Байланысты: Қазақ әдебиетіндегі тазы бейнесі Қызырбек Ернар
Қазақ әдебиетіндегі тазы бейнесі
Аннатация: Мақалада қазақ әдебиетіндегі тазы бейнесі сөз етіледі. Осыған дейінгі жазылған туындыларға талдау жасалынып, шығармалар өзара салыстырылады. Талдауға М. Мағауиннің «Тазының өлімі» повесі мен Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» хикаяты алынды.
Өзге ұлттар белгілі бір сандардан қорықса, ал қазақ халқы үшін киелі сандар бар. Себебі сол сандарға қатысты көптеген жақсы ұғым атаулары жетерлік. Қазына деп есептейтін дүниелердің өзі жетеу. Айта кетсек олар: ер жігіт, сұлу әйел, берен мылтық, ақыл, білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы.
Саятшылық құру, аңға шығу ұлтымыздың қанына берік сінген қасиет. Тарихта аты қалған елдің еркесі, халықтың серкесі болған азаматтар өмірі осыған дәлел. Қазақ қазақ болып қалыптасқаннан бергі бойға сінген әдет деп айтсақ болады. Жігіттік, сал серілік жолға бейімделген, әдемі киініп, жүйрік ат, құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған Ақан серінің өмірі сөзімнің айғағы. Аңшылық, саятшылық десе осы үшеуі еске түсері сөзсіз. Қазақ әдебиетінде алғашқы екеуі жайында жазылған туындылар жетерлік. Ұлтымыз осылар арқылы тектіліктің, қайраттылықтың символын көрсете білген. Ал тазы туралы қандай шығармалар бар? Тазы бейнесі әдебиетте қай жағынан көрініс тапты? Бұның өзі өз алдына бір мәселе.
Ит ұғымына қатысты халқымызда жақсы жаман сөз тіркестері бар. Айтар болсақ адам адамдығынан безгенде «ит боп кеттің бе» десе, ашуланшақ, ұрысқақ болғанда «итше арсылдаспа» деп тиып отырған. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал», «ат жақсысы – бозы, ит – жақсысы тазы» деген халық даналығында кездесетін тазы тұқымының жөні бір басқа. Осынау ит тұқымын ұлтымыз басқаларын бір төбе, ал тазыны бір төбе бағалайды. Сымбатына қарап тамсанып, ерекше күтім көрсетеді. Себебі қансонарда бүркітші, аңшы аңға шыққанда қанжығаны майлайтын осы жарықтық қана. Сəбит Мұқановтың «Бақташының баласы» атты шығармасында қазақтың осы тұрымысы бейнеленген. Жалпы бұл шығармада шаруашылық малына тыныштық бермейтін, көшпелі, мал баққан қазақ халқына қашаннан таныс жау – қорқау қасқырмен алысқан қарапайым қазақ шалының бейнесі сомдалған. Туынды жаңа өмір ағымына қарамастан, кең даланы мекен еткен, сол даланың тілінде сөйлей алатын, əлі де сұранысқа ие болып қала бермек қазақы қасиеттің, өмірлік тəжірибенің құндылығын аңғартады. «Ит – жеті қазынаның бірі» деп санаған қазақ халқының аңға тазы қосу өнерінен, жалпы аңшылық өнерінен жазушының хабардар ғана емес, бұл оның жанына жақын тақырып екендігін қаламгердің шығарма тақырыбын шебер аша білуі айқын байқатады.
Модернизм əдебиеті қазақ әдебиетіне тың образдар мен жаңа дүниелерді алып келді. Басын түртіп айтатынымыз басты принциптерінің бірі болған көркем шығарма тілін сана ағымына орайластыру. Мұндай сипат 1960–1980-жылдардағы қазақ прозасында анағұрлым басымдыққа ие болды. Бұл үдеріс əсіресе Ə. Кекілбаев, Т.Əбдіков, О.Бөкей, А. Сүлейменов, Қ. Ысқақов, А. Нұрманов, М. Мағауиндердің стильдік бағдарына тəн еді.
Адам сезімдері мен ойларын санадағы жаңғырықтармен бейнелеу, кейіпкерлер мен реалды өмір ағыстарын шектеулі, тіпті механикалық қатынастарға құру, өмірдің бір-бірімен қатыссыз көріністерін сана арқылы жандандыру қазақ прозасында да өзіндік сипаттарымен танылып отырды. Ой тасқынына ерік беру көбінесе көлемдірек жанрларды қажетсінді. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жарық көрген роман, повесть жанрында туған шығармалардың бірқатарында қоршаған орта мен қаһарман қатынасын сана ағымы арқылы көрсету басым. Оқиғаларды, негізінен, персонаждың жадынан, сана түкпірлерінен орын алып қалған жаңғырықтар арқылы туындататын сана ағымына хас белгілер М. Мағауиннің «Тазының өлімі» повесінен аңғарылады. Мұндағы бас кейіпкердің рөлі Қазыдан гөрі итке (Лашынға) тиесілі. Адам болмысының күрделі табиғатына, олардың қарым-қатынастарының мəнісіне, жалпы адамның əлемде алатын орны мен жаратылыс қайшылықтарына жазушы тазы көзімен қарайды. Тазының арпалысқа толы өз ғұмыры мен адамдардың қайшылыққа толы тірлігі туралы ойлары, тіпті ғаламат сəйкестігі жайындағы толғаныстары оның жадысы арқылы қайта тіріледі. Яғни жоғалған уақытты іздеу сарынына орай сана қалтарыстарына жүгіну сынды модернистік əдеби техника толығымен салтанат құрады.
Повестегі Лашынның ойлары да лирикалық шегініс арқылы баяндалуы үзік-үзік сана көріністерін бір-бірімен жалғау, қайта қалыптастыру ретінде беріліп отырады. Қарны бұлтиып тамақ ішетін, масатыдай құлпырған табиғатта армансыз аунап-қунайтын, бойын белгісіз қуаныштар кернейтін, дүниеге масаттанып қарайтын алаңсыз күшікке қоршаған əлемнің барлығы қызылды- жасылды қызыққа толы. Оның балаң санасы өмірдегі бар заттарды «жеуге болатын жəне жеуге болмайтын» деп екіге ғана бөледі. Алайда қызықты дəурен ұзаққа созылмай, өмірдің ащы сабағын күшік кезінде-ақ алады. Ол — қара төбет Бардасоққа талануы. Қатыгез өмірдің алғашқы соққысын осылай көреді. «Екі-үш апта бойы жақсылап күткеннен кейін денесіндегі жаралар жазылды. Бірақ күшіктің жүрегіне басқа бір жара түскен еді: ол дүниеде əділетсіздік, зұлымдық, зорлық барын, басыңа бақытсыздық төнсе ақтығың, жазықсыздығың арашалап алып қала алмайтынын ұқпаса да, бұдан былай бейтаныс жан иелерінің бəріне күмəнмен, дұшпан көзімен қарайтын болған».
Мұнда өмір шындығының белгілі бір құбылысын адамның əр кезеңдегі санасында қайта-қайта жаңғыртып отыру сынды модернистік тəсіл қолданылады. Бір құбылысты адамның жас ұлғаю шамасына қарап, яғни балалық, толысу, егделену кезеңдеріндегі санасына салатын тəжірибе Лашын образына беріліп, көркем шығарманың идеялық-философиялық өзегін аңдатуға бастайды. Тазы өсе келе адамдардың күнделікті өмірінен əлдебір мағынасыздықты, күрмеуі шешілмес қайшылықтарды аңғара бастайды. «Өз иелерінің, иелері ғана емес, жалпы екі аяқты атаулының өмірінде, тұрмыс- салтында түсініксіз жайлардың көптігін Лашын жасы алты айдан асып, бойы өсіп, денесі іріленіп, үлкен итке жақындаған кезде ғана аңғарды. Бұрын бəрі де дұрыс, бəрі де орынды сияқты көрінетін. Енді ойлап қараса, ешбірі де ақылға сыймайды». Жазушы адамдар ортасын тілсіз мақұлықтың көзімен сырттай бақылай отырып, олардың тіршілік-қарекетінің қым-қиғаш қайшылықтарға толы екендігін, абсурдтығын мегзейтін ойға жетелейді.
Қазы — шығармада тым ерекшеленбейтін (аңсақтығы болмаса) сыртқы əрекеттерімен ғана бейнеленетін, монологтік форма өңдеуіне жуықтатылмаған, əредік сараң диалогтермен ғана кескінделетін образ. Оған күрескерлік қасиеттер дарытылмаған. Ал тазы бейнесі бір басқа. Өн бойынан күрескерлік қабілет табылып осы қасиеті әрдайым шығарма желісінде көрініс тауып отырады. Мысалы қазының денесін жер қойнына тапсырған сәті. Ұмыт бола бастаған, көңілден тасалана берген Қазыны шарқ ұрып іздеген, ақырғы деміне дейін адал болып қалған — ит қана.
Қазы образы орталық кейіпкер Лашын тіршілігімен белгілі бір аналогиялар, рухани- психологиялық параллельдер жүргізу үшін алынады. Қазының жан-жағын бөтенсіген ғұмыры мен Лашынның ит ғұмырын бір-бірінен бөлшектеуге келмейтін тұтастық тұрғысында қараған жазушының философиялық түйіні өмір шындығын абсурдтық тұрғыда, иррационалдық ыңғайда жасалады. Ол түйін адамдардың беймəлім тұңғиықтан келіп, сол белгісіз тұңғиыққа аттану мағынасы төңірегінен шығарылады. «Ол өзі осы уақытқа дейін ашқан жаңалықтарының ішіндегі ең сұмдығын ашып еді: адам, тірі мақұлық атаулының бəріне əмір жүргізген, көк темірге жан бітіріп, көлік етіп мінген, қолдан құс жасап, қыран қалықтар биіктен де жоғары самғаған тəңірі текті, құдіретті адам да өледі екен, жүзі ызғарлы ажал алдында адамзаттың өзі дəрменсіз екен».
Тектілік бейнесі болып бедерленген тазының жер көкті тіміскілеген қаңғыбас иттерден артықтығы шығарманың мына эпизодында жақсы көрініс табады. «Тазы күресінге лақтырылған сүйек-саяқты ғана талғажау етеді. Кейде нәр сызбай қатарынан екі-үш күн ашығатын. Сонда да қара төбетше тіміскіленіп, үй-үйдің жуынды төгетін жерлерін аңдыған емес. Тышқан аулап, өлмес қорегін айырып жүрді. Бір рет ауылға жақын жерден қоян да ұстап жеді». Үзіндіден көргеніміздей күнкөрісі төмендеген Лашын қандай жағдай болмаса да өз биігінде қала білді. Повесте Лашын бейнесін автор ситуациялық градациядан бастап, деградацияға дейін апарады. Бірақ басты кейіпкер тектілік бейнесімен мөрленіп биікке көтеріледі. Иесіне деген адалдығы айқын көрініс табады. Осыған қарап әлемге танымал болған «Хатико» фильміндегі ит бейнесіне ұқсастығын байқайсың.
Күреңбай сыншы Құлагердің сымбатына біткен ерекшелігін қалай анықтағанын әдебиетші қауым жақсы білері анық. «Тазының өлімінде» Мамай ақсақал күшік кезіндегі Лашынның сымбатына қарап оның алғыр болатының былайша айтқан:
– Кеуделі екен, ұзаққа шабар. Қысқа мойын, әрі шықшытты, езулі көрінеді, қайратсыз да болмас. Артқы аяғы да келісті, маймақ біткен – жүйріктік белгісі. Қасқыр алады деп кесіп айтпайын, бірақ түлкі тымаққа жаритынымыз анық.
Есейген тазыны жазушы былай көрсетеді «Көктемдегі добал аяқ, сабау құйрық, шардақ қарын маубас күшік қазір үлкен тазыға айналған. Омырауы даладай боп, кеудесі іріленіп, іші тартылып, бойы кішігірім бұзауға жеткен. Денесімен салыстырғанда рабайсыз үлкен, шодыр төбелі басына түйе жапырақтай жалпақ, ұзын, шашақты құлақтары әсем кейіп беріп тұр. Аузын ашқанда көрінген, қаз- қатар тізілген үлкенді-кішілі сойдақ, аппақ азулар атан түйенің жілігін де омырып жіберетіндей». Осындай кейіппен Лашынның түлкіні қынадай қырғанын, жекпе-жекте арлан қасқырды ойсырата жеңгенің мысалмен дәлелдемесемде көпшілік жақсы біледі. М. Мағауиннің бұл шығармасында тазы бейнесі сана биігіне шығып тектілік қалыбында көрініс тапқаның аңғардық. Әдебиеттегі тазы бейнесі осы бейнесімен бір көрініс табады.
Зерттеу нысанына алынған келесі шығарма – белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» хикаяты. Туындының басты кейіпкерлерінің қаңғыбас иттер болуы – оның бірінші ерекшелігі болса, екінші ерекшелігі – астананың қым-қуыт өмірі, адамдардың рухани болмысы иттердің көзімен «байыпталуында». Қоғам тамыршысы – қаламгер «егер адам азғындаса, өзі төмен санайтын иттен, тіпті кезбе иттен де жаман болатынын» оқырманның көз алдына көлденең әкеледі. Қоғамды жайлаған рухани дерттің бірнешеуі негізгі кейіпкерлердің тіршілік үшін күресі кезінде айқындала түседі. Хикаятта толықтай қаланың күйбең тіршілігі баяндалған.
«Қаладағы құтпандар» хикаятының негізгі кейіпкерлері бесеу – Ала төбет, Тік құлақ, Сары тазы, Торшолақ және Ақ қанден – үлкен қаланың қаңғыбас иттері. Шығармадағы оқиға өзегі – олардың кезбе тірлігі. Күшік күндерінде ол иттердің өз иелері, мекендері болған. Уақыт өткенде түрлі себеппен далада қалып, кезбелік өмірге көндіккен. Жеті қазынаның бірінен саналатын иттердің осындай қиын жағдайға кез болуына да олардың иелері, екі аяқтылар кінәлі. Кезбе тірлігі арқылы иттер екі аяқтылардың небір жауыздықтары мен арамза әрекеттеріне куә болады. Автор олардың қазіргі күйі мен осы кезге дейінгі өмір сүрген ортасын қатар бейнелеу арқылы, иттердің көзімен адамдар әлемін сипаттайды. Ал ол әлем көп тұста мүлде кеспірсіз, жиіркенішті.
Хикаяттағы Сары тазының өмірі басқаша өрілген. Ол ашық аспан астында ұяластарымен бірге бейбіт өмір сүруші еді. Бірақ тазының бұған көңілі тоймай, ұрлыққа басты. Соның кесірінен тек өзі ғана емес, ұяластары да зардап шекті. Ол тойымсыздықтан фермадағы торайларға бас салды. Ашыққан кезінде серіктерімен ет арқалаған кішкентай баланы талады. Бұл ферма иелеріне зор шығын әкелді. Негізі тазы деген аты, түрі ғана болмаса, тегі қазақ тазысына мүлде келмейді. «Тазының өлімі» хикаятында текті ит ретінде сипатталған қазақ тазысы таза қанды болмағандықтан, мұнда ұры, сұғанақ, мейірімсіз.
Қортындылай келе аңғаратынымыз екі жазушы ортақ обьект алғанмен, солар арқылы екі түрлі дүниені көрсетіп, екі түрлі ой салады. М. Мағауин Лашын арқылы адамзат өмірін бақылап, ондағы құбылыстарды А. Алтайдағыдай сұрықсыз, сұрқай, жауыз әрі мейірімсіз қылып көрсетпейді. Дегенмен адам баласында болатын опасыздықты ақтап шығады деп те айта алмаймыз. Есенжол мен Қазы өлген соң әйелінің арасындағы жағдай осыған дәлел. Асқар Алтай қоғамдағы азғындықтың белен алғаның көрсету мақсат етілгендіктен иттер бейнесі осылай алынды деп тұжырымдаймыз. Шығармадағы образдың көрініс табуы жазушы айтпақ болған мәселеге, ашпақ болған тақырыпқа, көрсетпек болған тірлікке байланысты сомдалады, өріледі.