Алып империяның тас түрмесін бұзып шықҚан тағдыр



Дата12.12.2022
өлшемі27,79 Kb.
#56635

АЛЫП ИМПЕРИЯНЫҢ ТАС ТҮРМЕСІН БҰЗЫП ШЫҚҚАН ТАҒДЫР
(Р. Ниязбектің «Тауқымет» романының көркемдік-стильдік ерекшелігі)


Ұлпан СӘМЕНҚЫЗЫ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты

Белгілі әдебиеттанушы ғалым Р. Тұрысбек: «Тұтастай алғанда, қазіргі қазақ прозасы ел өмірінің арғы-бергі кезеңдерін, тарих бедері мен таным тоғысын, тұлғалар мен тағдырлар талқысын, адам әлемінің мың сан арналарын... алуан ізденіс, қызғылықты оқиға, көркем көріністер мен сырлы суреттер негізінде жүйелі жеткізеді» деп жазғанындай, ұлттық әдебиетіміздегі бүгінгі роман да дәстүрлі арнасын бұзбай, уақытпен еншілес дамып келеді.


Совет кезеңіндегі романдардан бүгінгі романның басты ерекшелік сипаты – Тәуелсіздік рухымен жазылуы деп едік. Соның бір айқын көрінісі – ақын, жазушы Рафаэль Ниязбектің «Тауқымет» романы.
70 жылдай билік құрған КСРО-ның күйреу қарсаңы Қазақстан Республикасына үлкен сын-ауыртпалығымен келді. 1986 жылғы азаттықты аңсаған желтоқсан көтерілісі тоталитарлық жүйе тарапынан аяусыз жанышталды. Биліктен еріксіз тайдырылған Д. А. Қонаевты біржолата қаралап, тұқырту үшін оның жақын серіктері тұтқындалып тергеуге алынды. Соның бірі кезінде Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстарын басқарып, экономикалық-әлеуметтік жағынан көркеюіне айрықша үлес қосқан мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров болатын.
Жазушы романына қайраткер өмірінің осы қасіретке толы соңғы жылдары арқау болған. Кейіпкер мінезінің терең ашылуы тоталитарлық билік пен жеке адам тағдырының бетпе-бет келуіне құрылады. Астамшыл билік жеке тұлғаны моральдік-азаматтық тұрғыдан сындырумен ел құрметіне бөленген, мемлекет басқарған асыл адамды қаралауды мақсат тұтқан. Ал ары таза, жүрегінің оты бар қайраткер оған төзер ме?!
Шығармадағы тартыс солақай саясат пен кейіпкер басындағы түрлі ауыртпалықтармен өрбиді. Коммунистік тәрбиемен қанаттанып, партияның адалдығына шексіз сенген бас кейіпкер мәселесінің республикалық, одақтық деңгейдегі дәрежесіне қарамай, бастауыш партия ұйымында, бюрода қаралуы соққы болып тиген. Алғашқы сәтте мұның бәрі әлдебір түсініспеушілік, әділет бәрібір орнайды деген үміт уақыт өте келе күйрейді. Өзін адал коммуниспін, партия солдатымын деп ұғынған кейіпкер бұл қиянаттың, зорлық-зомбылықтың қайдан бастау алып жатқанын бірте-бірте ұғынады.
Жазушы кейіпкердің азапты жағдайды басынан өткерудегі психологиясын кеңінен суреттеуге ден қояды. Романның басты тінін құрап тұрған да, біздіңше, осы – психологиялық тартыс, жан драмасы, өмір мен өлімнің бетпе-бет шайқасы.
Кейін кейіпкердің Мәскеу түрмесіне алынуы, сұрқия тергеушілердің адамның ойына келмейтін небір қорлау амал-тәсілдерін молынан қолданып, жанын азапқа салуы, кеңестік түрменің адамның құқығын аяққа таптаған жөнсіз жүйесі - жан драмасын мейлінше асқынтқан. Автор бас қаһарманның қорлыққа шыдамай торыға түңілуін де, ширық атып қайта жігерленуін де жан драмасы аясында шынайы бейнелейді.
Жан драмасы жеке бастың күйзелісіне ғана емес, кеңестік қоғамның сұрқия саясатын әшкерелеуге құрылған. Шығарманың басты қаһарманы Асанбай Асқаров басынан түрлі азапты өткере отырып, «коммунизм елесінің» өтіріктігіне, кешегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деген әділетті қоғамның аярлығы мен аяусыз қаталдығына, өзінен басқа ұлтты адам қатарына қосқысы келмейтін отаршылдық астамшылдығына көз жеткізеді. Кейіпкердің шерлі толғанысы мен автордың публицистикалық өткір толғауы жымдаса кірігіп, шығарманың азаматтық сарыны мен әшкерелеушілік сипатын күшейте түскен.
«Рас, Асанбай Махамбеттің бодауына жүрмек емес. Бірақ екі ғасырда ғұмыр кешсе де, екеуінің соңғы өмірі өзара ұқсас көрінді. Махамбет өмірінің соңында қым-қуыт қуғын көріп, сергелдең ғұмыр кешсе, Асанбай да өмірінің соңында бір қатерге тап болып, тағдыр талайы талқыға түсіп тұр. Бұл не? Ұқсастық па, жоқ кездейсоқтық па? Қалай десек те Асқаровта дауылпаз ақынның өжет мінезі, өр рухы бар екені өтірік емес.
Ол күйрек сезімге беріліп, басына түскен ауыртпалықтан жаншылып, үгітіліп, күйреп бара жатқан. Махамбеттің өлеңдерін күркіреп оқығанда алабұртып, екі көзі от шашып, бүркітаруақтанып кетті. Көкірегіне қыжыл кіріп, тұла бойы тасқындаған күшке толып бара жатты».
Кейіпкердің ішкі толғанысы мен публицистикалық толғауда ашынудан туындаған қатқыл сөздер мен үкімдер жиі қолданылады. Бұл сарказмге толы қолданыстар кейіпкер басындағы қилы жағдайға байланысты туындайды. Алпыстың үстіндегі – қария жасындағы адамның бүкіл қайраткерлік ғұмыры аяққа тапталып, ар-ұжданы қараланып, түрменің жаныштаған қорлауын тоқтаусыз басынан кешіріп жатса, ол қалай сөйлемек, қалай күңіренбек, қалайша лағнет айтпасқа!
Шығармадағы стильдік ерекшелік те осыдан көрінеді. «Кәдімгі үндемей кеп қабатын зұлым ит секілді», «...тышқанға тойған мысық құсап, не жемей, не еркіне жібермей жіберіп тартып, жіберіп тартып ойнап, ойына не келсе соны істеп, туламағанды – тулақ етіп, тулағанның – турап етін жейтін қомағай қылық тапқан», «Қайта құрудың қайта қыру екенін жұрт сонда ұғынып», «көзіне өз күшігінің етін жеген қорқау қасқыр елестегенде жүрегінің басына у құйылып, қанына қарайып кетті», «жұлымыр заман», «қарақшы қоғам», «қатыбас қоғам», «құныс кеуде иығына ақымақ бастар орнап» - деп келетін уытты сөз тіркестері бірде кейіпкердің ішкі толғанысынан, бірде автордың ашық та батыл әшкерелеушілік ымырасыз көзқарасынан бастау алады.
Шығармашылдық көркемдік пен публицистикалық сарын, сөйтіп, Р. Ниязбектің «Тауқымет» романында тұтастық тауып, қаһарман жасаудың көркемдік-стильдік ерекшеліктерінің біріне айналған.
Романда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің шындығы суреттеледі. Бас кейіпкерді тулақтай сілкіген «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушысың» деген зобалаң да содан басталған.
Автор Желтоқсан көтерілісінің шындығын суреттеуде шеберлік танытады. Жалпы сарынға ілесіп кетпей, кейіпкерлер тағдырын алдыға тосады. Шығарма басындағы жендеттерден қашқан Гауһардың Асанбай үйінен пана табуы, Сейдуалы қарттың бюрода Асанбайды қорғап сөйлеуі мен оның кейін түрмеге қамалып, бір камерада кездесіп, жұмбақ жағдайда өлуі, Сейдуалы қарттың қызы Жазираның жендеттердің жемтігіне айналып, айуандықпен өлтірілуі, өсек-аяңды өршіткен әйелдер мен қараниет Құнысқара әрекеті әлеуметтік-қоғамдық негізі бар, шындыққа суарылған автор қиялынан туындаған сюжеттік арналар деп қабылдаймыз.
Бұл кейіпкерлердің қай-қайсысы да романның көркемдік бояуын қанықтыра түскен. Кейіпкерлер тағдыры, олардың тоғысы мен шығарманың бас қаһарманымен байланысы, оқиғаның шымыр өрбуі – композициясы – жазушының үлкен шеберлігін, шығармашылық қиялының кең өрістілігін байқатады.
Асанбай, Фатима – Гауһар байланысында бас кейіпкер Асанбай мен оның зайыбы Фатиманың адамдық тұлғасы ашыла түскен. Жендеттердің қолынан сытылып қашып шығып, жандалбасалап пәтер есіктерін қаққан Гауһардың Асанбай үйінен пана таппағанда, тағдырының немен аяқталары белгісіз еді. Гауһар – оқу іздеген қазақтың қарапайым қызы. Оның адамдық болмысы мен тәрбиелі жан екендігі қайырым танытқан үй иелерімен қарым-қатыста бейнеленген.
Осы детальді автор кейін роман тартысын ширықтыруда пайдаланған. «Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірісің, мойында» деп шүйліккен тергеуші тергеу үстінде Гауһарды Асанбайдың құтқарып қалуын дәлел ретінде алға тартады.
Гауһардың кейін Орал аэропотында, самолетте Асанбаймен кездейсоқ ұшырасып қалуы да роман қызықты берілген. Бұл кез - Асанбайдың түрмеде жатқан, небір зобалаңды басынан өткерген уақыты. Фатиманың оған «Досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймын десең еңсеңді биік ұста. Етегіне қараған еркектен ерлік күткен жұртты көргем жоқ әлі. Суықта тоңып, ашыққан көк бөрі де көкке қарап ұлыған. Жығылсаң да жұмыр басың биікте болсын» деп азаматын қайрайтын тұсы. Сонда да түрме Асанбайға оңай тимеген. Қажытқан. Әсіресе, кеше айналасында жүрген адамдардың сырт айналуы, қайбірінің беті бүлк етпей, болмағанды болды деп жала жабуы күйініткен. Осындай сәтте, Гауһардың арып-ашып, қорлық көрген Асанбайға: «Ағатайым-ау, қандай зауалға тап болғансыз? Сізді бұндай күйге жеткізген қай оңбаған?» деп шырылдай ара түсуі, өзіне тап берген айдауылдарға: «Қылмыскер бұ кісі емес, мына сендер» деп айбат шегуі – қарапайым халықтың қаһарманға шарасыз ықыласы болып көрінеді.
Жалпы, романдағы жазушы шеберлігінің бір көрінісі – қарапайым халық өкілі мен Асанбай тәрізді ел басқарған тұлғаның арасындағы байланысты әдемі қиыстырып өрбіте білуі дер едік. Бұл аралықта жоғарыда айтып өткеніміздей, автордың шығармашылық қиялының кең өрістілігі, шығарма композициясының шебер өрілуі танылады. Романдағы біршама кең суреттелетін Сейдуалы қарт та қарапайым халық өкілі, қарт коммунист. Оның бюрода суырылып Асанбайды жақтап сөйлеуі, әділетсіздікке көнбей, ақыры партбилетін стол үстінде қалдырып, жиыннан шығып кетуі – шектен шыққан қиянатқа қарсылығы еді. Шығармада билік тарапынан қыспаққа түсіп тұншықтырылған, бұлқынған халық рухы осылай көрініс береді.
Тарихи-деректілік пен шығармашылық қиялдан туған көркем эпизодтардың туындыда үйлесім табуы – романның тынысын ашқан.
Романдағы Фатима образы – қиындықта азаматына сүйеу болған бекзат қазақ әйелінің бейнесі. Мұндай образдың түп негізін Қобыландының Құртқасынан, Алпамыстың Гүлбаршынынан танимыз. Ол асыл азаматымен бірге суға, отқа түсуге де дайын. Рас, шығармада қай образдың да мүмкіндігі шектеулі. Бас қаһарманның түрмеге алынып, онымен байланыстың болмауы – оның өзгелермен байланысын үзіп тастайды. Алайда, романның кейінгі бөлімінде Фатима образы Асанбайдың ойымен өріледі. Олардың арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластық уақыттың қаншалықты ызғарлы дауылдары соқса да өшпейді. Асанбайдың рухының сынып кетпеуіне Фатиманың қайрау сөзі себепші болады.
Романда кейіпкерлер саны көп емес. Соның бірі – Ақеділ ақын. Кейіпкердің өмірлік ізін: «Негізгі кейіпкеріміздің қасынан табыла білетін Ақеділ ақынның осы романның авторы екені күмән туғызбаса керек», - деп белгілі әдебиеттанушы ғалым Г. Орда дұрыс тұжырым жасайды. Жалалы сөзге жаны төзбейтін ақынның оқыс іс-әрекетін де шығармашылық орта жоққа шығармайды.
Автор және кейіпкер тұлғасы дегенде де, осы рухани тұтастық, қайсар мінез, әділетсіздікке төзбеушілік пен атойлаған ұлттық рух – шығарманың басты пафосын анықтаған. Сондықтан да Ақеділ ақын – автор Рафаэль Ниязбек шығарманың өн бойында империялық саясатқа, отаршылдыққа, әміршілдік режимге лағнет айтып, әшкерелеп, Асанбай Асқаровтай ұлтының арыс ұлын биікке көтереді.
Шығармада 1986 жылдан кейінгі қазақ қоғамы да кеңінен бейнеленген. Қоғадай жапырылған, табанының бүрі жоқ қайбір азаматтардың қолшоқпарға айналуы Асанбайды күйінтеді. Ендігі бірі – мансап жолында бәрін сатып жіберуге, беті шімірікпей біреудің тағдырын күл-талқан етуге дайын. Романдағы Құнысқара образы осындай бейне. Автор шығармада оның жымысқы әрекетін біршама кеңінен суреттейді. «Тамағыңды тездет. Жуан тойып алып, орындыққа шегеленіп, тапжылмай мақала жазбасақ болатын емес. Колбин жолдастың тапсырмасы солай» деп мардымсуы, «Капут!» деп азу тісін ақситып, «Е... е, кімді жайратып келдің тағы?» деген әйеліне «Сенің Асқаровыңды» деп астамсуы – оның кім екенін аша түседі.
Жалпы, диалог - образ жасаудың байырғы тәсілі, «характер сомдаудың, оны даралаудың тәсілдерінің бірі».
Р. Ниязбек «Тауқымет» романында Құнысқараның іс-әрекетін толық суреттемесе де, оның не бітіріп, жанығып жүргенін әйелі Бәтішпен диалогте шебер ашады. Арадағы диалог - кейіпкердің мінезін, болмыс-бітімін ашып қана қоймайды, ұлы ақын Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңіндегідей, кейіпкер өзін-өзі әшкерелейді. Бірақ оны сезетін Құнысқара жоқ. Қарақан басының қамы мен ішкі мақсат-мүддесін жоғары қояды. «-Аса мәртебелі Генадий Николаевич! Менің жалғыз ұлым бар екенін білесіз. Мәскеуде оқыған. Соны қаланың бір ауданына хатшы етіп қойсаңыз...» - дейді жүзіне жалтақ-жалтақ қарап. Оны үкімі романда әйелі Бәтіш сөзімен беріледі. Бірақ оны құлағына іліп жатқан Құнысқараны көрмейсің, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, билікке жағымпазданып, айдауымен жүріп, күшейе, арқалана түседі.
Шығармада Желтоқсан (1986) көтерілісінен кейінгі Мәскеудегі жоғарғы биліктің тыныс-тірлігі, солардың айтағымен Калиниченко тәрізді тергеушілердің заңды аяққа таптап, адал адамды қорлауы мен шексіз азаптауы, сондай-ақ Қазақстан билігіндегі әр алуан жарамсақ психология аңғарылады.
Уақыт шындығы әдебиеттің алдына жаңа мүмкіндіктерді ашады. Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ әдебиетінде кеңес түрмесі, ондағы қиянат пен зорлық-зомбылық, солақай саясаттың ұр да жық әпербақандығы кеңінен суреттеле бастады. «Тауқымет» романында да кеңес түрмесі бас кейіпкердің басынан өткеруімен суреттеледі. «Бірақ жатқан бойда түрменің қандаласы талап, тұла бойын дуылдатып ала жөнелді. Оның үстіне сай-сүйегі сырқырап және шыдатпады. Сосын қайтеді, басқа амал жоқ, ескі көрпені басына бүркеніп, тыр-тыр қасынып, төсек үстінде аласұрып отырды да қойды».
«Терезесіне қалың тор тұтылған камераның іші әлі қаракөлеңке. Ызғарлы ылғал тепкен төрт қабырғасы қандай суық болса, кедір-бұдыр плитка төселген едені де сондай суық. Тамақтанатын үстелін де темірден домбалдап жасай салған. Сонан ба, қай жаққа бұрылып қарасаң да бетіңді ыызғар қарып, денең түршігіп, қол-аяғың мұздап жүре береді.
Әжетқана – камераның ішінде еді. Бөлме ауасын сасытып бүлдірсе де мынандай мүскін шақта дәтке қуат болды».
Ал мұндағы азаптаулар мұнан да сұмдық еді.
Шығарма екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде әр алуан кейіпкерлер, мінездер көрініп, олардың өзара қақтығысы, тартысы суреттеліп, оқиғалық негізге құрылса, екінші бөлімде бас қаһарманның Мәскеу түрмесіне жөнелтілуімен оңашалық күй алғы орынға шығады. Автор кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, оның өзді-өзімен айтысына, түрлі қарақшылық әрекеттен, бопсалаудан кейін туындаған психологиялық күйзелісіне басымдық береді. Кейіпкердің психологиялық ішкі арпалысы автордың публицистикалық өткір толғауымен үдетіледі.
Романды кемшіліксіз деп айта алмаймыз. Кейіпкердің психологиялық толғанысы мен автор тарапынан үстемеленетін публицистикалық сарында қайталау байқалады. Шығармада орынды-орынсыз тым қатқыл, жиренішті сөздердің қолданылуы ұшырасып қалып отырады. Дегенмен бұл романның құндылығына, жалпы көркемдік сипатына айтарлықтай нұқсан келтіре алмайды.
Қорыта айтқанда, Р. Ниязбектің «Тауқымет» шығармасын қазіргі қазақ романының жетістігі деп айтуымызға болады. Тәуелсіз ұлттық рух туындының негізгі пафосын құраған. «Қобыланды», «Алпамыс батыр» жырларында Қобыланды мен Алпамыс ұзақ, қатерлі сапарлардан соң, еліне келіп қуантып жатса, азапты көп тергеуден соң, түрменің қасіретін жеңіп шығып, Асанбай Асқаровтың халқымен қайта қауышуы – әділдіктің түбі салтанат құратының белгісіндей. Алайда, әділдіктің, адалдықтың жолы жеңіл емес еді.


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет