Қайырымдылық адам жанының нұры



Дата18.07.2022
өлшемі18,62 Kb.
#37746

Эссе
Тақырыбы: Қайырымдылық – адам жанының нұры
Жыл сайын қайырымдылық жасауға қызығатын әрі атсалысатын адамдар саны артуда. Қайырымдылық деген не? Қайырымдылық бұл бір ғана сөз болса да, астарында үлкен мән-мағына, терең ой жатыр. Қайырымдылық – мұқтаж жандарға риясыз, олардан ештеңе күтпей-ақ көмек көрсету. Қазіргі әлемде қиын өмірлік жағдайға тап болған көптеген адамдар қайырымды адамға мұқтаж. Әркім қиыншылықты өз бетімен жеңе алмайды, кейде адамдарға біреудің көмегі керек. Қайырымдылық тек қаржылық көмек емес. Сіз мұқтаж жандарға шамаңыз жеткенше көмектесе аласыз. Қайырымдылық тек байларға ғана арналмаған. Миллиондаған адамдар біздің көмегімізге мұқтаж және менің ойымша, бұған көз жұмып қарауға құқығымыз жоқ. Өйткені, қазір мұқтаж жандарға көмектеспесек, қиыншылықта бізге кім көмектеседі? Қайырымдылық – адам жанының нұры, ол адамға тек жақсы жағынан әсер етеді. Қалай болғанда да, сіз басқа адамға көмектесіп қоймай, өзіңіз де қайырымды, мейірман бола түсесіз. Қоғам кілең енжар, тек өзін ойлайтын адамдардан құралса, қандай болар еді? Біреудің көмегіне сену түгілі, қай жерде қастық жасап кетер екен деп күтіп жүру қандай әсерге бөлейді? Мұндай адамдардың ортасында өмір сүргіңіз келер ме еді?
Өмірде жақсылық жасауға әрдайым жағдай табылады. Айналаңызға бір сәт қараңызшы. Кез келген жерден көмегіңізге мұқтаж адамды кездестіре аласыз. Бұл кез келген адам болуы мүмкін, қарт көршіңіз, кішкентайын өсіріп жатқан жалғызбасты ана, қиын жағдайға тап болған танысыңыз да болады. Оларға уақытыңыз бен назарыңызды бөліңіз, көмегіңіз қажет емес пе екен, сұраңыз. Менің түсінігімше, қайырымдылық – денсаулық жағдайы тым нашар, мүгедек, жетім балаларды қолдау, оларға өз көмегіңді ұсыну. Яғни қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Мысалы: қарызы көптің қарызын өтеп беру, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға, т.б. жандарға материалдық көмек көрсету. Мысалы, қарт адамдардың балалары жоқ әрі сыртқа шығу қиын болса азық-түлігін тасып беруге болады не дәрісін әкеліп беріңіз. Бұл көмегіңіз болмашы болса да, бастысы шын жүректен шыққан ұсыныс болсын. Үлкен кісіге бұдан артық жақсылық та керек емес. Себебі, қарт адамдар кішкентай нәрсеге қуанады.
Кей балалар өз бетімен тамақтана, киіне алмайды. Кейбірі мүгедек, қозғала да, сөйлей де алмайды. Осындай адамдарға өмір сүру өте қиын, әсіресе жалғыздықта. Біз ақшалай болмаса да, қолдау арқылы олардың өмірлеріне керемет әсер ете аламыз. Қайырымдылық туралы ой қозғағанда адамдардың көбі үлкен ақша жұмсау туралы ойлайды. Мұндай адамдардың өмірін жандандырып, көңілді ету үшін, оларға ақшаның да қажеті жоқ, қамқорлық пен мейірімділікке олар өз ризашылықтарын білдіреді. Біреуге жылы сөз айтып, жұбатсаңыз да бұл үлкен қайырымдылық саналар еді. Қай қоғамда болсын қайырымдылық өзінің мәнін, өзектілігін жоймайды. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы немесе ұжымдардың кей жандарға қол ұшын созып, жасайтын қайырымдылығы, тіпті, бұған қатысы жоқ адамның да көңіліне жылу сыйлайды. Қайырымдылық жасау үшін бай болуым міндет емес, жүректе мейірімім болса жететінін түсінгендеймін. Кез келген мейірімді жан қарсы алдынан шыққан мұқтаж жанға қалтасындағы соңғы тиынын беріп кете салады. Менің оларға сәл жымиып, жылы шырай таныта қарағаным олардың жүрегіне қуаныш, үміт ұялатады.
Мемлекеттен қолдауынсыз-ақ көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жауапкершіліктің бір бөлігін өз мойнына алатын азаматтар елімізде аз емес. Қайырымдылық қорлары көпке үлгі болар игі шараларды өткізіп, жұмыс істеуінің арқасында көмекке зәру жандардың өз көмектерін алып, сәл болсын қуанышқа кенеліп жатқаны рас екенін мойындауымыз қажет. Кез келген қайырымдылық қордың мақсаты – қайырымға мұқтаж адамдар санын азайту. Өкінішке орай, қайырымдылық қорларын алаяқтар ұйымдастыратын жағдайлар да бар. Мұқтаж жандарға қол ұшын беруге ниет білдірген адамдар игілікті іс жасап жатырмыз деп, материалдық ресурстарды осындай қорларға аударады. Тіпті, ақша қылмыстық құрылымдардың қалтасына түседі. Осыған орай, қайырымдылық қорларының қызметін бақылайтын және тексеретін арнайы институттар құру қажет деп есептеймін.
Қайырымдылық адамға адам болып қалуына көмектеседі. Әлсіз адамдарға, өмірлік қиын жағдайға түсіп қалғандарға көмектесе отырып, өзіміздің адамгершілік қасиеттерімізді көрсетеміз. Ал біреулердің қайғысына ортақтасу арқылы өмірімізге басқаша қарай бастаймыз, құндылықтарымызды зерделейміз. Сонымен бүгінгі қоғам қайырымдылық жасауды азаматтық әрі адамгершілік парыз деп біледі. Қайырымды іс жасағаныңызға өзіңіз бір сәт риза болып қаласыз. Бұдан кейін де мейірімді істер қатарын толықтыруға ықыласыңыз ашыла түседі. Ізгілік жолында өшпес із қалдырып, қамқор болып, қайырымдылық жасап жүрген жандар - бүгінгі күннің нағыз идеалы. Өмірде қайырымды адамдар көп, біздің арамызда жүр. Тек мұндай жандар өздері жасаған жақсылығын жаһанға жар сала айтпайды, үнсіз ғана өздеріне тиесілі істеріндей атқарып жүре береді. Қиын сәтте халқымен барын бөлісе білген жомарт жандардың ауызбіршілігін, ынтымағын айқындайтын істе атсалыса білетін жастардың бары көңілге қуаныш, жанға демеу. Сондықтан, біз, жалындаған жастар, қайырымды іс жасап, қоғамға пайдамызды тигізу жолында аянып қалмауымыз керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет