Қазақ әдебиеттану ғылымы қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым. Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар



Дата13.03.2022
өлшемі69,75 Kb.
#27780





Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Филология және көптілді білім беру институты

Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

МӨЖ № 3

Тақырыбы: Қазақ әдебиеттанушы ғалымдары

Қабылдаған: ф.ғ.к. Сатемирова Д.А.

Орындаған: Жолдина Ж.М.

Мамандығы: М-017, 102-топ

Алматы, 2022

Жоспар:

  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім

А) Әдебиетті дәуірлеуге Алаш қайраткерлерінің қосқан үлесі

Б) Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеудегі Бейсембай Кенжебаевтің ұстанымдары



  1. Қорытынды

  2. Пайдаланылған әдебиеттер

Қазақ әдебиеттану ғылымы – қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым. Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар. Қазақ әдебиеттану ғылымының мақсаты мен міндеті – қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және даму жолдарын зерттеу, әдеби құбылыстар мен сыншылдық-эстетикалық, әдеби теориялық және ғылыми-зерттеушілік ой-пікірлерді анықтап, ғылыми жүйеге түсіру және әр түрлі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар барысында ұлттық әдебиеттің халық руханиятына, қоғамдық сана-сезімі мен ұлттық таным білігіне жасайтын ықпалын айқындау.

Аристотельдің «Поэтикасы» - өнер туралы тұңғыш философиялық-эстетикалық трактат. Барлық ғылымдар осы еңбектен тараған. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Көркем шығарманың көп-көп жайларын, әсіресе характер, әрекет, байланыс, шешім, шиеленіс, хабар, түйін, метафора, гипербола, фабула, аналогия, т.б. жайларын талдап тексеруі күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ.

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби көп жағдайда әрбір ғылым саласында өзіне дейінгі ғұламалардың еңбектерін басшылыққа ала отырып, оларды таныстыру, еске салу, ондағы ой-тұжырымдарды тың идеялармен байытып, жетілдіруді жүзеге асырды. Поэтиканы - өнердің шыңы деп алып, Аристотельдің еңбегіне өзгерістер енгізген.

Осы екі еңбекті негізге ала отырып, кейін Шоқан, Абай, Мұхтар Әуезовтер жайлы айтуымызға болады.

Жастайынан халық мұрасына сусындап өскен Шоқан әдебиет, оның теориясы жөнінде сол кездің өзінде-ақ көптеген тың пікірлер, тұжырымдар жасап, өз халқының тіршілігі мен мәдени дамуының жағдайларына көптеген өзіндік үлес қосқан. «Алып Ер Тоңға», «Орхон-Енесей», т.б. әдебиетіміздің негізі деп алып келіп, би-шешендерге дейін зерттейді. Әдебиет теориясының кейбір мәселелерімен де шұғылданады, қазақ поэзиясының жанр, түр, өлең құрылысын зерттеген. Қазақ өлеңдерін ол 5 түрге бөлген, олар: жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең. Бұл жөнінде Т.Н.Потанин: «қазақ халқы оның жазғандарын оқыса, Шоқан өз халқының данышпаны болар еді және өз елінің әдебиетін өркендетуге негіз сала алар еді» деген пікір айтқан еді.   

«Абай және қазақ әдебиеті» деген үлкен тақырып туралы сөз қозғау - ХІХ ғасырдың бер жағындағы бүкіл қазақ әдебиеті туралы айту деген сөз. Ол жөнінде қазірдің өзінде монографиялық жалғыз-ақ еңбек бар . Ол: Айқын Нұрқатов, «Абайдың ақындық дәстүрі». Бұл монографияда осы тақырып кең түрде сөз болады.

Абай қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді. Осымен байланысты екі түрлі жайтты тағы да қайталап айту артық емес тәрізді. Біріншісі - ол өзіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі кемшіліктерді, оның өзіне тән байырғылықты қайталамауы, екіншісі - шығыс, батыс, орыс мәдениетін өз әдебиетіне үлгі етіп алуы, өз өлеңдерінің сапасын жоғарылатуы, ұлттық түрді сақтай отырып, оған интернационалдық нәр беруі, әдебиетімізді шын искусстволық дәрежеге көтеруі.



Абайдың қазақ әдебиетінде салған жаңа жолы, соны арнасы барлығына ешкім күдік келтірмейді. Абайды қазақ әдебиетінің классигі деудің өзі әдебиетімізде Абайдың салып кеткен үлгісі болғандығын, ол үлгіні кейінгі ақындар өздеріне өнеге еткендігін көрсетеді. Екінші сөзбен айтқанда, Абайдың әдеби мектебінің барлығын мойындау деген сөз.

Мұхтар Әуезовтің әдебиет тарихына  деген ғылыми көзқарастар жүйесі сол ХХ ғасыр басында қалыптасты.

Ол өз заманындағы  рухани құбылыстардың көшбасында жүріп, өзінің кәсіби біліктілігін, дүниетанымын дамытқан дара дарын иесі. Әрбір тарихи кезеңде  «жаңа мен ескінің күресі» болатыны белгілі, осы реттегі ой мен пікір қақтығыстарында Әуезовтің ғылыми ойлары мен әдеби еңбектері өте маңызды рөл атқарды. Тақыр жерде ештеңе болмайтынын  жақсы білетін ғалым көнеден келе жатқан халықтың рухани құндылықтарынан қол үзбей жаңамен жаңғыртып жалғастыруды өзінің міндеті санады. Әуезов сөз өнеріне ең керегі көркемдік, шеберлік, шындық екендігін ұстаным еткен.

Әдеби-тарихи һәм теориялық-әдіснамалық мәні айтарлықтай іргелі мәселені шешу үшін қазіргі кезде мүмкін боларлық қажетті жағдайдың баршасы жеткілікті. Айталық, біздің қолымызда сөз өнеріміздің дамуына ықпал еткен көрнекті тұлғалардың негізгі шығармаларының барлығы дерлік бар. Бастысы - әдеби дамудың ерекшеліктерін көрсетуге дерек боларлық әдеби материалдарға қазақ сөз өнері өте бай. Ал, мәселенің ғылыми шешілу жолына келсек, бұл тарапта да қажетті әлеует жеткілікті. Атап айтсақ, әдебиет тарихын зерттейтін, оны жүйелейтін ғалымдарымыз баршылық. Сондай-ақ, әдебиетіміз жүріп өткен жолдарды, бел-белестерді айқындау, саралау – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін жаңалық емес. Бұл саладағы ғылыми ізденістердің бір ғасырға жуық тәжірибесі бар. Мәселе соларды толықтыруда, жетілдіруде, тиянақтауда. Оның бержағында қазіргі қазақ ғалымдарының қолында шетел оқымыстыларының әдебиет тарихын дәуірлеудегі теориялық және әдіснамалық тәжірибесі және бар.Мақсат – қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі ғылыми тәжірибелерді саралай отырып, бұл мәселе жөнінде ой қозғау. 

Қазақ әдебиеттану ғылымында, біздің білуімізше, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің бірнеше үлгісі бар. Жазылған уақыты жағынан алғанда дәуірлеудің тұңғыш үлгісін – Райымжан Мәрсековтің 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақ әдебиеті жайынан» мақаласынан көреміз. Мақала авторы: «Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шеінгісін үш дәуірге бөлуге болады: бірінші дәуірі – ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез» - дейді де, әдебиеттің екінші дәурін ел арасына жазудың келуімен, исламдық, шығыстық кітаптардың таралуымен байланыстырады. Ал, үшінші дәуір жөнінде: «Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталды» - деген қорытынды жасайды. Әрине, Р.Мәрсековтің әдебиетті дәуірлеуі тұңғыш тәжірибе, алғашқы амал болған себепті мұнда шарттылық көп. Дегенмен, әдеби-ғылыми дерек ретінде оның дәуірлеу үлгісін жадымызда ұстауға тиіспіз.

Әдебиет тарихын дәуірлеудің келесі бір варианты Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» байқалады. Еңбектің «Жазу әдебиет» бөлімінде: «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді, сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»-деп жазба әдебиеттің алғашқы дәуірі дінмен байланыстырылса, екінші дәуір жөнінде: «Сындар дәуір деп қазақ әдебиетінің сында болған, яғни сын арқылы шығып, әдеміленген мағыналы сөз, бір мағынасы сыны бар деген болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады. Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ әдебиетінің соңғы кездегі жаңа дәуірін сипаттайды» - дейді. Бұдан көретініміз – Ахаң әдебиетті діндар дәуір және сындар дәуір деп екіге бөлетіндігі.

«Әдебиет танытқыш» - әдебиет тарихына емес, әдебиет теориясына арналған еңбек екені белгілі. Сондықтан да Ахаң үшін әдебиетті дәуірлеу басты мақсат болмаған сияқты. Ол дәуірдің қалыптасу, туу, даму ерекшеліктерін не болмаса олардың сипатын таратып айтпайды. Ғалым үшін маңыздысы – сол дәуірлердің шегінде туған әдеби жанрларды байқату. Әдебиет тарихының болашақтағы дәуірлеушілері үшін әрбір әдеби дәуірдің жанрлық жүйесін көрсетудегі Ахаң үлгісі өнеге болуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, әдебиет тарихы көркем формалардың да өзгеру, қалыптасу, алмасу тарихы екендігі күмәнсіз. 

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғалымдарының ішінен шыққан тұңғыш әдебиет теоретигі.

Оның 1926 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан бұл «Әдебиет танытқыш» еңбегінде алғаш рет қазақ әдебиетінің теориялық, методологиялық мәселелерін негіздеп берді. Әдебиеттану ғылымындағы басты ұғымдар мен терминдер жүйесін жасады. Осы кезеңнен бастап қазақ әдебиеті негізделді.

«Әдебиет танытқыш» еңбегі екі бөлімнен тұрады. Біпінші бөлімде көркем әдебиеттің бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдері талданса, екінші бөлімде әдеби жанр түрлері сөз болады. Тұтастай алғанда, Ахмет Байтұрсынов өнер атаулыны екі топқа бөледі. Оның бірі – тірнек өнері, екіншісі – көрнек өнері. Көрнек өнеріне ғалым сәулет (архитектура) өнерін, сымбат (скульптура) өнерін, кескін (живопись) өнерін, әуен (музыка) өнерін және сөз (әдебиет) өнерін жатқызады. "Өнердің ең алды – сөз өнері саналады. "Өнер алды – қызыл тіл" деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты әрі кескінді суреттер болсын, қандай ән - күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеуге, көрсетуге, таныстыруға болады.Бұл өзге өнердің қолынан келмейді деп жазады Ахмет Байтұрсынов.

Қазақ әдебиетінің тарихын түптен тартып түгендеуге, зерттеуге, жазысуға атсалысқан қазақ ғалымдары аз болған жоқ. Әсіресе, туған әдебиетіміздің туын көтерген Алаш арыстары осынау игі мақсат жолында аянбай еңбек етті, тер төкті. Бірақ бірнеше буын, қазақ жастары, соның ішінде бүгінгі аға жасына жеткен тұтас ұрпақ та өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін оларды оқи алмадық. Қызыл империя, партиялық саясат олардың еңбектерін қолға ұстамақ түгілі, жазықсыз жапа шеккен арыстардың аттарын да тұмшалап, ұлт санасынан біржолата өшіріп, жойып тас­тауды мақсат етті.

Қажым Жұмалиев он сегізінші-он тоғызыншы ғасырлардағы қазақ әдебиетінен диссертация қорғап (1941), қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан, яғни ХУ111 ғасырдан бастауды ұсынды. Бұқарға дейінгі қазақ әдебиетінің барлығы – ауыз әдебиеті; «ХУ111 ғасырдың екінші жартысы, Х1Х ғасырдың бас кезінен бері қарай тарихта бірінші рет аты мәлім, шығармалары да өзінің атымен сақталған ақын – Бұқар жырау. Біз қазақ әдебиетінің, жазба әдебиетінің тарихының басы Бұқар жырау дейміз» мазмұндағы осы концепциясын «Қазақ әдебиеті» (1941), «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1948), «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (2 томдық. 1 том, 1958; 2 том, 1960) сияқты іргелі еңбектерінде жалғастыра түсті.

Осы тұста қазақтың қайсар ғалымы, ұлы ұстаз, Бейсембай Кенжебаевтың басшылығымен 1960 жылдардың басында біршоғыр әдебиеттанушы-ғалымдар қазақ әдебиетінің көне тарихын, ежелгі мұраларын зерттеуге бел буды.

Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ ұлты зиялыларының мерзімді баспасөзде жарияланған мақалаларында көтеріліп, ғылыми еңбектерінде, оқулықтарында жалғастық тапқан әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі әр кез күн тәртібінен түспегеніне қарамастан күні бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ деуге болады. Оның басты себебі кешегі отаршылдық пен тотариталдық жүйе қысымы салдарынан әдебиет зерттеушілердің тарихи шындыққа негізделген біртұтас бағыт ұстана алмауынан, пікір қайшылығының өткір өрістеуінен еді. Солай бола тұрса да шовинистік көзқарас ықпалында кетпей, тоталитарлық жүйе бағытына ілеспей тарихи фактілерге арқа сүйеген, өз ұстанымы үшін қайсарлық таныта білген ғалымдар да болды. Ол – қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихын түркі халықтарының бәріне ортақ дәуірден бастаудың негізін салып, орнықтырған профессор Бейсенбай Кенжебаев еді.

Қазақ әдебиеттану ғылымының даму, қалыптасу, өркендеу тарихына көз жіберсек, өміршең ойдың, өрістегіш идеяның жарқын бір үлгісі профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ғылыми мұрасында жатқанын көреміз. Әдебиеттанудағы алғашқы қадамы Абай мұрасы жайлы жазған мақаласынан бастап өмірінің соңғы тынысына дейін ұлттық мүдде, ортақ түркілік идея үшін күресу ұстанымынан бір айнымаған Бейсенбай Кенжебаев тұлғасының күннен-күнге ірілене, оқшаулана түскені ақиқат. Мейлі әдебиет тарихына қатысты, мейлі әдебиеттің жеке тұлғаларына қатысты мәселе болсын коммунистік идеологияға бағынған цензураның зорлығына еріксіз иілген кейбір тұстарды айтпағанда, «заманның илеуінен» ғылымдағы қисынсыз пайым, ортақ тарихи негізге жүгінбеген тұжырым жетегінде кетпеуге, өз ұстанымын өзгертпеуге өмір бойы тұрақтылық танытқан қайсар мінезді, қайтпас жігерлі ғалымның көрегендігі мен ғылыми ойларының өміршеңдігіне кейінгі жылдары ғана көзіміз жеткендей.

Осы тұрғыдан келгенде, ғалым И.Нұрахметтің: “Қазақ әдебиеті тарихын тану туралы ғылыми көзқарастың қалыптасуы мен дамуында, күшті ғылыми негізге ие пікір қозғап, күрделі зерттеу еңбектер ұсынған ғалым Бейсенбай Кенжебаев өз тұсындағы ғылымның жетістіктерін жіті қадағалап, ішкі қажеттілікті қапысыз танып, әдебиет тарихына деген жаңаша көзқарастың ту ұстаушысы бола алды” [1, 127 б.] – деп жазғанындай, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесіне ерекше назар аударды. Ғылыми ұстанымын кезеңдік саяси көзқарас аясында емес, тарихи шындық тұрғысынан айқындауға тырысқан. Ол алғаш рет қазақ әдебиеті тарихын былайша жүйеледі:

“І. Бұрынғы әдебиет (Ү-ХҮ ғасырлар арасы). Қазақ ру-тайпаларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті. Көбінше сол замандардағы түрік ру-тайпаларымен бірге жасаған ортақ әдебиет.

ІІ. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХІХ ғасыр арасы). Қазақтың өзіндік әдебиеті.

ІІІ. Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа, сыншыл, реалистік әдебиет.

ІҮ. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.

Ү. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиеті” [2, 14 б.]. Қазақ әдебиеті тарихын осы жүйелеу бойынша зерттеуді ұсынған ғалым тек тамыры бір түркі халықтарының әдебиеті де ортақ екендігіне қисынды байламдар жасайды.

Түркі халықтарының ежелгі дәуірде жасаған әдеби мұрасына қазақ халқының да мұрагер болуына құқылы деп білген Б.Кенжебаев осы бағытта мақсатты түрдегі жоспар жасап, оны шәкірттері арқылы жүзеге асырды, жақсы нәтижелерге жетті. Бұл орайда ғалым көп кедергілерге де кездесті. Көптеген ғалымдар қазақ әдебиеті тарихын түркі халықтарына ортақ дәуірден бастау керек деген Бейсенбай Кенжебаев ұсынысына қарсы шықты. Алайда қолдаушылар да болды. Соның бірі В.Сидельников еді. Ол “Қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда” сөйлеген сөзінде “Әрине, қызықты баяндамалар мен хабарламалардың төңірегінде қызу пікір-таластар және тұжырымдар болды. Кейбір шешендер өте бағалы ескертулер жасадыМәселен, жігерлі де қызу қанды Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің бастау көзі туралы қызықты ой айтты. Ол қазақ әдебиетінің тарихын ХҮІІІ ғасырдан., Бұқар жыраудан емес ерте дәуірдегі Орта Азиялық ескерткіштерден бастауды ұсынды. Бұл орайда ол жеке ұлттар ретінде қалыптасқаннан кейін орыс, белорусь және украин әдебиеттеріне бөлініп кеткен шығыс славян әдебиетімен ұқсастығына сілтеме жасайды. Рас, кезінде бұл мәселені Бертельс қойған болатын. Алайда Бейсенбай Кенжебаевқа ризашылығымыз –оның бұл мәселені дер кезінде еске түсіріп, өткірлендіре түсуі ” [3, 306 б.], - деп ғалым ұсынысын жақтағандық байқатады. Бейсенбай Кенжебаевтың бастамашыл боп көтерген қазақ әдебиетін дәуірлеу, оның тарихын түркі халықтарының бәріне ортақ ойма жазудан бастау туралы мәселелер ғылыми ортада мойындалып, ғалымның көзі тірі кезінде-ақ орнықты. Ұстаз-ғалымның өз мақсатына жету жолындағы қайтпас қайсарлығы, шәкірттерінің талмай ізденуі, мол қажыры, мұқалмас жігерінің нәтижесінде «қазақ әдебиеті 18-ғасырдан басталады» деген қасаң қағида бұзылып, қазақ әдебиетінің тарихы мың жарым жылға жуық уақытқа ары жылжыды. Қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттану ғылымы үшін зор тарихи мәні бар бұл істің басы-қасында Кенжебаев шәкірттері тұр, ғасырларға бөлініп жеке-жеке зерттелген әрбір кезеңнің ғылыми дәлелденуінде Кенжебаев идеясы, оның шәкірттерінің қажырлы еңбектерінің көрінісі, зор үлестері, өзіндік қолтаңбалары жатыр. Б.Кенжебаевтың басшылығымен жұпыны ортада, шағын ғана кафедра аясында тындырылған іс өміршеңдігін көрсетті, шеңберін кеңейтті. Сөйтіп қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев мектебі қалыптасты.

Қорыта келгенде, әдебиет тарихын дәуірлеудегі Б. Кенжебаеев ұстанымы өміршеңдігін дәлелдеді, өз нәтижесін көрсетті. Соңғы елу жылға жуық уақыт бойы ғалым идеясы жүзеге асып, жоғары оқу орындары мен мектептерде қазақ әдебиетінің тарихы ежелгі түркі халықтарына ортақ дәуірге дейінгі кезең қамтыла оқытылып келеді. Ғылыми көзқарас, әдебиет тарихын зерттеу бағыты жаңа арнаға бұрылды.

Қазақ әдебиетінің бастау бұлақтарын анықтау, тарихын кезеңдерге бөлу жолындағы ізденістерде қазақ әдебиеттану ғылымы ұзақ жолдардан өтті. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай қазақ әдебиетінің өткендегі даму жолдарын зерттеп, дәуірлерге бөліп, ғылыми жүйеге түсіруге ұмтылған еңбектер көріне бастады. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926) қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыдан тұтастай алып, теориялық, тарихи тұрғыдан зерттеудің жолдарын алғаш рет жүйелеген еңбек болды. Мұнда жалпы әдебиетті ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп екіге бөліп, ары қарай тағы да іштей түрлерге, жанрларға жіктеген. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихын «діндар дәуір», «ділмар дәуір», «сындар дәуір» аталған кезеңдерге бөлген. Діндар дәуірге араб, парсы үлгісіндегі діни бағыттағы әдебиетті, ділмар дәуірге орыс әдебиетінен өнеге ала бастаған кезден бергіні, сындар дәуірге Абайдан кейінгі кезді жатқызған. Мұнда әдебиеттің тарихын кезеңдерге бөлуге алғаш рет әрекет жасалынып, ғылыми ұстаным ретінде хронология емес, әдебиеттің негізгі бағыты, мазмұны, сыйпаты алынғандығы көрінеді. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөліп, оны дәуірлеудің өзіндік принциптері ұсынылды.

Әдебиеттану ғылымының ең басты міндеті – әдебиеттің бар-жоғын түгендеп, жеткен жетістіктері мен жетпей жатқан жерлерін саралап, халықтың рухани қажеттілігін өтеу жолында оқырманға ғылыми негізді жол сілтеп отыру. Десек те бұл міндетті атқару оңай шаруа емес. Оқырманның әдебиет мұхитының ішінен жол тауып жүруіне, іздегенін тауып алуына көмектесетін бірден бір көмекші әдебиеттану болғандықтан да бүкіл әдебиетті тарихи тұрғыдан ғылыми жүйеге түсіріп, дәуірлеудің маңызы зор. Әдебиеттану ғылымы дамыған сайын оның әдебиет тарихы да тереңдей түсіп, оны ғылыми негізді кезеңдерге бөліп қарастыруталабы да күшейе түседі.

Тұжырым. Қазақ әдебиеттану ғылымы өз алдына жеке ғылым болып қалыптасқан жүйелі арна. Олай дейтін себебіміз, әдебиет жайлы ғылыми пайымдар сонау әдебиеттану ғылымынң ежелгі дәуіріндегі Аристотельдің «Поэтика» еңбегімен басталған ғылыми еңбек совет әдебиеті кезеңіндегі қазақ әдебиеттануының іргелі ғалымдары Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Х.Сүйіншәлиев және қазақ әдебиеттану ғылымының әр саласындағы дәуірлеу кезеңдеріндегі ғалымдардың еңбектерінен көрінеді.



Қазақ әдебиеттану ғылымының дәуірлеу кезеңдері – қазақ көркем сөзінің, ұлттық парасат-пайымның өркендеу кезеңдерімен қатар қолданылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Кенжебаев Б. Қазақ тілі мен әдебиетінің тарихы туралы // Лениншіл жас, 20 декабрь, 1962

  2. http://adebiportal.kz/kz/authors/view/3805

  3. Ысқақұлы Д. Рухани толғамдар: Зерттеулер. – Алматы: «Каратау КБ» ЖШС; «Дәстүр», 2015. 404б


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет