«Қазақ әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері» пәні бойынша үй жұмысы Қазақ әдебиетінің тарихы



Дата21.02.2023
өлшемі20,21 Kb.
#69871

«Қазақ әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері» пәні бойынша үй жұмысы


Қазақ әдебиетінің тарихы
Қазақ әдебиеттануы өз арнасы, ұлттық бастаулары бар ғылым саласы. Қазақ әдебиеттануының түптамыры дүние жүзіне аты мәшһүр Отырарда туған, «Екінші ұстаз» атанған энциклопедист ғалым Әбунасыр әл-Фарабидің ғылыми мұраларынан басталады.
XYIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырда қазақ халқының фольклорлық мұрасын жинап жариялауда ресейлік фольклорист, этнограф А.И.Левшин, И.А.Кастанье, В.В.Радлов, И.Березин, Я.Лютш, Г.Н.Потанин т.б. зерттеушілердің еңбегі зор. Алайда ұлттық әдебиеттану ғылымының бастау көздері туралы ізденістерді осы еңбектер негізінен қарастыру ақиқатты жоққа шығарып, еуропацентристік саяси көзқарастың негізінде қалу болып табылады. Көне жазба ескерткіштері қазақ әдебиеттану ғылымының арғы бастаулары ретінде танылуы бізді ежелгі дәуір әдебиетіне жетелейді.
Б.Кенжебав қазақ әдебиетінің тарихын былай жүйелейді.

  1. Бұрынғы әдебиет (V-XV ғасырлар арасы). Қазақ ру, тайпаларының ежелгі ұлыс, ру дәуірлеріндегі әдебиеті.

  2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. XV-XIX ғасырлар арасы. Қазақтың өзіндік әдебиеті.

  3. Қазақтың XIX ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиеті.

  4. Қазақтың XX ғасыр басындағы әдебиеті.

  5. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиеті [1, 14].

Әдебиетші А.Қыраубаеваның «Ғасырлар мұрасы» ежелгі әдебиет туралы қазақ тілінде шыққан арнайы зерттеулердің бірегейі. Ғалым Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет, оған дейінгі ежелгі әдеби жәдігерлер қалай зерттелді деген сауалға нақты жауап іздеді [2].
Әдебиет тарихын зерттеген, дәуірлеген зерттеуші ғалымдардың ортақ пікірі - қазақ әдебиетінің негізгі бастау көзі көне ескерткіштер. Тәуелсіздік алған жылдары зерттелген біршама еңбектің ішінде Ж.Смағұлдың «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихы» атты монографиясы ерекше. Қазақ әдебиеттану ғылымының бастау көздері сонау Әл-Фарабиден басталатыны, жыраулар эстетикасындағы әдеби құндылықтардан айқындалғаны Шоқан, Ыбырай, Абай мұраларындағы әдеби-эстетикалық тұжырымдардың алғаш түсініктері болғанын зерттеуші тұңғыш рет негізгі зерттеу нысанына алған [3].
М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» жасауға кірісті.
1 том - қазақ фольклорының тарихы
2 том - ежелгі әдебиет тарихы
3 том - ортағасыр және қазақ хандығы кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы
4 том - ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы
5 том - ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ әдебиетінің тарихы
6 том - ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы
7 том - ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
8 том - ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
9 том - ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
10 том - тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы.
Бүгінде қазақ әдебиеті ғылымы жан-жақты зерттеліп, алдыңғы ғылым ретінде оқытылып, талданып келеді. Ендігі мәселе тамыры тереңнен бастау алатын «асыл сөздің» құдіреті мен қасиетін жаңа заман балаларына ұғындыру, қызықтыру, кітап оқуға деген құлшынысын арттыру. Бұл орайда ең бірінші мәселе әдебиетті оқыту әдістемесі. Шығармашылық тұлға қалыптастыру қазіргі оқу үрдісінің ең басты талаптарының бірі болып табылады. Қазақстанда педагогикалық-әдістемелік теорияның қалыптасу мәселелеріне арналған зерттеу жұмысында ізденуші А.Ілиясова: «Педагогикалық теориялардың Қазақстанда қалыптасуында Алаш Орда қайраткерлерінің оқу ағарту саласындағы еңбектері негіз болды» деп орынды көрсетеді [4, 39]. Бір жүйеге келтірілген алғашқы бағдарламалар мен оқулықтар қазақ мектептері үшін 1939-1940 жылдары жарық көріп, қолдануға ұсынылды.
1937-1938 жылдары басылып жарық көрген Әдебиет хрестоматиялары (5-10 сынып) Ә.Тәжібаев, М.Әуезов, Д.Әбілов, С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Е.Ысмайылов, Т.Ақшолақов, М.Жанғалин, С.Ерубаев т.б. сияқты ақын-жазушыларымыздың белсене араласуымен жарық көріп, сол кездегі мектеп сұранысын өтеуге септігін тигізді. Бұл алғашқы әдебиет оқулық-хрестоматиялары ғылыми-әдістемелік жағынан олқылық танытқанымен, кейінгі жазылатын оқулықтарға негіз бола отырып, тәжірибе жинақтауға көмектесті.
1932 жылы басылған І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова, Б.Майлин құрастырған 5-сыныптың «Әдебиетті оқыту кітабы» халқымыздың өткен тарихы, тұрмыс тіршілігін суреттейтін құнды негізгі деректер еді. 1938-1940 жылдары Қ.Жұмалиев, Ш.Кәрібаев, Қ.Бекхожин, А.Көшімбаев т.б. әдеби зерттеушілер оқулық жазу мәселесін қолға алса, Отан соғысынан кейінгі әдебиет оқулықтары мен хрестоматияларды құрастыру ісіне М.Ғабдуллин, З.Қабдолов, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, Ш.Аманов, Ш.Ахметов т.б. әдебиетші ғалымдарымыз өз үлестерін қосты. М.Әуезов: «Қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектептерде оқу құралын жасаудан туды» деп дәлелді көрсете білді.
Академик С.Қирабаев: «Әдебиет пәнін жоғары сыныптарда оқытудың тарихи-әдебиеттік принципі мектептерімізде көп жылдан бері қолданып келеді, жасыратыны жоқ, отызыншы жылдардың ішінде осылай іргесі қаланған мектеп курсы кейін кеңіп, әдебиет тарихының жоғары оқу орындарындағы курсына да ғылыми тарих жасауға себеп болды» деп көрсетеді.
Әрине ол кездегі оқулықтар деңгейі бүгінгі қоғамдық дамудың сұраныстарына толық жауап бере алмағандығымен, олардың маңызы ерекше болғанын жоғарыда айтылған зерттеуші ғалымдар пікірі дәлелдей түседі. Бұл оқулықтардың қайсы болмасын кейінгі оқулық авторларына үлгі бола отырып, оқулықтар мен хрестоматиялардың сапалы шығуына игі ықпалын тигізді, тәжірибе жинақтауға көмектесті.
Әдебиетті сөз өнері ретінде тану әдеби мұраны бағалау мен жинау, жариялау жұмыстарының жандануына себеп болды. Бұл жерде ғасырлар бойы жалғасып келген фольклорлық үлгілердің ел аузында сақталып келуі, олардың тарихи жазба ескерткіштер түрінде алғаш хатқа түсуі, әдебиет нұсқалары деп танылып кітап болып шығуының маңызы зор. Қазақ әдебиеті үлгілерін жинау, фольклорлық мол мұраны талдау, әдебиетті дәуірлер үлкен еңбекті қажет ететін маңызды жұмыс. Біздің әдебиетші зерттеуші ғалымдар бұл міндетті абыроймен атқара білді. Бүгінгі қазақ әдебиеті жаңа бағытта, өткені мен болашағы бар іргелі ғылым ретінде зерттеліп, оқытылып келеді.


Пайдаланылған әдебиеттер
1. Б.Кенжебаев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері», Алматы: Ғылым., 1972.
2.А.Қыраубаева «XIII-XIV ғғ.түркі тілді әдебиет. Ғасырлар мұрасы» Алматы, 1988.
3.Ж.Смағұлов «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы», Алматы: Қазақ университеті, 1999.
4. Т.Жұмажанова «Әдебиетті оқыту әдістемесі», Алматы: Білім. 2009.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет