Алматы “Жазушы” 2013



жүктеу 1.64 Mb.
Pdf просмотр
бет6/19
Дата11.01.2017
өлшемі1.64 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

69
«Түкірігім сөндірер сенің жаққан отыңды», «Жүйрік едім 
қашаннан  ақбөкендей  орытқан,  талай  келдім  бәйгіден», 
«Мен – жоғарыда жүрген кемемін, сен – өзектегі жыртық 
қайықсың» [2, 91-95] («Қашаған мен Ізбас» айтысынан). 
Қорыта  айтқанда,  Қашаған  ақын  Күржіманұлының 
әдеби мұрасы – қазақ сөз өнерінің халықтық-эстетикалық 
дүниетаным тереңдіктерінің көрнекті көрсеткіші. Тәуелсіз 
Қазақстанның  қазіргі  және  болашақтағы  жаңа  тарихын 
жасаушы ұрпақтарымен бірге ақынның да мұрасы мәңгі 
ұмытылмайды,  ұлттық  рухани  құндылықтар  қатарында 
оқыту мен зерттеу жұмыстары арқылы рухани мәдениет 
қазыналарымен бірге жаңаша бағалана береді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.  Абай (Ибраһим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жи-
нағы. – Алматы: Жазушы, 1986. – Т. 1: Өлеңдер мен по-
эмалар. – 304 б.
2.  Күржіманұлы Қашаған. Топан: Шығармалары. – Алматы: 
Жалын, 1991. – 176 б.
3.  Қазақстан:  Ұлттық  энциклопедия  /  Бас  ред.  Б.Аяған. 
Ал маты:  «Қазақ  энциклопедиясының»  Бас  редакциясы, 
2003. – 5-т. – 720 б.
4.  Ақын-жыраулар: Қысқаша өмірбаяндық мәліметтер мен 
библиографиялық деректер. – Алматы: Ғылым, 1979. – 184 
б.
5.  ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. – Алматы: Ғылым, 1988. – 
352 б.
6.  Исмайылов Е. Ақындар: Жамбыл және халық ақындары-
ның творчествосы туралы монография. – Алматы: ҚМКӘБ, 
1956. – 340 б.
7.  Құран хикаялары. – Алматы: Жалын, 1991. – 224 б. 

70
Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
шығыстанушы, филология ғы лым-
дарының докторы, профессор
 
ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ –
ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ
Қашаған – ойшыл ақын ретінде қазақтың психология-
лық  ерекшелігін  дәлдеп  тани  білген  әрі  оны  нақышына 
кел  тіре отырып, жырлай білген жырау, психолог. Бұл па-
йымдауымызға жыраудың:
Бұл дүниеде не жетім?
Кім қажетсіз болса сол жетім –
деген  өлең  жолдары  дәлел.  Қазақтар  әр  түрлі  себеппен 
қо ғамнан бөлектеніп жалғыз қалса, оның салдарынан же-
тімсірей бастайды.
Ақындар мен жыраулардың бір-бірінен айырмашылы-
ғы – кейде олардың шығармашылығындағы көркемдік бол-
са, кейде олардың туындыларындағы ой ұшқырлығы мен 
ой тереңдігінде жатады. Ал, көркемдік пен ойды ұштастыра 
білген  ақын,  ойшыл  ақын  мәртебеге  қол  жеткізеді.  Ха-
лықтың жүрегі мен санасында ұзағырақ өмір сүру діңгегі 
ақын не жыраудың ой-өрісінде жататыны да адамзат тари-
хынан мәлім. Оған шеттен мысал іздемей, қазақ әдебиеті 
тарихынан Асан қайғы, Бұхар жырау, Дулат Бабатайұлы, 
Махамбет  Өтемісұлы,  Абай,  Шаһкәрім,  Мәшһүр  Жүсіп, 
Тұрмағамбет сынды ақын-жырауларды тілге тиек ете ала-
мыз. Қашаған жырау да ойшылдық қасиетімен халқының 
санасында  ұзақ  уақыт  өмір  сүріп  келе  жатыр.  Сөйтіп, 
қа зақтың рухани кеңістігін байытып келеді. Қашаған қа-
зақтың ұлттық психологиясын терең білгендігінен хал қы-
ның «жетім» деген ұғымын қоғамдық қатынастағы бар лық 
болымсыз жайттарға мәйек ретінде пайдаланады. Өйт кені 

71
өзге  елдерге  «жетімдік»  қасірет  болмаса  да,  қазақ  үшін 
«жетімдік» – асқан қасіретті ұғым. Себебі, көшпенді қазақ 
халқына  ұжымдаса  өмір  сүру  табиғатына  сай  қоғам дық 
ортада  болу  психологиясы  қалыптасқан  ерекшелік.  Жы-
рау осындай ұлттық терең білімімен «Бұл  дү ниеде не же-
тім?» атты өлеңінде қоғамдық психология ның болым сыз 
қатынастардан  туындаған  қайғы-қасіретті  дәл  де  ай қын 
бе ре білген. Қашаған қазақ психологиясын дәл бере білу 
үшін оның кілті «жетім» сөзін саналы түрде қол дан ған. 
Себебі көптеген халықтардың жалпы мә дениетінде «же-
тім» сөзі ана мен әкеден айырылған сәбиге ғана тән ұғым 
болса,  қазақта  бір  қазақ  бір  қазаққа  мейір-шапағат  көр -
сете алмаса, жаны жүдеп жетімсірей бастайды. Сол үшін 
қазақта  «айналайын» мен «бауырым» деген сөздерінің орны 
айрықша.  Қазақ  көппен  бірге  бола  алмаса  жетімсірейді. 
Сол  себепті  қазақ  қонақжай  халық  ретінде  бүкіл  әлемге 
танымал болған. Қазақ өзінің көпшілдік психологиясына 
орай  «жалғыз  жол  тапқанша,  көппен  бірге  адас»  деп  те 
бекер айтпаған. Қашаған қазақтың қоғамдық психологи-
ясына  бағыт-бағдар  беру  үшін,  қазақты  психологиялық 
жетімдіктен сақтандыру үшін «жетім» сөзін өлеңіне ұйыт-
қы еткен. Бұл сөз оның қазақ мәдениетін жақсы да терең 
білгені  үшін  пайдаланғаны  анық.  Өйткені  қазақ  тілінде 
«жетім» сөзі – мағыналық ауқымы кең ұғым. Оны ұға білу 
үшін  адам  мен  адам  психологиясының  бағына  тоқтала 
кетейік.
Адам  жаратылыс  табиғатында  қоғаммен  өмір  сүру 
ерекшелігіне ие. Сол себепті адам баласы қоғамнан, топтан 
бөлініп өмір сүре алмайды. Адам қоғамдық ерекшелігіне 
байланысты қоғамдық ортасында өз бойындағы ғажайып 
 дарынын да, жан түршігерлік қылықтарын да, әлсіз тұста-
рын да көрсетеді. Бір көңіл бөлетін жайт, мұндай ерекшелік 
өзге ұлттардан гөрі қазақ халқына көбірек тән деуге болады. 
Себебі қазақтарға мұндай психологиялық ерекшелік оның 
тарихи жолымен ұштасып жатыр. Қазақ халқының мұндай 
қоғамдық психологиясының ерекшелігіне сәйкес қоғамдық 
ортаға мұқтаж, әрі сол қоғамға керектігін сездіруге мұқтаж. 
Міне, осыдан қазақтың қоғамға мұқтаждығы мен қажеттігі 
Қашаған жыраудың:

72
Бұл дүниеде не жетім?
Кім қажетсіз болса сол жетім, –
деген өлең жолдарының мәнін аша түседі. Өйткені қазақтың 
күнделікті тіршілігіндегі барлық жағымды да жағымсыз, 
нәтижелі  де  нәтижесіз,  пайдалы  да  зиянды  іс-әрекеті, 
қимыл-қозғалысы,  айла-тәсілі  қоғамдағы  өз  орнын  табу 
болып табылады. Сол үшін Абай да:
Сен де бір кірпіш, дүниеге 
Кетігін тап та, бар қалан –
деп қазақтың сондай талпынысын меңзейді. Бұл да болса, 
Абай мен Қашаған жыраудың ой үндестігі, ой сабақтастығы 
болып табылады. Екеуі де бір нүктеге көз тігіп тұр. Тек қана 
екеуінің бір нүктеге екі қырынан қарап тұрғандығы – айыр-
масы. Олар бір мақсатқа екі қырынан қараса да, бірі-бірін 
толықтырушы сыңайлы. 
Ал,  оқырман  Абай  кеңесіне  құлақ  аспай,  бет  алды 
тіршілігінен қол үзбей жүре берсе, Қашаған жыраудың әр 
түрлі себептермен адамның қоғамдық ортадан шеттетіліп 
жалғыз  қалғанының  салдарынан  туған  жағым сыз  нәти-
желеріне  барып  тірелетінін  ұғу  қиын  емес.  Расында 
қоғамнан  шеттетіліп  қалған  адам  қазақ  ұғымында  жетім 
жанның күйін кешеді.
Шынтуайтына келгенде, адамдар ұжымдық тіршіліктен 
қаша  алмайды.  Сол  үшін  де  адам  адамға  тіршілік  ету 
үшін  мұқтаж  жан  екендігін  білуге  тиіс.  Сондай-ақ  адам 
осы мұқтаждық пен бірге қоғамға керек жан болғанын да 
қалайды. 
Кедейлік, тағы басқа себептермен өз орнын қоғамдық 
ортасынан  таба  алмағандар  өздерін  қоғамға  қажетсіз 
сезеді.  Адамдар  мұқтаждық  пен  керексіну  сезімдерін 
қалай,  қандай  жолмен  қанағаттандырады  деген  сұраққа 
жауап беру аса күрделі тақырып болғандықтан, ол – бұл 
мақаланың  мақсаты  емес.  Бірақ  материалдық  кедейлікті 
рухани байлық пен адами сана арқылы бақылауға ала білсе, 
ол  адам  қоғамдағы  өз  кетігін  таба  алады.  Ал,  керісінше 
жүйелі жолдар арқылы дұрыс бағытын тауып, қоғамдық ор-

73
нына орныға алмаған адам адасу жолына түсіп кете береді. 
Екін ші жағынан, қазақ баласы билік пен байлыққа тәуелді 
болып пенделік тәкаппарлық табиғатына сай қаншама қо-
ғамға мұқтаж адам екендігін сезе алмаса, қазақ ұғымына сай 
«жетім» күйін кешеді. Ол халқының қалаулысы да елеулісі 
де бола алмайды. Ондай билер мен байлар әділсіз қоғамдық 
қарым-қатынастар арқылы қоғамның соры болып, елді де 
жетім күйге түсіреді. Қашаған жырау ондай жағдайды:
Хакімі әділ болмаса, 
Бұқара байтақ ел жетім, –
деп жырына өзек етеді. Жалпы адам қоғамға мұқтаж. Қоғам 
да  адамға  мұқтаж.  Адам  өз  қабілетінің  шектеулі  екенін 
ұмытпау үшін ұдайы Алла тағаланы естен шығармау керек. 
Өйткені тек қана Алла тағала ешкімге, еш нәрсеге мұқтаж 
емес. Ал, барлық жаратылыс Алла тағалаға мұқтаж. Себебі 
Алла тағала – бүкіл әлемнің жаратушысы. Құран Кәрімнің 
«Ықылас» сүресінде бұл жайлы Алла тарапынан анық та 
айқын айтылған.
Осы тұста жырау адам мен табиғаттың да өзара байла-
нысын ұмыт қалдырмайды. Жыраудың:
Қаптаған елі қонбаса
Жайылған малы болмаса, 
Көкорай шыққан балқашы
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Ішсең суы құрсағыңа жақпаса, 
Адам менен мал түгіл,
Қаңғырған қарсақ татпаса, 
Ащы дария көл жетім, –
деген жолдары адам мен табиғаттың болмысы бір-бірімен 
тоқайласып  жатқанын  нұсқайды.  Қашаған  жырау  «Бұл 
дүниеде не жетім?» өлеңінде әуелі тіршіліктің үш тірегін 
қатарынан анықтайды. Олар: адам, қоғам, табиғат.
Одан  кейін  қазақ  қоғамының  өз  заманына  сай  салт-
дәстүріне  орайластырып,  қоғамның  көңілін  ардагер  қа-

74
рияларға аударады. Қариялардың қоғамнан оқшауланып, 
кейінгі ұрпаққа қажетсіз болып қалған жағдайын қазақтың 
психологиялық ұғымына сәйкес жетімдерге балайды. Жы-
рау:
Жетпістен жасы асқанда, 
Сексенге аяқ басқанда, 
Жастар елеп келмесе, 
Келіп сәлем бермесе,
Қайғысы келіп күңіренген,
Күнінде асыл десең де, 
Қартайған күнде ер жетім, –
деп  түйіндегені  де  адам  өмірінің  бір  кезеңінде  көрініс 
табатыны шындық. Сол себептен қазақ психологиясының 
өзгере қоймайтын бұл түйсігіне орай әр кезеңнің қоғамы 
қариялар үшін дұрыс көзқараспен қабылдаған шешімдері 
оларды жетімсіретпейді.
Өмір жолын алдыңғы ұрпаққа ерен еңбек етіп өткізген 
қарттар  егер  жаңа  ұрпақтың  жадында  құрметке  бөленіп 
жүрсе,  алдағы  қысқа  өмірін  жетімсіремей  өткізер  деген 
үмітпен  қарттардың  психологиялық  ахуалы  жыраудың 
өлең жолдарына өзек болып отыр. Өйткені адамзат өмірінің 
соңғы кезеңінде елеусіз қалса, тиісті сый-сияпат көре ал-
маса, өткен өмірінен мән-мағына таба алмай, адамдық бол-
мысы таба болғандай күй кешеді. Елеусіз қалған қазақтың 
кемпір  мен  шалына  одан  артық  қасірет  те  бола  қоймас. 
Қашаған жыраудың қарттар жөніндегі ой сабақтастығын 
мына өлең жолдарында да байқай аламыз:
Қырға шықса – белім деп, 
Ойға түссе – тізем деп, 
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң, 
Кемпір менен шал жетім, –
Бір  ғажабы  жырау  қазақ  халқының  өмір  салтын,  қо-
ғамдық психологиясын «жетім» сөзіне арқалатып, өлеңді 
айқын  теңеулермен  дәлдеп  беріп  отырады.  Мәселен  қа-
зақтың төрт түлікке жақын екенін естен шығармай:

75
Қартайса, бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
Мұнда  жырау  қарттыққа  тағы  да  бір  үстеме  мағына 
жүктейді, яғни қазақ үшін өз биігінен төмендей түскенінің 
өзі оған жетімдік қасіретімен парапар бола алады дегенді 
меңзейді.
Қашаған  жырау  адам  мен  қоғам,  қоғам  мен  табиғат 
арасындағы  психологиялық  байланыстарды  тереңдете 
келе, ел басшыға мұқтаж, басшы таққа мұқтаж екенін жыр 
еткен. Ол:
Тақтан түскен хан жетім,
Басшысыз қалған шәр жетім, –
дейді (шәр: шаһар – қала, ел, мемлекет). Бұл өлең жолда-
рында жырау хан мен мемлекеттің бір-біріне қажет екен-
дігін нақтылайды. Өйткені хан тағында халқымен, елімен 
қауыша алады. Тақтан айрылғаны ханның елден қол үзгені 
болып табылады. Сондай-ақ тағы жоқ ел – басшысы жоқ 
ел. Басшысы жоқ ел жетім қалған ел демек. Қазақ тәрбие 
көрмеген адамды «бейбастақ» деуі де осындай түсініктен 
шығады. Басы жоқ ел бейбастақ елге айналады.
Бодандық – ер үшін де, ел үшін де қасірет. Қашаған бұл 
жайында өз шығармасында сөз етеді. Қазақ кең сахарасында 
азат рухты аңсайды. Ерін де, елін де азат болуын қалайды. 
Сондықтан жыраудың жырында:
Сатып алған құл жетім,
Құлдықта жүрген ел жетім, –
дегені оның да жан қалауын бейнелейді. Азаттықты аңсаған 
қазақ  халқы  үшін  бодан  болудан  арылу  арман  екенін 
жыраудың өлең жолдарынан көрініс тапқанын, жыраудың 
да азат ер болу, азат ел болу биік арманы болғанын түсіну 
қиын емес.
Елдің  елдігі  –  оның  шаңырағы.  Шаңыраққа  қожалық 
жасаған бидің бағы шаңырақтың тірегі болып келген әйел-
заттың құзырынсыз күйрейді дегенді қаперге алған жырау:

76
Бақыты тайған би жетім,
Қатынсыз қалған үй жетім, –
екенін ескертеді. Бұл да болса, қазақ халқы отбасыға, шаңы-
рықтың бекем болуына әйел басты қайнар, сенімді кепіл 
екендігіне сенетінін байқатады. Жырау бұл бағытта ойын 
ұштай келе:
Азамат ерлер қайғы етер 
От басында жыласа,
Жас төгіп сәби бір жетім, –
деп жетімдік қасіретін сәбидің көз жасына, нағыз азамат 
ерлердің от басына деген махаббаттан бастау алған қай ғы-
сына ұштастырады. Сол үшін де жырау қазақтарды қашан 
да ерлерін құрметтеп жүргенін қалайды. Жырау әрқашан 
қоғамды сүйіспеншілікке, мейірге, сыйластыққа үндейді:
Ақырында тәрік етуге жарамас,
Ерлердің еткен құрметін», –
деп түйін ойын айтады.
Қорыта  айтқанда,  Қашаған  жырау  өз  заманының  қо-
ғамдық психологиясына терең үңіле отырып, қазақ халқы 
өз кеңістігінде адам болып өмір сүруге тиіс екенін нақтылап 
береді.  Адам  баласының  табиғатындағы  психологиялық 
ерекшелігі  оның  қоғамға  мұқтаждығы  әрі  оның  қоғамға 
керектігі. Ал, адамдар осы екі бағытта елеусіз қалса, оның 
салдарынан жетімсірей жүріп бақытсыздыққа тап болады. 
Сондай-ақ  жырау  адам,  қоғам  мен  табиғаттың  тағдыры 
бірі-бірінен ажырамас тағдыр екенін айқындайды.
Сөз  соңында  айтарымыз,  Қашаған  жыраудың  шығар-
малары психологиялық, қоғамдық, саяси, педагогикалық, 
тілдік, көркемдік тұрғыдан қазақ мәдениеті мен әдебиетіне 
қосқан үлесі үшін әлі болса жан-жақты тереңдете зерттелуге 
тиіс демекпіз.

77
Бибіайша НҰРДӘУЛЕТОВА,
филология ғылымдарының 
докторы, Ш.Есенов атындағы 
КМТжИУ профессоры
 
ҰЛТ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ЖАЛАУГЕРІ – 
ҚАШАҒАН ЖЫРАУ
Қазақ топырағында тәуелсіздік үшін күрес тарихының 
бірнеше кезеңдері, әр кезеңнің өзіне тән күрес қаруы, амал-
әрекеті болды десек, қазақ халқының материалдық және 
рухани қазынасына қол сұғып қана қоймай, сол арқылы ұлт-
тық еркіндікке шек қоюды мақсат тұтқан отарлаушыларға 
қарсы халық рухын оятуда жыраулар поэзиясының орны 
ерекше.
XIX  ғасырдың  екінші  жартысы  –  қазақ  елінің  Ресей 
патша  өкіметінің  қол  астына  кіріп,  бірақ  әлі  де  болса 
бодандықтың қамытын толық мойындай алмай, еркіндіктен 
айрылғанына опық жеп, өкінішпен күн кешкен кезеңімен 
сәйкес келеді. Бодандықтың кейінгі ұрпаққа тигізер зардап-
ты залалын алғаш аңғарып, жырларымен зар төккен ақын-
жыраулардың тәуелсіздік идеясы кейінгі кеңес үкіметіне 
де жаға қоймағаны белгілі болып отыр. Орыстандырудың 
там-тұмдап  етек  ала  бастаған  белгілеріне  ұлт  тамыры-
на  балта  шабылатын  нышан  ретінде  шошына  қараған 
жырауларға  (Шортанбай,  Мұрат,  Әбубәкір  т.б.)  қазақ 
мәдениетінің  кеңестік  тарихында  «зар  заман  ақындары» 
деген ат қойылып, «кертартпа, ұлтшыл ақындар» деп айдар 
тағылды. Кеңестік идеологияның салқынымен жыраулық 
мұра бірыңғай дидактикалық мазмұндағы поэзия ретінде 
талданып келді. Азаматтық, қаһармандық қыры «таптық 
күрес, байлар мен молдаларды сынау, жоңғарларға қар сы 

78
соғыс, батырлықты дәріптеу» тұрғысынан ғана тал дан ды. 
Ал жыраулар поэзиясындағы ұлттық идея, жыр лар дың ұлт 
тәуелсіздігі жолындағы күреске үндейтін, отар шылдықты 
әшкерелейтін  саяси,  идеологиялық  қыры  елеусіз  қалып 
келді.  Дұрысында,  «ұлтшыл,  байшыл»  деген  қара лауға 
ұшырап  кетпес  үшін,  жыраулық  мұраның  саяси-идео ло-
гиялық мазмұндағы жолдары «репрессияланды».
Рухани  тәуелсіздігіміздің  20  жылдық  белесінде  әлі 
де  бас-аяғын  жинатпай  жатқан  Маңғыстау  жыр  мектебі 
өкілдері  қатарында  шығармалары  барынша  мол  жет-
кен  әрі  республикалық  басылымдарда  насихатталып 
жүр ген  Қашаған  жырау  екені  белгілі.  Жәдігер  жырдың 
жоқ шысы  Қабиболла  Сыдиықұлының  жинақтауымен 
ақын өлеңдері бірнеше рет жеке кітап түрінде де жария-
ланды.  Жыраудың  170  жылдық  мерейтойы  қарсаңында 
маңғыстаулық  мұратанушы  Ж.Жылқышиевтің  күшімен 
қайта  толықтырылып,  жинақталған  «Қайыртпай  кеткен 
Қашаған»  атты  шығармалар  жинағын  баспаға  әзірлеу 
барысында түсінгеніміз: ақынның бұған дейін ресми ба-
сылымдарда  көрініп  жүрген  жыр-мұралары  –  «асылдың 
шашырап  түскен  сынықтары»  ғана,  ал  «шын  алтынның 
құймасы» халықтың зердесінде сақталып келген. Жырау-
дың біршама шығармаларының мәтіндері қысқартылған, 
өзгертілген, тіпті ресми басылымдарға мүлде енбей қалған 
туындылары  да  табылуда.  Осы  тұста  Қашаған  жырау 
Күржіманұлы бас қан топырақтан түлеген қара сөздің абы-
зы Ә.Кекілбайұлының ақынның 150 жылдық мерейтойына 
арнаған лебізінде: «Жыр сұңқарға неге томаға кигізілді? 
Жыр тұлпарға неге кісен салынды? Айтпаса да белгілі...» 
деген жолдары еске түседі.  
Жыраудың,  әсіресе,  дастандарының  мәтіні  қатты 
өзгеріске ұшыраған. Жыр жолдары қалып қойғаны өз алды-
на, біртұтас шығарманың әр шоғыры әртүрлі атпен бөлек-
бөлек шығармалар түрінде кездеседі. Мысалы, ақынның 
«Жұт жылы» дастанының үзінділері «Топан» жинағында 
«Жұттан кейін», «Замана халі» деп аталатын бөлек-бөлек 
жыр үзіктері түрінде берілген. 

79
1900 жылы Жем өзені арнасынан асып, жағасына жақын 
орналасқан елді мекендерді су шайып кетеді. Адам, мал 
шығыны  көп  болады.  Табиғат  апатынан  зардап  шегіп 
сансыраған  халыққа  сол  кездегі  қазақ  жерін  уысында 
ұстап отырған патша үкіметінің жергілікті әкімшілігінен 
ешқандай жәрдем көрсетілмейді. Осы жайларды көзімен 
көріп, күйінген ақынның ашу-ызасы жыр болып төгіледі. 
Жыр бірте-бірте тереңдеп, «Топан» деп аталған дастанға 
айналады. Осы дастан «Топан» жинағында 335 тармақпен 
берілген.  Жергілікті  баспасөз  беттерінде  дастанның  бір 
бөлігі «Топан», келесі бір бөлігі «Жем тасығанда» деп ата-
лып, екі бөлек шығарма ретінде жарияланып келді. Кейін-
нен бұл екі жырдың тұтас бір дастан екені анықталды. Со-
нымен «Топан» дастанының «Қайыртпай кеткен Қашаған» 
атты  жаңа  жинақтағы  толықтырылып,  қалпына  келген 
нұсқасы 534 жолды құрайды. 
Дастанның негізгі мағыналық шоғырлары: 
1.  Кіріспе. Бегім төреге арнау сөз. («Бегім төре, нәніміз, 
Сөзге құлақ салыңыз», – деп басталатын 23 тармақ).
2.  Асан  қайғының  Еділ  мен  Жайықты  тастап  көшуі 
туралы (Күндердің күні болғанда...)
3.  Өткен тарихтан мысал-үлгі айту («Ноғайлының елін-
де, Үш қиянның жерінде, Талай хандар шалқыған...»)
4.  1900  жылғы  оқиға  тұсында  қазақ  жеріндегі  саяси-
әлеуметтік  жай-күйді  сипаттау.  («Әлеумет,  пәмді 
ішпен сез, Асанқайғы атам айтқан сөз. Еліңді кімнің 
алғанын Көріп тұр шыққыр, міне, көз...»)
5.  Оқиғаны суреттеу («Құтырынған бір құйын Кетірді 
жаман ел күйін...»)
6.  Оқиғаның себебі мен салдарына талдау жасау, жыр-
дың түйіні.
«Топан» жинағында дастанның 1-шоғыры мүлде жоқ. 
2-шоғырдағы  кейбір  шумақтар  арасындағы  түсіп  қалған 
жеке  тармақтарға  тоқталып  жатпай,  алынып  тасталған 
тұтас шумақтарды көрсете кетсек: Күндердің күні болғанда, 
 «Орыстар зорлық етер, – деп, – Жағама қолы жетер, – 
деп, –  Еңіреп  ерлер  өтер»,  –  деп,  Асан  қайғы  бабамыз 

80
Жерінен безіп сол үшін, Амалсыз тастап кетіпті Көк Еділ 
мен  Ақжайық,  Кең  Нарынның  қонысын!..  Қалып  қойған 
келесі шумақ: Батырлар да өтті әруақты, Қанжығасы 
қанға  малынған.  Бексауытын  жамылған,  Дұшпаннан 
кегі  алын ған.  Көрмесе  жауын  сағынған,  Алмастан  қару 
тағынған. Қамалға шауып, шеп бұзып, Жүрегін басқан қа-
бынған. Он сан ноғайлының хандығын Билігімен басқарып, 
Орақ, Мамай, Телағыс, Асанқайғы атам, Қазтуған – Олар 
да кеткен шарасыз Мынау көлденең жатқан Нарыннан. 
Өлең жолда ры Асанқайғының Еділ, Жайық, Нарынды та-
стап көшу тарихын, себебін баяндайды. 
Дастанның ең көп қысқартылған бөлігі төртінші мағы-
налық  шоғырда.  Ақын  «Асанқайғының  болжап  айтып 
кеткені  шынға  айналды,  соны  шыққыр  көзіміз  көрді» 
деп  күйіне  сөз  етіп  отырғаны  –  Ресей  патша  үкіметінің 
қа зақтың жерін шындап жаулай бастаған тұсы. Жем мен 
Жа йықтың  бойындағы  қорғасындай  балқыған  құйқалы 
жер, Жайықтың исі аңқыған бекіресі талайдың арманына 
айналып еді. Сарытау, Самар, Қазанның саудагерлері мен 
келімсек қоныстанушылары, Хиуаның саудагер сарттары 
ағылып келіп, олжаға белшесінен батып, ақшаны сарайлап 
жинап, елдеріне тасушы еді. Сол келімсектер тойынғасын 
«құдайларын»  ұмытып,  жергілікті  елді  көзіне  ілмей, 
кемсітіп  қорлауға  айналды.  (Жем  мен  Жайық  құт  еді, 
Тарқамас базар-дүкені. Берекелі қазаным, Қызығы кетпес 
базарым,  Ақ  шуақты  ажарым.  Кешіп  жатыр  басынан 
Келімсектер мазағын). Халықтың қазанына қол сұғып, өз 
несібесін  өзіне  татырмады  (Сарытау,  Самар,  Қазаннан 
Келгеннің қызық көргені, Тастары өрге өрледі. Бектерімді 
баяғы, Есіктегі, аяғы, Құлы құрлы көрмеді. Билеп ап судың 
балығын Бұқара байтақ халықтың Жеуіне де бермеді...). 
Қазақтың мүддесімен ешкім санаспады, бас көтерсе, жазаға 
тартты (Бас көтерген қазақты Пәлеге тартты кесектеп). 
Бір кездерде қазақты «қой баққан надан ел» деп менсінбей, 
қазақтың жеріне аяқ басуға жиренетіндер енді басқаша сай-
рап жүр (Сахыраның елі шашық деп, Баруға алыс-қашық 
деп, Шаңды-аяқ елге бармайық, Бара алмаспыз асып деп... 
Жоламаушы еді әуелде. Бүгінде басқа сайрап жүр, Тор-

81
тұзағын  сайлап  жүр  «Зердесіз  елдің  байлығын  Қарпып 
қалуға асық» деп...). Бұл келімсектер қазақтың байлығына 
сұғынғаны аздай, енді елдің рухани болмысын бүлдіруге 
әрекеттенуде.  Алдымен  елдің  жүрегін  жадылап,  арамза 
 молдалары  келді  (Ноғайлар  тапқан  жан-айла,  Указной 
молдалар  Өп-өтірік  құдайлап).  Артынан  елдің  санасын 
тұмандатып, есінен адастыратын арағы мен темекісі қоса 
жетті  (Қалаға  келген  билері  Арақ  ішіп,  елірді.  Кеудесі 
бұған  семірді,  Папиросы  шегулі...). Тентек-тебірін  қазы 
мен  билердің  алқасына  салатын  салтымыз  аяқасты  боп, 
түрме  деген  сұмдығы  шықты  (Тентек  қылса  бір  қазақ, 
Түрмеге барып маталды). Қазақтың сөзін сөйлеуге тиісті 
бай-мырзаларын арзан қызықпен алдап-сулап, басын айнал-
дырып қойды (Қайырсыз кілең қаста бай Айдаған малға 
қуанып, Қой-қозыға жұбанып; Қалалы жерде мырзасы Қос 
арғымақ пар жегіп, Тарантас арба туарып, Кәршөндікке 
қамалып,  Шалқыды  талай  мас  болып,  Нәпсісін  ылайға 
суарып...). Бұған дейінгі жарияланымдарда нәпсісін шайға 
суарып түрінде беріліп келген тіркес жаңа нұсқада нәпсісін 
лайға суарып болып түзетілген. Біздің ойымызша, ақынның 
лай  деп  отырғаны  арақ болса  керек.  Қаладаға  мырзалар 
кәршөндікке  қамалып  шай  емес,  арақ  ішетіні  түсінікті. 
Шалқыды  талай  мас  болып  деген  тармақ  та  лай  (арақ) 
сөзіне  меңзейді.  Арақ  –  адамның  санасын  лайлайтын 
жағымсыз, лас сұйық ретінде образдалып беріліп тұр деп 
түсінеміз.
«Топан» жинағында төмендегі шумақтар жоқ:
Бес күндік дәулет мас қылып,
Болмайтын іске бәс тігіп,
Дұшпанға артын аштырып,
Жақсыны жаман табалап.
Бәледен бәле балалап,
Көбейді хабар жаманат...
Сарттан болды молдасы,
Шайтан болды жолдасы.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет