Алматы «Жібек жолы» 2009



Pdf көрінісі
бет9/9
Дата06.03.2017
өлшемі1,77 Mb.
#7824
1   2   3   4   5   6   7   8   9

О ӨМІРДЕН БАРЗАҚҚА ДЕЙІН...
Оның беті тап-таза болатын. Өмір сүрілмеген еді. Нүкте 
де қойылмаған. Аппақ қағаз күйінде тұрған-ды. Сол қағаздың 

127
бетінде мен бар болатынмын. Жазылмаған, оқылмаған роман 
болып  жатқанмын.  Ол  қағаз  қайда?  Ол  роман  қайда?  Қай 
мекенде?  Білмейтінмін...  Білетінім,  менің  күнəһар  өмірге 
пəк  қалпымда  келуіме  бірер  минуттың  қауһары  жеткені 
ғана...  Арпалыс...  Аһылап,  үһілеу...  Бір  сəттік  лəззат!  Əкем 
мен  шешемнің  бір-біріне  деген  мейірімінің,  сағынышының 
көз  жасы  болып,  алғашқы  əлемнің  есігін  қақтым.  Сөйлем 
басталды.  Ол  қағазға  ең  алғаш  болып,  менің  санама  кіріп 
шықпайтын  «ол  бəленбайыншы  жылы,  бəленбай  айдың, 
пəленбайыншы жұлдызында дүние есігін ашты» деп жазыл-
ды.  Пəленбаймен  тұрмыс  құрады,  пəленбайыншы  жылдың 
пəленбай жұлдызында талқаны таусылады деген жазуды да 
оқи алмай қалғаным болмаса, қағаздың екіге бөлініп, біреуін 
қап-қара етіп бояп тастағанын білемін. Еріктен тыс. 
Ал, ол күнге, яғни о өмірге деген құштарлығымнан бо-
лар,  күн  санап  ер  жеттім.  Жатқан  мекенім  кең,  əрі  жайлы 
еді. Ол келді. Періштемді айтамын. 
– Сен ертең өмірге қадам басасың... 
Сенгенім  жоқ...  Ол  өмірге  барып  келген  сəби  бар  ма 
екен? Көріп келіп пе? 
– Сен ертең аяғыңмен жүретін боласың... 
Қарным  ашқанда  тебу  үшін  жаралған  аяғыммен 
жүретінім қалай? Осы бір періштенің айта беретін о өмірі бар 
бола қалса, менің қауһарсыз аяғым қалай жүреді. Қолыңмен 
қанат қағасың десе бір сəрі. Кеңістікте ұшасың десе сенуге 
болады. Əуеде аяқпен жүру... 
–  Əуеде  емес  жерде  боласың.  Ырыздығыңды  жерден 
аласың. 
– Жер дегенің не пəле?.. 
– Ол адамдардың мекені. Көзіңмен көретін, құлағыңмен 
еститін, аузыңмен тамақ жейтін мекен... 

128
– Соқ, өтірікті... Ауызбен тамақ жеуші ме еді? Кіндігім 
тұрғанда  аузыммен  қоректеніп  менің  не  басыма  күн  туып-
ты. 
Ол  кетті.  Күндегі  ойы  осы  сарындас...  Ол  өмірді 
жалған дейді... Егер жалған болса, мен ол мекенге неге ба-
рамын?  Ақиқатына  бір-ақ  кетсем  болмай  ма  екен?  Бірақ, 
ойланып  көрейінші...  Ол  өмірдің  болмауы  да  мүмкін  ғой. 
Осы  бір  жаратылыс,  осы  бір  кеңдік  маған  аздық  ете  ме? 
Иə, ертесі періште келмеді. Менің жатқан мекен-жайымның 
асты үңгірге айналып, жаным мен тəнімді əлдебір беймағлұм 
күш  беймəлім  əлемге  алып  ұшты.  Өмір  деген  осы  шығар, 
бəлкім...  Ал,  о  дүние  ше?  Сол  күні  «беу,  қарғам-ау, 
қарлығашым-ау!» – деген сөзді естідім. Қамшының сабынан 
да келте мынау ғұмырдың санаулы секундтары құмша сусыл-
дап тұрған сəтте сізге деген көңілдегіні жазу үшін қаламымды 
ұштауға  сол  күні  отырыппын.  Романымды  өзім  ғана  оқуға, 
өзім  ғана  жазуға  құқылы  болдым.  Қолымда  өмір  деген 
қаламым  бар.  Жазып  отырмын.  Отырып  қойдым.  Отырған 
болатынмын. Бəлкім, отырған жоқ шығармын. Жазбаған да 
болармын. Жазғамын жоқ... Өйткені... Мен жазсам... Иə, мен 
ойларымның мəйегіндегі сөздерді қағаз бетін қаптағайлатып 
желдірген  күн...  Сол  күні  аламан  бəйге  болуы  керек  еді. 
Терезенің  ернеуіне  мойыныңызды  соза  салыңызшы...  Ала-
ман болып жатқан жоқ па? Көкпар ше? Жоқ па? Жоқ болса, 
мен  жазып  жатқан  жоқпын...  Мен  жазған  күні  күн  тұтылу 
керек... Түн түрілу керек... Ғалам тек менің тілімде сөйлеп, 
менің көзіммен он сегіз мың ғаламның жанарына үңілуі ке-
рек.  Мен  жазуға  отырған  күні  адамдар  алдымен  өліп,  өліп 
деппін-ау, қайтыс болып, онан соң жалған дүниеге келу ке-
рек.... Ол күннен бастап, өмір сүру... Иə, өмірді де басқаша 
сүруге  тиіс  болатынбыз.  Өмірді  шал-шауқандықтан  бастап, 

129
сəбилікке  дейін  сүретін  боламыз.  Шалдар  жастардан  ақыл 
сұрайтын кез келеді. 
Ол  кезде  қызығы  күніміз  батыстан  шығып,  шығыстан 
батуға  тиісті.  Сонымен,  біздің  батысымыз  шығыс, 
шығысымыз  батыс  болады.  Күллі  əлемнің  күнəсін  менің 
қаламым ғана көтеріп тұрады. Күллі əлемнің болмысы менің 
қаламымнан  өз  орнын  табады.  Соған  сыймағы  лəзім.  Сол 
сəттен  бастап  біз  мынау  бір  сұраққа  бас  қатыратын  бола-
мыз. «Біз, бəлкім, өмір сүріп жатқан жоқ шығармыз». Рас... 
Ойланыңызшы,  шынымен  де  біз  өмір  сүріп  жатқан  жоқ 
шығармыз... Білгіштер бұл өмірді жалған дейді ғой. Жалған 
болса,  жалған  шығар...  Бірақ,  біз  жоқпыз...  Өзімізді  алдап 
жүрміз...  Он  сегіз  мың  ғаламның  біреуі  ғана  мызғып  кет-
кен...  Бірер  секундқа  ғана...  Біз  сол  он  сегіз  мың  ғаламның 
біреуінің бірер секунттық түсі ғанамыз... Ол жақтың секун-
ты біздің миллиондаған ғасырымыз... Бірер секунд... Мүмкін 
ғой... Сенбейсіз бе? Жындар мен перілер əлемін алайықшы, 
мейлі шайтанды... Олар расында бар ма? Астапыралла! Бар. 
Қасиетті жазбада «оларды (жындар мен адамдар) құлшылық 
жасау үшін жараттық» демей ме? Бар болса, неге көрінбейді. 
Оларда  тек  рух  бар.  Болмыс  бар...  Бірақ,  тұлға  жоқ...  Бізде 
ше...  Тұлға  бар...  Рух  бар...  Ал,  сол  рухты  көзбен  көруге 
болмайды ғой. Болмайды. Ендеше, мынау тұлғамыз... Бірер 
жылға бар да, бірер жылға, жо-жоқ мəңгілікке жоқ... Жоқ бо-
латын себебі, біз оны керексіз етіп көміп тастаймыз... Неге? 
Неліктен? Өлді... Ал, рухымыз өлген жоқ... Қиял-ғажайып... 
Бір əлемнің түсі ғана... Əйтпесе, мыңдаған адамдардың бір 
сəтте  ұйқыға  кетуі,  оларды  көміп  тастауымыз  күлкілі  ғой. 
Түс  болған  соң  біз  оларды  көме  саламыз...  Ертең  оянғанда 
бəрібір өмір сүріп жүреді... Сезесіз бе? Менің қаламымның 
күші осының бəрінің əншейін ғана бір түс екенін түсіндіріп 

130
беру керек. Мен ғана оқитын, мен ғана жазатын романымның 
өзегі осы емес пе? Сонда ғана біз мəңгілікке, яғни болмысқа, 
рухқа  қызмет  етуді  бастар  едік.  Байқайсыз  ба,  мұның  бəрі 
түс... 
Өткенде,  иə  өткен  бір  жылы,  күні,  айы  есімде  жоқ... 
Əйтеуір, мені жерлеген болатын. Жерлеген. Сенбей қалдыңыз 
ғой.  Бұл  түс  демеп  пе  едім?..  Жай  ғана  түс.  Түс – өмір... 
Уақыт. Уақытқа рух табынбақ емес. Ол кеше өтті ме, бүгін 
өте ме, болашақта ма, бəрібір. Өтеді. Ғаламның ұйқысының 
қасында ол уақыт деген не тəйірі... 
Талқаным  мен  тағдыр  кітабымды  жазып  жатқан 
қаламымның  сиясы  түгесілген  болатын.  Романымның 
сюжеттік  желісі  таралмай  жатып,  күрт  үзілген  еді.  Тек  жа-
назам ғана оқылмай жатқан. Жатады. Жоқ, жатқан. Сол жа-
назама  менің  дүние  есігін  ашып  үлгермеген  балам  келіпті. 
Ақылды,  тіпті...  Мұнан  басқа  өлген  əкем  келді,  сүйегін 
сүйретіп... Сонымен, жаназамды оқуға отырдым. Үш дəуірдің 
бір-бірімен бетпе-бет келгені осы шығар. Балам, шырқырап 
тұрып жыламасы бар ма? Мені жоқтап емес, əрине... 
–  Əке,  сенің  жаназаңды  шығармау  керек.  Алдымен 
менікін  оқы...  Онан  кейін...  Жо-жоқ...  Біздің  қоғамның  жа-
назасы  ғана  шығарылуы  керек.  Ал,  сен  екеуіңнің  (сүйегін 
сүйреткен  əкемді  нұсқап)  жаназаларыңды  оқу  қасірет. 
Себебі, сендер қасіретті ұрпақсыңдар... Сендер өз-өздеріңді 
өлтірген буынсыңдар... Жаназа оқылмауы керек. Естисің бе? 
Оқылмауы...» 
– Неліктен? Неге? 
– Сені (əкемді нұсқады) кім алаңға алып шықты? 
– Рух, қазақтың рухы, қазақтың намысы... 
– Өлетініңді білмедің бе? Анадай алып империяға қарсы 
тұру құмырсқаның пілмен ойнамақ болғанының кері ғой... 

131
– Құмырсқада да рух бар... 
–  Менде  де,  рух  бар...  Қан  бар...  Ол  қазақтікі  ме,  жоқ 
басқанікі ме, білмеймін... Сен алаңға кетіп, жаназаң оқылмай 
қалған соң, дүние есігін ашқан мына біреу (мен ғой, əрине, 
еркелегені  болар)  жетім  өсті.  Жалтақ  болды.  Қорқақ  еді. 
Мəңгілігі жоқ, буынуға дайын галстуктарға жалтаңдады. Олар 
қалай еңкейсе, солай жантайды. Олар алдымен тəуелсіздікпен 
алдады.  Сені  жаназасыз  қалдыратын  тəуелсіздік  ше?  Сол 
бостандықты  қалай  ғана  тордың  ішіне  кіргізіп  алғанын 
қайдам,  күні  түні  бостанмын  деп  жырлайтын  байғызға  ай-
налды. Ол жырлап отырған кезде, жетімнің жерін алды, тілін 
алды,  дінін  алды...  Мен  қалдым...  Тұлғамен.  Рухым  жоқ. 
Сезінесің бе? Сонымен, бұл да сен секілді қазақтың індетіне 
шалдықты. «Жоғын жоқтап жүрдім» деді... Тастарға үңілді... 
Тарихыңды  жазбақ  болды...  Сөйтіп  жүріп  елдің  күлкісіне 
қалды. Жынданды. Асылып өлді... Иə, балаңның буыны рухты 
сағынудан асылып өлді. Бізде сағынатын рух та қалған жоқ. 
Дініміз бар. Біреу емес бірнешеу... Мен Иеһова куəгерімін. Ба-
лам – уаһабист. Əйелім – кришнаит. Қызым – буддист. Күйеу 
балам – атеист. Ал, келінім хақ жолында екен. Өткен жолы 
əкемдікі секілді жаназасын оқыдық. Оқытпадым. Себебі, ол 
хақтың, шындықтың жолында болатын. Ал, шындық жалған 
деген ғұмырда болмауы керек қой. Ол өзі жалған болса, неге 
онда шындық жүру керек? Өлтірдік. Рухын.
Тіліміз... Құдайға шүкір, бір-бірімізді ыммен түсінеміз... 
Мен  ағылшынша  сөйлеймін.  Əкем  орысша  сөйлейтін  еді 
ғой... Əйелім, аздап жапонша, сөйлейді. Кəрісше сөйлейтін-
ді. Қазір тілдесетін адамы жоқ болған соң, өз діндестері бар 
тілді  қалап  алды.  Қызым  өзбекше  сөйлеп  жүр...  Будда  діні 
өзбектерге  тарамапты. «Соны  таратсам  ба?»  дейді.  Балам 
уаһабист болғанымен мұсылман ғой. Арабша тіл сындырып 

132
алды. Күйеу балама бəрібір. Ол сөйлей де білмейтін болуы 
керек.  Міне,  енді  осы  қоғамның  келетінін  біле  тұрып,  о 
дүниеге  асыққан  сендердің  жаназаларыңның  оқылуы  керек 
пе? Жоқ. 
–  Жоқ,  балам, – деді  əкем...  Сен  рухсыз  болсаң...  Иə, 
сен  рухсыз  болсаң,  мына  баламды  құрбандыққа  шалайық. 
Төгілген  қанның  соңы  болсын.  Осы  қан  жалғанның 
жалғандығының  жүзіне  шашылсын.  Тітіркенсін!  Сендер 
өмірге осы əкеңнің, мына менің рухыммен келіңдер! 
–  Беу,  қарғам-ау,  қарлығашым-ау!  Тəуелсіздігім-ау! – 
дедім мен жаназамды оқып отырып. Қамшының сабынан да 
келте  мынау  ғұмырдың  санаулы  секунттары  құмша  сусыл-
дап  тұрған  сəтте  жаназама  да  келдім-ау...  Жазуымды  жаза-
йыншы.  Мен  жазсам,  иə...  Бəлкім,  жаза  алмаспын...  Рома-
ным таусылып қалды ғой. 
Сол  аппақ  қағазға  шимайлап  отырып,  жынданып 
кетіппін. Қолымда қағазым мен қаламым бар. Елге «Он сегіз 
мың  ғаламның  бəрі  ұйқыға  кетті.  Мен  де  мызғып  алайын» 
–  деген  жазуды  көрсетіп  жүріп,  күлкіге  қалдым.  Қолымда 
жіп бар. Терекке асылып қалыппын. Дұрысы Əзірейіл деген 
біреу келіп асып кетіпті. Рухсыздарды. Рухтылардың біреуін 
ғана  асты.  Соңғы  рет.  Енді  олардың,  иə  алаңдағыларды 
жоқтаушылардың тағдыры жазылуы керек. Рух келе жатыр. 
О  өмірдің  бар  екеніне  сенетіндер  келе  жатыр.  О  дүниенің 
жоқтығына иланатын біздің мойнымызда жіп кетті. Біз жаза 
алмадық, сол жазады... Олар бір ұлыса, ұзақ ұлиды... 
Тек олар ұлттың жаназасын оқуға асықпаса екен...

133
МҮБАРАК ҚОЙШЫБЕК 
1976 жылы Таулы Алтай баурайында дүниеге келген.  1999 жылдан 
атамекенге  оралып,  республикалық  баспасөзде  жұмыс  атқарып  келеді. 
Шығармалары мерзімді басылымдарда үздіксіз жарияланып жүр.
ЖЕЗӨКШЕ
Мединститутты  енді  бітірген  жігіт  қаладағы  үлкен 
перзентханаға  жұмысқа  тұрды.  Мамандығы – гинеколог. 
Жұмысқа шыққанына аттай алты күн. Оңай ма!? Осы алты 
күнде өз қолымен өмірге енді ғана бет алған қанша сəбидің 
кіндік əкесі болса, қанша сəбиді қолын қандап өлтірді?!
– Ағай, кешіріңізші... мен кезек ала алмадым, бала түсіру 
үшін. Дегенмен, көмектесерсіз?! 
Қарсы алдындағы əдемі қараторы келіншекке аз-кем көз 
жүгірткен жігіт: 
– Қарындас, осы уақытқа дейін не істеп жүрген адамсың, 
ендігің  қиянат  қой.  Жеті  айлық  бала  дегенің  толық  адам. 
Енді  аз  уақыт  шыдасаң  нетті.  Осындай  қиянаттан  қашан 
тыйыласыңдар! 
–  Баяғыда-ақ  көзін  құртар  едім.  Иттің  баласы.  Анау 
бір  шұбар  бет  «Айналайын,  сендей  əдемі  қара  көзді  қалай 
жылатуға  болады.  Сенен  туған  бала  алтын  болар,  қой,  мен 
балаңа əке бола қоям» деп, алдап-алдап келді де, енді міне, 

134
мен  кешкісін  оның  құмарынан  шықпайтын  болған  соң, 
«кешір мені, мен сені сүймейді екем» дейді... 
Келіншекті одан ары тыңдай бергісі келмеген жігіт енді 
тіке сұраққа көшті. 
– Аты-жөніңіз... жасыңыз... баланың əкесі? 
Манағыдан сабасына түсіп қалған келіншек енді долда-
нып кетті. 
– Қайдағы баланың əкесі. Қайдан білейін, тек бір түндік 
құмарын ғана ойлайтын көп еркектің бірі де. 
Жігіт түкке түсінбеді. Сосын барып ішінен «Е, ана аты-
шулы  көшенің  көбелегі  де...»  Осыны  ойлады,  да  өз-өзінен 
ұялып  кетті.  Тіпті,  мына  келіншекке  деппін-ау,  қызға  тура 
қарай алмады. 
Сосын  «жүріңіз»  дегенді  ыммен  ғана  сездіріп,  туыт 
бөлмесіне  алып  кірді.  Жеті  айлық  бала  кəдімгі  тірі  бала, 
қаншалықты  жаны  түршіккенімен  жұмыстың  аты  жұмыс, 
жатылып  қалған.  Алдымен  іштегі  баланың  жанын  шығару 
үшін қойылатын уколды дайындап, ана бейбақты туыт сто-
лына  жатқызып,  енді  уколды  сала  бергенде,  тұла  бойынан 
бір  нəрсе  дүр-дүр  ұшты,  қол-аяғы  шымырлап,  денесі  жан-
сызданып бара жатты. 
Уколдың қаншалықты дəлдікпен салынғанын аңғара ал-
мады. Өмірге өлі сəби əкелмек ниеттегі келіншек-қыз жатты 
жанын жеп аласұрып. Жанын жеп аласұрған жігіт бүк түсіп 
еденде отыр. Өз жаны мен тəнінде болған құбылыс көз ал-
дынан шұбартып өтіп жатыр. 
Тура  жеті  айдың  алды.  Соңғы  курс.  Дипломдық 
жұмысын бітірген. Аз күнде студенттік өмірмен қоштасып, 
миша  былыққан  қоғамға  шығады.  Осы  студенттік  өмірден 
көргісі  келген  шығар,  арақ  ішті.  Той  тойлады.  Қыз  қуды... 
қойшы,  əйтеуір  қызыққа  əбден  батты.  Аз  уақытта  біраз 

135
нəрсеге  үлгерді.  Енді  тек  аты  шулы  көшенің  көбелектерін 
көру керек. 
Көшенің екі жағы қаптаған қалың қыз. Сен қал, мен ба-
рам шетінен. Тізіп қойған сұлу мүсіндер шетінен. Ішіндегі ең 
əдемі қараторының біреуімен келісті. Беті баяғыда ашылған 
қыз,  жігітке  салмақ  салмады.  Қайда  барып,  қайда  жататы-
нын өзі шешті. Бастап барды. 
Алдап-сулап,  болмаса  ұрлап,  сыраға  арақ  араластырып, 
немесе дəріханаларда ашық сатылатын қоздырғыш дəрі беріп 
қиналатын түгі жоқ. Ақшасы төленген. Тек, төсектегі шаруа, 
өзіне байланысты. Жұмсақ төсекке қатарласа отырған екеуі 
тіл қатыспастан шешінді. Қыз жігіттің тұла бойын балқытып 
сүйе бастады... 
Кенет,  тұла  бойынан  бір  нəрсе  дүр-дүр  ұшты,  қол-аяғы 
шымырлап,  денесі  жансызданып  бара  жатты.  Есін  əзер 
жиды. Өзіне таң қалды. Бұл тұңғыш рет қызбен төсектес бо-
луы емес-ті. Оның талайын көрген, бірақ бұл жолы... 
Содан бері осы іс есінен бір көтерілмеп еді. Енді міне... 
Шар ете түскен сəбидің даусынан есін жиды. 
Шар-шар еткен балаға қарай ұмсына беріп, өзінің укол-
ды тура сала алмағанын білді.
МҮРДЕ 
Ауыл  сыртындағы  қабірге  қарай  шұбап  келе  жатқан 
топқа таяй бере ол өз көзіне өзі сенбей қалды. 
Жан-жағынан  қаумалай  көтеріп  келе  жатқан  табытта 
кəдімгі  тірі  адам,  тірі  қыз  жан-дəрмен  үстіндегі  ақыретті 
шеше  алмай  аласұрып  келеді.  Табыт  алып  келе  жатқандар 
мұны көрмеген іспетті. 

136
Барлығының қабағына қайғы орнап ауыр басып келеді. 
Қабіршілерге жетіп келген ол: 
–  Айналайындар-ау,  сендерге  не  көрінген,  тірі  адамды 
ақыретке  орап  қайда  алып  барасыңдар!.. – деп  анаған  бір, 
мынаған бір жүгіріп жүр. 
Шамасы, қыз жақыны болар, белін ұзын ақ шүберекпен 
байлаған жігіт ағасы: 
– Тəйт ары... əкетіңдер мынаны... аруақты қорлатпаңдар... 
– деді. 
Желкелеп  өзін  шеткері  алып  шыққан  жігіттерге  жалба-
рынып еді. 
–  Өзіңді  де  сол  қызбен  бірге  көмсін  демесең  жоғал 
көзден... есің ауысқан шығар... бар ана бұлаққа басыңды ма-
лып есіңді жи!.. 
Бұлақ басына келген ол шынымен жынданған шығармын 
деп ойлады. Бірақ ақыреттен шыға алмай бұлқынған қыздың 
өзіне  жалынышпен  қараған  көзі  көкейінен  кетпей  қойды. 
Ақыры қабіршілер қайтқан соң зират басына тартты. 
Жас қабірге жете қабірді құшақтап, өкіріп жылап жіберді. 
«Кешір мені, саған араша түсе алмадым... кешір мені, маған 
ешкім сенбеді...» 
– Жоқ бұл сенің кінəң емес, – қыз даусы жанынан шықты. 
Селк ете түскен жігіт қате естідім бе деп жан-жағына қарады. 
Сонда барып көрді. 
Қабірдің арғы жағында аққұба қыз аппақ ақыретке ора-
нып бүк түсіп отыр. 
– Жүр... қашайық бұл жерден... 
– Мен кете алмаймын ғой... денем мынаның астында жа-
тыр. Қыз иегімен қабірді нұсқады. 
Жігіт  орнынан  атып  тұрды  да  ауылға  қарай  жүгірді. 
Шеткі  үйдің  босағасына  сүйеулі  тұрған  күректі  ала  сала 

137
қас-қағымда қабірге келді де, жанталаса қабірді қаза баста-
ды.  Жан  алқымға  жетіп  қыздың  сүйегін  көтере  бергенде, 
топырақ  гүр  етіп  оны  басты  да  қалды.  Жан-дəрмен  сыртқа 
ұмтылған  ол  жер  бетіне  шыққанда,  өз  денесінің  қыздың 
мүрдесімен бірге қалғанын бір-ақ білді.
ТАҒДЫР КІТАБЫ 
  Көшені  бойлап  келе  жатқан  оның  жолын  жұрт  өліп 
тірілді деп жүрген досы кес-кестеді. 
– ... 
– ... 
– Білесің бе, мен тағдыр кітабын ұрлап кеттім. 
– Қойшы... қайдағыны айтпай. 
– Шынымен, сенбесең көрсетем. 
–  Жынданған  шығарсың...  айтпақшы,  сені  өліп  қалды 
деп еді ғой. 
– Иə, өлуін өлгем, бірақ қашып кеттім. 
– Қалай? 
– Оны өзің өлсең білесің.
– Тағы сол өтірікшілігіңе бастың. 
–  Əне,  сенбейсің...  айтайын...  анада  өздеріңнен  кеткен 
соң қатты ауырдым, ем қонбай ақыры қайтыс болғам. Содан 
білесің, менде туыс-туған жоқ қой, бағыма қарай мəйітханада 
қараусыз қалыппын. Жə, бұл осы дүниенің əңгімесі. Ал, арғы 
жақта... жаным мұрнымнан шыбын болып ытқып шықты да, 
білмеймін,  əйтеуір  əлдеқайда  зымырай  жөнелді.  Бір  кезде 
екі  жағымнан  сап  етіп  екі  періште  пайда  бола  кетті. «Жүр 
кеттік  қарасат  майданына»  дейді.  Бұлқынарға  шама  жоқ, 
арттарынан  жалп-жалп  етіп  ұшып  келем.  Содан  бір  жерге 

138
жеттік.  Істеген  ізгілігің  мен  күнəларың  деп  екі  бума  қағаз 
көтеріп келді. Бірі – бір-екі парақ ғана да, енді бірі – тау-мая 
екен.  Əрине,  тау-маясы  күнə  да.  Ізгілігім  түк  те  жоқ  екен. 
Екі-үш ақ ауыз сөз. Ал, күнəм жетерлік, апта бойы оқып жа-
тыр. Ақыры соңғы бетіне келгенде періштенің бірі: 
–  Мəссаған,  мынаның  əлі  істемеген  күнəлары  жетерлік 
екен ғой. Бұны қайтаруымыз керек, – десе, біреу: 
–  Əй,  осы  күнəлары  да  жеткілікті  қалсын... – деп  тала-
сып  жатты.  Мен  байқатпай  күнəларым  жазылған  буманың 
астында  тұрған  тағдыр  кітабымды  тығып  алдым.  Содан  не 
керек,  мені  қайтаруды  ұйғарды.  Бұл  дүниеге  денең  болма-
са  жаныңның  не  керегі  бар.  Мəйітханадағылар  поршалап 
тастады  ма  деп  қорқып,  салып  ұрып  жетіп  келсем,  əйтеуір 
аман-есен  бұрышта  мыжылып  жатыр  екен.  Қыс  болғаны 
қандай  жақсы,  сəл  тоңазып  қалыпты.  Киімнен  түк  жоқ, 
тұттай  екен.  Жаңадан  əкелген  бір  мүрденің  киімін  сыпыр-
дым да, терезеден тайып тұрдым. Міне, тағдыр кітабым, не 
күнə өткізетінімді білем. Бас ауыртпаймын, оқимын да іске 
кірсем. Істелмеген күнəларымның бірі – сені бауыздау! 
Жанынан  кəдімгі  қанжар  суырып  алған  досы  оның 
алқымын езіп барады. 
– Жібер мені, ақымақ... 
– Тағдыр кітабында жазылған, құтылмайсың... 
Досы оның тамағын орып жіберді. Тамағынан атқақтаған 
қанның қырылынан оның: 
– Мен де тағдыр кітабын алып келген соң көрем сені... – 
дегенін ести алған жоқ.

139
ҚАРА ҚАЗАН
– Осы біз жер астында қаншалықты тереңдікте жүрміз? –
Қияқ  мұртты  балаң  жігіт  бетіндегі  тұмырлығын  шешіп 
қасындағы мосқал еркекке қарады. 
– Тоғыз жүз елу. 
–  Ал,  ағасы  жерден  төменгі  бір  шақырымда  мына  қара 
қазан не ғып жатыр? 
–  Е,  оны  құдіреті  күшті  жаратқан  бір  өзі  біледі  де.  Бұл 
жай ғана емес, тайқазан ғой. 
–  Алғаш  ернеуін  көргенде  іші  толған  алтын  шығар  деп 
ойлағанмын. 
– Бұл қазанның иесіне Алтынның не керегі бар... 
– ...
Кенет жер асты гүр ете түсті. Шахтаның астында жүрген 
тоқсан тоғыз жігіт шу ете қалды. 
Барлығы жапа-тармағай сыртқа шығудың қамында бірін-
бірі  баса  көктеп,  сыртқа  қарай  ұмтылысты.  Жер  тағы  гүр 
ете түсті де, шахта түбіндегі əлсіз шам бір-жанып, бір сөнді. 
Төбеден қазандай, қазандай көмірлер опырылып, құлап жа-
тыр. Шығар ауыз жақтан қызыл жалын бұрқ ете қалды. 
– Құрыдық! – Құр ышқынып қалды. 
Манағы  қияқ  мұртты  балаң  жігіттің  сол  иығы  тиген 
көмір  кесегінен  қатты  жараланып  қалған.  Əлсіз  панар  да 
өшкен, тас қараңғы. 
– Сабыр сақтаңдар... Бұрыш-бұрышқа жасырыныңдар... 
құтқарушылар келеді...
Іс  басқарушының  қарлығыңқы  даусы  саңқ-саңқ  етеді. 
Орнынан сүйретіліп əзер тұрған жігіт бұрыштың қай жақта 
екенін  аңғара  алған  жоқ.  Мөлшермен  тура  алдыға  жеті 
қадам аттаса қазанға жететінін аңғарды. Көмірдің қою ысы 

140
алқымын  езіп  барады.  Ышқынған  жұрттың  арсыл-гүрсіл 
шашалған дыбыстары.
Ол ақыры қазанға жетті. Ернеуінен сау қолымен мықтап 
ұстап,  теңселген  денесін  шаққа  түзеп,  қазанға  сүйенді. 
Иығынан  аққан  жылымшы  қан  салбырап  қалған  қолының 
басынан  жерге  сорғалап  тұрғанын  білді.  Иығының  сынған 
сүйегінен  шықыр  еткізіп,  салбыраған  қолын  көтеріп, 
қазанның ернеуіне шығарды. Құлында-құлын даусы шығып, 
шырқырап кетті. Қазанның ернеуіне сүйенген қалпы есінен 
танып  бара  жатты.  Есінен  танып  бара  жатып  шахтаның 
ішінің  қып-қызыл  жалынға  оранғанын  байқап  қалды. 
Ол есін жиғанда сол шахтадан көрген тайқазанның ернеуінде 
жатыр  екен.  Қайдан  екенін  өзі  де  түсінбейді,  белінде  жеті 
оралған  қарала  арқан.  Қазан  жиегіне  көз  жеткізгісіз  алып 
мұхиттың  ортасында  қалқып  келеді...  Гүр-гүр...  гүрс-гүрс 
еткен  дыбыстан  селк  етіп,  жан-жағына  қарады,  ештеме 
жоқ.  Бұрылып  қазанның  ішіне  қарап  еді.  Тура  өзі  тұрған 
шахтаның  іші.  Қып-қызыл  жалын  қою  қара  түтін-түтіннің 
арасында қазанның ернеуінде асылып, есінен танып қалған 
өзі. Одан əрірек манағы мосқал еркек. Отқа оранып жанта-
ласып,  өзін  қабырғаға  ұрып  жүрген  əріптестері.  Беліндегі 
арқанның  бір  ұшын  қазанның  құлағына  байлады  да,  өрт 
құшағындағыларды  өзі  алып  шықпаққа  қазанның  түбіне 
қарай сырғып түсіп бара жатты.
ҚАРҒЫС
Жын  ұрғандай  автокөлігінің  бар  жылдамдығын  қосып, 
қаладан  шыға  жөнелген  жігіт  бірден  елсіз  иенге  қарай 
еніп  кетпекші  еді. «Шынымен-ақ,  олар  сол  жерде  жүр  ме 

141
екен?»  деп,  өз-өзінен  күбірлеп  келеді.  Кешегі  түндегі  түсі 
көз алдында. Атасы көп айтатын əңгіменің шалығы шығар. 
Түсінде өзі атасының орнында əйелдер түрмесінің күзетшісі 
екен  дейді.  Тура  осыдан 70 жыл  бұрын.  Арқаның  əр  кез 
төпеп тұратын нөсерлі жаңбырының бірінде шалғы шалып, 
шөп  орып  жатқан  əйелдер  мен  кішкентай  ғана  бұтаның 
маңайында  үстіндегі  барды-жоқтыларын  бастарына  жауып, 
малмандай болып суға малшынып отыр. 
– Əже, көкемдер қашан келеді... – Шамасы бес жасар қыз 
даусы үзіле осыны айтқанда, шеткері отырған жас келіншек 
баланың аузын баса қалды. 
–  Қайтейін,  айналайыным-ай...  Жаратқан  ием  жар  бо-
лар.  Келеді.  Келеді...  Кемпір  кемсеңдеп  жылай  бастады. 
Түрменің қатал тəртібіне сай ол кемпірге зекімекке оқталды. 
Неге екенін өзі де білмейді үндеген жоқ. 
– Əже, қорқамын мына жерден кетейікші... – Шешесінің 
алақаны босай салысымен қыз шырқырай жөнелді. 
– Құлыным менің, міне, кəзір кетеміз. – Кемпір немересін 
құшақтады да, келінін қолынан жетелеп, мұның көз алдында 
қалың шалғынның арасына сіңіп бара жатты. Содан... содан 
соң кешкісін түрме бастығы адамдарды қашырып жібергені 
үшін бұны дүре тақтайына жатқызды. Суға малынған кендір 
арқан  арқасын  айғыздап  тілгіледі.  Қаны  судай  жөңкіліп, 
шалғынның арасын бойлап, ағып бара жатты. Есінен танып 
кетіпті.  Мұны  түрме  қызметкерлері  сүйреп,  далаға  алып 
шығып,  саз  батпақты  жазықтың  ортасындағы,  жалғыз  түп 
талдың  түбіне  əкеліп  тастапты.  Орнынан  тұра  алмай  жан-
таласып  жатқан  оны  манағы  кішкентай  қыз  келіп, «тұршы, 
тұршы»... – деп жеңінен тартқылап тұр. 
–  Мен  жаралымын  ғой,  қалай  тұрамын? – деген  оған 
қыз. – Жоқ  сен  жаралы  емессің,  оян,  ояна  салып,  тура  осы 

142
жерге  кел! – деді.  Мұның  жаралы  денесі  еш  қимылдатар 
емес.  Қыз  бұның  құлағының  түбіне  келіп,  бар  даусымен 
шыңғырып жіберді. Қатты ұйқыдан шошып оянған ол сонда 
барып өзінің бөлмесінде жатқанын білді. Бірақ денесі ауыр. 
Қол  аяғында  арқанның  бунаған  табы.  Тал  түске  дейін  ор-
нынан  тұра  алмай  жатты.  Түс  ауа  сүйретіліп,  əзер  тұрған 
ол  жатқан  орнынан  қанның  дағын  көріп  селк  ете  түсті. 
Оның еш нəрсе ойлауға мұршасы жетпеді. Бетін шала-пала 
шайды  да,  асығыс  тысқа  шығып  көлікке  мінді.  Қыздың 
айтқан,  иə,  айтпақшы,  түсінде  көрген  жалғыз  түп  ағашқа 
бармақ.  Неге  баратыны  туралы  да  ойланған  жоқ.  Көп 
ұзамай ағаш та көрінді, енді жете бергенде тура түсіндегідей 
жаңбыр  төпей  жөнелсін.  Үйден  сыбай-салтаң  шыққан  ол. 
Жалғыз  түп  ағашқа  жетпей  көлігін  тоқтатты  да,  ары  қарай 
жаяу тартты. 
–  Тоқтат!  Менің  құлынымның  маңына  жуитын  болсаң, 
қылша  мойныңды  талша  қыламын. – Сол  түндегі  түсінде 
көрген  кемпір.  Арт  жағында  кішкентай  немересімен  келіні 
бұғып тұр. 
–  Апа,  апатайым,  мен  қас  емес  сіздерге,  доспын. – Ол 
емес, оның ар жағынан біреу сөйлеп тұрған тəрізді. 
– Жоқ. Мен ешкімге сенбеймін. – Кемпірдің даусы тіпті 
айбарлы шықты. 
–  Апа,  қорықпаңыз,  сізге  де,  немереңізге  де  ешкім 
тимейді. 
– Бізді де алғашында солай деп алдап əкелгенсіңдер... 
– Апа, ол қай заман... біз басқа дəуірдеміз ғой. 
– ... 
– Апа, жүрсеңіздерші... үйге алып кетемін сендерді... 
– Бұл тозақтан ешкім де шыға алмайды... 
– Бұл басқа дəуір ғой... 

143
–  Аяғыңның  астына  қарасаңшы... – Кемпір  аяныш-
ты  көзбен  қарап  тұр.  Аяғына  қараған  ол  бар  даусымен 
шыңғырып  жіберді.  Қалың  қу  сүйек  қолдар  өзін  сазға  тар-
тып  бара  жатыр  екен.  Түндегі  түсімдей  қатты  шыңғырсам 
оянармын  деп  ойлады.  Даусы  қарлыққанша  бар  даусымен 
шыңғырды.  Бірақ  ояна  алмады.  Тек  құлағына  кішкентай 
қыздың: «Əже,  əже,  көкемдер  қайда  екен  сұрашы?!» – деп 
шырқыраған үні қалды.
АШТЫҚ 
– Жаным-ау, осы дүниеде бізден басқа еш тірі жан жоқ 
па? – деп қымсына қараған əйеліне жігіт: 
– Қойшы енді мазаланбай. Мен жəне сен екеуімізге осы-
дан артық не бар... – Жігіт көзінен жасы мөлтілдеген əйелді 
құшағына қысты. 
– Біз мұнда қалай тап болдық? 
– Кім білсін? 
– Басқа адамдар қайда? 
– Адам түгілі, жыбырлаған жəндік көзге шалынбайды. 
– Жер тарылып кеткен бе, шеті көрініп тұр. 
– Қойшы-ей, сен де қайдағыны айтпай. 
– Шын... 
– Шаршадым. Барып көрейікші... 
– Осы сен де... – Жігіт ақыры мақұл болды. Айналасы екі 
аттамай жатып-ақ жердің шетіне жетті. Жоқ жердің шетінде 
яки ернеуінде тұр екен. Ары қарай қап-қара түнек. 
– Біз бір шетінде тұр екенбіз... 
– Бұл жер емес, басқа əлемде емеспіз бе? 
– Тағы бастадың ба? 

144
– Онда ана шетіне қарай барайықшы... – Жігіт ешнəрсе 
демей-ақ əйелдің айтқанына мақұл болды. Ол шетіне де ай-
наласы екі аттап жетіп барды. 
– Жер құлап кеткен шығар... 
– Қайда?
– Əншейін айтамын да. 
– Мен қорқып тұрмын. 
– Неге? Мен соншалықты жақсы сезініп тұрмын. 
– Ал, неге?
– Бұл əлемде тек сен екеуіміз ғана...
– Қарным ашты, жейтін бірдеңе болса ғой. 
– Менің де. 
Екеуі қанша айналса да түк таппады. Күндер өтті. Апта 
өтті. 
– Менің өлгім келмейді. 
– Кімнің өлгісі келеді, ешкімнің де. 
– Бір амалын жасасаңшы. 
– Өзің көрдің ғой, еш шарамыз жоқ. 
– Жоқ, қалайда өлмеуіміз керек. Аштан өлу тым қиын. 
– Жетер енді! Тантыма. Менің етімді же... – Жігіт ашу-
дан қалш-қалш етті. Əйел томсарып сəл отырды да:
–  Сен  маған  қалай  ғашық  болдың  есіңде  ме? – деп 
сұрады. Ашуы тарқаған жігіт: 
–  Есіңде  болар  жаңа  жылдың  қарсаңында  сендердің 
ауылдарыңа  барғаным.  Автобусқа  алғаш  шыққаныңда-
ақ  мөлдіреген  бота  көздеріңді  көріп,  есімнен  танып  қала 
жаздағанмын... 
Орнынан  үнсіз  тұрып,  жерді  арғы  шетіне  қарай  кеткен 
əйелге жігіт: 
– Сенбесең өзің біл. Бірақ енді екеумізде де бір-бірімізден 
басқа ешкім жоқ, – деп дауыстады. 

145
Жердің  арғы  шетіне  жеткен  əйел  теріс  қарап  отырып, 
тасты  тасқа  соққылап  жүріп,  атам  заманнан  қурап  қалған 
ырғайдың түбірін жақты. Сосын басындағы орамалын шешіп, 
бір көзін таңып жатты. Сүт пісірім уақта көзі таңылған əйел, 
алақанында  күп-күрең  болып  шоққа  қақталған  бармақтай 
бір затты алып келіп, жігіттің аузына тосты. 
– Бізге былай аштан өлуге болмайды, – деп еңіреп жылап 
жіберген  əйелді  сүйе  қасына  отырғызған  жігіт  таңдайына 
балша  татыған  дүние  жылп  етіп,  көмейінен  ары  асып 
кеткенін байқамай қалды.
Содан соң барып есіне келген ол:
– Маған бергенің не нəрсе, не деген дəмді... – деді кезер-
ген ернін жалап. 
– Сені маған ғашық еткен көзім. 
Əйелдің  басындағы  орамалды  жұлып  алған  жігіт  орны 
үңірейіп тұрған көздің қазанын көріп, жынданып кете жазда-
ды. Əйелін бас салып еңіреп жылады. Екеуі қосылып таңнан 
таңға боздады. Қарындары əбден ашқаны сонша, енді орын-
дарынан тұрудың өзі мұң болды. 
–  Хош  бол,  жаным!.. – Ерні  əзер  жыбырлаған  əйелдің 
таңдайына жігіт əлде бір жылымшы нəрсені тосты. Сəлден 
кейін  жігіттің  аузына  да  сондай  жылымшы  ет  түсті.  Екеуі 
де  естерін  жинап  бір-біріне  қарап  шошып  кетті.  Екеуінің 
бірдей жарты денелері жоқ. Тағы жылады. Тіпті ұзақ жыла-
ды. Жылай-жылай сілелері əбден қатқан соң естерін жинап:
–  Иə,  бұлай  аштан  өлуге  болмайды... – деп  бір-бірін 
жұбатты. 
Арада апта өтпей-ақ екеуі бір-бірін жеп болды. 
– Енді не істейміз? – деген əйелді ертіп жігіт:
– Бұлай аштан өлуге болмайды – деп, қалың құмға сіңіп 
бара жатты.

146
ДАҚ
Төпелеп  өткен  жаңбырдан  соң  машинасын  жудырып, 
көшеге шыққан жігіт жолай көлік тосқан қызға тоқтады. 
– Қаланың батыс қақпасына ала кетесіз бе? 
– Мақұл, отыра қал... 
Аппақ  киінген  қыздың  етігі  қонышына  дайын  батпаққа 
былғаныпты.  Жүзі  шаршаңқы.  Жайланып  отырды  да,  əне-
міне дегенше қалғып кетті. Машина жаймен қозғалып келеді. 
Əп-əдемі қыздың бұлай мұрттай ұшқанына таң қалған жігіт 
қызға көз жүгіртті. 
Мана  байқамаған  болар,  қыз  тізеден  жоғары  батпаққа 
малынған  екен.  Жо,  жоқ.  Батпақ  қыз  денесін  өрлеп  жайы-
лып  келеді  екен.  Сəл  тіксінген  жігіт  көлігін  жылдамдатып, 
межелі жерге жетті. 
– Қарындас, жеттік. 
Селк етіп оянған қыз қолын есіктік тұтқасына апара бер-
генде əлгі жайылған батпақтан ештеме де жоқ боп кетті. Тек 
етігінің өкшесінде ғана аз-мұз дағы қалды. 
– Рахмет!
Көліктен  түсіп  жолдың  алғы  бетіне  өткен  қызға  сүзіле 
қарап тұрған жігіт қыздың денесіне батпақтың қайта жайылып 
бара  жатқанын  байқады.  Əріректегі  үюлі  тұрған  топыраққа 
жетті  де,  бүткіл  денесі  кəдімгі  сағыз  батпаққа  айналып, 
топыраққа қосылды да жоқ болды. 
Арт  жақтағы  машинаның  ащы  сигналынан  есін  жиған 
жігіт  машинасын  жылжытып  бара  жатып,  қыз  отырған 
орынға қарады. Орындықта сары батпақтың дағы қалыпты. 
Жігіт бұған бола қайта машина жудырғысы келмеді.

147
ДАРХАН БЕЙСЕНБЕК
1984  жылы  Алматы  облысының  Жаркент  өңіріндегі  Нағарашы 
ауылында  дүниеге  келген.  Қаныш  Сəтбаев  атындағы  Қазақ  ұлттық 
техникалық  университетін  «Машина  жасау  технологиясы»  мамандығы 
бойынша бітірген. Қазір «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары.
ҚАРАҚАТ ТЕРЕ БАРҒАНДА
(əңгіме)
1
Қарақат тере барғанда,
Қиылып маған қарадың.
Балалық таза арман ба, 
Сəулетай, қимай барамын.
 
Қара  домбыраның  қоңыр  үнімен  қабыса  шыққан 
əншінің əсем дауысы төгіліп тұр. Үкілі сəукелесі, етек-жеңі 
бүрмеленіп, кеңінен пішілген көйлегі, белін қынай буынған 
көк түсті камзолы − бəрі өзіне құйып қойғандай, мінсіз бо-
йына жараса кеткен. Қарақаттай мөлдір қара көздері де сол 
баяғыдай нұрланып, лағыл тастай от шашып, жалындап тұр. 
Тек  қос  ішекті  қағып  тұрған  оң  қолының  шылдыр  шүмек 
саусағына көзім түскен кезде ғана көңілім су сепкендей ба-

148
сылып, пəс тартып қалды. Əрине, үйленетін жастан баяғыда-
ақ  асты  емес  пе.  Оның  несіне  ренжимін,  қайта  қуануым 
керек  шығар.  Жанарымның  мəңгілік  жадында  сақталып 
қалған  Жадыраның  балаң  бейнесін  дəл  алдымдағы  сахнада 
тұрған  əнші  келіншекпен  салыстырдым.  Өзгере  қоймапты. 
Күлген  кезде  екі  езуінде  пайда  болатын  əдемі  қос  шұңқыр, 
тамсана сөйлегенде, жарасымды ырғақпен қастарын көтеріп 
қоятындығы, ренжіп қалса ұрты, томпайтып, астыңғы ерінін 
салпайтып шығаратыны... ары қарай есіме түсіргім келмеді. 
Жанымда  отырған  ұлымды  қолынан  тартып,  жүр  шығамыз 
деп  ымдадым.  Ол  қозғала  қоймады.  Концертті  көргісі 
келіп,  көңілі  құлап  тұр.  Ұлымның  қолынан  тартып,  сүйрей 
жөнелдім. 
2
− Сені директор шақырып жатыр, − деген хабарды естігенде 
төбе  шашым  тік  тұрды.  Сыныптағы  жиырма  төрт  баланың 
қырық  сегіз  көзі  маған  аяныш  сезімімен  қарағандығын 
сезінгенде, тіптен үрейім ұша түссін. Көзім алақтап, əркімге 
бейне  бір  құтқарып  қалатындай  жалынышпен  жалтақтап 
қараймын.  Үйге  қашып  кетсем  бе  екен  деген  де  ой  келді 
басыма.  Деректір  үйге  дейін  іздеп  барса  ше?  Онда  анық 
масқара  болам  ғой!  Одан  бір,  шапалағы  қатты  əкемнен  бір 
таяқ жесем...
Қырық сайтаным сан-саққа жүгіріп, қанша сабылғанымен 
мандымды, көңілге қонымды сылтау таппағасын, амалымның 
жоқтығына  соңғы  мəрте  көз  жеткіздім  де,  директордың 
бөлмесіне  бет  алдым.  Сыныптастарым  есіктен  мені  сол  ая-
ныш  сезімін  ұялатқан  жанарларымен  ұзатып  салды.  Өзара 
күбірлесіп  қояды.  Мектеп  басшысы – физика  пəнінің 

149
мұғалімі,  ауылдың  үлкендері  жақсы  боксер  болған  деседі. 
Оның  жақсы  боксер  екендігіне  сабақ  беріп  келе  жатқан 
соңғы бір жылдан бері біздің сыныптың ұлдары талай мəрте 
«көз  жеткізгенбіз».  Жұдырығынан  «дəм  татып,  су  ішкесін» 
қаймығып  тұрасың.  Ал,  ол  кісі  өзінің  жеке  кабинетіне 
шақырса... 
Есікті имене аштым. Хатшы қыз отыр екен. 
−  А-а-а,  Думан,  сенсің  бе?  Қазір  мен  ағайдан  сұрап 
шығайын, − деді де, деректірдің кабинетіне кіріп кетті. 
Асығыстау шықты. 
− Кіре ғой. 
Тозақтың есігінен енгендей үсті-басымды тер жуып кетті. 
− Сə... əлеметсіз бе?
− Саламат па, Думанжан! Келе ғой, мұнда отыршы.
Дəл өзінің алдындағы орындықты нұсқаған. «Үһ» дедім 
ақырын ғана тыныстап. Ұрыспайтындығы белгілі болды. 
− Сабағың қалай?
− Жақсы, аға. 
− І-і, сені шақырған себебім, − ол кісі көзінің қиығымен 
маған қарап қойды. Мен дереу жанарымды төменге салдым. 
Ұялғаннан,  ия  болмаса  қорыққаннан  емес...  түсіндіре  ал-
маймын, əйтеуір, түсініксіз бір себеппен. − Мына бір хатты 
оқып шықтым.
Селк  ете  түстім.  Отырған  орындығыммен  опырылып, 
мұзды  көлге  түсіп  кеткендей  денем  салқындап  сала  берді. 
Менің өткенде Жадыраға хат жазғанымды оның өзінен басқа 
ешкім білмейтін еді. Қалай ғана бұл кісінің қолына тиген?
− Өлеңің маған ұнады. 
Рас, хатты өлеңмен жазғам. 
−  Сенің  бойыңда  ақындық  талантың  бар  екен.  Маған 
бір  ой  келіп  отыр,  егер  де  сен  қарсы  болмасаң,  осы  өлеңді 

150
аудандық газетке берейік. Ол жердегілердің де ұнататынына 
күмəнім  жоқ.  Осыны  өзіңмен  ақылдасайын  дегем,  қалай 
қарайсың?
Қалай қарайтын несі бар? Тура солай қараймын. Əрине, 
қуанышпен.  Бірақ  айта  алмадым.  Жанарымда  ойнап  шыға 
келген ұшқынды аңғарған болуы керек, директор:
− Жақсы, онда, сабағыңа бара ғой. Хатты мен өзім салып 
жіберермін.  Басқа  да  жазған  өлеңдерің  болса  маған  көрсет, 
тəуірлерін өзіміздің «Жетісуға» да жіберерміз. Келістік пе?
− Рахмет, рахмет, аға. Иə... сөйтем... 
− Ал, бара ғой.
Директордың  бөлмесінен  қуанышым  қойныма,  қойным 
түгілі, тұла-бойыма сыймай, біреуге тезірек айтқанша асық 
болып, сыныпқа қарай құстай ұштым. 
3
Соңғы  кездері  өзімнен-өзім  қуыстанып  жүрмін.  Сы-
ныптастарымнан  ұялып,  екі  күн  бойына  сабаққа  да  келген 
жоқпын.  Сыныпқа  кіріп  келгенде,  сайқымазақ  Нұрбол  мен 
Сармат  мені  мазақтай  жөнелетін  сияқты.  Əйтеуір,  біртүрлі. 
Біздің сыныптың ұлдары өздері жақсы көретін қыздарға де-
ген  сезімін  баяғыда-ақ  жариялап  үлгерген.  Барлығы  дерлік 
өздерінен кішкене қыздарға. Ал, мен болсам əлі ұялам. Рас, 
Жадыраның менен төрт сынып жоғары оқитындығы − төрт 
жасқа  үлкендігі  бар.  Мүмкін  содан,  əлде  ұяң  мінезімнен 
шығар.  Білмейім.  Көбіне  үндемейтінмін.  Жадыра  хас  сұлу 
болғандықтан, біздің ауылдың жігіттерінің оны ұнатындығы 
анық.  Əсіресе,  менің  ағамның  досы  Еркебұланның  Жа-
дыраны  құшақтап  кетіп  бара  жатқанын  жақтырмай  қалам. 
Кəдімгідей қызғанам. 

151
Өткен  күні  шыдамымның  ішегі  үзіліп,  өз-өзімді 
шарыққа салғандай намысымды қайрап, түпкі бөлмеге кіріп 
алып,  Жадыраға  хат  жаздым.  Бар  болғаны  алты-ақ  ауыз 
сөз. «Жадыра,  сен  маған  ұнайсың.  МСС.  Думан».  Бердібек 
Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» оқыған боларсыз-
дар. Сонда «мен сені сүйемін» деген сөзді осылай қысқартып 
жазушы еді ғой. Мен де солай істегенді жөн көрдім. Ертесі 
хатымды он бес минуттық үзіліс кезінде ешкімнің жоқтығын 
пайдаланып,  Жадыраның  бар  болғаны  төртінші  сыныпта 
оқитын сіңілісіне тапсырып, өзіне беруін өтіндім. Кішкентай 
болса да қыздарың қу емес пе, маған қарап ыржиып қойды да 
хатымды қалтасына сүңгітіп жіберді. Сезіп тұр ғой. «Ашып 
оқушы  болма»  деп  ескертуді  де  ұмытпадым.  Келесі  сабақ 
денешынықтыру  болатын,  басымның  ауырып  тұрғандығын 
айтып,  Əнуар  ағадан  сұранып  кеттім.  Денешынықтырудан 
результатым өте жақсы. Сөзге келмей жіберді. 
Арада  үш  күн  өткен,  сабаққа  бүгін  ғана  келіп  отыр-
мын. Сынып табалдырығынан аттай бере тосырқап қалдым, 
бір  шетінен  жатырқап  тұрғандаймын.  Біреулер  менен 
сезіктенетін сықылды. Қазір келіп Жадыраға хат жазғанымды 
айтып, келеке ететіндей. Біздің сабақ оқитын бөлмеміз «11 б»
сыныбынының  жанында  болғасын,  солардың  есігінен  күн 
сайын  қарап  өтетінбіз.  Мен  енді  оң  жақтағы  баспалдақпен 
жүрмей,  сол  жақтағы  басқышақпен  көтеріліп  жүрмін. 
Жадыраның көзіне түсуге ыңғайсызданам. 
Бір  шетінен  көргім  келеді,  бірақ  көзіне  түспеуге  тыры-
сам. Сол күні мен Жадыраны мектептен кезіктіре алмадым. 
Түстен кейін Қарасудың диірменіне ұн тартуға кеткен əкеме 
жəрдемдесу  үшін  қара  құнаныма  жəй  ғана  тоқым  салып, 
бір тартпамен бос қана тартып, жайдақ мінген күйі тоғайға 
тарттым. «Жарқабақ»  ауылының  ішімен  жүрсем  бұзық  ба-

152
лаларымен  байланысарым  анық.  Сыртымен  жүрейін  деген 
тоқтамға келдім. Кенет, астыңда атың бар, несіне қорқасың, 
тиісе қалса қамшының астына алып, сабап кетпейсің бе деген 
тосын ой келді. Рас-ау, ешкім тиіспесе де, ешкімді сабамасам 
да көшелерінің ортасымен құнанымның жол жорға жүрісіне 
салып  қойып,  ағызып  өте  шыққанымның  өзі  неге  тұрады? 
Мақтан тілеген мəртаза көңіл аттың басын ауылдың ортасы-
на бұрғызған. Ағызып өте шықтым. Орталық көшелерімен. 
Балалары  тыныш.  Тек  шəуілдек  иттері  ғана  шаңқылдап 
жүгірген, бір-екі рет қамшымен жасқап тастағасын олар да 
аптығын басты. 
Орыс шалдың диірменіне келсем, əкем ұн тартып болып 
қалыпты. Екеулеп жүріп он бір мөшек ұн мен екі қап кебекті 
кезінде  таудан  қарағай  тасып  шыныққан,  баратын  жеріне 
тоқтамаған, ентікпеген күйі шауып барып, шауып қайтатын, 
бойы  тайға  тақаулас,  күші  мығым  көк  есек  жегілген  жеңіл 
арбаға  арттық  та,  жолға  шықтық.  Көк  шалғыны  тізеден 
келетін  тоғай  ішіндегі  қара  жолмен  ақырын  ғана  аяңдап 
келе  жатқасын  мен  тізгінді  бос  жібере  салғам.  Жəй  жүріс 
құнанның  ішін  пыстырған  сыңайлы,  жүріп  келе  жатып 
тұмсығын қалың шөптің арасына тығып жіберіп, бір уысын 
күрт  еткізіп  үзіп  алады.  Мен  көп  сөйлемеймін,  əкем  менен 
өткен үндемес. 
Мен ендігі кезекте Жадыраны ойлай бастадым. Шіркін, 
қазір жанымда болса ғой. Оған сосын «Жарқабақтың» бала-
лары  тиіссе,  мен  оларды  атпен  қуып  жүріп  сабасам,  сөйтіп 
Жадыраны бұзық балалардан қорғап қалсам, оның маған де-
ген сенімі артып, мойыныма асылып, бетімнен «шөп» еткізіп 
сүйіп  алса... «Балам-ау...»  деген  сөз  құлағыма  еміс  естілді. 
Мен оны мойыныма асылып алған Жадыраның «Бағланым-
ау...»  деп  айтып  жатқаны  деп  түсіндім. «Əй,  Думанжан...» 

153
Жадыра  тағы  да  «Ой,  Думан  жаным...»  дегендей  болды. 
«Əй,  балам,  Құдайберді  нағашыларыңа  тартып  керең  бола-
йын дегенсің бе? Тез жүрсеңші». Дереу бойымды жинап ал-
дым. Бойымды емес, ойымды. Əкем арбасымен алдыға түсіп 
кетіпті де, менің құнаным жиде түбіндегі қалың өскен қызыл 
мияға  бас  қойыпты.  Тебініп  қалдым.  Қарагер  тұмсығын 
пыр  еткізді  де  басын  көтерген  бойында  жол  жорғасына  са-
лып тарта жөнелді. Бір жамбасыма аунай отырдым. Айнала 
қалың жиде мен қарақат. 
Сіз  осы  сəйкестік  дегенге  сенбейтін  боларсыз.  Мен  де 
сенбейтінмін.  Бірақ  не  тілесең,  сол  тілегіңнің  аяқ  астынан 
қалауың бойынша орындала қалса, алдымен есіңе ең бірінші 
Жаратқан оралады екен. Əкем екеуміз «Жарқабақ» ауылына 
кіре  беріс  бауыздау  алқымына  қалың  өскен  қарақат  арасы-
мен өтіп бара жатқамыз. Кенет сіңілісі мен Жадыраның шоқ 
қарақат  ағашының  басына  қол  созып  тұрғанын  көзім  шал-
ды. Қызық сезім. Қуанып тұрғанымды, ия болмаса абыржып 
тұрғанымды  өзім  айырып  болмаймын.  Сəл  жүрістен  соң 
əкеме  қарақат  арасында  шөптің  қалың  өскендігін,  құнанды 
осында біраз жайып алатындығымды айттым. Əкем артына 
бір бұрылып қарады да:
− Көп кешікпе, шешең алаңдап жүрер, − деді. 
Қарагерді кері бұрғам. Жадыраның жанына таяғанда қарғып 
түстім  де,  жүгендегі  сағақбаудың  орынында  жүретін  тұсауды 
шешіп алып, атты тұсап қоя бердім. Енді қалай барам? Əйтеуір 
сүйретіле жақындадым. Амандасқам. Ол мені көрді де: 
− Ой, Думан, сəлем! Қайдан жүрсің? − деді. 
Оның  жүзінен  маған  байланысты  бір  жылылықты, 
қуанышты сезгесін батылдана бастаған сыңайлымын. 
− Сенің осы жаққа кеткеніңді естіп, іздеп келдім.
Мені  шешем  осы  ұяттан  ада  қылып  туған  сияқты. 
Шімірікпедім. 

154
− Қойшы, − деді ол, − расыменен бе?
− Əрине, расыменен. Əлде сенбейсің бе?
−  Жоқ,  сенем.  −  Ол  қарақат  салып  жатқан  себетіне 
қараған. − Рахмет, − деді сосын, − рахмет іздеп келгеніңе. 
Сіңілісі екеумізге қулана қараған. Өткенде менің хатым-
ды жеткізген «пəштəлөн» қыз осы. Өзі де сезді-ау:
−  Жадыра  əпке,  мен  көкемдермен  тере  берем.  Сендер 
өздерің... − деді де, бұрылып жүгіре жөнелді. 
− Нəзок, − деді Жадыра сіңілісіне, − көкеме де, апама да 
айтпа, иə?
Нəзира  басын  изеді.  Жадыра  өзіне  жарасымды  сүйкім-
ділікпен маған басын қисайта қарады да:
− Өткендегі хатыңды алдым, − деді. Тағы да күлген. Со-
сын келді де əбжілдікпен менің бетімнен «шөп» еткізді. Қыз 
еріні  тиген  бетімнің  оймақтай  аумағы  дызылдай  жөнелген. 
«Ех, бақыт деген қыздың ерінінде жатыр екен ғой...» 
− Маған қарақат терісесің бе?
− Терісейін, егер де сен қаласаң, − дедім. 
− Жақсы болды, мə, ұста. − Ол маған Нəзира қалдырып 
кеткен шиден тоқылған себетті ұсынды. 
Екеуміз  де  ендігі  кезекте  үнсіз  ғана  қарақат  тере 
бастағанбыз. «Жадырамен үнемі оңаша қала бермейсің ғой, 
осындай  мүмкіндікті  пайдаланып  сөйлесіп  қалсаңшы»  де-
ген  ой  бірнеше  мəрте  аузыма  келген  сөзді  сыртқа  итерген. 
Өзімді тежей бердім. Неден бастаймын?
− Қарақатты қар бір жауып өткесін тереді деуші еді, сен-
дер неге ерте бастап кеткесіңдер? − Сөз саптаған сиқым. 
−  Апам  қант  бар  кезде  теріп,  варенье  қайнатып  алайық 
дегесін келгенбіз, − деді Жадыра іле жауап қатып. 
Тағы  да  не  сұрауға  болады?  Ойланып  тұрғанымда  Жа-
дыра өзі сөйледі. 

155
− Думан, бері келші, мына жерде қарақат қалың екен. 
Шаппасам  да  тұра  жүгірдім.  Расыменен  қалың  түсіпті. 
Жіңішке  ағаштың  басын  жерге  жеткізе  идім  де  қарақатын 
уыстап жұлып, себетке сала бердім. Мен алған кезде жарты-
лай  болып  тұрған  себет  толыңқырап  қалды.  Жадыра  менен 
əудем жерде жүр. Мен ыдысты жерге қойдым да қарақаттан 
моншақ  тоқи  бастадым.  Сабақтарын  ақырын  тесіп,  келесі 
қарақатты сабағымен қоса өткізіп. Қазір біткесін Жадыраның 
мойынына тақпақпын. 
Күн біршама жантайып қалыпты. Күздің қоңыр салқын 
лебі  бетке  ұрады.  Сырт-сырт  еткен  дыбыс  ойымды  бөліп 
жіберген,  бұрылып  қарадым.  Жадыра  екен.  Себеті  толы, 
маған күлімдей қарап тұр. 
− Мені апамдар шақырып жатыр. Қайтамыз дейді. 
− Сен.. мен... не... мен.. саған моншақ тоқыдым. − Оры-
нымнан көтерілдім. − Мойыныңа тақсам бола ма?
− О, маған ба? − Дауысы көтеріңкі. − Əрине, болады. 
Оның иілген аппақ мойынына мен қарақаттан тоқылған 
моншақты  кигізе  қойдым.  Қара  жұмыстан  жарылып  кет-
кен  саусағымды  қыздың  нəзік  біткен  мойынына  «абайсыз» 
тигізіп алуды да ұмытпадым. Ол сезбеген сыңай танытты. 
− Рахмет, моншағыңа. 
− Оқасы жоқ. Сендер мəшинемен жүрсіңдер ме?
− Аха, көкемнің.
− Менімен бірге қайтшы. Атқа мінгізем. 
Екі  себетті  көтерген  ол  апасынан  сұрануға  жүгіріп  кет-
кен.  Мен  алғашқы  кезіккен  қарақат  түбіне  тастай  салған 
жүген  мен  құрғақ  тоқымды  алып  құнанымды  ұстауға 
беттедім.  Міне,  қырсық.  Əншейінде  жанына  барғанда 
үндемей ғана тұра беретін қарагерімнің айдарынан жел есіп, 
маңайындағыларға  пысқырына  қарап  қалыпты.  Көзі  ша-

156
тынап  тұр.  Мен  жақындағанда  үркіп  қаша  жөнелмесі  бар 
ма.  Ал  қу!  Шоқырақтаған  ол  да  жақындатпайды.  Көзіме 
жас  келіп  қалған.  Əй,  боқтадым.  Атымды.  Айналшықтап 
ұстатпайды.  Өткенде  жүгері  жинауға  барғанда  да  өстіп  бір 
ұстатпай,  үркіп  қашқаны  бар.  Сонда  ғой,  ауылға  дейінгі 
он  екі  шақырым  бойына  құнанымды  ұстай  алмай  жаяу 
келгенім.  Есіме  сол  түскенде  сұрануға  кеткен  Жадырадан 
ұялдым. Боқтау былай қалды, мен енді атыма жалына баста-
дым. Сонда да көнбейді, неме. 
Есімімді  атаған  дауыс  жаққа  жалт  қарасам,  Жадыра 
тұр.  Безгелдек,  енді  қайттім!  Қос  аяқтай  секіріп  анау  да 
жақындатпайды. Жадыра қасыма таяп келген. 
− Ұстатпай жүр ме?
−  Ұстатпағанда  не  ғой,  бағана  мына  жерден  өтіп  бара 
жатқандар үркітіп жібергенге ұқсайды. Содан жолатпай жа-
тыр. 
−  Қане,  мен  көрейін.  −  Жадыра  алақанын  жыбырлата 
«мох,  мох»  деп  атқа  жақындады.  Құнан  жиырыла  қарап, 
Жадыраға  қырындау  келіп  алақанын  иіскеді.  Ол  аттың 
маңдайынан  сипалап,  мойынын  құшақтап  маған  ымдады. 
Кигізіп үлгердім əйтеуір. Жүгенді. Жыным қайнағандықтан, 
жазаңды жолда берермін деген ойға бекідім. 
Жадыраны артыма мінгестіріп алдым да «Жарқабақтың» 
ішімен  тура  тарттым.  Ол  болса  менің  белімнен  құшақтай 
қысып алған. Қандай жақсы! 
− Думан, сені өлең жазады дейді ғой. Рас па?
− Елдер айта береді ғой. − Сырғақтай жауап бердім.
− Мен сенің кітапты көп оқитыныңды білем ғой, жазса 
жазатын шығар деп ойлап едім.
−  Енді  анау  айтқандай  мықты  жазбайтын  шығармын. 
Шамамның жеткенінше шимайлайтыным бар. 

157
− Бəсе. − Ол біраз тосылып қалған. − Маған арнап өлең 
жазасың ба? − Қулана күлді. 
−  Саған  арнап  па?  Жазам.  Бүгінгі  қарақат  терген 
күніміздің өзі қандай əдемі, осы туралы жазам. 
−  Ендеше  ертең  үлкен  үзіліс  кезінде  үшінші  қабаттағы 
шеткі терезе алдында күтем. 
Жадыра  екеуміз  түрлі  анекдоттар  айтып,  қызықты 
уақиғаларды  əңгімелеп  ауылға  жеттік.  Ауыл  шетіндегі 
бейітке  жақындаған  кезде  Жадыра  көрген  елден  ұят  болар 
деп аттан түсіп қалды. Жылы қоштасқанбыз. 
«Қарақат тере барғанда» деген алғашқы жолын тақырып 
орнына  қойдым  да,  ертесінде  мен  оған  өлеңімді  апарып 
бердім. Уəделі уақытта, айтылған жерде...
4
Сол  жылғы  қысты  есіме  алғым  келмейді.  Жүрегім  жы-
лап қоя береді. Ойда жоқта Жадыра мектептің соңғы жылын 
бітірмей жатып ағамның досы Еркебұланға үйленді де кетті. 
Қораға  кіріп  алып  əй  жыладым-ай  келіп.  Қимастық  сезім, 
балаң  махаббат.  Көктемді  де  көз  көрді.  Қамкөңіл  кейіпте. 
Жетінші  сыныпта  оқып  жүргем.  Көктемді  көргесін  жылда 
асыға күтетін жазға да іліндім. Асықпай-ақ, сағынбай-ақ. Бір 
қайғым екеу болды: жазға салым Жадыра мен Еркебұлан 
айырылысып  кетті.  Қарыны  қампайып  үйінде  жүрген  Жа-
дыраны  көргенде  жанарыма  жиналған  жасты  ешкімге 
көрсетпей,  теріс  бұрылып  сылып  түсіремін.  Ақыры  шыда-
мадым. Шөп шабуға барғанда əкеме: 
−  Маған  Жадыраны  алып  беріңізші,  −  дедім.  Əкем 
таңырқай қараған.
− Қай Жадыраны?

158
Біздің ауылда бір ғана Жадыра бар. Советқалидың қызы. 
Əкем түсінді. Шет жағасын естіген де тəрізді. Бірақ сенбеген. 
Енді  өз  аузымнан  естіді.  Үндемеді.  Тоғызыншы  шалғыны 
толғай тартып, бедені жапыра шауып менен ұзап кетті. 
Түскі  шайды  сораптап  ішіп  отырған  кезде  əкем  менің 
көзіме тіктеп қарады да мырс етіп күлді. 
−  Сен  өзі  əйел  алуға  жарап  қалдың  ба?  −  Тікенектей 
қатты  қолымен  басымнан  сипаған.  −  Алдымен  мектебіңді 
бітіріп ал, сосын қалаған қызыңды əперем. 
Жүрегім  қалаған  қыздың  менің  мектеп  бітіргенімді 
күтіп жүре алмайтынын əкем қайдан сезсін. Сол жылғы күз 
түспей-ақ, Советқалидың үйі алыс аудан орталығына көшіп 
кеткен...
* * *
Концерттен  көңілсіз  шығып  кеткем.  Сол  қолымның 
кішкентай бөбегінен қыса ұстаған ұлым ыңылдап əн айтып 
келеді екен... 

МАЗМҰНЫ
Қ. Əбілхайыров 
Қағаз қала  ....................................................................................................... 3
Бəрін басекем біледі  .................................................................................... 11
Сурет  ............................................................................................................ 18
М. Алжанбай 
Автобустағы əңгіме  ..................................................................................... 27
Күпірлік  ........................................................................................................ 33
Қарғыс  .......................................................................................................... 38
С. Сарыбаев 
Қаншық  ........................................................................................................ 45
Үміт  .............................................................................................................. 55
Б. Сарыбай 
Бейкүнəлар  ................................................................................................... 64
Силуэт  .......................................................................................................... 71
Ертегім  ......................................................................................................... 79
А. Мантаева 
Балалықтың көктемі  ................................................................................... 86
Маргарита  .................................................................................................... 92
Ө. Əбдіхалық
Қош бол, Раушан!  .....................................................................................  105
Володяның басы ......................................................................................... 109 
О дүниелік кітаптар ................................................................................... 112
Топырақ  ...................................................................................................... 116
Қ. Əбілқайыр 
Қос бұрым  .................................................................................................. 120
О өмірден барзаққа дейін...  ...................................................................... 126
М. Қойшыбек 
Жезөкше  ..................................................................................................... 133
Мүрде  ......................................................................................................... 135
Тағдыр кітабы  ............................................................................................ 137
Қара қазан  .................................................................................................. 139
Қарғыс  ........................................................................................................ 140
Аштық  ........................................................................................................ 143
Дақ  .............................................................................................................. 146
Д. Бейсенбек
Қарақат тере барғанда  .............................................................................. 147
159

Қарақат тере барғанда
 
Əңгімелер жинағы
Редакторы Е. Қаныкейұлы
Компьютерде беттеген А. Бəкібаева
Басуға 07.08.2009 қол қойылды. 
Пішімі 60х84 
1
/
16
. Баспа табағы 10,0.  
Офсеттік қағаз. Қаріп түрі «Таймс».
Таралымы 500 дана.
«Жібек жолы» баспа үйі
050000, Алматы қ., Қазыбек би көшесі, 50
тел. 8 (727) 2611109, факс 8 (727) 2726501
e-mail: zh.zholy@mail.ru

Document Outline

  • обл
    • Страница 1
    • Страница 2


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет