Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз!



Дата07.01.2022
өлшемі24,88 Kb.
#18150

Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз!

  • Ата, Алашорда көсемдері, зиялылары деген кімдер?

  • Патша үкіметінің озбыр саясатына қарсы құрылған, Кеңес үкіметі кезінде еркіндікке қол жеткізуге ұмтылған 1917-1922 жылдар аралығында өмір сүрген партияның басшылары, балам.

  • Сонда олар жеңіліп қалған ба?

  • Олар нағыз жеңістің қандай болатынын көрсетті. Адалдықтың туын желбіреткен бұл көсемдердің жетістіктері аз емес. Бүгінгі сенің қамсыз өмірің, бейбіт аспан астында өмір сүруің олардың мақсаттарына жеткендігінің белгісі емес пе?

  • Солар туралы айтып беріңізші...

  • Бүгінгі мамыражай, бейбіт тіршілігіміз бізге оңайлықпен келмеді. Елі үшін қасық қанын аямаған қаншама атпал азаматтар мен ел басына күн туғанда иығына қаруын асынған ата-бабаларымыздың күресінің нәтижесі. Төніп тұрған тажал қаупінен де тайсалмай, елі, жері үшін көзсіз ерлікке барды. Қазақ халқынан бас көтерер зиялылардың бар екендігін көрсетіп, мемлекеттікке лайықты ел екендігін паш етті. Жеке автономиялы мемлекет болуға алғашқы қадамды бастаған да осы алашордалықтар.

Елді аяусыз қанаған патша үкіметі тарих сахнасынан кетіп, еркіндікке ұмтылған алдыңғы қатарлы ұлдарының бастамасымен «Алаш» партиясын құру процесі жеделдетілді. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезінде Ұлттық Кеңес құрылды. Яғни, қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорда дүниеге келді. Кеңес өкіметіне қарасты автономия болады деген желеумен, болашағы мықты мемлекеттің іргетасын қалауды мақсат тұтты. Алаш Ұлт Азаттық партиясы үкімет билігінің басты мүддесі – мансап үшін таласу емес, бұл партияның өзіне, осы партияға ғана тән, саяси партиялардың ешбіріне де ұқсамайтын ерекшелігі. Партия төрағасы болып сайланған Әлихан Бөкейханов, орынбасары Ахмет Байтұрсынов, қазақ зиялы өкілдері М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Смағұл Сәдуақасов, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмағамбетовтардан құралған жаңа үкімет басшылары жаңа мемлекет кірпішін қалай бастады. Бұл жаңалық қазақ даласына тың өзгерістер әкелді. Халық өз ойларын ортаға салуға, сайлауға қатысуға мүмкіндік алды. Зорлық-зомбылықтан көз ашпаған көшпелі халықтың осынау ауыр жағдайынан шығудың жолын қарастырып, тәуелсіздікке деген батыл қадам жасалынды.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» деп ұлты үшін ұран салған, қазақ тарихында ойып тұрып орын аларлық дара тұлға, «Алашорда» партиясының лидері Әлихан Нұрмағамбетұлы Бөкейхановтың еңбегі ерекше. «Алашорда көсемі», «ұлттық серкеміз», «ханымыз» деп зор құрмет көрсеткен халықтың баласы бола білді. Шыңғыс ханның 23-ұрпағы –Төре тұқымынан тараған көшбасшы еліне кіршіксіз қызмет етуді, қамқор болуды азаматтық парызы санады.

Тумысынан оқшау туған, еліне жанашыр Ә.Бөкейханұлы халқын бай-кедей деп жікке бөлмей, Алаштың ұл-қыздары деп туған бауырындай сүйген. Ел көшкенде балалы әйелдердің түйесін басып беріп, жесір кемпірлердің шаңырағын көтерісіп, ең бірінші жетім-жесірлерге ат ұстап береді екен. Бала кезінен зорлыққа жаны қас болып, әлімжеттікпен үлкендігін көрсеткендерді жазалаған. Асық ойнағанда ұтылған балаға асықтарын қайтарып береді екен. Жас та болса, бас болған болашағынан көп үміт күттірген ұлт көшбасшысы ғылым-білімде де өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. 1888 жыл Омбы техникалық училищесіне қабылданды, 1894 жылы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, Ресей империясының отаршылдығына көніп отырған қазақтың жағдайын, білімін көтеруді мақсат етті. 1911-1914 жылдар аралығында «Қазақ» газетін ұйымдастырып, сол арқылы халыққа үндеу хаттарын жолдап отырды.

1917 жылғы өткен Ақпан төңкерісінен күткен үміті ақталмады. Уақытша үкімет қазақ халқына жеке мемлекет құруына рұқсат етпеді. Дегенмен, алған бетінен қайтпай Томск қаласында өткен Сібір автономиясының құрылтайына қатысады. Құрылтайдан қайтқан соң, Алашорда автономиясын құруға кірісіп кетеді. Әлихан бастаған ұлттық зиялылар тобы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда көптен күттірген тұңғыш саяси ұйым «Алашорда» партиясын құрды. Қазіргі тәуелсіздігіміздің іргетасын қалап кетті. Саяси мәселелерді шешу барысында, келіссөз жүргізу кезінде нағыз алға сүйрер лидер екендігін дәлелдей білді. Бүкіл мағыналы ғұмырын халқының тәуелсіздігін алып, азат ел болуына арнаған қайраткердің дүниеден өтем дегенше атқарған қызметі қаншама.

Ұлт көсемі жайлы зерттеу ісімен айналысып жүрген ғалым, Тұрсын Жұртбай былай дейді: Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы болды. Ең бірінші –Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы тиіс. Жерсіз Отан жоқ. Жерді сатқан Отанды сатқанмен бірдей. Екінші ұстанымы-Алаш жерінің астындағы, үстіндегі барлық байлығы тек қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Үшінші ұстанымы: Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім, әрбір өзіне темірі өзіне түйме болуы тиіс. Төртінші ұстанымы-қазақ мемлекеті мемлекеттегі өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек. Ең негізгі бесінші ұстаным бойынша ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек.

Ұлт лидерінің ұсынған бұл жобасы мемлекетті алға сүйрер алғашқы жолдауы болатын. Еліне шынайы берілген аяулы азаматттың патриоттық сезімі кез келген іс-әрекетінен көрініс табады. Сталиндік репрессияға ұшыраған азаматтар ұнжырғасы түсіп, темір жол вокзалынан келе жатқанда, Ә.Бөкейханов:

- Сендер неге мұңаясыңдар? Сендер ел болашағы үшін құрбандыққа шалынып жатырсыңдар. Жасағандарың қылмыс емес, ерлік. Сондықтан қуанып барыңдар-деп ақылын бергеннен соң, жазықсыздан сотталып жатқан жандар көңіл күйлері ерекше көтеріңкі болып барыпты.

«Біздің мақсатымыз - ел билеуді, халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты-елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз» деп армандаған, көп арасынан бас көтеріп, өз мүддесінен ел қамын артық қойған көрнекті қайраткердің бірі және бірегейі – Жаһаншаһ Досмұхамедов. 1887 жылы Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында туылған Жаһанша жастайынан зеректігімен көзге түсе бастаған. Әкесі Досмұқан Таджмахалды салдырған патшаның атына ұқсастырып азан шақырып есімін қояды. Жаһаншаның өзі де өмірінің соңына дейін құжаттарда (не Жаханша, не Жанша емес) әкесінің қойған атымен жазып отырған. Оқу-ғылымға ерекше зейін қойып, 1896 жылы әскери-реалды училищені, 1906 жылы Мәскеу императорлық мемлекеттік университетінің заң факультетін алтын медальмен тәмамдап шығады.Тергеу көрсетіліміне берілген қолжазбаларында «Менің қоғамдық-саяси қызметім тұңғыш рет 1910 жылы көрініс тапты»- деп жазады. Университет бітірген соң, «Уралский листок»(«Орал парақшасы») газетіне Патша үкіметінің аяусыз қанауы мен Ресейден жүйесіз көшіріліп әкелінген шаруалар хақындағы бірнеше мақалалар жазады. Аталмыш мақалалары үшін Орал губернаторы облыстық басқармада оқып жүрген кезінде алған стипендиялар өтеуіне қызмет ету құқығынан босатады. 1917 жылы оралдық достары Құлмановтың, Қасаболатовтың шақыруымен Орал қаласына келіп, Алаш қозғалысының ұлы дүбіріне араласып кетеді. Өзі оқыған училищенің түлегі Халел Досмұхаметовпен қайта табысып, тізе қосып, саяси күресте белсенділік таныта бастады. Алаш ардагерлері бір ауыздан екеуін «Екі Дос» деп атап кеткен. Тегі ғана емес, өмірлік мақсаттары бір қос азамат ел болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп, елдің жоғын жоқтады. Бір мезгілде ұсталып, бір мезгілде жер аударылды, бір мезгілде дүниеден өттіп, бір уақытта ақталды.

1917 жылы 19-22 сәуірде өткен съезде құрамы 22 адамнан тұратын тұңғыш рет қазақкомитеті құрылды. Жаһанша Алашорда партииясы құрылғаннан кейін соңғы съезд аяқталмай-ақ жариялауды, ұлттық әскер құруды жақтады. 1918 жылдың наурыз айында Алашорда үкіметінің құрылғандығы және ішкі мақсат-мүдделері жайында Кеңес өкіметін құлақтандырып, келіссөз жүргізді. Осы жылдың мамыр айында өткен IV съезде «Ойыл уәлаятының» төрағасы болып сайланды. Аталмыш Уақытша үкіметке төрағалық еткен Жаһаншанң бастамасымен атты милиция жасақталып, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгертуге машықтандыратын түрлі курстар ашылды, салық жинау, әскери мектеп ашу жұмыстары жолға қойыла бастады. Кейін Жаһанша бастаған зиялылар тобы уақытша үкіметті таратып, оның орнына Батыс Алашорда өкіметін құрды. Алашорда партиясының Күнбатыс бөлігінің төрағасы болып тағайындалды. Бұған себеп болған жайт – болып жатқан соғыс салдарынан Алаш партиясының орталық ордасымен байланыстың нашарлауы және жалпы автономия территориясын кеңейту мақсаты еді. Ж.Досмұхамедов түрлі уақытша үкімет орындарымен келіссөз жүргізіп, өздерінің іс –әрекеттерінің мән–мағынасын түсіндіріп отырған. Кеңес өкіметі өкілдерімен жүргізген келіссөзде автономия құру себептері мен шарттарына жеке тоқталып, жан жақты түсіндіреді.


  1. Қаншама жыл Патша өкіметінің отаршылдығына көніп келген қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығына ие болуы,

  2. Екі жақтың теке-тіресінің ортасында қалған қазақ халқын зорлық-зомбылықтан аман сақтау

Алашорда үкіметі жарияланған соң көкейтесті мәселелерді шешу үшін түрлі басқосулар ұйымдастырылды. Үкімет пен милицияны ұстап тұру үшін қаржы жинау мәселесі халық арасында талас тудырды. Осы сәтте Қаратөбедегі мешітте Жаһаншаның көп алдына суырылып шығып, жалынды сөздерімен халық санасына сенім ұялатқанын С.Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында зор таңданыспен жазады. «Алашорда» көсемдерінің ішінде жұртты сөзбен ерітіп әкететін айрықша екі кісі бар. Бірі- Міржақып Дулатұлы, бірі- Жаһаншаһ Досмұхамедұлы. ... Сөйтіп, Жаһаншаһ қызып, екпіндеп сөйледі. Толқып отырған съезд жым болды. Теп тегіс қимылдамай жатып қалды. Бәрі бір кісідей көздерін Жаһаншаға қадады. Ұшқын атқан көздерін Жаһанша да айнала, әр көзге қадап, съезді билеп алды. Қайратты сөздерін сендіру үшін, керекті жерде буындары сықырлап, жұдырықтары түйіледі. Нандыртып жерде сілкініп, қолдары созылып жайылды. Ұғындыратын, түсіндіретін жерде қолдарын қанатша жұмсақ қағып, бір қолын айбалтаны жарқыратып, орап сілтеді. Телміріп қадалып отырған жұртқа ұшқын атқан көзімен жағалай қарап, «әпсін» оқығандай, айтып тұрған сөзін, ойын, көңіл сезімін жағалай құйды. Беті неше түрлі құбылды, даусы неше түрлі өзгерді. Айтып тұрған сөздерінің керекті жеріне қарай барлық денесі сөйледі-деп баяндайды.

Жасынан зеректілігімен ерекшеленген қайраткер келіссөз жүргізуде қабілетінің жоғары екендігін байқатады. 1918 жылдың наурыз айында В.И.Сталин мен И.ВЛенинмен бетпе бет мәміле жасасып, Алашорданың қаулыларымен таныстырып, шартты қояды. Қазақ комисариатының ашылуының бірден бір себепкері болды. Ж.Досмұхамбетов Ленинмен етене жақын араласады. Жаңа құрылған автономиясын қаржылай қамтамасыз етуге «кеңес үкіметіне көмектесу үшін» деген пайымдаумен 12 миллион сом ақша алады.

1917 жылдың көктемінде Орал мұсылмандары атынан бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланған Жаһаншаһ Ислам кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Ресейде қоныстанған мұсылман халықтарының діни бірлігі мен ұлт еркіндігін ұштастырып, ел мүддесін жолында белсенді қызмет атқарды. Аллаға сиынып, пайғамбар хадистерін үнемі жадына тоқып жүрген Жанша жары Ольганы да мұсылмандыққа табындырған. Алашорданың құрамына молдаларды, хазіреттерді жинап, халықты тәрбиелеуде мешіттердің ерекше рөлін жоғары бағалайды. Әскери басшы қызметкерлермен бірге жұма намаздарын мешітте оқуға дағдыланады. 1917 жылдың қазақ айында Петербургте өтетін Ислам кеңісінің кезекті мәжілісінде большевиктердің қазан төңкерісін көзімен көреді. Оқ жаудырып, қаланы кезген большевиктермен бірге Жаһаншаға бір ой оралады. Қаладағы аласапыран уақытты пайдаланып, Петербургтегі музейде сақтаулы Осман халифатының өз қолымен жазған исламның әуелгі құранын алып келмек болады. Өзге мұсылман ағзалар тәуекел етуге қорқып батпайды. Сонда бораған оқтың арасымен музейге жетіп, астаң-кесең болған мұражайдан киелі құранды алып шығады. Бірнеше бөгеттерден өтіп, өмірін бәйгеге тігіп, қолы жеткен құнды кітапты мұсылман советіне әкеліп тапсырады.

1919 жылы 5 наурызда Жаһанша төрағалық еткен Алашорданың батыс бөлімі соңғы съезін өткізіп, жұмысын тоқтатты. Автономия құруға қатысқан ұлт зиялыларына кешірім етілгенімен, 1932 жылы Воронежге жазықсыздан жазықсыз 5 жылға жер аудартылады. 1938 жылы Сталиннің бұйрығымен қайта тұтқындалып, ату жазасына кесіледі.

Туған жерінің ділі мен дінін қастерлеп, бостандығы үшін жанын аямаған Алаш батырлары сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, қазақ халқының болашағы жолында жанын сарп етті. Қаншама жылдар бойы Патша өкіметінің отаршылдық саясатына көніп, айдауына жүрген көшпелі халыққа тура жол көрсетер шамшырақ болды. Егемендікке қол жеткізсек деген асқақ арманды іс жүзінде жүзеге асырған осы алашордалықтар. Өз бостандығына қауіп төніп тұрса да, автономия құру идеясынан бас тартпады. Алашордалық зиялылардың бойынан көре алған ұлтжандылық, патриотизмді әрбір «ұлтым» деп елін сүйген азаматтардың бойынан табылуы тиіс. Өскелең ұрпақ Алаш зиялылардың ерліктерін жадында тоқып, үлгі алса, еліміз экономикасы озық елдердің қатарына кіретіні сөзсіз. Бүгінгі күні елімізде қаннен қаперсіз сүріп жатқанымыз, тәуелсіз еліміз үшін айтар алғысымыз шексіз. Алып империяға қарсы тұрып, өз пікірлерін еркін жеткізген зиялылар-қазақ маңдайына біткен шоқ жұлдыздар. Алаш батырлары қазақ болашағы үшін нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Тарих сахнасында тайға таңба басқандай алтын іздерін қалдырған ұлт жанашырлары қазақ халқымен мәңгі жасай бермек.

ҚАРАСАЙ Нұрбибі Жеңісханқызы

Қазақ мемлекеттік қыздар университеті



«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет