Анықтамалар



бет11/13
Дата19.02.2023
өлшемі234.22 Kb.
#69261
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
юсупова а

ҚОРЫТЫНДЫ


Диссертациялық жұмыста қазіргі қазақ прозасындағы жалпыадамдық құндылықтар зерттеу нысанына алынып, олардың өзіндік ерекшеліктері айқындалды. Қазақ әдебиетіндегі жалпыадамдық құндылықтардың бастаулары анықталып, тәуелсіздік тұсындағы прозаның құндылықтық бағдары бағамдалды. Әдебиеттану ғылымы аясында көркем туындылар жан-жақты ғылыми талқыға түскенімен, туындыларға аксиологиялық тұрғыдан баға беру деңгейі әлі де болса кемшін түсіп жатқаны байқалады. Зерттеу жұмысына арқау болған көркем мәтіндер пәнаралық негізде зерделенді. Дегенмен әдеби шығармалардағы құндылықтардың табиғатын тану міндеті тұрғандықтан, әдебиеттану ғылымының тұрғысынан талдау жасауға басымдық берілді. Зерттеу нысанына роман, повесть, әңгіме жанрлары алынып, ондағы жалпыадамдық құндылықтар жүйеленді.


Жалпыадамдық құндылықтардың әдебиетіміздегі генезисі ежелгі дәуірлердегі халықтық проза үлгілеріне, ауызша әдеби мұраларына барып тіреледі. Бұл қазақтың құндылықтар жүйесі негізінен сөз арқылы қалыптанғанын білдіреді. Ұлы Далада еуропалық үлгідегі философиялық- аксиологиялық мектептер болмағанымен, әлемді табиғатпен етене байланыста қарастыратын бірегей аксиологиялық-поэтикалық жүйе орныққаны, ауызша мұралардың халықтың құқықтық, этикалық, әлеуметтік және эстетикалық, тіпті діни құндылықтарының да қалыптасуына негіз болғаны байқалады. Сондай-ақ құндылықтарды қалыптастырушы, таратушы элита рөлін қазақ халқында сөз ұстаған шешендер мен ділмарлар атқарған. Бұл ерекшелік халықтың менталды болмысына айрықша ықпал еткен әрі әлемді ұғымдық тұрғыда нақты қабылдаудан гөрі образды түрде қабылдауға бейім еткен.
Қазақ әдебиетінің тарихында жалпыадамдық құндылықтар бір сәтке толас таппағаны айқындалды. Орхон-Енисей жазба екерткіштерінде – елдік пен ерлік, әл-Фараби заманында – қайырымдылық, Қорқыт ата өмір сүрген шақта – өмір, Абай мұрасында – «толық адам», Алаш арыстары өмір сүрген кезеңде – «ар ілімі», советтік дәуірде – «достық» концепциялары айрықша әспеттелді. Моральдық реттеушілік қызметі аса жоғары мұндай құндылықтардың өзгеріске ұшырауына тарихи-әлеуметтік, қоғамдық факторлардың әсер-ықпалы орасан болды. Ал кейбір жалпыадамдық құндылықтардың тарихтың ұзын-ырғасында статикалық қалпын сақтағаны және оның мәні қазіргі уақытқа дейін азаймағаны байқалады. Ерлік, еркіндік, адалдық, намыс, ел құндылықтарының үнемі алғы санаттан көрініп отыруын біз қазақ халқының тұрмысының ерекшелігінен туған құбылыс деп есептейміз. Дала салтының қауіп-қатері мол тіршілігі мен тарихтың қай кезеңінде де ел мен жерді қорғау үшін болған шайқастардың бәрі руханият әлемінде із қалдырып, қаһармандық культінің биік қойылуына негіз болды. Сонымен бірге «обал мен сауап», «бейнет пен зейнет», «кінә мен күнә», «ұят» ұғым-құндылықтарының халық танымынан тұрақты орын тепкені анықталды. Дала заңдылығы үстем болған қазақ қоғамында ресми бекітілген құқықтық ережелерге қарағанда, жоғарыда аталған бейресми институттар – жалпадамдық құндылықтардың әсер-күші әлдеқайда басым түсіп отырған. Аталған ерекшеліктер қазақ халқының құндылықтар жүйесінде экономикалық-материалдық құндылықтарға
қарағанда, этикалық, эстетикалық құндылықтардың басым болғанын көрсетеді.
Көркем шығармаларда жалпыадамдық құндылықтар бинарлық оппозиция құрайтыны әрі мынадай қайшылықтарда көрініс табатыны анықталды. Бірінші, қалыптасқан концептуалдық негіздегі жалпыадамдық құндылықтардың өзара қайшы келуі. Қанағат – тойымсыздық, әділет – қиянат, жақсылық – жамандық, мейірім – қатыгездік т.б. Екінші, кейіпкерлер арасындағы қарсылықты байланыстан көрінеді. Мысалы,
«Соңғы парыз» романындағы Жәдігер – Бәкизат, Жәдігер – анасы, Жәдігер

  • Әзім, Жәдігер – балықшылар, Жәдігер – Сары Шая, Көткеншек Көшен, шофер бала, Жәдігер – заман сиқы контексіндегі қайшылықтарды атауға болады. Үшіншіден, жалпыадамдық құндылықтардың өзара қайшы келуі. Романда еңбек құндылығы – отбасы құндылықтарына, еңбек табиғат құндылығына қарсы қойылады. Құндылықтық шекара бұзылғанда олардың арасында қарсылық туындайды. Жомарттық – ысырапқа, сабырлық – көнбістікке, бостандық – қиянатқа, ал батырлық зұлымдыққа ұласып кетуі мүмкін.

Эпикалық шығармаларда құндылықтар барынша кең диапазонда көрінетіні белгілі болды. Оның ішінде құндылықтар жүйесінің өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы көркем туындыларда мынадай бірліктерден көрінеді: ұлттық, жыныстық (ер-әйел), жас, өркениеттік (Шығыс-Батыс), уақыттық (дәуірлер мен қоғам түрлері), діни-нанымдық және географиялық (дала-қала) ерекшеліктер. Сондай-ақ жалпыадамдық құндылықтар көркем шығарманың мазмұндық бірліктерінен – тақырыбы мен идеясынан, кейіпкерлердің образдарынан, олардың дүниетанымынан, сезімдік кешулері мен әрекеттерінен және символ, концепт, көркемдік деталь сынды поэтикалық элементтерінен танылады.
Қазіргі әдебиеттің өзегінде тұлғаның болмысы, бүгінгі сөз өнерінің нысанына ілігер шындық объективті шындыққа қарағанда субъективті шындық екені айқындалды. Кейіпкердің құндылықтық бағдары, рухани- адамгершілік мұраттары дәстүрлі әдебиеттегідей ұжымдық қатынастар арқылы емес, көбіне-көп өзінің ішкі толғаныстарын ақтарумен, логикаға сыя бермейтін құбылыстарға иек артумен өлшенетін болды. Аталмыш
көркемдік құбылыс сюжеттің рөлін мейлінше төмендетіп, кейіпкерлер санының күрт азаюына және ішкі монолог, түс көру, пейзаж сынды психологизм бірліктерінің алға шығуына түрткі болды. Осы арқылы қоғамдағы әлеуметтік, моральдық қайшылықтардың кеспірі танылады.
«Соңғы парыз» романында негізінен Жәдігер, Бәкизат, Әзім бейнелері арқылы, «Парасат майданында» екіге жарылған бір адамның бастан кешкендері арқылы тұтас дәуірдің бет-бейнесі ашылады.
Қазіргі прозада моральдық-этикалық құндылықтарды жаңғырту елдікті сақтаудың, егемендікті нығайтудың алғышарты ретінде сипатталатыны байқалады. «Соңғы парыз» романында өткен тарихи кезеңге бүгінгі күн биігінен баға берілсе, «Парасат майданы» повесінде қазақ қоғамының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бейнесі ашылады. Екі шығармаға да қанағат, ар-ұят, мейірім, әділдік құндылықтары арқау болып, олар өз кезегінде тәуелсіздік құндылығының аксиологиялық өрісін құрайды. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы Алаш әдебиетінде елдікті сақтаудың алғышарты ретінде білім құндылығы аталса, қазіргі прозада қанағат, әділдік, ар құндылықтары басты орынға шыққаны анықталды. Сондай-ақ ірі тарихи өзгерістердің әсерінен қазақ әдебиетінің тарихында тәуелсіздік құндылығының мынадай төрт түрлі кезеңде аса өзекті болғаны байқалады. Олардың алғашқысы ежелгі мұраларымыз «Тоныкөк»,
«Күлтегін» ескерткіштерінде көрінсе, екінші рет Қазақ хандығы тұсындағы жыраулар поэзиясында, үшінші рет Алаш әдебиетінде, ал соңғысы тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетінде ерекше көзге түскені белгілі болып отыр. Дегенмен, тәуелсіздік тұсындағы прозада оның танылу сипаты біркелкі емес.
Қазіргі қазақ прозасында екі түрлі көркемдік үрдістің қатар дамып жатқаны байқалады. Бірі тарихтың ақтаңдақ беттерін ұлттық мүдде аясында қайта безбендеу үдерісі болса, екіншісі – қоғамның бүгінгі келбетін боямасыз беруге деген ұмтылыс. Халықтың өткен тағдырын сарапқа салып, ұлттық құндылықтар жүйесін танытуда тарихи роман жанрының доминантқа айналып отырғаны анықталды. Өйткені тарихи шындықтан тайқымай, қазақтың басынан кешкен зұлматты жылдарды мейлінше нанымды етіп бейнелеуге негізінен эпикалық құлашы кең роман, повесть жанрларының ғана мүмкіндігі жетеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық санада деколонизациялық үдерістің қарқынды жүруіне қызмет етіп отырғаны айқындалды. Аталған үрдіс өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бастау алған тарихи роман жанрының қайта жаңғыруына және халықтың ежелгі дәуірлерден бергі болмысын шынайы бағамдауға жол ашты. Өйткені тарихи тақырыптың нарратологиялық-дискурстық сипаты өзгерді. Тарихи тақырыптар бірнеше арнада көрініс тапты. Олар – ұлт-азаттық көтерілісі, ашаршылық, репрессия, тың игеру науқаны, Желтоқсан көтерілісі және советтік жүйенің өзге де теріс саясаттары.
Әрбір қоғам түрінің өзіне тән менталды бітімі, құндылықтар жүйесі болады десек, тарихи жанрдағы шығармалардың дені қазақтың дәстүрлі қоғамының шындығын шығарма арқауына айналдыратыны байқалады. Мұндай шығармаларда әдетте архаикалық-дәстүрлі мәдени типтегі кейіпкерлерді жиі кезіктіреміз әрі олардың бойында өзге құндылық түрлеріне қарағанда этикалық-моральдық, діни, әлеуметтік құндылықтар басым болып келетіні айқындалды. «Әй, дүние-ай» романында қазақтың дәстүрлі тұрмысы, халықтың ырым-тыйымдары мен салт-жоралғылары және ұлттың өзіне тән этикалық жүйесі шынайы көрініс тапқан.
Тарихи жанрдағы шығармалардың бір парасы тарихта болған, ұлты үшін ерен еңбек еткен көрнекті батырлар мен елбасшылар бейнесінің көркемдік нысанға айналуы дер едік. Аталмыш дәстүрдің жалғасындай Елбасы Н.Назарбаевтың тарихи қызметінің көркем кестеленгенін айтуға болады.
Тәуелсіздік тұсындағы қазақ қоғамын арқау еткен көркем туындылар екі түрлі бағытта жазылғаны айқындалды. Олардың алғашқысы әлеуметтік, моральдық қайшылықтарды лейтмотив етіп, қазіргі қоғамның кемшіліктерін көрсету арқылы үлкен мәселелерді көтерсе, екінші түрінде айтулы түйткілдер көтерілмейді. Оларда негізінен бүгінгі тұрмыс- тынысымыздың мамыражай, Елбасы саясатының оң екенін көрсету басым. Дегенмен мұндай шығармалар қарасы көп емес.
Тарихи және заманауи тақырыптағы шығармаларда, жалпы қазіргі қазақ романдары мен повестерінде негізінен мынадай жалпыадамдық құндылықтар көрініс тапқаны белгілі болып отыр. Тәуелсіздік (бостандық, еркіндік, егемендік, азаттық), дәстүр (дала заңдары, әдет-ғұрып, салт-сана), қанағат (тәуба, ар, ұят), әділдік, ерлік (жауынгерлік), ар, сенім, ақиқат, махаббат, әсемдік, заң (құқықтық тәртіп), отбасы, Отан, достық т.б. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында негізінен аталған құндылықтар жиі тақырып арқауы болады, шығарма тінін құрайды, көркемдік сананың азығы, идеялық концепциялардың өзегі болады. Бәріне ортақ бір ерекшелік болса, ол – ел, тәуелсіздік, Отан құндылықтарының бірде ашық, бірде астарлы мәнде айтылуы. Тәуелсіздік құндылығы көбінесе шығарманың идеясынан айқын танылады. Мысалы, Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» романында «мейірім» құндылығына көп назар аударылса, Т.Әбдікұлының «Парасат майданында» «ар», «әділет» құндылықтары, ал Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызында» әлеуметтік тойымсыздық мәселесі көтеріліп, қанағат, табиғат құндылығы айрықша көрініс табады. Ел құндылығы аталған құндылықтар жүйесін біріктіреді. Жалпы, ел концепті белгілі бір уақыт пен кеңістікке байланғаны байқалады. Бұл әлемдегі кез келген халыққа тән құбылыс деп есептейміз. Өйткені әр ел өсіп-өнген ортасын жұмаққа телиді. Сол секілді, қазақ ұлтының рухани өмірінде де қасиетті жер (Жерұйық, Жиделібайсын т.б.) мен уақытқа (қой үстінді бозторғай жұмыртқалайтын заман) деген мәдени-концептілік байланыс
орныққан. Тәуелсіздік тұсындағы қазақ прозасында да біз уақыт пен кеңістікке қасиет дарыту, құндылық үстеу құбылысының шетін қалмағанын байқаймыз. Ендігі нысан Жерұйық не болмаса Жиделібайсын елі емес, тәуелсіз Қазақстан Республикасы, оның территориясы ұлттың еркін көктей алатын, өсіп-өркендейтін қасиетті кеңістігі ретінде ерекше көрінетіні айқындалды.
Тәуелсіздік құндылығының екі мыңыншы жылдарға дейін үміт, шабыт, бақыт құндылықтарымен ұштасып көрінгені, ал екі мыңыншы жылдардан кейін белгілі бір алаңның нысанына айналғаны байқалады. Егемендіктің бастапқы жылдарында қаламгерлердің ұлттың құндылықтардың жаңғыруына, қазақ мүддесінің биік қойылатынына деген сенімі күшті болса, одан кейінгі кездерде өзге елдердің мәдени экспансиясына түсу қаупінің күшейгенін кейде емеурінмен, кейде ащы мысқылмен білдіретін көркем шығармалардың арта түскені анықталды. Соңғы ширек ғасырда әлеуметтік мінез-құлықты аяусыз сынайтын әңгімелердің көбейгені байқалады.
Эпикалық құлашы кең айтулы оқиғалар мен тарихтың белгісіз беттері көбінесе роман, повесть жанрларына арқау болса, қазіргі қоғамның тынысын, сол арқылы әлеуметтік, моральдық үлкен мәселелерді нәзік иірімдер арқылы суреттеу негізінен әңгіме жанрының еншісіне тиесілі екендігі анықталды.
Бүгінгі қазақ әңгімесінде жалпыадамдық құндылықтар әртүрлі ракурста, сан салалы әдеби-көркемдік арналар аясында ашылатыны байқалады. Алуандыққа, әртүрлілікке және бірегейлікке ұмтылу үрдісі қазіргі мәдени үдерістің доминанты болып отыр. Бүгінгі сөз өнері қат-қабат мәдени-рухани, танымдық қатпарлардан тұратын, плюрализмге мейлінше ашық әдебиет болып отыр. Қазақ прозасы әлемдік әдебиеттің ажырамас бөлшегі болғандықтан, мұндай үрдістерден шетін қалмақ емес. Аталмыш үрдіс өз кезегінде әртүрлі формалық-идеялық машықтардың көрінуіне жол ашты және дүниетанымдық тұрғыдан барынша түрленген ХХІ ғасырда көркемдік канон ұғымының қалыптасуына бөгесін болып отыр деп есептейміз. Қазақ прозасының түрленуін, бір жағынан, қалыптасқан құндылықтар жүйесіне қайта баға беруге деген ұмтылыстан туған құбылыс деп санауға тиіспіз. Осы арқылы жас жазушылар аға буын бастаған құндылықтарды қайта бағамдау миссиясын атқарып отыр, алайда олардың көбінесе батыстық әдеби ағымдарға иек артатыны байқалады. Сол жолда соны форма табуға, сюжеттен гөрі үлкен ой айтуға ұмтылады. Өз кезегінде бұл ерекшелік сөз өнерін философиялық критерийлерге біршама жақындатты.
Қазіргі қазақ әдебиеті, біріншіден, ұлттың төл болмысын танытуымен, екіншіден, әлемдік әдеби үрдістерге еркін қол созған сипатымен ерекшеленіп отыр. Аталмыш ерекшеліктер қазақ прозасында дәстүрлі-архаикалық және маргиналдық мәдени типтегі кейіпкерлердің тұлғасын қалыптастырды. Дәстүрлі-архаикалық кейіпкерлер негізінен тарихи жанрдағы көркем туындыларда көрінсе, маргиналдық мәдени типтегі кейіпкерлердің дені заманауи тақырыптағы шығармалардан көрінеді. Сондай-ақ қазіргі қазақ прозасында жақсы не жаман деп баға беруге болмайтын күрделі болмысты кейіпкер тұлғасы қалыптасып үлгерді. Бір жағынан, бұл адам жанының ғана емес, қазіргі қоғамның мәдени бет- бейнесінің күрделі екендігін танытады.
Нарықтық қоғамдағы экономикалық-материалдық құндылықтардың басқа жалпыадамдық құндылықтардан үстем қойылуы күрделі мәдени үрдістерді туғызып, рухани деградация үдерісінің күшеюіне түрткі болғаны және соның себебінен қазіргі қазақ прозасында қоғамнан ғана емес, өзінен жатсынған, өзімен-өзі арпалысқан, ішкі құндылықтарымен қайшылыққа түскен жаңа тұрпатты кейіпкер болмысын қалыптастырғаны анықталды.
Қорыта айтқанда, қазақ прозасындағы жалпыадамдық құндылықтар ежелгі халықтық проза үлгілерінен бастау алып, әдебиетімізге арқау болып келеді. Бүгінгі таңда жалпыадамдық құндылықтар әртүрлі ракурста, әртүрлі әдеби-поэтикалық шеңберде бейнеленіп отыр. Түптеп келгенде, оның бәрі ел, тәуелсіздік, әділдік, мейірім құндылықтарының төңірегінде ашылады. Құндылықтар жүйесін пәнаралық деңгейде зерделеу әдебиеттану ғылымында енді басталып отыр, десе де аталмыш тақырыпты жан-жақты әрі кешенді зерттеу болашақтың еншісінде деп есептейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2023
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет