Айбек қалиев



Pdf көрінісі
бет18/22
Дата28.12.2016
өлшемі2,1 Mb.
#669
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

КҮЛӘНДАМ 
 
Он алты жаста Күләндам, 
Бипаздап бойын сыланған. 
Орта бойлы, бота көз
Жанынан жазып шыға алман. 
Бұрымы жұмыр жұлындай, 
Тұлғалы телі құлындай. 
Оралып қасы қиылған  
Саржаның ала сырындай. 
Берендей жүзі құбылған, 
Әліптей мұрны сызылған. 
Кейде жабық, кейде ашық, 
Мейрімі қатты туылған. 
Маржандай тісі тізілген, 
Лебізі нәзік үзілген. 
Құрбандық болған құрбы көп: 

 
253 
«Жылы рай бер, деп, жүзіңнен». 
 
Дәлелге жетік ерікті, 
Қатардан үздік көрікті. 
Тіл қата алмай бір ауыз 
Талайлар мас боп елікті. 
Тұрамын қарап артынан. 
Айнымдайды әсем қалпынан. 
Құр қалам, деп, қорғансам, 
Дамылсыз мен де талпынам, 
Тілдесе алмай бір барып, 
Тыраш боп жүрем тырбанып. 
Уайым опық ойысар, 
Шынжырлы жолмен шырмалып. 
Байлаған басын ноқталап, 
Амалын жүрдім көп қарап. 
Алқынып жүрек тоқталат: 
Ауылда ғой, деп, тоқ санап. 
 
Сонымен біраз күн өтті, 
Күн емес бірер жыл өтті. 
Кездесіп бір тар жерде, 
Күлімдеп қарап бір өтті. 
Бергендей уағда қол ұстап, 
Тағдыр да болса болыспақ. 
Арты ашылмай жұмбақтың 
Қоныстан кеттім алыстап. 
Алыста жүріп аңсадым, 
Амалын таппай шаршадым. 
Тілектен теріп хат жазып; 
Жандырғай, дедім, жар шамын. 
 
Ардақты аруға: 
Аспаннан ашылғанда айдың жүзі, 
Нұр сеуіп ерігенде жүрек мұзы. 
Ұжмақтың төріндегі хор қызының 
Күлімдеп ашылмайды неге көзі? 
 
Жәнаттың кілті қолмен ашылғанда, 
Сұлулар көз салар ма бас ұрғанға. 
Иман-бақ, байлық-ырыс - бәрі жетпес, 
Сенімен бір күн ойнап қосылғанға. 
 
Жауап: 
Ұжмақ емес тамықтың отындамын, 
Шыға алмастай шырмалып шатылғанмын. 
Атқан таң, шыққан күннің нұрын көрмей, 
Ағызып көзден жасым аһ ұрғанмын. 
 
Басқалар күн нұрына бөленгенде, 
Тәңіріден есіркесіп еленгенде, 
Шарапатың тигізіп мені құтқар, 

 
254 
Күлейін, күн көрейін көлеңкеңде. 
 
* * * 
Уһілеймін күрсініп, 
Білдірмей жүрем тыңсынып. 
Ел сағынып, жер көксеп, 
Жете алмай сағым жүр сынып. 
Аңсап та жүрмін асығып, 
Тоқтамай жүрек басылып. 
Сапарға шықтым төзе алмай 
Сылтауға сылтау қосылып. 
Бір күні елге аттандым
Ашылмай көңіл шаттандым. 
Ел хабары қолайсыз - 
Екі жыл сыртта жатқанмын. 
 
Ауылдан шықтым елді ойлап, 
Мейірман ана жерді ойлап. 
Иесіз жонмен жөн тарттым, 
Төтелеп тауып жол тарттым, 
Желігіп жүйрік керді айдап. 
Жалғыз қара жонда жоқ, 
Адасып жүрер жол да жоқ, 
Ентелеп басып ынтығып, 
Әндетіп келем айқайлап. 
 «Қара ой», «Басат», «Бозша көл» 
Қоныстанып қалың ел, 
Тосынның құмын бөгдерлеп 
Отырушы еді аз жайлап. 
Кеш қарайып күн батты, 
Боз торғай тынып, құр жатты. 
Жолдың бір оң жақ бетіне, 
Көгалдау жазық шетіне, 
Атымнан түсіп отырдым, 
Сыпайы мейман сыпатты. 
Жал, жая жеп тойғандай, 
Масаты кілем жайғандай, 
Жердің сыйы қымбатты. 
 
Иісі жұпар аңқыған, 
Шымырлап денең балқыған. 
Бетіңнен жарық сүйгендей, 
Сонда бір ішің күйгендей. 
Жүрегің лоблып талпынған. 
Қабырғаңның астынан, 
Мақпалдай тиген қара жер. 
Көңілдің кірін ашырған, 
Жиналып жұлдыз көз қаққан, 
Өсекі қыздай сөз баққан, 
Қызықтыра қылмыңдап 
Махаббат оты шалқыған. 
Таң білінді бұлдырап, 

 
255 
Менде жоқ бойды тындырмақ. 
Көлде бақа шақырып, 
Суда шыбын сылдырап. 
Бір боз торғай сап етті 
Баялышқа қонды да  
Күйлерге салды сыңғырлап. 
Күле қағып таңдайын 
Құлпыра сөйлеп былдырлап. 
Пыр етіп ұшты аспанға, 
Әлде менен қашқан ба... 
Қанатын қағып қалықтап 
Көрінбей көкке құлдырап. 
Қызғалдақ орай көк өскен
Бір-бірімен егескен. 
Белден шық түсіп шалғынға 
Көрсетпей қара жерді ұрлап. 
 
* * * 
Атыма болдым мінгендей, 
Қош айтысып жүргендей. 
Жалтырап жарқын күн шықты, 
Әлемнен түрлі үн шықты. 
Алтыннан шолпы тағынып, 
Жасылдан перде жамылып, 
Еркелеп еркеш келгендей. 
Жүгіртіп астым белеспен, 
Қалғандай олжа-үлестен. 
Ә, дегенше аңғарға 
Боп қалыппын келгендей... 
 
* * * 
Зеңгірдің шығып басына, 
Қарасам аяқ астына: 
Үңірейген орталық 
Қақырап иесіз тұр екен, 
Бұрынғы көркем түрге енбей. 
Жарқырап айдын көл жатыр, 
Жел тартып жеміс жер жатыр. 
Сарқырап ағып сай жатыр, 
Ел қонған балқаш жай жатыр. 
Шағырлы бұйрат құм жатыр, 
Мал шары жоқ тың жатыр. 
Самсаған сары қалың тал 
Мәуесін төгіп бұл да тұр. 
Жарқырап айна сор жатыр. 
Көлбеген дала жон жатыр. 
Бауырында лақ ойнаған, 
Күнеген қонып сайраған, 
Аңқиған қасау шың жатыр. 
Қалың орман ну да тұр, 
Балта тимей ту жатыр. 
Қақырап иесіз жер қалған, 

 
256 
Күмістей сұлу су жатыр. 
 
* * * 
Жалғыздап қадақ ел қалған 
Есіктері ашылып, 
Ағаш тасы шашылып, 
Қара қоныс көң қалған. 
Түндіктері түріліп, 
Уықтары бүгіліп, 
Туырлығып құм басып, 
Тігулі орда үй қалған. 
Кәлі кілем ұстаулы, 
Түкті кілем төсеулі, 
Үй жиһазы шашылып, 
Есіктері шырмаулы 
Иесі жоқ бұл қалған. 
Шалғын жетіп белдеуге 
Сағанаққа - шырмауық, 
Құрақ шығып шырмалған. 
Айқайласаң үн бермей 
Меңіреу мылқау қу дала 
Ит те кеткен күн көрмей, 
Не болғаны бұл жалған? 
Ат үстінде ойланып, 
Әрлі-берлі толғанып. 
Ұзын күнге кете алмай 
Ауылды жүрдім айналып. 
Ақшамның тарап қызылы 
Көз барады байланып. 
Жортып кеттім жолменен 
Жүрегіммен зарланып. 
Үш күн жүрдім дәм татпай. 
Қоя ма бауыр қан тартпай. 
Жағдайын сұрап, сырласып 
Сөйлесуге жан таппай. 
 
Көрінбей көзге жан адам, 
Болды ма мұндай жаладан? 
Неден болды, кім қылды? 
Қайғымен сағын сындырды. 
Салыстырып қарасам, 
Басқа елдердің бәрі аман. 
Торғайда қазақ шалқыған, 
Ойын-сауық аңқыған 
Еділді орап, өрге өрлеп 
Жайықта жалпы шалқыған. 
Сырдан шығып шұбырып, 
Сібірге жалын шарпыған. 
Төңкеріліп Тобылдан 
Есілге жүзіп қалқыған. 
Атбасардан айналып 
Қарағанды, Қарсақпай, 

 
257 
Балқашқа батып малтыған. 
Үш қазақтың баласын 
Ұшан теңіз қамтыған. 
Береке қашқан кез екен 
Ордалы думан халқынан. 
 
* * * 
Жалғыздап адам көрінген, 
Өзінен құлқы бөлінген, 
Қасына келсең қарамайт, 
Қарауға кеулі жарамайт. 
Кеулі баяу кіл жетім 
Қара жерге телінген. 
Жалаң етке тері тон, 
Теріс киіп жалбағай, 
Көсік тартып, көл қуып, 
Жуа шайнап желдегей, 
Көзге түскен жәндікті, 
Қуып ұстап, қуанып, 
Жеп барады делбегей. 
Не қылдырмас адамға 
Аранын ашқан сұм көмей. 
Адал, арам демейді, 
Енді нені жемейді, 
Жұта берсе тергемей. 
Бат-бахыт дала мекені, 
Қамыстан соққан кепені. 
Танымақ түгіл ол мені 
Ойынан кеткен ол күні 
Өзінің кім екені. 
Көзінің үсті қолдырап, 
Ұрт терісі салбырап, 
Бас сүйегі зорайып, 
Өндіршегі сорайып, 
Құлақтарын қалқайтып, 
Желкесін кейін қайқайтып, 
Шалбарланып шау тартып, 
Жасы жетпей қартайып, 
Аузы-басын түк басып, 
Сақалын, шашын күс басып, 
Көзінің алды іріңдеп, 
Буындары дірілдеп
Көз шеңбері құдықтай, 
Мұрыны жалғыз сызықтай, 
Сирағы сидам сырықтай, 
Білегі күйген шыбықтай, 
Саусағы салған сүліктей, 
Табаны қара сүріктей, 
Тырнағы темір күректей, 
Кірлері ағып сүмектей, 
Жылай алмай ыржаңдап, 
Жүре алмай жүр бұлғаңдап, 

 
258 
Мас болғандай маужырап, 
Сүйектері саудырап, 
Сөйлей алмай күрмеліп, 
Ыңырсып жүр күңіреніп. 
Көрінгенге сүрініп, 
Сүйретіліп жүр келіп. 
Шерден тауып, жеп тоймай, 
Өлмеші жан күн көріп. 
Қыбырлаған неткен жан, 
Дүниеден безіп кеткен жан 
Таусылмайтын күнде өліп. 
 
* * * 
Күләндамды іздеймін, 
Әр-жерден қарап көздеймін. 
Азып-тозған адам көп,  
Бұрынғы таныс бенденің 
Біреуін таныс сезбеймін. 
Бір күні бір ауылда, 
Ауылдың күні ауырда, 
Жарға тіккен жапаның 
Жатыр біреу жанында. 
Көзінің нұры ұқсайды, 
Қарасам ішім босайды, 
Құмарттым сұрап қануға: 
Әуезе болып сөзге ерген 
Куләндам ғой деп көз көрген. 
Болатын емес тануға: 
Шырайлы жүзін шаң басқан, 
Мөлдір көзін қан басқан, 
Қасына келіп қадалып, 
Қарадым көзім алмастан. 
Ақ бұғақтан айырылып 
Ақша жүзі қарайған. 
Алмадай мойны сорайған. 
Ақ бетіне қақ тұрған, 
Әжімсіз бетке дақ тұрған. 
Қырқылып шашы ұйысқан, 
Ақ сірке қаптап сиысқан. 
Шидемнен көйлек, жыртық жең
Бейнебір күнге күйген көн. 
Жұлынып жұрдай болыпты, 
Шықпаған жаны қалыпты, 
Тұрармын шыдап неғып мен... 
Уһлейді күрсініп, 
Білдірмейді тыңсынып. 
Жалаңаш, жайдақ жүргенге, 
Қорғалап отыр қымсынып. 
Үндемеді сынменен 
«Күләндамбысың» дегенде. 
Жылау ма, әлде, өлең бе, 
Шегін тартып шырқады 

 
259 
Дірілдеп зарлы үнменен. 
Құлақ естір жердегі, 
Қалғандар тірі елдегі 
Сайраған бұлбұл жанына 
Қалмады бір жан келмеген. 
Бір баяулап, бір қатты 
Ақырында тіл қатты. 
Былқылдатып бипаздап 
Сөйледі келіп жырменен. 
 
* * * 
Сұрасаң сырды сен менен: 
- Қорлығым бар ма көрмеген. 
Жалғыз мен жапа көргем жоқ 
Күйзелдім бірдей елменен. 
Өзің көрген көркім жоқ, 
Көркім түгіл жәйтін жоқ. 
Біздің жәйді білмейсің 
Тәуліктен бері келмеген. 
Жылағанмен өнер ме, 
Қолыңнан түзеу келер ме. 
Көңілің түсіп келіп ең 
Жез қанат құсап желдеген. 
Жүрміз ғой тірі күн көріп, 
Көңірсіп шыбын күңіреніп. 
Қайғылы күн қаралы, 
Жазықсыз еткен жаралы, 
Отырған кім осындай 
Қансыз қырғын күн беріп. 
Торғайдың тас бастығы, 
Халыққа тиген қастығы. 
Аранын ашқан күнәкәр 
Замананың қасқыры. 
Сұрап алған дерт емес, 
Солардың берген аштығы. 
Бізде ақсақал Бурабай, 
Көбігін шашты бурадай. 
Аштан өлген моласыз, 
Сүйегі қайтет қурамай. 
Аяғын буған маралдай, 
Арманда өлдік тұра алмай. 
Бізде басшы Талтаңбай, 
Ұнтады елді талқандай. 
Буындырып сағақтан, 
Бауыздады тамақтан. 
Аштық деген бұғауды 
Аяққа салды арқандап. 
Бізде басшы Әжібай, 
Сөз сөйлейді қажымай. 
Қанға құмар қара ауыз 
Қасқыр алғыр тазыдай. 
Осы салды өктені 

 
260 
Дауылдан қатты екпіні. 
Күн шалған көндей тырысқан 
Бетінің қожыр секпілі. 
Құтырған қасқыр көзденген, 
Диуана-шайқы сөзденген. 
Мұрыны қырдай қуарып, 
Шықшыты солып суалып. 
Қаны қашқан қара сұр 
Ашуы тығыз тез келген. 
Ессіздер шапты бетімен, 
Қалмады бір жан лепінен. 
Күздің күні болғанда, 
Ел қыстауға қонғанда
Ду кірді елдің шетінен. 
Ай-шайына қарамай, 
Ешкімді жанға санамай, 
Ауылға келді ақырып, 
Шапқылаған бетімен. 
Бірді жүзге өсіріп, 
Екпіндей сөйлеп есіріп, 
Тепкілесе су шығар 
Өкшесінен тесіліп. 
Шаш ал десе, бас кесіп, 
Орыны жоққа бәстесіп, 
Үкімет заңын сылтау ғып 
Ел қанасты ептесіп. 
Қараңғы халық қазағы 
Тұра ала ма беттесіп. 
Келе сала кекеңдеп, 
Сөйледі келіп дікеңдеп, 
Көбігін шашты күркілдеп: 
Аша тұяқ қалмасын! 
Асыра сілтеу болмасын! 
Қаптың түбі қағылсын, 
Қайдан да болса табылсын! 
Айыр тұяқ түліктің 
Түгін қоймай берсін деп 
Ақыл білген адамдар 
Беріп жатыр елпілдеп. 
Сауындық малым қалмат деп, 
Бергенім көмек болмат деп, 
Сонымен мөлшер толат деп 
Ойлады өзім еркім деп. 
Күнде бір заң шығарып, 
Екі көзі қызарып, 
Жоқты «тап», деп зіркілдеп. 
Өнбейді десең: «Оңшыл» деп, 
Бермейді десең «Солшыл» деп, 
Қоғамдап қолын селкілдеп. 
Кедейді жоспар қылғанға, 
Баласын аштан қырғанға, 
Таптың жауын таптым, - деп 

 
261 
Көп күледі кеңкілдеп. 
Таба алмаған байғұсты, 
Шығарып қаулы қарғысты 
Конбойымен айдап жіберіп, 
Қирата соттап берсін деп. 
Мен де соның оғына 
Ажалды қаздай деп келдім. 
Ауырлық бастан өткердім, 
Көрмегенім жоқ болды, 
Ажардан зиян көп көрдім. 
Сатылғанша жан үшін 
Жасамайын деп көрдім. 
Аңсаған ажал келмеді, 
Сұрасам өлім бермеді. 
Осы күнге жалбызым 
Бейнеттің шоғын жеп көрдім. 
Шиедей қылды бетімді, 
Аямай өңшең жетімді. 
Жалғыз тайды сойып ем 
Міндетті қаулы деп енді, 
Қалдырмай тінтіп етімді 
Шанасына бастырып, 
Тойғанша жеді астырып. 
Маңдайы тершіп кекірді. 
Әкем мен шешем жалынды, 
«Таста, деп, шолақ санымды». 
Ақырып оған жекірді. 
 
«Жазықты жан» деп тағы алды 
Ұсақ-түйек малымды, 
«Азық қылам» деп алды 
Көже қатық майымды. 
«Сәудегерсің» деп алды 
Қантым менен шайымды. 
«Тұқым қор» деп тек алды 
Ақтаған сөк пен нанымды, 
«Қаражат» деп және алды 
Қалтадағы тиінді. 
«Штрабың» деп алды 
Үйдегі мүлік-бұйымды, 
«Жетпейді» деп тағы алды 
Үстімдегі киімді. 
«Тағы тап» деп қамады 
«Абақты» етіп өзімнің 
Тостағандай үйімді. 
Пешке салам, сұмырай, 
Жалындатып жандырып, 
Ысқа салып түлкідей 
Сырттан тықты тығынды. 
Тұрмастай ғып ұрған соң, 
Сыпырып сыптай қылған соң, 
Көрейін қайтіп күнімді. 

 
262 
Сотқа тартып қаралайт, 
Өтірікпен жалалайт 
Шығармақ болсаң үніңді. 
Елсізде тонап еңіретті, 
Аш бұзаудай мөңіретті, 
Зар қылып тоқтық күнімді. 
Ұлыққа барар күшім жоқ, 
Арыз айтар кісім жоқ, 
Шағайын кімге мұңымды. 
Жасырып сойған лақтай, 
Арызымды басып, жолатпай, 
Шығармай, құртты үнімді. 
Сонан соң, баурым, тарықтым, 
Әбден шаршап зарықтым. 
Шыбын жанда тыным жоқ, 
Отырғаным, үнем жоқ, 
Ортасында халықтың. 
Халық сияғы болар ма 
Қажыған аш-арықтың 
Ойлаған жерге бара алмай, 
Бір жұтым ас таба алмай
Тентіреумен торықтым. 
Нух пайғамбар топаны 
Игірек-ті мұнан да 
Ашықпай болған ғарықтың. 
Бәрі болған қазақта, 
Алқакөлден ел босқан 
Жұрнағы жатыр шарықтың. 
Онан да артық бұл сұмдық 
Төрінде қалар тарихтың. 
 
* * * 
Тап қылды басқа бұл күнді, 
Сағындым сауық күлкімді. 
Аштықтан төзіп тұра алмай, 
Артыма мойным бұра алмай, 
Тастадым безіп жұртымды. 
Үйлі жан аштан қырылып, 
Көме алмай кеттім бұрылып, 
Ағайын, туған жұртымды. 
Осындай нақақ күн болды, 
Естір елге мін болды. 
Ардақты адам әулеті, 
Аштықтың келіп нәубеті 
Аюаннан бетер күнде өлді. 
Межелі жерге бара алмай, 
Шайнауға бір дәм таба алмай, 
Жұтаған малдай жолда өлді. 
Кіш-кіштеп малын айдаған. 
Бұйырған нанын шайнаған, 
Сары қымыз сапырып 
Төскейге бие байлаған 

 
263 
Ахаулап өскен арда өлді. 
Еңбегінен тілеген, 
Ерлігінен үдеген, 
Ен дәулетке молығып, 
Еркелеп құстай түлеген 
Қайратты туған ер де өлді. 
Сақылықпен қамы жоқ, 
Сақтықпен жиған наны жоқ, 
Сайрандап жүрген сер де өлді. 
Тапқанына бір тойған, 
Таппаса тілеп құдайдан 
Таңды күткен тамсанып 
Кедей-кепшік демде өлді. 
Көптігіне мақтанған, 
Атадан алтау атанған, 
Дәулетіне мастанған 
Қайратты туған дәу де өлді. 
Туғанына қуанған, 
Қайғысы кетіп уанған, 
Әлпештеп сүйіп жұбанған, 
Ат шаптырып той қылған 
Ардақты жалғыз ұл да өлді. 
Әзілдесіп күліскен, 
Қол ұстасып жүріскен, 
Ғашықтықпен қосылып, 
Тіл тартысып сүйіскен 
Таңдап алған жар да өлді. 
Елге бүлік салғандар, 
Елді тонап алғандар, 
Ала тасыр асырда  
Қызыл тұмсық болғандар, 
Өкілдерге ергендер, 
Екпіндей шауып келгендер, 
Өзі тойып, өзгесін 
Қалаға артып бергендер 
Әр нәрсеге сап болды. 
Еркімді алып өңкей қар 
Ай шұғылаңды көруге 
Арманда едім көңілім зар. 
Енді өлсем арман жоқ, 
Арманда жерім қалған жоқ 
Маған өмір не қадыр. - 
Осыны айтып Күләндам 
Алдыма келіп қойды бас, 
Жылайын десе қамығып, 
Шықпайды тамшы көзден жас. 
Қаязып ерні қалжырап, 
Қол-аяғы мұздай тас. 
Кірпігі қатып қайқайып, 
Қағылмай қалды қиғаш қас. 
Аузына сүт тамызып, 
Ерніне май жағызып 

 
264 
Дегенде: «Қалқам, көзіңді аш» 
Есін жиып азырақ: 
«Жүрегімді, деді, бас. 
Қош, сәулем-ай», деді де 
Қуқыл тартты өңі аш. 
Ақша жүзі құбылып, 
Жұлдызбенен аралас 
Жан тәсілім етті пәс... 
 
1932 жыл. 
 

 
265 
 

 
266 
СӘТ ЕСЕНБАЕВ (1893-1975) 
 
Сәт  Есенбаев  1893 жылы  Торғай  облысы, Аманкелді  ауданында  туған. Өлеңді  жас  
кезінен  бастап  айтып  және  өз  жанынан  да  шығарған. 1916 жылы  Торғайдағы  Аманкелді  
батыр    бастаған    ұлт-азаттық    көтерілісіне    қатысқан    сарбаз.  Осы    көтеріліске      арнаған  
көптеген  өлең, жырлары, толғаулары  бар. оның  ел  ішіндегі  ең  көлемділері  «Аманкелді» 
(1914) жыры  мен  дастандары. Ұлы  Отан  соғысы  кезінде  ақын  елді  қорғауға  шақырып,  
көптеген    өлең,  толғаулар    шығарды.  Бұлар    Аманкелді    аудандық    «Социалистік    шаруа»,  
Қостанай  облысының  «Большивиктік  жол»  газеттеріне  жарияланған. 
Сәт    Есенбаев    көп    жылдар    бойы    қазақ    халқының    ауыз    әдебиетінің    өлеңдері, 
жырлары, мақал-мәтел, аңыз, әңгімелер  және  басқа  жанрлардың  нұсқаларын  жинап, оны  
Қазақ  ССР  Ғылым  Академиясының  қолжазба  қорына  тапсырған.  Өзінің  де  көптеген  
өлеңдері  қолжазба  күйінде  осында  сақтаулы  (№1019, 1920). 
Ақын    қоғамдық    жұмыстарға    да    белсене    араласып,    ауылды    советтендіру  
жұмыстарын  да  атқарған. 1944-1950 жылдары  Аманкелді  ауданындағы  Сартал  ауылдық  
Кеңесінің  төрағасы  қызметін  атқарған. 
Сәт    белгілі    айтыскер    ақын.    Ол    аудандық,  облыстық    ақындар    айтыстарында  
бірнеше    мәрте    жеңістерге    ие    болған.    Атақты    ақын    Нұрханмен    айтысқан.    Ақынның  
жеке  жинақтары  жарық  көрмесе  де  есімі  Қазақ  әдебиетінің  тарихына (1 том, 2 кітап, 
1964 ), «Қазақ  совет  энциклопедиясына»  (10 том, 84 бет, 1977) енді. 
1916  жылы  көтеріліске  қатысқаны  үшін  дербес  пенсия  тағайындалған. Ақынның  
ұрпақтары  бұрынғы  Торғай  облысының  Аманкелді  ауданында  тұрады. 
1975  жылы  ақын  туған  жерінде  дүние  салды. 
Сәт    Есенбаевтің    өлеңдері    мен    айтыстары    енген    жинақтары:  «Қостанай    ақындарының  
айтысы»  ,  Қостанай  -1958  жыл.    «Пернедегі    термелер»,  Алматы  -1965  жыл.  «Айтыс», 
Алматы -1966 жыл. 
  Екі дәуірді бастан өткізіп, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің куәсі болған есімі елге 
белгілі болған адамдардың бірі ақын, жырау, Сәт Есенбаев. Ел ішінде ауыз әдебиеті нәрімен 
қанаттанып,  оны  жазба  әдебиетке  жалғастырған  Сәт  ақынның  шығармашылық  өнері  ел 
аузында да, жазба әдебиетте де сирек болса да ұшырасып жүр. Бұл ақынның өнер әлеміндегі 
кемшілігі емес, зерттеушілер мен әдебиетшілер еңбегінің әлі де болса кешеуілдеуінен деуге 
болады. 
Сәттің ақындық атағын да, шабытын да көтерген кез 1916 жылғы отаршылдыққа қарсы 
көтерілген  Торғайдағы  халық  қозғалысы.  Әліби,  Амангелді,  Әбдіғапар,  Кейкі  бастаған  осы 
азаттық  күреске  қаламмен  де,  қарумен  де  үлкен  еңбек  жасаған  адамдардың  бірі  Сәт 
Есенбайұлы.  Ақын  мұнда  жалғыз  болған  жоқ,  оның  алдында  Күдері,  Омар,  Орынбай, 
Ақмолда,  Досмұқан  сияқты  халық  ақындарымен  бірге  жыр  төкті.  Осы  шайқаста  Сәт  ақын 
"Ер Амангелді", "Июнь жарлығы", "Құмкешу соғысы" атты толғау дастандар шығарды. Бұл 
дастандар  тек  1916  жылғы  ғана  емес,  одан  бұрынғы  Махамбет,  Исатай,  Сырым,  Жанғожа, 
Кенесары  бастаған  азаттық  қозғалыстардағы  ерлік  жырларының  қатарынан  орын  алатын 
сүбелі шығармалардың бірі деп есептеледі [74]. 
Қазақ  халқының  батыр  ұлы  Амангелді  Имановтың  өмір  жолы  мен  ерлік  күрестерін 
суреттей  отырып,  желілі  жырлар  циклін,  батырлық  эпостық  дәстүрін  сақтады,  жаңаша 
кестелер  тапқан  Сәт  ақын  Амангелдінің  жауынгер  сарбаздарының  бірі  болған.  Сондықтан 
оның көптеген шығармалары ұлт-азаттық тақырыбында жазылған. Аталған шығармалардың 
ішіндегі  ең  көлемдісі  –  1944  жазылған  "Ер  Амангелді"  атты  поэмасы.  Бұл  шығармасында 
ақын  Амангелді  өмірін  тұтас  алып  қамтымайды,  мәні  зор  деген  оқиғаларды  қарастырады. 
Амангелдінің  туысы,  ата  тегі,  бабасы  Иман  батыр  жайлы  сипаттайды.  Сонымен  бірге 
Амангелдінің  бала  шағы,  жігіттік  шағы  баяндалады.  Оның  жасынан  мерген  болғанын,  бай-
болыстардың,  патша  өкіметінің  қарапайым  халыққа  істеген  зорлықтарына  қарсы  аяусыз 
күрес жүргізе білгендігін суреттейді. 

 
267 
Сәт ақын Амангелдінің батырлық бейнесін даралап көрсетуде халық аузындағы, халық 
ұғымындағы  шындыққа  негізделген  аңыз-әңгімелерді  де  суреттеу  әдісі  етіп  алады.  Сәт 
дастандарының  өзіндік  ерекшелігі  ерлер  тұлғасын  және  оның  жауынгерлік  ерлік  ісін 
бейнелеудегі  шеберлік  суреттері.  Өйткені,  ақын  осы  оқиғалардың  басы-қасында  болған, 
қанды ұрыстарды басынан өткерген адам: 
 
...Жендеттердің алдынан, 
Жолын бөгеп қол шықты. 
Азғана емес мол шықты. 
Құдайдан жау сұраған, 
Жау көрмесе жылаған, 
Мыңды бірге санаған, 
Ер Әкімбек сұрмерген, 
Қол ішінен сол шықты. 
Әлжан, Кәрібоз, Дәуренбек, 
Мыңбасылар мол шықты. 
Алысатын ажалмен, 
Айқасатын залыммен, 
Қолымен оқты қағатын, 
Қамалға жалғыз шабатын 
Амангелді ер шықты... 
 
Сәт дастанының сюжет құрылысы, композициясы, кейіпкерлері, оқиға, өмір көрінісінің 
жеке кезеңдерін нақты суреттеуі жөнінде өзіндік стиль, көркемдік ерекшеліктері бар. Ақын 
дастанын  бұрынғы  батырлар  жырындағы  кейбір  қонымды  мотив,  көркемдік  әдістерді 
қолдана  отырып  жазады,  сонымен  бірге  жазба  поэзидағы  нақты  суретшілік,  сезімді 
берушілік,  оқиғаны  түйінді  жерден  бастап  кетушілік,  тілдегі  жаңалық  іздеушілік 
ерекшеліктерді де қолданып отырған.  
Автор  Амангелдінің  басындағы  сүйініш-күйініштерді,  шиеленіскен  оқиға  түйіндерін 
нақты  суреттегенде  түйдектеу,  еселеу,  әдістерін,  жағымсыз  образдарды  сипаттағанда  өткір 
әжуалау,  сықақтау  әдістерін  орынды  пайдаланған.  Осы  әдістерді  қолдану  арқылы  идеясын 
айқын  жеткізе  алған.  Тұспалдау,  мысалдау  тәсілдерін  сол  дәуірдің  жалпы  шындығын 
көрсетуде  өте  шебер  қолданған.  Мысалы,  1916  жылдағы  патша  қысымы  күшейе  түскен 
кезеңді ақын былайша суреттейді: 
 
...Қаһарын төкті қара бұлт, 
Қатулана қарманды. 
Қар артынан қар жауды, 
Шатырлады аспан, көк. 
Түскендей боп жерге кеп, 
Ай дірілдеп, жұлдыздар 
Жылағандай еңіреп, 
Дүние тулап теңселіп, 
Теңіздер суын шайқасты. 
Бұлт ішінде айдаһар, 
Улы тілін шығарды. 
Құйрығы кейін ұзарып, 
Кеудесі неше бұралды. 
Жанның бәрін жалмауға, 
Жанның бәрін қарманды... 
 

 
268 
        Мұнда  жазба  поэзия  дәстүрі  мен  фольклор  дәстүрі  аралас  келіп  тұр.  Ақын 
шығармаларындағы  көркемдік  ерекшеліктер  мен  көркемдеу  құралдарын  шебер  қолдануы, 
стилі  Сәт  Есенбайұлының  ақындық  қуатын  таныта  отырып,  оның  ауыз  әдебиеті  мен  жазба 
әдебиет дәстүрлерін ұштастыра білген дарын иесі екендігін танытады.  
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет