Алматы “Жазушы” 2013



жүктеу 1.64 Mb.
Pdf просмотр
бет10/19
Дата11.01.2017
өлшемі1.64 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19

123
стап келе жатқан жас кезінде Қашағанның қауым алдын-
да  жырлаған  сәтінен  соншалықты  әсерленгенін  айтады: 
«Жырды жасымнан жаттап, әулекі боп өскен маған күшті 
әсер қалдырған Қашаған ақын болды. Он бес жаста едім. 
Бекі жайлауында Есжан дегеннің асын берді. 400 үй тігілді, 
160  ат  қосылды.  Жыршы,  күйшілер  жиналды.  Басында 
қара бөрік, үстінде мәндала шапаны, аяғында кебісті мәсі, 
жалпақ  бет,  үлкен  көз,  салбыр  мұрын,  бұғақты  ірі  қара 
кісі  жыршыларды  бастап  келді.  Қолында  шашақты  қара 
домбыра. Қасында Сүгір жырау мен Шамғұл күйші. Мен 
солар түскен үй маңында болдым. Қашекең қара домбыра-
сын шертіп қойып, жырды табан аузында ағылта беретін, 
мойнын шағын орамалмен байлап алған. Қыза келе жырды 
түйдек-түйдек ағытқанда жуан даусы ауыл-аймаққа түгел 
естілетін» [5, 338].
Ақындықпен  қоса  әу  баста  Құдай  бойға  дарытқан 
қасиеттері  оның  кез  келген  жырында  өз  «мені»  арқылы 
көз  алдымызға  келе  қалады.  Ең  алдымен  оны  айташы 
бейнесінде көреміз. «Адай тегі» дастанында:
Тілім түзу бағытты,
Көңілім зерек қалыпты,
Аңдаған жақын, алысты,
Болжаған қисық, шалысты, –
деген [5, 338]. «Адай деген ел едік» толғауында:
Сұрасаңыз, бозбала, 
Бұл ақиқат сөз ғана. 
Шежіренің сүрлеуін, 
Кәріден естіп-білгенін 
Осылайша әр жерде 
Қашаған айтып береді, –
деп  ділмар  шешен,  шежіреші  шайыр  ретінде  танылады 
[1,114]. Тіпті «Атамекен» дастанында: «Адай деген ел едік – 
абайсыз өскен алшаңым, тәксіз өскен тарпаңым», – деп ру 
атынан сөйлейді. Оған толық хақысы да бар еді. Елдің сөзін 
ұстаған ерен тұлға бара-бара «елдің тіліне» айналды. Бұл 
туралы кеңірек сөз етеміз. «Тойбастарда» ше?

124
Жиналған топтың құралы –
Жыршыдан өнер сұрадың. 
Сұрағандарың сөз болса, 
Қалағандарың біз болса, 
Қандырайын көптің құмарын. 
Шын шабытым келгенде, 
Ағыным тасты аударған 
Мен қайнарлы өзен, бұлағың...
Риза бол, жарқыным,
Жырым еді сақтаған,
Арқасы құрғыр қозғанда
Жауар бұлттай қаптаған.
Ойқастап барып тоқтайын,
Қатты кетсем, қайырылмас
Мен – басы қатты ақтабан... [1, 48].
Мұндай  «ағыны  тасты  аударған  қайнарлы  өзен,  бұ-
лақтай» ақынның қуатты жыры, сол шалқар ойдан нәр алған 
суатты сыры бата тілек болып ақтарылғанда, ата өнегесі қыз 
бала көңілінде тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болып жатталып 
қалары  сөзсіз.  Қазір  де  өлкемізде  қыз  ұзату  кезінде  күн 
өткен  сайын  осы  бір  мазмұнды  жыр-толғау  орындалмай 
қалатын тойлар өте сирек.
Енді Қашаған ақынның поэтикалық әдеби бейнесін сом-
дауда  оған  арналған  әр  кезеңдегі  лирикалық  өлеңдердің 
бірқатарына тоқталайық. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров 
«Көбік шашқан» атты поэмасында:
Атырау – алыс бізге жердің түбі,
Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі,
Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,
Қашаған жырдан төккен маржан дүр-ді.
Сарындап саз бен күйді алуан түрге,
Айрылмай осы екеуі жүрген бірге.
Қашаған, Құрманғазы қосылғанда
Адайлар төңкерілген жыр мен күйге, –
деп, ақындығына соншалықты шынайы бағасын берген [7, 
342]. «Қашаған домбыраға тіл болады, білсеңіз мынау бір 

125
күй  не  сөйлейді?»  деп  күй  мазмұнын  ақынның  «Топан» 
дастанымен  түсіндіреді.  Бірақ,  өкінішке  орай,  автордың 
бұл тамаша туындысы аяқталмай қалған. Есесіне Хамит 
Ерғалиев «Құрманғазы» атты көлемді дастанының «Көбік 
шашқан» бөлімінде Қашаған туралы барынша жырлаған:
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды?
«Өлеңі – темір тікен, ошағанды».
Біреуге жәбір-жапа біреу қылса,
Ол қашан жанып түспей, өше қалды?!
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды?
«Құрықтан құтқармаған босағанды».
Көрмекке ел қонысын тағы шыққан
Тап қылды Құрманғазы осы ағаңды, –
деп келіп, әрі қарай Қашағанның «Топан» дастаны негізінде 
Құрманғазының «Көбік шашқан» атты күйі туғанын баян-
дайды [8, 146].
Өмір бойғы шығармашылық қызметімен жыраулар по-
эзиясы жөнінде еңбектенген, соның ішінде «Қашағантану» 
ғылымының да негізін қалаған жанкешті жидашы ғалым 
Қабиболла Сыдиықұлы: «Ол – сыншыл, тура, өткір, сықақ 
мәнді шығармаларымен танылған айтулы бұқара жыршы-
сы. Оның ақындық, жыршылық өнерінен замандастары мен 
өзінен кейінгі талай өнерпаздар өнеге алған» дейді [5, 339].
Қашаған жайлы сөз айта қалсақ, оның айтыстары  ту-
ралы  тақырыптан  айналып  өту  тіпті  де  беймүмкін.  Діни 
танымдық сұхбат түрінде Нұрым ақынмен айтысып, бата-
сын алған жас ақын одан кейінгі сөз барымтасында ылғи 
да тартыс үстінде танылады. Тек «Аралбайды жұбату» жы-
рында «орынды жерде сөйлесем, қызыл тілім дөңгелер» деп 
жөн-жоралғы бойынша көңіл айтып, сыйлас інісінің қапалы 
кезінде қам көңілін бірлеуге, қайғысына ортақтасуға, сөйтіп 
көңілін сергітуге тырысады.
Ақын Темірхан Медетбек «Қатепті қара нары Маңғыс-
таудың» атты танымдық мақаласында: «Қашаған қалқан 
қағыстырып, қылыш сермесіп, найза сілтеспесе де, бүкіл 
ғұмыры күреспен өткен ақын. Ол көргенсіз әдепсіздікпен, 
қаскөй  қиянаттықпен,  дарақы  даңғойлықпен,  қараңғы 

126
надандықпен, таңқы дүмшелікпен, қомағай тоғышарлық-
пен, алакөз алауыздықпен, бетімен кеткен жүгенсіздікпен 
күрескен. Олармен жан берердей жағаласып, жан алардай 
шайқасқа түскен. Ол әлгіндей адам жанын бүлдіріп, тоз-
дыратын  жат  пиғылдарды  жойып,  оның  орнына  ізгілік, 
инабаттылық, ауызбіршілік сияқты қасиеттерді орнықтыру 
үшін жан салған», – дейді [10, 85]. 
Мұнысы  рас.  Енді  төмендегі  мысалдарға  мұқият  зер 
салсақ.  «Қашаған  ақын  мен  Құрманғазы  күйші  қыстың 
бір  суық  күнінде  Каспий  теңізінің  терістік  шығысында 
Елпілдекті деген аралда отырған ауылға келеді. Күн кеш-
кіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы 
жігіттерге  кезігеді.  Олар:  «Осы  бір  қонақжай  үй»  деп 
Есқали  сұпынікін  сілтейді.  Сұпы  үйінің  шықберместігін 
білетін  олар,  қонақтардың  бірі  Қашаған  екендігін  сезіп, 
Есқалиды  бір  жерлеттіруді  ойласа  керек».  Бірақ,  біздің 
ойымызша, бұл көпшілік күле тыңдайтындай, білімі асқан 
ақынның  дүмшелікті  әшкерелегеніне  айызы  қана  қуа-
натындай емес, салмағы зіл батпан жыр. Абай айтпақшы, 
«Әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып 
күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы. 
Ондай  күлкіге  үнемі  өзің  де  салынбассың,  әрбір  жақсы 
адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның 
жақсылықты  жақсылығынан  тапқандығын  ғибрат  көріп 
күл.  Әрбір  ғибрат  алмақтың  өзі  де  мастыққа  жібермей, 
уақытымен тоқтатады».
Пейілің мұнша неге қуырылған?
Шапқанда жүйрік едім суырылған.
Сыртымнан естіген жұрт әуес еді
Тұлпардай шығып жүрген дабылымнан...
Бәйгі алдым талай жерде шабыспенен,
Қашаннан күнім кешті жарыспенен.
Несібе осылайша жаралған соң,
Жақынды араладым алыс пенен... –
деп қонақ қылып, сый көрсетпеген үй иесін жыр-қам шы-
сымен дүрелейді [1, 35]. Бұл кезде Есқалидікіне бағанағы 

127
малшы жігіттер мен олардан «Қашаған келді» деп естіген 
ауыл адамдары да жиналып қалады. Надан, сараң сұпының 
қылығы  кектендірген  Қашаған  тағы  домбыраны  қолына 
алып, жырды төгілте жөнеледі:
Жақсылар, келдің жиналып,
Қашаған ақын келді деп,
Кеудесі мұның кең-ді деп,
Кеңес берер енді деп.
Сендерге кеңес беруге,
Отырған жоқпын сыйланып, –
деп, «Саналыға сөзі тыңдалып, пайдалы сөз айтсаң, бұл-
данғанды – санасыздықтың белгісі» санайды [1, 37]. Мұ ның 
өзі – тұнып тұрған тәрбие. Халық мақалдарындағы «Жақ-
сыдан үйрен, жаманнан жирен» немесе «үйрен де жирен» 
дегендері ең алдымен осындайда ойға оралады.
Өзімен  өнер  сынасып,  сөз  сайыстырып  отырған  қар-
сыласын тұқыртып, мысын басу, сол арқылы өзін барынша 
асқақтата  сөйлеу,  қарама-қарсы  түрлі  теңеулер  қолдану 
арқылы үсті-үстіне төпелеп жойқын шабуылдар жасау – 
қай кездегі айтыстарда болмасын көрініс тауып жатады. 
Осындай әдісті әбден меңгерген Қашаған ақынның өз айты-
старында ақындық «мені» бірден жоғары деңгейге шығады. 
Мәселен «Сақыпқа айтқанында» көтеріле сөйлейді:
Қара қарға қалбағай,
Қаз бен үйрек, қара құс,
Олар да таласпайтын еді ғой
Бүркіттің жейтін жеміне.
Алыстан көрсе қарасын,
Балапан үйрек баласы,
Көзі түссе жаутаңдап,
Қысса да қайрат қаусаңдап,
Қорқып келмейтін еді ғой
Бүркіттің, сірә, шеміне.
Кесіртке менен жыландар
Жоламайтын еді ғой
Айдаһардың деміне.
Қаршыға аққуды алғанда,
Жапалақ тышқанды басып қалғанда,

128
О да арланбайтын еді ғой
Дәрежесінің кеміне... [1, 65]
Қазақ  әдебиеттану  ғылымы  корифейлерінің  бірі  Зәки 
Ахметов:  «Ақынның  өз  тұлға-бейнесі  оны  тебіренткен 
ой-сезімдерден,  айтылып,  баяндалып  отырған  өмірдегі 
алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі 
адамдардың  іс-әрекеттеріне  оның  қатынасынан,  берген 
бағасынан  айқындала  түсіп,  жан-жақты  толық  көрінісін 
табады» дейді [11, 9]. Мынау дәл соның мысалы:
Қара бүркіт, қаршыға,
Қартайып жасы жеткенше,
Бұйрықты күні біткенше
Алатын аңын қоймаған.
Ашуы келсе, аң алып,
Төс етін жемей, төрт тарпып,
Жемсауын қимай, бір қарпып,
Жеген жемге тоймаған.
Адай түгіл, Байұлы,
Байұлы түгіл, Алшында
Жеңемін деп жарысып,
Мерекелі жерлерде
Ешкім жоқ бізбен ойнаған, –
деп келіп [1, 66]: «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, өлсе, тері 
бәсі де мың ділдә!» дегені – мақалға бергісіз ұтымды, ұла-
ғатты, даналық ой, шын мәнінде. Сөз иесінің қадірін арт-
тырып тұр. Мұндай үлгі Махамбетте де бар. Мұнда Қаша-
ған өзін қара бүркіт пен қаршығаға, демі қатты айдаһарға, 
жүйрік тұлпарға, алғыр сұңқарға, арлан бөріге теңейді:
Мен – сендей жабының
Талайынан озған тұлпармын.
Сендей жапалақтардың
Талайын алған сұңқармын.
Сен – ауылда үрген көпек ит,
Мен – азулы арлан бөрі едім.
Ашулансам, шырағым,
Жас та болсаң, желкеңнен
Жалғыз-ақ тістеп жұлқармын! [1, 68].

129
Осындай  сарын  «Қашаған  мен  Ізбас  айтысында»  да 
айнымай қайталанады:
Менің сөзім – сары алтын,
Сенің сөзің – қола мыс... [1, 92].
Топты аузына қаратқан,
Жасымнан жүйрік тілдімін.
Адай түгіл Алшынға
Хан, хәкімдей бұлдымын... [1, 92].
Өз ағайыны көптігін, ата жағынан Қашағанның кең та-
рамағанын айтып тасынған «Берекет ақынға айтқан» жауап 
жырында:
Көппін деп, балам, мақтанба,
Көп атадан ел азады.
Балықтай сасып басынан.
Азда қайрат жоқ десең,
Бүкіл тоғай өртенер
Бір зәредей жасылдан.
Мың қарғаға – бір кесек,
Ортасына түссе қашырған.
Отман таудың басында
Дегелек деген бір құс бар,
Аспанда жүріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған.
Мен жүлделі жүйрікпін,
Ала жаулы тер шығып,
Сүйегім қызбай ашылман, –
деп  асқанға  –  тосқан,  іздегенге  –  сұраған  дегендей,  ілік 
іздеп келіп қаралай ұрынған өлеңшіні ойынан адастырып, 
сөзінен жаңылдырады [1, 69].
Ахмет Байтұрсынов: «Өлең – ақынның ішкі ғаламының 
сөзі болғандықтан, мұнда да сөзі мен өзін көрсетіп отырады. 
Толғауда ақынды қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған 
күйінде  де,  беті  гүл-гүл  жайнап,  қуанып  тұрған  күйінде 
де,  сүйінген,  күйінген  күйінде  де,  тарыққан,  зарыққан, 
жа быққан күйінде де, шаттанған, марқайған, масайраған 
кү йінде де көріп отырамыз», – деп жазады [11, 8]. Ал енді 

130
мына бір жолдар Қашағанның шамырқанған кезіндегі көңіл 
күйі:
Мен – мұхит жатқан тереңмін,
Шамшырақ жанған түбімде.
Сен – бір жабы, мен – тұлпар,
Сен – қарға да, мен – сұңқар,
Тоғыңды шайқап бүлінбе.
Сен – өзекте жүрген бөлдірке,
Мен – теңіздегі кемемін.
Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің... [1, 93].
«Бұл не? Менмендік пе, тәкаппарлық па, астамсу ма? 
Батыр мен ақынға ғана кешірімді асқақтық. Бұл арқылы 
ол мақтаншақтық пен астамдықты дәріптеп отырған жоқ, 
мансұқтап отыр. Ел арасында дүлдүл ақындығымен ғана 
емес,  кемел  азаматтығымен,  әлсіздің  сөзін  сөйлеп,  аға-
йын ның  да  жағасынан  алған  әділдігімен,  кісіге  құныкер 
боп, елінен безген қашқынды паналатқан қайырымымен, 
жауласқандарды бітістіремін деп жауырынын дүреге тосқан 
ерлік  пен  мәрттіктің,  адалдық  пен  сақилықтың  үлгісін 
көрсеткен өлшеусіз адамгершілігімен талай аңыз қалдырған 
Қашаған адамдармен емес, ерді қор, елді сорлы қылатын 
кесірлі қылық, кесапат құлықтармен – рухани кеселдермен 
алысқан» [9, 318].
Сөз  өнерін  зерттеуде  соңына  соны  соқпақ  салып,  із 
қалдырған парасатты ғалым Зейнолла Қабдолов: «Лири ка-
лық образ – сыршыл өлең-жырлардағы ақынның бейнесі, 
оның  ішкі  бітімі;  ақынның  мың  иірім  көңіл-күйінен  – 
нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше 
кейіпкер» деп тұжырым жасайды [11, 9].
Жүйрік едім қашаннан,
Ақбөкендей орытқан.
Талай келдім бәйгіден,
Жоқ еді жерім зорыққан, –
деген жырау сөзі өз болмысын байқатып тұр [1, 94].

131
Зерттеуші, қаламгер Тұрсынжан Шапаев: «Абстракты 
лирикалық образ төркінінде нақты адамдық, ақындық дара 
мінез жатады. Сондықтан өлеңдегі парасат өрісі, сезімдік 
кернеу  деңгейі  –  тек  ақындық  дара  сипатқа  тәуелді». 
«Олай болса, – дейді осы тақырыпты жете зерттеген ғалым 
Мақпал Оразбек, – бүкіл өлеңнің өн-бойында, лирикалық 
кейіпкердің түп-төркінінде адамдық, ақындық дара мінез 
жатса, ақынның терең көңіл қойнауында жеке басқа тән 
асқақ  ақындық  сыры  жатқаны,  биік  ақындық  тұлғасы 
төбе көрсетіп тұрғаны талассыз» [11, 9]. Біз бұл ғылыми 
тұжырымдардан көптеп үзінді келтіріп отырған себебіміз – 
Қашаған атамыздың әдебиеттегі бейнесін өзімізше тануға 
тырыстық.
Абыз  ағамыз  Әбіш  Кекілбайұлының  мына  бір  аталы 
сөзі – жоғарыда айтылған тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай 
түйіні: «Қашаған жыры, расында да, ең әуелі тарихи са-
надан  бастау  алады.  Ол  аяқасты  соқтыққан  Ізім,  Ізбас, 
Сақып сынды ақындарға да, аяқ асты қырыс мінез танытқан 
Есқали сұпы мен ауылдас сараң ағайындарға да жауапты 
күнделікті күйбең тірлік пәтуасынан емес, дүние жаралып, 
су аққалы жеңісе алмай келе жатқан күйкі пенделік пен 
кемел  парасаттың  тайталасынан  іздейді.  Қашаған  үшін 
кез келген жұмыр басты пенденің көз алдындағы қылығы 
мен құлығы тек оның бір басымен шектелмей, күллі қазақ, 
күллі  адам  нәсілін  қамтып  жатқан  құбылыстай  көрініп, 
таусыла толғанып, күйзеле тебіренеді. Бәлкім, оған тек өз 
заманының ғана емес, бағзы замандардың да шындығын 
жеріне жеткізе жақсы білгендігі себеп шығар» [9, 314].
Өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі, жалпы ұлт руха ни я-
тындағы алыптар бейнесін келешек ұрпаққа таныту – сөз 
өнеріне қызмет етіп жүрген әр буын өкілдерінің, тіпті ел 
болашағын ойлаған кез келген қазақтың азаматтық борышы 
деп білеміз.

132
ӘДЕБИЕТТЕР
1.  Күржіманұлы  Қ.  Топан.  Шығармалары.  Құрастырған 
Қ.Сыдиықов. Алматы, «Жалын», 1991. 176 б.
2.  Абыл, Нұрым, Ақтаным... Алматы, 1993.
3.  Жырдария. Ақтау, 1999.
4.  Алқаласа әлеумет. Жыр жинағы, құрастырған Қ.Сыдиы-
қов, Ш.Керімов. Алматы. Жазушы, 1991. 240 б.
5.  Сыдиықұлы  Қ.  Ақберен  XVIII-XX  ғасырлардағы  қазақ 
ақын-жырауларының шығармалары. Алматы. Нұрлы әлем, 
2007. 576 б.
6.  Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Оқулық. Ал-
маты. Санат, 1997. 927 б.
7.  Жансүгіров І. Құлагер. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы. 
Атамұра, 2003. 360 б.
8.  Ерғалиев Х. Таңдамалы. 2-том. Поэмалар, өлеңдер. Алма-
ты, Жазушы, 1976. 440 б.
9.  Кекілбаев Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. 10-том. 
Алматы. Өлке, 1999 ж. 400 б.
10.  Медетбек Т. Баба дәстүрдің мұрагері кім? Туған әдебиет 
туралы ойлар. Алматы. Өлке, 2001 ж. 284 б.
11.  Оразбек М. Ақындық тұлға табиғаты (Шәкәрім, Мағжан, 
Сұлтанмахмұт).  Зерттеу.  Астана.  «Фолиант»,  2002  ж. 
152 б.

133
ІІ бөлім.   «СҰРАҒАНДАРЫҢ СӨЗ БОЛСА...»
(республикалық ақындар мүшәйрасында оқылған 
өлеңдер)
Индира КЕРЕЕВА 
(Ақтөбе)
 
ҚАБІР БАСЫНДАҒЫ МОНОЛОГ
Қанатын жайғанда қара түн,
«Мен жоқпын. Өлгенмін» демеші...
Өйткені жабықсам, баба, тым
Демейді Қайыптың елесі.
Тірліктің тұрлаусыз таңы атса,
Тағы әлсіз неліктен, баба, ақын?!
Ақын боп есімнен адассам,
Әруағың арбаған болатын...
Жырымда Бөбектің жаны бар,
Қайып боп қайғырдым, о, баба!
Сол заман сұмдары әлі бар,
Біздерге обал, ә?!
Бұл өмір ойын ғой тым арзан,
Кетем мен! Құлаймын, сүрінем...
Молаңда тұрмын ғой жыр арнап,
Мені әсте ұқпайды тірілер...
Өмірдің анық мұң екені,
Қимаймын деуге енді сізді өлген...
...Мүлгиді марқұмдар мекені,
Сізді ұрлап біздерден...

134
Баба, сен айт менің теңім кім?
Қажытты жасықтар сырты нар...
Бабам-ау, күреспей жеңілдім,
Шаршадым ойыннан.
Күтіп ал!
БЕЙІТТЕН ЕСТІЛГЕН КҮБІР
(Қашағанның жауабы)
Өкпем көп тіріге менің де,
Асықпа, ерте ғой тым әлі!
Бұл жақта мен бармын, өмірде
Болғайсың өлеңнің шырағы!
Кей топас өмірдің мазағы
Боп жүріп өсиет жазады...
Тілерім жеп жатсын үнемі
Жаныңды қара өлең азабы...
Текті едім сұңқардай, тегі бек,
Өлеңге гүліңді келіп ек.
Жиенім екенсің, ендеше,
Адайдың бір ұлын серік ет!
Дегендей естілді күбір бір,
О, баба! Санама жырың нұр!
Күмбезің күрсінді. Мен оны
Кие деп ұғындым...
ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘТТІ ҰҒЫМ
Таңым атты еркіндікпен.
Шат күнім!
(Қолындағы бағаламас бақты кім?!)
Тағдырымның талайында таңбасы,
Тәуелсіздік тәтті ұғым!

135
Қазақпын мен!
Төріне түн түнемес,
Арамдыққа жол бермейтін жүрегі еш.
Өгей тілде өрге ұмтылсам егер де
Жырым менің жыр емес!
Қазақпын мен! 
Намысы үшін оққа ұшқан,
Ешкім мені басына алған жоқ тыстан.
Жақынымды жаттай сыйлар халықпын,
Сен осыны ұқ, дұшпан!
Қазақпын мен!
Лайланбаған қаны бар,
Екпінімнен Түн ығады, таң ұғар!
О, болашақ! Тәуелсіздік байрағын,
Өз қолымнан қабыл ал!
Қазақ жүрек!
Соға бер, соқ лүпілде,
Жауыңның түрлі өсегіне бір түкір де
Қуаныш тіле алдағы келер күніңе,
Ақсарбас айтып, шүкір де!
Сырым да менің, жырым да менің қазағым!
Таппадым бірақ заманның тағы таза әнін...
Рухымды менің түсінбес асфальт баласы,
Қазағым үшін жазамын!

136
Жандос ДЕМЕСІН 
(Маңғыстау)
 
БҮГІНГІ ХАЛ
(Қашаған ақын рухына шағыну)
Мен қауіп еткеннен айтамын.
Мұрат Мөңкеұлы
Қашеке, базынасын тыңдашы ұлдың,
Мұңы емес айтатыным бір басымның.
Араны ашылады аждаһадай,
Сананы сайтан жеген сұм ғасырдың.
Құса боп запыранды зардан ішім,
Бойымда өлді рух, ар-намысым.
Жер асты қалай шыдап жатыр екен?
Жер үсті айтысуда Аллам үшін.
Былғанып ылайланды көк тұнығым,
Ібіліс іргеме кеп септі ұрығын.
Кешегі қасиетті шалдарыммен,
Көміліп кеткен еді тектілігім.
Құным жоқ піл бәсіндей мың ділдәлық,
Барады заман ағын құрдымға алып.
Отпаннан дегелектің шықпайды үні,
Қаптады құрт-құмырсқа, жүрмін налып.
Әулие жоқ ізгілікке бастаған із,
Әлемге Құдай жоқ деп мастанамыз.
Ата дін ауласынан аулақ қонып,
Сақалын сипап отыр жас баламыз.

137
Шайыр шал тектіліктің тұнбасындай,
Не дер ең тірі болсаң бұл ғасырға-ай?
Бүгінге айту қиын жырды ашынбай.
Аспанда қап-қара бұлт келе жатыр,
Шайтандар шеруінің сұлбасындай.
Жер үсті кәуірлердің шаһарындай,
Дүмшенің түзей алам шатағын қай?
...Жоқтайды кәрі дала рухты іздеп,
Әуені Аралбайдың мақамындай...
АМАНАТ 
немесе 
КЕКІЛБАЙДЫҢ МАЙДАНҒА 
АТТАНАРДАҒЫ СӨЗІ
«Бесшоқы-тау төресі өр тұлғалы,
Мұнардан көре алмадым көркіңді анық.
Ел үшін өлу елдің арманы деп,
Қан майдан шақырып тұр еркімді алып.
Бұл-дағы жазу шығар Тәңір қылған,
Ел үшін шәһит кетсем жаным құрбан.
Табаным тайып барад Мырзайыр шөл,
Бытыра сусыл сары шағыл құмнан.
Аман бол, Ағаштым-ау, Көрпешігім,
Мырзайыр, Басқұдығым, өркеші-құм.
Барамын қызыл жалын ортасына,
Сіздерге ақтарылып келте сырым.
Қайтейін артым түнек, алдым жалын,
Ұсынған татып көрем тағдыр дәмін.
Бере гөр, амандығын Жаратқан Хақ,
Артымда жалғыз тұяқ қалдырғаным.
Қиын күн елге қатер төнді жаман,
Арманы, үміті көп мен бір адам.
Құдай-ай, жалғыз ұлды беріп едің,
Қызығын қиясың ба, енді маған?

138
Туған жер ар сыйлаған маған аппақ,
Дәл бүгін босағаңнан барам аттап.
Әуелі Алла, сосынғы Пірім Бекет,
Сіздерге жалғызымды аманаттап».
Бойлаған тұла бойға нала күшті,
Өкініш қарып өртеп барады ішті.
Әкенің жанарынан жас үзіліп,
Маңдайдан иіскеп сүйді бала Әбішті.
Шығып тұр қош айтысып жиыла жұрт,
Таулар тұр мұнар жапқан күйі-ғаріп.
Аттанды қайран әке туған жердің,
Бір уыс топырағын түйіп алып.
Дүмпу бар жер мен көктің арасында,
Тағдыр-ай, мұң-қайғыңа қарасын ба?
Сызығы көкжиектің көсіледі,
Сәбидің көздерінің шарасында.
Жазмыш айналдырар қинаса шыр,
Майданға әке кетті қимас асыл.
Таң атса көкжиекке көп қарайды,
Елеңдеп қоңыр өңді бұйра шаш ұл...
АУЫЛ КЕШІ
Ауыл кеші жаздың күні ұзарып,
Шат-шадыман көңіл билеп даланы.
Төбемізден ысыған күн қызарып,
Ұясына батайын деп барады.
Қызыл іңір жақындады кеш түсіп,
Өріс жақтан мал келеді жайыла..
Асығады біздің үйдің ешкісі
Шешеміздің сүт құюға шайына.
Көрші кемпір малдан алған керегін,
Түйесінің сүттілігін айтады.

139
Даңғырлатып алып кеткен шелегін,
Қора жақтан әрең алып қайтады.
Кәрі-құртаң отыратын салқындап,
Төбе басы сонысымен ажарлы.
Қауқылдасып күліседі жарқылдап,
Болып жатқан жиын сынды базарлы.
Осы ауылға боласың-ау қарап таң,
Маңдайыңда көрер көзің болсын тек.
Пейіш-бақтың бір бөлігін Жаратқан,
Жібергендей тірілер де көрсін деп...
Каталог: books
books -> Мақалалар, баяндамалар жинағы
books -> 1 Бес томдық шығармалар жинағы Телжан Шонан лы Оқу құралдары, оқулықтар
books -> Ғылым комитеті М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Сейіт Қасқабасов
books -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) 82 Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
books -> Бағдарламасы бойынша шығарылып отыр Редакция алқасы
books -> Құл-Мұхаммед М., төраға
books -> Ербол шаймерден°лы шы армалары бесінші том


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   19


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет