Айдағы қалашық



Дата04.05.2023
өлшемі32,47 Kb.
#89827
Байланысты:
8. Айдагы калашык


Айдағы қалашық

Бұл өзі түк те қызық емес. Білместік батыл етіп, Айға қалашық салсам деген ақылсыздықтан туған бірдеме. Назар күннің қып-қызыл болып, күйіп-жанып, лапылдап, шексіз аспанды, алып жерді өртеп жіберердей апшысын қуырғанын көргенде, аспан мұхитында көзі жәудіреп күміс нұрын төккен Айға кетіп қалғысы келетін. Елітіп, сол жаққа ұзақ қарайтын. Оның дірілдеп ойнағаны, таңғы ауысым шақта батып бара жатып, ұясының тұсынан қайта шығып иығын көтергені, бірде аппақ, бірде көк мұнарланатыны қызықтыратын. Ынтыға, үзіле қарайтын.


Бұл ойын сыныптасы Айнұрға айтқан.
– Ой, ол жақтан ауаның титтей де молекуласын таба алмай қор боласың ғой.
– Кім айтты? – Назар білмегеніне қысылып қалды.
– Соны да білмейсің бе? Айда ауа болса Жер оны баяғыда-ақ өзіне тартып алар еді ғой. Тіршілігі жоқ ғарыштық өлі дене, - Айнұрдың жауабы нық.
– Сен кітаптан оқығаныңды айтып тұрсың ғой. Маған онда мейірімді, тіптен мейірімді, даналары шын дана адамдар тұратын секілді.
– Жоғары санадағы, жоғары деңгейдегі адамдар биік көрінетін болғандықтан болар. Ауасыз да өмір сүре беретін бөгде планеталықтар бар шығар. Олардың ой деңгейі биік дейді. Өткен жолы физикадан сабақ беретін апай жер осі сәл қозғалса біздің санамыз да өзгереді деп еді ғой.
– Онда оны тегістейік те!
– Жердің тұтқасын ұстап, жыртығын жамап тұрғандай болмашы, – Айнұр Назардың жынды шатыс әңгімелерін бұртия тыңдап топ қыздардың ортасына барып, сылқылдап әлденені айтып, оларды ду күлдірді.
Назар селтиіп әлі тұр. Киіздей ұйысып дудыраған шашының арасынан тер сорғалады. Кірпігін қаққысы келмеді. Қақса болды осынау ғажайып көрініс ғайып болардай. «Ер Төстіктегі» Кенжекей елестеді. «Әкем маған жылқыдан Шалқұйрық атты берсін, жасаудан Ақсырмалды сауытты берсін, түйеден Құба інгенді берсін» – дейтін Кенжекей. Ақылды. Сұлу. Мұндай жандар Айда тұруы керек.
Назардың мазасы кетті. Тізесі дірілдеді. Жаңа Ай туғанда осылайша толқып, қобалжып, мінезінің астаң-кестең күйге түсетіні бар. Сабаққа бара жатқанын енді есіне алды. Сынып есігі ашық екен. Мұғалім:
– Отыр. Бұдан былай кешікпе! – деді. Даусы сыпайы. Назардың мазасы кетті. Қасындағы Ізтілеуге қарап еді, шұқшиып дәптеріне үңіліп, әлденелерді жазып жатыр.
... Сірә, сиреп кеткен жыраулар ұрпағы туралы мұғалімнің айтқанын толағай таудың үстіндегі бұлттан түбіт суырғандай сусылдата қағазға түсіруде, Назар көсіле алмай кібіртіктеп, күмбірдің бұрауын келтіре алмай күбіжіктеуде.
Мұғалім әлі сөйлеп тұр. Назар Айдан қоныс іздеп қиялдануда. Тісі сықырлап, кеудесін лайықсыз, орынсыз өксік ашытты. Ізтілеу не ойлап отырсың дегендей иегін қақты. Бұл «ештеңе» дегендей басын шайқады. Мұғалім сәл тыныстады.
– Ауыз әдебиеті қайғысы мен қуанышы көп қазақ елінің маңдайына біткен сұлулығы... Ұстаздың даусы алыстан талып естіледі.
Назардың құлағына тұп-тұнық толғау сарыны келді. Күміс домбырадан төгілгендей.
– Уа, пәлі! – деді. Даусының қатты шыққаны сондай, денесінің құрыс-тұрысы жазылып, құлағын бітеген тығын ашылғандай. Орнынан ұшып тұрды. Көздері оттай жанды.
– Алты аяқты ала атың
Қулық бие құлыны
Табанына тас батса
Маңдайынан күн өтсе
Алты күнге жарамас
Жеті аяқты жиренің
Табанына тас батса
Маңдайынан күн өтсе
Жеті күнге жарамас,
– деп термелеп кетті. Сынып ішін қоңыр қаздың сусылдаған қанаты желпіп өткендей ме, әлде көгілдір көктемде қыр беткейге қаптаған қызғалдақтар тербегендей ме. Жоқ, олай да емес секілді, ішкі бір ілмешек ашылмай, айтайын дегенін жеткізе алмай тұр. Беймәлім сағыныш, аңсау, ой теңізін кешу. Қиял толқыны көмейіне кептеледі. Кілт тоқтап, сылқ етіп отыра кетті.
– Кешіріңіз, – деді мұғалімге көзі жасаурай қарап. Сынып дарақы күлкіден гуілдеп кетті. Хи-хи... Ха-ха... Құлақ тұнады. Мұғалім ғана үнсіз. Бұған байыппен, ойлана қарап тұр. Назардың қалың қастары қайшыланып барып, сол қалпында қатып қалғандай болды. Қолдары шымырлап, саусақтары ұйыды.
– Күліңдер, күле беріңдер! – деді естілер естілмес.
– Мен сені түсіндім. Қазақтың жоқшысы болайын деп жүрген бала секілдісің өзің, – деп мұғалім жанына келді. Дудар шашын алақанымен сипады. Шып-шып шыққан терді ақ орамалымен сүртіп алды.
Назар дем шығара алмай қалды. Түсініпті. Мұны бір жан болса да түсінді. Үлкендер мұның әңгімесін де, өзін де қабылдамайтын. Бірдеңе десе «қумашы» дейтін. Бірде тышқан жұтқан жылан туралы сурет салғаны бар. Ортада томпиып тұрған бунақ, басы мен құйрығы екі жақта далиып жатқан. Үлкендер «мынауың байлайтын жері үзіліп қалған құлақшын ба?» деп күлген. Бұл болса елдің бәріне оның жылан екенін түсіндіріп әлек болған. «Е, енді түсіндік» – дейді де, біраздан кейін түк ұқпағандарын аңғартып алатын. Сөйте тұра өздерін өте ақылды санайды. Олардан көңілі қалған. Мынау өңі ме. Түсі ме? Жүрегі неғып жарылып кетпейді-ей! Неғып! Қос алақанымен бетін басты. Қасы қайшыланды. Жылағысы келді.
– Баламысың деген. Көңлің неге босап отыр? Мұндай іске қайратты ер керек! Жақсы тірлікті жайнап жүріп істеу керек! Домбыра тарта аласың ба? Назар басын изеді. Қос ішек күмбір-күмбір етті. Әуелі Ақтамбердінің термесіне салды. Ұзақ сабалады. Көңлі көншімеді. Тәттімбеттің «Саржайлауына» түсті. Тағы, тағы десті көңілде оянған ұлы бұлқыныс. Сары даланың танабын қусырып «Сарыарқаны» сілтеді.
– Саусақпен емес, жүрекпен ойна! – жылы жүзді, жұмсақ мінезді мұғалімнің үні қатқылдау естілді. Көмейіне ыстық жалын құйылды. Көзін тарс жұмып алды. Маңдайынан мұздай тер бұрқ етті. Қап-қара әлемде жылт-жылт етіп өмір сәулелері жүгірді.
– А-а-а-а-ай!
Ащы айқайдан сынып селк ете түсті. Шеке тамырлары білеуленіп кеткен Назар Исаның желдірмесіндей сарынға баса ма деп еді, жоғары кетті. Тым жоғары бастады.
Мұғалім басын шайқады.
«Үзіледі-ау, үзіледі-ау». Жоқ үзілмеді. Назардың көзінен жас парлап, тарлан аттың шабысындай көкірегі долдана гөйгөйлеп, ышқына келіп өкінді-ай. Құлан жортар қиян даладағы Ер Төстік те, Қамбар да, Алпамыс та, алаштың апайтөс ардагерлері де түйдек-түйдек, көз алдыңнан суреттей сырғиды. Ақпа жыр дала данагөйлерін жоқтайды.
Назар беріле толғанды. Дың-ң-ң еткен соңғы әуен жүрегін жұлқып қалды. Мұғалім ұйқыдан оянғандай сыныптың дударбас баласына таңдана қарады.
– Айналайын, айналайын... бар екенсің ғой. Көненің көзін жалғайтын асылдың тұяғы екенсің ғой. – Маңдайына ыстық ернін тигізіп, бауырына қысып ұзақ тебіренді.
– Сол ғой, соның өзі ғой. Иә, иә, сол... сол... Аумайды екен. Аумайды... – Назар да көптен бері іздеген Аяз би бабасының құшағында тұрғандай тебіренген.
... Таптым. Таптым... деді. Болашақ қалашығының кіре берісінде Аяз би бабасының еңселі ескерткіші тұрады. Мадан ханның кезеңі... Меңді қыздың жігіттерді сынамаққа беретін гауһары, пышағы, тәрелкесі мен қайрақ тасы жатады сол тұста. Кірген адам көрсін Аяз биді, шөп жаманы – қарақоғаны, құс жаманы – сауысқанды. Ханның жүнін жұлып күйдірмей пісірген, қан шығармай бауыздаған асыранды қырық қазы-уәзіріне арналған аттракционды үлкендерге арнап салады.
Бақыт іздеп ғасырлар бойы сахараны шарқ ұрған қазақ батырлары Алпамыс, Тарғын, Қамбар, Көкше, Бөген, Қосайлар сонау ғасырдың қабырғасын быт-шыт етіп, өздерінің қасына келіп тұрады. Назар оларға арнайы қала соғады. Гүлбаршын, Ақжүніс, Назым секілді биязы да ақылды қыздар жүреді көшеде. Мына әлем екінші әлемге көшеді.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін
Желке терің құрысып
Әркімменен ұрыспа.
Ашу-дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!
– деп айқайлап Асан атасы шығады бүйірден. Оған Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді қосылады. Поэзияны биікке көтерген марғасқалар аулын бақытты жандар әлемі деп атаса ма екен...
Назар ала құйын сезімдер құшағында үнсіз дөңгеленді. Көзінде жарқыл пайда болды. «Міндетті түрде ұшатын кілем болуы керек қалашықта». Ол сол зымыранмен қазақтың тарихы жинақталған қалашықты Айдағы Білім, Адамгершілік деген кең өлкелерге апарып орналастырады. Қар мен мұз құрсаулаған Даналық шыңына шығарады эпостың алтын даусы мен домбырасын.
Бойы жеңілденді. Әкесінің «болар балаға болашақ аян береді» деген сөзі келді құлағына. Сазы қысқа, иірімі терең әуенге елтіді. Сыныптасы Ізтілеуге айтуы керек осының бәрін.
– Осы сен неге Жерден жерініп жүрсің? Не жамандық көрдің? – Жуас, момын деген Ізтілеу өзіне бас салды, – Ай, ай дейсің, онда өмір жоқ, бар болса алдымен біздегі байлар шетелге емес сонда қашып кетер еді.
– Ол жерде де өтірік айтып, ұрлық жасап, адам өлтіріп ластайды ғой. Маған бәрімізді асыраушы Ұлы анамыз – Жер күңіреніп, ауырлап кеткен секілді, – Назар лепірме сөзден аулақ, шалқып сөйлегенді жек көреді. Тек осындай қиялға берілгенде мен мықтымын деген ойдың басына сумаң етіп кіріп кететіні бар.
– Қияли десе қиялисың. Ай – сусыз, ауасыз, құлазыған қу дала. Күндіз ыстық, түнде суық, – Ізтілеудің даусы баяу басталып, арты шәңкілге айналып кетті.
– Барып көрдің бе? – Назар ежірейді, – Ай биосфералық қабатпен тұмшаланып тұр, қабық ыдыраса тіршілік басталады.
– Ой, пиім-ау, Алматыдағы оқушы Назар Қозыбаев осыны айтқанға дейін ғалымдар жұлдыз санап жүрген шығар, сеніңше! – Ізтілеу мұрнын тыжырайтып, қалқан құлақтарын екі жағына созып, тілін шығарып маймыл пішін көрсетіп мазақтай жөнелді.
Дыз етпе Назар салмақтана қалыпты.
– Ізтілеу, тыңдашы. Жақсылық тек Жерге жасалмайды ғой. Ол бүкіл әлемге ортақ. Ендеше біз оның ыңғайын, қисынын таба алмай тұрмыз. Айды күндіз-түні метеориттер атқылап жатады. Ай да Жер секілді сілкінеді. Бір кезде Жер де ақ қар оранып, көк мұз төсеніп жатқанын оқыдық қой. Содан қуатты жанартаулар атқылап, төңірек түп-түгел еріген. Табиғи өзгерістердің әсерінен кейін пайда болған. Ай бетінде вулкандар болғанын мойындайсың ғой. Онда су мәселесі шешілсе, оттегі де болады деген сөз.
– Ақымақтығың Айға жеткізсе көреміз, бірақ сенің сөзіңе ешкім де сенбейді. Балалар сыртыңнан қияли деп мазақтайды, – Ізтілеу досының алашапқын мінезіне жаны ашығандай, сабырға шақырғандай ашыла сөйледі.
Күннің суықтығынан ба, Назардың денесі тоңазыды. Аяқ астынан жаяу боран көтеріліп, бетін шымшып, аяғын тістеледі. Елең қылмай бетіне қар қатқан орындыққа барып отырды. Қорғасын түстес аспан аппақ қардан шашу шашса, ол ағаш бұтағына өрнек болып ілініп жатыр. Назар мырс етті.
– Әрине, Нұртай, Болат, Бауыржан көкелерімдей үлке-е-е-н болсам, бұл қалашықты салу түк те қиын болмас еді. Әзірше ол менің қолымнан келмейді. Болашақ балалар қалашығының жобасын жасайтын үйірме ашып, бәрін қолмен жасап, оны кілемнің үстіне орналастырып Айға ұшырамын. Түптің түбінде ол планета өмір сүруге бейімделіп, жан-жақтан ел көшіп келе бастағанда олар алдымен қазақ деген ұлттың тарихымен танысады. Қалашықтағы кейіпкерлер кәдімгі өмірдегідей тіршілік кешеді, – Назар Айдың салқын сәулесінің демін сезгендей сергек кейіпке енді, – ол әлем қалашығына айналады. Диснейлэндке сілекейі шұбыратындардың сол күннен бастап қазақ аулына аңсары ауады, көрерсің, – Назар безгегі ұстар адамдай қалтырады. Шықшыты бұлтиып, тісі шықырлады.
– Ессіздік, барып тұрған ессіздік. Басқа сөзім жоқ, – Ізтілеу Назардың қанталаған көздеріне шошына қарағанымен, айтатын сөзін ірікпеді, – ойың дұрыс болып шығуы үшін ессіздігің де шегіне жетуі керек, іске сәт. Мені бұл іске араластырма. Менің кіндігім Жерге байланған.
Назар өз ойынан секемдене бастаған, қарсы қойылған бірнәрселер бар деп ойлап та қалады. Енді оны жөндеуден гөрі Айға ұшатын «Н-1» кеменің жобасын жасау жеңілірек, соған сену оңайырақ көрінді.
Ізтілеу досы тіке тартпай, айналма соқпаққа түсіп баяу басып барады. Назардың жүрегі шаншыды. Досы бөтен әлемге бастайтын жолдан тайсақтады. Жерді не үшін тастап кетпекпіз дейді еліріп. Ауаның газ бен түтінге тұншыққанын, таза су көзінің бітелгенін, ауа қабатының шұрық тесілгенін біліп тұрып сұрайды, ей! Дайын нәрсеге бой үйретіп алған бәрі де...
Бөтен өңірге жасалатын жаңа қадам жол салудан басталуы керек. Ғарыш жолдары түзу сызық емес. Олар – орбиталар. Доғаланып, әлгідегі Ізтілеудің жүрген айналма соқпағындай болады.
Назардың көңілі көтеріліп қалды. Аяз би бабасы келіп мұның жасаған қалашық-кемесінің төріне шыққандай.
Ер жігіт дүниені көргені артық,
Дүниеде не бар-жоғын сезгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзгені артық,
– а - а, а –Назар әуенін әуелетіп жіберді. Денесінің құрыс-тырысы жазылып, бусанды, қалғып, маужырап бара жатқан ойлар жапа-тармағай түрткілеп, Айға ұшатын автоматты станцияның нобайын көзіне елестетті.
Үйірме жетекшісі мұның жобасына таңдай қаға қойған жоқ.
– Бұл ғарышкер-зерттеушінің жұмысы ғой, жүзеге аспайды. Жобасын жасап қоямын десең өзің біл, – деп ықтиярды өзіне берді, – құрал-жабдығыңды жердегі ваккумдық ортада сыннан өткізуің керек, – дегенді қосып қойды.
– Қапшағайдың фарфор заводына Назардың қалашығында өмір сүретін Аяз бидің, Ақтамбердінің, Сүйінбайдың, Жамбылдың, Біржан мен Ақандардың бейнесін жасатайық, – деді қалқан құлақ Жәнібек есімді сары бала. Даусында кекесін сарындас мысқыл бар.
– Қаланы тропикалық өсімдіктермен көмкерейік, – Айнұр Айға ұшатын балалар қалашығының шын мәнінде көркем де әсем болғанын жан-жүрегімен қалап.
– Қалашық үйлеріне іргетас қаламаймыз. Форма жағынан жердегіден бөлек болуы керек. Ай бетіндегі сілкіністерден зақым шекпеуі тиіс, – Назар көптен бері жиып жүрген ойын ортаға салды, – Ай Жермен туыстас болғандықтан өзімізге таныс қиындықтар ескерілуі керек. Онда балалар қалашығын орнатқаннан кейін су, оттегі, көміртегі, минерелдарды өндіру жағын ойластырғанымыз жөн.
– Үрлеме резеңке үйлерден өзге нәрсенің қисынын көріп тұрған жоқпын, – Жәнібек тағы қиқарлана сөйледі, – сонда бұл балалар қалашығының өзін ұшырып жібереміз бе, жоқ әлде бұған бас-көз болып біріміз бірге ұшамыз ба? Айға ұшатын әбігерден қашып тұрғаны анық.
– Өзім ұшамын! – Назардың даусы анық, ашық естілді.
– Айда қаласың ба? – бес-алты баланың даусы қатарласа шықты. Шын үрейленіп тұрған секілді.
– Қобалжуларыңды түсінемін. Корабліміз жылдамдығын сақтай отырып, Жерге дұрыс бағыт алса қорқынышты ешнәрсе жоқ. Келіп-кетіп жүремін де..
– Қалашықты жасап аламыз да оны корабльдің ішіне орналастырамыз. Сонда ол ракета пішіндес бола ма? – Айнұр әлі де көп нәрсеге түсіне алмай тұрғанын аңғартып, көзін жыпылықтата, жылдам-жылдам сұрақ қойды.
– Ыстық ауа толтырылған шардың астына үлкен «Н-1» кемесін байлаймыз! – Назардың жауабына балалар ду күлді.
– Мүмкін кемеге үйрек, тауық, қой салып алармыз – Жәнібек мынадай қарапайым жауап естимін деп ойламаған болу керек, бір орнында тұра алмай секектеп кетті. Онымен 356400 км қашықтықтағы Айды қалай тауып барасың? Естіген жұрт тормос екен дейді ғой.
– Қарапайым нәрсе қолдануға қолайлы. Шарға клапан, маршруттық GPS орналастырамыз. Қой мен тауық қана емес, құм да салып аламыз.
– Онымен – Айға емес, айдалаға ұшып кетіп жүрме, – мынауың ХVІІ ғасыр ғой. – Жәнібек істен гөрі қызыл сөзге құмарлығын аңғартып алды.
Назар қарсы сөз, қарсы пікірді тыңдауға құлықты еместігін білдіріп, жұмысқа белсене кірісіп кетті.
Төңкерілген құмыра секілді шарды шүберектен тігіп, ішіне ыстық ауа толтырды. Шар астындағы кемеге қалашықтың макетін орналастырды. Резіңке секілді әйнектен салынған сарай. Ауасыз кеңістікте бүлінбейтін мозаикалы паркет, мрамор қабырғалар, микроскопиялық картиналар, титтей кітаптар жинақталған кітапхана, күмістен жасалған шамдар. Қалашық қуыршақ секілді болғанымен жиырма ғасырдың бар мұрасы жинақталған. Назар өз әлемінің құрылысын бар байлығымен, жасампаздығымен ынта-шынтасымен жасап шықты.
Кеменің Ай бетіне жұмсақ қонуы үшін оған тежегіш баспалдақтар жасалды. Қысым мен дірілге төзімдігі тексерілді. Өлшеу приборлары, оттегі баллондары орналастырылды. Назар киетін киімін де мұқият тексеріп шықты. Ваккумнан, ыстық-суықтан, микрометеориттен сақтайтын скафандр, герметикалық шлем, қолғап, байланыс аппараттарын тапсырыс беріп жасату өте қиынға соққанымен, көмектесетін адамдар табылды.
Төмен қысымды камерада Назар өзіне сан рет тәжірибе жасады. Бәрі дайын, бәрі ойдағыдай. Ұшуға әзір. Назардың бойына құрықтан құтылған құлындай бір желік пайда болды. Желмен жарысу, бұлттың қабатын тесіп өту, жарық шапшаңдығымен Айға қарай бет алу кеше ғана мүмкін емес нәрсе еді. Жұрт пікірі де екіұдай. Біреулер қияли, қуып кеткен, барып тұрған ақымақтық десе, екіншілері нағыз азамат, болашақтың тіршілігін жасап жүр деп жігерлендірді. Көп жұрт аспанға қарап алақтайтын болды.
Ұшатын сәт туды. Адам мен әлем арасындағы, микрокосмос пен макрокосмос арасындағы, кішкене мен үлкен нәрсе арасындағы күрес басталды.
Сыныптастары ұшу алаңына түгел жиналыпты. Айнұр ерекше қобалжыды. Биікке көтерілген кеме теңселгенде көзі алақандай болып, желбіретіп тұрған орамалы қолынан сусып түсті. Төмендегілер алақайлап қол бұлғайды.
Алғашқы сәт өте қорқынышты болды. Денесі тітіркеніп, басы айналды. Жүректіліктен айрылып, қалшылдай бастады. Үрейге берілмеуге тырысып, ойын мүлде басқа нәрселермен алаңдатуға тырысты. Жан-жақтағы көріністерден көз жазбады. Төменгі жақтың бәрі сурет секілді. Шар биікке алып ұшты. Көңілі көтерілді. Шуылдап қатты боран соқты. Жер бұлдырап қана көрінеді. Бірте-бірте нүктеге айналды. Биікке көтерілген сайын дем алысы жеңілдеп, ән айтқысы келеді.
«Кәсіп қыл, ғылым берер, іздесең жем,
Болмайсың таза жүрек ешкімнен кем.
«Күннен де білім жарық» деген мақал.,
Соқыр кісі болмайды көздімен тең-ң-ң»
Айтқан әнінің сиқы кетті. Өз даусынан өзі шошыды. Қырылдаған, қарлыққан, құрғап, түкірік дымқылы жетпей барлыққан дауыс. Көңлі пәсейді. Кенет күн көзін бұлт жапты. Көңілі тіптен пәсейді. Айналада ешнәрсе көрінбейді. Өз жағдайын ұмытыпты. Қарсыласуы төмен қабаттармен ұшып бара жатырмын деп ойлап барометрге қарамапты. Күші сарқылып, санасы күңгірттеніп, талықси бастады. Сасқалақтап, алдындағы приборларға қарады. Оттегі аппараты іске қосылмай қалыпты. Үрейлене тұрып қосу нүктесін басып қалды. Терезені ашып жібергендей санасы жарқырап шыға келді. Құрысып қалған бұлшық еттері де қалпына келді. Қауіпті биіктікке жеткенін білді. GPS Айға дейін 350 км ғана қашықтық қалғанын көрсетіп тұр. Көзді ашып-жұмғанша зымырап келіп қалыпты. Дем алысы қиындай бастаған секілді. Шар жарылса не істеймін деген қауіп сап ете түсті. Тынышынан келген жағына қайтуы керек пе? Сол дұрыс шығар. Бұлттың арасына кіріп кетті. Қатты жел соқты. Шлемге қондырылған иллюминатордан тастай қараңғы көкжиек көрінді. Шексіз, арғы жағына көзің жетпейді. Бергі жағы тыныштық жайлаған алакөбең бозғылт түс. Назар Айға келіп қонғанын түсінді. Топырақ кеменің табанына желімше жабысып жатыр. Қара дауыл тұрды. Ұсақ тозаң иллюминатордың бетін жауып қалды. Салмақсыздықтан оның бетін қолымен сүрте алмай әбігерленді. Назар кемеден шықты. Аппараттың көру көзі тазаланып қалыпты. Ай бетінен жер тіпті тамаша болып көрінеді екен. Шеңберлі жиегі неше түрлі бояумен құбылады. Топырақта үйкеліс болмағандықтан басқан сайын артқа сырғақтайды.
Ай бетіндегі күні бұрын белгіленген ауданға қалашықтың макетін орналастыру қиын болды. Оңғал-шоңғал тастар көп. Тиіп кетсең үгітіледі. Аяқ киімге қазықөкше қағып алып, шегіртке секілді секіріп жүрген дұрыс сыңайлы. Құж-құж құмдақ жерге қалашықты қондырды. Алғашында құмды дала өзіне тартып алғандай көрінген. Күн шұғыласы Айға шағылысып, қалашық бозарып атқан таң нұрына оранды. Аппақ сүттей. Назардың Айдағы қалашығында тіршілік өріс алғандай. Құлағына әдемі әуен келді.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,


Қызық келсе қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме! –

Абай атасының сабырлы үні естілді. Қою көлеңке ішіндегі қалашыққа жан бітіпті. Бабалар рухы тіріліп, көк жүзінде салтанат құрды. Назар көңілділіктің әсерінен бе, тез қозғалды. Қалашық іші әуез бен сазға толды. Ағаштар гүлдеп, хош иісі жұпар шашады. Әдемі қоңыр үннен сағымдар дірілдеп, билейді. Көне қоңыраудың қазақ мінезін сыйдырған сергек күмбірі Ғарышты баурап алған. Қазақстанның көк байрағын кемесінің қонған жеріне қадады. Құпия толқын арқылы Жердегілерге бөгде планеталықтардың осында ғарыш кемесін қондырып жатқанын хабарлады. Сол сол-ақ екен олар «Н-1» кемесін атқылай бастады. Байланыс үзілді. Назардың қолы қалтырап камерамен ешнәрсе түсіре алмады. Байланыс қайта орнады. «Адамгершіл пиғылды қолдаймыз» деген сигнал түсті. Ядролық заряд бар ма деп тексергендері екен.


Мұнда керекті қуатты емін-еркін өндіретін күн электр станцияларын салуға болады екен-ау деп ойлады. Ендігі жұмысы сол болмақ. Жер бетіне қайта ұшу дайындығына кірісті.
***
Айдың екі жағынан қосалқы Ай көрінген сол күні. Ай құлақтаныпты, қар жауатын шығар деген. Іштей әбігерленіп, қорыққандар да бар. Бұл Айдағы Назар салған қалашықтың Жердегілерге көрінген сұлбасы еді. Сол күні теңіз толқындары саябыр тауып, тыныштанған. Жер де бір қалыпты дем алуға көшкен. Толқып, қобалжып жүретін адамдар сабырлы мінез тауыпты.


Ділдәр МАМЫРБАЕВА.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет