Қазақ тілінің анықТАҒышы


СӨЗ САЗЫ НОРМАЛАРЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЖАЙЫ



жүктеу 2.12 Mb.
Pdf просмотр
бет13/47
Дата28.12.2016
өлшемі2.12 Mb.
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   47

СӨЗ САЗЫ НОРМАЛАРЫНЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЖАЙЫ

Сөзді дыбыстау, яғни дұрыс айту нормалары барлық сәттерде бірдей,

ешбір   бұлжымайтын   нәрсе  емес.   Жалпы   ауызша  сөйлеудің,   яғни   сөзді

ауызша жеткізудің екі типі бар: бірі – сөздерді толық әуенмен (ғылымда ол

“толық стиль” деп аталады) айту, екіншісі – әдеттегі сөйлесу әуенінде айту.

Сөздерді   толық   әуенмен   айтқанда,   оларды   нақпа-нақтап,   бір-бірімен  аса

жымдастырмай,   кейде   сөз   аяғын   созып,   әр   сөзді   тыңдаушыға   мейлінше

анық   етіп   жеткіземіз.   Бұл   әуен  митинг  сияқты  аса   көп  жұрт   жиналған

жерлерде   қолданылады,   өйткені   митингілерде   мыңдаған   адамға  қарата

айтылатын   сөз  өте   маңызды   болғандықтан,   ол  сөздің   барша   тыңдаушыға

барынша   түсінікті   болып,   мейлінше   анық   естілуі   көзделеді.   Сондай-ақ

айтылмақ сөзді (ойды) тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиге немесе сол тілді

әлі әбден меңгермеген өзге ұлт өкіліне түсінікті етіп білдіру үшін де толық

айту мәнерін қолданамыз. Бірақ өмірде сөздерді толық айту мәнерінен гөрі

сөйлесу әуені әлдеқайда жиі қолданылады. Бұл мәнерде сөздер аса шапшаң

емес, бірқыдыру баяулата, бірақ дауыс ырғағы жағынан топтастырыла, бір-

бірімен қиюластырыла  айтылады.  Театрларда,  радио мен  теледидарда,  топ

алдына   айтылатын  (оқылатын)  лекция-баяндамаларда   сөз  айтудың  осы

әуені пайдаланылады.

Сөйлесу  мәнерінің  өзі  де  біркелкі  емес.  Оның  көтеріңкі,  салтанатты

үнмен және жай үнмен айтылуы бар. Салтанатты үнде кейбір сөздерді әдейі

бөліп  айту немесе созып айту, кейде  тіпті толық  әуенмен айтқандай,  әрбір

сөзді   нақпа-нақтап  дыбыстау   орын   алады.   Мысалы,   радио   мен

теледидардан  берілетін   мемлекеттік,   халықаралық  манызы   аса  зор  ресми

хабарлар көбінесе  салтанатты  әуенмен беріледі. Пьесаларда  да  белгілі бір

жағдайға (ситуацияға) орай кейбір монологтер немесе тіпті бір-екі ауыз сөз

де көтеріңкі үнмен айтылуы мүмкін. Бірақ қай-қайсысында да тыңдаушыға

түсінікті болып шығатын айқындықпен қатар, сөздердің сөйлеу актісіндегі

бір-біріне ететін әсері, дыбыстардың бір-бірінің ыңғайына қарай үндесіп,

үйлесіп  айтылуы  қатаң сақталуға тиіс. Бұл талап әншілер мен актерлерге,

дикторлар мен комментаторларға, мұғалімдер мен лекторларға және жиын-

жиналыстарда сөйлеушілерге, баяндамашыларға қойылады.

Сөздердің  бір-бірімен  үндесетін  дыбыстық  заңдарының  күші  барлық

жерде:   күнделікті   сөйлеу   тәжірибесінде,   мектеп   оқушылары   мен

студенттердің   сабақ   үстіндегі   сөйлегендерінде,   беретін   жауаптарында,

драма, комедия,  трагедия  сияқты пьесаларда  ойнағанда, тақпақ айтқанда,

кинода,  радио   мен  телехабарларда,   жиналыстар   мен   митингілерде

сөйлегенде бірдей болғанмен, әр жанрдың, тіпті бір жанрдағы әр шығарма

түрінің,   әр   жағдайдағы   сөйленген   сөздің   айтылу   мәнерінде


айырмашылықтар болады. Мысалы, сөз дыбыстарын “ойнатып” әрі белгілі

бір   өлшеммен   жазылған,   мақал,   мәтел,   фразеологизмдерге   бай   “Еңлік-

Кебек”,   “Қара   Қыпшақ   Қобыланды”,   “Айман-Шолпан”,   “Қарагөз”

пьесалары   (бәрі   де   Мұхтар   Әуезовтікі),   Ғабит   Мүсіреповтің   “Ақан   сері-

Ақтоқты”,   “Қозы   Көрпеш-Баян  сұлу”  пьесалары,  Қалижан   Бекхожиннің

“Ұлан   асуы”,   Тахауи   Ахтановтың  “Ант”  драмасы,   С.   Сыматаевтың  “Зар

заман” пьсаларының сөздерін айту мен біздің күндеріміздің тақырыптарына

арналған   пьесалардың   сөздерін   айтудың   арасында   айтарлықтай

айырмашылықтар бар. Алдыңғылардың тілі дыбыстар гармониясын (сазын)

көбірек талап етеді, сөздің музыкалығын, әуезді болуын қалайды. Олардағы

ырғақтық-мелодикалық топтардың өзі тілімізде әбден қалыптасқан, сөздері

бір-бірімен   ұйқас,   өлшем   дегендермен   “цементтелген”,   яғни   жымдасқан,

үндескен болып келеді. Мысалы, “Еңлік-Кебектегі” Көбей мен Еспембеттің

айтысын   алайық.   Мұндағы   курсивпен   теріліп   көрсетілген   сөздердің

айтылуына   назар   аударыңыз   (жазуда   бүкіл   тексті   мүмкіндігінше

транскрипциялап   көрсетуге   тырыстық,  дегенмен  сөздердің   сөйлеу

актісіндегі   дыбысталуын   таңбалармен   білдіру   өте   қиын,   яғни

транскрипцияда сөздің  жазылуы мен айтылуы  айна-қатесіз дәлме-дәл түсе

бермейді):

Е с п е м б е т .   Тобұқтұ   /  шайалығыңды   ғылдыңба  /  білегі

жұуандығыңды   ғылдыңба   /   алалы   жылқы   /   ақтылы   ғойұн   /  жосұлтұб

алдың //  ата ғонұсұнан / іргесін аудардың / ай  дер  ажа /  қой дер қожа  /

болған жоқ //  жетіботұрған жесірімді / бір тентегің/ат сауұрұна салыб

әкетіб отұр // ағайын // ұзұнда өштү / қысқада кектімессің // бітім сұрап /

кісі салсам / бақайыңнан гелтірмейсің //.

К  ө  б   е   й.   Еспембет   /  кеден  кедем  болт   /  кедергі  недем  болт  /   деб

отұрсұң ... қой асығын / қолұңап / қолайыңа жақса / сақа ғой // саптайаққа /

ас құйұп / сабынан /қарауұл ғарайтын болсаң / мем бійлік айтпайым//.

Бұл   үздіктердегі   тұрақты   тіркестер   (фразеологизмдер)   мен   мақал-

мәтелдер   курсивпен   көрсетілді.   Бұлар   текстің   белгілі   бір   өлшеммен,

ырғақпен айтылуына жәрдемдесіп, айтысушы билер сөзін құлаққа жағымды

сазбен жеткізеді.

Тұтасынан өлеңмен, оның ішінде ақ өлеңмен де (ақ өлең дегеніміз –

ұйқасты, ырғақты сөз орайымен берілген мәтін) жазылған пьесалар тілінің

музыкалылығы   тіпті   күшті  болады.   Ал   жай  диалогтермен   берілген,   яғни

кейіпкерлерін   әдеттегі   ауызекі   тілмен   сөйлеткен   пьесаларда   бұл

кейіпкерлер, сөз жоқ, Еспембетше, Абызша, Көбейше немесе Ақан сері мен

Ақтоқтыша   сөйлемейді.   Әрине,   қалыптағы   тұрмысқа   сай   сөйлегенде   де

мақал-мәтелдер мен айшықты сөз тіркестерін қолданамыз, бұл – пьесаларда

да  орын   алады.  Дегенмен  Еспембеттің   сөзі   мен   қазіргі   бір   инженердің

немесе  “қаладан  келген  қылжақпастың” сөзі ішінде мақал-мәтел, ырғақты

тіркестер   болғанмен,   олардың   сөздері   дыбысталуы  мен  сазы   жағынан

бірдей айтылмайды.

Бұдан   өткен   замандардағы   кейіпкерлердің   сөзін   айту   қиын,   қазіргі

адамдардың сөзін айту оңай деген тұжырым шықпайды: әңгіме кейіпкердің



қай кездің адамы екендігінде емес, пьесаның жанрлық ерекшелігінде, қай

стильде   ұсынылғандығында.   Романтикалық  стиль  көбінесе   көтеріңкі

сазбен,   белгілі  бір  ырғақпен  айтуды   қалайды.  Ал  бүгінгі  күнделікті  өмір

тақырыбына   жазылған   пьесалардағы   кейіпкерлердің   дені   әдеттегі   сөйлеу

үнін ұстанады. Әрине, қазіргі сөйлеу тілімізде де белгілі нақышқа келтіре

ерекше айтатын тұстар аз емес.

Қысқасы, бұл айтылғандардан актерлер сахна сөзінде өздері ойнайтын

әр   пьесаның   жанрлық-стильдік   сипатын,   кейіпкердің   образын   қатты

ескерулері   қажет.   Қай   заманды   суреттеген   шығарма   болмасын,   қай

тақырыпқа   жазылған  пьеса  болмасын,   қай   жанрдағы   өлең   мен   мәтін

(тақпақ,  терме т.т.) болмасын –  барлығы  да  қазақ сахнасы  мен  киносынан,

радиосы мен теледидарынан көркем сөздің құлаққа жағымды келіп, табиғи

түрде айтылуы (дыбысталуы) талап етіледі.

Сөзді дұрыс жазу (орфография) сияқты, дұрыс айту да (орфоэпия да) –

әдеби тілдің бір қыры. Екеуінің де міндеті – тілді әркім өз қалауынша, өз

білгенінше жұмсамай, оның көпшілікке ортақ барша заңдылықтарын сақтап

пайдалану болып табылады. Ондай ортақтық пен ыңғайлылық үшін белгілі

бір   орфоэпиялық   нормалардың   болуы   заңды  да,  міндетті   де.   Ол

нормаларды қатаң сақтау, жетілдіру, орнықтыру – қазақ тілінде сөйлейтін

барша   жұрттың   (әр   адамның)   борышы.   Әсіресе   бұл   абыройлы   міндет

мұғалімдер   мен   мәдениет   қызметкерлерінің,   сахна   қайраткерлері   мен

әншілердің,   жиналыс,   жиындарда   шығып   сөйлеушілердің,   дикторлар  мен

жалпы радиодан, теледидардан сөйлеушілердің алдында тұрады. Бұлар тіл

мәдениетінің   бір   ұшы   –   сөзді   дұрыс   айту   заңдылықтарын   (ережелерін)

берік   ұстанып,   оларды   қалың   жұртшылыққа   жаюшылар,   орфоэпиялық

нормалардың жоқтаушылары болулары тиіс.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл талап толық орындалып отырған жоқ.

Сөзді (ойды)  ауызша  айтуда әрқилы себептерден болып жатқан қателіктер

мен жайсыздықтар орын алып келеді. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні –

қазақ   тілінің   дыбыс   жүйесінің   табиғи   тәртібі   болып   саналатын   үндестік

заңдарын сақтамай, сөздерді қалай жазылса, солай оқу (айту) немесе сөздің

жеке тұрғандағы тұлғасы қандай болса, сол күйінде айту қателігі. Мысалы,

қ,   к,   п  сияқты   қатаң   дыбыстарды   қажет   жерінде   ұяңдатпай   айту   жиі

ұшырасады. Соның салдарынан  күңгөрүу, негерек, аздаңгейін, құрғол, ағала

болып   айтылуға   тиіс   сөздерді   жазылуынша  күнкөру,   некерек,   азданкейін,

құрқол,   ақала  түрінде   айтушылық   етек   алып   барады   (бұл   сөздер   бір

ырғақпен  айтылатын  топтар   болғандықтан,   біріктіріп   жаздық,   әйтпесе

олардың   жазылуда  күн көру,  не керек,  аздан кейін, құр қол,  ақ  ала  болып,

бөлек-бөлек таңбаланатыны аян). Сондай-ақ  бәлгер, сәудегер, шәй, Жәмилә

деп дыбысталуға тиіс сөздерді  жазылуынша  балгер, саудагер, шай, Жәмила

деп айтушылық та жоқ емес.

Бұл   күнде   сөз   сазына   қатысты   қиындықтың   көзге   түсетін   және   бір

тұсы   –  о,  ө,   е  дауысты  дыбыстарының   қазақ   сөзінің  басында  келгендегі

айтылуы. Қазақ сөздерінің басындағы осы дыбыстардың алдында қосамжар

у,  й  дыбыстары айтылуы керек болса,  бұл заңдылықты сақтамай, сөздерді


“орысша”  айту   байқалады:  отан  сөзінің   қазақша  айтылуы  уотан  болуы

керек,  ел  сөзі   орысша   айтсак,  эль,  қазақша   дұрыс   айтар   болсақ,  йел.  Сол

сияқты   сөз  басында   немесе  бірінші   буында  келген  о,  ө,   ұ,   ү  еріндік

дыбыстарының   келесі   буындардағы  ы,   і,   е  деген   езулік   дауыстыларын

өздеріне   ұқсатып   айтқызатыны  да  ескерілмей,   сөздердің  жазылуынша

оқылуы  орын  алып   келеді.  Мысалы,  құрұқ, күлүмгөз, күмүс  деп  айтылуға

тиіс сөздерді құрық, күлімкөз, күміс деп айту әсіресе жастардың тілінде жиі

кездеседі.

Дикторлар мен хабар, концерт жүргізушілердің, оқушы жастардың сөз

сазындағы   тағы   бір   қатесі   сөздердің   ешбір   дыбысын   түсірмей,   әр   сөзді

немесе  біріккен   сөз,   қос   сөздердің   әр   бөлігін   (компонентін)   бөліп-бөліп

айтатын   тұстарында   көзге   түседі   (дәлірек   айтсақ,   құлаққа   шалынады).

Мысалы,  Құрман   ғазының   күйі  Сары   арқа,  Ықыластың   күйі   Кері   толғау,

Мұхиттың әні Кіші айдай  деп, ән-күй аттарын (білдіріп тұрған екі сөздің

әрқайсысын бөлек-бөлек айтатын конференсьелер мен дикторлар жоқ емес.

Әрине, олардың бұл әрекеттегі ниеттері адал, өйткені бұл орайда шығарма

аттарын  тыңдаушыға   анық   етіп  жеткізсем  дегенді   көздейтін   болар.   Бірақ

сөздің   түсінікті,   анықтығы   әр   сөздің   жеке-жеке   айтылуынан   шықпайды.

Сондықтан жоғарғы ән-күй аттары қазақ құлағы кәнігі түрде қабылдайтын



Сарарқа, Кертолғау, Кішайдай  деген әуенде, яғни екі сөздің аралығындағы

дауыстылардың   бірінің   “жұтылып”   кеткен   түрінде   айтылуға   тиіс,   себебі



Сарарқа  атауы  сары  және  арқа  деген  сөздердің жеке-жеке мағыналарынан

хабар   бермейді,   екеуін   қосып   (тіркестіріп)   айтудан   жаңа   сөз   –   жер   атын

білдіретін жалқы есім болып тұрғанын нысанаға алу қажет.

Қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларының бұзылуына  себеп  болатын

факторлардың   және   бірі   –   сөзді  ауызша  айтудағы   жазба   тілдің,   жазудың

ықпалы, яғни сөзді жазылуынша оқу дәстүрі.

Әдеби   тілді   дамытуда,   оны   ұрпақтан   ұрпаққа   жеткізуде,   лексика-

грамматикалық   және   орфографиялық   нормаларын   қалыптастырып,

көпшілікке   жаюда   жазудың   рөлі   зор   екені   мәлім.   Жазу   –   бұл   күнде

әдебиеттің барлық түрін таратудың басты құралы. Осындай орны ерекше

жазудың сөзді дұрыс айту саласына келгенде, ескеретін бір жайы бар. Ол –

сөздің  жазылуы  оның   дыбысталуымен,   әсіресе   сөйлеу   актісінде

айтылуымен әрдайым сайма-сай келе бермейтіндігі. Сөзді  д ұ р ы с   ж а з у

б а р   д а ,   д ұ р ы с   а й т у   бар,   яғни   сөздің   орфографиялық  нормалары

бар да, орфоэпиялық нормалары бар. Бұл екеуінің дәлме-дәл түсетін сәттері

де   аз   емес.   Мысалы,  сөздердің   қалай   жазылса,   солай   оқылатын   жерлері

болады.  Айталық,  кіндігімнің жас қаны тамған жері – аулым  деген   өлең

жолының   бірер   сөзінен  (аулым  –  ауұлұм)  басқасы   осы   жазылған   түрінде

айтылады. Мұнда дыбыстары бір-біріне әсер етіп, бірін-бірі сәл өзгертетін

орындар   жоқ.   Ал   көптеген   жағдайда  сөздер   жазылуынша  айтылмайды

(оқылмайды). Мысалы, Абайдың:

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай мен күн шағылса да, – 


деген  өлең жолдарын дәл осылай жазылғанынша оқу (айту) өрескел қате

болар еді, яғни “тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюдің” орнына құлақты кесіп,

түрпідей   тиер   еді.   Мұнда   дыбыстардың   айтылуда   бірін-бірі   өз   ыңғайына

көндірген сәттері бар, сондықтан:



Жарқетпес / қарагөңүлүм/ неғылсада //

Аспанда / айменеңгүн / шағылсада // 

түрінде   оқылып,  жазылуы   мен  айтылуында   айырмашылық  болады.  Бұл

жерде сөздерді соңғы көрсетілгендей айтылуынша жазу қандай қате болса,

жазылуынша оқу (айту) сондай қате болып шығады.

Сөздерді  жазылуынша  оқудың   өзі   де   себепсіз  емес.  Оны   тек

жауапсыздықтан  немесе  білместіктен  деуге  болмас.  Радио  мен  теледидар

тыңдаушыларына,   оқушылар   мен   студенттерге,   жиын-жиналыстарға

қатысушылар сияқты қалың көпшілікке қарата айтылған сөздің неғұрлым

түсінікті,   айқын   болуын   діттейміз,   ал   сөздерді   нақпа-нақтап   жеке-жеке

айтқанда, олар анығырақ естіледі де, түсініктірек болып шығады. Анығы –

анық, бірақ бірді іздеп, екіншіні жоғалтып аламыз: анықтық  бар, сөз  сазы

жоқ. Мұндайда  ой болады  және ол ойды білдіріп тұрған  сөздер жеке-жеке

түсінікті, анық болады, бірақ олардың бір-бірімен қиюласқан үйлесімі жоқ

болып шығады. Бұл – сөздерді қазақша  айту  емес, қазақша тізбектеп өту

болып шығады. Алдымызда тілдің өзі емес, фотосуреті көрсетілгендей әсер

етеді,   өйткені   ғалымдардың   біреуінің   тауып   айтқанындай,   жазу   –   тілдің

фотосуреті іспетті, ал нағыз тілдің өзі – оның сөйлеу барысындағы көрінісі.

Кейбіреулер актер мен әншілердің, дикторлардың, оқушылардың және

жалпы  көпшіліктің  ауызша  тіліндегі  жоғарыдағыдай қателіктерінің басты

себебін   қазақ   тілінің   жергілікті   ерекшеліктеріне   байланыстырып,   содан

іздейтін сияқты. Бұл – дұрыс емес.

Сөз жоқ, қазақ тілінің кейбір дыбыстарының айтылуына қатысты жер-

жерге   қарай   ажыратылатын   айырмашылықтары  бар.   Мысалы,  әдеби

тіліміздегі сөз басында келетін ш дыбысын ч етіп айту (чатақ, чын, чырақ),

сөз  ортасында  келген  нд  дыбыстарының   орнына  ңл  дыбыстарын   айту

(маңлай, таңлай, аңлау),  сол сияқты сөз ішіндегі  л  дыбысын түсіріп  айту

(болмайды  деудің  орнына  бомайды,  келген  жоқ  деудің   орнына  кеген  жоқ

деу), сөзге  р  дыбысын  қосып жіберу  (жоңыршқа, меруерт), ж  дыбысының

орнына  й  дыбысын айту  (ойақ-бұяқ  –  ол жақ, бұл жақ  деудің  орнына) т.т.

осы тәрізді құбылыстар – Қазақстанның белгілі бір өлкесі тұрғындарының

сөйлеу  тілінде  кездесетін  ерекшеліктері.  Жергілікті  ерекшеліктерге  қарай

екі   түрлі   дыбысталатын   едәуір   сөздердің   әдеби  варианты  бұл   күнде

бірқыдыру тұрақталып, нормаға айналды.  Мысалы,  маңдай  (маңлай  емес),



таңдай (таңлай емес), ие (еге емес). Бұл көрсетілгендердің жақша ішіндегі

варианттарын   жазушы   өз   кейіпкерлерінің   тіліне   әдейі   келтіргенде   ғана

солай айтып, өзге жағдайда әдеби нормасымен айту қажет.

Бір   жақсысы   –   актерлер   мен   әншілердің,   дикторлардың   сөздерінде

әркімнің   өз  ортасында  (отбасында,   аулында)   сөйлеп   үйренген  дағдысына


тартып, әдеби нормадан ауытқушылық  аса  көп байқалмайды, тіпті жоққа

тән.   Мұндай   ауытқушылық   көбінесе   қарапайым   адамдардың   өзара

сөйлескендегі күнделікті тәжірибесінде байқалады.

Сірә,   сөздерді   дыбыстауға   келгенде,   көпшілік  алдында  сөйленетін

тұстарда   диалектілік   ерекшеліктердің   көп   байқалмай   отырғаны   жазуға

байланысты   болар:   әдетте   жазба   дүние   әдеби   норманы   сақтайды.   Демек,



таңдай, жоңышқа, бұ жақ, о жақ деп жазылған дүниені осы түрінде айту –

сөзді   жоғарыда   өзіміз   қате   деп   көрсеткен  жазылуынша  оқу   дегеннің

көрінісі.   Бұл  жерде   жазылуынша  оқудың   зияны   емес,   пайдасы   тиіп   тұр.

Бірақ,   әрине,   оған   қарап,   сөздерді  жазылуынша  оқу   пайдалы   деген

қорытынды   шығаруға  болмайды:  жергілікті  сөздер  әдеби   нормадағы

сөздердің ішінде теңіздегі тамшыдай ғана, теңізге зиянды нәрсені тамшыға

тигізетін пайда басып кетпейді.

Қазіргі кезде кездесетін орфоэпиялық қателер осылар ғана емес, өзге

тұстарда  да   бары  даусыз.   Сөзді   дұрыс   дыбыстауда   бұл   сияқты

бұрыстықтардың   орын   алу   себебі   неде   деп   іздесек,   олардың   бірнешеу

екенін   көреміз.   Ең   бастысы   және   ең   қауіптісі,   әдетке  айналғаны   –  тілге,

оның   қолданылу   мәдениетіне   деген   жауапсыздық,   немқұрайдылық

көзқарастың  орын  алып отырғандығы, екіншісі – қалың жұртшылыққа тіл

нормаларын   үйретудің,   тіл   мәдениетіне   баулудың   әлсіз,   жүйесіз   болып

келгендігі. Әсіресе қазақша  сөйлеу  үстінде сөздерді дұрыс қиюластырып,

ана   тіліміздің   табиғи   дыбыс   заңдарына   бағындырып  айту   нормаларын

үйрету сияқты іс-әрекеттердің мектептерден бастап, барлық ортада, оның

ішінде  радио,  теледидар,  театр,  сахна өнері сияқты  ауызша  тілді кеңінен

пайдаланатын   жерлерде   мардымсыз   жүргізіліп   жатқандығы.   Бұл   ретте

орфоэпиялық анықтама құралдардың: сөз сазы ережелерінің, орфоэпиялық

сөздіктердің   және   өзге   де   толып   жатқан   көмекші   материалдардың   өте

аздығы, бірді-екілі мұндай құралдардың бір басылымынан екіншісіне дейін

ондаған   жылдардың   өтіп   жатқандығын  баса  айтуға  болады.   Мысалы,

А.Байтұрсынов   атындағы   Тіл   білімі  институты  тарапынан   ұсынылған

“Қазақ   тілінің   орфоэпиялық   сөздігі”  (авторы   –  Қ.Неталиева,   жауапты

редакторы   –  М.Балақаев)   1977   жылы   бір-ақ   рет   жарық   көрді.

М.Дүйсебаеваның  мектеп  оқушыларына арналған “Қазақ тілінің қысқаша

орфоэпиялық   сөздігі”   1981   жылы   шықты.   Сөзді   дұрыс   айту   ережелері

берілген құрал  (“Сөз  сазы”,  авторы –  Р.Сыздықова) “Ғылым” баспасынан

1983, 1995 жылдары бар-жоғы 1000  дана болып  жарияланды. Демек, бұл

құралдардың  шыққанына  он  жылдан астам уақыт өтіп  бара  жатқаны сөз,

сөйлеу мәдениетімізді көтеруге сеп болып отырған жоқ.

Ана тіліміздің ауызша қызмет ету өрісі кеңейіп, оған үлкен әлеуметтік

мән   беріліп   жатқан   бұл   күндерде   сөз   сазына   арналған   мұндай   анықтама

құралдардың   түрлерін   көбейту   және   мол  тиражбен   жиі-жиі   жарыққа

шығару қажеттігі туып  отыр.  Осы кітап – сол қажетгікті өтеудің бір ғана

құралы.

СӨЗ САЗЫ ЕРЕЖЕЛЕРІН ИГЕРУДЕ ЕСКЕРІЛЕТІН ЖАЙТТАР


Қазақ   тілінде   сөздерді   дұрыс   айтудың   (дыбыстаудың)   негізгі-негізгі

заңдылықтарын, яғни сөз сазы ережелерін саралап  көрсетпес  бұрын, осы

қағидаларды   жақсы   түсініп,   дұрыс   игеруге   қатысты   бірқатар   жайттарды

әңгімелеу   қажет.  Олардың   бірі   –   сөйлеу   үстінде   сөздердің   екіден-үштен

топтасып, бір деммен айтылатындығы.

Сөйлеу актісінде айтылуы жағынан сөздердің бір-біріне ететін ықпалы,

дыбыстық өзгерістері бір деммен топтасқан сөздердің

1

 ара-жігінде және өн



бойларында пайда  болады.  Сондықтан ең алдымен “бір  деммен  топтасқан

сөздер”  дегеніміз  не,  яғни  сөздер  қандай   жағдайда   бір  деммен,  бір

ырғақпен,   бір   ритмикаға  топтасып  айтылатындығын   біліп   алған   жөн.

Өйткені   сөйлеу  барысында   қатар   айтылатын   кез  келген   сөздер  бір-біріне

әсер  етіп,   дыбыстық   өзгерістерге   ұшыратпайды,   белгілі   бір   тіл

заңдылығымен   ғана   топтасатын   сөздердің   аралығында  немесе   өн

бойларында фонетикалық құбылулар пайда болады.

Қазақ   тілінде   сөйлем   ішіндегі  сөздер  дауыс   ырғағы   жағынан

әрқайсысы   бөлек-бөлек   айтыла   бермейді,   көбінесе   екі-екіден  немесе  екі-

үштен   бір   ырғақты   топ   құрап,   бір  деммен  үндесіп,   үйлесіп   айтылады.

Мысалы,  анықтауыш   пен   анықталатын  сөздер  бір   ырғақпен   жымдасып,

дыбыстары   бір-біріне   ықпалын   тигізіп   айтылады:  айдыңгөл  (жазылуы:



айдын   көл),   сұлұуғыз   (сұлу   қыз),   қарөлең  (қара  өлең),   ағайдын  (ақ   айдын),

саратан (сары атан).  Сол сияқты екі сөзден тұратын күрделі етістіктер де

бір ырғақты топ құрайды:  келеғалды(жазылуы:  келе  қалды), алалмады (ала



алмады),   жетіппарды   (жетіп  барды),  қолғойдұ   (қол   қойды).  Бұл

айтылғандарға  мәтін  арқылы  мысал   берелік.   Мысалды   жазуда  әр  топтың

жігін бір тік сызықшамен, сөйлем аяқталып, толық  тыныс (пауза)  болған

жерді қос тік сызықшамен ажыратып көрсеттік, демек, бір тік сызықшаның

ішінде   тұрған   сөздер   ырғақты   бір  топ   болып  саналады.   Топ   құрайтын

сөздер


 шартты

 түрде   қосылып

 жазылып,

 дыбысталу   қалпы

транскрипцияланып көрсетілді. 

Мысалы:


Құйрұғұжоқ / жалыжоқ/

Құлаңғайтып / күңгөрөр //

Айағыжоқ /қолұжоқ/

Жылаң ғайтып / күңгөрөр //

Асанқайғы толғауынан деп айтылып жүрген бұл сөздердің жазылуы:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ

Құлан қайтіп күн көрер.

1

1

 “Сөз сазы” орфоэпиялық ережелерді ұсынған (“Ғылым” баспасы, 1983) анықтағыш



құралда бұларды “ритмикалык топ” деп ”орысшалау” атаған болатынбыз. Енді 

“қазақшалап” “ырғақтык топ” деп атағанды жөн таптық.



Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер.

Прозаға   қарағанда   өлең   тіркестеріндегі   сөздердің   топтарын   ажырату

оңайырақ, өйткені өлеңнің өзі ырғаққа құрылатындықтан, ондағы сөздердің

топтасуы өз-өзінен шығып тұрады, оның үстіне бұған әр тармақтың ара-

жігі, ұйқас дегендер де көмектеседі.

Қара сөзбен  келген  текстерде де сөздер топтарға жіктеліп  айтылады.

Мысалы,  “Қарагөз” драмасындағы Сырымның мына монологіндегі сөздер

былайша топтасады:

Қырықкүн   //   қаралығайғымен   /   жылаумен   /   кырықкүнөттү   //

алдағашан / өлөрмін / итөмүрден / кетермін / дебедім // әлігүнгө / менарсыз /

тірімін // кімдігүтөм / нені / медеуғылам / нетілеймін //.

Бұл текстің жазудағы түрі: Қырық күн! Қаралы қайғымен, жылаумен

қырық күн өтті. Әлдеқашан өлермін, ит өмірден кетермін деп едім. Әлі күнге

мен арсыз тірімін! Кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін?

Ырғақтық-мелодикалық   топтардың   ара-жігінде   әрдайым   айқын

сезінерліктей   дауыс   кідірісі  (пауза)   бола  бермейді,   анық  пауза  көбінесе

сөйлемнің   соңында,   бірыңғай   мүшелердің  арасында,  оңашаланған  не

айқындалған   мүшелердің  айтылуында,  тағы   сол   сияқты  синтаксистік

жіктердің  аралығында  болады.  Мысалы,  жоғарғы  тексті  терең  паузаларға

қарай   ажыратсақ,   былайша   белгіленер   еді   (бұл  жерде  паузалардың   ара-

жігіне   үш   тік   сызықша   қойылды):   Қырықкүн   /   //   қаралы   қайғымен   ///

жылаумен  қырықкүн   өттү   ///   алдағашан   өлөрмін   ///   ит   өмүрден   кетермін

дебедім /// әлігүнгө /// менарсыз /// тірімін /// кімдігүтөм /// нені медеуғылам

/// нетілеймін ///.

Мұндағы бірінші пауза (қырық күн дегеннен дейінгі) өз алдына сөйлем

іспетті.  Сырым  бұл   монологінде   “қырық   күн”   деп   бөліп   айту   арқылы

Қарагөздің қазасын, ол қазаның халық дәстүрі бойынша белгілі бір меже-

мерзімі өткенін (қырқы өткенін) білдіреді де, сол уақыттың ішіндегі өзінің

жан   күйінішін   баяндайды.  Қаралы   қайғымен,   жылаумен  дегендердің

арасындағы  пауза  бірыңғай   мүшелерді   ажыратады.  Қырық   күн   өтті

дегеннен  кейінгі  пауза  сөйлемнің   соңындағы   дауыс   үзілісін   танытады.

Келесі   екі  пауза  тағы  да  бірыңғай   мүшелерді  ажыратады   да,  деп   едім

дегеннен  кейін   сөйлем   аяқталады.   Ал  мен   арсыз  дегеннің   екі   жағынан

паузаның   болуы   оның   орны   ауысқан,   логикалық   екпін   түскен  бастауыш

екеніне   байланысты.  Тірімін,   кімді   күтем,   нені   медеу   қылам,   не   тілеймін

дегендердің арасындағы  пауза  олардың бірыңғай баяндауыштар екендігіне

байланысты.

Міне, сөйлем ішінде осы тәріздес ырғақтық топтардың ара-жігінен өзге

тұстарда  да  паузалар  болады   екен.  Бұл   паузалардың   басым   көпшілігі

ырғақтық топтардың жігіне сай келеді.

Сөйлеу  үстінде  сөздер  мынадай сәттерде бір ырғақпен  айтылып, топ

құрайды.

1 . А н ы қ т а у ы ш   п е н   а н ы қ т а л а т ы н   с ө з д е р   бір   деммен



айтылады   да,  бір   топқа   енеді.  Мысалы,  қалқан   құлақ,   шегір   көз,   қара

қарындаш, ақ ерке, тас жол, аямас жау, алты ай, қара аспан, ақ орамал, екі

қап  дегендердің алдыңғы сөздері (қалқан, шегір  т.б.) – заттың түрін, түсін,

сипатын, қасиетін, тегін білдіретін анықтауыштар, соңғылары – анықталып

тұрған  сөздер.  Мұндай   бір   ырғақты   сөз   топтарының   компоненттері

(құрамды   бөлшектері)   бір-біріне   ықпалын   тигізеді,   сондықтан   олардың

жазылуы мен айтылуы бірдей түсе бермейді. Жоғарғы сөздердің дұрыс

жазылуы:

қалқан құлақ

шегір көз

қара қарындаш

ақ ерке

тас жол


аямас жау

алты ай


қара аспан

айтылуы:

қалқаңғұлақ

шегіргөз

қарағарындаш

ағерке

ташшол


айамашшау

алтай


қараспан

Бұл   айтылғанға   мысал   ретінде   Абайдың   мына   бір   шумақ   өлеңінің

дұрыс оқылуын (айтылуын) көрсетейік:

Аласаз / қарагөзү / айнадайын //

Жүрөкке / ыстықтійіп / салған сайын //

Үлбүрөген / ағетті / ашығжүзді //

Тісәдемі // көрүппең / кыздыңжайын //

Анықтауыш   пен   анықталғыштан   тұратын   топтардың   барлығының

бірдей  айтылуы   мен   жазылуы  бұлайша   алшақтана   бермейді.  Мысалы,

алтын сағат, ағаш қасық, бұраң бел, жомарт адам, арық қой  деген топтар

қалай  жазылса,   солай   айтылады,  өйткені   бұлардағы   сөздердің   бір-біріне

тигізетін әсерінде дыбыстық өзгерістер болатын сәттер жоқ.

2.  Т  о  л   ы   қ   т  а   у  ы   ш  пен  б а я н д а у ы ш ,   б а с т а у ы ш   п е н

б а я н д а у ы ш ,   п ы с ы қ т а у ы ш   п е н   б а я н д а у ы ш   араларына   сөз

түсірмей қатар келсе, жай хабарлау ретіндегі сөйлемдерде олар бір деммен

айтылады.   Мысалы,  Біз   үйге   кеттік  деген   сөйлем  Біз/үйгөгеттік  болып

айтылады. Сол  сияқты  Жолаушы тез келді  дегенді  Жолаушы / тезгелді  деп

айту керек. Мұндағы үйге, тез деген сөздер – толықтауыш, пысықтауыштар

да,  кетті, келді дегендер – баяндауыштар. Сондықтан  тезгелді, үйгөгеттік

болып үндесіп айтылады.

Кейде  баяндауышқа   логикалық   екпін   түсіру  керек   болады.   Ондайда

баяндауыш   дауыс  ырғағы   жағынан  дара   айтылады   да,   алдыңғы  сөзбен

үндеспейді.  Мысалы,  “Еңлік-Кебек”   пъесасында   Кебек   елден   пана   таба

алмай, тау  кезіп,  тас  кешіп кететінін білдіріп:  “Ал / біз / кеттік!”  – дейді.

Мұнда  кеттік  сөзіне   ой   екпіні   түсу   керек,   сондықтан  бастауыш,



баяндауыштар  қатар   тұрғанмен,  кеттік  сөзі   ырғақтық   топқа   кірмейді,

демек,   басқы  дыбысы  ұяңдамайды.   Тағы   бір   мысалға   мына   екі   сөйлемді

салыстырайық:  Меңгөрдім   /   ұзұнғайың   /   құлағанын  //   (Абай).  Мен

қазақпын   /   мың   өліп   /   мың   тірілген   //  (Ж.Молдағалиев).   Алғашқы   өлең

жолында  бастауыш пен баяндауыш  үндесіп  айтылады  (меңгөрдім),  өйткені

мұнда көрдім сөзіне ой екпіні түсіп тұрған жоқ, ал соңғы өлең жолында мен

/   қазақпын  деген   бастауыш   пен   баяндауыш  екі   бөлікте   айтылуға   тиіс,

өйткені   ой   екпіні   өзге   ұлт   емес,  қазақпын  дегенге  түсіп   тұр,   сондықтан



меңғазақпын деп үндестірмей, мен қазақпын деп оқыған дұрыс.

3.  Қазақ тілінде  фраза мен идиом деп аталатын  қалыптасқан тұрақты

тіркестер  бар,  олардың   көпшілігі   екі-үш   сөзден   тұрады.   Бұлар  да  бір

деммен  дыбысталатын   тұтастық   құрап,   жымдасып,   кірігіп  айтылады.

Мысалы:

жазылуы:

ашық ауыз

көз көрім (жер)

қарға адым

қас пен көздің арасында

қырғи қабақ



айтылуы:

ашығауұз


көзгөрүм

қарғадым


қаспеңгөздүң арасында

қырғиғабақ

Әрине,   тұрақты   тіркестердің   барлығы   айтылуда   бұлайша   дыбыстық

өзгеріске ұшырай бермейді.  Мысалы,  ат ізін салмады, таң сыз берді, ауа



жайылды деген сияқтылар жазылған күйінше айтылады, өйткені бұларда да

компоненттер арасындағы дыбыстық ықпал өзгеріс туғызбайды.

4. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана іс-әрекет атауын білдіретін күрделі

етістік дегендер болады, олар да бір ырғақпен айтылады.



жазылуы:

ала келді

келе алмады

бармап па еді

айтып берді

оқып отыр



айтылуы:

алагелді


келалмады

бармаппеді

айтыпперді

оқыботұр


Күрделі етістіктердің басым көпшілігі бір деммен айтылғандарымен,

дыбыстық   өзгеріске   ұшырамайды,   өйткені   бұлардың   сөз   аралығында

үндестік   заңдарына   қарай   дыбыс   икемделуі   жоқ.  Мысалы,  келе   жатыр,

бара   бер,   айтып   қой  деген  сияқты   күрделі  сөздер   жазылған   түрінше

айтылады.



Күрделі етістіктердің екінші бір тобы пайда көрді, қол қойды, жүрек

жалғады,   көз   көрген,   доп   ойнады,   асық  атты,  еске   алды,   қайқаң   қақты

сияқты есім мен етістіктен тұратындар болып келеді. Олар да топ құрап,

бір ырғақпен айтылады. Жоғарғы мысалдардың айтылуы былайша болады:

пайдагөрдү,   қолғойдұ,   жүрөгжалғады,   көзгөргөн,   добойнады,   асығатты,

ескалды, қайқаңғақты.

5.  Ол,   бұл,  сол,   не  деген  е с і м д і к т е р м е н келген  тіркестер   де



ырғағы жағынан біртұтас болып айтылады. Мысалы: солгезде, бұлгүндері,

бұлғалада, олғыз, негерек, негеремет, неғылсаң оғыл. Бұлардың жазылуы: сол

кезде, бұл күндері, бұл қалада, ол қыз, не керек, не керемет, не қылсаң о қыл.

6. О, а, я, е сияқты о д а ғ а й л а р м е н келген қаратпа сөздер бір дауыс

ырғағымен  айтылады да,  қаратпа  сөз  қ,  к  дыбыстарынан басталып  тұрса,

бұл дыбыстар ғ, г болып айтылады. Мысалы:

жазылуы:

а Құдай


о керемет

я қызым


айтылуы:

ағұдай


огеремет 

йағызым


7.  Б і р і к к е н   с ө з д е р   де  бір   ырғақтық  топ  құрайды.  Олар  қалай

жазылған күнде де (түбірлерін сақтап немесе сақтамай) бір-біріне үйлесіп,

үндестік заңдарына бағына айтылады. Мысалы:

жазылуы:

шекара 


айтылуы:

шегара 


күздігүні

күздүгүнү

Жезқазған

Жезғазған

Сарыарқа

Сарарқа


өнеркәсіп

өнергәсіп

кәсіподақ

кәсібодақ

жанкүйерлер

жангүйөрлер

орынбасар

орұмбасар

дүйсенбі

дүйсөмбі


өгізшағала

өгүшшағала

ақиық (қыран)

ағыйық


8.   Қос  с ө з д е р д і ң   сыңарлары  да  бір   деммен   үйлесе,   үндесе

айтылады. Олар көбінесе түбірі сақталып, дефиспен жазылады.



жазылуы:

астан-кестен

көзбе-көз

қолма-қол



айтылуы:

астаңгестен

көзбөгөз

қолмағол


келе-келе

қилы-қилы

қоян-қолтық

құда-анда

азды-көпті

келегеле


қыйлығыйлы

қойаңғолтұқ

құданда

аздыгөптү



9.  Күн   күркіреу,  қой   қоздау,  аяқ   аттау,  жүрек   жалғау,  көзі   күлімдеу

сияқты бір сыңары з а т е с і м, екіншісі е т і с т і к болып келетін тіркестер

де   бір-бірімен   үндесіп,   бір   тыныспен  айтылады:  күңгүркүрөу,   қойғоздау,

айағаттау, жүрөгжалғау, көзгүлүмдеу.  Ауа  райын  хабарлайтын   дикторлар

“бүгүн пәлен жерде жаңбыр жауұп күңгүркүрөйт деп айтулары керек (күн



күркірейді емес).

10. Бала кезі, жаз күндері, жан құштары, Алматы қаласы, Байкал көлі,

аяқ алысы, көңіл қошы, күннің көзі  сияқты бір сыңары тәуелдік жалғаулы

сөз  болып келген  тіркестер де бір ырғақпен үндесіп  айтылады:  балагезі,

жазгүндөрі,   жаңғұштары,   Алматығаласы,   Байкалгөлү,   айағалысы,

көңүлғошұ, күннүңғөзү.

11  Негізгі   сөз   бен   соған   қатысты  ш ы л а у   с е з д е р ,   к ө м е к ш і

е с і м д е р   (қасында,   ішінде,   үстінде  т.б.)   бір   ырғақпен  айтылады.

Шылаулардың  басым   көпшілігі  (соң, шейін, дейін, туралы, шақты, сайын,

басқа,   бөтен,   тым,   таман,   ма/ме,   ша/ше  т.б.)   алдыңғы   сөзбен   бір   топ

құрағанымен, араларында дыбыстық өзгерістер болмайды:  аздан соң, үйге



дейін, саясат туралы, он шақты, барған сайын, бала ма, қыз ба.  Дыбыстық

өзгеріс  қ,  к  дыбыстарынан  басталатын  шылаулар   және   көмекші   есімдер

мен дауысты  дыбысқа  немесе  з, л, р, н, м, у, й, ң  дыбыстарына аяқталған

сөздердің   арасында  болады.   Ол   шылаулар:  қарай,   кейін,   қарсы,   қасында.

Мысалы, жазылуы: кешке қарай, түстен кейін, жазға қарсы, үйдің қасында,

айтылуы: кешкеғарай, түстеңгейін, жазғағарсы, үйдүңғасында.



12.  Әр, кей, бір, еш  деген сөздермен келген  тіркестер  немесе  біріккен

тұлғалар бір  деммен кірігіп  айтылады. Мысалы:  әрғашан, әрғалай, әргүнү,

әрғайдан,   кейгүнү,   кейгезде,   біргезде,   біргүнү,   ешпір.  Бұлардың  жазылуы:

әрқашан, әрқалай, әр күні, әр қайдан, кей күні, кей кезде, кей кезде, бір кезде,

бір күні, ешбір.

13. Кім, не, қайда, қай, қалай, қайсы сияқты с ұ р а у   е с і м д і к т е р і



өздеріне   қатысты   (өздерінен   кейін   тұрған)  сөздермен  бір   топ   құрайды:

қайдагеттің  /   баламау  //.   Жазуда:  қайда   кеттің,   баламау?   Нездейсің   /

көңлүм / нездейсің //. Жазуда: Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?

Кім, не есімдіктерінің септеулі түрлері де (кімнің, кімге, кімді, кімнен,

кіммен, ненің, неге, нені, неден, немен) өзінен кейінгі сөзбен бір ырғақты топ

құрап  айтылады. Мысалы:  Бұл /  кімніңғолү?  Жазуда:  Бұл –  кімнің  қолы?

Немеңгелдің? Жазуда: Немен келдің?

Кім, не, қайсы, қалай сияқты сөздер мынау, ол, бұл деген есімдіктерден

кейін   келіп   тіркескенде   де,   бір   ырғақпен  айтылады:  мынауыңгім,

мыналаргім,   бұлғайсың,   мұнұңғалай,   бұлғалай  т.т.   Бұлардың  жазылуы:

мынау кім, мынауың кім, бұл қайсың, мұның қалай, бұл қалай.

14. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана түсті білдіретін  к  ү р д е л і  сын

е с і м д е р  және екі сөзден құралып, бір санды білдіретін к ү р д е л і   с а н

е с і м д е р   бір   ырғақтық   топ   құрайды:  ал   қызыл  (айтылуы:  алғызыл),   ал

күрең (алгүрөң), қара ала (қарала), қара көк (қарагөк), қара күрең (қарагүрөң),

он   бір   (омбір),   жиырма   алты   (жермалты),   он   бес   (омбес),   қырық   алты

(қырығалты).  Бұл   жерде   біз   мысалға   дыбыстық   өзгеріске   ұшырап

айтылатындарын   ғана   келтірдік,   ал   күрделі  сын  есімдер   мен   күрделі   сан

есімдердің басым көпшілігі бір ырғақтық топ құрап айтылғандығымен, сөз

аралығында   дыбыстық   өзгеріс   болмайтындары   қалай   жазылса,  солай

оқылады. Мысалы: ақ сары, қызыл ала, ақ құба, құла жирен, он екі, он алты,

қырық төрт, елу бес дегендер осы жазылған түрінше айтылады.

15. Екі сөзден құралып, бір заттың, бір құбылыстың, бір іс-қимылдың



атын   білдіретін  (атайтын)  к ү р д е л і   а т а у л а р   бір   ырғақпен

айтылады:   Мысалы:  ортан  қол  (айтылуы:  ортаңғол),  асық   жілік

(асығжілік), тоқішек (тоғішек),  қой қора  (қойғора), қонақ үй (қонағүй), ақ

жауын (ағжауұн), тас жол (ташшол), тоқым қағар (тоқұмғағар).

Сөйтіп, ырғақтық топ құрайтындар  ж е к е ж а й   т і р к е с т е р   болып

та (қалқан құлақ, тас жол, Байкал көлі, оқып отыр, көк ала), фраза, идиомдар

сияқты   тұрақты   тіркестер  болып   та  (ашық   ауыз,   құр   қол,   қас   пен  көздің



арасында),  біріккен  сөздер болып та  (кәсіподақ,  шекара,  Жаңақорған),  қос

сөздер   болып   та  (қолма-қол,   қилы-қилы),  мәнді  сөз   бен   шылау,  одағайлар

тіркесі болып та (о керемет, үйге қарай, желге қарсы) келе береді.

Сөздерді   дұрыс   дыбыстаудың  киын  жерлері   (қате   кетеді-ау   дейтін

тұстар)   тек   жоғарыда   көрсетілгендей,   екі   (кейде   үш)   сөздің   аралығында

ғана емес, бір сөздің ішінде де жиі кездеседі. Олар сөз түбіріне әр түрлі

қосымшалар   жалғаған   тұстарда   байқалады.  Мысалы:  түн+гі,   қашан+ғы,

түн+ге, қашан+ға, орыс+ша, жаз+са, жұмыс+шы, көн+бе+ді, көр+ін+ген

деген   сөздер   айтылуда  түңгү,   қашаңғы,   түңгө,   қашаңға,   орұшша,   жасса,



жұмұшшы, көмбөді, көрүнген болып дыбысталады.

Дыбыстардың   бір-біріне   тигізетін   ықпалы   әсіресе   біріккен  сөздер

(бірігіп жазылатын) мен қос сөздердің (дефис арқылы жазылатын) аясында

өте-мөте сезіледі, өйткені біріккен сөздер әрдайым бір ырғақпен айтылады.

Мысалы,   мына   сөздер:  шек   ара,   алма-кезек,   қара   күйе  деп   бөлек-бөлек

айтылмайды,  шегара,   алмагезек,   қарагүйө  болып  бір   ғана  тыныспен

(ырғақпен), бір деммен айтылады. Осы себептен де біріккен сөздер мен қос

сөздерді  айтуда  кететін   қателіктер   бірден  көзге  түсіп   тұрады   (дәлірек

айтсақ, құлаққа жайсыз естіліп тұрады).

Қазақ тілінде кісі аттары, жер-су аттары, аң-құс, құрт-құмырсқа, бақа-

шаян,   өсімдік  атаулары  және  термин  сөздер   көбінесе   біріккен  сөз  болып

келеді. Мысалы:

К і с і   а т т а р ы .   Жазылуы:  Досжан,   Сәтбай,  Құланбай,  Болатбек,

Маржанқыз. Айтылуы: Дошшан, Сәтпай, Құламбай, Болатпек, Маржаңғыз.

Қазақ тілінің ең соңғы редакцияланған (түзетілген) емле ережелері бойынша

кісі аттарының көпшілігі кіріккен күйінде естілуінше  жазылады. Мысалы,

Сатыбалды   (Сатыпалды  емес),  Дәметкен   (Дәмееткен  емес),   Ұлбосын


(Ұлболсын  емес), Айғыз (Айқыз  емес)  Нұрғожа (Нұрқожа  емес), Амангелді

(Аманкелді емес), Қарагөз (Қаракөз емес).

Ж е р - с у

  а т т а р ы .  

Жазылуы:


 Жезқазған,   Талдықорған,

Еңбекшіқазақ,   Жаманқала,   Ешкіөлмес,   Қараөткел,   Қараой,   Жылыой.

Айтылуы:  Жезғазған,   Талдығорған,   Еңбекшіғазақ,   Жамаңғала,   Ешкөлмес,



Қарой, Жылой.

А ң - қ ұ с ,   ж ә н д і к ,   ө с і м д і к   а т а у л а р ы. Жазылуы: қарақұрт,

кәріқыз  (өсімдік),  алақоржын  (тышқан),  ақиық  (қыран),  бірқазан  (құс),

өгізшағала  (құс),  қозықұйрық  (өсімдік),  қарақұс  (құс),  жыланқияқ  (өсімдік)

т.т. Бұлардың  айтылуы:  қарағұрт, кәріғыз, алағоржұн, ағыйық, бірғазан,

өгүшшағала, қозғұйрұқ, қарағұс, жылаңғыйақ.

Т е р м и н д е р . Жазылуы:  өнеркәсіп,   кәсіподақ,   қолөнер,   үшбұрыш,



төртбұрыш т.б.  Олардың  айтылуы:  өнергәсіп, кәсібодақ, қолөнөр, ұшпұрұш,

төртпұрұш  (бұл   мысалдар   –  тек  қана  айтылуда  дыбыстық   өзгерістерге

ұшырайтын   сөздер,   ал   біріккен   сөзден   тұратын  адам,   жер-су   аттары,

өсімдік, аң-құс атаулары мен терминдердің ішінде жазылуынша айтылатын,

яғни   үндестік   заңдарына   сай   өзгеріс   болмайтындары   өте   көп.   Мәселен:



Ақтай, Ұлдай, Қызылорда, аққу, бұзаубас (құрт), қолжазба т.т.

Қос сөздер де әрдайым бір ырғақпен, бір деммен айтылады да, ондағы

сыңарлар   бір-біріне   үндесіп,   қиюласып  жатады.   Мысалы,   айтылуда:

алмагезек,   қолмағол,   көзбөгөз,   қойаңғолтұқ,   келдігетті,   істүссүз,   құбағұп,

қыйлығыйлы, күмбөгүн т.т. Бұлардың жазылуы: алма- кезек, қолма-қол, көзбе-

көз,   қоян-қолтық.,   келді-кетті,   іс-түссіз,   құба-құп,   қилы-қилы,   күнбе-күн.

Әсіресе қ, к дыбыстарынан басталатын сөздің араларына ба/бе, ма/ме, па/пе

дәнекерін   салып   қайталап   жасалатын   түрлерінің  (қолма-қол,   көзбе-көз,

қарама-қарсы), екінші компоненті (сыңары) ұяңдап айтылатынын (қолмағол,

көзбөгөз, қарамағарсы) қатты ескеру керек.

Сөздерді   дұрыс  айтуда  көңіл   аударатын   келесі   үлкен   мәселе   –   орыс

тілінен  және  орыс   тілі   арқылы   өзге   тілдерден   енген   сөздердің   қазақша

дыбысталу жайы. Мектептен бастап үйретіліп келген қағида бойынша орыс

тілінен   енген   кірме  сөздер  қазақша   сөйлеуде   екі   топқа   бөлініп   айтылуға

тиіс: бірінші топқа ертеректе еніп қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес

өзгеріп   қалыптасқан  сөздер,   сол  “қазақыланған”   қалпынша  айтылатын

сөздер кіреді. Мысалы, шай, самаурын, сиса, сәтен, бәтес, бақал, жәрмеңке,



жәшік  сияқты тұрмыстық  зат атаулары мен  облыс, болыс, шен, кеңсе, сот,

газет сияқты дерексіз есімдер орыс тіліндегідей чай, самовар, ситец, сатин,

батист, бакалея, ярмарка, ящик, канцелярия, суд, газета  болып   айтылмай,

жоғарыда  жазылып  көрсетілгеніндей,   қазақша   түрінде  айтылады.  Бұл

сөздер сан  жағынан  аса көп емес,  сондықтан олардың  емле  сөздіктерінде

ұсынылған   қалыптарынша  айту  іс   жүзінде   көп   қайшылық   келтіріп   келе

жатқан жоқ.

Екінші  топқа  қазақ   тіліне  соңғы   50-60  жылда   жүздеп-мыңдап енген,

көбінесе   ғылыми  терминдер   болып  келетін  сөздер  жатады.  Емле

ережелерінде   бұларды  сол  орыс   тіліндегі   қалпынша   жазу   ұсынылды  да,

олар  қазақша  сөйлеу  актісінде   жазылған   түрінде  айтылатын   болды.  Бұл


ереже   түрінде   қатаң   ескертілмесе  де,   сөйлеу  тәжірибемізде   біршама

орнығып, қалыптасты. Бұған радио мен теледидар дикторларының сөздері,

мектеп   пен  жоғарғы  оку  орындарындағы   мұғалімдер   мен   шәкірттердің

сөйлеу мәнері дәлел.

Көптеген   тілдердің   тәжірибесінде   шеттен   енетін  сөздер   сол  сөздерді

қабылдаған   тілдің   фонетикалық   заңдарына   икемделіп,   өзгеріп  айтылады

және   сол   өзгерген   түрінде  жазылады.  Бұл   –   тіл   табиғатына   тән   ортақ

заңдылықтардың   бірі.   Осыған   қарамастан,   1940   жылдардан   бастап   орыс

жазуы – кириллицаны қабылдаған бірқатар түркі халықтарының тілдерінде

орыс тілінен соңғы кезеңдерде енген сөздерді сол тілдегі қалпынша жазып,

жазылған   түрінше   айту   тәжірибесі  орын  алды.   Бұған,   сөз   жоқ,   кейде

жұқалап,   кейде   ашық   жүргізілген   орыстандыру   саясаты   басты   себепкер

болды,   яғни   орыс   графикасына   көшуіміз   де,   міндетті   түрде   орыс   тілін

екінші   тіл   ретінде   мектептен   бастап   үйрену   қажеттігі   де,   жоғары   оқу

орындарында   білім   алудың   негізі   орыс   тілінде   жүргізілуі  де   –  баршасы

орыс тілінен енген сөздерді “бас аяғы бүтін” күйінде  орысша  тұлғалауға,

орысша  айтуға   итермеледі.   Тіл   табиғатына   қайшы   келетін   бұл   тәртіп

нормаға айналды.

Орыс   тілін   де   едәуір   жақсы   меңгерген   бүгінгі   орта   және   жас   буын

қазақтарды   бұл   құбылыс   көп   қинамайтыны   белгілі,   дегенмен   соңғы

жылдарда шет тілдік сөздерді ана тіліміздің дыбыс заңдарына үйлестірмей

айту мен жазудың тіл табиғатына қайшы келіп тұрғаны жайында әңгіме жиі

көтеріле  бастады,  тіпті   бес-он   сөзді   қазақша   сындырып  жазып,   сол  жазу

арқылы   оларды   қазақша   дұрыс   айтудың   үлгілері   деп   көрсетіле  бастады.

Мысалы:  завод,   машина,   станция,   кило  деп   жазылып,   осы   жазылуы

бойынша айтылып келген он  шақты  сөз  зауыт, машине, станса (бұл сөзді

қазақша   дұрыс   жазсақ   және   дұрыс   айтсақ,  ыстанса  болуы   керек),

килә/келі/кілә  деген   тұлғаларда   көрінді.  Әрине,  бұл   сөздерді   “қазақшалау”

қиынға   түспейді,  өйткені   бұлар   ғылыми  термин   емес,   зат  атаулары   және

олар   –  күнделікті   өмірде  ауызша  сөйлеу   тілінде   де   жиі   қолданылатын

сөздер,   сондықтан   олар   бұрынғы  қамыт,   доға,   қарындаш,   сіріңке  сияқты

сөздердің қатарында сап түзей салады.

Қазіргі   жаппай   сауатты,   орыс   тілін   де   меңгерген   қазақтар   сөйлеу

актісінде завод, машина, станция, кило деп айтулары жиірек кездесуі мүмкін

болса   да,  бұларды   “қазақы”   тұлғада   ұсыну  осы  принципті   дұрыс   деп

санаудың үлгісі ретінде орын алып отыр деуге болады.

Бірақ,   сөз   жоқ,   кірме   сөздердің   қазақы   тұлғасында   қолданылу

принципінің   дұрыстығына,   оны   әлеуметтік   пікірдің   қолдап   отырғанына

қарамастан,   жүздеген,   мындаған   кірме  сөздер   мен  шетжұрттық   жалқы

есімдердің (адам аты-жөндері мен жер-су атауларының) басым көпшілігі әлі

де орысша тұлғасында жазылып, айтылып отыр. Мұның да еркімізден тыс

бірнеше объективті себептері бар. Ол себептердің бірі – соңғы жарты ғасыр

бойы   қалыптасқан   тілдік   тәжірибемізді,   яғни   лексикалық,   емлелік,

орфоэпиялық   нормаларды   күрт   бұзу   –   шым-шытырық,   бейберекеттікке,

сауатсыздыққа   ұшырататын   қаупі   болса,   екіншісі   –   ғылым   салаларының



басым көпшілігінің орыс тіліндегі әдебиетпен байланысты екендігінде және

әлі   де   көп   уақыт   бұл   іліктестік   үзіле   қоймайтындығында,   сондықтан

математика,   физика,   химия,   астрономия,   геология   сияқты   көптеген

салалардың   мамандарына   орыс,   қазақ  тілдерінде   бір  тектес  (тұлғалас)

терминдерді пайдалану қолайлы екендігін ескеру қажет сияқты.

Бұл   екі   себептің   ішінде   әсіресе  д ә с т ү р   ф а к т о р ы үлкен   рөл

атқарады: тіл тәжірибесінде ұзақ уақыт бойы әлеуметтік қолданыста болған

сөз немесе жазу үлгісі, я болмаса сөзді айту дағдысы келе-келе бұрыс болса

да,  нормаға   айналады  да,   одан  теп-тез   ажырау   мүмкін   болмай   қалады.

Айталық, араққа қарсы күрес науқаны жанданған кезде орысша “трезвость”

деген  ұғымның қазақша  “салауаттылық”  деген баламасы дәл де, сәтті  де

емес болғанымен, әдеттегі дәстүріміз бойынша осы ұғымда салауаттылық

сөзін   күнделікті   баспасөз   беттерінде   үзбестен   қайталап   жаза   берген   соң,

радио мен теледидардан ауыз жаппай айта берген соң, ол дағдыға айналды.

Екінші  мысал.   Адам  аты-жөндеріне  келгенде,   оларды  екі  дауыссыз

дыбыстан   бастап   жазу  атақты  жазушы  Ғабдол  Сылановтың   фамилиясын



Сланов деп жазудан басталып, бұл күнде Смаханов, Смайылов, Спатаев деп

жазу етек алып кетті, дағдыға айналып бара жатыр, бірақ ол дағды нормаға

ауыспауға тиіс, өйткені емле ережесі мұны мүлде көтермейді.

Үшінші   мысал.   Әр   түрлі   себептермен   сөздерді  жазылуынша   немесе

жеке тұрғандағы тұлғасынша айтудың дағдыға айналу қаупі туып отыр. Бұл

өте қате дағдыны нормаға айналдырмау үшін күрес – осы құралдың басты

мақсаты.   Демек,   тіл   тәжірибесіндегі   дағдымен  күресудің   оңай   еместігін

байқаймыз.   Әрине,   дағдылардың  баршасы   теріс,   қатеден   бола   бермейді.

Осы себептен ондаған жылдар бойы кірме сөздерді орысша жазып, орысша

айту  көпшілік   дағдысына   айналғандықтан   және   ол   дағды  ресми   норма

ретінде қалыптастырылғандықтан, мұны бір сәтте өзгерту мүмкін еместігін

сеземіз.   Сондықтан   тұлғасы   өзгертілмей   енген   кірме  сөздер   орысша

тұлғаланғанмен,   орфоэпиялық   нормаға   келгенде   оларды  тек  қана   орыс

тіліндегідей етіп айту шарт емес деуге болады, яғни химия, физика, электр,



автобус, академия, ассоциация, брокер, валюта, глобус деген сөздерді орысша

дыбыстауынша  айтуға  да   болады,  қазақыландырып,  қыймыйа,   еліктір,



әкедемие, бірөкер, гылобұс  деп  айтсаңыз  да  еркіңіз, қайткенде  да  бұларды

сөйлеу   актісінде  не   таза   орысша  түрінде  айту   керек,   не  барлығын

қазақыландырып  айту керек деген орфоэпиялық  қағида ұсынбаймыз.  Егер

қазақ   жазуы  өзгеріп   (айталық,  латын   жазуын  қабылдап),   кірме   сөздердің

жазудағы   тұлғасы   өзгертіліп,   ұсынылып   жатса,   сол   өзгеріп   жазылған

түрінде  немесе  соған   жақындатылып   дыбыстау  норма  болмақ.  Ал  “орыс

жазуын”   қолданып   отырған   қазіргі   күндерімізде   орыс   тілінен   енген

орыстың   өз   сөздері   мен   халықаралық  термин  сөздерді   орыс   тілі

орфоэпиялық   нормасы  бойынша   да,  қазақша   “сындырып”  та  айтуға

(дыбыстауға) болады деген “екіұдай” қағида ұсынуға тура келеді.



ОРФОЭПИЯЛЫҚ ЕРЕЖЕЛЕР

НЕМЕСЕ

СӨЗ САЗЫН КЕЛТІРУ ҚАҒИДАЛАРЫ

Орфоэпиялық   ережелерді   ұсынбас   бұрын   олардың   берілу   тәртібі

жайында бірер ескертпе айтуға тура келеді.

Орфоэпиялық қағидалардың ұсынылу қалпы (тәртібі, әдісі, стилі) емле

ережелерінің   берілу   тәртібінен   біраз   өзгешелеу  болады.  Бұл   құрал,   бір

жағынан,  мектеп  мұғалімдері   мен   балабақша   тәрбиешілеріне,  мектеп

оқушылары   мен   студенттерге   ұсынылғандықтан,   осы   ережелерді   жақсы

игертулері   және   игерулері   үшін,   олар   кеңірек   дәлелденіп,   түсіндірілді.

Мысалдар   да  көбірек   келтірілді.   Оның   үстіне   үйренушілер   жаттыға

түсулері   үшін   бұл   ережелерге  сөйлеу  тәжірибесінде   тапсырмалар   беріліп

отырды.  Ол  тапсырмаларды  тек   сөз  сазын   үйретуші   мұғалімдер,

консультанттар   т.т.  ғана  емес,   орфоэпия  ережелерін   өз   бетімен   игеремін

деген жеке адамдар да орындауларына болады, өйткені мұндай жаттығулар

ережені іс-жүзінде игере түсуге әбден көмектеседі. Ережені теория жүзінде

біліп алу бар да, оны іс жүзінде пайдалана білу бар ғой. Сөзді дұрыс жазу

мен   сөзді   дұрыс   айтуға  келгенде,  жалаң   теорияны,   яғни   ережелерді   білу

ғана емес, тәжірибенің де, яғни жазу мен сөйлеудің мәні зор.

Екінші   бір   ескертетін   нәрсе   –   әрбір   бапта   (параграфта)   ұсынылған

ереженің   жалғасы   ретінде   ережеге   қатысты   айтылатын   қосымша

түсіндірулер,   дәлелдемелер   беріледі.   Оларды  да  ереже   бөлігі  деп  тану

қажет.

Сөзді   дұрыс   айту   ережелерін,   олардың   түсіндірмелерін,



дәлелдемелерін   ұсыну   үстінде   сөздердің  жазылуы   да  жиі   көрсетіліп

отырылады, оның себебі, бір жағынан, қазақ тілінде сөздің  жазылуы мен

айтылуы  әрдайым бірдей түсіп отырмайтындығын ескертуде болса, екінші

жағынан, жазуға қарап оқып (айтып, дыбыстап), оқуға (айтуға, дыбыстауға)

қарап жазып шатасу қаупінен сақтандыруда болып отыр.

Сөз сазы ережелері, емле ережелері сияқты баптарға (параграфтарға)

ажыратылып   берілді.   Алды-артындағы   түсіндірмелер   мен   жаттығу

материалдарынан   бөліп   көрсету   үшін,   ереженің   өзі   жалпы   текстен   сәл

шегіндіріліп терілді.


Каталог: uploads -> files
files -> «Бекітемін» Алматы облысы білім басқармасының басшысы
files -> Қоғамдық қатынас құралы ретінде тіл бірнеше формада өмір сүреді. Әдеби тіл
files -> №19 (112) 1 қазан, 2015 жыл АҢдатпа с днем учителя
files -> Ибраимова Жібек Тұңғышбайқызы
files -> І. Жансүгіров атындағы жму хабаршысы №2-3 /2013
files -> Бекітілді/утвержден
files -> Нұржан Қуантайұлы алаш Орда баспасөзі және жүсіпбек аймауытұЛЫ
files -> Қазақстан республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
files -> №3 (120) 11 ақпан, 2016 жыл АҢдатпа 10 бет


Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   47


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет