Қазақ тілі орфографиялық сөздіктерінің түзілу принциптері мен жетілдіру бағыттары



Дата05.11.2022
өлшемі16,06 Kb.
#47645

Орындаған: Калдай Г
Тақырып: Қазақ тілі орфографиялық сөздіктерінің түзілу принциптері мен жетілдіру бағыттары
Емле сөздіктерін түзудің негізгі үлгілері мен принциптері қазақ тілтанымының іргетасын қалаған А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбановтың зерттеулерінен бастау алады. Өткен ғасырдың орта тұсында қазақ тіл білімінің қаланған іргетасын одан әрі нығайта, бекіте түскен ғалымдардың нормативтік-лексикографиялық базаны қалыптастырудағы, сөздіктің сан түрлі типтерін жасаудағы атқарған еңбектері орасан. Осы кезеңде жарық көрген орфографиялық, түсіндірме, екітілді, салалық, терминологиялық, аспектілік, жиілік, мектепке арналған сөздіктер, анықтағыштар жалпыұлттық тілдің, Абай мен М. Әуезовтің барша сөз байлығын, қазақ әдеби тілінің қолданыстағы лексикалық-грамматикалық құрылымының ерекшеліктерін жинақтау арқылы қазақ тілінің өміршеңдігінің сақталуына елулі үлес қосты.
Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің қазіргі қоғамға таныс нұсқаларының бастапқысы – 1988 жылы академик Р. Сыздықтың басшылығымен жарияланған еңбек. Бұдан кейін емле сөздігі 2005, 2007, 2013 жылдары жарық көрді. Емле сөздігінің әр басылымы сайын сөзтізбе құрамы толықтырылып, сұрыпталып, белгілі бір жүйеге түсірілген. Қазақ тіліне қатысты саяси, әлеуметтік, ұлттық сананың оянуы сияқты түрткіжайттар әсер еткендіктен сөздіктердің құрамына қазақ тілінің бар байлығын енгізуге ептеп басымдық берілген. Сондықтан әсіресе соңғы басылымда сөз саны мен тіркестер молая түскен. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына орай қазақ тілінің ғылым мен техника тілі бола алатындығын, терминдік ұғымдарды бере алатындығын, өміршеңдігін дәлелдеу мүддесінде тілдің барлық дерлік әлеуетін қамтуы жағынан олардың өз құндылығы бар.
Орфографиялық сөздік – әдеби тіл нормаларының басты көрсеткіші. Осы себепті биылғы жылы әзірленетін Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің кезекті басылымының маңыздылығы мен өзектілігі бар. Бұл, ең алдымен Сөздіктің латын графикалы әліпбиге негізделетініне байланысты. Сөздік сонымен қатар салалық, орта білім беру жүйесіне бағытталған сөздіктер мен анықтағыштарды, өзге де аспектілік-терминологиялық сөздіктерді түзуде, сондай-ақ оқу-ағарту, ғылыми әдебиетті жасауда басшылыққа алынатын басты нормативтік құрал ретінде ұсынылады.
Орфографиялық сөздіктің жаңа нұсқасын түзуге Тіл білімі институтының орфография, фонетика және фонология, лексикология және лексикография, тіл тарихы және морфология, қолданбалы лингвистика салалары бойынша білікті мамандары қатыстырылған. Мамандар тарапынан Сөздіктің нұсқаулығы жасалды; орфографиялық сөздіктің өзіндік ерекшеліктерін танытатын, әрі сөздікке түзілетін тілдік бірліктердің жүйесін біріздендіру мүддесінде лексикографиялық межелер айқындалды.
Сөздіктің сөзтізбесіне енгізілетін тілдік бірліктер үшін алдымен қолданыс межесі нақтыланды. Бұл үшін негізге алынған 2013 жылғы Орфографиялық сөздіктің сөзтізбе құрамы Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің соңғы басылымының материалдарымен салыстырылды; «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» (бес томдық) энциклопедиясының, 30 томдық екітілді терминологиялық сөздіктің материалдары іріктелді; қазіргі жазба коммуникациядағы тілдік бірліктердің орфограммасына назар аударылды. Осының нәтижесінде: а) негізге алынған дереккөздерде кем дегенде үш рет қолданылған; ә) классик жазушылардың шығармаларынан алынған; б) әдеби норма талаптарын қадағалайтын мерзімді баспасөз үлгілерінен, ғылыми, ресми-іскери стилдер фактілері сараптаудан өтіп, іріктелді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет