Алматы «Жібек жолы» 2009



Pdf көрінісі
бет8/9
Дата06.03.2017
өлшемі1,77 Mb.
#7824
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ВОЛОДЯНЫҢ БАСЫ
Барлық  балаларға  тəн  қасиетпен  ол  да  тезірек  есеюге 
асығатын. Бірақ бұл сапар есеюге емес, Құдайға апаратынын 
білмейтін. Есеюдің ешбір қызығы жоқ екенін кейін білді.
Қызыл галстук байлаған пионерлердің əн айтып, тізіліп 
бара  жатқанын  көргенде,  тіпті  қызығып  кетті.  Қақпа  алды-
нан жүгірген бойы шешесіне келді де:
–  Мама,  мен  қашан  пионер  болам? – деді  ентігін  баса 
алмай. Шешесі күліп:
–  Пионер  болу  үшін  алдымен  октябрят  болуың  керек. 
Құдай қаласа... – деп барып, шешесі аузын алақанымен жаба 
қойды. Анасының əр сөзін тыңдап тұрған кішкентай қыз:
– Құдай деген кім? – деді жұлып алғандай.
– Ақырын ойбай, ешкім емес. Ендігəрі бұл сөзді айтсаң, 
–  деп  үнсіз  қалған  шешесі  қызын  қолынан  жетектеп,  төргі 
үйдегі сандықтың қасына алып келді. Сандықтан кішкентай 
ақ  матаға  оралған  нəрсенің  орауын  жазғанда,  ішіндегі 
төсбелгіні көрген қызы:
–  Мынау  Ленин  атам  ғой! – деп,  қуанып  кетті.  Ленин 
атасын  жақсы  көретін.  Төсбелгіні  қолына  ұстап  отырған 
шешесі қызына қарап күлімсіреді де: 
–  Міне,  осы  төсбелгіні  сен  октябрятқа  өткен  кез-
де  кеудеңе  тағасың.  Бірақ  сен  жаңағы  құдай  деген  сөзді 
ұмыт.  Əйтпесе  көршінің  баласына  бере  салам.  Жарай  ма? 
– Лениннің бас суреті бейнеленген төсбелгіге қызыға қарап 
тұрған бүлдіршін қыз:
–  Жарайды,  мама, – деп  басын  изеді.  Шешесінің  «О, 
Алла» деп күрсінгенін сыртқа қарай жүгіре жөнелген қызы 
естіген жоқ.
Өзінен  бір  класс  жоғары  оқитын  көршінің  бала-
сы  октябрятқа  өткенде  қатты  қызықты.  Тіпті, «ұйықтап 

110
таңертең  тұрғанда  көктем  болып  тұрса  ғой»  деп  те  арман-
дады. Əлгі көрші бала бұрын мектептен бірге қайтып, бірге 
ойнайтын. Қазір бөлектенген. Октябрятқа өткен өз кластас-
тарымен  ғана  ойнайтын  болды.  Октябряттарға  Володяның 
басы  белгіленген  төс  белгі  беретінін  естіген.  Бірақ  төс 
белгіні көрмеген еді. Əдемі екен. Бірде, бір топ бала ойнап 
жүргенде  көрші  бала  келіп  өз  төсбелгісін  көрсетіп,  Во-
лодя  туралы  мұғалімнің  қандай  əңгіме  айтқанын,  өзінің 
октябрятқа өткенде ант бергенін айтып мақтанды. Қызығып, 
қызғанып кеткен бұл:
– Көктемде мен де октябрят болам. Менің төсбелгім мы-
надан əдемі. Ол мамамда, – деп еді октябрят көрші.
– Сендер өтпейсіңдер. Енді октябрятқа қабылдамайды, – 
дегені сол екен кішкене қыз жылап жіберді.
– Мамама айтам – деп, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Ол  кезде  бəрі  басқаша  еді.  Адамдардың  бəрі  арман-
шыл  болатын.  Құдай  деу  де  арманға  айналған  кез  еді.  Мен 
алғаш  Құдай  бəрімізді  жаратқанын  естігенде  ата-анама 
біртүрлі  сенімсіздеу  қарағаным  есімде.  Ол  шақта  бəрі  бар, 
тек,  бостандық  жоқ  еді.  Бірақ,  біздің  ауылдың  адамдары 
бостандыққа зəру емес еді. Қарапайым адамға керектің бəрі 
болды.  Армандардың  орындалуы  да  партияға  адалдықтан 
басталатын.  Ал  қазір  бостандық  бар  да,  ештеңе  жоқ.  Иə, 
Құдайға  ештеңе  егіз  емес  екенін  кейін  білдік.  Арман  да, 
бостандық та бос əуре екен. Қолға түскен соң құны жоғалады. 
Сонымен, біздің кейіпкеріміз күткен көктем де келіп жетті-
ау. Бұл қайта құрудың дəуірлеп тұрған тұсы еді. Ел іші, тағы 
бір  керемет  болардай  алаңдаулы-тын.  Тегінде,  Бостандық 
дегеннің өзі адамның өз ішіндегі шын бейнесімен бетпе-бет 
келуі.  Адамның  шын  бейнесіне  жасырылған  шындықтар, 
Құдай ақиқатына не жақын, не алыс болуы мүмкін. Себебі, 

111
Құдай мен Адам арасындағы кедергінің өзі адам ғой. Қалай 
болғанда да, еркіндік деген сөз ел ішін кезіп жүрген еді.
Көктемнің  əр  күні  октябрятқа  өтуге  жақындатып  келе 
жатқанда бəрі нілдей бұзылды. Бұдан былай октябрятқа өту 
тоқтатылыпты.  Мұғалім  мұны  аса  бір  қынжылыспен,  жы-
ларман болып жеткізді. «Неге, неге бізге келгенде тоқтайды, 
сонда  бізді  Ленин  жақсы  көрмей  ме?»  Балалар  шуылдап 
кетті. Өзі енді ғана партияға өтемін деп, дайындалып жүрген 
жас мұғалім өзін кінəлай қараған кішкентай көздерге қарай 
алмай, сырт айналып кетті. Бір класс арманның тас-талқаны 
шықты.  Мұғалімдерінің  теріс  қарап  жылап  жібергенін 
байқаған  оқушылар  тым-тырыс  бола  қалды.  Сол  сəтте 
ол  кластан  лып  етіп  шықты  да,  үйіне  қарай  безектеді-ай 
келіп. Жылап келеді. Жүгіріп келеді. Келе сала сандықтағы 
төсбелгіні  іздеді.  Төсбелгіні  көрді  де,  өксіп-өксіп  жіберді. 
Кішкентай  қыз  арманның  орындалуы  да  біреулердің  саяси 
шешіміне байланысты болатынын сезген жоқ.
Үйге  келген  шешесі,  Лениннің  басы  бейнеленген 
төсбелгіні  ұстап,  жылап  отырған  қызын  қалай  жұбатарын 
білмеді.  Сол  күні  октябрятқа  өтпей  қалған  балалардың 
ешбірі ойынға шықпады.
Іле-шала Тəуелсіздік деген сөз бұл ауылға да жетті. Ешкім 
қуанған жоқ. Бəріне кінəлі тəуелсіздік секілді көрінді. Жұрт 
жақсы өмір сыйлаған тəуелділіктен айырылғысы жоқ еді. Ол 
да октябрятқа өтпей қалғанын тəуелсіздіктен көрді. Төсбелгі 
сандықта алты жыл жатты. Бұл, бəлкім, бəрі қайта қалпына 
келер деген шешесі екеуінің үміті еді. Тəуелсіздіктің алтын-
шы  жылында  ауылдағы  Лениннің  ескерткішін  құлатқанда 
үміттері біржола өшті. Содан бері ол армандаудан қорқатын. 
Тек  анда-санда  төсбелгіні  кеудесіне  тағып,  октябрятқа  өтіп 
жатқан өзін түсінде көретін. Кейін бəрі ұмыт болды. Өмірдің 

112
негізгі  мəні  де  бəрінің  ұмыт  болуында  екенін  бағамдаған. 
Тіпті кейде Құдай да.
О ДҮНИЕЛІК КІТАПТАР
Қып-қызыл  қанға  бөккен  Жер  Күнді  қинала  айналып 
бара жатты.
* * *
Екеуі  көшеде  кездесті.  Көріспегелі  көп  болған  еді. 
Шүйіркелесе кетті.
– Қайдан келесің?
– Базардан.
– І…і…м.
– Өзің ше?
– Жұмыстан.
Екеуі  бір-бірінен  көз  тайдырып,  басқа  жаққа  қарап  сəл 
тұрды да, əңгімелерін əрі қарай сабақтады.
– Базарыңда не жаңалық?
– Сол сатады, сатып алады…
– Иə, қазір бəрі сатылатын болды ғой. 
– Аспан сатылмайды! 
– Қолы жетпейді, əйтпесе оны да сатады.
Тағы үнсіздік. Базаршы шылым тұтатты. Жұмысшы одан 
сұрап шекті. Темекі түтінімен əңгіме қайта тұтанды.
– Сенің жұмысың қалай?
– Сол бастыққа бас ұрып… 
– Сенің де күнің күн емес. 
– Неге? 

113
– Өзің де сезіп тұрсың ғой. 
– А-а-а… 
Темекілерінің  тұқылын  табандарына  салып  өшіріп 
тастаған соң, базаршы жұмысшыға:
– Жүр сыра ішейік, – деп еді, анау үнсіз келісті. Сəлден соң 
екеуі кафеде отырды. Тыртиған юбка мен кіндіктен жоғары 
келетін  кофта  киген  даяшы  қыз  қастарына  жақындаған 
кезде  екеуі  қыздың  ашық  жерлерін  ішіп-жей  қарады.  Қыз 
қымсынған жоқ. Керісінше «біздерде мынадай бар, мынадай 
бар» дегендей мəз. Екеуі сыраға тапсырыс берді де қыздың 
соңынан тағы қарады. Үзілген əңгімені жұмысшы жалғады.
– Ұят жоқ қой бұларда. 
– Сол ұяты құрғыр адамзатта жоқ. 
– Қалай? 
– Не, телевизор көрмейсің бе? 
– Кейінгі кезде ұятсыз дүние көрсетпейтін болды ғой. 
– Өтірік. 
– Не өтірік? 
– Өмір!
– А…а…а… 
Тағы  да  үнсіздік.  Екеуі  сыраны  сыздықтатып  отыр. 
Үнсіздікті базаршы бұзды.
– Кітапты əлі көп оқисың ба? 
– Жоқ, интернет бар ғой.
– Интернетің не дейді? 
– Сол баяғы дау, таққа талас, қызыл қырғын, оған жаһан-
дасу деген қосылды. 
– Ол не? 
– Бүкіл əлем бірігеді. 
– Біріккені қалай? 
– Оны менен сұрама. 

114
– Қызық екен, сонда ұлт қайда қалады?! 
–  Қырғынның  бəрі  сол  ұлт  үшін.  Бəрі  тəуелсіз  құдай 
болғысы келеді. 
– Тəуелсіз болған жақсы ғой. 
– Несі жақсы? 
– Өзіңмен өзің боласың. 
– Ешқашан олай болмайды. 
– Басқасын қайдам, мен өзіммен өзіммін! – деген базар-
шының сөзіне, жұмысшы жымиып күліп отырып: 
– Жоқ, сен қоғамның құлысың, – деді. 
– Сен ше? 
– Мен де, барлығы, бүкіл адамзат. – Екеуі тағы да тақы-
рыптан ауытқып кетті. 
–  Осы  адамдар  неге  соғысады? – деді  базаршы  басын 
шайқап. 
– Соғысу өмірдің мəні, соғыс болмаса өмір мағынасынан 
айырылады.
Екеуі тағы сыра алғызды. Тағы да темекі шегілді. Қарама-
қарсы отырған екеудің ортасын үнсіздік бөліп тұр. Біраздан 
кейін базаршы тағы да əңгіме қоздатты: 
–  Өркениет  деген  жақсы,  өзің  отырасың,  саған  сыраны 
əдемі қыз əкеліп береді.
Жұмысшы күлді. Күлді де: 
– Өркениет – адамзаттың өлімі – деді. Базаршы үндеген 
жоқ. – Айтпақшы, оқымысты шал дүниеден өтті. 
– Қашан? – деді базаршы жайбарақат кейіп танытып. 
– Бір ай бұрын. 
– Кітаптарын не істепті? 
– Жерлепті. 
– Жерлегені қалай? 
– Кəдімгідей табытқа салып, көрге көмген. Өзі өлерінен 
үш күн бұрын. 

115
– Неге жерлепті? 
– «Адамдардың  рухани  байлыққа  қажеттілігі  түгесілді. 
Сондықтан  кітаптар  ғұмырын  тоқтатып,  техника  мен  санға 
жол  берді.  Жасасын  жарық!» – деп  кітаптардың  қасына 
қойған  құлпытасқа  жаздырыпты.  Оны  шалдың  қабіріне 
барғанда көрдім. 
– Қызық екен. 
–  Иə,  бəрі  қызық  əрі  қорқынышты. – Екеуі  сыраларын 
сімірді. 
–  Шал  екеуімізге  хат  тастапты, – деп  сырасын  столға 
қойып  жатып,  сөзін  сабақтады  жұмысшы.  Төс  қалтасынан 
ұқыпты  бүктелген  ақ  қағаздың  орауын  жазып  оқып  берді. 
«Артық ақылдан арылыңдар. Артық сананы сылып тастаңдар. 
Аналарыңа оралыңдар». Басы салбырап кеткен базаршы: 
– Жақсы Адам еді – деп еді.
– Рас, жақсы Адам болатын – деп жұмысшы қостады.
Қалған  сыраларын  үнсіз  ішісті  де,  даяшы  қызбен  есеп 
айырысып  болған  соң  екеуі  салқын  қоштасып,  жөндеріне 
кетті.  Шалдың  қос  шəкіртіне  жазған  Аманат  хатын  даяшы 
қыз  стол  үстінен  алды  да,  қоқыс  салатын  шелекке  атып 
ұрды. 
* * *
Адамзаттың  қанды  көзінен  қорыққан  Күн,  Жерге  аяй 
қарап, үрейлене батып барады.

116
ТОПЫРАҚ 
Дала.  Сол  баяғы  қалпы.  Мұнарланып  мұң  кешеді. 
Сағымданып сарғая сағынады. Жауындатып жылайды. Жы-
лайды  да  көз-жасын  өз  бойына  сіңіріп  алады.  Жасынан  та-
мырланып  көк  алған,  бір  түске  бағынбас  табиғатқа  түлетіп 
өмір беріп, баршасының сойы өзі екенін медет қылады. Енді, 
міне, қар астында тоңданып дірілдейді.
Дала-шашасынан  қар  кешіп,  тұла  бойын  дүр  сілкіндіре 
дүрілдеп, суық сорып қатқақтана құрыстанған денесіне қан 
жүгіртіп, айналасын айқайға тұндырып, қалың қол жүріп өтсе 
деп үміттенді. Бірақ жоқ іздеген я хабаршы салт атты болма-
са,  жеңіс  туын  жалаулатқан  жеңімпаз  түмендер  көрінбейді. 
Жер – екі  елі  ақ  былғарыдан  табандап,  қонышын  қоян 
терісінен қаптаған, ұшы қайқиған, басы оюланған етік ізінің 
таң  алдында  қылаулана  жауып,  кешегі  іздерді  жасырған 
ақұлпа  қардың  үстіне  бүгінгі  түскен  алғашқы  із  екенін 
сезген  жоқ.  Бар  аңсары – омырауын  қандаған  дүбірлі  ат 
тұяғы.  Таң  сыз  бере  хан  ордасынан  шыққан  жалғыз  із, 
орданың  күншығысындағы  түйежон  төбеге  қарай  созы-
ла  суыртпақталып  барады.  Із  иесі – Бөрте  еді.  Хан  күйеуі 
қанша  жорыққа  аттанса  да  тек  жеңіспен  оралатынына  еті 
үйренген Бөрте дəл бүгін қатты алаңдаулы. Елтіріден тігілген 
ішігінің жағасының ішіне мойынын тығып сəл дір етті. Ұлы 
ханның  қолы  кеткен  тұсқа  қарап  еді  көз  суырар  аппақ  қар. 
Күншығысқа  қараған  қалпы  «Қанағатсыздық» – деп  жеңіл 
күрсінді. Сосын есіне түнде көрген түсі түсті. Темучин екеуі 
дəл  осы  төбенің  үстінде  тұр  екен  дейді.  Темучин  əлденені 
айтып,  күншығыс  жақты  нұсқап  еді,  көз  ұшында  бұларға 
бағыт  ұстап  келе  жатқан  бөріні  көріп, «Темучин»  деп  бір 
адым артқа шегініп күйеуінің артына тығыла түсті. Екі көзі 

117
бөріде.  Темучин  бөріден  көзін  алмаған  күйі  «Жараланған» 
деді.  Бөрте  əуестікпен  алға  ұмтыла  берген  сол  еді,  жұқа 
шабынан  қан  саулаған  бөрі  екеуінің  жанынан  өте  шықты. 
Беталысы  батыс.  Бөрте  бөрінің  соңынан  қараған  қалпы 
Темучиннің білегінен ұстамақ болып еді, қолы ауа қармады. 
Шошына  жалт  қарағанда  Темучиннің  орнындағы  ұйыған 
қанды  көрді...  Түсінен  шошып  оянған  Бөрте,  Тəңіріне  жал-
барынып төбе басына тұрған беті осы-тын. 
Күншығыс пен күнбатысқа кезек қараған Бөрте ғұмыры ат 
үстінде өтіп жатқан жарының қанмен ашқан дүниені қанмен 
тазартқысы  келетініне  ойы  жетпейді.  Даңқ  пен  дəрежеге 
қылыштың  жүзімен  жеткен  Темучиннің  түпкі  ойы  Бөртеге 
анық  емес.  Кейде  жорықсыз  жатуды  жөн  көрмей,  жаулауға 
аттанатыны  өз  еркімен  емес,  өзгелердің  «Жебесінің  жеткен 
жері осы. Енді, атқа қонып алысқа аттанбас» деп айтар сөзінен 
секем  алатыны  ма  деп  ойлайтын.  Болмаса,  тек  құмарлық. 
Атының тұяғы тиген жер көзіне көрінбесе де көңіліне олқы 
соғып тұра ма екен? Ұлы ханның неге сонша дүние билігіне 
құмарлығын  білмей-ақ  қойды.  Темучин  Бөртеге  қазір  жар 
да  емес.  Ол  Ұлы  хан.  Бөрте – мынау  кіндік  мекеннің  кіші 
билеушісі. Өзі көрмеген жерге Бөртенің бұйрығы жетіп жа-
тады. Шашырай қоныстанған көшпелілердің ішкі ісін Бөрте 
жайғастырып  отыр.  Жар  төсегінде  қашаннан  бері  жалғыз 
екені  есінде  жоқ.  Темучиннің  исін  де  ұмытыпты.  Тек 
Тəңірі  теліген  жарының  ақ  жолы  мен  жарлығына  адалдық 
қана  бар.  Бірақ  жатса,  тұрса  баяғы  балғын  шағындағы 
Темучинді  сағынатын.  Төбе  басында  түпсіз  ойға  беріліп 
кеткен Бөрте күншығысқа тағы бір мəрте тесіле қарады да, 
«Тойымсыздық» – деп ауыр күрсініп кері бұрылды. Келген ізін 
қайтара баспай төбе басынан жаңа із салып ордаға беттеді. 
Келе жатып шыққан ізіне көзі түсіп, «Темучинге қайта табыс-

118
тырар із болса, кері қайтатын. Көнеге оралатын» деп ойла-
ды. Өзіне ғана тиесілі Темучинін жоғалтқаны есіне түскенде 
жанын мекендеген жалғыздық ұлып қоя берді. Бөрте тоңази 
бастағанын  енді  білді.  Түндегі  түсінен  арыла  алмай,  оны 
неге  жорырын  білмей  ордаға  енді.  Қайырма  киіз  есіктен 
кіргенде жанары қақ төрдегі хан тағына түсті. Телміріп ұзақ 
қарады. «Темучин  екеуіміздің  арамыздағы  алынбас  қамал 
да  осы  тақ».  Тіпті  иесіз  тұрса  да  иментіп,  еңсеңді  езіп, 
мысыңды  басады.  Жақындасаң  жаныңды  алып  қоярдай. 
Асқақ  тұр.  Бар  дүние  осы  тақтың  алдында  тағдырының 
үкімін  күтіп  тұрғандай.  Тірі  жанға  сыр  алдырмас,  секемін 
селт еткізген жандыны өз қанына тұншықтырып тыныштық 
тапқанмен табаны қышып, дүниені кезіп, Тəңірдің биілігіне 
қылыш жұмсамақтай. Бөртеге тақ ұлы ханға емес, хан таққа 
тəуелдідей көрінді. Өз ойынан селт еткен Бөрте тақтан көзін 
тайдырып  əкетті.  Жанында  күміс  құман  ұстап  иіліп  тұрған 
күтуші  əйелді  көріп,  жылы  суға  жүзін  шайды.  Тақтың  оң 
жағындағы аю терісінің үстіне жайлана отырып, таңғы асты 
аузына  ала  бергенде,  сырттан  ат  дүбірі  естілді  де  іле-шала 
есіктен  сақал-мұртын,  қасын  қырау  шалған  хабаршы  кіріп, 
бір дізерлеп, оң қолын жүрек тұсына апарып, басын салбы-
ратып, жүзін жерден алмастан: «Ханшам, ұлы қаған» деп ба-
рып сөзін кілт үзді. Бөртенің аққұба бидай өңі сəл сұрланып, 
бетінің қызылы тарқап қабағы дір етіп, «Айт!» деді. Хабар-
шы жүзін тіктемеген бойы «Ханшам, ұлы қаған мерт болды» 
деді. Бөрте бойын сумаңдай аралап, қарып өткен қара хабар-
дан тастай қатып отырып қалды. Əлден уақытта ерні болар 
болмас  жыбырлап, «Бөрі»  дегенге  əрең  тілі  келді.  Қысқа 
кірпіктерін  қамастырғанда  екі  тамшы  жас  мөлт  етіп,  қудай 
болып ағарып кеткен бетіне тамып, із тастап домалап түсті. 
Ұлы  қағанның  сүйегін  алып  келген  қалың  қол  орда  маңын 

119
қоршай  жайғасқанмен,  түннің  өзі  түсінетіндей  хан  ордасы 
тыныштығын бұза алған жоқ. 
Екі қонақтан соң, қырық адам Ұлы қағанды жерлеуге ат-
танды. Қаралы қолды ботасын ерткен ақ інген мініп, Бөрте 
бастап  барады.  Межелі  жерге  жетіп  тоқтаған  шеру – Ұлы 
қағанды  түйеге  теңдеп  əкелген  байлығымен  қоса  жерледі. 
Бөрте  ақ  інгенді  боздатып  отырып,  ботасын  бауыздатып, 
ханды  бірге  жерлетті.  Бөртенің  дегенімен  айдап  жыққан 
қарақұрым  жылқыны  қағанның  моласының  үстінен  арлы-
берлі үш мəрте айдап өтті.
Ордаға  оралған  соң  ұлы  ханды  жерлеген  қырық  батыр-
ды  жеке-жеке  шақыртқан  Бөрте  əр  батырға  ұлы  қағанға 
адалдығы  мен  берілгендігі  үшін  келесі  батырды  өлтіруге 
тапсырма  берді.  Ханның  соңғы  мекенін  көргендердің  көзі 
түгелдей құрыды. Соңғысы – Бөртенің өз қолымен ұсынған 
қымызды  сіміре  тартты.  Кешікпей  ол  да  Ұлы  əміршісінің 
соңынан кетті. 
Дала. Сол баяғы қалпы. Жасарған да, қартайған да жоқ. 
Селеу басын селдірете тербеп, даланың аңызғақ желі соғып 
тұр. Көз суырып бұлдыраған сағымның ішінен ағараңдаған 
бейне  жақындаған  сайын  айқындалып  келеді.  Боздаған  дау-
сы  ұлы  даланың  жанарына  жас  үйіріп,  жалғызына  деген 
сағынышын үдетіп, ботасы өлген жерге аңырап ақ інген келе 
жатыр.  Үстінде – тəңірі  теңі  етіп  берген  жарының  жатқан 
топырағын  көріп,  жанын  сарғайтқан  сағынышын  баспақ 
Бөрте.
Ұлы  даланың  аңызғақ  желі  жүзін  топырақ  жасырған 
сырды тынбай күбірлейді.

120
ҚАНАТ ƏБІЛҚАЙЫР
 
1986 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Əл-Фараби 
атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін 2008 
жылы бітірді. Қазір республикалық «Ана тілі» газетінде тілші.
ҚОС БҰРЫМ
Өткен ғасырда болған оқиға. Бұл ғасырда да болуы бек 
мүмкін. Ол жанжарын іздеп жүріпті-мыс. Жігітағасы. Жасы 
жиырманың екеуінде. Мінген жарау аты шалдығып, «далаға 
қонғанша,  молаға  қон»  деген  өсиет  бойынша  қарасы  мол 
қорымға  түнеген.  Түнде  түс  көріпті.  Түсінде  аян  беріліп, 
Бəленшекенің  бесігіндегі  сəбиімен  некелесетінін  біліпті. 
Бəленшекенің  үйіне  барса,  əйелі  қыз  босанған  екен.  Түнде 
сол үйге құдайы қонақ болыпты. Жиырма екідегі тепсе темір 
үзер соқталдай жігіт, бұл қызды күте алмайтынын біліпті. Со-
лайша, Жаратқанның жазуына қарсы келіп, бесіктегі сəбидің 
жүрегіне пышақ ұрып қашып кетіпті. Одан соң, одан соңғы 
əңгімені кейін айтайын. 
Автобус  іші...  Қапырық.  Əн.  Əуен.  Сапырылысқан 
халық.  Алматы.  Тағы  да  сол  бір  саз.  Өмір  əні.  Сол  қала. 
Сол  ағыс.  Сол  тіршілік.  Жұмыс.  Үй.  Үй  жұмыс.  Тело-
фон  шырылы.  Қалам  мен  қағаз.  Қол  қою.  Келісу.  Келіспеу. 
Айлықты  күту.  Жұмыстан  кешіккендерге  сөгіс  жария-

121
лау.  Тоғыз  бен  алтының  арасында  бір  топ  адамды  жи-
нап  алып,  қамап  отыру.  Неге  екені  белгісіз  əйтеуір  бір 
үміт  шырағы  алдан  қол  бұлғайтын  сияқты.  Əйтпесе... 
Автобус  іші...  Соңғы  кездері  сол  үміт  шіркінге  күдік 
ұласқан.  Адамы  көп  қалада  өзінің  жалғыз  екенін  сезінген. 
Жалғыз.  Тек  өзі.  Басы  ауырса,  сүйейтін,  сүйенетін  ешкімі 
жоқ.  Достар  ма?  Достары  көп  оның.  Сенбі,  жексенбіде 
бастары  қосылады.  Гуілдетеді.  Қыздар.  Асыр  салып 
билейді  келіп...  Содан...  Содан  аздап  сыралатып  ала-
ды.  Ондай  сəттерде  тым  батыл.  Бір  ұзынетектіге  кене-
ше  жабысады.  Олар  да  бұның  көкірегінен  итерген  емес. 
Автобус  іші...  Аялдама.  Қоғамдық  көлік  күткен  жалдама-
лылар.  Жолақыға  күні  қараған  ауылдың  қара  домалақтары. 
Шаршап-шалдығып  келеді.  Тағы  да  жалғыз.  Іші  бірсұмдық 
күйге  енеді.  Біреуді  құшақтағысы  келеді.  Біреуді  аялағысы. 
Біреуді қуантқысы. Кімді? 
Автобус  іші.  Бүгін  газеттің  ақырғы  бетіне  қол  қойып 
басуға  жіберді.  Үһ,  ертең  арқасы  кеңіп  қалатын  болды. 
Ол  үйге  қайтып  келе  жатып  гүл  сатып  алды.  Гүл.  Қауызы 
үлпілдеп  тұр.  Кімге  сатып  алды?  Неге?  Өзі  де  білмейді. 
Күнделікті  ыңылдап  айтып  жүретін  өмір  атты  əніне  əуез 
қосқысы келген. Əуез. 
Автобус іші. Кешегі гүлін кімге сыйларын білмей, ақыры 
балконнан  лақтыра  салған.  Ертең  достарымен  бас  қосады. 
Тағы  да  жалғыз  барады.  Олар  құрбы  қыздарын,  құрбы 
қыздардың  құрбыларын  ала  келеді.  Тағы  біреуімен  таныса-
ды. Тағы... 
Автобус  іші.  Бейқам  отырған.  Ту  сыртынан  біреулер 
күлді. Күбір-күбір. 
–  Емтиханда  оған  көмектесудің  орнына  неге  келемеж-
дедің? 
– Қойшы оны. Қияли ма бірдеңе. 

122
Дəл жон арқасында екі қыз тұр. Бұрылып қарауға именді.
– Білесің бе? Өткенде ол маған хат жазыпты. 
– Хат?!. 
Екі  қыз  ішек-сілесі  қатқанша  күлді. – Жазуын  микрос-
коппен  қарамасаң  оқи  алмайсың.  Жыртып-жыртып  тастай 
салдым.
–  Айбарша,  ол  сені  шынымен-ақ  жақсы  көріп  қалған 
сияқты.
Түсетін  аялдамасына  келіп  қалыпты.  Орнынан  тұра 
беріп,  қыздар  жаққа  көз  қиығын  тастады.  Олар  қарайтын 
емес. 
Айбарша.  Ол  қызды  хат  жазғыш  жігіттен  қызғанды. 
Қызық. Неге? Не үшін? Қыздардың күлкісі тыйылар емес. 
Алматының жүргіншілер жолы қара жерге арқасын беріп 
шалқалап жатыр. Бұл жол Оны жетелеп сол бір достарының 
үйіне алып келді. Думан қыза бастапты. Анау ұзын шашты 
бояқшы  жігіт  өзінің  бояғы  жайлы  əңгімелеп  жатыр.  Оның 
адам  психологиясына  ететін  əсері...  Қыруар.  Өткенде  де 
осы əңгімені айтып отырған. Бұған қарады. Өткен жолы да 
сөйткен... 
– Біздің журналист келді. Танысып қойыңдар! 
Тағы да сол кекесінмен айтты.
–  Байқаңдар,  таң  атқанша  өлең  оқып  мазаларыңды  ал-
масын. 
– Жанара. 
– Балнұра. 
– Жанна. 
Бұл əдеттегінше өзіне ұнаған қызына (бұл жолы Жаннаға) 
қарап тұрып есімін айтты. 
– Сонда қалай, Жанара, Балнұра, сіздердің аттарыңыз əу 
баста Жанар, Балнұр болған ғой.
Екі қыз сасып қалды.

123
–  Ал,  сіздің  атыңыз  Жанна  ма? – Қыздар  бұның  көңілі 
үшін күлген болды. Думан жалғасты. Бұл сол баяғы кейіпте. 
Көңілді.  Аздап  сыралатқан.  Жанна  да  бұған  жанаса  түседі. 
Қызды  далаға  серуендеп  қайтуға  шақырды.  Шықты.  Жат-
танды сөздерін боратты. Ол бұны, бұл оны ұнатып қалыпты. 
Екеуі бірігіп темекі шекті. Одан соң, бұл ақырын ғана қыздың 
қолын ұстады. Өзіне тартты. Қарсылықсыз. Өзі талай роман 
тауысқан еді. Сол шығармалардың бəрінде əйтеуір сүйгеніне 
жете  алмағандар  жүруші  еді.  Өзі  де  сол  шығарманың 
кейіпкері болғысы келетін. Тек осындай сəттерде ғана тосын-
нан тулаған сезімін ноқталай алмай қалатын. Тағы да сөйтті. 
Ештеме  болмаған  сияқты.  Бұл  өмірде  Жанна  атты  қыздың 
барлығы, оған бұл жігіттің бір сəтке құлай берілгені... Бəрі-
бəрі өтірік. 
Автобус іші. Мұң. Ауыр мұң арқалап алды. Жалғыз. Тек 
өзі. Күлкі естілді. Тағы да кешегі екі қыз. 
–  Кеше  қолында  гүлі  бар,  анауың  кетіп  бара  жатыр  еді 
ғой. 
– Иə, келіпті. Жатақханада жоқ едім. 
Сыңғыр-сыңғыр.  Жанна  екеуінің  стақан  соғыстырғаны 
есіне түсіп кетті. 
– Ыдысымыз соғылысқанмен, басымыз соғыспасын!
Сыңғыр-сыңғыр.  Екі  қыздың  күлкісі  екен.  Жұмыстың 
аялдамасына  келіп  қалыпты.  Басы  əлі  ауырып  тұр.  Бір 
бөтелке сыра болар ма еді? Автобус іші. Екі қарт əжей кетіп 
бара жатыр. Бұл солардың маңына барып тұрған. 
– Біздің кезімізде Алматы қандай еді? 
Аңсары  ауғандық  байқалады.  Əжімінің  үстіне  бояқ 
жағып алыпты. Кешегі екі қызды іздеді. Жоқ. Айбарша жоқ. 
Бірсұмдық.  Сағынған  сияқты.  Кімді.  Екі  рет  автобуста  кез-
дескен қызды ма? Кездеспегеніне өкінді. Содан соң... Өткен 

124
ғасыр.  Көшіп-қонған  жұрт.  Əлгі  жігіт  əлі  үйленбеген.  Ара-
да  он  бес  жыл  өтіпті.  Он  бес  жыл.  Бір  күні  ел  аралап  келе 
жатса, тезек терген бір топ аруға жолығыпты. Бір қара бұлт 
үйріліп  келіп,  нөсерді  төпелетіп  жіберіпті.  Қыздар  ауылға 
қарай  қаша  жөнеліпті.  Тек  қос  бұрымы  бөксесіне  жететін 
біреуі ғана тезегінің үстіне шапанын жауып, өзі астына кіріп 
қалып  кетіпті.  Тезегі  де,  өзі  де  су  болмапты.  Жігітағасы 
қыздың  ақылдығына  тəнті  болып,  үйінің  қай  жақта  екенін 
сұрапты. «Қырық найзалы үй біздікі» депті қыз. 
Алматы. Автобус іші... Əн. Əуен. Сапырылысқан халық. 
Өмір.  Сол  қала.  Сол  ағыс.  Сол  тіршілік.  Сабақ – үй.  Үй  –
сабақ.  Ауылды  сағынған.  Ауылда  бəрі  өзгеше  еді.  Та-
лай  жігітті  ғашық  қылыпты.  Талайы  зар  жылап  артынан 
жүгірді. Ешқайсысына да қараған емес. Оқуды бітірген соң, 
өз  Төлегенімді  табармын  деп  ойлаған.  Үміт  шіркіні  сол 
оқуының бітуіне қарап тұр. Бірақ, сезім мүшелері оқуының 
бітуін  күте  алмайды  екен.  Күн  санап  толысып  барады. 
Күн  санап  өзінің  үлбіреп  пісіп  бара  жатқанын  аңғарады. 
Күнде  төсегінде  аунақшып  шығады.  Біреуді  ойлағысы 
келеді.  Кімді?  Біреу  бұған  анау  қырдың  ар  жағында  қол 
бұлғап  тұрған  сияқты  болады.  Түнімен  терезесінің  сыр-
тында  өзі  сүйетін  жігіт  мұны  бағып,  қарап  жүрген  секілді. 
Батып  келе  алмайды.  Алыстап  кете  алмайды.  Жақында. 
Автобус іші... Соңғы кездері сол ойындағы жігітті ойламауға 
тырысып жүр. Əйтпесе қияли болып кететін түрі бар. Ада-
мы  көп  қалада  өзінің  жалғыз  ғана  екенін  сезінгісі  келген. 
Жалғыз.  Тек  өзі.  Басы  ауырса,  сүйейтін,  сүйенетін  ешкімі 
жоқ. 
Автобус іші. Құрбысы. Оның айта беретіні əнебір қияли 
жігіті. Тағы да сол əңгімені айтып отыр. Анау бір орында əр 
кез бір жігіт отырады. Ұрлықшы сияқты. Ұрланып қарайды. 

125
Бұл байқамаған болады. Ол бірсұмдық. Суық. Жанар мұңды 
секілді. Шашы желбіреп мойнына түседі. Бойы аласа. Бірақ, 
толық. Онысы өзіне жарасады. 
Автобус іші. Бұл бүгін жалғыз келе жатыр. Қос бұрымын 
күндегідей əдемілеп өріп алған. Əнеу жерде отыратын жігітті 
көрді.  Терезеге  телміре  қалыпты.  Көзіне  қара  көзілдірік 
тағыпты.  Мұңлы  жанарын  көргісі  келген.  Көре  алмады. 
Жақынырақ барып тұрғысы келді. Бірақ, ыңғайсыз. Автобус 
іші.  Ауылы  есіне  түсті.  Шашын  əжесі  өріп  беретін.  Əжесі. 
Шынашақтай  ғана  қара  кемпір.  Сарқыт.  Əулеті  үшін  өткен 
ғасырдан  қалып  кеткен  жəдігер,  тірі  жəдігер  сол  кісі  еді. 
Ол  кісі  шашын  қос  иығынан  төгілдіріп,  өрген  кезде  қазіргі 
«шаш жөндегіштер» шаң қауып қалатын. Қоғамдық көлікке 
мінгендердің  ең  алдымен  осының  шашына  көздері  түседі. 
Оған қуанады, əрине... 
Автобус  іші.  Бүгін  əлгі  жігіт  бұған  орын  берді.  Атын 
айтты.  Салқын.  Бірақ,  ыстық.  Көңілі  алабұртып  сала  берді. 
Сазды əуен естілетін секілді. 
– Бұрымыңыз əдемі екен, – деді. 
–  Қыздардың  жүрегін  жаулауды  үйренген  қу  екенсің, – 
деді бұл іштей. 
–  Сіздің  мекенжайыңызды  білсем  бола  ма? – деген 
жігіт. 
– Тауып алыңыз... 
Өткен  ғасыр.  Жігіт  қырық  найзалы  үйді  іздеп  жүріп, 
қырық жамау үйді тапты. 
Осы  ғасыр.  Жігіт  қыздың  артынан  аңдып  жүріп, 
жатақханасын тапты. 
Өткен ғасыр. Қызды айттырды. 
Осы ғасыр. Түнгі клубқа шақырды. 
Өткен ғасыр. Үйленді. 

126
Осы ғасыр. ... 
Түнгі  клуб.  Жалтылдаған  жарықтар  жанып  өшеді. 
Өбіскен  жастар.  Бұлар  да  сол  дырдудың  ішіне  қойып  кет-
кен.  Қос  бұрымды  қыз  шашын  жайып  жіберіпті.  Бұрын- 
соңды кимеген қысқа көйлегі көз тартады. Бетіндегі бояқ та 
əдемілігіне əр қоса түскендей. Аздап сыра ішіп көрді. Одан 
кейін... Айтылмайтын əңгіме. 
Өткен  ғасыр.  Жігітағасы  айттырған  қалыңдығының 
қасына жатуға тағатсызданыпты. Ал, қыз асықпапты. Ақыры 
таң ата күйеуінің жанына жантайыпты. Жарының көзі ең ал-
дымен  қыздың  жүрегіне  түсіпті.  Білеудей  дақ.  Дереу  сұрап 
білсе,  қыздың  сəби  күнінде  əлдебір  қонақ  жүрегіне  пышақ 
ұрған екен. 
Автобус  іші.  Өркениеттің  исі  аңқып  тұр.  Айбаршаның 
жанарында  ауыр  мұң  бар.  Ауыр  мұң.  Əжесі  есіне  түсті. 
«Қосағыңды  тапқанша  қос  бұрымыңды  тарқатып  жүруші 
болма» – деуші  еді. «Байы  өлген  əйел  ғана  қара  жамылып, 
шашын тарқатады» – дейтінін де бүгін есіне алды. 
Өткен  ғасыр – Жаратқанның  жазуын  пышақ  кесе 
алмаған. 
Осы ғасыр – аппақ қауыздың бетінде қанжардың ізі қалды. 
Соңғы  аялдама.  Қолында  гүлі  бар  жігіт  қызды  тосып  тұр. 
Автобустың ішінде Айбарша жоқ. Себебі, ол түнде аласұрып 
жүріп, қара жамылған. Қара... Бірақ, қос бұрымын біріктіріп 
өрген Айбарша кейіптегі ару келеді. Автобус іші...

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет