қиын! Қиын ғашығыңа үйленбеу, Үйленгенің, мүмкін, одан қиындау» десе Қадыр, өмірдің алды-артын, жан-жағын, бүгіні мен ертеңін бәрін де өлшеп-пішіп айтуға ұмтылады. Ақыл таразысына салады. Төлеген сезім таразысымен өлшейді. Екеуі де өмірге керек, қажет поэзия.


Қадырдың Махаббат лирикасында әрдайым философиялық ой-сезімдер қатар ғұмыр кешіп, бірге өмір сүреді:


Махаббатқа мың өртеніп, мың күйіп,


Мөлдір көзге алғандай бір мұң құйып.
Көз дейміз-ау, көз емес ол,
Талайды
Тереңіне тартып жатқан тұңғиық...
...Қайран сұлу Күн келбетті, Ай мүсін!
Көзін сүзбей қалады оған қай кісі?!
Бір адамның, бір адамның бақыты ол,
Мың адамның, мың адамның қайғысы!

Қадырдың махаббат лирикасында «Кірпіктері – күн нұрынан суырып, Қою түнге малып алған жебелер» тәрізді образдар, Анар емес кеудедегі екі анар – Бекежандар бұғып жатқан Қособа!» тәрізді бейнелер болғанымен, ақын көбінесе ой тізгінін ұстайды да, сезім толқыны екінші планда қалады. Төлеген Айбергенов лирикасында ой айтам деп ұмтылмайды, өз сезімін жауындай нөсерлете төгеді де, сезімнен ойды іздейді. Қадыр болса ойдан сезім табуға тырысады. Махаббат сезімі құшағындағы лирикалық кейіпкердің күйін суреттеп «Шайқалады кеудедегі шаттығым, – Мас адамның қолындағы кеседей» десе, енді бірде «Махаббатты екі бөлсең, шығады өстіп зұлымдық, зұлымдықтың бәрін қоссаң, бір махаббат шықпайды!» деп түйін түйсе, енді бірде «Мен Өлімнен қорықпаймын өлем деп, екеумізді бөледі-ау деп қорқамын» деп адамды ойымен иландырады. Қадыр лирикасында өз ойы оқушы ойымен, ақын түсінігі оқушы түсінігімен бірлесіп, бір түйінге келеді. Төлеген лирикасында ақын мен оқырман түсіністігі қабыспауы да мүмкін, бір арнадан табылуы да ықтимал. Қадырдың өмірге көзқарасы нақты екендігі, мол тәжірибеден өтіп, ақыл-ой салмағы таразысынан өтіп, айтылатын болғандықтан да оқырман ықтиярын өзіне тартып алады. Солай екеніне, өмірдің Қадыр жазғандай анықтығына көзің жетеді.


Ақын Жұмекен Нәжімеденовтың махаббат лирикаларында сөз суретінің терең иірімдері тартып әкетеді. «Сенің шашың түн десем, Адасумен өтем ғой» дей салады. Тілге келіп, жанарына сенім ұялатқан ғашығына риза сезіммен «Кемесі – сенім кеудемде, көтерші, бақыт желкенін!» бояумен көмкереді. «...Болсам да жұлдыз көктегі, сен үшін жерге түсер ем!» деп ақиқат сезімін білдіреді. Немесе «Сен бір көзсің, мен – кірпік, қалғи қойшы – жабайын» деп тереңнен қозғайды. «Өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ, өмір бар жүз драма бір бас сайын» деп Жұмекен жырлағандай, осы бір кеудесіндегі кішкене басымен, үп-үлкен дүниенің сырына алаң екенін ұқтыра отырып, ақын өз махаббатын өзінше жырлайды, өз ғашығының сұлулығын өзінше көріп, өзінше бағалайды. Бұл да жыр құпиясының – өмір құпиясындай ғажайып та керемет саналуан сырларынан хабар берсе керек және оны дәлелдесе керек. Жұмекен лирикасынан да, Қадыр мен Төлеген жырларынан да, сәл ертерек дүниеге келген, сәл ертерек баспасөз бетінде жарық көрген Тұманбай Молдағалиевтың махаббат лирикасы да өзіндік ерекшелігімен қызықты, өз жолымен байыпты. «Жастықтың жыршысы есебінде Тұманбай өлеңдері «талайлардың жүрегін лүпілдеткен» махаббатқа табынған қаһарманның жан сырын шынайы бейнелеумен қымбат» /С.Қирабаев/, десек, бұған негіз жоқ емес. Қашан да ақын шынайы жырлауға, қарапайым жырлауға ұмтылады. Қарапайымдылық пен қарабайырлықтың арасы – жер мен көктей. Қарапайымдылықпен жан сырын шынайы ақтарып, алдыңа жайып салу – екінің бірінің қолынан келмейді. Кейде ақындар күрделі ойды толғап, күрделендіріп жазам деген мақсатпен оқырман арасындағы жолдан адасып қалады. Тұманбай ақын болса, оқушы жүрегіне төтелеп жол салған ақын. Жол салғанда қарапайым жазып, қарапайым оқырман жүрегіне енуімен қымбат.


Сағынамын құрбы қызды шамын жаққан бөтеннің,


Қызығамын өміріне бақыт тапқан екеудің, –

дей келіп:


Қайда жүрсем достарыма ауыл жайлы шертем жыр,


Мүмкін бала Тұманбайды сағынудан ба екен бұл?!

деп түйіндейді. Бір қарағанда алып-жұлып бара жатқан кереметті байқамайсың, бірақ, біртүрлі ішке жылылық енеді. Шуақ жүзіңді өпкендей сезім пайда болады. Бірте-бірте түнгі аспаннан оянған жұлдыздардай сәулелер жылтырайды. Сезімге бөлейді. Бұл да ақынның өлең жазудағы өзіндік тәсілі, өзіндік қуаты. Мұның түп-төркінінде шынайылық пен қарапайымдылық ибалылық сақтап жатқандай. Тұманбай осы қырымен қуатты ақын. Шын мәніндегі жастықтың жыршысы. Қадыр ақын ойлылығымен басым болса, Тұманбай сезімділігімен, қарапайымдылығымен басым.


Махаббат лирикасын жырлауда, 60-шы жылдарда әдебиетке келіп, 70-ші жылдарда ақындық қуатын танытып, мойындатқан қаламгер – Мұхтар Шаханов. Мұхтардың Төлеген Айбергеновке, Қадыр Мырзалиевке, Тұманбай Молдағалиевке ұқсамайтын ең басты қыры – әдебиетке шағын сюжетті лирикасымен келді. Ертек-аңыздардың желілерін, ел арасына кең тараған даналық тағылымдарды поэзиясына жақсы пайдалана білді. Ол пайдаланғандары сүйелдей болып көрініп тұрмайды, өлеңімен жымдасып, бірігіп кетеді. Өз ойына көмекші қызмет атқарады. Яғни, ақын қажетті-қажетті материалдарды орынды-орынды жеріне жұмсай біледі. Жалпы, махаббат лирикаларында лиро-эпостық жырлар болмаса, көбіне-көп сюжет – желіссіз болып келеді». «Любовная лирика русских поэтов» /1988/ атты классикалық үлгілерде де, бірен-саран ғана желісі бар жырлар ұшырасады. Мысалыға, ХVІІ ғасырдағы В.К.Тредиаковскийдің «Махаббат аралына сапар» /«Езда – в остров любви»/, ХVШ ғасырдағы И.И.Козловтың «Венециан түні» /«Венецианская ночь»/ т.б. бірліжарым ақындар болмаса, Пушкин, Лермонтов, Державин, Жуковский, Кюхельбекер, Тютчев, Огарев, Аксанов, Фет, Надсон, Бельмонт лирикалары – сюжетсіз махаббат лирикалары. Бұл тұрғыда М.Шаханов өз жаңалығымен, өз ізденісімен жыр сүйер қауымды елеңдетті. «М.Шаханов соңғы жылдардағы қазақ поэзиясына жанрлық, стильдік сипатта бір қатар жаңалық әкелген ақын. Біз Мұхтарды лирик дейміз бе, эпик дейміз бе? Екеуіне де негіз бар. Эпик деуімізге болады: өлеңдерінің дені сюжетке құрылған. Баллада, поэмалары оның творчествосының негізгі тараулары. Бірақ осы пікірмен тұрақтап тұра алмаймыз. «Мұхтар эпик ақын» дегенде оның негізгі қасиеті тасада қалып қойғандай сезіледі. Өлең алдымен мықты лирик қой... Өлеңдерінің дені сюжетке құрылғандықтан да, эпик деуімізге болады деген жадағайлау пікірмен келісе алмасақ та, Мұхтар ақынды лирик тануын, «Ол ең алдымен лирик қой» деуінде негіз бар. Лирикалық поэмасы – «Танакөзді» айтпағанның өзінде, Мұхтар шығармашылығының дені, жалпы ақындық жаратылысы лириктік қасиетімен шуақтанып, ажарланып жатқанына ешкімнің дауы болмаса керек. Бір ғана мысал «Махаббатты қорғау» тарихы.


Біз екеуміз жолықтық,


Бірақ тым кеш жолықтық
Достасудан от тұтап,
Қоштасуға қорықтық, –

деп басталатын триптихтың тұла бойы, дені – махаббат лирикасы. «Арқамызда – асқар бел, Алдымызда – өр өзен, Өр өзеннен өтуге кім береді қайықты?» Ал, қайықшы болса – қиқар шал. Қайығына қабаған итті байлаған. «Бойымызда жоқ екен итті алдайтын қулық та» деп күрсінеді лирикалық кейіпкер. Ең шешуші кез келгенде қаймығып, тілін тістеп тұрып қалған бөрікті ғашығына: Еркелеуші ем ерке болып, Ең шешуші кез келгенде, тұрып қалдың жерге қарап... Көз жасымды көрсетпеуге тырыстым мен саған бірақ, Сен деп шыққан сенімімнің биігінен барам құлап» деп қоштасады. Қоштаса тұрып, былай дейді:


Сірә, бағың жана қоймас, басқан ізің кетті кейін,


Әйтсе де, мен жылап тұрып, жолың болсын деп тілеймін.

Бұдан соңғы желіде, отыздың орманында жүрген лирикалық кейіпкер, жиырманың көк балаусасымен жолығады:


Сен болып қайта жанды-ау сағынышым,


Бәлкім тар маңдайымның бағымысың.
Бәлкім, сен менен қашқан махаббаттың,
Ойланып қайта соққан шағымысың, –

деп толғанады. Триптихтың алғашқы арнасын, яғни кіріспесін:


Көзімді алмай маздап жанған оттардан


Саған сенем, Саған сенім артамын.
Қорықпаймын түсінігі жоқтардан,
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын! –

деп түйеді. Триптихтың біріншісі: «Саматтың жұбайы Айжанармен жекпе-жек», екіншісі: «Ғайша», үшіншісі: «Мәрзия» деп аталады. «Замана тұр бөркін алып ойланып» деп әдемі басталатын триптихтың бірінші бөлімінде, Айжанар сіңілісінің он сегізге толған туған күні тойланады. Сол иесіне арнап, лирикалық кейіпкер тост көтереді. Тосында «Бүгін, міне, сенің туған күніңде, Қандай тілек айтсам екен, бауырым?» деп қиналады. Байлық тілегісі келеді, бірақ, ол байлықтың баянсыздығын, ерлік тілегісі келеді, «Ерлік сезім табылады өзіңнен» дейді. «Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсыз да» деп түйеді. Ең ақырында зор махаббат тілеу тұжырымына тіреледі. Сол кезде Айжанар орнынан атып тұрып: «Махаббат жоқ! Махаббат жоқ, ол әншейін далбаса... Бір кез мен де мына сіңілім сияқты, ұяң едім, сұлу едім керемет, «Менің асқақ сезімімнен үміткер, Аз болмайтын біздің жақта жігіттер... Бірақ, бүгін сол сезімнен не қалды? Сондағы үміт талдан ұшқан жапырақтай жоғалды», – деп қарсылық білдірді. Сонда мосқал көршісі: «...Алматыдан шыққан жолдың барлығы, Отырарға бастап алып бармайтындығы секілді, сағыну мен сүйісу, Махаббатқа бастап алып бара алмайтыны белгілі» екенін, «Махаббат ол – жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі» екенін, сұлулығың Баяннан кем емес болса да, ақылың Жібектен кем түспесе де, одан Қозы сенен Баян шықпады» дей отырып, махаббатты қорғай алу керектігіне көз жеткізеді. Триптихтың екінші бөлігі «Ғайшада» соғыс бітсе де майданнан оралмаған жарын адал күткен, оншақты жыл үміт үзбеген жар, ақыры амалы таусылып, бір түңде көрші қартқа тұрмысқа шығады:


Жаңа үмітін жағып бір,


Кеудесіне қанағаттан тағып гүл...
Ал, таңертең арман болған күйеуі
Терезені қағып тұр.

Ғайша сорлы күйіп кетіп бұл қорлықты көргенде, күйеуінің аяғына құлап, зар қағады. Жылап жатып зарланады, қарғанады, содан сүйретіліп орнынан тұрып, асау Ақсу өзеніне жан ұшыра жүгіреді:


Бағаласаң махаббатты бағала,


Бағаласаң махаббатты бағала...
Сәлден кейін сорлының
Орамалы ғана жатты жағада...

Сюжетті драмалық, трагедиялық желістерге құрғанмен, ақын жүрегі болып сөйлейтін лирикалық қаһарманның «мені» – оқырманын ойға жетелейді. Селқос қалдыра алмайды. Поэзияда, кейде екі түрлі сипат көзге көрінеді: біріншісі – өлең-жырлардың халық қолды болып, қарапайым ортаға, қарапайым ортаның түсінігіне лайық жазылуы. Екіншісі – әдебиетшілер түсінігіне, талғам-дәрежесіне лайық жазылатын, яғни әдебиетті – әдебиетші үшін жазу. Екеуінің де артықшылығы бар, екеуінің де кемшілігі бар. Артықшылығы, қанша қарапайым жазылса – соншалықты халық қолды болып, кез келген қауымға танымал болу қасиеті. Кемшілігі – қарапайымдылықтан қарабайырлыққа ұрынып қалу қауіпі. Екіншісінде талғам биігінен шығам деп жүріп, күрделендірем деп жүріп, халықтық сезімнен, көпшілік талғамынан алыстап, ара-жігі үзіліп кетуі. Бірақ, бұл жолдың да шеберлік дамытуға, өз жолын табуға септігін тигізуі. Қалай дегенменде, халыққа етене жақын жолға – қайта оралу борышы, міндеті – өмірдің өзінен туындайды, өмір соған көнуге мәжбүр етеді. Мұхтар Шаханов лирикасы – халық қолдылығымен қымбат. Күрделендірем деп ойламайды, өз ойына, айтам деген сюжетке – өлең өрнегін, өлең кестесін соған лайық жүгіндіреді. Мұхтар да өзгеге ұқсамай өзіндік мақаммен сөйлей біледі. Тіпті, ол үшін өлеңнің буындары, ұйқас сөз емес, ондай техникалық жайлар мен келісім-мәмілеге келмей-ақ, өзінің діттеген жеріне жеткізуге тырысады. Көбіне-көп сол биіктіктен шығып отырады. Бұл да тегін емес, мұны ақынның ақындық шеберлігінен деп тануымызға лайық.


Махаббат лирикасын жырлай отырып та, саяси немесе, азаматтық лирикаға ден қойсақ та, табиғат немесе пейзаждық лирикаға бет бұрсақ та, сол әрбір жанр жалаң өз тақырыбында байланып, тұрып қалмайды. Қай тақырыпты жырлап, қай жанрды ақын өзіне өзек етсе де, философиялық ойға бара алмай тұра алмайды. Философиялық лирика көп жанрлардың ішінде, мен мұндалап оқшауланып кейде көрініп, кейде көрінбей өлең табиғатымен тұтасып, бірігіп кетеді. Философиялық лирикаға біржола бет бұрған дағыстандық ақын Расул Ғамзатовты еске алсақ, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ поэзиясында Қадыр Мырзалиевты атайтынымыз айғақ. Қадыр өзімен бірге әдебиетке ойлы поэзияны, философиялық лириканы жетектей енсе, сол философиялық лирика ақын есімін елге паш етті.


Философия, ең алдымен дүниеге теориялық тұрғыдан көз жіберіп, ерекше логикалық, танымдық критерийлерге сүйене отырып, адамның дүниеге деген көзқарасын тұжырымдайды десек, поэзияда ақын өзінің жырлары арқылы, жырдың көркем элементтері арқылы, көркем бояу, образды бейнелер арқылы дүние құпиясына терең енеді, жарқ еткен найзағай отындай сұлу да отты, жарықпен әр жүректі сәулелендіруге қадам жасайды. Философияның ерекшелігі – оның дүниеге жалпы көзқарас болып методологиялық қызмет атқаруында десек, яғни бұл міндетті бірде-бір нақты ғылым салалары, немесе нақтылы ғылыми білімнің жалпы жиыны атқара алмайтынын ескерсек, поэзияда философиялық ой айту, философиялық толғаныстар, философияның тұтас алып бәйтерегінің бір бұтағы болып ене алады, немесе оның нәр берер тамырына айнала алады дер едік. Ұлы философтардың көбісі дерлік, өлең жазғанын еекерсек, олардың көбісі дерлік өз ойының тиянағы етіп, сан ғасырлардың сарқылмас бай қазынасы – фольклорға сүйенгенін ескерсек, философия мен поэзияны бөліп қарауға болмайды. Философияда поэзия кірігіп, поэзияда – философия бірігіп бітім жарастығын тауып жатса, бұл теория туғызған заңдылық емес, өмірдің өзі тудырған заңдылық.


Қадыр Мырзалиевтың философиялық ойларының көркемдік шешімі – жаңа да, соны болуымен құнды. Жаңашыл ақын – жаңа заманды жазғандықтан жаңашыл емес, қайта бізге белгілі, етене таныс өмір құбылыстарын, бұрын жан адам баласы жырламағандай етіп, өзгеше суреттей білуінде деген Гете пікіріне лайықты ой-толғамдарды Қадыр лирикасынан көптеп табуға болады.


Ақынның философиялық ойлары халқының қасиетін танудан басталып, ел-жұртының қасірет-қайғысына, мұң-наласына келіп тіреледі. Сол бір тұңғиық, тұйықтықтан қалай шығу мақсатын көздейді. «Үлкен бе едің қашаннан, кішкене жұрттың қайғысы?!» десе де, «Аз халықтың ұлына, Ұлы болмай болмайды» десе де, оның астарында туған халқына деген іңкәр көңіл, махаббат сезімі толқиды. Құпия дүниеге көңілі алаң ақынның бірі – Қадыр болса, қызық та, жұмбақ өмірді көруі де, танып-білуі де өзгеше. «Нажағай жарқ етті дейміз, Ол – оның өлгені шығар» деп толғанса да, «Бұлбұлды сайрады дейміз, Ол – оның жылағаны шығар» десе де, оқырман еріксіз ойға батып қалады. Еріксіз өз ойының үкіміне жүгінуіне тура келеді.


Қадыр Адамның құдіретін, қадыр-қасиетін, мықтылығын, сұрқия зұлымдық пен жамандықпен де күресетін, адалдық, ар-ожданды биік көтеретін Адам ғана екенін, қаншама құпия-жұмбақ болса да, дүние сырын Адам ғана ұға алатынын жырлай келіп:


Жатса да өсек атты төбет үріп,


Жолдаспен сырласады ол күле отырып.
Апырм-ай, бір ғажабы: қайғырмайды-ау,
Ақыры өлетінін біле тұрып!.. –
деп Адамның ең ғажайып қасиетіне зер салады.
Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді,
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі өзгені де жылатып.
Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын, –

деп Адамның ішкі жан сезіміне, психологиясына, қадыр-қасиетіне қарапайым тілмен біртіндеп еніп, біртіндеп сырларын аша түседі. Философиялық ойларымен Адам туралы циклын біртіндеп толықтырып, бір өлең, бір өлеңді демеп, топтама соңында Адам образы тұтасып алдыңнан тұлғалана көрінеді.


Өлімнен өзім саспаймын,


Өмірдің қорқам кәрінен.
Бастауын істің бастаймын,
Бітіру қиын бәрінен...
Түк емес сұлу тұлғаңмен,
Топ-толық мынау тоқ күйің.
Адам боп оңай туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын!

Адамның табиғатына деген философиялық ойдың түйінін, осы бір салмақты да, бағалы пікірге әкеп тірейді. Иланасың. Ақын жүрегімен келісесің: Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейтініне сенесің. Лирикалық кейіпкер қасиеті – адами ортақ қасиетке айналып, сыры мен мұңы адамзатқа тән қасиетке ұласады. «Өз тағдыры – халқының тағдыры, халқының тағдыры – өз тағдыры, өз мерейің, өз мүддесі екенін Қадыр мейлінше сезінген ақын... Қадыр поэзиясы – тебіреністі поэзия, бүгінгі дәуірдің мол ассоциялы алуан астарлы, шиыршық атқан шымыр поэзиясы». «Төбет пен күшік» деген өлеңінде, дәу төбеттің күшікпен ойнап жүрген сәтін суреттейді. Бөрілер қаймығатын төбет күшікпенен ойнағанда: «Қуса – қашып, жетсе – құлап жатады. Кейде аузын ашып, өп-өтірік құлайды. Күшік болса, алып ұрып көгалға жұлқылайды. Ерке күшік төбеттің төсіне шығып алып «умаждайды» келіп. Осындай хайуанатқа тән суреттерді салып келеді де, Қадыр ақын шеберлікпен адам тағдырын, адамдық бір қасиетке аудара салады. Әлгі, хайуанаттар суреті тосыннан Адамға айналғандай ғажайып күй кешесің. Тапқырлығына риза боласың.


«Кім біледі


Неменен бұл тынады.
Бірін бірі сынаудайын сынады.
Маған осы «үлкендігі» күшіктің,
Ал төбеттің «балалығы» ұнады», –

деп, түйеді. Бұдан соң қарапайым суреттер күрделеніп, адам тағдырына ұласып кеткендей, адамның кейбір сәттерін еріксіз еске аласың.


Қадыр поэзиясының философиялық ойлары көбіне-көп өлең түйінінде айтылады. Осы орайда бір айта кететін жәйт, Абай поэзиясын ыждақаттап назар салып оқыған адамға байқалатын бір қасиет айтылар ойдың мән-мазмұны, тұздығы өлеңнің бірінші жолынан басталады. Ұлы ақынды ой оятқанда, өлең жазуға итермелейтін қуат-күш, яғни қозғаушы күш – өлеңнің алғашқы жолындағы сөздің сиқыр күші жазуға итермелейтін болса керек. Мысалыға, Абайдың қай өлеңін алсақ та, алғашқы жолдың әсері суымайды. Сол жол алға жетелейді, ынтықтырады: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Балалық өлді білдің бе?», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап», «Күшік асырап ит еттім», «Көлеңке басын ұзартып», «Домбыраға қол соқпа», «Жапырағы қуарған ескі үмітпен», «Есіңде бар ма жас күнің», «Қарашада өмір тұр», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін». Бұл – Абай өлеңдерінің алғашқы жолы. Ә дегенде жүректі толқытып, өз ағысына қақпақыл жасап, еріксіз іліп алып кетеді. Сол ағыстың қайдан барып, қай жерден тоқтары да белгісіз. Құпия ғұмырмен жолаушылап, бір жағалаудан шығарып тастайды, не теңіз барып құлайды. Қадыр лирикасында да, Тұманбай, Төлеген, Жұмекен жырларында да алғашқы жолдары әдемі басталатын өлеңдері жоқ емес. Бар. Бірақ, Абай өлеңдеріндей, бұлжымас ақындық кредоға айналғандай, қалайда жақсы да шұрайлы тілмен бастау дәстүрі қалыптаса қоймаған. Ал, Қадыр поэзиясының қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Ол – өлең түйінін шегелеп, аса тапқырлықпен аяқтау тәсілі. Қай өлеңін алсаң да, қай дүниесін алсаң да, түйінді жерде, Қадыр таңқалтуға, таңырқатуға тырысады. Оқырман күтпеген оймен аяқтауға ұмтылады. Бұл да ақынды ерекшелейтін өзіндік қасиет.


Философиялық ой түйіндейтін лирикалардың да, махаббат, не азаматтық лирикалардың да табиғатқа табан тіремейтіні жоқ. Айнала қоршаған табиғат – ақын байлығы. Тіл байлығы да сол табиғаттан өріс алып, қанатын жаяды. Ақын айнала қоршаған өз ортасына, өзінің ұлтына, туып өскен жұртына лайық теңеу, метафоралар іздейді. Қазақтың қай ақыны – крокодил, бегемоттарды тілге тиек етеді. Керсінше, тұлпарларды, түйе-нарларды, қыран мен аққуларды жадынан екі елі қалдырмайды. Өйткені қазақ жері, қазақ даласы солармен көрікті, солармен көркем. Философия – гректің даналықты сүйемін деген сөзі болса, табиғатты сүюде де терең философия бар. Философия – қоғамдық сананың формасы, ойлаудың жалпы заңдары жөнінде дүниеге біртұтас көзқарасты қалыптастыруға бағытталған ғылым жүйесі десек, табиғатқа да сол тұрғыдан баға беріп, көзқарасты қалыптастыруға болады. Табиғат та ғылым жүйесі, табиғат та философиядан іргесін аулақ салмайтын, қайта біртұтасып, табиғаттан философияға, философиядан табиғатқа ауысып, арақатынас жасайтын жанды организм, жанды құбылыс. Сондықтан да қай ақын болса да, қай заман қай уақыттың ақыны болса да, қай формацияға қызмет ететін ақын болса да табиғат лирикасына, пейзаждық лирикаға қалам тартпағандары кемде-кем. Табиғат арқылы өзін танып,өзі арқылы табиғатты танитын ақын жүрегінің құбылысы – қоршаған табиғат ортасының құбылысына көбіне-көп тәуелді, тәуелді болса деп тәуелсіздікке ұмтылатын кездері де жоқ емес.


Табиғат лирикасын еске алғанда да, ең алдымен Абайдың, Шәкәрім мен Мағжанның лирикалары жадымызға оралады. «Жаз» өлеңі Абайдың басқа да емес, басқа емес, қазаққа тән, ұлттық жазымызға айналып сала береді:


Жазды күн шілде болғанда,


Көкорай шалғын бәйшешек.
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда.

Қозғалыстағы өмір тіршілігі. 1886 жылғы жаз. Абай жазы. Көшпенді қазақтың жазы. Бір өлең бойында махаббат та бар, әлеуметтік ортаның тұрмыс-тіршілігі де бар, философиялық ой-пікір де тереңге тартқан, уақыт пен кеңістік, дәстүр мен салттың барлығы да дастарханға төгілген дәмдей алдыңа тартылады. Барым осы дегендей. Әрбір дәмде әрбір ойдың тысы мен терең астары жатыр. Бұл Абай жазған табиғат лирикасының классикалық үлгісі.


Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,


Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен...

Бұл Абайдың «Жазғытұры» өлеңі. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, түйе боздап, қой қоздап, қорада шуласып, көл жағалай қу мен қаз мамырлай ұшып, гүл-бәйшешек жер жүзіне өң беріп, тәңір – шебер жер жүзін безендіріп, жаз жіберіп, жан берген қара жерге. Қара тастан басқаның бәрі жадырап, бір сараңнан басқаның, бейілі – өнерге айналып, кемпір-шал шуақ іздеп, бала-шаға шулаған кез. Осының бәрін Абай сүйсіне жырлап, жазғытұрының көркем полотносын шебер салған. Жазға жақсы киінген қыз-келіншектен бастап, қазақ тіршілігі, қазақ жұртының тұрмысы көз алдыңа көркем болып енеді. Махамбет Өтемісұлының да Абайдың «безіндіріп жер жүзін тәңірім шебер...» деген сөзін өзінше жандандырады. Күрескер ақынның табиғат лирикасы да өз табиғатына байланысты қоғамдық ой-пікірмен ұштасып кетеді. Махамбет табиғатты суреттеп отырып та, өзінің негізгі мақсаты – азаттық үшін күреске әкеліп үйіріп соғады:


Жайықтың бойы көк шалғын,


Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді
Күдірейтіп күнде байлармыз.

Немесе:

Аспандағы бозторғай
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыдан болар анасы.
Қара лашын, ақ тұйғын,
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыдан болар анасы, –

дейді, ақын. Махамбеттей Мағжан да табиғат аясында қалып қоймайды. Табиғат лирикасы арқылы ұлттық бояу-нақышпен зерлеп, табиғат пейзажын екінші бір мақсатқа қолданады.


«Жел» атты Мағжан ақынның екі өлеңі де табиғат лирикасы. Бірақ жалаң табиғаттың аясында қалмайды. Бірінші өлеңінде табиғаттың желді күнімен, абақтыда жатқан тұтқынның сырласуы. Екінші аттас өлеңінде жел суретін әсем бояумен қанықтыра суреттей отырып, махаббатпен байланыстырады. Екеуінде де табиғат тылсымдары жырға арқау бола отырып, адами тіршілікпен қоян-қолтық табысып, үндесіп кетеді. «Жел» болса:


Терезеден үйге кірмек болады,


Аманатты қолдан бермек болады.
Жол бермеген қатты қара темірді,
Ызаланып, зуылдап кеп ұрады.
Үй сілкініп құлағандай болады,
«Жіберші» деп сұрағандай болады.
Қуат кеміп, қажыған соң жүйрік жел,
Өксіп-өксіп жылағандай болады.
Дене күйіп желге құлақ саламын,
Жанып жүрек, көзіме жас аламын.
Жібермейді қара темір қайрымсыз,
Еркін дала, Сарыарқаның сәлемін.
/126-бет/

Ақын жүйрік жел гулей соғып, сонау Сарыарқаның самалын ескендей, зарыққан абақтыдағы азаматқа. Сарыарқадан алып келсе керек ауыр аманат деп, жел табиғатын тамаша суреттей отырып, саяси қоғамдық өмірге енгізіп жібереді. Жел гуілі тұтқынның уһілеген күңіренісі мен күрсінісіне ұласады. Жел мен тұтқын сырласуы – табиғат лирикасына алтын діңгек бола алған. Ақын енді бірде желдің табиғатын басқаша қырынан көреді.


Мазасы жоқ жел ерке,


Оянып тым ерте
Жорғалай басып кетеді.
Тыныш жатқан түс көріп,
Көлдің бетін кестелеп,
Оны әуре етеді.
Кәрі орманды оятып,
Бірдеңе деп жұбатып,
Жымиып күліп өтеді.
Жұрттан ойын жасырып,
Алқынып өзі асығып
Қарақат көзге жетеді.

Бұдан соң жел мотиві – махаббат лирикасымен ұштасып, ғашықтық, іңкәрлік сезімге ұласады. Табиғат лирикасы – махаббат лирикасына айналады. Ерке желдің назды қылығын көріп, суреттеген ақын, өлең түйінінде:


Дейді де сүйіп көзінен,


Шашы, алма жүзінен,
Қол жіберді кеудеге.
Бақыттысың еркежан!
Уа, дариға, жасаған,
Жел емеспін мен неге?! –

деп, сезім тылсымына енеді. Табиғат лирикасында да, махаббат лирикасында да М.Жұмабаев нағыз адам өмірінің құпия сырына терең де тұңғиық психологиясына еніп, жүрек сезімінің күрделі құбылыстарын, қыртыс екенін ашады. Орыс ақындары Фет пен Тютчевті табиғат жыршысы деп келді, зерттеушілер. Ол рас. Ал, табиғатты жырлауда – Мағжан ақын лирикалары дүниежүзілік деңгейден кем түспейді. Осы уақытқа дейін, орыс зерттеушілері, Баратынский қатарында, Тютчев – философиялық лириканың аса зор көрнекті өкілі екенін дәлелдей отыра, идеалистік философияның өкілі ретінде кінә артты. Орыс және батыс Европа романтизмінің негізінде өз школасын жасаған Тютчевтен асып түспесе, кем соқпайтын. Мағжан қазақ топырағында өз мектебін, шаңырағын көтерді, іргесін қалады. Мағжан табиғатпен ақыл-ойы, санасы бар адамдай сөйлеседі, сырласады. Табиғатпен терең түсіністік табады. Табиғатпен сөйлесе отырып, адам жанының, адам жүрегінің неше алуан қатпарлы сырларын, адам әлемінің күрделі құпияларын ашады.


В ней есть душа, в ней есть свобода,


В ней есть любовь, в ней есть язык, –

деп, Ф.И.Тютчев жырлағандай, сондай ұғыммен, сондай терең түсінікті сезіммен жырлау – 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ поэзиясында өз жалғастығын тапты.


Табиғат лирикасына жанымен ұғынып, жүрегі – сезініп барған ақындар қатарында, 60-шы жылдары әдебиетке келген поэзия өкілдерінің бірі – Сағи Жиенбаев. Өлеңнің музыкалылығы, әуенділігіне баса көңіл аударатын барынша бұлақтай мөлдіретіп жазуға ұмтылатын ақын өзінің жеке дара қолтаңбасымен қызық, өзінің сара жолымен – көркем. Сағи ақын қашанда аңдағайлап тұрған табиғат ғажайыбына тамсанудан гөрі, көзге көріне бермейтін табиғат тылсымдарына, азанғы уақытта ғана көрінетін таңғы шықтай тамшыларға іңкәр. Соларды жүрек дірілімен жыр етеді. «Жапырақ» деген өлеңінде «Туған жерге бір қарап, өтіп жатқан жыл құстарына» күз түскенін сездіріп, сол бір тұста сарғайған жапырақтарды жинап, өртеп жатқан кісіге назары ауады. Бұлттар жиі көшіп жатыр. Кешегі жасыл жапырақ, бүгін сарғайып, өрт құшағына оранған. Жас бұтақтар ырғалып тұрғанда, сол жапырақтарға, кәрі кеуде шыңдар да нұрлана қараушы еді. Сол жапырақтар арасында бұлбұлдар да ән салушы еді. «От салушы ең көңілге, ойнап ерке шуақпен» деп, жалын атқан о күнде жас махаббат сияқты еді. Сол кешегі жапырақтарды Уақыт өртеп жатыр. Сол кезге ақын жүрегі селт етіп:


Қабағыңда қалың мұң,


Тұнжырайды жүдеп бау...
Сені көріп,
жанымның
Жапырағы дір етті-ау! –

дейді толғанып. Өлең түйіні де, табиғатпен жарасым тапқан. Ақын жүрегі де сұлуланып, сүйкімді тартқан. Жапырақтай сарғаятынын, өртеніп-жанатынын еске алып, қапаландым, қайғырдым деудің орнына «Сені көріп жанымның, жапырағы дір етті-ау» деген жылы сөзде әлдеқайда ауыр салмақ жатыр. Табиғаттың осындай көріністерінен кездейсоқ жайда кездесіп, көзімен көріп куәгері болған «Құлын» деген өлеңінде ақын:


Табиғат осындай бір қастығын


Көрмейін деп бұлт астына қашты Күн.
Жаңа ғана енесіне жай түсіп,
Жапан дүзде қала берді жас құлын.
Нөсер жаңбыр құйылғандай шүмекпен,
Осы маңды өршелене үдеткен.
Құлыншақты тербегендей шайқалтып,
Қара жердің кеудесі бір дір еткен, –

деп бастап, енесіне жай түскен шұрқыраған құлынтайдың дауысын естірте суреттейді. Жай түсіп енесі қалды, енесін қимай құлын қалды. Басқа жылқылар болса қырға беттеп барады. Бұл болса енесін шыр айналып кете алмай жүр. Кенет:


Шақырғандай қоғалы көл, гүл құрақ,


Көз ұшында кетті бір көз бұлдырап.
Орта жолға жете бере жалт беріп,
Кейін қарай ақты қайта құлдырап.

Шыдай алмай арлы-берлі шапқылап, енді бір сәт «құлындарға қарап қойып алыстан, енесін ол еміп жатты алқынып». Табиғаттың кейде қатыгез де қатал заңын білмейтін алаңсыз көңілдегі құлынның қайғысын, жылқының жай түскен қазасын суреттей келіп:


Кеше ғана көрді ғой ол таң нұрын,


Кең даланың көк орайлы шалғынын.
Білмейді ғой оның сәби жүрегі
Ажал деген аяусыздың барлығын... –

деп түйеді. Бұл өлең жазушы Ғабит Мүсіреповпен бірге сапарлас болған сәтте жазылған өлең. Бұл өлеңнің жазылу тарихы да жазушыға қатысты. Осы бір суретті көзімен көріп куә болған Ғ.Мүсірепов айналасындағы сапарлас ақындар Қуандық Шаңғытбаевқа, Ғафу Қайырбековке, Сағи Жиенбаевқа тағы басқаларға табан асты осы жайды суреттеп жазуды тапсырады. Сағидың бұл өлеңі сол сәтте туған. Сол сәтте туған өлеңінің бірі – ақын Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңі былай басталады:


Өрттей қаулап, нарттай қаулап қыр гүлі,


Май бұрқырап тұрған кезде қырмызы.
Мәрмәр тұяқ, меруерт кекіл, қан күрең
Құлын келді дүниеге бір күні.
Ойнай келді, қунай келді балаша,
Тулай келді тіршілікпен таласа.
Төбелінен сүйіп алғың келетін,
Қолыңды иіскеп, алақанын жаласа, –

осылайша дүниеге келген құлын бейнесін зерделеп суреттеп, «керілгенде келте жанын сілкетін, құйын өтсе, құты қалмай үркетін» бала құлынды кіршіксіз, таза жалын тарай суреттеп, шапқылап жүрген шағында, оның аспанында көкала бас көбік бұлттар қаптайды:


Көкті лезде қола құйын торлады,


Кетті бұрқап бұйра бұлттың орманы.
Бұлан-талай бір бұлағай басталды,
Ақырғандай мың арыстан тордағы...
...Кенет аспан шырт сынғандай гүрс етті,
Тап алдынан тарғыл түтін бұрқ етті,
Селк етті де, тұра қашты құлыншақ,
Сорлы бие сол орнында сылқ етті.
Өлді бие, кетті сәби серігі!
Өтті жаңбыр, тынды дүлей сел үні.
Жазығы жоқ, жаны таза жетімнің
Өміріне өксік кірді со күні...

Бүдан соң Қуандық ақын да Сағи Жиенбаев жырларындай, «жүгіріп кеп енесіне періште, сора берді дертіп жатқан желінді» деп жай түскеннен кейінгі жайды суреттеп өтеді. Екі ақынның да бір тақырыпқа келу барысы да, жырлау мәнері де екі түрлі. Сағи «жаңа ғана енесіне жай түсіп, жапан түзде қала берді жас құлын» деп оқиғаны дәл басынан бастаса, Қуандық әріден тартып, құлынның аңқау кезін, тіпті емшекті іздеп таба алмай қалған сәттерінен өрнектеп, «Тағдыры не? Таңдайда тас тұр ма? Жем боп ертең кетер мүмкін, қасқырға» деп трагедиялы оқиға сатына біртіндеп көтеріледі. «Сенгіш еді, көрмеп еді өлімді», енді құлын жүгіріп кеп енесіне періште, Сора берді дертіп жатқан желінді. Құлын үшін шуақ басталған өмір трагедиямен жалғасып, енесінен айырылып, жетімдікке маңдайын тіреген тағдырды суреттей келіп ақын, өмір жайлы салмақты да сабырлы түйін түйеді:


Әй, Қуандық, бұ да саған бір ақыл,


Бар қызыққа бәйек болмай тұра тұр,
Қарашы әне: аспанда – нұр, жерде – гүл,
Болмағандай түк те сұмдық сұрапыл.

1965 жылы Атырау сапарында туған бұл өлең тақырыбына Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаевпен бірге Ғафу Қайырбеков те қалам тартқан еді. Ақын өлеңін «Даладағы трагедия» деп атады. Сағи құлын енесіне жай түскен оқиғадан бастаса, Қуандық құлынның дүниеге келген сәтін суреттеуден өлең арнасын тартса, Ғафу да Атырауға жол тартқан жолаушылардың сапарын ең алдымен өлеңге өзек етеді. Қабат та қабат көк сағымды қуып жолаушылар келеді. Анталап келген бұлт, қас қаққанша нөсерлеп, найзағай төніп бас сұқты.


Ойнақтай берем дегенде,


Жанынан жалын жарқ етті.
Кезінде бір зат көлеңдеп,
Көзіне түсіп жалп етті...
Қара жолдың аузында
Құлап жатыр боз бие.
Құлыны тұр баурында
Құлазиды дүние...
Тұр табиғат білдірмей
Сұмдық апат шеккенін.
Анасы теуіп үлгірмей
Тағдыр теуіп кеткенін, –

деп суреттеді Ғафу Қайырбеков. Біз бұл жерде «Құлын» тақырыбын темірқазық ете отырып, 40-шы жылдары әдебиетке келген Қуандық Шаңғытбаев арқылы бір буын өкілін, 50-ші жылдары әдебиетке келген Ғафу Қайырбеков арқылы бір толқын өкілін және 60-шы жылдары әдебиет есігін ашқан Сағи Жиенбаев арқылы олардан кейінгі толқын өкілдерін салыстыра қарап, әр буынға лайық ортақ пікір, көзқарастарды алға тартпақпыз. Лирик ақын Қ.Шаңғытбаев 1945 жылы «Ар» жинағымен, лирик әрі эпиктік қарымы бар Ғ.Қайырбеков 1954 жылы «Құрдас» атты жыр жинағымен танылды. Осы ақын ағаларымен өкшелес келе жатқан буын 60-шы, 70-ші жылдардың поэзиясының әуеніне алуан сазды жырымен қосылды. Тұманбай да, Қадыр да, Мұқағали да, Жұмекен де және Сағи да саңлақтардың ізін ала, әдебиетке өз үнін ала келуге тырысты. 1959 жылғы «Жас қанат», кейін «Жырға сапар» жинақтары І.Мәмбетов, З.Шүкіров, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, Қ.Мырзалиев т.б. 1963-1964 ж. «Тұңғыш кітап» сериясы С.Асанов, Ж.Қыдыров, Ө.Күмісбаев, Ж.Сәтібеков т.б. 1969ж. «Жас керуен» К.Мырзабеков, Т.Медетбеков, Ж.Әбдірашев, Ж.Жақыпбаев т.б. 1974 ж. «Қанат қақты» Ұ.Есдәулетов, Д.Стамбеков, Е.Бағаев т.б. есімдерді әдебиетке әкелді. 1975 жылғы «Көктем тынысы» тәрізді жас ақындар жинақтары поэзияның жаңа кадрларын тәрбиелей бастады. Осылай толқын-толқын болып келіп жатқан жас ақындар жинағының ішінде «Жас қанат» пен «Жырға сапар» кітаптарының әдебиет кадрларын дайындауда, өзінің үлес-салмағы ерекше. 60-шы, 70-ші жылдарда лириканың дәстүрлі жалғасын үзбей жаңашылдықпен дамытуда бұл толқынның орыны ерекше. Өзінен кейінгі толқын арасында беделді, алдыңғы аға толқындар С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Қайырбеков т.б. ақындарға ұқсамайтын, өзінің лирикалық «Мені»-мен келген таланттар шоғыры. Гылыми зерттеу еңбегімізді 60-шы, 70-ші жылдар лирикасына арнауымызға себеп болғанда, осы бір еңсесі биік, жеке-дара тұлғаланған ұрпақ өкілдері болғандығында десек қателеспеуіміз кәміл. Сағи Жиенбаев та сол толқын өкілі.


50-ші жылдардағы лирикамен, 60-шы, 70-ші жылдардағы лириканы салыстырып салмақтағанымызда соңғы жиырма жылдықта поэзияның жазылу мәдениеті мен шеберлігі әлдеқайда артты. Бұрын үгіт-насихат басым болса, кейінгі жылдарда бұл «жаңалықтан» арыла бастады. Бұрын ұзын-сонар жырлау тәсілінен, кейінгі жылдар лирикасында бір өлеңде бәрін қамтуға тырысып шашыраңдылыққа ұрынса, 60-шы жылдар поэзиясының басым көпшілігі өлең тұтастығына, ой тұтастығына көңіл бөліп, нақты тақырып жүйесіне көшті. Бұрынғы екі-үш буынды ұйқастар дамытылып, төрт буындық, бес буындық кейде, өлең жолдары тұтасымен ұйқасатын және ұйқастардың әуезділігіне, ұйқас шеберлігіне қол жеткізді. Әрине, ұйқас қуалаушылық та – өлеңге көбіне-көп опа бере бермейді. Оны дәлдеп, там-тұмдап дәйекті пайдаланбаса да, өлең кемшілігіне айналып кетуі ықтимал.


Академик З.Ахметов өзінің «Өлең сөздің теориясы» кітабын да, он бір буынды тармақтың соңғы буыны төрт буынды қалыпты түрін кейде бір өлеңде төрт буынды немесе жеті-сегіз буынды тармақпен кезектестіріп қолдану әдісіне орай, М.Мақатаевтың мына шумағын мысалға келтіреді:


Сырласайық


Қызғалдақты иіскеп, бір жасайық.
Қыр басайық.
Әмсе бұлақ мамырдың тұрмас айы.
Мұңдасайық
Қос көңілдің пернесін бір басайық.

Ал, он үш буынды өлшемге /өрнегі 3 буын + 3 буын + 2 буын + 3 буын + 2 буын + 3 буын/, Т. Молдағалиевтың:


Сондықтан таңда басыма ой кеп әр түрлі,


Сүйемін күліп, сонау бір оттай шалқуды..., –

деген шумақтарын дәлел үшін алған. Шумақты бес тармақты етіп құру үлгісін Т.Айбергеновтің «Жолдар, жолдар» өлеңін үлгі етеді /үйқасы - ааббб/.


Жолдар, жолдар мені алыс апарыңдар,


Апарыңдар, ұзаққа сапарым бар.
Қаламдаймын әлі мен ұшталмаған,
Өткізіңдер шөлдерден құс қонбаған,
Сын тақпасын дос түгіл, дұшпан маған.

Біз бұны келтіруде екі мақсатты көздедік. Бірінші, зерттеу обьектімізге негіз еткен ақындар бұрын әдебиеттану ғылымында жол-жөнекей болса да, ара-кідік айтылып, зерттеліп жүргендігі. Екінші, бұл буын өкілдерінің өлең ұйқасына да, өлең формасына да жаңалықтар енгізіп, тыңнан жол салып, соны соқпағымен келгендігін зерделі зерттеушілеріміздің мойындауы. Өз зерттеу еңбектеріне негіз етіп, зерттеуге лайық деп қабыл алуы. 60-70-ші жылдар лирикасы тың теңеу, эпитет, метофора табуда ғана емес өлең формасы түріне де жаңалық енгізуге ұмтылды. Өлеңнің формалық жағынан ізденісті 60-шы жылдары Жүсіп Қыдыров, Оразбек Сәрсенбаев, 70-ші жылдары Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов дамытты. Бірақ, Жүсіп Қыдыровтың формалық ізденісі көбіне-көп мазмұн мәнімен сабақтаспағандығы үшін баспасөзде қатты сынға ұшырады. О.Сәрсенбаев «1961 жыл» поэмасы да түрлі форманы жаңғыртуға жасалған қадамдар еді. Сол кездегі «Жаңалық па, жаңа былық па?» атты әдеби сын мақалалар бұл ізденісті формалистік ізденіс есебінде қабылдап, тойтарыс берді. Мұның екі жақты салдары болды. Біріншісі, жас ақындардың мазмұн мәнін ұмытып, адасушылыққа жол берілмесе, екінші жағынан, жас толқынның тойтарыс беріліп, тосылып қалғандығы соншалықты, көбісі ізденіс әлемінен бас тартып кетті. Ізденістің алғы шарты – адасып барып, жол табу ғой. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» мақалын алға тартып, поэзияның түрін, формалық жағын дамытып отыру да – уақыт талабы.


Ақын Жұмекен Нәжімеденов ішкі интонациялық ұйқас жасау ізденісіне 60-70-шы жылдары біржола ден қойып, сол жолда біраз тер төкті. Мысалыға:


Кешікті деп таңдана,


Ас пісіріп күтпе көп:
Жерім де көп бармаған,
Ісім де көп бітпеген.

Бұл шумақтағы: «таңдана – бармаған», «күтпе көп – бітпеген» ұйқастары бір жағынан «ақсақ» ұйқас сияқты көрінгенімен ырғақ бұзылып тұрған жоқ. Өлеңнің ішкі ұйқасына көңіл бөлуде де, Жұмекен дәстүрлі ұйқас әлемін жаңғыртуға күш салды:


Жайдақ қырдан түңілсең – гүл өседі бір күні,


Қайраттыдан түңілсең – күреседі бір күні...
Көп түңілсең сынақтан – ашу шығар бір күні,
Көп түңілсең тұнықтан – тасу шығар бір күні...
Үміт етем тастардан асыл шығып қалар деп,
Үміт етем қастардан: досым шығып қалар деп.

Мұндай ішкі ұйқастарды зерлеймін деп отырып, мазмұнның таяз болып қалуы да ықтимал. Жұмекеннің ұйқастарындағы: «бір надан – ұрлап ал», «қинайды-ақ шимайға», «қинайды-ақ – үй майла», «емеспін деп – мен ешкімге», «қаздым нені – жаздым келіп», «тойған міндет – қойған күнде – ойлағым кеп», «кәріғыпты – жарылып тұр», «Өзге амалың – боздағаның», «Жел емгелі – желем дедің», «бұлыңғыр тұр – тілін қырқып», «шапқылашы – лақтыр ашып» т.б. бір дыбыс жетпейтін «ақсақ» ұйқастарды орайын тауып тиегін жақсы келтіре біледі. Солай десек те Жұмекенге еліктеген кейінгі жас ақындар көбіне-көп ұқсата алмай келеді. Әрі осындай ұйқастарға әуес болу да жақсылық нышаны емес. Тек ара-тұра дәмдеп, қиюын қиыстыруға болар, бірақ әдетке айналдыру опа бере бермейді. Формалық ізденіс те, ұйқасты түрленту де мән-мазмұнға, айтайын деген ойға сай келгенде өз шешімін табады. Мысалыға, Ж.Нәжімеденовтың мына өлеңіндегі интонациялық ұйқас, бір дыбыс пен екінші бір дыбыстың өзгеріп келсе де орайын тауып қиюласуы көңілге қонады:


Мақтаймыз кеп өлгенді,


Мақтаймыз-ау төкпелеп,
Мақтаймыз көп өлеңін тірісінде өтпеген.
Жорғалаймыз алдында табытының,
Сол өлік
Тұрып кетер секілді некрологқа өкпелеп.
Мені бүгін бір досым мақтап жазды,
Секіреді
Жолдан жолға сұлу сөз, бәле ғой бұл, не тірлік.
Шошып кеттім:
«Мен осы өлгенім жоқ па екен» деп,
Өйткені кей мақтаулар некролог секілді.

Бұл өлеңдегі «төкпелеп-өтпеген-өкпелеп», Секірді-не тірлік-секілді» ұйқастары жыр мазмұнына нұқсан келтіріп тұрған жоқ. Қайта өзгеше айтылған жеке-дара ойға, өзіндік ұйқас ерекшелігі жарасып, ішкі үндестікпен жымдасып кеткен. Осындай ұйқас ерекшелігімен өрнектелген Жұмекеннің жақсы өлеңдері баршылық. Бірақ, әдейілеп ұйқастырылған тұстарда өлеңдік көркінен, нәрінен айрылып қалатыны да бар.


Қазіргі қазақ лирикасында сапалық өзгешеліктер мол. Шумақтағы өлең тармақтарының біразын бөлшектеп келтіру, ұзын тармақтарға қысқа тармақтарды араластыру тәсілдерін кеңінен қолданса да, мазмұн оғаштанып көрінбей, қайта біртұтас келісім табуын – қазіргі қазақ поэзиясының табыстары деуіміз керек. Мұндай ерекшеліктерді «Әдебиет теориясының негіздері», «Өлең сөздің теориясы» атты зерттеу кітаптарында толығырақ қамтылғаннан кейін біз оны қайталап айтып жатуды жөн көрмедік. Тек, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасында ұйқас ерекшеліктерінің дамуын қазақтың қара өлеңінің дәстүрі де шеберлікпен жалғасын тапқанын айтып өтуді парыз деп білдік. Ғалым З.Қабдолов: «Мыналар – әшейін «бос мақалдайтын бұрынғы ескі ақындар» емес, әрқашан «жаңалыққа жаны құштар» дәл бүгінгі күндерімізді құлпырта жырлаған немесе жырлап жүрген жаңа, жас жүйріктер!» деп, эпитет жайлы, жалпы бейнелеу құралдары жайлы пікірімізді дәлелдеу үшін өзгелер емес, осыларды оқып қалайық деп, біздің зерттеу объектімізге негіз етіп алған ақын жырларына тоқталады, мысалдар келтіреді. С.Жиенбаевтың:


Көктемнің балғын кезі еді,


Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған.

Т.Молдағалиевтың:


Мың сәуле бар: кел, кел деп шақыратын,
Бір сәуле бар қасымда отыратын.
Мың кітап бар ешқашан оқылмайтын
Бір кітап бар күн сайын оқылатын.

Қ.Мырзалиевтың:


Бейбіт өзі күрес мылтықсыз,
Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз.

Ж.Нәжімеденовтың:


Тентек үн кетіп еді дауылдап бір, –
Аңқиып әр жерде бір ауыз қапты.

Т.Айбергеновтың:


Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын, –

деген шумақтарды алдымызға тартып, осынау жаңашыл ақындардың ой айқындауда эпитетті орнымен қолданудағы шеберліктерін айтумен бірге, «бұлар қолданған эпитеттер өлеңге көне емес, жаңа, көмескі емес, айқын мағына бітіргенін» бағалайды. Асты сызылған сөздердің қарапайым сөздерге терең мағына бітіргенін, ақындардың эпитет қолданудағы ерекшелігін дәлелдейді.


«Ақындық тілдің жетілуіндегі жаңалықтар»69 атты зерттеу еңбегінде 60-шы, 70-ші жылдары әдебиетке келген ақындардың әдебиетке әкелген ерекшеліктері азын-аулақ болса да тілге тиек болған. С.Жиенбаев пен Т.Айбергеновтың аттас «Туған жер» өлеңдерін салыстыра келіп, «мүлде жаңа мазмұндағы, ақындық мол қабілеттіліктің айғағы» деп бағалайды. Сонымен қоса М.Мақатаев, Қ.Жұмағалиев, М.Сатыбалдиевтың лирикалық жырларына тоқталып өтеді.


1973 жылдары «Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов сияқты жастар іздену, ойлану, жаңаға ұмтылу үстінде: сол жаңаны көрсе де, таба да білетіндей қалыптарымен сүйсіндіретіндігін» «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» зерттеу кітабында алғаш сөз болып, 60 жылдары әдебиетке келген ақындардың есімдері жаңа-жаңа атала бастаған еді.


Әлбетте, С.Қирабаев, М.Қаратаев, Ш.Елеукенов тағы басқа көптеген сыншы-ғалымдардың, Т.Әлімқұлов, З.Серікқалиев т.б. сыншылардың және Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев т.б. ақындардың 60-шы, 70-ші жылдардағы поэзия өкілдері туралы жазған мақалаларын, сыни зерттеулерін тағы бір еске ала отырып, бұл еңбегімізді қорытындылауға болар еді. Бірақ, зерттеу еңбегіміздің соңында біз шығармаларын талдаған ақындардан басқа, қазақ поэзиясының, оның ішінде қазақ лирикасының көкжиегінен, бұлардан басқа қандай ақындар көрініп еді, олар қандай ортадан ерекшеленіп шығып еді деген ой түрткісімен, біраз ақындарды атап өтуді парыз санадық.


Ақындар Сабырхан Асанов 1963 жылғы «Тұңғыш» кітабымен әдебиетке келіп, 1978 жылы «Қоштасқым келмейді» атты таңдамалысын дүниеге әкелсе, Әділбек Абайділданов 1961 жылы «Ақ қайың», 1971 жылы «Маржан» өлеңдер поэмаларын, Марфуға Айтхожина 1968 жылы «Шыңдағы жазу» 1974 жылы «Баянжүрек», Сәбит Баймолдин 1966 жылы «Жер мекен» тұңғыш кітабы, 1977 жылы «Қызыл іңір», Сәкен Иманасов 1966 жылы «Туған ауыл», 1976 ж. «Ғашық дүние», Өтеген Күмісбаев 1964 ж. «Тұңғыш», 1974 ж. «Ақшолпан», Дүйсенбек Қанатбаев 1967 ж. «Жазира», 1973 ж. «Жеті қарақшы – жеті жұлдыз», Жүсіп Қыдыров 1964ж. «Тұңғыш кітап», 1978ж. «Жанартау жүрек», Ізтай Мәмбетов 1961 ж. «Табантал», 1973 ж. «Тарланбоз», Шәміл Мұхамеджанов 1960 ж. «Ана құшағы», 1972 ж. «Күн төбеде тұрғанда», Жанғали Набибулин 1968 ж. «Ақ жаңбыр», 1972 ж. «Орда – қаһармандар қаласы», Мақсұт Неталиев 1966 ж. «Жырлайды гүлдер», 1977ж. «Менің замандастарым», Рафаэль Ниязбеков 1969 ж. «Келер күндер», 1975 ж. «Жалын кешкен», Өтежан Нұрғалиев 1962 ж. «Менің махаббатым», 1976 ж. «Таңдамалы», Аян Нысаналин 1968 ж. «Көктем кешікпейді», 1978 ж. «Сүмбіле», Фариза Оңғарсынова 1966 ж. «Сандуғаш», 1978 ж. «Шілде» таңдамалы, Мағираш Сарикова 1964 ж. «Студент қаламы», 1978 ж. «Қаракөз», Жақсылық Сәтібеков 1963 ж. «Тұңғыш кітап», 1977 ж. «Мойынқұм көктемі» тағы басқалар. Міне, бұл буынның, бір қарағанда, осалы жоқ. Қуатты толқын. Осы ортадан оқ бойы озып шығып, өз ерекшелігімен, табиғат болмысымен айқындау көрінген лирик ақындардың шығармашылығын талдап, қолдан келгенше жіліктеп, сүбелеп көрсетуге ұмтылған мақсатымыз бар. Сол біршама орындалса біз үшін дәтке қуат.


1970 жылдары қазақ поэзиясына жаңа толқын, жас толқын легі келді. Олар: Кеңшілік Мырзабеков, Жарасқан Әбдірашев, Темірхан Медетбеков, Күләш Ахметова, Жұматай Жақыпбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Иранбек Оразбаев, Ибрагим Исаев, Серік Тұрғынбеков, Тынышбай Рахимов, Нұрлан Оразалин, Зейнолла Тілеужанов, Қажытай Ілиясов т.б. жас ақындар алдыңғы толқынды өкшелей басып, олардың әрдайым ояу болуына, тұғырдан түспеу үшін тер төгулеріне себепші болды. Алды-артын қарайлап, өз қабілет-дарынына сын көзімен қарайтын 60-шы жылдары поэзияға келген толқын өкілдерінен Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов шығармашылығы оқшау көрінді. Ізденіс, ерекшеліктерімен қазақ поэзиясының іргелі ақындарына айналды. Бұрын тұмшалап келген тотолитарлық қоғамда дербес даралығымен көрінген ақындардың, тәуелсіз қазақ елінің, тәуелсіз қазақ жұртының жаңа гимнінің, жаңа ел-ұранын қайта жаңғыртып жазатын да осы ұрпақ өкілдері және дәстүрлі жалғастығы бар қазақ поэзиясының жас толқыны, келер ұрпағы.


60-шы, 70-ші жылдар поэзиясының өкілдері – «тоқырау» заманының ұрпақтары аталды. Бұл кезеңдері шын мәнісінде, саяси өмірде, қоғамда тоқырау болғаны рас. Бірақ, әдебиет пен өнерде тоқырау болды деуге негіз жоқ. Әдебиет пен өнер өз ағысымен дамыды. Бірақ, империялық көзқарасқа, тоталитарлық қысымға, партократиялық бюрократияға әдебиет пен өнер қашанда қарсылықта болып, наразылықтар көрсеткенмен, қоғамдық құбылысты өзгертуге дәрменсіз болды. Жеке басқа табынудан кейінгі, қоғамдық өзгеріске бастаған 1985 жылғы қайта құру кезеңі себепші болды. Уақыт және өмір ағысы да осы бағытқа итермелеп келе жатқанын көзі қарақты азаматтарымыз, сол ақындар және солардың тұстастары қазіргі поэзияның діңгегіне айналды. 70-шы жылдардың орта шенінен аса бере, әдеби сыншылар, көркем әдебиеттану ғылымдарының назарына бұл ұрпақ толқыны ілігіп, есімдері ауызға алына бастады.


Ғалым Хасен Әдібаев «Көкжиек» атты әдеби сын, зерттеу кітабындағы «Минут сайын басымнан ғасыр өтіп...» мақаласында Қадыр Мырзалиев шығармашылығына арнайы тоқтап, ақын ерекшелігін айқындап, «Қадыр поэзиясының жаңалығы мен қуаты осы уақытпен, осы уақыт жаңалығымен, заманымыздың тұлғасымен өлшенетіндігін» дәлелдеді. Ұлттық сөз өнеріне қосқан үлесін таразылады. Сол сияқты сыншы Сағат Әшімбаевтың «Сын мұраты», «Талантқа тағлым», «Парасатқа құштарлық» кітаптарындағы әдеби сын мақалалар, әсіресе, ақын Өтежан Нұрғалиев туралы сын мақалаларын, бүгінгі поэзия туралы толғаныстарын айтып өту орынды. «Талап деңгейі» атты әдеби сын мақалаларында Бақыт Кәрібаева ақындар Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, М.Шаханов шығармашылығына тоқтап өтеді. Олардың ерекшелігін айқындауға ұмтылыс қадам жасайды. Бекен Ыбырайымовтың «Ой мен сөз», А.Егеубаевтың «Сөз жүйесі» деген әдеби сын кітаптарында 60-шы жылы әдебиетке келген ақындар лирикасы біршама сөз болды. Бірақ, әлі күнге 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясын арнайы зерттеген қомақты дүние бола қойған жоқ.


Қазіргі қазақ лирикасының /60-шы, 70-ші жылдар/ бейнелеу және психологиялық тебіреніс-толғаныс сезімдерін зерттеу еңбегімізге арқау етумен бірге, осы арналы ағыстан азаматтық, философиялық, табиғат және пейзаждық, махаббат лирикалары өзінен-өзі бөлініп шығып, сол тармақтар арқылы ақындар шығармашылығын сараптап, таразыладық. Осы тақырыптарды талдау еңбегіміз арқылы 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының көркемдік ізденістерінің көкжиегі біршама көз алдымызға елестеп, әдебиетке қатарлас келген бір ұрпақ өкілдерінің жай-күйінен творчестволық тыныс-тіршілінен хабар берсе, еңбек өзінің діттеген мақсат-мүмкіндіктерін орындағаны деп білеміз. Бұл ақындар шығармашылығын талдау арқылы, осы кезеңдегі әлеуметтік өмірді де, қоғам тынысын да, оның жақсы жақтары мен қайшылығын да әдебиет және ғылым шаңырағының өкілдері сезді. Советтік социалистік республикалар одағының /ССРО/ ыдырауы – тарихи құбылысқа, тарихи шежіреге айналды. Тотолитарлық мемлекеттен бас тартқан алғашқы Республикалар – Прибалтика елдері болды. Литва, Латыш, Эстон халықтары прогреске ертерек қол жеткен батыс елдерінің ықпал-әсерімен тарихи қозғалыстың бағыт-бағдарын ерте байқады. Молдаван, грузин, азербайжан, армян елдері де тарихи қозғалысқа еніп, орыс империясының құшағынан тартылып, өз іргесін аулақ сала бастады. Бірақ мұның бәрі де басты қозғаушы күшке айнала алған жоқ. 1950 жылғы Сібірге айдауларды да көрмеген қазақтың жаңа жас ұрпағы тәрбиеленіп, өсіп жетілген кезі еді. Көбісі сол 1950-ші жылдардан бері дүниеге келген, 60-шы, 70-ші жылдардың тәрбиесін, мәдениеті мен әдебиетін, өнерін өзінше салмақтап, сабақтай білген ұрпақ, мұндай халықты, бір ұлтты қорлау ісіне көне алмады. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда намыс, ыза-кек кернеген қазақ ұрпағының стихиялы демократиялық қозғалысы бұрқ ете қалды.


Мұндай қарсылықты 70 жыл бойы көрмеген, бұрын-соңды болмаған ұлы оқиға ССРО басшыларын, КПСС Бюро мүшелерін састырып, есін жидырмай тастады. Жылдар бойы қатқан мұзды құрсаудың сеңі бұзылды. Алатаудың еңселі биік шыңдарының құшағынан басталған орасан қуатты сел тасқыны бүткіл бұрынғы Совет Одағын ойран еткендей әсер қалдырды. Республика алаңында неше мыңдаған қазақ жастары ақын Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным», Қадыр Мырзалиевтың «Атамекен» тағы басқа қазақ ақындарының ән-өлең жырларын шырқады.


Менің елім, менің елім,


Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным! –

деп шырқады жастар. 60-70-ші жылдардың ән-өлеңдері империяға қарсы қозғалыста қуат, жігер берді. Бұл да әдебиет пен өнердің әлеуметтік және саяси өмірге аз да болса ықпалы деп білеміз. Сол желтоқсанда қуғын-сүргін көрген, сотталған, жер айдалған жастардың сексен проценті астанаға оқуға келген ауыл жастары. Ауыл жастары 60-70-ші жылдар поэзиясынан нәр алып өсті. Қайбір ауыл жастарын алсаң да, Қадырды, Тұманбайды, Мұқағалиды, Төлегенді, Мұхтар Шахановты білмейтіндері жоқтың қасы. Бұл ақындардың лирикасы өсіп келе жатқан ұрпаққа орасан зор ықпалы болды. Ашықтан ашық күреске шақырмаса да, ел-халық, азаматтық рух, тіл, туған жер, дәстүр-салт туралы лирикалық өлеңдерімен жас ұрпақты баурап өсті. Сондықтан жас ұрпақ «Әрбір ұлт, халық өзін-өзі басқаруға тиіс», «Әрбір ұлттың өз көсемі болуға тиіс» деген ұранмен ұлттық намысымыздың туын биік көтерді. Алаш партиясының үні болған «Сарыарқа» газетінде70 жарияланған:


Қазағым, қақтықпа, қамалма!


Ел болар қамыңды амалда.
Кетті түн, енді таң, шықты күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!
Мал баққан жай жатқан ел едің,
Бейнетті көп тартқан ер едің.
Қаны жат, тілі жат, діні жат
Жат елден таяқты жеп едің...
Ұраным, қорғаным, сен Алаш!
Жолыңа құрбандық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап. Қару ап!
Алла-лап алға бас. Алла! Алаш!!! –

деп жырлаған «Ұран» өлеңді, 1986 жылғы демократиялық қозғалысқа енген жастардың бірі біліп, бірі білмесе де, 60-шы, 70-ші жылдардағы ақындардың елін, жерін сүйіп жырлаған өлендері қуат, күш бергені анық.


1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиға дүние жүзінің назарын аудартты. Өзі іргесі сөгілейін деп тұрған ССРО-ның шаңырағының шайқалып, ортасына түсуіне осы тарихи оқиға демеуші болды. Демократия үшін, адам құқығы үшін күрескен жас қазақ азаматы Қайрат Рысқұлбековтың ату жазасына кесілуі дүниежүзілік наразылық тудырып қана қойған жоқ, тоталитарлық системаның күйреп құлауына әкеліп тіреді.


Баласын қазан аттың бақпай қойма,


Жем түсіп аяғынан қалды екен деп, –

басталатын осы халық өлеңінің өзегіндегі өлмес, өшпес қағида қайта жаңғырып, Қайрат Рысқұлбековты қорғау барысында, «Азат» радиосының Мюнхендегі өкілі Хасен Оралтай «Қазақ баласы» атты жасырын атпен әлемге жар салды. Болгария, Венгр, Полшаның алдыңғы қатарлы озық ойлы азаматтары Біріккен ұлттар ұйымының КПСС Орталық Комитетінің бас секретары М.С.Горбачевқа наразылық білдірген хаттар жолдады. Бірақ, Қайрат ғұмыры түрмеде опат болды. Семей түрмесінде жатып жазған өлеңдерінің бірінде, Қайрат Рысқұлбеков былай деп жазады:


...Кім бар-ау түсінетін жанымызды,


Не үшін төгіп едік қанымызды.
Көгенге байлап қойған қозы-лақтай,
Неге еркін жібермейді бәрімізді.
Далада күн күлімдеп күлген шығар,
Құлын-тай шұрқырасып жүрген шығар,
Алыста, мың бұралған шу бойында,
Гүл теріп құрбыларым жүрген шығар.
Осының бәрін қалай айырбастап,
Кеттім деп мен отырған шығармын-ау.
Кеттің деп сен отырған шығарсың-ау,
Ойланшы... Сонда ғана ұғарсың-ау,
Ойланшы сонда ғана ұғарсың-ау! –

деген өлеңдерінің мәнерінен бірде Мұқағали әсері, бірде Тұманбай әсерлері байқалмай қалмайды. Қайраттың енді бір өлеңіндегі:


Ауылдың барлық баласы,


Өзіңе қарап өсетін.
Ағажан, сынай қарашы,
Шәкіртің едім кешегі.
Өзгеріс бар ма бойымда,
Төңкеріс бар ма ойымда.
Көзіме бірақ мақтама
Кемісім болса мойында...
...Төмендеп, кейде биіктеп,
Өзіңнен сұрақ сұраймын.
Қансырап бала киіктей,
Құшағына келіп құлаймын, –

десе, Қадыр ақынның ойлылығы, Сағи ақынның әуен-сезімі, Төлегеннің жүрек тебіренісі аздап та болса, белгі береді. Өйткені, Қайрат еліктеу дәрежесінен жаңа ғана өте бастаған жас ақын дәрежесінде еді. Қайрат та 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясынан нәр алған ұрпақ өкілі деп білеміз. Кейде Төлеген өлеңінің мақамына салып, Қайрат:


Сөйлесең даусың жетпейтін,


Кез болдық мынау заманға, –

деп іргесі іріп-шіріген, шаңырағы шайқалған империяның бар болмысын тап басып, жалғандықтың жамылғысын сыпырып тастай алған.


Бұл өлең «Кез болған соң кер заман біздің баққа, жау жарағын асынып, міндік атқа, заман-ай» деген Алаш маршын жадыңа оралтады. Қ.Рысқұлбековтың «Құйынға түскен ғұмыр...» атты кітабы 60-шы, 70-ші жылдар поэзиясының әсері болғандығын дәлелдей түседі.


«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқының бірлігін аспандатқан Абылай ханнан бастап, қазақ хандарының туған халқына қайта оралуы, Алпамыс, Едігеден басталатын қазақ батырларының әруағын қайта тірілтуі – қазақ поэзиясының алдына үлкен ұлы міндеттер жүктеп отыр. «Халықтың ыстық ықыласы суымаса» деген халық жазушысы Әбділда Тәжібаев пен әдебиетші-ғалым Мүсілім Базарбаевтың сұхбатында, қазіргі өлең мен өмір байланысы туралы сырласады. Қайтсек жақсы ел боламыз дегенді бүгін қатты ойланып, үлкен саналылықпен, мәдениеттілікпен, үлкен рухани нұр бере отырып, сол елдің қамын жеу парыз және ол ұлтшылдық емес, ұлтын сүю, ұлтының болашағына болысу деген сөз. Осыны айтуға келгенде, біз әлі күнге дейін жасқаншақпыз. Мен осы жасқаншақтықтан тыйылу керек деп санаймын. Бұл пікірдің де негізі бар. 60-шы, 70-ші жылдардың поэзия өкілдері де осы «жасқаншақтықты» басынан кешті. «Қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен» екендігін түсіне отырып, бұл момын мінезден ақындарымыз әлі де арыла алған жоқ. Енді, міне, тәуелсіз елдің – тәуелсіз жырын жырлау, арын арлау міндеті – күн тәртібінде маңызды мәселе болып тұр.


Қазақ халқын – халық ретінде, тәуелсіз ел ретінде сақтайтын үш-ақ нәрсе бар. Ол – әдебиет, өнер және ғылым. Әр халықтың тамырына балта шауып, құртып жіберу үшін атом бомбасын тастап, полигондар ашудың қажеті шамалы, осы үш тізгіннің беломыртқасын үзсе болғаны, халық – халықтығынан, ұлт – ұлттығынан айрылады. Әдебиет – ана тілімізге сүйенеді. Ал, ана тіліміздің асыл да інжу-маржандары – поэзияда. Қазақ поэзиясының 60-шы, 70-ші жылдардағы көркемдік ізденістерін зерттеу еңбегімізге арқау етіп, өзіміздің хал-қадырымызша талдап, таратып айтуға ұмтылғанымызды айта отырып, біз зерттеген ақындар – шын мәнісінде қандай ақындар деген заңды сауал туады. Бұған бізден гөрі, ақындардың өзі туралы, өлең туралы, жалпы өнер туралы лирикалық толғаныстары жауап бере алады деген сенімдеміз. Сол сеніммен, әр ақынның ерекшелігін айқындайтын, стиль-мінез болса, сол мінездерінен хабар беретін, ақпар беретін өлеңдерінен мысал келтірсек деп ойлаймыз. Мұқағали Мақатаев:


Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,


Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін ағатайым.
....Қасиетіңнен қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіңдей қарапайым –

дей келіп,


Ақынмын деп қалай мен айта аламын,


Халқымның өз айтқанын қайталадым.
...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, –

десе, енді бірде:


Қатыбас өмірден мен пайда алмадым,


Жаныммен жазған жырым – жайған малым.
Қылышың емес пе едім қынаптағы,
Жоғалттың неге мені пайғамбарым.
Ат басы алтын берсе табылмаған,
Сыбағам қайда менің алынбаған?
...Бір түйір кәрі көздің жасы емес пе ем,
Ұшында сақалыңның дамылдаған?! –

деген жыр шумақтарынан, бейнелі суреттерінен ақын Мұқаңды танысақ, өлең мінезінен – ақын ерекшелігін де аңғарамыз. «Қылышың емес пе едім қынаптағы» немесе «Бір түйір кәрі көздің жасы емес пе ем, ұшыңда сақалыңның дамылдаған?! тәрізді суреттер Мұқағали көтерген өлең отауына өзіндік әр беріп тұр. Қадыр Мырзалиев:


Жыр составын жүйткітіп жүргізе алмай,


Шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай.
Сен туғыздың, ұлы Абай жүз ақынды,
Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай, –

десе, енді бірде:


Қызыл-жасыл құйрығындай тотының,


Шұғылалы сөзден шілтер тоқыдым.
Тура келсе – адам сырын көзінен,
Жалт бұрылса – жаурынынан оқыдым.
Сезім оты өшпейтұғын тамаша от,
Ақ алаңға айналмайды шала шоқ.
Мен – Абайдың інісімін жырдағы,
Екеуміздің арамызда бала жоқ! –

десе, ақын табиғатын – өлең табиғаты танытып, ақын мінезін – өлең мінезі айқындап тұрғаны күмәнсыз. Төлеген Айбергенов:


Талайлардың өмірге күле кірген,


Тағдырын да білемін тірі егілген.
Тоймай қарап келем мен дидарларға,
Көп шайлыққан осынау жүрегіммен, –

десе, енді бірде ақын:


О, менің байтақ мекенім,


Жанымның қаршығасы сен.
Шырқағым келіп кетеді,
Жазбаған ән шығарсың сен.
Қызығың тербеуде мені,
Тарқамас той шығарсың сен.
Тулаған тар кеудедегі,
Тумаған ой шығарсың сен...
Далаңның тербеп өскені,
Қызғыштай шыр айналдым кеп.
Толқын бір көл де кешпедім,
Тұнығын лайлармын деп, –

жырласа, өлең ырғағынан туындап жатқан ой тұнығынан ақын жүрегіне ғана тән тың ырғақтарды, ерекше сезімдерді жанымыздың жайлауынан табамыз. Тұманбай Молдағалиев:


Шіркін-ай, барлық адам досым болса,


Асықсақ жолыққанша, қосылғанша.
Бәрі де анам құсап мейірленіп,
Бәрі де анам құсап ашуланса, –

дейтін жүректің жырсыз ғүмыр кешуі мүмкін емес, сондықтан да ақын:


Өлең менің тіршілігім жер көгім,


Ертелі-кеш таусылмайтын еңбегім.
Мені өлеңнен бөлген күні бітем мен,
Өлеңсіз күн – өлген күнім ол менің –

деп тұжырым жасайды. Бұл да ақынның өмірлік кредосы, өзіне тән ақынның табиғатын алдыңа жайып салады, ақынның ғұмыры мен мақсатын баяндайды. Жұмекен Нәжімеденов:


Неге керек бір шындықты екі ұғып,


Екі айта алман – бір жүрекпен отырып.
Өмір – біреу, өлім – біреу, мен – біреу
Екеу болса – біреуі оның өтірік, –
десе енді бірде ақын өзінің сырласына:
Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған,
Өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан.
Талант күші – табыну болса шын-ақ,
Бір кісідей мен де осы табына алам...
...Қуқылдана соғасың құшырлана, –
Сәбисің-ау, жарған ба тісің жаңа.
Ұлы ақындар, сеніңше, өлген сынды,
Тірі ақынды мұқату үшін ғана.
Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
Ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді, менің үшін
Жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам, –

десе, мұнда да ақынның өз мінезі, өз ерекшелігі шалынады. Тіпте, «...ұлы ақындар жазса да өлең-итің, жаман болып тууға ұялмайды» деп те сыр аңдатады. Сағи Жиенбаев алғашқы өлеңдеріндегі:


Дүние қалдырмады көштен мені,


Талпынып бала қиял төске өрледі.
Өмірге келгенім жоқ күйеу болып,
Ол маған тегешімен төс бермеді, –

деген шумағымен баурап алып, өз үнін, ақындық мінезін танытқан еді. Сол мінез, сол сезім жалғасып, «көңілім толқып, көрейінші дедім де, создым қолды көкбестінің жалына» дейді. Атқа қонған ақын, өнер тұлпарына тақымын тигізгендей:


Кете бардым азыната жарып жел,


Көз алдымда бұлдырайды сары бел,
Жаны қалмай қолын созып тұс-тұстан,
«Байқашы» деп дауыстайды қалың ел.
Қыз-келіншек жаралғандай ақ гүлден,
Сол бір сөзді қайталайды тәтті үнмен.
Бір көгілдір дүниені бетке алып,
Ақ жұлдыздай ағып бара жаттым мен.
Шыр айналып, мені сүйіп-құшардай,
Бір қарлығаш келеді алға түсе алмай.
Айдалада құласам мен кенеттен,
Қанатына мінгізіп ап ұшардай.
Көз алдымда мөлдіретіп бір тұрды шық,
Кең жазықта ағып барам нұр құшып.
Мен жығылып қала ма деп абайсыз
Туған далам келе жатты бірге ұшып... –

дейді Сағи, дүниеге ақындық мейіріммен қарап, өмірді имандылық мұратымен бағалап. Тұтасқан тақсіреттен тұратын тіршіліктің шуағын көру, сұлулығын тану, әрбір жүректің адамгершілігін ұғыну Сағи лирикасына тән құбылыс, жарасымды мінез. Шопеннің «сөз біткен жерден, музыка басталады» дегеніндей, Сағи өлеңінен соң музыка, ырғақ, әуен, саз көңілге оралады.


Мұхтар Шаханов:


Көзімді алмай маздап жанған оттардан,


Саған сенем,
Саған сенім артамын.
Қорықпаймын түсінігі жоқтардан
Жүрегі жоқ адамдардан қорқамын, –
деуінде де, немесе:
Ер қадырын назардан тасалаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Иә, ерлікті жасамаудан
Бағаламау әлдеқайда қауіпті, –

сынды ойлармен ақын өзінің ерекшелігін, жүрек түкпіріндегі сезімі мен даралық табиғатын танытып, оқырманды ойға жетелейді. Өзіндік ырғақ, соны ой, тың теңеу – М.Шаханов поэзиясының кілті.


Бұл жыр шумақтарын келтіру арқылы зерттеу еңбегімізде талданған ақындар поэзиясының:


біріншіден, әр ақынның өлең жасау ерекшелігін;


екіншіден, ой мен сезімді қабыстырып айтудағы өзіндік мақамын;


үшіншіден, ырғақ, ұйқас жасаудағы сонылығын;


төртіншіден, ең бастысы бейнелеу құралдарын табудағы, өлеңде қолданудағы әр ақынның өзіне тән әдіс-тәсілдерін;


бесіншіден, ой тұтастығына жұмсаудағы тілдік шеберліктерін дәлелдеуге ұмтылдық. Осы аталған компоненттер жиылып келіп, бір ақынның бойынан табылғанда ғана, әр автордың жеке-даралығы /личность/ көрінеді. Бұл ақындар 60-шы жылдары әдебиетке еркін еніп, 70-ші жылдар аралығында ел-халықты, талғам дәрежесі жоғары зиялы қауымды мойындата білген дара-дара тұлғалар. Тіл, ой, сезім, сөз сиқырынан бейнелілік туады. Поэзия құдіреті де бейнелілікте деп білсек, сол әдіс-тәсілді табиғи дарынымен меңгерген ақындар деп айтуымызға негіз бар. Өйткені, бұл зерттелген ақындар «лирика – мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ береді» деген В.Г.Белинский сипаттамасының биігінен табылған қаламгерлер. Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе, Европа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық тақырыпқа батыл да еркін енгізген Мағжан екенін бағалап, мойындасақ, сол арнада, сол дәстүрді тереңдетіп жалғастырушы әрі дамытушы ұрпақ – 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ поэзиясының өкілдері деуімізге, солай жоғары бағалауымызға толық негіз бар. Сонымен қоса, дәстүрлі қазақ поэзиясының құнарлы топырағына өз бәйтерегін орнатып, тамырын ғасырлар шежіресінен тартқан ақындар деп айтуға да сенім мол. Ш.Айтматов шағын жанр әңгіме туралы айта келіп, «әңгіме – деген тамшы ғой... ал онсыз мұхиттың түзілуі мүмкін емес» деген болатын. Сол сияқты, лирикалық өлең де тамшы болып көрінуі мүмкін, бірақ ол әдебиетіміздің мұхитының, шалқар теңізінің негізі екендігінде сөз жоқ. Шын мәнісінде тамшысыз мұхит құралмас. Мұхит құрайтындай – қазақ лирикасы бар екені шүбәсіз. «Ғылымның өлімі – есте сақталмайтындығы және қызықпайтын адамдарға үйретіп, зая кетіру» деген Мұхамед пайғамбардың хадистерінде /«Жүлдыз», 1992. №1, 153-бет/, мұндай мақсат биігінен табылу оңай шаруа емес. Бірақ, біз ой-пікіріміз, зерттеу еңбегіміз бір қажетке жарап қалар деген сеніммен жазғанымызды ашық айтқанымыз орынды.


Азаматы Алаштың


Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды, –

деп 1916 жылы Алаш ұранына айналған бұл сөз мәнін әлі де жойған жоқ. Қазір әрбір қазақ өз тәуелсіздігін баянды ету мақсатында әдебиет пен өнердің, ғылымның қай саласында болмасын жаңа дәуірге үн қосып, өз ой-пікірін ортаға салып, ұлттық қазынаға айналдыруға күш салуға керек. Біз бұл зерттеу еңбегімізді сол бір үлкен мақсатты бағыт-бағдар етіп, жүргіздік. Тәуелсіздікке әрбір қазақ өз мүмкіндігіне лайық үлес қосуы қажет. Біз бұл зерттеу еңбегіміз арқылы «Ғасырға татитын бір жыл» деп бағалаған ұлттық тәуелсіздігімізге, ұлттық әдебиетіміздің әдебиеттану ғылымына азғантай болса да үлес қоса алсақ – төккен теріміз бен еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз. Туған әдебиетіміздің бір бұтағы – Қазақ лирикасы осы екі он жылдықта айтарлықтай табыстарға жетті. Бай ұлттық дәстүрімізді жаңашылдықпен жаңғыртып, күретамырлы дәстүр жаңа кезеңде үзілмей, өз жалғасын тапты.


* * *

Ертедегі гректердің анайы материализмі мен диалектикасының негізін салушы философтар: Фалес – дүниенің негізін су деп білсе, Анаксимен дүниенің негізін – ауа деп білсе, Гераклит – от деп санаса, сол үшеуінің негізінде де – поэзия бар. Судың /бұлақ, өзен/ ағысы да – поэзия, ауа аспан-көктің мөлдір тазалығы, әрі шексіздігі де – поэзия, оттың алаулап жануы мен сөнуі де – поэзия. Демокрит айтқан мәңгілік қозғалыста да поэзия бар. Платонның философиясы идеялықты – материялықтан, сананы – болмыстан бөліп алып, құдай бар, адам бар және оған тәуелсіз жан бар десе, оның негізі де – кәдімгі поэзия. Поэзияның жаны мен дерті, оты мен өрті лирикадан өрбиді. Бұл тұжырымға қазақ лирикасының ежелгі дәстүрі мен бүгінгі жаңашылдықпен дамуы айғақ бола алады.

Біз бұл зерттеу еңбегімізде 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының көркемдік ізденістерін талдай отырып, поэзияның ежелгі дәстүрлері жаңғырып, жаңашылдықпен заңды жалғасын тапқанын дәлелдеуге ұмтылдық. Бұрын жекелеген әдеби сын мақалалар аясында, жекелеген авторлар туралы шығармашылық портреттер болғанымен, мұндай зерттеу алғаш болуымен де, зерттеу ісінің практикалық және теориялық жағынан да біршама маңызы бар деген сенімдеміз. Дәстүр мен жаңашылдық әдебиет дамуының әр кезеңіне тән, тығыз органикалық байланыста көрінетін құбылыс деп білеміз.


«Поэзиядағы азаматтық әуен» атты мақаласында сыншы, ғалым С.Қирабаев: «60-70 жылдар ішіндегі қазақ лирикасының жаңашыл белгілерін сөз еткенде, ол жырлайтын заман мен адам бойындағы осы өзгерістер еске түседі. Бұл дәуірді лирикалық поэзияның жаңару, сілкіну кезеңі десе де болғандай. Жаңа адам бойындағы тың сапаларды аша отырып, лирика да рухани өсті, пафосын жетілдірді, өлең мәдениетін кетерді» деген салмақты пікірі де – біздің зерттеу еңбегіміздің басты қазығының біріне айналды. Суреттеу, бейнелеу, көркемдік тәсілдері, лириканың формалық, мазмұндық жағы, ұлт сипатын білдіретін өрнек, нақыш бояуларының молаюы, тақырыптың баюы лириканың композициялық жағынан күрделенуі, лирикалық қаһарманның есеюі бәрі-бәрі 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының көркемдік ізденісінің жемісі. Шығармашылықтың психологиясын, ақынның шеберлігін ашуда «көркем сөз құпиялары қазыла қопарылған сайын тереңдей түсетіндігіне» /З.Қабдолов/ көз жеткізумен бірге, көркем лириканың болмысы мен бітімін, сыры мен сипатын, мағынасы мен мәнін парықтап, ғылыми сипатта зерттеуді басшылыққа алдық. Сөз табиғатының эмоционалдық, экспрессивтік қырларын, контекс аясындағы сиқырлы сырларын ашуға қадам жасап, образдық-метафоралық, лексикалық-фразелогиялық образдар жүйесіне назар аудардық.


Ғылыми еңбегіміздің кіріспесінде, тақырып ауқымындағы мәселелердің актуальдылығы, зерттеу мақсаты мен бағыт-бағдарды айқындау проблемалары қамтылған. Зерттеу еңбегінің мақсаттарының бірі – 60-70 жылдардағы қазақ лирикасының материалдарының негізінде басты-басты, ең негізгі идеялық-көркемдік тенденцияларды ерекшелеп, айқындау.


Диссертациялық еңбек екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім: «Қазақ поэзиясы жаңа кезеңде», екінші бөлім: «Қазіргі қазақ лирикасының көркемдік ізденістері» /60-шы, 70-ші жылдар/.


Зерттеу еңбегіміздің мақсаты мен мұрат-мәніне келетін болсақ, қазақ лирикасының салмағы ауыр, құнды дүниелер бере алған кезі – 60-шы, 70-ші жылдардың рухани табысына жан-жақты ғылыми талдау жасауды басты мақсат етіп алға қойдық. Біздің әдебиетіміздің бұл кезеңі – ұлттық поэзиямыздың бай қазынасын одан әрі байыта түсті. Бұл пікірді әдебиет танытқыш, зерттеуші ғалымдар да, сыншылар да, жазушы қаламгерлер де мойындап, қостаумен келеді.


Ғылыми жаңалығы ретінде түйіп айтар болсақ, 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының дамуы туралы бір дәуірді теориялық және аналитикалық талдау планындағы тұжырымдап қорытқан бірінші ғылыми жұмыс болып табылады.


Қазақ лирикасының тегіне, жанрына орай талданып, теориялық материалдар негізінде қорытылып, шығармалар тұтас та жүйелі түрде бағаланып, өлеңдердің ішкі және сыртқы мотивициялық дәлелдеу принциптеріне сай зерттелген.


Диссертацияның ғылыми жаңалығының бірі ретінде, дәстүрлі поэзия мен лирикалық жаңашылдық ізденісінің арақатынасындағы диалектикалық заңды жалғастық жан-жақты да айқын дәлелденген деуге болады.


Лириканың жанрлық тегінің әр саласын жеке-жеке, арнайы тақырыпқа арқау ретінде ала отырып, әр ақынның жеке-даралық қасиетін, ерекшеліктерін айқындап, түсін түстеуге, ішкі психологиялық, әр автордың өзіне тән жеке-дара стилін танытуда, әр кезеңдегі қазақ лириктерімен салыстыра отырып, зерттеу мақсаты көзделді және оны жүзеге асыруға ұмтылыс жасадық.


Зерттеу обьектісіне айналған периодтағы ұлттық лирикамыздың табиғаты қандай, оның сол уақыттағы топырағынан қандай құнды дүниелер өсіп шығып, жапырақ жайды және де оның өсу жолы неге жетелейді, қай бағдарда, қандай деңгейде деген сауалдарға жауап беру де, зерттеу еңбегіміздің актуальдығын алға тартса керек. 60-шы, 70-ші жылдардағы қазақ лирикасының тенденцияларын зерттей отырып, бай мұраны жан-жақты да, терең қамту мақсатымен, біз белгілі бір ақындар тобының творчествосымен, яғни шығармашылығымен шектелуді жөн көрдік.


Еңбектің басты мақсат-міндеттерінің бірі, 60-70-ші жылдардағы қазақ лирикасының, өзінің алдындағы 50-ші жылдармен салыстырғанда басты белгілерімен айырмашылығын, ерекшелігін жан-жақты талдап, анықтау. Айтарлықтай тенденциялардың әрқайсысын жеке-жеке талдап, ғылыми тұрғыда анықтама беру, осы кезеңдегі поэзияның жетістіктері мен кемшіліктеріне баға беру. Нақты көркем материалдарды анализ, талдау жасау барысында, жетістіктер мен кемшіліктердің характерін, сыр-сипатын ашу, әрі себебін анықтау. Зерттеу жұмысы барысында, қазақ әдебиетінің табысы мен осы кезеңдегі қазақ лирикасының бірге, қатар даму заңдылықтарын зерттеп, Абай, Мағжан лирикаларының бүгінгі күн лирикасымен ара қатынастары туралы да сөз етілді.


Әдеби процесс дәстүр мен жаңалықтардың өзара байланысынан өрбиді, қанат жаяды, дамиды. Бұл үлкен де терең зерттеуді талап ететін сала, сонымен қоса мұның негізінде сан қырлы материалдар, әртүрлі стильдер, көркемдік ізденістер жататыны мағұлым. Ең алдымен лирика жанрындағы сан түрлі ізденістерді, әсіресе, әртүрлі халықтар поэзиясын зерттеу арқылы бұған қол жеткізу мүмкіндігі бар. Поэзияның мән-мазмұны, қадыр-қасиеті қазақ әдебиетіне және әлемдік поэзия дәстүріне үлес қоса алатындығымен де өлшенеді. Қорытып айтқанда, қазақ лирикасының 60-шы, 70-ші жылдардағы дәстүрі мен жаңашылдығы диссертациялық еңбектің негізіне айналды. Қазақ лирикасының ең негізгі деген бағыт-бағдары, әдеби ағымы мен күрделі құбылысы талдап зерттелді.


1960-1970 жылдардағы әлеуметтік, қоғамдық ортаның жай-күйі, ситуациясы, қоғамның поэзияға, поэзияның қоғамға ықпал-әсері назарға алынумен бірге, осы кезеңдегі сын мақалалар, зерттеу еңбектері, қоғамдық көзқарастар басшылыққа алынды. Қоғамға орай, поэзия мазмұнының өзгеруі, тақырып аясының кеңуі, адамдардың концепциясының қоғаммен бірге дамуы, дәстүр фонында, жаңашылдық пен дәстүрдің өзара қатынасы, байланысы тәрізді мәселелердің фонында, қазақ лирикасының проблемаларын қозғап, жан-жақты зерттеуге ден қойдық.


Поэтикалық өзгерістер, қазақ лирикасының дәстүрлік өлең жазу стилінің дамуы, поэтикалық лекцикасының баюы, метаформациялау немесе сөздің ауыспалы мағынасында қолдану, бейнелілік, астарлы ой айту, образдылық композициясы туралы да зерттеу еңбегімізде біраз пікірлер қозғалды. Қазақ лирикасы негізгі ағымдар көзқарасы тұрғысында зерттеліп, жаңарған, толыққан, жаңғырған образдар мен лирика жанрларының түрлі аспектілері қамтылды.


60-шы, 70-ші жылдар лирикасына тән қасиет, дәстүрге деген жаңа көзқарас пен өзгеше де батыл арақатынас. Бейнелеу құралдарының дәстүр жалғасымен қатар, оны көркемдік тұрғыда дамыту, заман, уақытқа лайық өзгерістер енгізу және оны байыту проблемалары зерттеу еңбегіне өзек болды.


Ұлттық поэтикалық дәстүр – барша шығармашылықтың асыл діңгегі. Солай бола тұрса да дәстүр дамымай, дәуір мен уақыттың өзгешелігіне орай өз ерекшелігімен көрінбей қалса, дәстүрдің жасампаздығы болмағандығы. Дәстүрдің дәстүр болуы жаңашылдықпен дамып, байып отыруында десек, 60-шы жылдары әдебиетімізге енген ақындар шоғыры дәстүрден өз жалғасын тауып, поэзиямызға жаңалық сипатын ала келді. Міне, соған ғылыми тұрғыда баға берілді.


Қазақ лирикасы 60-шы, 70-ші жылдары көркем де, тарихи дамуының жаңа кезеңіне көшкенін көреміз. Поэтикалық материалдардың орасан бай әрі көптігі соншалық, оның бәрін бір зерттеу еңбегінде қамту мүмкін емес, соған орай бұл кездегі ерекшелігі айқын көрінген ақындардың елеулі тобын ғана іріктеп алуға тура келді. Сол ақындар шығармашылығы арқылы осы кезеңдегі жаңалықты талдап, көрсетіп, әрбір қаламгерді өзіне лайық даралауға күш салдық. Қорыта айтқанда, зерттеу жұмысының жүргізілген нәтижесіне көз жіберіп, ой-қортытындыларымызды түжырымдасақ, 60-шы, 70-ші жылдар Қазақ лирикасының тарихындағы елеулі де, шоқтығы биік, арнайы зерттеуге тұрарлық, сүбелі де, құнарлы кезеңі екеніне көз жеткіземіз. Және де солай жоғары бағалауға толық негіз бар.


Көркемдеу, мәнерлеу құралдарының жүйесі, яғни образдар жүйесінің танымдық және эстетикалық қызметіне баса назар аударып, сол арқылы ақындарды даралау, дарын қасиеттерін бағалау ісі зерттеу жұмысында біршама айтарлықтай жүзеге асты деген пікірдеміз. Әр ақынның қабілет-дарынына сай, көркемдік шеберлігі мен идеялық-эсететикалық көзқарастары да айқындала түсті. Экспрессивтік-эмоциональдық бояуларды қолданудағы әр ақынның өзіне тән табиғаты ерекшеленеді. Өлеңнің ішкі құрылымы мен сыртқы сымбатына мән беріп, мазмұны мен формасын тұтас бір организмге айналдырып, бірлік тұрғысында алып жырлауда 60-шы, 70-ші жылдар лирикасының өлеңнің мелодиялық-интонациялық кестесіне, ұйқас табиғатына, әуезділігіне, ырғақтық құрылысына басты назар аударған бұл кезеңдегі ақындар – өзінен бұрынғы аға толқындардың ең озық үлгілерін меңгере отырып дамытты. Кейінгі ұрпақ өкілдеріне өз ерекшеліктерімен үлгі боларлықтай із салды.


lamoda.kz
реклама
Черная пятница на Lamoda. Главная распродажа года!
Перейти на сайт
РесурсFacebookTwitterEmailWhatsAppTelegramOdnoklassnikiMail.Ru

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет