Анатомия және физиология пәніне кіріспе


Гормон туралы түсінік, қасиеттері



бет114/114
Дата07.09.2022
өлшемі324,09 Kb.
#38580
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   114
Гормон туралы түсінік, қасиеттері.
Ішкі секреция бездері негізгі 3 топқа бөлінеді.

  1. Эндокринді бездер

  2. Экзокринді бездер

  3. Аралас бездер

Эндокринді бездердің өндіретін өнімі гормон деп аталады. Бұл өнім тікелей қанға құйылады себебі гормон өндіруші бездер қан тамырлармен жақсы торланған болып саналады. Мұндай бездер қатарына Гипофиз, эпифиз,қалқанша безі, қалқанша маңы безі, айырша және бүйрек үсті бездері жатады. Мұндағы гипофиз, эпифиз бас миында орналасады, қалқанша без мойын аймағында, қалқанша маңы безі қалқанша безінің артында орналасып жұп мүше болып табылады, айырша без көкірек қуысында ал бүйрек үсті безі бүйрек үстінде орналасады.
Экзокринді бездердің бөлетін өнімі сөл деп аталады. Олар бездердің арнайы түтікшелері арқылы өнімін сыртқы ортаға немесе мүшелрге бөліп отырады Мұндай бездерге май, сүт, сілекей бездері жатады.
Аралас бездер екі қызметті де атқарады. Оларға ұйқы безі және жыныс бездері жатады.
Ұйқы безі- он екі елі ішекке ас қорыту сөлін бөледі және инсулин, глюкагон гормондарын өндіреді, ал жыныс бездері жыныс жасушаларын түзеді және қанға жыныс гормондарын бөледі.
Гормондардың химиялық құрылымына қарай үш топқа бөлінеді:
1.Ақуыздық - пептидті қосылымдар (инсулин, глюкагон, соматотропин);
2.Стероидтар (бүйрек-үсті безі қабығының және жыныс бездері гормондары);
3.Аминқышқылының туындылары (тироксин, катехоламиндер -адреналин, норадреналин).
Гормондар құрамы мен әсері жағынан бірдей емес, бірақ оларға ортақ бірқатар физиологиялық қасиеттері бар.
1.Гормондар қашықтан әсер етеді, яғни олар өзінің жасалған жерінен қашық орналасқан ағзаларға әсер ете алады.
2.Белгілі бір гормонның жетіспеушілігін, екінші гормонмен немесе басқа биологиялық белсенді затпен алмастыруға болмайды.
3.Барлық гормондардың биологиялық белсенділігі жоғары болады.
4.Гормондар өте тез, бірақ қысқа мерзімде әсер етеді.
5.Қанда гормондардың қажетті мөлшері сақталуы үшін, бездер оларды үнемі үздіксіз жасап шығарып түруы керек.

Эндокринді бездер: Гипофиз, эпифиз. Орналасуы, құрылысы мен гормондары.


Гипофиз, hypophysis, салмағы 0,5-0,6 г жуық, сына сүйегінің түрік ершігіндегі гипофизарлық шұңқырда орналасады. Гипофиз алдыңғы бөлігі (аденогипофиз), ортаңғы бөлігі (меланогипофиз) және артқы бөлігі (нейрогипофизден).
Гипофиздің алдыңғы бөлігінің гормондары:

  • соматотропты гормон, немесе өсу гормоны, жас организмнің өсуі мен дамуына әсер етеді. Соматотропты гормон жас ағзаның өсуі кезінде аз бөлінсе ергежейлілік, көп бөлінсе алыптық (гигантизм дамиды). Ересек жастағы адамдарда гипофиздің әртүрлі патологиялары нәтижесінде соматотропты гормон көп бөлінсе акромегалия ауруы дамиды;

  • адренокортикотропты гормон (АКТГ), бүйрекүсті безі қыртысының қызметін реттейді;

  • тиреотропты гормон (ТТГ), қалқанша безінің дамуына және гормондарының бөлінуіне әсер етеді;

  • гонадотропты гормондар: фолликулостимулдеуші (ФСГ), лютеиндеуші (ЛГ) және пролактин немесе лактотропты гормон (ЛТГ) – организмнің жыныстық жетілуіне, әйелдерде анабездегі фолликулалардың дамуына, овуляцияға, сүт бездерінің өсуіне, сүттің өндірілуіне; еркектерде сперматогенез процесіне әсер етеді.

Ортаңғы бөліктен организмдегі меланин пигментінің түзілуін бақылайтын мелоноцитстимулдеуші (МСГ) гормон, сонымен қатар май алмасуды реттейтін липотропты гормон бөлінеді.
Гипофиздің артқы бөлігінде гипоталамустың нейросекреторлық жасушалары өндіретін вазопрессин және окситоцин гормондары жиналады. Вазопрессин бүйректе сұйықтықтардың кері сорылуын қамтамасыз етіп, артериялық қысымда жоғарылатады. Гормонның секрециясы бұзылғанда қантсыз диабет ауруы дамиды. Окситоцин босану кезінде жатыр бұлшықеттерінің жиырылуын күшейтеді, сары дененің дамуы мен қызметін тежейді.
Эпифиз немесе томпақ дене, glandula pinealis, ортаңғы ми табақшасының жоғарғы төмпешіктері үстінде орналасады. Ол кішкентай сопақ пішінді және қызыл түсті дене. Салмағы 0,2-0,4г. Сыртынан дәнекер тінді қабықпен қапталады да, қабықтан бездің паренхимасын үлесшелерге бөлетін перделер енеді.
Эпифиз жыныстық жетілуге жеткенге дейін гипофиздің қызметін күшейтетін немесе тежейтін гормондар бөледі, сонымен қатар барлық зат алмасуды реттейді.

Эндокринді бездер: Қалқанша және қалқанша маңы бездері. Орналасуы, құрылысы мен гормондары.


Қалқанша безі, glandula thyroidea, салмағы 25-30 г жуық болады. Мойынның алдыңғы орта аймағында орналасады және симметриялы емес оң және сол үлестерден тұрады. Екі үлесті көлденең орналасқан без мойыншасы қосып тұрады. Мойыншадан жоғары көтерілген жіңішке пирамидалы үлесі болады.
Сыртынан қалқанша безі дәнекер тінді капсуламен қапталған. Осы капсуладан бездің ішіне қарай перделер өтеді. Ол бездерді үлесшелерге бөледі. Үлесшелер фолликулалардан тұрады. Қалқанша безінің безді эпителийінде йод жиналады. Бездің тініндегі йодтың концентрациясы қан плазмасының құрамындағы йодпен салыстырғанда 300 есе жоғары. Қалқанша бездің түзетін гормондары: тироксин, трийодтиронин, тиреокальцитонин.
Қалқанша безінің гормондары қышқылдық процесті күшейтіп, зат алмасуды реттеп, жылу алмасуды ұлғайтады, ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың жаратылуын күшейтеді, су және калийдің организмнен шығуына әсер етіп, өсу және дамуды реттейді. Сонымен бірге бүйрек үсті, жыныс және сүт бездерінің, орталық жүйке жүйесі қызметтерін реттейді.
Қалқанша без функциясының бәсеңдеуі – бала кезінде дамыса балалардың өсуі мен дамуы баяулайды, дене бітімі дұрыс қалыптаспайды, бойы аласа, ақыл-ойы кем болады. Мұндай кемістікті кретинизм дейді. Ауру балалардың бойы кішкентай, тістері кеш шығып, сүйек тінінің дамуы баяулағандықтан, бала еңбегінің қатуы кешеуілдейді.
Ересек адамдардың гипотиреозында (әйелдерде клиамкс кезінде) микседема ауруы пайда болады. Бұл ауруда орталық жүйке жүйесінің қозуы төмендейді, жүйкесі тозу, шаршаушылық, ұмытшақтық, есте ұстау, сөйлеу қабілеті нашарлап, көңіл күйі төмендейді. Енжарлық, сылбырлық пайда болады. Негізгі зат алмасу 30- 40 пайызға кемиді.
Топырақ пен суда йод жетіспейтін кейбір таулы жерлердегі бірқатар тұрғындардың қалқанша безінің секреторлық қызметі бұзылып, сөл бөліну мөлшері өзгеріп, гипер немесе гипосекрециясы пайда болуы мүмкін. Қалқанша безінің бұл патологиялық өзгерісін эндемиялық жемсау деп атайды.
Гипертиреозда (бадырақ көз) Базедов ауруы пайда болады. Без ұлғайып, жүйке жүйесінің қозғыштығы және зат алмасу жоғары болады. Жүрек соғысы жылдамдайды, ішкен асы бойына сіңбегендіктен, адам арықтап, көзі шарасынан шығып бадырайып тұрады (экзофтальм). Ұйқысы тынышсыз, беймаза, ренжігіш, тершең, шөлге шыдамсыз келеді. Бадырақ көз ауруына шалдыққан адам қара жұмыспен шұғылданғанда, жүрек соғысы өте жылдамдап, тыныс алуы жиілейді, дене қызуы жоғарылайды. Мұндай науқастар тез шаршайды, қажиды, сондықтан еттері дірілдеп (тремор) дене жұмысымен айналыса алмайды.
Тиреокальцитонинді организмде кальций сақтайтын гормон дейді. Ол - қан плазмасында кальций және фосфор иондарының деңгейін төмендететін құрамында йод жоқ гормон. Ол сондай-ақ кальций мен фосфордың сүйекке жинақталуын күшейтеді.
Қалқанша маңы безі, glandula parathyroidea, пішіні сопақша немесе домалақ тәрізді, қалқанша безінің артқы бетінде орналасады. Қалқанша маңы безінің қалқанша безінен айрымашылығы – түсі ашық болады. Қалқанша маңы безінің гормоны паратиреокрин немесе паратгормон деп аталады. Гормон бұлшық еттің және жүйке жүйесінің қалыпты қызмет атқаруын, қанның құрамында кальцийдің қажетті мөлшерін қамтамасыз етеді. Кальцийдің реттелуі паратгормонның және Д витаминінің қатысуымен болады. Бұл бездің қызметі нашарлағанда адамның қаңқа бұлшықеттерінің қозуы күшейіп, созыла алмаған соң, дене дірілдеп, селкілдеп, сіреспе пайда болады. Себебі қандағы кальцийдің құрамы азаяды. Қалқанша маңы безінің жұмысы күшейгенде сүйектен шыққан кальцийдің қан құрамындағы мөлшері көбейеді. Сүйек тіндерінде остеодистрофия пайда болады. Сүйек құрамы өзгеріп, сынғыш келеді. Бұл ас қорыту мүшелері мен жүрек – қан тамырлары жүйесінің қызметін бұзады. Ми қыртысының қозуы нашарлайды, адамда солғындық, әлсіздік және енжарлық, көңілсіздік пайда болады.

Эндокринді бездер: Айырша және бүйрекүсті бездері. Орналасуы, құрылысы мен гормондары.


Айырша безі, thymus, немесе бұғақ безі көкірек аралықтың алдыңғы жоғарғы бөлігінде орналасқан. Гормондары: тимозин, тимолин, тимопоэтин. Тимозиннің әсерімен айырша безде лимфоциттер дамып (Д\Т-лимфоциттер), иммундық реакция туғызады. Атап айтқанда, жасушалық иммунитеттің дамуына әсерін тигізіп, иммундық жүйенің орталық мүшесі болып табылады. Айырша безі жетілмей туған баланың қанында ақ түйіршіктері аз болады. Сондықтан мұндай балаларда жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет болмайды да, 4-5 жасқа келгенде, өледі.
Бүйрек үсті безі, glandula suprarenalis, салмағы 12-13 г болатын жұп мүше. Құрсақтың артқы қуысында бүйректің жоғарғы шетінде орналасқан. Бүйрек үсті безі сыртынан фиброзды капсуламен қапталған. Паренхимасы қыртысты және милы заттардан тұрады. Қыртысты заты үш аймақтан тұрады: шумақты, түйінді және торлы. Бұл аймақтың әрқайсысынан бөлінетін гормондар химиялық құрамы мен физиологиялық әсер жағынан да ерекшеленеді.
Қыртыс заттың гормондары жалпы кортикостероидтар деп аталады.Олар үш топқа жіктеледі: глюкокортикоидтар (гидрокортизон, кортизон, кортикостерон)-түйінді аймақта түзіледі; минералокортикоидтар (альдостерон)-шумақты аймақта түзіледі; жыныс гормондары (эстроген, андроген, прогестерон) торлы аймақ жасушаларынан өндіріледі. Глюкокортикоидтар зат алмасу процестеріне және иммунды жүйеге әсер етеді, минералокортикоидтар қандағы электролиттер деңгейін және қан қысымын реттейді және жыныс гормондары бала кезден жыныс мүшелерінің жетілуін күшейтіп, екінші жыныс белгілерін дамытады.
Бүйрек үсті безінің ортасында милы заты болады. Милы затының бөліп шығаратын гормондары: адреналин және норадреналин. Адреналин гликогеннің түзілуін күшейтіп, бауыр мен бұлшықеттегі оның қорын азайтады, қандағы көміртегінің мөлшерін көбейтіп, жүрек бұлшық еттерінің жиырылуын жиілетеді, қан тамырларының қуысын тарылтып, нәтижесінде қан қысымын көтереді. Норадреналиннің организмге әсері адреналинге ұқсас. Бірақ норадреналин жүйке қозуын өткізуге қатысатын медиатор болып саналады. Бүйрек үсті безінің милы бөлігі жүйке жүйесінің симпатикалық бөлімімен тығыз байланысты.

Аралас бездер: ұйқы безі және жыныс бездері. Орналасуы, құрылысы мен гормондары.


Ұйқы безі, pancreas, эндокринді және экзокринді бөліктерден тұрады. Оның гормон бөліп шығаратын бөлігіне панкреатикалық аралшықтар (Лангерганс-Соболев аралшықтары) жатады. Аралшықтар бірнеше инсулярлық жасушалардан: α, β, DD1 ж және РР, тұрады. Аралшықтың жалпы жасушаларының 75-80% құрайтын ß- жасушалары - инсулин, 20-25 % құрайтын α-жасушалары-глюкагон гормондарын өндіреді. Инсулин қан жасушаларымен глюкозаның сіңірілуіне (гликоген түзілуіне) әсер етсе глюкагон керісінше гликогенді глюкозаға дейін ыдыратып, инсулинге антогонист болып табылады.
Ұйқы безі функциясы бұзылып, инсулин аз бөлінсе, глюкозаны тіндер бойына сіңіре алмайды да глюкоза қанға, одан бүйрекке келеді де несеп арқылы сыртқа шығады. Одан әрі денеде су алмасуы бұзылуынан су көп мөлшерде несеппен бірге сыртқа шығады. Осының әсерінен сусамыр немесе қант диабеті ауруы пайда болады.
Жыныс бездері. Әйелдерде анабез және ерлерде атабез жыныс жасушаларын өндірумен қатар қанға екінші жыныс белгілерінің дамуына әсер ететін жыныс гормондарын бөледі.
Аталық безінің секрециялық қызметін Лейдиг жасушалары атқарады. Оның бөліп шығаратын гормоны тестостерон деп аталады. Тестостерон ерлердің жыныс мүшелері мен жыныс белгілерінің дамуын қамтамасыз етеді. Еркектің екінші жыныстық белгілері тек еркек жыныс гормонының әсерімен ғана дамиды және аталық бездерді алып тастағаннан кейін (кастрация), кері қарай дамиды.
Анабезінде эстрогендер, гонадокринин және прогестерон гормондары түзіледі. Эстроген (фолликулин) мен гонадокринин пісіп-жетілген фолликулалардың дәнді қабатында түзіледі. Эстроген жыныс жасушаларының өсуі мен дамуын күшейтсе, гонадокринин тежейді. Гипофиздің фолликулостимулдеуші және лютеиндеуші гормондарының әсерінен фолликулалардың өсуі мен интерстициалді жасушалардың өсуі қалыптасады. Лютеиндеуші гормон сары дененің түзілуіне қатысып, овуляцияны реттейді.
Прогестерон жүктілікті сақтайды, құрсақтағы нәрестенің өсіп-өнуін қамтамасыз етіп, фолликулалардың түзілуін тоқтатуға жағдай жасайды. Прогестерон әйел организмінде азайса жүктілік кезінде жатырдан қан кетіп, түсік болуы мүмкін.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   106   107   108   109   110   111   112   113   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет