Анатомия және физиология пәніне кіріспе


Жіңішке ішектің шажырқайлық бөлігі



бет39/114
Дата07.09.2022
өлшемі324,09 Kb.
#38580
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   114
Жіңішке ішектің шажырқайлық бөлігі көлденең жиектік ішектен төмен орналасып, шажырқайы арқасында 14-16 иілім түзеді, алдыңғы жағынан үлкен шарбы маймен жабылады. Жіңішке ішектің шажырқайлық бөлігінің бестен екі бөлігі ащы ішектің, ал бестен үш бөлігі мықын ішектің үлесіне тиеді. Бұл екі бөліктің арасында айқын шекара жоқ.
Ащы ішек, jejunum, он екі елі-ащы иілімнен басталып, ілмектері құрсақ қуысының жоғарғы бөлігінде сол жаққа таман жатады. Мықын ішек, іleum, ащы ішектің жалғасы болып табылады. Құрсақ қуысы төменгі бөлігінің оң жағын алып жатады. Оң жақ мықын аймағында илеоцекалды тесік арқылы соқыр ішекке өтеді.
Ащы және мықын ішектердің шырышты қабаты биіктігі 8 мм болатын дөңгелек қатпарлардан тұрады. Қатпарлардың жалпы саны 600-750 жетеді. Қатпарлардың биіктігі мықын ішекке қарай төмендей береді.
Шырышты қабатының беті көптеген ішек бүрлері болуына байланысты бархат тәрізді болады. Ішек бүрлерінің биіктігі 0,2-1,2мм. Дөңгелек қатпарлар мен ішек бүрлері жіңішке ішектің шырышты қабатының бірқабатты цилиндрлі эпителиймен жабылған бетін көбейтеді. Бүрдің ортасында лимфа капилляры (сүтті қойнау) орналасады, эпителийге жақын қан тамырлары өтеді.
Жіңішке ішек шырышты қабатында көптеген жеке лимфа түйіндері, мықын ішектің шырышты қабатында топталған лимфа түйіндері (пейер табақшалары) орналасады. Бұл құрылымдар иммундық қызмет атқарып, ішектегі көптеген микроорганизмдерді жойып жібереді. Бұлшықет қабаты ішкісі дөңгелек, сыртқысы бойлық ет талшықтарынан түзіледі. Мықын ішектің соқыр ішекке өтер жерінде дөңгелек қабаты қалыңдайды. Серозды қабаты бұлшықет қабатының сыртында орналасады.


Жуан ішек бөлімдері, құрылыс ерекшеліктері.
Жуан ішек, іntestіnum crassum, ас қорыту жолының соңғы бөлігі. Жуан ішекте тамақтың қорытылу процестері аяқталады және нәжіс түзіледі.
Жуан ішек құрсақ және кіші жамбас қуыстарында орналасады, ұзындығы 1-1,7м аралығында. Жуан ішек мықын аймағында басталып аналды тесікпен бітеді. Келесі бөлімдерден тұрады: соқыр ішек- caecum, құрт тәрізді өсіндісімен- appendіx vermіformіs, өрлеуші жиектік ішек- colon ascendens, көлденең жиектік ішек- colon transversum, төмендеуші жиектік ішек- colon descendens, сигма тәрізді ішек- colon sіgmoіdeum.
Жуан ішек қабырғасының құрлысы. Қабырғасы шырышты қабаты шырышасты негізімен, бұлшықетті және сірлі қабаттардан тұрады.
Шырышты қабаты шырышты жасушалары бар цилиндрлік эпителиймен астарланған, бүрлері болмайды. Тек қана жиектік ішектің жарты ай тәрізді қатпарлары болады. Бұл қатпарлар үш қатарда орналасып, қапшық тәрізді-жиектік ішек қампаймаларын бөліп тұрады. Шырышты қабатында көптеген түтікті ішек бездері, шырыш асты негізінде жекелеген лимфа түйіндері, ал құрт тәрізді өсіндінің қабырғасында топтық лимфа фолликулалары орналасады.
Бұлшықетті қабаты ішкісі дөңгелек, сыртқысы бойлық бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген. Дөңгелек ет талшықтары ішек қабырғасында толық айналым жасап таралады, ал бойлық ет талшықтары үш жалпақ буда-жиектік ішек таспаларын,taenіae colі, түзеді. Таспалардың үш түрі бар: 1) бос таспа,taenіae lіbera, 2) шажырқайлық таспа,taenіae mesocolіca, 3) шарбы майлық таспа,taenіae omentalіs.
Сірлі қабаты құрт тәрізді өсіндіні соқыр ішекті, сигма тәрізді жиектік ішекті, көлденең жиектік ішекті және тік ішектің бастапқы бөлігін толық қаптайды. Жуан ішектің қалған бөліктері ішастармен үш жағынан қапталады, ал тік ішектің төменгі үштен бір бөлігі ішастармен қапталмайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   114




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет