Аштық құрбаны



Pdf көрінісі
Дата18.04.2022
өлшемі136,55 Kb.
#31345


Бейімбет Майлин. Аштық құрбаны (əңгіме) 

 

Боран.  Қар  бораны...  Қар  бораны  емес-ау,  қан  бораны!..  Желі  ұйтқып  соққанда, 



тұншықтырып  дем  алғызбайды.  Қары  майда  жабысқақ  емес,  тікенектей  қатты;  бетке 

тисе қарып, қаны сөліңді сорып алғандай. 

-  Қатын-ай,  үй  құрғыр  азынап  кетті  ғой,  тағы  бірдеңе  тауып  жағасыңба!..  -  деді 

Қайрақбай.  Аласа,  тар  жер  үйдің  іші  ит  байласа  тұрғысыз,  есігінен,  терезесінен  жел 

азынап, үйдің іші қырауытып кеткен. 

- Қайтейін, байғұс, отқа жағатын не қалды дейсің, лапастың төбесін əлдеқашан жағып 

бітірдік.  Қар  астында  қалған  азын-аулақ  саңылтырын  Дəмеш  екеуіміз  əлгіде  қазып 

алып жақтық. 

Шырынкүл пештің алдына отырып, сөніп бара жатқан оттың шоғын шыпшамен көсеп, 

тағы  бір  жайнатып  қойды.  Жанып  біткен  қамыстың  шоғы  қанша  ұзаққа  барсын,  ə 

дегенше болмай сөніп қалды. Шырынкүл шын налыды. 

-  Құдай-ай,  жоқшылықтың  да  шегі  болмайды  екен  ғой!  Қара  судан  басқа  ішетін  бір 

ұрттам  тамақ  жоқ.  Екі  күннен  бері  дым  татпай,  жүрек  қарайып  отырғаны  мынау! 

Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз? Көзінен бүртік-

бүртік  жасы  ыршып  шығып,  бетін  жуып  сала  берді.  Жақ  сүйегі  сорайып,  екі  көзі 

аларып,  еңсесі  түсіп  Қайрақбай  отыр.  Екі  көзі  жаутаңдап,  əкесінің  шоқпыт  күпісіне 

орана  түсіп,  сегіз-тоғыз  жасар  бала-  Таңсық  жатыр.  Бəрінен  де  қайғылы,  бəрінен  де 

жүдеу,  біресе  жылаған  шешесіне,  біресе  еңсесі  түскен  əкесіне  қарап,  жаутаңдап 

Дəмеш  отыр.  Дəмештің  казіргі  түрі  адам  шошынарлық,  бұдан  екі-үш  ай  бұрын  адам 

сұқтанарлық  келбетінің  ешбір  ізі  қалмаған  секілді.  Дəмешті  мүжіген  жалғыз  аштық 

емес,  басқа  қасірет  бар.  Қайрақбайдың  баласы  Дəмеш  пен  Таңсық.  Таңсықтың 

қолынан  іс  келмейді.  Дəмеш  бала  емес,  биыл  он  алтыға  шығып  тұр.  Жұрттың  он 

алтыдағы  баласы  кісіге  жалданып,  я  үйінде  кəсіп  істеп,  əке-шешесін  асырап  отыр. 

Дəмеш  мұны  істей  алды  ма?  Балам  деп  мəпелеген,  асыраған,  өсірген  əке-шешесіне 




қысылғанда  Дəмеш  не  көрсетпекші.  Екі  күннен  бері  дым  сызбастан  аш  отыр,  енді 

неше  күнге  шыдайды?  Шыдамағанда  қайтпекші.  Ұлтарақтың  үйі  құсап  қол  ұстасып 

шұбырып  кетпекші  ме?  Шұбырып  жүріп  кешегі  Рахымның  шомын  жастана  жатып, 

қатып қалмақшы ма?.. Дəмеш мұны ойлағанда от боп күйіп кетеді, əке-шешесінің осы 

күйге  түсуіне  өзі  себепкер  болған  секілденеді.  Құдай-ау,  неге  ғана  еркек  болып 

тумадым  екен?!  Еркек  болып  тусам  ең  арғысы  біреудің  есігінде  жүрсем  де,  қайыр 

сұрасам да, əке-шешемді мұндай қысылшаң күйге түсірмес едім!.. -деп ойлаған сайын 

еңіреп-еңіреп  алады...  Үй  іші  қара  күңгірт  тартып  бұлдырлай  бастады.  Кеш  болды 

білем, жағатын, жарық қылатын шам қайда? Пешке арқасын сүйеп, бүрісіп Қайрақбай 

жатыр.  Қайрақбайдың  қолтығына  басын  тыға  Таңсық  жатыр.  Таңсыққа  басын  салып 

Дəмеш  жатыр.  Жалғыз  Шырынкүл  байының  бас  жағында,  қазықтай  боп  қақиып 

тізерлеп  ол  отыр...  Ой  терең,  ойлап-ойлап  кеп  күрсінгенде,  жүрегі  жарылып  кеткен 

секілді  болады.  Дала  боран,  жел  ысқырады,  ұлиды.  Сақылдап  күлгендей  болады, 

сарнап жылағандай болады. Қараңғылық түнеріп, тұлданған күннің ызғарымен əлемді 

құшағына алып тұншықтырып бара жатқан секілді! Есік алды сықырлағандай болды. 

Сипалап есікті ашып, тəлтіректеп бір адам үйге кірді. 

- Уа, бүгімсің? - Құдайы мейманмын. - Байғұс-ау, бізде не бар деп 

келдің? Өзіміз дым таба алмай ұлып отырмыз, байларға барсайшы! 

Аяғын сықырлатып мейман аз-кем тұрды да, өлімсіреген дауыспен мұңын айтты: 

- Ашпын, жаяумын, ешкім есігінен қаратпады. Тым болмаса түнеп 

шығуға рұқсат етсеңіздер! 

Шырынкүл  күрсінді.  -  Жата  ғой,  жата  ғой,  -  деді.  -  Əй,  басыңды  көтересің  бе,  -  деп 

Шырынкүл Қайрақбайды оятты. 

- Не айтайын деп едің? 

- Манағыны, манағыны қайтеміз?.. 

Қайрақбай жауап бермей, басын салбыратып отыра берді. 

- Сен жаси берме, құдайдың салған ісіне көну керек! Көре-біле өлеміз бе, 

қырыламыз ба?! Сен бата алмасаң мен-ақ айтып көрейін! 

Қайрақбай əлдене уақытта барып: - Мейлің! - деді. 

- Қалқам Дəмеш! 

- Ау, əже! 

- Басынды көтер. Біз сорлы болдық қой. Біз өлуге қалып отырмыз... Біз 

енді қайтпекпіз? 

- Қайтейін, əже, қолымнан келетін нəрсе болса, басымды құрбан қылсам 

да,  сендерді  құтқарар  едім,  бірақ  қайтейін!..  Дəмеш  көзінің  жасына  булығып,  сөзінің 

артын бітірмей тоқтады... 

- Қалқам Дəмеш! 

- Ау, əже! 

- Сен білесің бе, бізге өлімнен құтылатын бір жол табылып отыр ғой... 

- Əжетай, айтшы! Қолдан келетін іс болса, құтылып бағайын. Тым 

болмаса өзіміз құтыла алмасақ, Таңсықты құтқарайық!.. 

- Оны істесек бəріміз де өлімнен құтыламыз. 




- Айтшы, əжетай, айтшы! 

Шырынкүл біраз күрмеліп отырды да, сөзін бастады. 

- Қалқам, өткен жайдың несін айтайын, өзің де білесің, сені жасыңда 

күйеуге беріп қойып едік. Былтыр күйеуің өлді. Əмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне 

алғысы  келеді,  мен  де,  əкең  де  төбе  шашымыз  тік  тұрып,  сені  айырып  алуға  жан 

салдық. Айналдырған төрт-бес қараны сыпырып, байдан алған қалың малдың төлеуін 

бердік.  Нақ  ол  күнде  сені  айырып  алудан  басқа  біздің  ойымызға  еш  нəрсе  келмеді. 

Біздің  бар  тілегіміз  сені  теңіңе  қосып,  қызығыңды  көру  еді.  Бірақ  құдай  онымызды, 

қош  көрмеген  секілді.  Біз  тұңғиық  жарға  кез  боп  отырмыз.  Бұдан  шығудың  амалын 

қарастырмасақ,  бəріміздің  де  өлгеніміз.  Бəріміз  өлмей,  біріміз  ғана  өлейік  десек, 

ортамыздан сені құрбан қылғалы отырмыз, сені сатқалы отырмыз! 

- Əжетай, мен шынымен пұл болам ба? Мен пұл болып əжеттеріңе 

жарасам,  сендерді  өлімнен  алып  қалатын  болсам,  мың  жаным  болса  да  қидым,  мен 

садаға? 


- Рас айтасың ба, қалқам?! 

- Рас айтам, əже, мен құрбандыққа əзір! 

- Ендеше сені Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр. Мал бермейді, үй 

ішімізді қыстан асырап қана шығады. 

Дəмештің  жүрегі  мұздай  боп,  тұла  бойы  қалтырап  қоя  берді.  Тілеумағамбет! 

Тілеумағамбет алпысқа келген шал. Бай. Екі баласының еншісі басқа. Екі қатыны бар 

еді,  тоқалы  биыл  жаз  өлді.  Апыр-ау,  өлейін  деп  отырып  қызды  қайтеді  екен?  Өзі 

өлгенше  қатын  үстіне  болса  да,  балаларының  біріне  неге  əпермейді  екен?..  Болса  да 

сатылатын болған соң, тым болмаса бір жас жігіттің душар болмауын қарашы! Дəмеш 

отырған күйі қалшиып қатып қалды. Еңіреп жылағысы келіп тығылса да əжесі ренжіп 

қала  ма  деп  қысылып,  тістеніп  үнін  шығармады.  Көзден  шұбырған  ыстық  жас  үн-

түнсіз бетін бояп, койнына құйылып жатты... 

Төр  алдында  жатқан  мейман  тіленші  ыңырсыды.  Түс  көрді  ме  қалай,  сандырақтап 

сөйледі: - Өй, қатын, наның күйіп барады... Табадағы нанды ал!.. Маған бір үзіп берші, 

- деді. - Нан! 

Нан  үшін  жұрт  не  қылмай  жатыр.  Шұбырып  кетіп  жатыр,  жүрегі  үзіліп  аштан 

қырылып  жатыр!  Əке-шешесі  үшін  құрбандыққа  атап,  Дəмеш  сияқты  қыздар  құнсыз 

бəске сатылып жатыр!.. Əй, аштық, қылдың-ау. 

- Қалқам Дəмеш! - деп Шырынкүлдің даусы қалтырап шықты. 

- Ау, əжетай! 

- Əлгіні қайтесің? 

- Көндім, əже, көндім! Сендер үшін, жас нəресте Таңсық үшін бір түгіл 

мың басым болса да, қидым... Мен - құрбан! Мен аштықтың құрбаны!.. 

Дəмештің  хаты  «...  Қарағым  Рақила!  Сен  тірі  екенсің  ғой!  Тірлігіңді,  хал-жайыңды 

бүгін естіп білдім. Көрмегелі көп болды. Біз айрылғалы биыл дəл жеті жыл екен. Сен 

онда он жасар едің... Есіңде ме күзді күні, суға барғанымызда, бір шелек суды көтере 

алмай  тəлтіректеп  жардың  басында  отырып  жылап  едің,  «екі  шелек  көтеруге  əлім 

жетсе, дүниеде арманым болмас еді!» - деп едің, оның жастық еді, соның артынан-ақ 




арман көбейді: ішуге тамақ болмады; əкең қайыр тілеп ел кезіп кетті; шешеңнің басы 

істі,  сақылдаған  сары  аязда  жерден  ойып  істеген  үйшіктеріңді  мəңгі  қалдырып,  қол 

ұстасып кетпек болдыңдар. Сонда ақша қардың үстінде қалтырап тұрып: «бірге өскен, 

ойнап-күлген замандаспен бірге жүрген адамның арманы бар ма екен» деп тағы айтып 

едің?  Мен  сені  қимай  ауылдың  артындағы  белеске  шейін  шығарып  салып  едім.  Жол 

өтердегі  қыраңның  басында  тұрып,  ызғырық  өтіп  қалтырап  құшақтасып  жылап  едік. 

Əжең  екеуің  тəлтіректеп  белестен  асып  кеткенше,  мен  көз  айырмай  қараумен  болып 

ем. Үйге келгенде көз жасыммен омырауым сауыс-сауыс болған екен. 

...Қан  жауған  қара  күннің  ол  басы  ғана  болды.  Қайғылы  тұрмыс  сонан  былай 

басталды. Біз де сендердің күніңе ұшырадық. Бірнеше күндей нəр татпай, аштан өлуге 

жеттік. Əкем неше рет қайыр сұрайын десе де, аштан өлсек те қайыр сұрама деп əжем 

екеуіміз көнбедік... 

Бізден  бетер  Таңсықтың  ашыққаны  батты;  сап-сары  болып  қатып,  құр  сүйегі 

қалды.  ...Өлетін  болдық.  Өлеміз  ғой  дедік.  Өлім  ауызға  жеңіл  болғанмен,  өлу  оңай 

көрінбейді.  Бірер  адам  жанын  қиып  өліп  те  кетер-ау,  бірақ  үй  орманымен  өлу  қиын 

екен.  Өз  басыма  өлім  тілесем  де,  əке-шешеме,  жалғыз  інім  Таңсыққа  өлім  тілей 

алмадым. Өлім тілемек түгіл солардың өлімнен құтылғанын көрсем, арманым болмас 

еді дегенге келдім. 

...Бірақ  мен  өлімге  байланғанмен  бір  есеп  болдым.  Мен  басымды  құрбан  етіп,  əке-

шешемді  өлімнен  құтқардым.  Тілеумағамбетті  білесің  ғой,  əй,  тұқымы  құрғыр  ғой!.. 

Ұялмай-қызармай  мені  тоқалдыққа  алды-ау!  Не  айтайын,  мен  бай  іздеп  тиіппін  бе? 

Көндім, көндім... 

...Тілеумағамбет  уəдесін  орындамады.  Тілеумағамбет  əке-шешемді  қыстан  асырап 

шықпақшы  еді.  Жаз  болса  əке-шешем  өз  бетімен  тырбанып,  өлмес  қамын  істер  деп 

ойлаушы едім. Солай ет деп əкеме айттым да. Бірақ бұған Тілеумағамбет керте болды. 

«Қыстай  тамағымды  жедің,  енді  осыны  өте!»  деді  малғұн.  Мен  өз  бетіммен  тиген 

болдым да қалдым! Əкем қой бақты, шешем отын жағып, күлін шығарды. Таңсықты 

бұзаудың  соңына  салды.  Қаныш  бəйбіше  жыландай  ысқырып,  «тұқымы  жарымаған, 

қалғырлар!»  деп  сөккенде,  адамның  сай-сүйегін  сырқырататын  болды.  Қарсы  келер 

дəрмен  жоқ,  бар  білетініміз  кешке  жақын  қара  үйге  бас  қосып  үн  шығармай  ғана 

жылаймыз. Ыстық жас көңілдің шерін ірітіп, жуып, азырақ босатқандай болады... 

...Бұл тұрмысты өзгереді деп мен ойлаған жоқ едім, ойлауға мүмкін де емес еді. Бірақ 

талпынса, ұмтылса қандай бұғауды да үзуге болады екен. Мен тəжірибемнен кердім... 

Майдың  іші  шығар  деймін,  күн  шағырмақ  жылы  еді.  Үлкен  үйде  əйелдер  жиналып, 

құлынға  ноқта  есіп  отыр  едік,  есіктен  бір-екі  жігіт  кіріп  келді.  Аққұба  келген,  ұзын 

бойлы жігіт. Жаңа тап беріп шығып келе жатқан мұрты бар. Үстіндегі киімі орысша, 

шашы  бұрқырап  самайынан  шығып  тұр...  Мен  бір  көргеннен  сол  жігіттен  көз  ала 

алмадым.  Неге  екенін  білмеймін,  қарағым  келді  де  тұрды.  Содан  бір  нəрсе  күтетін 

сияқтандым.  Ауыр  жараға  сол  жігіттен  ем  іздейтін  сияқтандым...  ...Үйге  кісі  келсе, 

əсіресе  төрелердің  біреуі  келсе,  бай  да,  бəйбіше  де  мені  үлкен  үйге  жолатпайды. 

Жұмысым  болып  кіре  қалсам  да  шық-шықтың  астына  алып  декпірімді  жаңылтады. 

Мен  мұның  себебін  баста  сезбесем  де,  арт  жағынан  ойланайын  дедім:  «Апырым-ау, 




неге  мені  қуады.  Келіп  отырған  төреге  бір  нəрсе  айтады  деп  ойлай  ма.  Ойлана  келе 

төреге айтып көрген теріс болмас еді», - деп көңілімді бекітіп те едім. Бай мен бəйбіше 

бұл жолы да бұрынғысын істеді, мені шық-шықтың астына алды. Бірақ мен қарысып 

отырып  алдым.  «Төре»  бірдеме  айтар  ма  екен  деп  қарап  едім,  ол  елемеген  адам 

секілденіп  отыр  екен.  Бəйбіше  жанымды  сығып  бара  жатқан  соң,  мені  ашу  кернеп 

кетті. Аузыма не түскенін білмеймін: 

- Сіз «төре» боласыз ба, - деймін. 

- Онда нең бар, -деп бай мен бəйбіше шап ете қалды. «Төре» жігіттің құлағы елеңдейін 

деді, біресе байға, біресе бəйбішеге, біресе маған қарады. 

- Төре болсаңыз айтатын арызым бар еді, - деп едім: 

- Онша үлкен төрелігім жоқ, əйтсе де айтып көріңіз, - деп күлімсіреді. 

Менің арыз айтуға ыңғайланғанымды сезді білем, бай ашуына мінді. 

- Шық, иттің баласы, шық де ген соң! деп таяғына жармасты. 

- Арызым бар, өлтірсең де шықпаймын! -деп қарысып отырып алып ем, ақ таяғын ала 

бай  жүгірді.  Таяққа  үйренген  ет  қой,  қайқаңдап  арқамды  тоса  бердім.  Ащы  етіме  ақ 

таяқ  қашан  тигенше  жаным  шығып  болды...  Дауыс  тына  қалғанда  жалт  қарасам, 

ойпырым-ай,  мұндай  қуанбаспын,  əлгі  «төрем»  сұқ  қолдай  мылтығын  байдың  төсіне 

қадап тұр! Бай сұп-сұр. Өңі қашып кеткен, таяғы жерде жатыр. Аузын ашып сұрланып 

бəйбіше отыр... 

- Айт мұңыңды, - деді «төре». Іште жатқан шерді тасыған судай ағыттым. 

-  Өз  басым  не  болса  да  көндім.  Əке-шешемді  осы  жауыздың  тырнағынан  құтқарсаң 

екен! - дедім. 

- Олар да құтылады, өзің де құтыласың. Кедей енбегін пайдалану, əйелді мал орнына 

саудаға жүргізу бұл күнде қалған. Кеңес залы ондайды түп-тамырымен қырып-жояды. 

Өзің  сүйгеніңе  қосыласың.  Əке-шешең  екі  жылғы  еңбегін  сот  арқылы  толық  өндіріп 

алады!  -  деді.  ...  «Төре»  дегенім  уездік  оқу  бөлімінің  бастығы  екен.  Бізді  арбасына 

салып  қалаға  алып  келді.  Екі  бөлмелі  пəтері  бар  екен.  Бір  бөлмесін  бізге  босатып 

берді.  Əуелгі  қарқында  бірер  айдың  ішінде  əке-шешемнің  байдағы  еңбегін  əперіп, 

бізді  жақын  жердегі  бір  ауылға  шығармақшы  еді,  бірақ  іс  созылып  кетті.  Соттың 

шақырғанына бай келмейтін болды. Толып жатқан куə шықты. Жұртта да бет жоқ қой, 

бəрінің ойы байды арашалау, əке-шешемнің, менің еңбегімді желге ұшыру болды... ... 

«Төренің»  аты  Қасен  еді.  Үш  айдай  қолында  тұрдық.  Шығынның  бəрі  соның 

мойнында болды. Қиын болды, аядық, бірақ қолдан келер еш нəрсе болмады. Байдан 

еңбекті  өндіріп  алсақ  Қасеннің  шығынын  толығымен  қайтарамыз  деп,  өзімізге  серт 

бердік. ... Кеш еді, азырақ жаңбыр сіркіреп тұрған. Терезеден қарап елді, ен даланы көз 

алдыма елестетіп, терең ойға шомып тұрғам... 

—  Дəмеш,  бері  келіп  кетесің  бе?  деді  біреу.  Бұл  кім  деп  бұрылсам  көрші  бөлменің 

есігін ашып, күлімсіреп тұрған Қасен екен, əлденеге жүрегім алқынайын деді... Қасен 

күлімсіреп жайымен ғана сөйледі. - Күз болды. Мектеп ашылып жатыр, балалар оқуға 

алынып жатыр. Таңсықты мектепке кіргізіңдер, -деді. Жаман қуандым. «Рахмет!» -деп 

айта беріппін. Қасен бетіме қарап күлімсіреді де: - Əлде, өзің де оқисың ба? Оқимын 

десең мектепке кіргізуге болады. Өзіндей əйелдің оқып жүргендері толып жатыр. Сен , 




əлі жассың ғой. Менің тілімді алсаң мектепке кір, оқы! Мектепке кіргізу міндетін өзім 

алайын, деді. Қасен не айтса да теріс дейтін ойым жоқ. Өйткені Қасеннің теріс сөзді 

айтпайтынын білем, бізге қастық ойламайтынына сенем. - Болады, оқиын! -деп мен де 

уəде бердім. Ертеңіне мектептің табалдырығын аттадым... 

... Қыс ортасы ауа əкем байдан тендік алды. Бұрынғы малындай екі есе болды десем, 

өтірікші  болмаспын.  Əкем  қалаға  он  шақырым  жердегі  бір  ауылға  орналасып,  мен 

оқып  жүрген  соң  Қасеннің  үйінде  қала  бердім,  əке-шеше  деген  қызық  болады  ғой, 

өлейін  деп  жүрсе  де  баласының  қамын  ойлайды.  Ауылға  «  жүретін  күні  əкем  мені 

оңаша шақырып алып: - Шырағым, жалғыз қалып барасың, өзіңді күте біл. Қасеннің 

қасы мен қабағына қара. Қасен адамның періштесі. Қасен сені сүйеді, - деді. «Қасен 

сені  сүйеді»  дегенде  жүрегім  аттай  тулады.  Шынында  да  солай  болуы  мүмкін.  Мен 

аңқаумын  ғой,  сезбеген  шығармын,  «ата-ана  балаға  сыншы»  деген  рас  қой  деп 

ойладым... 

...  Қыстай  оқып  хат  таныдым.  Жазу  жазарлық  болдым.  Бұл  дəуір  менің  өмірімнің 

ішіңдегі  бақытты  дəуір  болды.  Бұл  дəуірді  көрем  деп  мен  ойлаған  жоқ  едім,  көрдім, 

арманым  бітті...Жайлы  жаздың  тамылжыған  май  айын  мен  гүлдей  құлпырып  қарсы 

алдым!..  ...  Əкем  ат  əкеліп  ауылға  қайтатын  болдым.  Сенен  сыр  жасырмаспын  деуші 

едім,  бəрін  тегіс  жазайын.  Мен  ертеңіне  қайтатын  болған  соң,  театрға  барайық  деп 

Қасен  ертіп  алып  барды.  Қысты  күні  де  талай  еріп  барып  едім.  Түн  ортасы  кезінде 

үйге қайттық. Майдың түні маужырап бойды балқытып, мас қыларлық. Далада жүргің 

келеді; даланы кезіп, тəтті ауасын тойғанша жұтқың келеді... Жүріп келеміз... Түсім бе 

деп  те  ойлаймын.  Қасен  мені  қолтықтап  келеді.  Мен  иығына  басымды  сүйеп, 

салмағымды Қасенге салып келе жатқан сияқтанамын. Бұл қалай болды деп ойланам, 

бірақ  ерсі  көріп  бойды  аулақ  салғым  келмейді.  Осы  күйіммен  таң  атқанша,  таң 

атқанша емес, өмір бойы жүре берсем де мен шаршамайтын секілдімін. Мен осы күйді 

жан-тəніммен тілейтін секілдімін!... Қасен қалқам мінезі жақсы ғой, бетіме күлімсіреп 

қарап тұрды да: 

- Ашуланбайсың ба? — деді. - Жоқ, дедім. 

...Қасенмен  қосылдым,  Қасенге  өмірлік  жолдас  болдым.  Бақыт  жұлдызым  күле 

қарады. Бір ұлымыз бар, Қасеннің аузынан түскендей. Атын «Октябрь» деп қойдық... 

Айтпақшы саған осы хатты жазарда бір ойлағаным, сен менен гөрі білімдірексің, сен 

ірі  мектептерде  оқып  жүрсің,  Октябрьдің  он  жылдық  тойы  болғалы  жатқан  көрінеді. 

Осы  он  жылдықта  баяғы  көргенді  саған  жаз  дейін  деп  едім...  Сенің  жазуға  ебің  бар, 

газетке жазған бір хабарыңды оқып көрдім. Жаз, он жылдық тойға құтты болсын айт! 

Өткен  өмірді  суреттеп,  көптің  алдына  сал!  Кеңес  үкіметінің  көмегінің  арқасында 

жарыққа  шыққанымызды,  білім  алып  адам  қатарына  қосылғанымызды  қалдырмай 

жаз! Бізді адам қатарына қосқан кеңес үкіметі болмағанда, ендігі біздің сүйегіміз жер 

астында қурайтын еді... 

...Бізден айрылып кеткен соң сенің басыңнан қандай күндерді өткізгеніңді білмеймін. 

Бірақ оңайлықпен мақсатқа жетпеген шығарсың. Жаз, газетке жаз, көп те оқысын, мен 

де бірге оқиын. Бақытыңды, алған бақытыңды кұттықтаймын! Қош, бетіңнен сүйдім. 

Дəмеш». 



1927. 

 

 



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша 

рұқсаты қажет жəне «Əдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық 

сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық жəне сабақтас құқықтар туралы заңымен 

қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © 

adebiportal.kz  

https://adebiportal.kz/kz/news/view/3621



 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет