Аймағамбетұлы Р. «Рухани жаңғыру»



бет1/4
Дата22.04.2022
өлшемі24,21 Kb.
#31949
  1   2   3   4

Аймағамбетұлы Р.

«Рухани жаңғыру» жобалық

кеңсесінің директоры,

Ы.Алтынсарин атындағы

Арқалық мемлекеттік

педагогикалық институтының доценті



Рухани құндылықтар мәселесі

Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» дегендей, азаттықтың ақ туын көтеріп, ұлтымыздың тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ көтергеніне, міне, 30 жыл толып отыр.

Тәуелсіздік жолы – қиын жол. Ол бізге оңайға түскен жоқ. Бұл ата-бабамыздың талай ғасырдан бері аңсаған арманы, мақсаты болатын. Азаттық жолында қаншама Алаш азаматының қаны төгілгенін тарихтан жақсы білеміз. Солардың салып кеткен сара жолымен жүре отырып, өз алдымызға ел болдық. Бұл олардың артындағы мұрагер ұрпақтың бар екендігінің белгісі.Өз тәуелсіздігін ала алмай армандап жүрген, өзге елдің босағасын сағалап жүрген қаншама ұлттар бар. Осыны терең ойланған әр қазақ тәуелсіздіктің қадірін түсіне білулері қажет.

Кезінде Кеңес Одағының құрамында болған қаншама ұлттар рухани құндылықтары мен сенімінің дәрменсіздігінен ұлт ретінде жойылып кетті. Біздің халық та ассимиляцияға түсіп, жойылып кету алдында тұрған болатын. Алайда ұлтымыз өздерінің ұлттық салтдәстүріне, әдет-ғұрпына, рухани-имани құндылықтарына деген беріктігінің арқасында аман қалды деп сеніммен айтуға болады. Кешегі өз жерімізде отырып, өз тілімізде сөйлеуге қорқып, өз тілімізді өзіміз менсінбей, өзге тілді ардақтап, соны абырой тұтқан заман келмеске кетті. Азаттықтың арқасында елдің рухын оятқан рухани өзгерістер басталып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мыңдаған жылдық тарихы бар Ұлы даланың тарихында біздер алатын тағылымды да тәрбиелі істер, өнегелі сабақтар, жанды тербетер ғибартты асыл сөздер өте көп. Олардың барлығын ой елегінен өткізе отырып, өткенді түгендеу арқылы біз өз болашағымызға бағдар жасаймыз.

Жаһандану жағдайында өзіміздің жалпы ұлттық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымызды қалай сақтап қаламыз деген мәселе әрбір азаматты толғандыратыны рас. Себебі қазіргі уақыттағы біздің еліміздегі көкейтесті мәселенің бірі – білім және толыққанды, ұлттық құндылықтарға негізделген адам қалыптастыру жолындағы тәрбие болып отырғандығын білеміз. Онсыз азапты жолмен келген тәуелсіздігіміздің қадіріне жете алмай, айырылып қалу қаупі күшейеді. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Бізге білімді де тәрбиелі, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, тұлғалық қасиеті жетілген жастар керек. Ал ол білім және тәрбие арқылы келетіні түсінікті.

Рухани байлығы жоқ халықтың толыққанды ұлт ретінде өмір сүруі мүмкін емес. Әйтпесе, оның басқа ұлттан ешқандай өзгешелігі болмаған болар еді. Қазақ халқы да отарлық жүйенің қыспағының кесірінен басқа халықтар сияқты жұрт тыныш, ел аман кезде рухани байлығынан айырылып қала жаздады.

Ал қазір заман лебінің өзгеруіне байланысты ұлттық тарихымызды қайта қарап, ой елегінен өткізіп,тарихи оқиғаларға ұлттық болмыспен басқаша баға бере бастадық. Егемендіктің алғашқы жылдарында қайта жандана бастаған рухани байлығымызға деген серпіліс көп өтпей жатып әлсіреп қалған сияқты болды. Оның да өзіндік себебі бар. Экономикамыз әлсіреп, халықтың берекесі кеткен 90-шы жылдарда ұлттық сана, ұлттық тарих, салт-дәстүр туралы ұлт зиялылары айтқанымен, естір құлақтың самарқау болғаны шындық. Бір жағынан жас кезде көп нәрсеге жіті мән бермейтініміз де рас. Ұлтымыздың ерекшеліктеріне мән бермек түгілі, ондай ой басқа да келмеген шығар.

Елбасының «Қарапайым ақиқатты түсінетін мезгіл жетті, жаңғырған сана әсте ұлттық аңсарға қайшы келмек емес. Керісінше, ұлтымыздың «МЕН» дегізерлік қасиетін сақтауға жаңғырған ұлттық сана ғана кепіл бола алады... Бұл сияқты жалпыұлттық және жалпы тұтастану міндеттері ғасыр соңындағы қазақтардың да алдында тұр.» деген сөзі [1, 53- 54 бб.] алдымен қазақтың өзіне тікелей қаратылып айтылса керек. Мұндай мүмкіндікті уақытында пайдаланбаса, заман ағымы оны күтпейді. Ұлттық «МЕНДІ» қалыптастырудың жолдары сан алуан. Оған қоғамның барлық саласындағы көзге көрінетін ұсақ-түйектен бастап есін енді жинап келе жатқан баланың еститін әніне, ұстайтын ойыншығына дейін қосуға болады. Осылардың барлығының басын қосатын, әрине ұлттық идея екендігі түсінікті. Оған бір жол салған етек-жеңімізді жинап, өз-өзімізге келе бастаған уақытта ұлт байлығы оның рухани болмысында, ерекшелігінде екендігін ескеріп, басқа ұлттармен салыстыра отырып, өзіндік «Мені» қалыптасуына жол сілтегендей Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы шықты.

Осы тұрғыдан «Ұлттық идеясы жоқ Қазақстанда өмір сүру қазақтан басқаның бәріне майдай жағатын шығар, бірақ түптің түбінде өкініште қалатын – қазақтар. Өзін-өзі жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудің еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаһанданудың табанында жаншылып қалмау үшін де ұлттық идеяның өзектігі мен қажеттігі күн санап артып келеді» [2, 36 б.] деген тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов ағамыздың жан-айқайын түсінуге болады. Алайда ғасырлар бойы құлдық сананың қамытымен жүрген халықтың одан бірден арылуы мүмкін емес жағдай. Оған уақыт керек, бірақ уақыт деп арқаның кеңге салуға тағы да болмайды. Себебі «жаһандану» деп аталатын аждаһаның жұтқыншағында кетіп қалмас үшін ұлттың өзі мықты болуы шарт.

Ұлттық тарихты ұлттық болмыспен оқыту ғана емес, оны өзіндік жолмен түсіне білу – ұлттың мықты болуының басты жолы болып табылады. Себебі ұрпақты ұлт тарихымен, ұлттың барлық асыл қасиеттерін бойына жинақтаған, ұлттың ірі тұлғаларының өмірбаяндарын оқыту арқылы тәрбиелеуге болады. Сонда ғана Ұлы Абай айтпақшы: «Болмаса да ұқсап бағатын» ұлт жанашырларының қалыптасуына мүмкіндік болар еді.

Орыс халқының атақты жазушысы Максим Горький былай деп жазды: «Ұлы халықтар бар өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, ұлы тұлғалар бар өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын». Жаны бар сөз. Әсіресе біздің ұлтымызға байланысты айтылды ма деп ойлайсың. Көшпелі қоғамның бел ортасында жүріп халқын өрге сүйреген ұлы тұлғалар туралы«Барлық қоғамдық орта секілді қазақ даласы да ғасырлар беделінде өзінің ұлы ұландарын туғызып отырды, бірақ олар өзінше ерек, далалық табиғатқа тартатын» [3] - деп, кезінде атап өткен қазақтың біртуар ұлы Міржақып Дулат жазғандай Ұлы Даланың ұлы есімдерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыру, мына біздің тікелей міндетіміз екендігін ұмытпауымыз керек. Себебі тарихтың доңғалағы сол кездегі қазақ қоғамының барлық ауыр салмағын ұлы тұлғалардың мойнына салып берді. Сондықтан олардың халық жүгін көтерулеріне тура келді. Елді басқара алатындай ақылы, болашаққа деген сенімі бар тұлғалар қалың қазақ халқын жанындай жақсы көріп, оны қалайда қараңғы тұңғиықтан алып шығуды мақсат етті, еліне бас болып, жол көрсетушісіне айналды. Осы ұлы тұлғалардың ел алдында атқарған қызметтеріне, ұлтқа сіңірген еңбектеріне қарап отырып, болашақ ұрпақ күш-жігер алып, ұлттық тарихты оқып-үйрену арқылы одан сусындап, болашақ өмірге бастайтын нәр алады.

Ұлттық сананың бір көрінісін тілден байқауға болады. Себебі ұлттың ұлт болуы – тілінде жатыр. Қазақ тілінің мерейін шығаратын да, оны болашақ ұрпаққа жеткізетін де өзіміз. Себебі ұлттың бет-бейнесін айқындайтын тіл туралы «Тілінен айырылған жұрт жойылған жұрт. Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйінгіш. Ана тілін жақсы біле тұрып бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате», - деген Алаш қайраткері Халел Досмұхамедтен асып ешкім айта алмас.

Өз тілімізге деген теріс көзқарас өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өзіміздің қара көздеріміздің арасында әлі күнге дейін арылмай келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Қазақ тілі қазақ тілін менсінбейтіндер үшін кедей, өз ойыңды жеткізуге қауқарсыз, тек қарапайым, күнделікті тұрмыста қолданылатынтіл емес, қазақ тілі бірнеше ғасырлар бойы Ұлы Даланың негізгі қарым-қатынас тілі болған. Оған ХІХғасырда Қазақстанға келген шетелдің саяхатшылардың батысынан шығысына дейін 3 мың, солтүстіктен оңтүстікке дейін 2 мың шақырым жердегі қазақ халқының географиялық тұрғыдан кең жерді алып жатса да, ешқандай тілдік өзгешеліктің болмағандығына таңданыспен қарағандығы туралы тарихи деректер куә. Бұл әлемдік тәжірибеде сирек болатын құбылыс, себебі шағын жерді алып жатқан Еуропалық мемлекеттердің өзінде бір халықтың бір-бірін түсінбейтін диалектілерде сөйлесетіні бар. Бұл нені білдіреді? Бұдан ұлттың өз тіліне деген тілдік біртұтастықты, ұлттық құндылықтың жоғары тұруын, тілге деген құрметті байқаймыз.

Көне заманнан осы күнге дейін жеткен халық ауыз әдебиетінің барлық үлгілері осы тілде жетті, мәдениет те, ғылым да бейнелі қазақ тілінде ұрпақтан ұрпаққа жеткенін біз білуіміз керек. Осы тілмен ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр елді ғасырлар бойы басқарып, орта ғасырларда қазақ тілін Еуразия аймағындағы халықаралық тіл дәрежесіне дейін жеткізген. 1303 жылы Қырымда басылып шыққан «Кодекс куманикус», яғни «Қыпшақ тілдерінің сөздігі» бекерден бекер жазылмаса керек. Тіпті мынадай қызықты мәлімет таң қалдырады. Ұлты неміс түркі тілдес халықтар тарихының білгірі орыстың атақты ғалымы В.В.Радлов ХІХ ғасырда былай деп жазды: «Я считаю великими три языка из всего числа мировых языков, это – русский, французкий и казахский». ХІХ ғасырда осындай дәрежеде болған тіліміздің азғантай уақыт аралығында ең төменгі сатыға дейін түсіп кеткеніне сенгің де келмейді. ХХ ғасырдың басында қазақ тілінің құндылығын зерттеген орыс ғалымдары С.Малов, А.Брем, А.Янушкевич қазақ тілін әлемдегі өте бай тілдердің қатарына жатқызып, оның 2,5 миллионнан артық сөздік қоры бар екендігіне назар аударған. Мұхтар Әуезовтің қазақты әлемге танытқан «Абай жолы» роман-эпопеясы тілдік қорымыздың молдығынан жазылып, әлемдік жауһарлардың біріне айналды. Қазіргі уақытта да қоғамның барлық саласы мемлекеттік тілімізбен сабақтас екендігін түсіне білуіміз керек.

Америкалық ғалым Ева Томсон: «Отаршылдық азаттық алған елдің тіршілігінің барлық саласында төбе көрсетіп тұрады. Саяси жүйе өзгерсе де, ойрандалған ұлттық сана өзгеріссіз қалады. Бұл ең алдымен тілде байқалады. Отарлаған ел мен отарланған елдің мәдениеттерінен шыққан мәдениеттің жаңа түрі – қоспа мәдениет төбе көрсетеді»депті [4]. Айтылған пікірді теріске шығара алмаймыз, ол біздің күнделікті өмірімізде орын алған құбылыс. Бірақ Браун университетінің профессоры Алака Холлан: «Отарлау дегеніміз - жыланның терісі емес, оның салдары мен зардабы ұзақ уақытқа созылады» дегендей одан арылу ұзақ уақыт алатынын да түсіне білуіміз қажет.

Ұлттық сананы қалыптастыруға бірден бір әсер ететін керекті құралдардың бастысы - жастардың білімі. Қазіргі таңда білімге деген талап жылдан жылға күшейіп келеді. Менімше, бұл дұрыс. Себебі қай ғылымның болмасын түбінде білімның жатқандығы ақиқат. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дейтін атам қазақтың біліп айтқан нақыл сөзі қазіргі уақытта өте маңызды болса керек, себебі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуымыздың бірден - бір шарты осы болмақ.

Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Олжалы жерден үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» - дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты, халық пен халықты теңестіретін тек ғана ғылым, білім, өнер екенін айтып, өз халқын оқуға, өнерге, білім алуға шақырған болатын [5, 214 б.]. Бұл пікірдің қазіргі күнге дейін қазақ қоғамында көкейтесті мәселе екендігіне дау жоқ. Жалаң білім емес, нақты білім, өзіңді өрге алып шығатын толыққанды білім алу - қазіргі қазақ жастарының арасындағы ең күрделі де өзекті мәселе болып отыр.

Алайда, сол білімнің тұтқасын ұстап отырған ұстаздың өзіне артылып отырған жүктің де жеңіл болмайтындығы түсінікті. «Ұстазы мықты шәкірттің ұстамы нықты» демекші, ұстаз алдында отырған оқушының болашақ қандай кісі болатыны алдымен оқытушысына 6 Жақсы ұстазға елікпейтін, оған ұқсауға тырыспайтын шәкірт жоқ. Бұл жердегі басты мәселе - ұстаздың өзінің ойын, білімін шәкіртіне жеткізе білу. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ахмет Байтұрсынұлының мына бір пікірі қазіргі біздің еліміздегі білім жүйесіндеқалыптасқан келеңсіз құбылысты аңғартқандай болады. «Оқыта білмейтін мұғалімдер оқу жұмысының салмағын балаларға ғана артып, өзі: «Әй, оқыңдар!» - деп, тыныш отырады. Ондай оқу мұғалімге тыныш екені рас, бірақ оқудағы мақсатты нәрсе мұғалімнің тыныштығы емес, балалардың білім үйренуі ғой...» [6, 179 б.]. Әрине, мұндай мұғалімнен білімнің де, тәрбиенің де нашар өрбитіні түсінікті, тіпті, керісінше, ол берген тәрбие мен білімнің қауіпті болуы да мүмкін. Сондықтан да ұстаздыңәлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың артық етпейтіні дұрыс, алайда «алмақтың да салмағы бар» демекші, мұғалімнің өзіне де қойылатын талаптың күшейгені дұрыс.

Өзін-өзі сыйлата білмеген ұстаз оқушы алдына немесе мінберге шығып, дәріс оқуға моральдық құқы жоқ. Сондықтан үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие менмәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз [7].

«Ұлы мәдениеттер өзінің кішкентай өкілін де жоғалтпайды, ол сонысымен ұлы; ал кішкентай мәдениет өзінің ұлы өкілдерін де оп-оңай жоғалтып алып жатады, ол сонысымен кіші» деп [8] әлемдік мәдениет зерттеушілерінің ірі өкілінің бірі О.Сүлейменов айтқандай, қазіргі жаһандану процесінде қазақ халқы сияқты кіші-гірім ұлттың жойылып кету қаупі жоғары. Одан аман шығудың бірден-бір жолы тек қана өзіндік ұлттық құндылықты сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамыту мәселесі біздің күнделікті жұмысымыздың басты принципіне айналуы қажет.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет жасаған қазақ халқы өркениет жылдамдығына ілесе отырып, ұлттық болмысын, рухани құндылықтарын, тұлғасы биік ұлдары мен қыздарын ұмытпай, естен шығармай ірі ұлттардың қатарына қосыла алатынына үлкен сеніммен қарауға болады. Себебі қазақ халқының тарихында мақтануға тұрарлық өр тұлғалары да, таңқаларлық тарихи ескерткіштері де, бағалы да құнды мәдени орындары да баршылық болғанымен, мақтана алмай жүрген жайымыз бар екендігі, шындығын айту керек, рас. Әр қазақтың мәні жоқ өзгенікін білгеннен гөрі, мақтанауға тұрарлық өзіміздікін білуге, онымен мақтануға үйренуіміз керек. Артына ұлағат қалдыра алған ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра беру біздің басты міндетіміз болып қала бермек.Сондықтан, кезінде қазақтың ханы болған Абылай атамыз айтқандай: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік».

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. НазарбаевН.Ә.Тарих толқынында. - Алматы: Атамұра, 1999. – 296 б.

2. Әбжанов Х. Қазақстан: Тарих. Тіл. Ұлт. - Астана. 2007.–272 б.

3. Дулатов М. Шығармалары. - Алматы: Ана тілі. - 2010.–400 б.

4. Қайратұлы Б. Құлдық ұрғызудың құпиясы // Егемен Қазақстан. - 2019. - № 201. - 17 қазан.

5. Байтұрсынов А. Ақ жол. Шығармалар жинағы. - Алматы: Жалын, 1991. –464 б.

6. Бұл да сонда.

7. Сыдықов Е. Мұғалім мәртебесінің тұғыры // Егемен Қазақстан. - 2019. - № 168. - 2 қыркүйек. 8. Досанов С. Жеті өнер қонған жампозым // Егемен Қазақстан. - 2019. - № 200.-16 қазан.

Амангелдиева Аружан

Амирқұл Балайым



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет