Қасиетті тілім менің



Дата07.01.2022
өлшемі16,69 Kb.
#19524

Қасиетті тілім менің

Ана тілім-ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, басқа тілдің сөздерімен араластырып сөйлейтіндерді жиі көремін. Тіпті, туған тілінен безетін сорақыларды да, менсінбеушілікпен қарап, қазақша сөйлеуге ұялатындарды көргенде, белгілі орыс жазушысы К.Г.Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.Ана тілі - ар өлшемі. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау. Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Бұл сенің басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды, қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақиық ақын М.Мақатаев «Отан» атты өлеңінде:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.



Мен оның қасиетті тілін сүйем  

Мен оның құдіретті үнін сүйем, – деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің құдіретті биік сезім екендігін білдіреді. Менің елім – көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық  пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны - бәріміз үшін мақтаныш. Бұл - біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, дана ойларының жемісі. Елімізді жарқын болашаққа жетелейтін, халық мүддесін ғана ойлайтын Елбасының арқасында біз, қазақ елі, мәңгілік ел болып қала бермекпіз.Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандық құптайды. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз - бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет